THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Жер бетінде
ежелден өмір сүріп келе жатқан халықтардың көбі осыдан жарты ғасыр бұрын
бір-бірінің дүниеде бар екені жайлы да бейхабар болатын. Бірақ дүниені
дүрліктірген ұлы оқиғалар бұйығып жатқан елдердің өміріне орасан өзгерістер
әкелді. Ғылымның, техниканың дамуына байланысты халықтар арасындағы кеңістіктер
жақындасып, қашықтықгар қысқарды. Енді адамдар өз үйінен алысқа ұзамай-ақ
бір-бірін біле бастады. Осының нәтижесінде ортақ мүдде, бірегей мақсат, бірегей
сөздер пайда болды. Бірақ адамдар тілінің әртүрлілігі бұрынғы қалпынша қала
берді де, халықтар достығының дәнекері ретінде аударма өнері жандана бастады.
Аударма
араласпайтын, аударма қатыспайтын мәдени өмірдің бірде-бір саласы жоқ.
Аударма деген
сөздің ауқымы (аумағы) кең. Бір тілден екінші тілге өлең, көркем проза, ғылыми
және ғылыми-көпшілікке арналған әрқилы еңбектер, дипломатиялық документтер,
ісқағаздары, саяси қайраткерлердің мақалалары мен шешендердің сөздері, газет
материалдары т.т. толып жатқан дүниелер аударылуы мүмкін. Мұның бәрінде де
аудармашыға қойылатын талап аударма теоретиктерінің айтуынша екі ыңғайда
көрінуге тиіс.
1) Аударманың
мақсаты – түпнұсқа мәтінін тіл білмейтіндерге таныстыру;
2) Ал
аудару дегеніміз – өзге тілдің құралдарымен баяндалған тексті екінші тілдің
құралдарымен барынша толық, әрі дәл жеткізу деген сөз.
Әр тілде
сөйлейтін халықтар мекен еткен әлемді және сол халықтардың мәдени мұрасын танып
білу тек аударма арқылы мүмкін. Әрине бұдан кез келген аударма түпнұсқаны
толығымен танытар дәрежеде деген қорытынды жасалмауы тиіс. Сонда да кез келген
аударма, оның ішінде, әсіресе, көркем аударма басқа тілдің амалдарымен жасалған
шығарманы екінші тілдің құралдарымен қайта жасау болып табылады. Бұл процесс әр
алуан халықтардың өзара қарым-қатынасы негізінде тарихи дәлелденген және
жасалған тәжірибелер мұның әбден мүмкін екенін көрсетіп отыр. Ал енді бұл
аудармалардың сапасы, салмағы т. б. түрлі қасиеттері деген мәселенің бәрін
көркем аударманың теориясы тексеруге тиіс. Аударма теориясы осындай
қажеттіліктен келіп туған[1].
Аударма — өмір
танытатын, білім тарататын, тәрбие беретін құрал ғана емес, ол сонымен бірге
халық пен халықты қауыштырады. Бейнелі сөзбен айтсақ, аудармашы — халық пен
халықты таныстырып, достастыратын дәнекер. Аудару принципі мен аударманың
дәлме-дәлдігі туралы ұғым заманалар озған сайын өзгеріп отырады. Мысалы, орта
ғасырларда әріпшілдік, сіреспе аударма басым болса, бертін келе, жаңғыру
дәуірінде, XVII-XVIII ғасырларда «еркін» аударма етек алды. Одан соң
әдебиет әлемінде балама аударма пайда болды. Шынайы шығармашылыққа еркіндік
керек. Дегенмен, тіл аяғынан тұсауын алған ат емес, құйғытып шаба жөнелмейді.
Тіл морфологиялық, орфографиялық, синтаксистік ережелерге бағынады. Аударма —
қиын мәселе. Аудармаға қойылатын талап пен талғам да зор [2].
Аударма
теориясын зерттеу қашан да өз маңызын жойған емес. Аударма шығармашылық іс,
рухани өнер. Ұлттар, халықтар, мемлекеттер арасындағы рухани-мәдени,
әлеуметтік-саяси, экономикалық-сауда қарым-қатынастарының ең қажетті құралы, дәнекері
болған аударма жұмысы бұрын да зор рөл атқарған және қазір де солай. Шын
мәнісінде осыншама рөлі мен маңызы бар және өмір тынысының барлық жақтарын
қамтитын іс-әрекеттің өзіндік теориялық негізі, ғылыми дәйек-тірегі болуға
тиіс. Яғни, аударма теориясының міндеті – шығарманың түпнұсқа мен аудармасының
арасындағы ара қатынастардың заңдылықтарындағы ізін табу, аударманың жеке
элементтерін барлап байқаудан туған тұжырым, қағидаларды ғылыми негізге сүйеніп
қорытындылау және аударма практикасына көмек көрсететін, практик аудармашыға
себін тигізетін межені белгілеп беру. Сонымен, аударма теориясының негізгі
зерттейтін объектісі – түпнұсқа мен аударманың арасындағы арақатынас және оны
пайымдау мен қорытындылауды керек ететін нақты жайларға көшкен формаларының
айырмашылығы [3].
Қазақ елінің
мәдени даму екершеліктеріне қарай аудармада түрлі әдіс орын алғаны белгілі.
Әдебиет тоериясы көркем аударманың негізгі үш түрі бар деп біледі. Олар: еркін
аударма, сөзбе-сөз және балама аударма.
Біріншісі –
еркін аударма, бұл тәсіл түпнұсқа тілін, әдеби ырғағын жетік білмеуден,
түпнұсқаның өзіне тән ерекшелігін сақтаудан гөрі, аудармашының өзіне тиімділік
жағын қарастырудан туады.
Аудармадағы
екінші әдіс – сөзбе-сөз аудару. Бұл тәсілді көбінесе түпнұсқаның тілін жақсы
білетін аудармашылар қолданады, түпнұсқадан пышақ жүзіндей ауытқымайтын
кемшіліктер осыдан туады. Сөйтіп, басқа халық өкілдері жаза басудан қаймығып,
жеке сөздерді, тіпті, нүктесін қисайтпай түсіруді күйттеп кетеді.
Аударманың
үшінші тәсілі – балама (адекват) аударма. Бұл – ең қиын түрі. Мұны екі тілді
жетік білумен қатар, сол түпнұсқаның жан-жүрегін, ішкі сырын сарқа түсінетіндер
қолданады. Оның үстіне аударманың бұл тәсіліне автордың стилін, жазу мәнерін,
тіл мүсінін қалтқысыз, жете ұғынатындар ғана барады.
Қазіргі таңда
елімізде барлық мемлекеттік және жеке кәсіби ұйымдар мен мекемелердің қазақ
тіліне толық көшу үрдісі орын алып отыр. Бұл үрдіс – мемлекеттік тіліміз, қазақ
тілінің, өзінің мәртебесіне лайық болуының бірден-бір кепілі болмақ. Өйткені
бұл елбасымыздың қойып отырған талабы. Сондықтан қазіргі кезде аудармашылыр,
әсіресе, орыс-қазақ тілінің аудармашылары зор сұранысқа ие. Тіпті аударматану
ғылымының кейбір терминдерінің атаулары әлі күнге дейін тұрақтала қойған жоқ.
Сондай терминдердің бірі баламалық термині. Аудармада эквивалентті, балама,
дәлме-дәл, сайма-сай, адекватты аударма сияқты терминдер семантикалық жағынан
синонимдес болып келеді. Дегенмен, қазіргі аударма саласында бұл терминдердің
ұғымдық мағыналары бір-бірінен бөлек, өзіндік анықтамасы бар жеке терминдер
ретінде қалыптасып келеді.
Қазақ
аударматану ғылымында жиі қолданылып жүрген балама, баламалы аударма,
баламалылық (эквивалент, эквивалентный перевод, эквивалентность) деген
терминдердің қазірге дейін ұғымдық анықтамасы нақтылана қойған жоқ. Кей
тұстарда сөз болғалы отырған аталымдар теңбе-теңдік (тождественность),
дәлме-дәл аударма (адекватный перевод) деген терминдермен теңбе-тең дәрежеде
ұғынылады. Сондай-ақ балама (эквивалент) дегендегі түпнұсқа тілдегі сөздің
басқа тіл сөздігінде көрсетілген варианттары немесе аудару үдерісі кезінде
түпнұсқадағы сөзге, тіркеске, фразаға, синтаксистік тұтастыққа тәржімашы
аударылатын тілден таңдап, іріктеп алған мағынасы жуық нұсқалар деп
түсіндіретін реттер де жоқ емес.
Баламалық
жөнінде орыс ғалымдарының ішінен алғаш пікір айтқан Я.Рецкер болды. Оның айтуы
бойынша «балама» дегеніміз мәтінінде тұрақты, тәуелсіз, теңбе-тең сәйкестік,
ал, зерттеуші-ғалым А.Алдашеваның түсіндіруі бойынша, екітілді сөздікте
берілетін нұсқалар. Дегенмен, А.Алдашева балама теориясы туралы Я.Рецкердің
айтқан тұжырымдамасынан оның баламалық ұғымдарын дәл басып, тани қоймағандығын
баса айтады. Ол: «балама аударма үдерісінің катализаторы, бұның әсіресе ауызша
аудару үдерісі кезінде рөлі жоғары, өйткені сөздіктерде көрсеткен балама
аудармашының санасына алдымен түседі де, контекстің мағынасын тез түсінуге
ықпал етеді деп есептейді. Бірақ ғалым екітілді сөздіктер де дәл баламаны бере
алмайтынын мойындай отырып, эквивалент дегендерге географиялық атауларды, жалқы
есімдерді, терминдерді жатқызу керек деп санайды; ал басқа сөздер, сөз
тіркестері баламалы сәйкестік деп танылуы тиіс; сондықтан толық балама, ішінара
балама, абсолютті балама, шамалас балама типтес түрлерді ажырату қажет деген
тұжырымдарға келеді. Дегенмен, біздің байқауымызша, зерттеуші қалай болғанда да
балама, баламалылық ұғымдарын дәл басып тани қоймаған» дейді. Мәселен,
Количество –
сан;
Качество – сапа;
Оценка – баға.
Тәрізді мысалдар
лексикографиялық еңбектерде қатар көрсетілетін балама болса,
Өзіңе сен,
өзіңді алып шығар,
Ақылың мен
қайратың екі жақтап (Абай), – деген өлең жолдарының аудармасындағы (Веру в себя
укрепляй, чтоб вдвоем, разум и труд выводили на свет; аударған М.Сұлтанбеков)
«выводили на свет» — бір жағынан, түпнұсқадағы тіркестің баламасы, екіншіден,
шамалас баламасы, үшіншіден, тіпті бұны еркін аударма үлгісі деп те бағалауға
болады. Әрине, Я.Рецкердің еңбегі баламалылық туралы алғаш рет сөз қозғалған
зерттеу болғандықтан, ондағы пікірлердің болжау-пайымдау бағытында екендігін де
ескерген жөн [3].
Балама аударма —
көріксіз көшірме емес, түпнұсқаның эмоциялық жеке эстетикалық ерекшеліктерін
екінші тілде түгел мүсіндеу. Мұның үлгілерін біз қазақ поэзиясында алдымен
Абайдан табамыз. Ұлы ақын аударған Пушкин, Лермонтов, Крыловтардың ғибратты
шығармаларының төл туындымыздай халқымыздың көкейіне қонып, зердесіне ұялауы;
аударма өнерінің құдірет-күшін танытуы. Абай өзі қазақша сөйлеткісі келген
шығарманың қан тамырын дәл басып, жүрек тынысын дәрігерше тыңдап, мүлтіксіз
сөзді М. Ю. Лермонтовтан аударған, Гетенің «Қараңғы түнде тау қалғып» деген
өлеңін алайық. «Горные вершины Спят во тьме ночной; Тихие долины Полны свежей
мглой; Не пылит дорога, Не дрожат листы... Подожди немного, Отдохнешь и ты».
Абайдың аудармашы ретіндегі сезімталдығына қайран қалмасқа болмайды. Орыс өлеңі
арқылы неміс елеңінің тіршілік-тынысын тап басуы қандай ғажап! Лермонтов:
«Қараңғы түнде тау шыңдары ұйықтайды» десе, Абай «Қараңғы түнде тау қалғып,
ұйқыға кетер балбырап» деп қазақшалайды. Сөйтіп, Гетенің өзіндегі «покоится»
дегеніне бір табан жақындай түседі. Абай әуелі тауды қалғытады да, содан кейін
барып, балбыратып ұйқыға батырады. Өлең оқыған адамды тыныштыққа бөлеп,
маужыратып қалғандай болады. Қараңғы түнде тау қалғып, ұйқыға кетер балбырап
Даланы жым-жырт делсал ғып, Түн басады салбырап. Шаң шығармас жолдағы, Сілкіне
алмас жапырақ. Тыншығарсың сендағы, Сабыр қылсаң азырақ. Ғажап, кем-кетіксіз
сомдап соғылған тұтас көркемдік! Өзге тіл табиғатын, тынысын тарылтпай, өзінің
рухы мен тіршілігін өшіріп алмай, мағынасын бәсеңдетпей, өз ана тілінің
табиғатына аялап әкелу — көркем аударма деп аталады. С.Сейфуллин сөзбе-сөз
аударманы әділ сынаған. «Айқапта» 1914 жылы басылған «Манап» драмасы жөнінде
«Қазақшаға аударғанда, сөзбе-сөз аударыпты. Соның үшін сөздерінің тәртібі нағыз
қазақша болып шықпаған» дейді. Біреу дәл аударады, көркемдігі жетпейді. Екінші
біреу түпнүсқадан аздап ауытқығандай көрінеді, алайда аударма оқырманға ұнайды,
себебі, шығарманың басты-басты қасиеттерін сақтайды. Ал үшінші біреулер тым
лағып кетеді. Аударма әдебиетінің атақты теоретигі Корней Чуковский сөзімен
айтсақ, С.Маршак секілді шеберлердің мықтылығы «әріпті әріппен емес, юморды
юмормен, көркемдікті көркемдікпен жаңғыртуында». Мысалы, Мұхтар Әуезов
В.Шекспирдің «Асауға тұсау» комедиясындағы Грумь оның бір диалогында «Во-первых,
знай, что моя лошадь устала, а господин и госпожа упали» деген сөздерді: «Ең
әуелі мәлім етейін, менің атым болдырып, мырза мен әйел жалп етісті» — деп
аударады. «Жалп етісті» деген етістік бүкіл көріністің қимылдың динамикасын
жанды суреттеп тұр. Нақыл сөздерді өзге тілдерден, алдымен орыс тілінен
қазақшаға аудару бізде XIX ғасырдың екінші жартысынан басталатын сияқты.
Мысалы, Ы.Алтынсарин өзінің Орынборда 1879 жылы басылған «Қазақ
хрестоматиясына» бірнеше прозалық мысалдар аударып кіргізген. Солардың ішінде
«Не нәрсенің де құр сыртына қарап қызықпа, жылуы ішінде болар», «Жинақтылық
сараңдыққа қосылмайды», «Тар жерде жолдасын тастап қашатын достармен жолдас
болма» деген сияқты орыс тілінен аударылған нақылдар кездеседі. Ы.Алтынсарин
аудармасы — алғашқы көркем аударманың бастау бұлағы. Аудармаға қойылатын басты
талап — автордың стилистикалық өзіндігін сақтау, яғни адамдардың келбет-бітімі,
жүріс-тұрысы бір-біріне қандай ұқсамаса, олардың сөз саптау машығы да
бір-біріне сондай ұқсамайды, ендеше сол ерекшелікті айыра білу керек. Аударма
мамандық емес — өнер. Өнерге өмірді арна ғанда ғана өнімді еңбек беруге болады.
