КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ


Мұхамбедия АХМЕТ-ТӨРЕ, м.ғ.к. Астана медицина университетінің профессоры 

– Мұхамбедия аға, сізді қазақ тілінің тағдыры үшін алаңдап, күресіп жүрген адам ретінде жақсы білеміз. Бұл күресіңізді фейсбук әлеуметтік желісінде күшейте түскендейсіз. Мысалы, жуықта қазақ тілінің ережелеріне күрделі реформа керек деп жаздыңыз. Осы мәлімдемеңізбен филологтардың шамына тиіп кеткен жоқсыз ба? – Менің пікірімше, қазақ тілінің ережелеріне күрделі реформа керек. Бұлай деуімнің себебі бар. Қазіргі қазақ тілінің стилистикасы орыс тіліне байланып қалған аударма тіл. Қазақ тілінің құрлымы «қыңырайып» тұрғанын көрмейтін дәрежеге жеткендейміз. «Ережелеріміз» орыс тілін «өкпелетпеуге» икемделген, орысша сөйлем құру тәсіліне икемделіп кеткен. Мысалы: «Уважаемые, дамы и господа, участники конференции!». Осыны кез келген қазақ, «Құрметті, конференцияға қатысушы ханымдар мен мырзалар!» деп бастайды. «ҚҰРМЕТТІ конференция» екен, ал «ханымдар мен мырзалар» «так себе»... Екі сөздің «арасына қылау түсіруге болмайды» деп оқытқан ереже, бүкіл қазақ тіліне ҚАЯУ түсіріп тұр. Маған салса, қазақша сөйлемді дұрыс құрастыра алмайтын, айтар ойын қазақша жеткізе алмайтын шенеуніктерді, мейлі лауазымы биліктің биігінде болса да телеэфирден сөйлетпеген болар едім. Олар тілді «инфекциялайтын» «грамматтрояндық вирус» сияқты көрінеді. Ақпарат үшін аса қажет болып бара жатса, эфирден сауатсыз сөйлейтіндердің суретін ғана көрсетіп, «мынау кісі мынаны айтып тұр» деп түсініктемесін ғана бергізер едім. 

Телевидениенiң тілі неге сақау? Себебі Блатбек Сватбековичтің «бірдеңесінің бірдеңесі» Бірде мегүл Дейалмасованың түрі әлпеті әдемі болғандықтан ТВ-ға диктор қылып жұмысқа алады. Ал жұмысқа алатын ТВ-ның бастығы – өзіміздің Құдабек Жекжатбекович, ал ол анау Блатбектің жанындай Жолдасбайдың балдызы. Бұлардың өзара байланысы Ал­ғанбай Бермесовичпен баяғыдан мықты. Істің бәрін реттеп отырған Жемқорбек Сыбайласович... 

– Қысқасы, қазақ тілін өзге емес, өзіміз «ауру» қылып жатырмыз дейсіз ғой?

– Тілді «ауру» қылып жүргендердің диагнозы: – «Agraphia» (лат. аграфия) – жазу қабілетінен айырылу ауруы. Егер осы қарқынмен жаза берсек, «Аbsolute agrammatiа» (лат. аграмматия) – сөзді бір-біріне қосып айта алмау ауруы дамиды. Әлеуметтік желілерге ұялы телефон арқылы кіретіндер көп. Солардың арасындағы қазақ шрифтін салдырып алмағандардың жазғандары тілімізді «досқа күлкі, дұшпанға таба» қылып, «ВОТ ЭТО И ЕСТЬ ВАША КАЗАША» дегізіп жатыр, зардабын ұрпағымыз көреді әлі... Фейсбук желісінде, «қазақша жазып отырмын» деп, сауатсыз жазбаларға «лайк» басып жүре берем десеңіздер өздеріңіз біліңіздер... 

Шынымды айтайын, «қазақ әрпімен жазыңыздаршы» деп айта-айта адамдардан да, Алладан да «ұят болды». Ұлы Жаратушының «Ұлы» деген сипаттамасы не боп кетті? «Ұ» қайда? «У» болып кетті ғой. Сондықтан Қазақстанда сатылатын «Ұялы телефонда неге қазақ әріптері жоқ?» деңіздер, «Бұл менің ұлттық мүддемді қорлап тұр» деңіздер, «Қазақшасы жоқ соткаңа сіңбірдім» деп, бойкот жариялаңыздаршы, бір-ақ күнде жөнге келеді. Қазақшасы жоқ пернетақта – «педагогикалық терроризм», «дидактикалық диверсия», қазақты қорлау, тілімізге түкіру...

