КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ


Еліміздің экономикалық әлеуетін көтеріп, демократияны дамытумен қатар Елбасы «Қазақстанның болашағы – қазақ тілі» екендігін әрдайым ескертіп, «Қазақстан – 2050» Стратегиясында әрбір қазақстандық үшін қағида ретінде: «Тілге деген көзқарас, елге деген көзқарас» деп баса айтқаны баршаға белгілі.

Тілдің, оның ішінде терминологияның елді демократияландырып, оның экономикасын көтеруге тікелей ықпалы бар екендігіне көпшілігіміз мән бермейміз. Жолдауда: «Қазақ тілі – біздің рухани негізіміз. Біздің міндетіміз – оны барлық салада белсенді пайдалана отырып дамыту» деп атап көрсетілген. Осы бұлжымас талап ойдағыдай орындалып жатыр ма?

Заңнамада «форма» термині – «нысан» деп қолданылса, күнделікті бұқаралық ақпарат құралдарында «объект» – «нысан» деп қолданылады. Ал «объект» бар жерде «субъект» қатар жүретінін ескерсек, оны «пысан» деп алсақ жарасып-ақ тұр дейтін де пікір бар. Кейбір сөздікте: «форма» – «нысан», «қалып», «форма»; «адвокат» – «адвокат», «қорғаушы» деп берілген. Мұндай сөздіктің авторлары әртүрлі сөзбен берілсе, ол термин емес екендігін ескермеген. Бірақ заңнамада, ғылыми-техникалық әдебиетте синонимдер қолданылмайтынын, мұндай авторлардың терминологиядан мүлде хабарсыз екендігін жалпы көпшілік біле бермейді. Тәжірибесіз аудармашылар, синонимдер көп пайдаланылған осындай сөздіктерді басшылыққа алады. Соның салдарынан мән-мағынасы түсініксіз, орысшасын оқымаса орындалуы мүмкін болмайтын ресми құжаттар дүниеге келеді. «Форма» терминін «нысан» деп аудару сәтті емес. Заңнамада «форма» атау тұлғасында келумен қатар орысша «формальность»; «формальная проверка»; «широкоформатная печать», тағы сол сияқты сөздерді қазақшалауға тура келіп отыр. Сонда бұл сөздерді «нысандылық», «нысанды тексеру», «кең нысанды баспа» десек кім бұны ұғынады?

Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында заңнама, ғылыми-техникалық әдебиет, ресми құжат тілі қазақтың бай тілімен мағынасы сақталып, жатық, жеңіл оқылатын етіп аударылуы керек, жалпы халыққа түсінікті болуға тиіс деген пікір басым болды. Осы қағидаға сүйеніп: «формальная проверка» – «жай тексеру», «ресми тексеру» деп алынса, үлкен қалаларымыздың көшелерінде «кең көлемді басылым» деген жарнамаларға көзіміз түсті. Бұл арада «жай тексеру» – «простая проверка»; «ресми тексеру» – «официальная проверка»; «кең көлемді басылым» – «широкообъемное издание» болып шығады.

Осыған орай біздің көптеген аудармашыларымыз орысшадан қазақшаға аударылған дүниені кері қарай орысшаға аударуға болмайды деген пікірді берік ұстанады. Бұл көркем әдебиет аудармасына қойылатын талап. Мысалы, Жамбылдың: «Ленинградтық өренім» деген өлеңі «Ленинградцы – дети мои» деп аударылғанын білмейтін қазақ жоқ. Осы өлең «Ленинградтық балаларым» деп қайта аударылса, нағыз сорақылық болар еді. Көркем аударма – еркін аударма, ал заңнама, ғылыми-техникалық әдебиет аудармасы – дәлме-дәл (адекват) аударма. Екеуінің арасында аспан мен жердей айырмашылық бар. Орыс, ағылшын, тағы басқа тілдердегі заңдарды қазақшаға аударып, оларды сол тілдерге кері аударған кезде дәлме-дәл сәйкес келмесе – ол заң емес. Өйткені мағынасына қарай еркін аударылған заң әркімнің әртүрлі түсінуіне, заңның орындалмауына әкеп соғады.

Соңғы кезде дәлме-дәл аударманың жөні осы екен деп, сөзбе-сөз, сірестіріп (калька жасап) аударушылар көбейіп барады. Мерзімді баспасөзде осындай жауапсыздықты сынаған, орнықты пікір аз айтылып жүрген жоқ. Әсіресе «Ана тілі» газетінің 2014 жылғы 10-16 сәуірдегі №14 (1220) санында тіл жанашыры, белгілі журналист Мырзан Кенжебайдың «Ашық айту – ардың ісі» айдарымен «Тілбұзар телеарналарға қашан тоқтау саламыз?» деген мақаласы шықты. Онда айтылған ащы шындықты оқыған тілбұзарлар ойланар, телеарна журналистері тілін түзер деп үміттенген едік. Бірақ осыған ешкім назар аудармаған сияқты. Тілдің түзелуі былай тұрсын, барған сайын сорақыланып, бұзылып барады: «Қылмыскерлер құқық қорғау органымен ұсталды», «… қалалық сотымен сотталды», «мемлекеттік құпияны құрайтын мәліметтер» (бұл мәліметтер мемлекеттік құпияны жинастырып, құрап отыра ма?), «өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда» деп кете береді. Қазақ тілінде «мен» жалғауының тасасында «бірге» деген сөз жасырын тұрмаушы ма еді? Тіл осылай бұзылмастан бұрын, жүздеген жылдар бойы «қылмыскерді құқық қорғау органы ұстады», «… қалалық соты соттады», «мемлекеттік құпия болып табылатын мәліметтер», «өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда» деген тіркестер қалыптасып болған еді. Ғасырлар бойы қалыптасқан тілімізді осылай бұза беретіндерді жөнге салатын құзыретті органдар неге немқұрайдылық танытып келеді?

Ана тілі

Заңнама институтының жетекші ғылыми қызметкері,

Әділет органдары жүйесінің құрметті қызметкері


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз