THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Аударма - халықпен халықты, тілмен тілді, әдебиетпен әдебиетті қауыштырушы дәнекер.
Аударма - өмір танытатын, білім тарататын, тәрбие беретін құрал ғана емес, ол сонымен қатар ұлтар арасындағы экономикалық, әлеуметтік, рухани, ғылыми қарым-қатынастың тәрбие –тағылым алмасудың үлгісі. Бүгінгі күні халықтардың өзара достық қарым-қатынасында, олардың бір біріне етене жақындасуың да аударма шығармалардың орны ерекше.
Аударма - бір тілдегі ойды (ауызша, жазбаша) екінші тілге беру Қарым-қатынастың құралы ретінде әр түрлі тіл пайда болғанда, бір тілде сөйлейтіндердің екінші тілде сөйлейтіндермен түсінісу, сөйлесу қажеттілігінен туған, тіпті оның шығуын ғалымдардың пайымдауынша адамзат қауымының алғашқы даму дәуірімен, яғни тілдің шығуымен байланыстырады.
Аударманың бірнеше түрі бар:
1. Ауызша аудару. Әр түрлі сөйленген сөздер, баяндамалар ізбе-із ауызша аударылады, шетелдерден келген ресми өкілдермен, қонақтардың пікір алмасуына аудармашылар көмектеседі. Революциядан бұрын қазақ жерінде орыс ұлықтарының алдында жүретін аудармашылар - тілмаштар болған.
2. Жазбаша аударма. Барлық хат-хабар, ресми құжаттар, ғылыми және көркем шығармалар жазба түрінде аударылады. Түп нұсқаның түрі мен мәтініне қарай аударманың да қолданылатын әр алуан амал-тәсілдері бар. Мысалы ресми документтерді аударғанда түп нұсқаны қаз қалпында бұлжытпай толық жеткізу көзделсе, ғылыми және техникалық шығармаларды аударғанда, белгілі пәндердің терминологиялық ұғымдарын дұрыс беру көзделеді. Осыны ескемегендіктің салдары депутаттардың заң шығару барысында көп кесірін тигізіп жүр. Заңның дұрыс аударылмауы көптеген қиындықтар туғызады.
Ал көркем шығармаларды аударғанда бірінші кезекте түп нұсқаның көркемдік - эстетикалық әсерін беру міндетті тұрады.
3. Компьютерлік (машинамен) аудару. Алдын ала жасалған программа бойынша кибернетикалық әдіспен сөзбе-сөз аударып, түпнұсқа туралы түсінік беру.
Қазіргі кезде аударманың қолданылмайтын саласы жоқ:мағлұматтар алмасудың және көпке таратудың, интернет жүйесіне қосылып ақпараттар алудың бірден-бір жолы - аударма жасау.
Мәдени және рухани табыстарды ортақтастыруда, халықтардың өз ара қарым қатынасын ұлғайтуда аударма нағыз жалғастырушы күш болып табылып отыр.
Бір кезде орыстың ұлы сыншысы В. Г. Белинский: «Орыс тіліне аударылған шығарма орыс әдебиетінің туындысы...» деген болатын. Аударма қызметінің ең басты мақсаты Белинский айтпақшы, халықтардың бір бірімен танысып, өзара идеялар алмасуы, соған орай, әдебиеттердің гүлденіп өсуі, ақыл-ой өрісінің үлгілері бір халық әдебиетінің екінші халық тіліне аударылуына негізделеді. Демек, қазақ тіліне аударылған әдеби туынды - қазақ әдебиетінің қазынасына қосылған дүниелік, ол қазақ әдебиетінің төл туындысымен туыстас.
Аударма - әдебиет және бір жанр емес, ол – ана тіліміздің барлық жанрын қамтитын бел баласы, солардың ажырамас бір бөлігі.
Аударма өнері –ұлылардың ұстамы.
Қазақ тарихында аударма нұсқалары бағзы заманнан бар. Ежелгі Шығыс әдебиетімен даналық ой пікірлерін көне мұралары («Мың бір түн», « Камиламен Дамила» т. б.)аударма арқылы әр алуан нұсқаларда халқымызға жетіп отырған.
Шығыс данышпандарының классикалық шығармалары н аударма не назира түрінде(желісін пайдаланып жаңа нұсқа жасау) қазақтың өз мұрасына айналған.
Ал орыс әдебиетінің қазақша аударыла бастағанына екі ғасырдай уақыт болды. Он тоғызыншы ғасырдың соңына таман Л. Н. Толстойдың, И. А. Крыловтың, А. С.Пушкиннің, М. Ю. Лермонтовтың шығармаларын қазақшаға аударудың алғашқы үлгісін Абай Құнанбаевпен Ыбырай Алтынсарин жасады.
Аударма тіл ұстартуға, көркем ойды ұштауға, себепші болып келеді. Эпостан эпопеяға дейін көтерілген қазақ әдебиетінің басты-басты шығармалары орыс тіліне аударылуы, орыс тілі арқылы әдебиетіміз дүние жүзіне өріске шықты.
Орыс тіліне аудару – әлі де өте маңызды, әрі өте қиын міндеттердің бірі.
Аударудың бұл саласында көңіл жұбатарлық табыстар аз емес әрине. Атап айтсақ М. Әуезовтің «Абай жолы» трилогиясы - үлкен талаптың иесі атақты жазушы Леонид Соболевтің халқымыздың тарихын, дәстүрін, әдебиетін жақсы білетін және қазақ ойын орыс тіліне өз деңгейінде жеткізуінің арқасында болды. Сондай - ақ Ә. Нұрпейісовтің «Қан мен тері», Ж. Жабаевтың «Ленинградтық өренім!» шығармалары осының дәлелі.
Ойсыз зерсіз жасалған аударма кез келген тіпті жоғары деңгейде жазылған туындының беделін түсіріп жібереді. Оған дәлел: басқасын айтпай-ақ, ұлы Абайды, Шәкәрімді әлемге өз керемет деңгейінде(олар Гёте, Байрон, Пушкин т .б ұлы ақындардан еш бір кем түспейтін даралар )жеткізе алмай отырғанымыз. Мақатаев, Сейфуллин, Жансүгіров, Байзақовтардың шығармалары неліктен әлем туындыларының қатарына енбей отыр, себебі: аудармалары сапасыз!
Қазіргі кезде мұндай жауапкершілігі мол іспен шұғылданатын азаматтардың алдында тұрған ең басты мақсат - ол көркем аудармаға өнер деп қарау. Мұндай қиын да күрделі іске тілді аз-маз білетін әлдекімнің қолынан келетін іс деп білуден пайда болған немесе бір жақты лингвистикалық көркем аударма жасау бел алғандық әсерін тигізіп отыр.
Осы арада белгілі орыс жазушысы Л. С. Соболевтің мынадай сөзін айта кеткен жөн: «Егер орыс прозаигі, драматургі немесе ақыны әдебиетін орыс тіліне аударып отырған халыққа жанымен берілген болса, егер сол халықтың тарихын, дәстүрін, негізгі жұмысын, салтын жақсы білсе табиғатын сүйсе, осы халықты сезінсе, онда аударма ісінің нәтижесі де керемет болмақ. Ал енді аудармашы таланты жоқ немесе кәсіби қабілеті нашар адам болса, онда оның «география" тілді білуінен пайда жоқ.
Ал керісінше, аудармашы талантты, аудармашылығымен не ұлттық топырақты, не ұлттық тілді білмесе түп нұсқаның рухына кінәрат тимей қоймайды.
Мұндайда аудармашыға ауадай қажет үш қағиданы ескеру керек:
- Аудармашыға шығармашылық талант қажет.
- Екі тілді және халық тарихын, тұрмысын, мәдениетін білу қажет
- Аудармашы жазушының даралығын білу қажет.
Ұлы аудармашы болу үшін ұлы ақын, немесе ұлы жазушы болу шарт емес, немесе екі тілде еркін сөйлеп еркін аудару да емес. Аударып отырған шығарманың мазмұнын жүрегімен қабылдап, , туған тілдей жазылған тілін сезіне білу керек. Сонда ғана аударма оқырманға аударма емес түпнұсқадай түсінікті әрі жақын болады.