– Бірақ біздің елде әлеуметтік желідегі әріп қатесі үшін айыппұл төлету сияқты жаза қарастырылмаған ғой. Бұған не дейсіз?

– Әлеуметтік желідегі қателер назардан тыс қалып жатқан болса, онда күнделікті ісқағаздарда кетіп жатқан қателерді де айтып бере аламын. Мысалы, «ісқағаз жүргізу» деп аталатын бейнетімізді бір жерлерде «іс қағаздарын жүргізу» деп қате жазады. Ол – «ісқағаз, іс­қағазбен, ісқағазды, ісқағаздарды» болып бірге жазылады (орфографиялық сөздікті қараңыздар). Қате жазбай қайтеміз, геніміз гендерге, тіліміз тендерге түскен мына заманда, тендер ұтып алған «ілкімділер» сөздік жазса немесе «партизанский» тәсілмен атақ алу үшін «спонсордың» ақшасына «вирусталған» оқулықтарын, талқы­лаудан «өтірік өткен» оқу құралдарын шығарып таратып жатса... 

Заң дегеннен шығады, «Әр елдің салты басқа, иті қара қасқа» дейді қазекем. Білесіз бе, гректерде көшеде темекі шегіп тұрған әйелді көріп қалсаңыз, оның бетіне өрт сөндіргіштің көбігін шашып кетуге құқыңыз бар. Канаданың заңы бойынша бір-біріне ғашық қыз бен жігіт студенттер емтихан тапсырғанда екеуара бір билет алады екен. Ал Испанияда сіздің тіс тазартатын пастаңыз таусылып қалса, жұмысқа бармай қалуыңызға болады, Қытайда сотталған адам өзінің орнына түрмеде отыра тұруға кісі жалдай алады екен. Испанияда темекі тартпайтын қыздар косметиканы 30 пайыз жеңілдікпен сатып алады. Міне, осындай заңдардың ішінде маған Ирландияның заңы ұнады. Егер сіз әлеуметтік желіде отырып, бір аптаның ішінде үш грамматикалық қате жіберіп қойсаңыз, парақшаңыз автоматты түрде блокталып қалады. Шіркін, қазақтар үшін дәл осындай заң болса ғой, сауатты жазуға көбіміздің бетіміз бұрылар еді деп ойлаймын.

– «Мама» деп айтудың орнына «ана» деп қазақша сөйлеңдерші дегендерге жазған уәжіңізді оқып едім...

– «Мама» сөзі адам баласы сөйлей білмейтін заманда пайда болған деп ойлаймын. Сәбидің ең тұңғыш дыбыс шығаруынан құралған. Еріндер түйісіп тұрғанда іштей «ыңыранса» «М» дыбысы шығады, ізінше еріндері ашылып кеткен сәтте «А» дыбысы естіледі. Екі дыбыс қосылып және қайталанса «МА», «МА»=«МАМА». Еріндері түйіспей тұрған жағдайда сәби «ыңырана» бастаса, тілдің көмекей жақ түбі таңдайға тиіп тұратындықтан, «Ң» дыбысы шығады, ізінше аузын ашып жібергенде, «А» дыбысы шығады. Сондықтан да жылап дыбыс шығарған сәбидің «әуені» «ҢӘ», қайталанғанда – «ҢӘ», «ҢӘ» шығады. Қазақтар сәбиді «іңгәлады», «іңгәлап» жылады дейді ғой... Жә, бізге керегі «МАМА» сөзі ғой... Орыс баласы «МАМА» дейді, ағылшын баласы «МЭММА», француз сәбиі «МАМАН», неміс баласы МАМА», кәріс баласы «ОММА», қытай сәбиі «МАМА» дейді екен. Шын мәнісінде, «ең тұңғыш СӨЗ» «МАМА-ны» әр ұлт өз тілінің ерекшелігіне сай етіп, баласының «аузына салып» өзгешелеу етіп жібереді. Көне латын тілінде «mamme» ЕМШЕК деген сөз. Қазақтың «мәмә» берейін дейтінін еске түсіріңізші. Тілі шыға бастаған бала «мәмә беш» дейтінін де білесіздер. Жалпы, «МАМА» сөзін бүкіл әлемнің нәрестелері шығарған. Шығу механизмі оңай қайталанатын қосбуынды сөздер. Сәби өзінің көз алдындағы ең жақынын, жанашырын көргенде, шығарған қосбуынды атау сөздері – «А-ТА», «А-ПА», «ТӘ-ТӘ», «ДӘ-ДӘ», «Ә-КӘ», «Ә-КЕ», «КӨ-КЕ», т.с. с. болып қалыптасып кеткен... Мысалы, грузин сәбиі «МАМА» десе, ол шешесі емес, әкесін атағаны болып қалыптасқан. Сонымен, «МАМА» сөзін орыстікі деп бас тартқызамыз десеңіздер өздеріңіз біліңіздер, «А-НА» сөзі тұр ғой... 

– Мекеме маңдайшаларындағы қателерді суретке түсіріп, әлеуметтік желіде жариялайсыз. Осы әрекеттен нәтиже бар ма? 

– Нәтиже болады деп сенемін, сенбесем әрекеттенбес едім. Себебі, сол мекемелерден, ең құрығанда бір адам әлеуметтік желіге кірмейді дейсіз бе? Сізге бір мысалды суретімен көрсетейін, міне, мына мекеме атауы – «казахский» маразм! Қасақаналық! Бүгінгі қазақтардың «тілдік проблемасын» жақсы білетін және «қазақшаны кәдімгідей-ақ түсінетін» бірақ онысын жасырып жүретіндердің «жөйтский», «жебекеңский», «орекеңский» арамза тәсілі бұл... 

Қазақты өз ана тілінен жеркендірудің жымысқы тәсілі. Мекеменің орысша атауын әдейі шұбалаңқы атап, шұбатылтып әдейі жазады, бүкіл атқаратын функ­циясын, қай мекемемен қандай қатынаста екенін, «тышатын-сиетініне» дейін түсіндірмелеген болып атайды да, ал давай, «Теперь, казахи» переведите на свой язык» деген саяси астар жатыр. Ертеде «колхоз», «совхоз», «ком­сомол», т.с.с. атаулар болды ғой (олардың түсіндірмесін толық жазса не болар еді?). Алматыда Тіл білімі институты бар, неге қазақша аббревиатура құраудың ережесін жасамаған? Тілдерді дамыту академиясы деген сияқты тағы да бір мекеме бар көрінеді, осылар не бітіріп отыр?

Мысалы, біз күнде естіп жүрген ағылшынның «ЛАЗЕР» сөзі «Лайт Амплификейшн Стимулейтед Енерджи Радиейшн» деген сөйлемдегі сөздердің бас әріптерінен құралған. Осылайша атау беруге болады ғой. Біздің «Медицинский Университет Астана» деген атауын орысша құжаттарда МУА деп жазады, ал қазақшамызда – АМУ болып жүрміз. «Айналайындар, қазақшасын ең болмаса АсМУ деп жазыңдаршы» дегенімнен түк шығар емес.

– Сіз «кейде дәріден СӨЗ күшті» депсіз, ал өзіңіздің дәрігер әріп­тес­теріңіздің қазақшасы қандай дә­ре­жеде екенін талдап көрдіңіз бе?

– СӨЗ, ТІЛ, СӨЙЛЕСУ, ТІЛ­ДЕСУ – дәрі беруден бұрын тұру керек (Ахмет-Төреұлы Мұхамбедия). Иә, бұл – менің сөзім. Себебі бүгіндері Отанына орысша білмей оралған қандастарымыз орыс дәрігері түгіл қазақ дәрігеріне жан күйзелісін ана тілінде айтып, мұңын толық жеткізе алмай, тауы шағылып жүр. Көбісі ауруын асқындырып алып, арашашы іздеп, прокурорға жалынуға мәжбүр. Орысша білмей оралған қазағымның азабына, дәл қазіргі кезде орыс емес кінәлі, қазақшасын «қақпайтын» қазағым кінәлі. Қазіргі медицинаның жетістігі – фантастика. Дәрігер мен науқастың екі арасына «милы-мылқау» күрделі компьютерлі техника килігіп алды, сондықтан, «жылы-жылы СӨЙЛЕСУ», ТІЛДЕСУ жұтаң болып тұр. Әріптестерімнің қазақша сақау тілі илігіп, икемге келсе екен деген ниетпен, бірді артық, бірді кем сылап-сипап сынаумен келем. Сынағанды кім жақтырсын? Жақтырмасаңыздар, ал ендеше, оқыңыздар, жаттаңыздар деп қырық жыл бойы жүйелеп жүрген орысша-қазақша-ағылшынша сөздіктерімді, қазақша оқу-құрал еңбектерімді шығардым. Ә-ә-әй, бәрібір сол баяғы, «ЗАХАДИ БАЛЬНОЙ»... «ыкто следущи»...

– Сіз орыс мектебін бітіргенсіз, сөйте тұра қазақ мектебін тәмамдағандармен таласуға дайынсыз, осылар қатемді шығарып қояды деп ойламайсыз ба? 

– Өз басым қазақ грамматикасын жақсы білемін дей алмаймын, орыс мектебін бітіргенім де рас. Сондықтан да ылғи филологтарға сұрақ қоям да жүремін, ТІЛ керемет ғылым ғой. Ауызекі сөйлеп, қараөлеңмен ойымды аз-кем жеткізе алғаныммен, көптеген ереже теориясын толық білмеймін ғой. Бірақ КАЗГУ-ды бітірген, телерадиоэфирден сөйлеп жүрген көптеген қазақ журналистердің сөйлем құрауынан шикілік көрем де тұрамын. Бірер мысал: «...сен келсең, мен қуанаТЫН едім» дейді, «қуанар едім» емес пе? «Астанада 10 градус суық болса, Алматыда 5 градус жылы болады» дейді. «10 градус суық болмаса, 5 градус жылы болмай қала ма?». «кіреТІН есік» дейді, ол қайда кіреді ?... «кірер есік» десе ше... , (главный вход дегені шығар – «бас кіретін есік» дейді, сонда «басқа жері кірмей ме?!» «Ірі-ірі тауарлар өндіретін орталықтар ашылуда» дейді. Осы «ашылуда» дегеннің орнына «ашылып жатыр» десе болмай ма, ал «ірі-ірі» деп отырғаны «тауарлар» ма әлде «орталықтар» ма?», міне, осындай сауалдарым толып жатыр. Қазақша сөздердің жазылымы, оқылымы, айтылымы жөнделсін десеңіздер, тіліміз қор болмасын десеңіздер, сауатсыз жазуларды «боғауыз сөз» секілді қабылдауымыз керек. Орыс әрпімен жазып, тілімізді «ботқа» қылып жүрген­дерді «зиянкес» ре­тінде өшіріп тастап отыру керек. «Тіл тазалығы туралы заң» керек деп заржақ болып, бар кінәні БИЛІККЕ жабамыз, ал фейс­буктің бетінде қазақшамызды орыс әріптерімен жазып, былық­пай қазақшаға айналдырып отырғандар кім? Өзіміз ғой! «Әріптері жоқ» деп «соткаға» жала жауып, АНА тілімізді сорлатып отырмыз ғой... Мұндайға қатал шара қолдану керек.

Фейсбуктегі достардың көбісі қазақша айтарын орыс әріптерімен жазып, Ана тілімізді шұбарламақ түгіл, алапес ауру қылып отырғандарын байқамайды. «Қалтафонымда «Қ» жоқ, «Ң» жоқ, «Ө» жоқ» деп ақталған болады. Еш ақтала алмайды! Себебі, олар: «Өз тілімнің мәртебесін өсіріп отырмын, біздің тіл – қазақ тілі» деп жазудың орнына, орыс әріптерімен: «ОЗ ТЫЛЫМНЫН МАРТЕБЕСЫН ОСЫРЫП ОТЫРМЫН, БЫЗДЫН ТИЛ – КАЗАК ТИЛИ» деп, ана тілімізді «казачий язык» қылып, тілдік атмосфераны бүлдіріп отырғандарын байқай ма екен?

Айқын


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз