КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

    Көрнекті тіл маманы, әдебиет сыншысы және публицист Мырзатай (Мекен) Серғалиұлы СЕРҒАЛИЕВ 1938 жылғы наурыздың 17-сінде Солтүстік Қазақстан облысы, Октябрь (қазіргі – Шал ақын) ауданындағы «Жаңажол»  ұжым шаруашылығының мүшелері Серғали Махметұлы мен Нүрилә Сыздыққызы Махметовтердің отбасында дүниеге келді.

Әкесі қан майданға аттанып (1941), ана тәрбиесінде қалған төрт баланың ең кішісі 1945 жылы туған ауылы мектебінің  1-сыныбына барған еді. 1947-1950 жылдары көрші ұжымшардағы Ленин орта мектебінде оқыды да, 1955 жылы  Қостанай облысы, Урицкий (қазіргі – Сарыкөл) ауданына қарасты Қараоба орта мектебін тәмамдады.

Сол жылы  С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті филология факультетінің студенті болып қабылданды. 1960 жылы қазақ тілі мен әдебиетінің жоғары білімді мамандығын алған ол осы университеттің қазақ тілі (1990 жылдан – қазақ филологиясы) кафедрасына ассистенттік кызметке қалдырылып, өзіне білім берген университетте 1999 жылға дейін профессор, кафедра меңгерушісі, факультет деканы дәрежесіне дейінгі ұстаздық-ұйымдастырушылық жолдан өтті. Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл білімі институтының екі тілді сөздік және терминология бөлімінде кіші ғылыми қызметкер болған жылдары да (1966-1968)   кафедрадан қол үзген жоқ: ұстазы профессор М.Балақаев шәкіртінің ғылыми дәрежесінің болмағанына қарамастан, қосымша оқытушылық жүктеме беріп отырды.  1968 жылдан осы университеттің философия кафедрасында аға оқытушы болып жүрген оны ұстазы 1971 жылы өзінің кафедрасына шақырды, 1989-1999  жылдары әлФараби атындағы ҚазМҰУ жанындағы қазақ тілі мен орыс тілі мамандықтары бойынша кандидаттық (кейін - докторлық) диссертация қорғайтын мамандандырылған кеңестің төрағасы болды. Аталған уақыт ішінде 8 докторлық және 90-нан астам кандидаттық диссертация қорғалды.

1999 жылы ректордың шақыруымен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне келген ол содан қазақ тіл білімі кафедрасының меңгерушісі қызметін атқаруда. М.Серғалиевтің ұсынысымен каффедрада аспирантура мен магистратура ашылды; 2000 жылдан бастап қазақ тілі мен орыс тілінен кандидаттық диссертация қорғайтын диссертациялық кеңес жұмыс істейді. Жеті жылда кеңесте 60тан астам адам диссертация қорғады. Кеңес 2008 жылдан бастап қазақ тілі, түркі тілдері, орыс тілі, салыстырмалытарихи, типологиялық, салғастырмалы тіл білімінен докторлық, кандидаттық диссертациялар қорғайтын диссертациялық кеңес болып қайта бекітілді.

Ұстаздық қызметімен қатар, ондаған жылдар бойы ғылымизерттеу жұмысымен шұғылданып келеді. Ғалымның негізгі ізденістері қазіргі қазақ тілінің синтаксисі, лингвистикалық стилистика, тіл мәдениеті, шешендік өнер, көркем әдебиет тілі, лексикография мәселелері болып кете береді.

Профессор М.Серғалиев – танымал синтаксис мамандарының бірі. Өткен ғасырдың 60-жылдарында бастау алған оның синтаксистік көзқарастары кеңестік кездің өзінде республикамыздан тыс жерлерге де белгілі болғанды. Кейін монография түрінде жарық көрген /1991/ «Қазақ тіліндегі етістікті сөз тіркестерінің синонимиясы» тақырыбына қорғалған кандидаттық /1967/ және «Синтаксистік синонимдер» монографиясының /1981/ негізінде қорғалған докторлық /1988/ диссертацияларында ғалым синонимдік құбылыстардың лексика мен фразеологияда ғана емес, сонымен бірге, еркін сөз тіркестері мен сөйлемдерде де болатынын нақтылы деректермен дәлелдеді; оларға ұқсас ұғымдар мен категориялардың өзгелік жақтар мен ұқсас сәттерін сендіре сипаттады. Сөйтіп, автор қазақ тіл біліміндегі синтаксистік синоним туралы теорияның негізін салушы ретінде белгілі болды.

Авторлар ұжымымен бірлесіп жазған «Қазіргі қазақ әдеби тілі» /1991, 2006/ оқу құралының «Сөз тіркесі», «Құрмалас сөйлем» және «Күрделі синтаксистік тұтастық» тарауларының авторы – М.Серғалиев. жоғары оқу орнына арналған бұл құралда синтаксистік тұтастық теориясы тұңғыш рет беріліп отыр. «Синтаксис және стилистика» монографиясында /1997/ қазақ синтаксисінің мәселелері соңғы жылдардағы жетістік деңгейінен сөз болады. ЖООның таоапкерлерін ұсынылған «Қазақ тілі» (екі автордың бірі, 1979; 1994) оқу құралының синтаксис тарауларын және сөз таптарына байланысты біраз материалды М.Серғалиев жазды. ЖООның талапкерлеріне арналып М.Серғалиевтің жеке авторлығымен ұсынылған оқу құралы да («Қазақ тілі», 1992) жарық көрді.

 Ғалымның қазіргі қазақ тіліндегі салаласа байланысқан сөз тіркестері, сөйлемнің күрделі мүшелері, үйірлі мүшелері, еркін сөз тіркесі мен сөйлемнің арақатынасы, сондайақ еркін сөз тіркесі мен тұрақты сөз тіркесінің арақатынасы мәселелеріне байланысты өзіндік пікірлері де авторлар ұжымының «Қазақ грамматикасы» (2002); «Синтаксистік зерттеулер» (2004); «Синтаксистік зерттеулер» (Павлодар, 2006); «Синтаксис мәселелері» (2006) т.б. беделді басылымдардан орын алған. Профессор М.Серғалиевтің зерттеулерінің бір тобы тіл мәденитіне арналған. Ұстазы, көрнекті ғалым М.Балақаевпен бірлескен авторлықпен   шығарған «Қазақ тілінің мәдениеті» оқулығының (1995, 2004, 2006) «Тіл мәдениетінің негізгі сапалары» тарауын жазды. Тілдің мұндай сапалары туралы ой-түйін бұған дейін мұндай оқулыққа енгізілген емес. «Сөз өнері» (1978), «Жазушы және сөз мәдениеті» (1983) сияқты академиялық жинақтарындағы, мерзімді, ғылыми баспасөз беттері мен республикалық конференцияларындағы өзекті жайларды сөз ететін пікірлері де осы мәселені қозғайды. Авторлар ұжымының «Тіл саясаты: тағлым мен тәжірибе» (2006) деген кітабында БАҚ пен электрондық баспасөз бетіндегі тілдік құралдардың қолданылу мәдениетін тілге тиек ететін макалалар топтамасы көлемді орын алады.

«Қазақ тілінің қысқаша орфоэпиялық сөздігі» (1996) сөйлеу тілінің сұлулығы мен тазалығын сақтауға жәрдемін тигізсе, «Орысша-қазақша сөздіктен» (1993, 1995, 2001, 2003) мемлекеттік тілді оқып-үйренушілердің   тіліміздің байлығы туралы алатын пайдасы аз болмаса керек. Ал Алматыда бір мұқабамен басылым көрген «Орысша-қазақша сөздік пен «Қазақша-орысша сөздікті» (2004) оқырман қауым зор ықыласпен пайдалануда. Көпшілік жылы қабылдаған бұл екі сөздіктің де жаңа нұсқалары  қайта қаралып, толықтырылу үстінде.

Профессор М.Серғалиев 30 жылдан астам уақыт ҚазҰУ-дың, одан соң ЕҰУ-дың студенттеріне қазақ тілінің стилистикасынан дәріс оқып келеді. Бұл пәнге қатысты көзқарастары бірнеше рет үлкенді-кішілі басқосуларда, БАҚ, электрондық баспасөз беттерінде ортаға салып жүрді. Осындай ғылыми-әдістемелік жұмыстарының және тіл біліміндегі соңғы жылдарғы табыстарды ескерудің нәтижесінде «Стилистика негіздері» оқулығы жарық көріп (2006), білім берудің пайдалы құралына айналғанына үшінші жыл болды.

Ғалым көркем шығарма тіліне қатысты еңбектерінде мәселені екі жағынан – біріншіден, көркем әдебиет тілі хақындағы өзінің қалыптасқан түсінігі тұрғысынан, екіншіден, жазушылардың, демек, шығарма авторларларының көркем туындылар тіліне өзіндік талғамы тұрғысынан –  қарастырады. Бұл ретте көрнекті прозашылар С.Мұқанов, Ғ.Мұстафин, З.Шашкин, С.Шаймерденов, танымал сыншы М.Қаратаев сияқты қаламгерлер тілінің стильдік өзгешеліктері жайындағы тұжырымдарды айтуға болар еді. («Сөз сарасы», 1989; «Көркем әдебиет тілі», 1989, 2005; екі автордың бірі, «Қазақ ауызекі тіліндегі эмоционалдылық және экспрессивтік лексика», 1995).

Автор қазақ лингвистикасында тұңғыш рет М.Әуезовтің әңгімелері мен повестерін жанжақты ғылыми-стилистикалық талдауға алған («Мұхтар Әуезов және көркем шығарма тілі», 1998). Сондай-ақ Ғ.Мүсреповтің шешендік өнері де алғаш рет әңгіме арқауы болады («Ғ.Мүсрепов және тіл мәдениеті», 2003).

Қазақ тіл білімінің негізін салушы А.Байтұрсынұлының, оның лайықты ізбасарларының, сондай-ақ бүгінгі өнімді еңбек етіп жүрген лингвистердің ғылыми туындыларын көпшілікке насихаттау мақсатында көптеген мақалалар   жазып, баяндамалар жасады.

«Кең өріс»  (1983), «Сөз сарасы» (1989), «Ой өрнегі» (1995) сын кітаптары мен «Уақыт және қаламгер» (1975, 1978, 1982), «Сөзстан» (1980, 1982) ұжымдық жинақтарда қазіргі әдеби процестің елеулі мәселелеріне қатысты ой түйеді, белгілі қаламгерлердің шығармашылық портреттері, тақырып, кейіпкерлерді бейнелеу жайлы түйсік-түсініктерін білдіреді.

«Өнеге» (1998, 2006) кітабы мен баспасөз беттеріндегі М.Әуезов, І.Кеңесбаев, М.Балақаев, Ш.Есенов, К.Аханов, З.Қабдолов, Е.Букетов бастаған көрнекті ғылым қайраткерлері, С.Қожамқұлов, Қ.Жандарбеков, А.Тоқпанов бастаған театр тарландары, мектептегі шәкірттік жылдар туралы естеліктері мен эсселері оны публицист деуге негіз болып табылады.

Ол көркем аудармамен де айналысады. Мұндай қабілетінің арқасында Я.Камал, К.С.Вирх, М.А.Заряб, К.С.Дугал, В.Валаж, Ә.Қадыров, В.Лацис, В.Кожевников т.б. шет ел прозасы классиктерінің әңгімелері мен новеллаларын қазақ оқырмандарына таныстырды.

Жұмыстан қолы босаған сәттерде қысқа әзіл әңгімелр жазатын әдеті де бар. Академик М.С.Серғалиев – 10 монографияның, 6 оқулықтың авторы. Оның қаламынан 600-ден астам ғылыми және ғылыми-көпшілік еңбек жарық көрді. Оның ғылыми жетекшілігімен 3 ғылым кандидаты – филология ғылымының докторы, 48 аспирант пен ізденуші филология ғылымының кандидаты ғылыми дәрежесін алып, абыройлы еңбектенуде.

Академик М.С.Серғалиев қала мен республика өміріндегі қоғамдық жұмысқа да белсене араласады. Лингвисгикалық комиссия құрамында Қазақстан Республикасы Президенттігіне үміткерлерден мемлекеттік тілді меңгеру дәрежесін анықтайтын емтихан алуға (1998, 2005) қатынасты. ҚР Үкіметі жанындағы Мемлекеттік терминологиялық комиссия мен Астана қалалық ономастикалық комиссияның, бірқатар газет-журналдардың редакциялық немесе ақсақалдар алқасының мүшесі.

Еңбегі әркез марапатталып отырды. Ол – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ЖОО-ның үздік оқытушысы, ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері, ҚР білім беру ісінің үздігі, «Еңбек ардагері» медалінің, Қазақстан ғылымы мен техникасына аса көрнекті үлес қосқаны үшін берілген мемлекеттік стипендияның иегері.

Шығармашылық табыстарға  жетіп, әріптестеріңіз бен шәкірттеріңізді талай қуанышқа бөлей беруіңізді тілейміз.


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз