КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

Жалпы түркі халықтары бірнеше ғасыр көне түркі жазуын, VIII ғасырдан XX ғасырға дейін араб графикасын пайдаланып келгені мәлім. Араб әліпбиі VIII ғасырдан бері қарайғы уақытта, яғни араб басқыншыларының келуімен тарап, қазақ жерінде ХХ ғасырдың І жартысына дейін қолданыста болды. Бұл жазу қазақ қоғамында бірінші қадим кейін жадид, төте жазу үлгілері түрінде қолданылып, тек 1929жылы ғана ресми түрде тоқтатылды. Сонда VIII ғасырдан бастап ХХ ғасырға дейін түркі халықтарына қажетінше қызметін өтеген араб жазуы қазақ халқының рухани өміріне де, мәдениетіне де айтарлықтай дәрежеде ықпал етті. Сондықтан да мәдени құндылықтарды, рухани байлықтарды осы дәуірге жеткізген жазба жәдігерлердің басым көпшілігі араб жазуымен бізге жетті. Ортағасырды былай қойғанның өзінде, ұлт болып қалыптасқан дәуірден бері қарайғы мұраларымыз, атап айтқанда, XV-XVII ғасырлардағы алғашқы қазақ жазбалары «Түркі шежіресі» мен «Жамиғат тауарих», XVIII ғасырлардағы хан-би жарлықтары, ресми қатынас қағаздары, жеке тұлғалардың бір-бірімен жазысқан хаттары, XIX ғасырда жарыққа шыққан «Дала уалаяты» мен «Түркістан уалаяты» газеттері, ХХ ғасырдың басындағы ақын-жазушылар шығармалары, сондай-ақ, төңкерістен кейінгі қазақ даласында шыққан баспа өнімдері де араб жазуымен халыққа тараған болатын. Бұл жазу тек қазақ қана емес күллі түркі халықтарының рухани-мәдени қажеттіліктерін өтеуге де, қарым-қатынас, байланыс орнатуларына да, сауаттарын ашуға да, хат-хабар алысуға да жәрдемдесті.
Араб жазуы ежелгі Вавилониядағы (б.з.б. 2000-шы ж) аккад, шумер тайпаларының жазба әріптері негізінде пайда болған көне жазулардың бірі [1, 400 б.]. Араб тілінде 34 дыбыс бар, оның 28 дауыссыз, 6дауысты болып келеді, әліпби құрамы 28 таңбадан тұрады. 6дауыстының үшеуі созылыңқы а, у, и, үшеуі қысқа а, у, и. Үш созылыңқы дауыстылар ғана арнайы таңбалармен белгіленеді, яғни араб әліпбиінде үш дауыстының ғана таңбасы бар. Араб жазулы мұраларымызда осы үш дауыстының таңбасы қазақ тіліндегі барлық дауыстылардың мәнін беруге пайдаланылған. Сондықтан транскрипциялаудағы басты қиындықтар да осы дауыстыларды дұрыс оқымаудан туындап жатады. 
Сонымен қатар, араб әліпбиіндегі бірқатар дыбыстардың айтылымы қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне мүлде ұқсамайды немесе кейбір дыбыстардың араб тілі үшін айрықша мәні болғанымен, қазақ тілі үшін оның айтарлықтай мағына айырымдық қызметі жоқ. Мәселен араб тілінде сөйлеу мүшелеріне неғұрлым күш түсіріп дыбыстауды қажет ететін ха, хе, айн, ғайн, хамза тәрізді фонемалар бар. Осылардың ішінде хамза (ﺀ) мен айн (ع) дыбысына сәйкес келетін дыбыс қазақ тілінде мүлде жоқ. Сондықтан хамза және айн дыбыстары қазақ тілінде а, ә, ғ фонемаларына ауысады. Алайда ондай сөздерді кирилл әрпіне транскрипциялағанда кейбір зерттеушілер арнайы белгі ұсынып ‘аскар, му‘алим, ‘ғузма т.б. түрінде береді. Бұл дұрыс емес. Себебі, әр халықтың артикуляциялық базасына сай дыбыстардың атқаратын қызметіне, ерекшелігі мен күрделілігіне сәйкес бір ұлттың әліпби жүйесі екінші бір ұлттың дыбыстық жүйесін дәл бере алмайтыны заңды нәрсе. Сондықтан тілімізде жоқ дыбыстарды арнайы таңбамен көрсету дұрыс болып есептелмейді.