Қазақ әдебиетінің іргесін қалаушы, көркем сөздің көрнекті шебері ақын Абай қазақтың көркем әдебиетін жаңа жолға салуда, оның өркендетіп өсіруде үлкен үлесін қосқан кісі.
Сондықтан да ол өзіне дейінгі ақындарға, өзіне дейінгі әдебиетке көз салады.
Ол кезде қазақ елінде өлеңнің қадірі айтарлықтай емес еді.
Ірі тұқымнан, байлардан, билерден шыққан жастар өлеңге әуестенбейтін, өлеңшілдік күн көру үшін әр сөздің басын қосып айтатын жарапазаны деген ұғымда болатын. Абай төңкеріліс жасады. Ол өлеңді өте қадірледі, өлеңнің таза өлең болуы үшін күресті. Абай мәдениетті ақын, ол шығыc әдебиетін зерттеп, шығыс ақындарының шығармашылығын оқумен бірге Еуропа мәдениетіне де, Еуропа әдебиетіне де сусындаған дана.
Орыстың бай әдебиетін, ірі ақын жазушыларын қазақ халқына таныстырды.
Ол орыстың белгілі жазушылары Толстой, Пушкин, Некрасов, Чернышевский, Лермонтов, Еуропа ақындары Байрон, Гете сынды жазушыларды оқыды.
Ол Пушкиннен, Лермонтовтан, Крыловтан бірнеше аудармалар жасап оларды қазақ әдебиетінің қорына қосты. Әсіресе Абайдың сүйіп аударған ақыны Пушкин болды, оның өлеңмен жазған «Евгений Онегин»романынан, лирикалы өлеңдерінен аударма жасады. Оларды түсінікті етіп қазақ халқына жеткізіп берді.
Қазақ халқы ең бірінші Пушкинді Абай арқылы таныды.
Махаббат жырларының ішіндегі Абайдың ұлылығын асқан талантын танытқан Пушкиннен аударған «Евгений Онегиннің» үзінділері.Мұнда Абай жәй аудармашы емес. Алдымен, өлеңмен жазылған ұзақ романның өз ақындық кредосына керек жерін ғана таңдап алды.
Пушкин Абайдың үлгілі ұстазы десе де болады.
Бірақ, үзінділерді аударған уақытта тек Пушкиннің ықпалында, мәнер-машығында, өлең шеңберінде қалып, буынын санап отырмайды. Крыловты немесе Лермонтовты аударғандағы дәлділік мұнда қолданылмайды. Әдейі қолданбайды. Өзінше жырлап Пушкиннің арнасынан шығып кетіп отырады. Тақырыпты Пушкинмен жарыса толғайды. Соның нәтижесінде Абай бұл аудармасын өз өлеңдерінің нұсқасындай, өз оқырманының түсінігіне лайықтап шығарады.
«Татьянаның Онегинге жазған хатындағы»оның жан сыры, іш толқынысы түпнұсқадағы биік дәрежесінен ешбір, кемімей қазақ оқырманына тұңғиық терең сыр ағылып түгел жеткен:
Шыныңды айт, кімсің тербеткен,
Иембісің сақтаушы
Әлде азғырып әуре еткен,
Жауымсың теуіп таптаушы,
Шеш көңілдің жұмбағын
Әлде бәрі - алданыс.
Жас жүрек жайып саусағын
Талпынған шығар айға алыс.
Осындай аудару үстінде ақынның өзі де самғап, поэзия шыңына шығып, асқақтап, серпіле көтеріліп алған болар.
Абайдың лирикасы –кең көлемді мол қазына, тереңі таусылмас сырлы мұра.
Абайдың ең басты ерекшелігі - ол ақын. Ахмет Байтұрсынов айтқандай қазақта Абайға дейін мұндай ақын болған жоқ. Қазақта Абайдан кейін де мұндай ақын болған жоқ, болмайды да. Себебі Абай қайталанбас біртуар құбылыс - феномен.
Ал Пушкиннің прозамен жазылған «Дубровский» атты шығармасын сонау он тоғызыншы ғасырда ақ қазақ тіліне өлең етіп аударған Шәкәрімнің өз өлеңдерін неге әлемге аударып танытпасқа.
Осындай ұлы құндылықтарымызды әлем оқырманына танытып, оларды әлемнің ұлы ақын-жазушыларының қатарына енгізіп, оларды ұлы Байрон, Гете, Пушкин сынды ғаламдық деңгейге жеткізу қазіргі ұрпақтың еншісінде деп есептеймін.
Біріншіден, жаңа буын аудармашыларды, меніңше, мектеп қабырғасынан бастап тәрбиелеу қажет. Ол үшін мектептерде аудармашылық жұмысты үйірме ретінде немесе сабақ арасында емес - пән ретінде енгізу қажет Жоғары оқу орындарында емес мектептен сүзіліп - екшеліп шыққан аудармашы өз ісіне шын жанашырлықпен, жауапкершілікпен ізденіп қарайды деп ойлаймын.
Екіншіден, мектеп бағдарламасына бұрын болып, бірақ кейін алынып тасталған шетел әдебиеті пәнін қайта енгізу қажет. Қазіргі жасөспірімдер болса да әдебиетке қызығушылық танытпайды, ал мектеп оқушысына шет ел әдебиетіне шолу жасап көзқарас қалыптастырсақ біз одан ұтылмай, керісінше көп жағдайда ұтамыз (Сервантестің «Дон Кихоты», Антуанде Сент-Экзюперидің «Кішкентай ханзадасы», Киплингтің Мауглиі, Дж. Лондон, Сетон-Томсон т. б. жас жеткіншектің жүрегінде өмірге деген көзқарасты қалыптастыруға әсері ерекше деп ойлаймын).
Сол шетел әдебиетін аудармада емес түпнұсқада оқығысы келетін жасөспірімнің жүрегінде түп нұсқаны шетел тілінде оқып алып өз тілімізге сапалы етіп аударғысы келетін жаңа буын аудармашылар тәрбиеленуі мүмкіндігі бар емес пе?
Үшіншіден, мектеп бағдарламасына «Абайтану » пәнін енгізуді ұсынамын. Осы пәнді игері барысында Абайды жанжақты талдап, оның аудармаларын да жасап, оның Шәкәрім сынды ізбасарларының да шығармашылығына үңіліп барлық мәселенің түйінін шешуге болады деп есептеймін.
Бәрімізге мәлім интернетте шу болған Ресейдегі сайлау алды оппозицияның Мәскеудегі Чистопрудныйдағы Абай ескерткішінің маңайына « Абай-Ахулай»деп ұран тастап жиын ұйымдастырып.
Атақты ақынның ескерткішін саяси сөз жеткізу алаңына айналдырғанын білеміз. Абай есімі Ресейде осы шараға дейін 2006 жылғы екі ел президенттерінің кездесіп осы ескерткішті ашу салтанатынан да көбірек шығып кетті деуге болады. Ресейліктер осы шудан соң қазақтың атақты ақыны Абай туралы көп білгісі келіп интернет арқылы іздене бастады, қызығы сол, блогерлердің көпшілігі бұл ақынның өлеңдерін орыс тілінде аудармасын таба алмай жатқандарын айтып өкініштерін білдіріп жатты.
Мойындау керек Абай есімін әлемге таныту үшін ұлы ақынның шығармаларын орыс тіліне аудару керек, немесе «ұлы ақын өз шығармаларын өз деңгейінде аударылып, танылмайтынын сезіп өзі аударып кеткенде» жоғарыдағыдай ұят болмас па еді деп ойлаймын.
Он тоғызыншы ғасырда орыс ақыны Пушкинді осыншама жоғары деңгейде аударып қазақ халқына танытып осы күнге дейін өзінен асып түскен аударма жоқ болып отырған Абайдың өз поэзиясын, біз жиырма бірінші ғасырда өзіміз қаншама ұлы Абайымыз бар деп мақтанғанымызбен басқа тілдерге аударып, әлемге дұрыс таныта алмай отырмыз.