THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Аударма – бір
тілде бейнеленген мазмұнды екінші бір тілге әрі дәл әрі толық қайталай
бейнелейтін тілдік қимыл. Тіл ғалымдарының деректерін негізге ала отырып,
қазіргі таңда әлемде 2796 тіл бар екенін ескерсек, аударма қызметінің
қаншалықты маңызды екенін білеміз. Көркем аударма – әдеби шығарманың бір
тілден екінші тілге аударылған нұсқасы. Жер шарының түкпір-түпкіріндегі
тұрғындар әр елдің тарихын, мәдениетін, менталитетін көркем әдебиеті арқылы
таниды. Орыс әдебиетінің классикалық туындыларға бай екені мәлім. Бірақ, әлем
әдебиетіне А.П. Чехов, Ф.М. Достоевский және Л.Н. Толстой кірді. Ал, ұлы Пушкин
ше? Пушкинді ұлы орыс ақыны ретінде танимыз. Бірақ ұлы ақынды Ресей оқығандай
әлем оқи ма? Пушкинді аудару оның бар шығармашылығын бере алмаған
сияқты. Қазақ әдебиетінде аударма мәселесі Абай дәуірінен бері бар. Осы
кезеңде Пушкин, Лермонтов аудармалары маңызды рөл ойнағынын айтып өту қажет.
Әлем қазақ даласының ұлы перзенті Абайды М.Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясының
аударылуы арқылы білді. Десек те, Герольд Бельгер «Абай поэзиясының өз
деңгейіндегі аудармасы жоқ» деп көрсетті. Аудармашы өмір шындығын көргенде
оған түпнұсқа арқылы қарайды және автордың көзімен қарайды. Аудармашының алдына
қойылатын үш түрлі талап бар. Біріншіден, ол шығармада бейнеленіп отырған өмір
шындығын дәл беруі керек. Екіншіден, түпнұсқаның өзін айнытпай жеткізуі тиіс.
Үшіншіден, ана тілінің заңды жүйесіне ешқандай нұқсан келтірмеуі тиіс. Қазіргі
аударманың жайы қалай? Аударма саласындағы өзекті мәселелер қандай?
Ербол Бейілхан:
– Аударма мәселесі әдебиетте әуелден басты назардағы мәселе. Әрбір
ақын-жазушының шығармашылығын аударар кезде оның шығармашылығымен толықтай
танысып алу керек. Ақынның ішкі әлемін білмей жатып оған аударма жасау да қиындық
тудырады. Жақсы аударма жасау арқылы да тілді жақсы байытуға болады.
Динара
Мәлікова: – Айтылып жатқан пікірлермен толықтай келісемін. Әрбір адам үшін
қазақ әдебиетіндегі аударма мәселесі ең бірінші орында тұруы керек.
Аударма – бұл бізге керек тақырып, өзекті мәселе. Барлықтарыңызды аударма
мәселесіне көңіл аударуға шақырамын.
Ұларбек
Дәлейұлы: – Менің аударма іс-әрекетінен жеткілікті деңгейде тәжірибем бар.
Үнемі аударма жөнінде айта берсем, көп уақытымды босқа шығындап алуым мүмкін.
Егер істі қолға алып, жең түріп кірісер болсақ жақсы жұмыс жасауға болады.
Аударма жасауда автор жанын түсініп, оның әлемдік көзқарасын, шығармашылық
бағытын білу шарт. Аударма жасауда біз ақынның мінезін бере білуіміз қажет.
Мысалы, Мұқағали туралы айтқанда оның мінез-құлқына тоқталмай кетуге болмайды.
Мұндай жобаларды жүзеге асыруда ұдайы кездесулер ұйымдастырылуы қажет-ақ.
Авторлар жеке жұмыс істеуге болмайды. Сапалы аударма болуы үшін, бірлескен
әрекет қажет. Мәтінді алып, өз қаласына кетіп қалуға болмайды. Кейде, әрине бұл
жақсы тәсіл болуы да мүмкін. Менің ойымша, бұл ғажап жоба. Идея ғаламат!
Өмірде бәрін жоспарлап жасауға үйреніп алдық қой. Бірақ, уақыт таба бермейміз.
Ал, аталмыш жоба жұмысты белсендендіреді. Екінші қырынан алғанда өте қызықты
да. Мәселен, мен орыс тілді ақын, жазушылар еңбегін аударуға келісемін, маған
бұл өте қызықты. Көркем әдеби мәтіндерді аудару – ардың ісі. Осы жол қазақ
әдебиетінің әлемдік деңгейге көтерілуіне жағдай жасайды. Атақты ақындар мен
жазушылар әлемдік деңгейге осы аударманың арқасында жетті. Ал, өзге тілге
аударылмаған мықты шығармалар көлеңкеде қалып жатты. Уақыт өшірді».
Қанат Омар:
– Ағылшын жазушысының: «Аудармашы ешқашан қателеспейді. Ол тек таңдау
жасайды» деген қанатты сөзі бар. Осы данышпанның сөзімен келісер едім.
Аударманын аты – аударма. Керемет аударманы күтіп жүре берудің қажеті жоқ. Сол
кереметті өзіміз жасауымыз керек. Ең бастысы, аудармаға келуде қорықпау керек.
Бауыржан
Қарағызұлы: – Қазақ әдебиеті – ортақ іс. Қазақ еліндегі қазақ тілді
ақын, жазушылар мен орыс тілді ақын, жазушылардың арасында белгілі бір деңгейде
бөліну байқалады. Мұндай болмауы қажет. Біздің негізгі мақсатымыз орыс тілінде
және қазақ тілінде жазатын жастардың арасына алтын көпір болып, өзара
әріптестік қарым-қатынас орнату. «Әдебиет порталы» интернет-жобасы сіздермен
бірілесіп қазақ әдебиетіне қызмет етуге дайын. Порталда «Аударма» деген арнайы
жоба бар. Жобаның мақсаты –қазақ тілді, орыс тілді оқырмандардың назарын әлем
әдебиетіне аударту, таныстыру және өзге тілді оқырмандарға қазақ әдебиетін
дәріптеу. Мен «Әдебиет порталы» базасында қазіргі әдебиет өкілдерінің
қауымдастығын құруды ұсынамын. Қауымдастықтың тұжырымдамасын, негізгі бағытын,
жоспарын өздеріңізге таныстыратын боламыз. Біздің редакция қазақ әдебиетін жаңа
көзқарасты жаңа есімдермен толықтыратын аударма жобасын толығымен қолдайды.
Серікзат
Дүйсенғазин: – Әрбір ақын, әрбір жазушы көркем аудармамен айналысуы керек.
Бұл әрбір әдебиет өкілі үшін жаңа шығармашылық бастама болып табылады. Абай да,
Шәкәрім де, Мағжан мен Мұқағалилар аудармаға барған ақындар. Көркем аударманың
жеке шығармашылыққа тигізер әсері өте ерекше. Сондықтан аталмыш жобаны мен
қолдаймын.
Пётр
Бочкарёв: – «Аударма – көшірме емес, жеке әдеби туынды. Әрбір қаламгердің
өзінің жазу стилі, жеке көзқарасы бар. Көркем аударма ақын-жазушының толық
мінезі мен көзқарасын бермейді. Мен соңғы уақытта әңгіме жазумен проза жанрымен
айналысып жүрмін. Алдағы уақытта қазақ прозаиктерінің қызықты, қысқа
әңгімелерін аударып, назарларыңызға ұсыну ойымда бар.
Әнуар
Омар: – Әріптестерім айтқан әр пікірмен қосыламын. Бұрын аударма саласында
еңбек еткен аудармашыларға, жазушыларға мемлекет тарапынан ерекше қолдау
көрсетілетін. Үй берілетін, арнайы мемлекеттік қолдау жасалатын. Ал, қазір бәрі
басқаша. Көркем әдебиеттегі еркін аударма мәтіннің барлығы бірдей сәтті шыға
бермейді. Ал, кейде сол еркін ойлау мен еркін аударма нәтижесінде автордың
нақты көңіл-күйі беріліп жатады.
Аударма – әдебиеттің кең арналы, мол саласының бірі. Аударма арқылы бір халықтың таңдаулы әдеби шығармаларынан басқа халықтың өкілдері сусындай алады. Көркем аударманың қасиетін арттырып, түп- нұсқаның мағыналық байлығын, ой-толғамдары мен сезім иірімдерін, көркемдік өзгешеліктерін жаңғыртып, жарқырататын, қайта туғызатын суреткерлік шеберлік. Осы тұрғыда көркем аударма жайлы әрбір автордың тың ойлары талқыланды.