Жазуда дауысты дыбыстарды таңбаламай, тек дауыссыздарды ғана арнайы белгілеп отыру араб жазуының тағы бір басты ерекшеліктерінің бірі. Сондықтан да араб тілінде сөздің дыбыстық жағы мен оның хатқа түскен әріптерінің саны арасында айтарлықтай айырмашылықтар болады. Мысалы, қлм деп жазылған сөзді қалам деп, жбл деп жазылған сөзді жабал (тау)деп оқу керек. Тек дауыссыздары ғана таңбаланатын мұндай сөздерге негізінен диакритикалық белгілер харакаттар қойылуы шарт. Алайда, көбінесе жазуда ол харакаттар көрсетілмейді де, оқып отырған адам сөздің мағынасын контекске қарап ажыратады. Яғни, харакаттары қойылмаған, бірақ сыртқы графикалық формалары бірдей сөздерді түрліше етіп оқуға болады. Жазуда дауысты дыбыстары таңбаланбаған сөздердің мағынасын дұрыс табу оқып отырған адамның грамматика жөніндегі біліміне және сөйлемдегі сөздердің орын тәртібіне байланысты. Бұндай сөздер логикалық әдіс (контекстік әдіс) арқылы оқылады. Араб тілінің осы заңдылығы ескі қазақ жазба мұраларының барлығында да қатаң түрде сақталып отырған. Сондықтан да, араб жазуынан қазіргі әріпке транскрипциялау кезінде көптеген кемшіліктер мен олқылықтар орын алды. Атап айтқанда:
біріншіден, лингвотекстологиялық зерттеулердің дұрыс жүргізілмеуі салдарынан дауыстылары таңбаланбаған сөздерді қате аударып жіберу үрдісі қалыптасты;
екіншіден, Кеңестік кезеңде орыс тілді түркітанушылар ескерткіштер мәтінін кириллицаға транскрипциялағанда қазақша таңбаларды (ә, і, ң, ғ, ү, ұ, қ, ө) қолданбағандықтан, фонетикалық, орфографиялық бұрмалаулар орын алды және бұрыннан қалыптасып қалған дәстүр бойынша ескерткіштер мәтіні үнемі өзбек, татар тілдеріне жақындатылып транскрипцияланды;
үшіншіден, мұраларымыздағы араб, парсы сөздері өз тілдерінің жазылу заңы бойынша таңбаланғандықтан, оларды транскрипциялағанда әркім әртүрлі аударып жіберген;
төртіншіден, араб жазуымен жазылған түпнұсқадағы түсініксіз ескі тілдік бірліктерге лингвотекстологиялық анықтау жұмыстары жүргізілмегендіктен, ондай көне сөздер мүлде алынып тасталған немесе оның орнына басқа сөздерді жазып жіберу үрдісі орын алған.
Келесі бір ескерте кететін жайт, егемендік алғанға дейінгі кезеңдерде жарияланған ауыз әдебиеті үлгілері Кеңестік саяси идеологияның кесірінен көптеген қысқартулар мен өзгертулерге ұшыраған еді. Атап айтқанда:
біріншіден, ислам дініне қатысты ұғымдар мен тіркестерді, Аллаға жалбарынған мінажаттарды, мадақ сөздерді мүлде алып тастау, соның салдарынан өлең жолдарын толығымен жарияламай үзінділерін ғана беру, көптеген көне тілдік бірліктерді жарамсыз деп тану сынды олқылықтар орын алып келді;
екіншіден, саяси идеологиялық мүдделерге сай келмегендіктен, көптеген ауыз әдебиеті мұраларымыз жарыққа шығарылмады, ондай жәдігерлер қатарында діни дастандар, магиялық, мифтік аңыздар мен тарихи жырлар бар;
үшіншіден, жарияланған мәтіндердің өзі қатаң цензуралық бақылауда ұсталып, арнайы редакциялық түзетулерге ұшырап отырды, соның салдарынан тұтас сөйлемдер мен шумақтар өрескел өзгертулерге түсті.
Егемендік алғаннан кейін Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен «Мәдени мұра», «Ұлттық идея», «Ғылыми қазына» сынды көптеген ғылыми жобалар іске асырылып, күллі араб жазулы мұраларымызды ешқандай өзгеріссіз халыққа қайтадан ұсыну жұмыстары қарқынды түрде қолға алынды. Осыған орай, ғалымдардың алдында тұрған ендігі міндет, араб жазуынан қазіргі әріпке транскрипциялау барысында бұрынғы олқылықтарға жол бермей, оның принциптерін қалыптастырып, бір жүйеге түсіру. Мәселен, араб жазулы мұраларды транскрипциялау кезінде мынадай қиындықтарды шешу бірінші орында тұруы тиіс:
1. Жазба мұраларда дауысты дыбыстар таңбаланбай, жасырын тұрады және тыныс белгілері мен бас әріптер болмайды. Сондықтан жәдігерлерді қайта жариялауда қолжазбаларды дұрыс оқу үшін мәтіндерге мұқият лингвотекстологиялық талдаулар мен сараптау жұмыстары жүргізілуі шарт.
2. Ескі мұраларымызда араб, парсы сөздері өте жиі кездеседі. Олардың барлығы да сол тілдердің заңдылығы бойынша таңбаланған. Сондықтан егер жариялайтын мәтін көпшілікке арналған болса, кірме сөздердің тілімізге икемделген нұсқаларын беру керек, ал документалдық жарияланым болса өзгеріссіз түпнұсқа бойынша беру керек. Мысалы, жазбалардың барлығында неке сөзі никаһ түрінде, перзент сөзі фарзант түрінде, құрмет сөзі хурмат түрінде, мөр сөзі мөһр түрінде, дұшпан сөзі дұшман түрінде берілген. Бұндай кірме сөздердің барлығын жарияланымның мақсатына сәйкес транскрипциялау қажет. Яғни ғылыми-көпшілікке ұсынылатын әдебиленген (қазіргіленген) басылымдағы сөздерді мөһр, фарзант, хурмат түрінде транскрипциялауға болмайды, жазба мұраның документалдық басылымын шығару көзделген жағдайда ғана ондағы кірме сөздер ғана емес, барлық сөздердің тұлғалары қалай тұрса, сол қалпында ешқандай өзгертусіз берілуі шарт.
Кірме элементтердің қалай болса солай транскрипциялануы салдарынан бір ғана кірме сөздің әртүрлі таңбалануы жиі кездеседі. Мәселен:
Ақырет– Бала үшін ата-ананың төккен жасы, Құрғамай бірге барар ақыретке (Гүлкәшимә).
Ақірет– Бір құрақ бөздей көрмесең, Ақіретке тапсырдым (қисса «Шәкір-Шәкірат»).
Ахирет– Ахирет қамын айтып Жанәбілге (қисса «Зарқұм»).
Афсун – Аз ғана қарап тұрды бойын тежеп, Зәңгі кемпір бір афсун оқып берді (дастан «Мәлік Хасан»).
Афсүн– Әлқисса, афсүн оқып, үшкіріп ерді(Ғазауат сұлтан).
Әпсун – Қырық рет қырық ағашқа әпсун оқып, Қырық жігіт пайда қылды қызыл гүлдей (дастан «Әбуғалисина»).
Әпсүн – Ғылымның күшіменен, байдың ойын, Ер Сина білді түгел жұмсап әпсүн (дастан «Әбуғалисина»).
Ғазиз – Келген соң ащы дауыс, көзін ашты, Өлімге берік байлап ғазиз басты (дастан «Мәлік Хасан»).
Ғазіз – Біз бір ғазіз мейманбыз, Бөлек шаһардан келгенбіз (қисса «Шәкір-Шәкірат»).
Ғапыл – Артылмас өзіңізден өрнек ақыл, Жақсы адам жақсылықтан емесғапыл (дастан «Әбуғалисина»).
Ғапіл – Жасына дәруіш отыр беріп ақыл, Болма деп ұят жолдан тіпті ғапіл (дастан «Әбуғалисина»).
Ғапу– Мінгенін сертке хан біліп, Сөзіме қате ғапу деп, Батырдан бітім сұрады (Исатай-Махамбет). 
Ғафу – Ақының тал жібектен шәл тоқыды, Кемдігін ғафуилә қабыл ғып ал (Гүлкәшимә). 
Бұдан да басқа көптеген мысалдарды барлық кірме сөздерге қатысты көрсетуге болады. Болашақта транскрипция жасаудың негізгі міндеті бұндай нұсқалардың бір ғана тұлғасын тұрақтандыру мәселесі болуы шарт. 
Сонымен қатар, араб жазулы мұраларды қазіргі таңбамен жариялауда кездесетін келесі бір қиындық ортағасырлық формаларды транскрипциялау мәселесі. Атап айтқанда:
бірінші, көне лексикалық біліктерді сол қалпында беру керек пе, әлде қазіргі тіліміздегі вариантымен алмастырып беру керек пе? Мәселен, жазба мұраларымызда бауыр сөзі бағыр түрінде, ауыз сөзі ағыз түрінде, тыңдады сөзі тыңлады түрінде, илану сөзі инану түрінде, жолдады сөзі айлады түрінде, еді сөзі ерді, тұрушы сөзітұрғушы, болушы сөзіболғушы, сол сияқты менің сөзі бенім, маған, саған, оған жіктеу есімдіктері баңа, саңа, аңа түрінде т.б. берілген;
екінші, ортағасырлық грамматикалық формаларды беру мәселесі. Атап айтқанда, қазіргі қазақ тіліндегі есімшенің -ған/ген жұрнағы жазба мұраларымызда -мыш, -міш формасында ұшырасады: бармыш, келміш, т.б. Есімшенің -ар, -ер, -р жұрнақтары жазба мұраларымызда -ұр, -үр түрінде таңбаланған: тұрұр, болұр, көтерүр, т.б. Жазба мұраларымызда -тын, -тін жұрнағының көне варианты тұрған формасы қолданылған: бара тұрған (баратын), келе тұрған (келетін), т.б. Кейбір кездерде көптік жалғауының -дар/дер, -тар/тер тұлғалары келетін орында -лар/лер формасы таңбаланады: адамлар, заманлар, т.б. Сондай-ақ басқа да жұрнақ-жалғаулардың ортағасырлық формалары жиі кездеседі: тауның, үйнің, құдіретлі, мінезлі, достлұқ, бойындан, т.б. Сонымен қатар, қазіргі қазақ тілінде сөздің соңғы буынында немесе қосымшада ы, і дыбыстары таңбаланады, ал жазба мұраларымызда керісінше ұ, ү дауыстылары берілген: түрлү, берүб, келүб, айтұб, оқұ т.б. С келетін орындарда ш дыбысын жазу: шолардың, ашығұш, т.б. Ш дыбысының орнына ч қолдану: чабұб, ачыб, т.б. Ж дыбысының орнына и дыбысын таңбалау: иаздым, иерден, т.б.
Міне мұндай қиындықтарды транскрипциялағанда қазіргі тілімізге сәйкестендіріп өзгерту керек пе, жоқ әлде сол қалпында беру керек пе деген сауал туындайды. Біздің ойымызша, мәтінді жарияламас бұрын, ең әуелі текстологиялық жұмыстың мақсаты мен міндетін айқындап алу қажет. Яғни мәтіндерді жариялаудағы баспа типтері анықталу керек. Орыс ғылымында баспа типтерін негізінен үшке бөледі:
1. Документалдық баспа – мәтіндерді еш өзгеріссіз, қалай жазылса сол қалпында басып шығару.
2. Сыни баспа (критическое издание) – мәтіндерді сын көзінен өткізіп, жан-жақты тексереді, қате кеткен жерлерді түзетіп шығарады. Сыни баспаның ең жоғарғы түрі академиялық баспа болып табылады. Онда жекелеген авторлардың бүкіл шығармаларын немесе ауыз әдебиеті үлгілерінің барлық нұсқаларын толығымен жариялау. 
3. Ғылыми-көпшілік басылым – мұнда ескі мұралар мәтіндерін қазіргі тілге лайықтап беру көзделеді.
Араб жазулы мұраларымызды қайтадан жарыққа шығару барысында, жоғарыда кездесетін қиындықтарды берудің тәсілдері осы аталған баспа түрлерімен тығыз байланысты. Өкінішке орай, біздегі жарияланып жатқан ауыз әдебиеті үлгілері болсын, ескі тілді ақын-жазушылардың шығармалары болсын бірізді жүйемен емес, ала-құла транскрипциялармен шығып жатыр. Мәтіндерге дұрыс транскрипция жасау ең бірінші текстологиялық талдаулардан басталуы керек. Ал текстология дегеніміз «белгілі бір шығарманың жазылу тарихын зерттейтін, сын көзімен қарап, жан-жақты тексеру арқылы шығарманың ең негізгі тексін таңдап алып, оны тұрақтандыратын, шығарманың жазылған мерзімін айқындайтын, түсініктер беретін, авторы беймағлұм болса, оны іздестіретін, шығарманың кімге арнап басылатынын белгілейтін филологиялық ғылым саласы» [2, 16б.]. Сондықтан қазіргі қазақ текстологиясы ғылымның, заманның, оқырманның мақсат-мүдделерін өтеуге қызмет етуі тиіс. Араб жазулы дүниелерге лингвотекстологиялық зерттеулерді қайтадан мұқият жүргізу, қате таңбаланып кеткен сөздердің транскрипцияларын қалпына келтіру жұмыстары үш деңгей бойынша іске асу керек деген ойдамыз:
1) Ауыз әдебиеті үлгілері. Бұған мифтік жырлар, хикаялар, аңыздар, батырлар жыры, тарихи жырлар, ғашықтық жырлар, қисса-дастандар жатады.
2) Қазақтың авторлы төл шығармалары. Бұған Абай, Ыбырай, Шоқаннан бастап, бертінгі алаш қайраткерлерінің мұралары жатады.
3) Ескі тілді ақын-жазушылар мұралары. Бұған ХХ ғасырдың басындағы М.Көпейұлының, М.Қалтайұлының, Н.Наушабайұлының, Ж.Шайхыисламұлының, т.б. шығармалары жатады.
Әрине мұндай қыруар қазынамызды бастан-аяқ лингвотекстологиялық сүзгіден өткізіп талдап шығу, олардың документалдық, академиялық, ғылыми-көпшілік басылымдарын даярлау оңай шаруа емес. Десек те, бұрынғы кеткен кемшіліктердің орнын толтыруға деген ұмтылыс тоқтамауы керек. Сондықтан халқымыздың тілін, мәдениеті мен рухани өмірін дамытуға үлес қосқан ауыз әдебиеті үлгілері мен күллі араб жазулы мұраларымызға терең лингвотекстологиялық зерттеулер жүргізу қазіргі кезеңдегі өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Бұған қоса, бүгінгі таңда жазба ескерткіштер мәтіндерінің дұрыс жасалған қазақша аудармалары мен транскрипциялары да жоқ деуге болады. Кеңестік кезеңде ескерткіш мәтіндері бойынша жасалған транскрипциялардың басым бөлігінде графика-орфографиялық, грамматикалық т.б. кемшіліктер орын алғандықтан, қайта жасауды талап етіп отыр. Әрі фольклорлық нұсқаларда мағынасы күңгірт лексикалық бірліктердің көптеп кездесуі де – осы транскрипция мәселесінің, текстологиялық жұмыстардың дұрыс жолға қойылмағандығынан. Әсіресе мектеп оқулықтарына енгізілген ауыз әдебиеті үлгілерінде кездесетін түсініксіз сөздер тобы, сондай ақ жекелеген кітап болып шығып жатқан фольклорлық үлгілердегі қате таңбаланған ескіліктердің дұрыс мағынасын табу жұмыстары да бүгінгі таңдағы кезек күттірмейтін лингвистикалық мәселелердің қатарынан орын алып отыр.
Қорыта айтқанда, кез-келген көне мәтіндер – ұлттық мұра болып табылады. Ал сол мұраны дұрыс тану әрі таныту бүгінгі лингвотекстология саласының міндеті. Мұралардағы дәлдікті дұрыс жеткізе білуде көптеген қиындықтардың кездесуі заңды құбылыс. Текстолог ғалым Д.С. Лихачев бұл туралы: «Чтобы восстанавливать историю текста памятников, текстолог обязан быть и историком, и литературоведом, и языковедом, и историком общественной мысли, а часто и историком искусства. Текстология требует на современном этапе ее развития всесторонних знаний, и в этом ее исключительная трудность» [3, 40], - деген болатын.

Пайдаланылған әдебиеттер
1. Ұлттық энциклопедия. –Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 1998. Т. 1. –720 б.
2. Классикалық зерттеулер. Халық әдебиеті үлгілері мен Абай шығармаларының текстологиясы. -Алматы: Әдебиет әлемі, 2012. -400 б.
3. Лихачев Д.С. Текстология. Л. – 1983.

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз








08/04/2024 11:55

Хабарландыру!
0 621 0



26/03/2024 16:15

Хабарландыру!
0 874 0








ТЕКСТ

Яндекс.Метрика