КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

Қазақ тілін ғылыми түрде зерттеу XIX ғасырдың орта тұсы мен екінші жартысынан басталды. Ресей империясы қазақ жерін саяси-әскери басқарудың бір жолы ретінде қарап қазақ тілін зерттей бастады. Миссионерлік мақсатта жазылса да бұл еңбектердің қазақ тіл білімі үшін маңызы зор. Қазақ тіліндегі дыбыстарды дауысты, дауыссыз деп жіктеуде бұл еңбектерде көптеген кемшіліктер болғанына дауысты, дауыссыз дыбыстарға арнайы тоқталу барысында көз жеткізуге болады. Ал қазақ тілінің дыбыстық жүйесін зерттеуде бірден-бір дұрыс жолда болған адам – ұлы ғалым А.Байтұрсынұлы болды. XX ғасырдың басындағы қазақ зиялылары Е.Омарұлының, Кемеңгерұлының, Х.Досмұхамедұлының т.б. қазақ тілі туралы жазғандарынан А.Байтұрсынұлының еңбектеріне сүйенгенін байқауға болады. Әсіресе, Х.Досмұхамедұлы өзінің еңбегінде «Тіл – құралда да осыны айтады» деген сияқты сөйлемдер арқылы сілтеме жасап отырған. Сол кездегі қазақ зиялылары әр түрлі мамандық иелері болса да, қазақ тілін, әдебиетін зерттеуге, халықтың сауатын ашуға барынша ат салысқан. Олардың тіл, әдебиет жайлы, ғылымының түрлі саласында терминдерді қалыптастыру туралы жазған еңбектері әлі күнге дейін маңыздылығын жойған жоқ, себебі олардың ұстанған бағыты – ұлттық бағыт еді. Сол кездегі қазақ зиялылары ұлт тілінің тазалығын сақтауға тырысты, ғылыми терминдерді ұлт тілінің негізінде қалыптастырмақшы болды, басқа тілден кірген сөздерді ұлт тіліне бейімдеп алуды қолдады.

Тіл білімінде дыбыстарды дауыстылар және дауыссыздар деп жіктеу ерте заманда қалыптасып қалған. Дегенмен оларды бұлай жіктеуге негіз болатын басты белгілерді анықтау толық шешімін тапты деп айтуғаәлі де ертерек тәрізді. Әдетте, барлық тілдерде дауысты, дауыссыз дыбыс деп жіктеуде олардың буын құрай алуын басшылыққа алады. Дауысты дыбыстар буын құрауға негіз болатын болса, дауыссыздар дауыстылардың жетегіндегі көмекші элементтер ретінде қызмет атқарады. Дауысты және дауыссыз дыбыстарға осылайша анықтама бере отырып, профессор К.Аханов дауыстыларды айту барысында ауаның кедергіге ұшырамай, тосқауылсыз еркін шығуын, дыбыстау мүшелеріне күш түспейтінін, фонациялық ауаның баяу (лепсіз) шығатынын да дауысты дыбыстардың жасалуындағы басты артикуляциялық ерекшелікке жатқызады [1, 315].

Қазақ фонетикасының нағыз ғылыми тұрғыдан зерттелуі ұлы ғалым А.Байтұрсынұлынан басталады. Ол бұған дейін орыс ғалымдарының назарынан тыс қалған, қазақ тілінің өзіне тән ерекшеліктерін көкірек көзімен түйсініп, дұрыс тұжырымдар жасады. Ол қазақ тіліндегі а, о, ұ, ы және е дыбыстарын ғана арнайы таңбалайды. Ал ә, ө, ү, і дыбыстарын таңбалау үшін арнайы белгі – дәйекшіні ұсынады [2, 271]. А.Байтұрсынұлы да, сондай-ақ өткен ғасырдың 20-30-жылдары қазақ тілі дыбыстары туралы зерттеу еңбектер жазған Е.Омаров та, Қ.Кемеңгерұлы да қазіргі қазақ тілінде үнді дауыссыз дыбыстарға жатқызып жүрген дыбыстарды жартылай дауысты дыбыс деп таныған. А.Байтұрсынұлының 1914 жылғы шыққан «Тіл -құралы» мен 1925 жылғы «Тіл - құралын» салыстырып қарағанда оның жартылай дауысты дыбыстарға деген көзқарасын аздап өзгерткенін профессор О.Жұбайдың зерттеуінен көруге болады. Профессор О.Жұбай,  А.Байтұрсынұлы, Е.Омаров және Қ.Кемеңгерұлының қазақ тілінің дыбыстық құрамы туралы көзқарастарын мынандай кестемен көрсетеді:

 

 

А.Байтұрсынұлы

Тіл – құрал 1915

А.Байтұрсынұлы

Тіл – құрал 1925

Е.Омаров

Қазақ тілінің

дыбыстары

Қ.Кемеңгерұлы

Грамматика

Казахского языка

Дауысты: а, о, ұ, ы, е

Дауысты: а, о, ұ, ы, е

Дауысты: а, о, ұ, ы, е

Дауысты: а, о, ұ, ы, е

Жарты дауысты: у, и

Жарты дауысты: у, и, р, л

Жарты дауысты: ымыралы: у, и, р, л

ымырасыз: м, н, ң

Жарты дауысты: у, и, р, л

 

Кестеден өткен ғасырдың басында қазақ тілін зерттеушілер қазіргі қазақ тілінде үнді дауыссыз деп аталатын дауыссыздарды жартылай дауысты деп танығанын көреміз. Е.Омаровтың «ымаралы», «ымырасыз» деп атағандары қазіргі қазақ тілінде ызың, шұғыл үнді дауыссыздар деп аталып жүр.

Өткен ғасырдың 20-30-жылдары қазақ фонетикасының зерттелуі туралы айтқанда қазақ тілі білімінің қалыптасуына ерекше еңбек сіңірген ғалым Қ.Жұбановты айтпай кету мүмкін емес. Ол қазақ тіліндегі дауысты дыбыстардыжуан: а, о, ы, ұ, ұу, ый; жіңішке: ә, ө, у, і, үу, ій деп жіктейді де, дыбысталу түріне қарай:

 

1. Толық дауыстылар: а/ә, е, о, ө

2. Келте дауыстылар: ы/і мен ұ/ү

3. Қосынды дауыстылар: ұу/үу мен ый/ій деп бөледі [4, 170-171].

 

XX ғасырдың басында қазақ тілін зерттеген ғалымдар қазақ тіліндегі дауысты дыбыстарды, негізінен, дұрыс анықтаған. Тек қазіргі қазақ тілінде үнді дауыссыз дыбыстарға жатқызылып жүрген дыбыстарды «жартылай дауысты дыбыстар» деп қате тұжырым жасаған.

Қай тілде болмасын дауыссыздардың санының дауыстылардан әлдеқайда көп болуы және олардың жасалу жолының күрделілігі оларды жіктеуде біраз қиындықтар келтіреді. Қазақ тіліндегі дауыссыз дыбыстардың саны мен сапасы әлі күнге дейін толық анықталған жоқ деп айтуға толық негіз бар. А.Байтұрсынұлы қазақ тілінде 17 дауыссыз дыбыс (б, п, т, ж, ш, д, р, з, с, ғ, қ, к, г, ң, л, м, н), екі жарты дауыссыз (шолақ у, шолақ й) бар десе [2, 270], Қ.Жұбановтың пікірінше 19 дауыссыз бар (б, ш, ж, д, г, ғ, й, к, л, м, н, ң, қ, р, п, с, т, у, з) [4, 170]. Яғни, ол А.Байтұрсынұлы жарты дауыссызға жатқызған у мен и-ді дауыссыз дыбыстарға жатқызады. Жоғарыда айтқанымыздай ұу/үу мен ый/ій-ді қосынды дауысты деп таниды [4, 170-171].

У мен й дыбысының жасалуы әлі күнге дейін дау туғызып келеді. Бұл екі дыбыс орыс тілінде дауысты дыбыс болып саналады (орыс тіліндегі қысқа й-ді қоспағанда). Өткен ғасырдың басында у мен и дыбыстары туралы әр түрлі пікірлердің болуына олардың жасалу жолдарын нақты анықтай алмау себеп болса, кеңестік дәуірде қазақ тілін орыс тілінің үлгісіне салып зерттеу өз ықпалын тигізгені анық. Бұл дауға нүкте қою үшін қазақ тілі фонетикасын эксперименттік әдіспен зерттеген Ә.Жүнісбектің анықтамасын бергенді жөн көріп отырмыз, себебі бұл – арнайы аппараттардың көмегімен нақты анықталған, ғылыми тұжырым. Ә.Жүнісбек й дыбысы туралы: «Й дауыссыз дыбысы тіл түбі мен тілшік арқылы жасалады. Жасалу орнына қарай тілшік дауыссыз дыбыс болып табылады. Й дауыссыз дыбысы тіл ортасы мен таңдайдың жуысуы арқылы жасалады. Жасалу тәсіліне қарай жуысыңқы дауыссыз дыбыс болып табылады. Й дауыссыз дыбысын айтқанда дауыс желбезегі мол тербеледі, яғни мол қатысады. Дауыс қатысына қарай үнді (тербелімді) дауыссыз дыбыс болып табылады»,– десе, у дыбысы туралы: «У (w) дауыссыз дыбысы қос ерін арқылы жасалады. Жасалу орнына қарай ерін-ерінді дауыссыз дыбыс болып табылады. У дауыссыз дыбысы қос (астыңғы және үстіңгі) еріннің жуысуы арқылы жасалады. Жасалу тәсіліне қарай жуысыңқы дауыссыз дыбыс болып табылады. У дауыссыз дыбысын айтқанда дауыс желбезегі мол тербеледі, яғни мол қатысады. Дауыс қатысына қарай үнді (тербелімді) дауыссыз дыбыс болып табылады»,– деп көрсетеді [5, 90].

А.Байтұрсынұлы да, Қ.Жұбанов та қазақ тіліндегі дауыссыздар санын дұрыс көрсеткен. Ал кейбір дауыссыз дыбыстардың жасалу жолдары туралы қате тұжырымдар жасаған. Мәселен Қ.Жұбанов қ, к, ғ, г дыбыстарын көмей дауыссыздарына жатқызады [4, 174]. Қазақ тілінде көмейден дыбыс жасалмайтынын қазіргі фонетистер нақты дәлелдеп отыр. Қазақ тілінде һ, хдыбыстарының жоқ екенін жақсы білген Е.Омарұлы 1924 жылы Орынборда өткен «Қазақ білімпаздарының тұңғыш сійезінде» жазу ережелері туралы баяндама жасағанда дыбыстарды әліпбиге кіргізуге қарсы болды. Ол бірен-саран жат сөздерде ғана кездесетін бұл дыбыстарды бұқара халық мүлде айтпайды, бұл дыбыстарды әліпбиге кіргізіп, бұқара халық жат дыбыстарды бұлжытпай айта алатын болып кетсе, халықтың тілі бұзылады деп өте дұрыс айтқан. Ол өз ойын: ««Ахау», «халалай», «аһ», «үуһ» сықылды бір-екі сөздер болғаны үшін әліпбиге «х» мен «һ» ні кіргізу дыбыс жүйесі жағынан керек болғанымен, жеңілдік жағынан үлкен шатақ болады. Қазақта «ә», «мә» деген одағайлар да бар, «іңһі»– дейтін де одағай бар, аттың жүрісін бәсеңдету үшін айтылатын ықылық бар десек, әріптің саны 24 емес 240 болып кетуі мүмкін»[6, 23- 24],− деп қорытындылайды.

 

Тілдегі дыбыстар құрамын, тілдің фонетикалық заңдылығын білмеу әліпбиде әртүрлі дыбыстарды беретін әріптер неғұрлым көп болса, тіліміздің икемділігі арта түседі деген сияқты теріс түсінік тіл мамандары арасында көп.Мәселен, Н.Әміржанова 1938 жылы әліпбиімізге х дыбысының енгізілуі арқасындақор (бір нәрсенің жиынтығы), хор (музыка) қабар (қабағын қабарту), хабар (мәлімет) сияқты сөздер бұрын бір тұрпатта qor, qabarболыпжазылса,енді әр тұрпатта жазылатын болды, соның нәтижесінде олардың лексикалық мағыналары айқындалып тұратын болды дейді [7, 115].Қазақ тілінде омоним сөздер аз емес. Олардың лексикалық мағынасы сөз тіркесінің, сөйлемнің құрамында анықталатынын айтып жатудың өзі артық. Омоним сөздерден қашамыз деп тілімізге жөн-жосықсыз әріптерді тықпалай беру сауат ашуды қиындатудан басқа ешқандай пайда бермейді.

Қазақ тілінің табиғатына келмейтін кірме дыбыстар көп болған сайын тіліміздің табиғатына сай келмейтін дыбыс тіркесімдері пайда болады. Сондықтан болашақта латын әліпбиіне көшетін болсақ әліпби құрамында тек қазақ тіліне тән дыбыстар ғана болуы тиіс. Соның арқасында қазіргі «халықаралық» деп аталып, орыс тілінің үлгісімен жазылып жүрген терминдерімізді қазақ тілінің дыбысталуына бейімдеп жазатын едік. Мәселен, медициналық терминдерді алайық.Орыс тіліндегі медициналық терминдердің 95 %-ы латын, грек, ағылшын т.б. тілдерден кірген сөздер десек те болады. Бірақ бұлар орыс тілінің дыбыстық заңдылығына бағынып енгендіктен, әуелгі тұлғаларынан мүлде өзгешеленіп, орыс сөзі болып кеткен. Орыс тіліндегідей жазылуы тиіс деп күштеп таңған ереже бойынша жазылып жүрген «халықаралық терминдерді» қазақ тілді адамдарға дұрыс дыбыстау да, қатесіз жазу да қиын.Онымен қоса, терминдерге сөйлем құрамында әртүрлі жалғау жұрнақтар жалғануы тиіс. Міне осы жағынан да қиындықтар туады.Оған орысша-қазақша медициналық сөздіктердегі, медициналық оқулықтар мен оқу құралдарындағы дистальды-дистальді-дисталды; латеральды-латеральді-латералды; ракке қарсы - ракқа қарсы (рак деген терминді қазақша обыр деп аударып еді, орыс тіліне басы айналып қалған медиктер өре түрегеліп қарсы болды), бронхқа - бронхығасияқты қосымшалар әртүрлі жалғанып жүрген сөздер дәлел бола алады. Осы сөздерді латерәлді (тіпті ләтерәлді демей-ақ қояйық, қазақ тілінде құрмет(дұрысы құрымет), қасиет(дұрысы қасыйет) т.б. сияқты бір немесе бірнеше буыны жуан, соңғы буындары жіңішке (немесе керісінше) сөздер бар, тек аралас буынды сөздер болмайды), дійстәлді, бронхыға деп жазу арқылы қиындықтан оп-оңай шығуға болатын еді.

Орыс тілді басылымдарда қазақ тілі ғылым тілі бола алмайды, қазақ ғылымы орыс тілінің арқасында дамып жатыр деген сияқты пікірлер айтылып жүр. Олар оған: «Медицина универститеті стоматология факультетінің студенті» сияқты сөйлемдерді мысалға келтіреді. Мұндай сөйлемдегі сөздердің барлығы орыс тілінің заңдылығымен дыбысталып тұрған кірме сөздер екеніне орыс тілді басылымдағы жорналшылардың милары жетпей ме, әлде орыс тілінің «ұлылығын» дәлелдеу ме?

 

Орыс тілінен, орыс тілі арқылы енген сөздерді орыс тіліндегідей етіп жазамыз деген ереженің тағы бір қырын айта кетпесе болмайды. Бұл туралы профессор Б.Қалиұлы былай дейді: «Орысша жазылып, орысша айтылып жүрген терминдерді әспеттеп «халықаралық терминдер» деп атауымыз – қазақ тілінің қамы емес, ол сол термин кірген тілдің қамы. Айналып келгенде сол тілдің сөздерін қолдану, сол тілдің сөздерін дамыту, өсіру, өркендету деген сөз. Сол арқылы қазақ тілін дамытпау, аздыру, азғындату. Нәтижесінде оны біржолата құрту, тамырына балта шабу» [8, 37].

Әліпбиімізде тілімізге тән емес дыбыстарды таңбалайтын әріптер болмаса, оларды қазақ тілінің дыбыстық заңдылығына бейімдеп жазамыз. Бұл өз кезегінде халықаралық терминдердің қазақ тіліне сіңісуіне үлкен ықпал етеді. Сөйтіп өткен ғасырдағы қазақ зиялыларының тіл тазалығы үшін күрескен еңбектері ақталар еді.

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

1. Аханов К. Тіл біліміне кіріспе. – Алматы: Мектеп, 1965 ж. – 592 б.

2. Байтұрсынұлы А. Бес томдық шығармалар жинағы. 3 т. – Алматы: «Алаш», 2005. – 352 б.

3. Жұбай О. «Қазақ тілінің фонетикасы бойынша Қ.Кемеңгерұлының танымы».«Ізденіс», №3, 2000 ж.

4. Жубанов Х. Исследования по казахскому языку Алма-Ата, «Наука» – 1966 г., –362 стр.

5. Жүнісбек Ә. Қазақ фонетикасы. –Алматы: Арыс, 2009. – 312 б.

6. Қазақ білімпаздарының тұңғыш съезі.– Алматы: «Атамұра», 2005.– 144 б.

7. Әміржанова Н. Қазақстандағы латын жазуының тарихи тағлымы. – Алматы: Мемлекеттік тілді дамыту институты. – 2012 ж. – 300 б.

8. Б.Қалиұлы. Қазақша термин жасау мәселесі және оны қалыптастырудағы БАҚ-тың рөлі. Жинақта: Қазақ терминологиясы және Бұқаралық ақпарат құралдары. Республикалық ғылыми-практикалық конференция материалдары. –Астана: 2003


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз



ТЕКСТ

Яндекс.Метрика