Сондықтан «жүрдім-бардым» атүсті айналысу дегендер мақал-мәтелдерді, қанатты
сөздерді аудару ісін көгертпейді, аударма мәдениетін биікке көтермейді. Бұл
іске бірыңғай берілген, белсене, құлшына, жүрек әмірімен жүмылған аудармашылар
керек. Қандай сөзді болса да, кілтін тапса, қазақшаға аударуға болады. Аударма
теориясын зерттеуде кездесетін қиындықтар. Аударма теориясы, соның ішінде,
қазақ аудармасының теориясы да — жас, жаңа ғана туып, қалыптасу дәуірін бастан
кешіріп отырған кенже ғылым. Міне, осы себептен де қазақ аудармасының тарихы да
жазылмаған. Ал «заттың тарихы жоқ жерде — заттық теориясы жоқ, ал заттың
теориясы жоқ жерде онық тарихы туралы тіпті сөз болуы мүмкін емес». Өйткені
ондай жағдайда зат туралы, оның шекарасы мен мағынасы туралы мүлде ұғым
болмайтыны айдан анық. Аударма өнерінің дәл өзіне арналмағанмен, ұлт тілінің
тазалығын сақтау, қазақшаға аударылған еңбектерде оқырманға түсінікті етіп
жеткізу жайында" қазақ оқымыстыларының XVIII-XIX ғасырлар мен XX ғасырдың
бас кезінде айтқан пікірлері бар. Қазақ аудармасы ұлттық мәдениетіміздің,
әдебиетіміз бен публицистикамыздың құрамдас бір саласы ретінде дамып отырған
кезде оның теориясы, тарихы, жеке аударманың шеберлігі жайында келелі пікірлер
айтыла бастады, жеке авторлардың монографиялық зерттеулері, жинақтар, мақалалар
жарияланды. Аударманы зерттеу ісінде соңғы 30-40 жылдың ішінде елеулі. Бір
кезде В.Г.Белинский «Орыс тіліне аударылған шығарма орыс әдебиетінің туындысы»
деген болатын. Аударма қызметінің ең басты мақсаты, В.Г.Белинскийдің айтуынша,
халықтардың бір-бірімен танысып, өзара идеялар алмасуы, соған орай,
әдебиеттерінің гүлденіп өсуі, ақыл-ой өрісінің үлгілері бір халық әдебиетінің
екінші халық тіліне аударылуына негізделеді. Аударманың тарихын сөз еткенде
оның өзі әрбір ұлттың әдебиет пен мәдениеттің құрамдас бөлігі болғандықтан,
ізін де, дәстүрін де, даму дәрежесінің қандай сатыда болған да сол ұлттың
әдебиеті мен мәдениетінің тарихынан іздеген дұрыс. Демек, қазақ тіліне
аударылған әдеби туынды — қазақ әдебиетінің қазынасына қосылған дүниелік, ол
казак, әдебиетінің төл туындысымен туыстас, үзеңгілес бола алады. Аударма
әдебиет жеке бір жанр емес, ол — ана тіліміздегі әдебиетіміздің барлық жанрын
қамтитын бел баласы, солардың ажырамас бір бөлігі. Қаламгер — өз ортасының, өзі
өмір кешкен заманының перзенті. Ол өзімен бағыттас, әріптес қайраткерлердің
шығармашылық-тәжірибелері мен тағылымын бойына сіңіргенде, олармен өзектес,
үндес болғанда ғана қоғам алдындағы қарызын өтеген. Аударма әрқашан да адамдар,
қауымдар, тайпалар, халықтар, ұлттар арасындағы әлеуметтік-экономикалық,
рухани, ғылыми қарым-қатынастың алмасуы, айырбастаудың құралы, ел танудың
құралы, достықтың, тәжірибе-тағылым алысудың дәнекері болады [2].
Пайдаланылған
әдебиеттерге сілтеме:
1. Көркем
әдебиеттердегі фразеологизмдердің рөлі және оларды аудару мәселесі
/http://kaz.docdat.com/.
2. Әдеби аударма
ғылымының тарихы /http://bes-asyl.kz/.
3. Аударматанудағы баламалық мәселелер туралы / http://akikatkaz.kz/.