КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

Error 404

404 - Ештеңе табылмады.

Кешіріңіз, сіз іздеген ақпарат бұл жерде жоқ.

Кеше Мәжіліс «мәдениеттің қазіргі жай-күйін және даму үрдістерін» қараған болатын. Осы тақырыпта арнайы жалпыұлттық сауалнама да жүргізілген екен, сол әлеуметтік зерттеу нәтижелерінің де тұсауы кесілді. 
Кеше Мәжіліс «мәдениеттің қазіргі жай-күйін және даму үрдістерін» қараған болатын. Осы тақырыпта арнайы жалпыұлттық сауалнама да жүргізілген екен, сол әлеуметтік зерттеу нәтижелерінің де тұсауы кесілді.
Қазақстанда барлық өнердің ішінде бұқара арасындағы ең танымалы – музыка екен. Халық арасында жүргізілген зерттеу нәтижесі осыны көрсетіп отыр. Республиканың барлық өңірлерін қамтыған сауалнама кезінде респонденттердің басым көпшілігі телеарналардан, радиодан, не таспадан өлең тыңдайтынын, концерттерге барып жүретінін айтқан. Екінші орынға – қазақстандық кино шықты. Дегенмен, өмірінде бірде-бір қазақстандық не қазақ фильмін көрмеген отандастарымыз да бар екен. Осы орайда алаңдатарлық жайттар жария етілді: «қазақстандықтардың 68,6 пайызы қазақстандық авторлардың театрлардағы қойылымдарын ешқашан тамашаламаған». 65 пайызы мектеп-университеттен кейін кітапханаға бас сұқпаған. 58,1 пайызы Қазақстандағы музейлерге бармайтынын ашық айтыпты. 54,4 пайызы ешқашан қазақстандық авторлардың көркем-әдеби кітаптарын оқымапты.

– Сауалға жауап берген жұртшылықтың 69,3 пайызы «Қазақстан мәдениеті дара қалпын сақтауда» деген пікірде, – деді Еуразиялық интеграция институтының директоры Ж.Құсманғалиева. – Дегенмен, егер талдай қарасақ, бұл адамдар екіге бөлінеді. Біріншілері, 36,7 пайызы «қазақстандық мәдениет еліміздегі этностар мәдениеті негізінде дамуда» деп санаса, екінші жақ, 32,6 пайызы ол тек «қазақ халқының дәстүрлі құндылықтары негізінде дамуда» деген ойда. Ал сұралғандардың қалған 27,4 пайызы Қазақстан мәдениеті сыртқы күштердің ықпалымен кетіп барады деп есептейді.
Дегенмен, отандастарымыздың барлығының дерлік ойы бір арнада тоғысыпты: 88,3 пайызы «мәдениет мемлекетіміздегі барлық этностарды біріктіреді» деген ұстанымды жақтайды. Бұл ретте қазақстандықтардың 91,5 пайызы «Қазақстанда барлық этностарға өз мәдениетін сақтап, дамытуға мүмкіндік туғызылған» деп санайды. 
Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, ұзақ жылдар Мәдениет министрінің орынбасары қызметін атқарған Әшірбек Сығай өз сөзінде Қазақстанда өнерпаздардың барлығы асаба болып кеткендігіне қынжылыс білдірді.
Ол мәдениетті санаға сіңдіруді балабақшадан бастауды ұсынды. Ал мектептерде ендігі ғылыми негізде оқытылуы керек: «Білім және ғылым министрлігіне ұсынысым бар: орта білім ордаларында «Қазақстан өнері» деген пән кіргізу қажет. Онсыз болмайды! Шәмші Қалдаяқов пен Шәкен Аймановтың кім екенін білмейтін жастар бар. Не атақты артистеріміздің суреті жарияланбайды. Біздің бала кезімізде түрлі-түсті ашықхат-открыткаларда белді тұлғаларымыздың суреті басылатын. Соларды жанқалтамызда сақтап жүріп өстік. Мен Аймановтай, Мәмбетовтей болуды армандадым. Қыздар Хадиша Бөкеева, Шолпан Жандарбековадай болғысы келетін» дей келе, ол жас ұрпақты мәдениет арқылы тәрбиелеудің маңыздылығына тоқталды. Оның пайымдауынша, «сол арқылы жастардың жанын «жұмсартып», ізгілендіреміз». 
Ә.Сығай тағы бір мәселені көтерді: «Драматургтер мен режиссерлерсіз қазақ мәдениеті мандымайды. Өйткені сахналық қойылымдарды жасайтын осы екі тұлға. Бізде қазір бұлардың ең жасы – 50-де. Жастар жоқ. Жасырудың қажеті жоқ, бұл мамандар қартайып бара жатыр. Ал жас ағын қайда?»

– Мәдениет саласының мәселелері талқыланған осы жиынға Мәдениет министрінің не орынбасарының бірінің қатыспауы өкінішті, – деді депутат Гүлнәр Сейтмағанбетова. – Көтеріліп отырған қаншама көкейтесті мәселені тыңдайтын құлақ жоқ. 23 жыл ішінде бірде-бір режиссер, драматург, хореограф, балетмейстер даярламаған министрліктің қажеті бар ма? Мүмкін, комитет деңгейінде қалдыру керек шығар? Кейбір саласында күйіндіретін, жыларман күй қалыптасып отыр. Бұлай бара берсе, біз ешқашан мәдениетті әлемдік бәсекеге қабілетті болар деңгейге дейін дамыта алмаймыз.

– Режиссер, балетмейстерді оқытатын жер – Білім және ғылым министрлігі, – деді Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет және өнер комитетінің төрайымы А.Райымқұлова. – 2015 жылдың қаңтарынан бастап, өнер саласындағы 9 жоғары оқу орны біздің министрліктің құзырына беріледі. Бұған мемлекет бекерден-бекер барып отырған жоқ, өздеріңіз айтқандай өкінішті жағдай орын алғандықтан, Үкімет осындай шешім қабылдады. Біздің үлкен жоспарымыз бар: алда өнерлі балаларды балабақшадан бастап, тәрбиелемекпіз.
Осы тұста Т.Жүргенов атындағы ұлттық өнер академиясының профессоры, халық артисі Есмұқан Обаев президенттік «Болашақ» бағдарламасы арқылы қазақ режиссерлерін шетелде даярлауға, тағылымдамадан өткізуге квота бөлуді ұсынды. 
Депутат Жексенбай Дүйсебаев болса, 90-жылдары, нарыққа өткенде көптеген мәдени ошақтардан жұртшылықтың көз жазып қалғандығын еске алды: «Енді ғана көбісін қайта қалпына келтіріп жатқанда, салада тағы жекешелендіру басталып жатқан көрінеді. Бұл қалай? Министрлік қайда қарап отыр? Әлде сіздерге бәрібір ме?»
 «Біз өз тарапымыздан осы мәселеге наразылық білдіргенбіз! – деді министрліктің Мәдениет және өнер комитетінің төрайымы. – Өз ұстанымымызды Үкіметке нық білдірдік: біз қарсымыз! Бірақ үлкен-үлкен, маңызды нәрселерге қаражат жетіспейді. Бізде мәдениетке ЖІӨ-нің 0,2 пайызы көлемінде қаражат бөлінеді, осыдан-ақ өздеріңіз түсіне беріңіздер». Қалаулылар бұл істе министрлікке қолдау көрсетуге бекінді. 
Салада қордаланған түйткілді мәселелердің түйінін тарқату үшін депутаттар «Мәдениет туралы» қолданыстағы заңды өзгертетін жаңа заң жобасына бастамашы болыпты. Қазір сол құжат бойынша жұмыс жүргізілуде екен.
Жиын соңында сөз алған депутат Мұрат Ахмадиев жиналғандарға бір «тұрмыстық тәжірибе» жүргізгендерін әңгімелеп берді: «Менің бір досымның өз балаларын оқытуға да мүмкіндігі болмады. Тұрмысы ауыр еді. Өзі ауырады. Біз қолдан келгенше көмектестік. Мен оның ұлын қазақ тілінде оқытатын гимназияға оқуға орналастырдым. Ол оны үздік үлгеріммен бітіріп шықты. Қазақ тілінде судай ағып тұр. Оны аз десеңіз, ол қазақ мәдениетіне, әдет-ғұрып, салт-дәстүріне қатыстының бәрін меңгерді. Кейін ол Қарағандыдағы Суворов училищесін тамамдады. Бүгінде біздің Қарулы күштерде қызмет етіп жүр. Өзі шешен бола тұра, қазақ елін шын сүйетін нағыз отаншыл азаматқа айналды» деді қалаулы.

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз


ТЕКСТ

Яндекс.Метрика