КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

Терминдер жайында

Авторы: MTDI

24/04/2017 14:25   0   30917   0


Қазақ халқының мәдениеті мен экономикасы, өнеркәсібі мен ауылшаруашылығы күн сайын ілгері басып, дамып отыр. Осындай игі жағдай ұлт мәдениетінің негізгі бір саласы – қазақ тілінің де дамуына ерекше әсерін тигізіп келеді. Қазірде кеңінен байып жетілген, қазақ әдеби тілінің арнасы ғылыми терминдермен ұштасып жатыр.

Тілімізге ұлы орыс тілінен және орыс тілі арқылы басқа тілдерден енген терминдер мен сөйлемдерді қалыптастыру, оларды тілдік нормамызға бағындырудың заңдылықтарын зерттеу, ертеректен қолға алынып келе жатқан жұмыс. Негізінде қазақ тілі терминдерін жинап, бір жүйеге келтіру мемлекеттік мәні бар мәселе. Бұл жұмыспен Қазақ ССР Министрлер Советінің жанындағы Мемлекеттік терминология комиссиясы шұғылданып келеді. Бұл ұйым қазақ тілі терминологиясын жасаудағы ұзақ жылдық тәжірибеге сүйеніп, осы тұрғыда көптеген еңбектер жасады.

Мемлекеттік терминком бекітіп, баспадан шыққан «тіл білімі терминдерінің сөздігі» мен баспадан жуырда шығатын «биология терминдерінің сөздігі» жақсы бастама. Ғылымның басқа салалары бойынша да осындай сөздіктердің шығуын жұртшылығымыз асға күтіп отыр.

Алайда қазақ тілі терминологиясында көптеген кемшіліктер бар. Ең алдымен жеке терминдерге берілген қазақша баламаларда бірізділіктің жоқтығы байқалады. Әрине, бұл жағдай терминге балама беруде қазақ тілінің өзіндік заңына, оның лексикасына жете көңіл бөліп, ізденбегендіктің салдарынан туған. Мұндай кемшіліктер күнделікті баспасөз беттерінде, тіпті екі тілді сөздіктеріміздің өзінде де кездесіп жүр. Оны мына төмендегі салыстырма мысалдардан көруге болады. Мысалы: терминология сөздігінде: Бархан – үрме құм, гавань – кеме тоқтайтын жер; орысша-қазақша сөздікте (1954 жыл): бархан – құм төбе, гавань – айлақ деп аударылған.

Гавань терминіне берілген баламаларының ішіндегі «айлақ» дұрыс сияқты. Кемелердің бір жерге жиналып тоқтайтын жерін республикамыздың теңізді аудандарында айлақ деп атайды. Бұл сөз «гаваньға» тұжырымды балама бола алады. Бархан терминіне берілген үрме құм, шағыл деген баламалар оның мағынасына сәйкес емес. Бархан – жел айдап әкеп, үйіп тастаған, сусымалы үйме құмдар. Әр жерде төбе-төбе болып үйіліп қалған мұндай құмдардың биіктігі 0,5 метр, одан да биік болады. Олай болса, үрме құм да, шағыл да, үйме құм да тиянақты балама бола алмайды. Сондықтан бастапқы атау қалпында алынғаны мақұл. Кей жағдайда термин аудармасына ат үсті қарап, олардың баламасын болжаммен бере салушылық та кездеседі. Терминология сөздігінің әлеуметтік экономика бөлімінде атака – шабуыл, зарплата – жалақы деп аударылған. Бұл баламалар терминнің ақиқат мағынасын білдіре алмайды. «Шабуыл» - наступление сөзіне тән балама; Атака – атака, лап қою. Ал зарплатаның қазақша сөзбе-сөз аудармасы «жұмыс ақысы», ал «жалақы» наемная платаның сөзбе-сөз аудармасы екені анық. Бұл екеуінің арасында үлкен айырмашылық бар. «Наемный труд» болса, жалдама еңбек дейміз (орысша-қазақша сөздік, 370 бет, 1954). «Жалақы» деген терминді күні бүгінге дейін қолданып келуіміз орынсыз. Социалистік қоғамда жалдама еңбек жоқ. Еңбек социализм тұсында зксплуатациядан азат болып отыр. Еңбекке қабілеті бар әрбір СССР азаматы социалистік қоғамда еңбек етуді елінің абыройлы міндеті мен азаматтық борышы деп санайды. Олай болса, саяси жағынан ұстамсыз мұндай терминдер қайта қарауды керек етеді. Зарплата терминінің қазақша баламасы «еңбекақы» болып қолданылуы керек.

Қазақ тілі терминологиясын жасаудың өзіндік принципі бар. Ол принципті бұрмалап, жете көңіл бөлмеушілік те кездеседі.

Терминология сөздігінің физика бөлімінің терминдеріне (1946 ж): близорукий – сығыр көз, орысша-қазақша сөздікте (1946): близорукий – жақыннан көргіш (жуық көз). Орысша-қазақша сөздікте (1954 жыл): близорукий – алыстан көрмейтін, жуықтан көргіш деп аударылған. Бұл сөздерге берілген баламалар оқушы жұртшылықты қанағаттандыра алмайды.

Аудармашылар «близорукий человек» деген тіркесті «сығыр көз адам», «жақыннан көргіш (жуық көз) адам» тіркестері бойынша аудармақ па?

Біздің пікірімізше, бұл аудармалар (баламалалар) мағынасы жағынан ықшамсыз және тиянақсыз. Мұндай сөздердің халықтық ұғымға әрі дәл, әрі жатық баламаларын тауып қолдану қажет. Тіптен близорукий сөзінің өзі термин емес, мұнда ешбір теминдік қасиет жоқ. Сөздіктерімізде кездесетін бұл сияқты екіұшты баламаларды бірізге келтіріп, нақтылы, тұжырымды балама беретін мезгіл жетті.

Әрі орысша, әрі қазақша жарыса қоданылып жүрген терминдердің негізінде бір вариантын қолдануымыз керек.

Терминология мәселесі орфографиямен тығыз байланысты. Оларды қолдануда орфография заңына сүйенеміз. Бірақ та қазақ тіліндегі кейбір терминдердегі жазудың орфографиясы тиянақты түрде шешілмей отыр. Мысалы: он бес мың центнерші, жиырма мыңшы сияқты ауылшаруашылығымыздың дамуына байланысты туған терминдердің жазылу принципі әлі белгісіз. Бұларды бөлек я бірге жазуды жұртшылығымыз күні бүгінге дейін ажырата алмай келеді. Сол сияқты қазақ тіліндегі географиялық атауларды, кісі аттары мен фамияларды дұрыс жазуда да бір ізгілік жоқ. Қазақ тіліндегі еріндік дауыстылар (о, у, ү, ө) орыс графикасында басқаша беріліп жүр. Мысалы: Оспан – Успан, Өтеп – Утеп, Орал – Урал, Дүйсен – Дюсен, Қара төбе – Қара тюбе, Көкшетау – Кокшетав т.б. Тіл алды «ж» әрпінің адынан орысша жазылуда «д» әрпән қабаттастырып, сірестіріп қоюшылық заңға айналып кеткен.

Мәселен: Үржар-Урджар, Саржас-Сарджас, Жанпейісов-Джанпеисов. Мұхамеджанов-Мухамеджанов т.б

Негізінде географиялық атаулар мен кісі аттарын, фамилияларды жазуда белгілі бір ереже болуы тиіс.

Қазақ тілі терминологиясын ғылыми жолмен зерттеудегі және ізге түсіретін мәселеленің бірі – термин қосымшаларының (аффикстерінің) жалғану заңдылығы. Алайда, бұл мәселе ғылыми тұрғыда зерттелмегендіктен әлі де бір ізге түспей келеді.

«Сөздің соңы – ский, скоя, ская, - ный, ний, ное, ная қосымшаларына біткен терминдерге қазақша «лық» қосымшасы жалғанады» - деген ережеміз ережеміз бар. Алайда бұл екі ұштылау ереже. Терминдерге жалғанатын қосымшалар қазақ тілінің грамматикалық заңына байланысты жалғанады. Бірақ та кейбір жолдастар, жоғарыда айтып кеткен қосымшалардың құрылысы жағынан әртүрлі екенін ажырата алмайды. Сондықтан жаңағы қосымшалар келген терминдерге «лық»-ты жалғай береді. Бұл теориялық, әрі практикалық жағынан негізсіз. «Лық» қосымшасы барлық жерде жалғанбайды. «Лық» қосымшасының көбіне тәуелденген сөздерге жалғанбайтынын байқауға болады. 

Қазақ әдебиеті, 1956, 28 қыркүйек


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз