THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Тілімізге орыс
тілінен және орыс тілі арқылы өзге тілдерден енген сөздер мен сөйлем мүшелер
қазақ тілінің грамматикалық заңдарына бағынып, төл сөзімізбен қатар қолданылып
жүр.
И.В. Сталиннің
«Марксизм және тіл білімі мәселелері» атты еңбегін және осыған байланысты
жазылған мақалалар мен кітапшаларды қазақшаға аудару нәтижесінде жүздеген
терминдер қазақ тіл білімі саласындағы сөздік қорды молықтыра түсті.
Мектептегі қазақ
тілі грамматикасына енген терминдер негізінен тұрақты. Мысалы, бастауыш,
баяндауыш, толықтауыш, пысықтауыш, етістік, есімдік тағы басқалар. Керісінше,
күні бүгінге дейін белгілі бір жүйеге салынбай, тұрақтамай келе жатқан
терминдер де жоқ емес. Профессор С.Кеңесбаев, доцент А.Исқақов, К.Аханов
жолдастардың 1951 және 1954 жылдары жазған грамматикаларында грамматикалық бір
ұғымға қосарлы ат тағылады: Мысалы, үндестік заңы немесе сингормонизм,
орфография немесе емле, сонор немесе үнді, негізгі түбір немесе түбір сөз т.б.
Шынында бір ұғымды түрліше атаудың оқушыны шатастырғаннан басқа пайдасы жоқ.
Біздіңше, бұл атаулардың бірін ғана шарты түрде келісілген, тұрақты термин етіп
алған жөн.
Мектеп
грамматикаларында мемлекеттік терминология комиссиясы бекіткен сіңісіп кеткен
терминдер орнына, кейде жасанды терминдер де кіріп кетеді. Мысалы, «ілгерінді
ықпал», «мұрын жолды дыбыстар» деген терминдерді профессорлар С.Кеңесбаев,
М.Балақаев және Н.Сауранбаев «ілгерілі ықпал», «мұрын жолдылар» деп алып жүр.
«Сонор» термині қолданудан мүлдем шығып қалған. Оның орнына «үнді» термині
алынып жүр. Ал «сонор», өзінің түпкі төркініне қарамастан, қазақ тілінде
ертеден-ақ айтылып, жазылып келеді. Оның үстіне, бұл термин тіл білімі туралы
еңбектерде де, орыс тілі грамматикасында да осы күйінде қолданылады. Біздің
ойымызша, тілімізге сіңісіп, қалыптасып, мәдени дәстүрге айналып кеткен осы
сияқты терминдерді өз қалпында ала бергеніміз дұрыс.
Грамматикалық
терминдерді қолдануда ішінара ескіргендерін жаңартып отырған жөн. Мысалы,
терминология сөздігінде говор - уақ диалекті, антоним - қарсы мәндес сөздер,
словоизменительная приставка – жалғаулар; словообразовательная приставка –
жұрнақтар делінеді. Ал практикада бұлар басқаша аталады. Антоним – антоним,
говор – говор, словоизменительная приставка – сөз түрлендіруші жұрнақтар;
словообразовательная приставка – сөз тудырушы жұрнақтар («Қазіргі қазақ тілі»
кітабын қараңыз). Оның бер жағында бұл терминдер талқыланып, терминология
комиссиясында бекітілмеген.
Қазір кейбір
авторлар «Условное придаточное предложение» терминін «Шарт бағыныңқы сөйлем»
деп жүр. Шынында «шарт бағыныңқылы сөйлем» болуы керек. Өйткені, условное
сөзінің қазақшасы «шартты» деген ұғым береді. Мұны қазір грамматикамызда
«условное наклонение» терминінің «шарт рай» емес, «шартты рай» болып алынуының
өзі-ақ дәлелдейді.
Мектеп
грамматикасындағы даулы мәселелердің бірі – шырайлар категориясы. Бұлар түрліше
жіктеліп, түрліше аталады. Мысалы, профессор С.Кеңесбаев сын есімнің шырайларын
екіге бөліп: талғаулы, таңдаулы; профессор Н.Сауранбаев үшке бөліп:
салыстырмалы, таңдаулы, шағын; ал доцент А.Исқақов үшке бөліп: жай шырай,
салыстырмалы шырай, күшейтпелі шырай деп мүлдем басқаша атайды. Осы шырайлар
жоғары оқу орындарына арналған қазақ тілі грамматикасында төртке бөлініп: жай,
салыстырмалы, күшейтпелі, асырмалы шырай делінеді. Шырайларды жікке бөлуде және
олардың терминдік атауларын қолдануда тіл білімі ғалымдарының арасында түрлі
пікір бар. Профессор С.Г. Бархударов орыс тілінде екі-ақ түрлі шырай
(сравнотельная, превосходная) бар дейді. Ал А.С. Никулин «Қазіргі орыс
тіліндегі шырайлар» атты еңбегінде жай шырайды толық зерттеп, оның шырай
категориясы бола алмайтындығын дәлелдеді. Осы ғалымдардың пікірін қуаттай
келіп, филология ғылымының кандидаты Ғ.Мұсабаев «Қазақ тіліндегі сын есім
шырайлары» атты еңбегінде «жай шырай» мүлдем жоқ деген қорытынды жасады.
Шырайдың бұл түрі профессорлар С.Кеңесбаев пен Н.Сауранбаевтың еңбектерінде де
айтылмаған. Олай болса, қазақ тіліндегі сын есім шырайлары үш жікке бөлініп,
салыстырмалы шырай, таңдаулы шырай, күшейтпелі шырай деп аталуы дұрыс сияқты.
Грамматиканың
синтаксис бөлімінің терминдерінде де ала-құлалық бар. Мысалы, профессор
С.Аманжолов «обстоятельство образа действия» - ны «сын-қимыл пысықтауыш» десе,
профессорлар Н.Сауранбаев пен М.Балақаев «амал пысықтауыш» деп атайды.
Профессор Н.Сауранбаев «ыңғайлас жалғаулықтар» десе, профессорлар С.Аманжолов
пен М.Балақаев «ыңғайлас мәнді жалғаулықтар» дейді.
Қорыта келгенде,
терминдердің жөнсіз көбеюі оқушылардың оларды үйренуіне, дұрыс қолдана білуіне
кедергі келтіреді.
Сондықтан
мүмкіндігенше мектеп оқулықтарына терминдердің ғылыми, практикалық мәні
барларын ғана енгізген жөн.
Сонымен қатар
практикада әлі бекімеген көптеген термин сөздер де қолданылып жүр. Мысалы,
бейтарап, бейнелеуіш сөздер, ерікті қалау рай, тілекті қалау рай, күмәнді сұрақ
т.б.
Қазақ тілі
грамматикасындағы термин алалықтарын жою қажет.
Тіл білімі
саласындағы терминдердің де қоғамдық-саяси мәні зор. Жас ұрпақтардың тіл
мәдениетін арттырып, лексиконын байытудағы атқаратын рөлін ескеріп, терминдерді
ғылыми тұрғыдан зерттеп, дамыта беру керек.
Қазақ мектебі үшін орысша-қазақша шағын сөздік жасалса, оқушылардың тіл байлығын арттыруға игі әсер етер еді. Бұл үшін тіліміздегі бар терминдерді сұрыптап, жұртшылық талқысына салып, содан кейін мемлекеттік терминология комиссиясына бекіттірп алуымыз керек. Грамматика териндерін бір ізге келтіретін мезгіл әлдеқашан жеткен.
Қазақстан
мұғалімі, 1955, 17 ақпан, 3-бет