КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

Қазіргі жаһандану кезеңінде рухани жаңғыру идеясының жолға қойылуы – заман талабынан туындап отырған қажеттілік. Себебі жаһандану үдерісінде әр халықтың дербестік сапасын сақтап қалатын иммунитет – ұлттық код. Ал ұлттық код астарында ұлттық рух жатыр. Рухани жаңғыру идеясы ұлттық рухта сілкініс жасау арқылы ұлттық кодты бекемдеуге бағытталған.

Бұл аталған мәселе ғылымның түрлі саласында түрліше көрініс беруі мүмкін, соған орай рухани жаңғыру бағытындағы амал-әрекет те әр саланың ерекшелігіне қарай жүргізілсе керек. Ал қазіргі қазақ тілінде рухани жаңғыру идеясы әліпбиге жасалып жатқан реформадан аңғарылады. Басқаша айтқанда, латын графикасы арқылы қазақы жазу машығымызға оралу – ұлт ретінде дербестігімізді танытатын бірден-бір белгі.

Қазақы жазу машығының қажеттілігі бүгінде тіл білімінің барлық саласынан байқалып отыр. Әсіресе сөйлем құрау дағдымыздың орыс тілі синтаксисі жетегіне бейімделіп бара жатқаны – өзекті проблема. Аталған үрдістің жаппай белең алуына, біріншіден, басқарушы орган қызметшілерінің көбіне орысша оқығаны себеп болса, екіншіден, елімізде аударма үдерісінің дұрыс жолға қойылмауы да айтарлықтай ықпал етіп отырғаны байқалады.

Көптік жалғау мәселесі

Қазақ тілінде көптік мағынаны білдірудің үш тәсілі бар, олар:

а) лексикалық тәсіл;

ә) синтаксистік тәсіл;

б) морфологиялық тәсіл.

Осылардың арасында лексикалық және синтаксистік тәсіл арқылы берілетін көптік мағына үстіне морфологиялық тәсілді қосақтау тіл ережесін ескермеу, стилистикалық норманы бұзу болып есептеледі. Бұл дегеніміз қазақ тіліндегі кей сөздің арнайы грамматикалық формасыз (жалғаусыз) да көптік мағынада жұмсалатынын білдіреді.

І. Көптік жалғауын заттық мағыналы сөз атаулының қабылдай беретіні белгілі. Алайда, қазақ тілінің ережесі бойынша, зат мағыналы сөздің кей жағдайда бұл жалғауды қабылдамайтын кезі де бар. Мұндайда сөзге көптік жалғауын қосу – тіл ережесін бұзу, стилистикалық норманы бұзу. Енді көптік жалғауы жалғанбайтын, бірақ көптік мағына сақталатын сөздерге тоқталайық, олар:

1) Жеке-даралап санауға келмейтін және абстрактілі зат пен құбылыс атауының көптік мағынасы сол сөздердің лексикалық мағынасынан-ақ аңғарылатындықтан, көптік жалғауын қабылдамайды. Бұл тәсіл көптік мағынаны білдірудің лексикалық тәсілі деп аталады: су, ұн, құм, топырақ, шаш, бидай, дін, мәдениет т.с.с. Алайда қазіргі тілімізде мұндай сөздерді көптік формада қолдана бастаған жайымыз бар:

Толқынданып қолаң шаштарың,

Қиылып тұр қара қастарың.

 

Мұндай сөздердің көптік тұлғада қолданылуына орыс тілінің ықпалы бар. Себебі мысалда көптік жалғауын қабылдаған есімдер орыс тілінде көптік тұлғада жұмсалады: шаш – волосы, қас – брови т.с.с. Егер қазақ тілінің осындай ішкі заңдылығы қазіргі ұрпақ санасына жетпесе, ертеңгі күні сағат сөзін сағаттар деп айтуды да нормаға айналдырып алуы оп-оңай. Кешегі күні ғана тосын естілетін мұғалима, азаматша, төрайым тәрізді сөздерді бүгінгі ұрпақ жатсынбай қабылдады. Ал қазақ тілінде тек категориясы жоқ екені баршамызға мәлім.

2) Есептік және болжалдық сан есіммен тіркескен зат есім көптік жалғауын қабылдамайды. Себебі ол заттың бірнешеу екені сан есімнің мағынасынан белгілі болып тұрады. Алайда қазіргі ресми және публицистикалық стильде бұл ереже көбіне елеусіз қалып отыр. Қараңыз:

– Қазір Қазақстанда осындай 20 мекемелер қызмет етеді (дұрысы: 20 мекеме);

– 2018 жылы Кәсіпкерлікті қолдау картасының аясында 300-ге жуық жаңа жұмыс орындарын құрумен сомасы 14,8 млрд теңге болатын 2 жобаны іске қосу жоспарлануда (дұрысы: 300-ге жуық жаңа жұмыс орнын);

– Қарағандының туыстас 5 қалалары бар (дұрысы: туыстас 5 қаласы).

Алғашқы сөйлемдегі 20 мекемелер – двадцать учреждений дегеннің аудармасы, 300-ге жуық орындар – ближе к трем стам мест дегеннің аудармасы, сондай-ақ 5 қалалар – пять городов дегеннің аудармасы. Демек, қазақ тілінде сан есіммен тіркескен зат есімдердің көптік тұлғада жұмсалуына да орыс тілінің ықпалы тиген.

3) Жалпылау мәнді яки көптік ұғымды білдіретін сөздермен тіркескен зат есімдер көптік жалғауын қабылдамайды. Мұндай сөздерді былайша жинақтауға болады: барлық, барша, күллі, бірнеше, бірталай, талай, біраз, қаншама, әлденеше, бірсыпыра, қыруар, мол, көп, топ, әр түрлі, түрлі, кейбір, кей т.с.с. Мұндағы зат санының бірнешеу екені осы сөздердің семантикасынан белгілі болады. Сан есім және жинақтаушы, топтаушы ұғымды білдіретін сөздермен тіркескен зат есімнің көптік мағынаны арнайы жалғаусыз беру мүмкіндігі көптік мағынаны білдірудің синтаксистік тәсілі деп аталады.

Бұл туралы теориялық әрі практикалық пікір А.Ысқақов пен С.Бизақовтың еңбегінде келтірілген. А.Ысқақовта: «Сан есімдер (реттік сан мен болжалдық сандардан басқалары), сондай-ақ көп, аз, әлденеше, бірнеше, бірталай, қыруар тәрізді сөздер зат есімдерден бұрын анықтауыш болып тұрып, ешқандай қосымша формасыз-ақ көптік ұғымды білдіре береді» [Ысқақов А. Қазіргі қазақ тілі. – Алматы: Ана тілі, 1991. – Б.40]. Ғалымның «болжалдық сандардан басқалары» дегені, біздіңше, болжалдық сандардың көптік жалғауымен жасалатын түріне ғана (жасы елулерде т.б.) қатысты айтылған болуы керек. Мұндай тұжырымға келуімізге себеп – болжалдық санның морфологиялық (-дай) және синтаксистік (жүз шақты/қаралы, жүзге таман, бес-алты) тәсілмен жасалатын түрлері бағыныңқы сыңарда жұмсалса, басыңқы сыңардағы зат есімге көптік жалғауын қосу тілдік нормаға қайшы. С.Бизақовта: «Қазақ тілінің орыс тілінен басты ерекшелігі – көпше мағынаның өте сирек қолданылуы. Мысалы, қазақша қолдарым тимеді, аяқтары ауырды, көздері көрмей қалды, өкпелері қабынды, үйлер салып жүр деп көптік жалғауымен айта қоймайды. Қол, аяқ, көз, өкпе, үй онсыз да көптік мағынаны білдіріп тұр. …көптік жалғауы орынсыз қосылған қате тіркестердің де етек алып бара жатқаны алаңдатады. Көптік жалғаулы сөздерді де тікелей аударамыз деп, артық-кемін түзетпей, сол қалпында қайталап тәржімелей салу сауаттылық емес, әуезді болып естілмейді» [Бизақов С. Қазақ тілі қандай тіл? – Алматы: «Арыс» баспасы, 2010. – Б.323-324].

Ал қазіргі қазақ қоғамы тіліміздің бұл заңдылығын біржола ескерусіз қалдырып отыр. Мұндай сөздермен тіркескен зат есімдердің көптік тұлғада жұмсалуы қазіргі қазақ мәтінінің әрқайсысында кездеседі. Және бұл жерде мәтін авторының шенеунік, журналист не филолог маманы екені маңызды емес. Осыған қарағанда, қазақ тілінде, тіпті, мұндай заңдылық жоқ, ешқашан болмағандай әсер қалдырады. Өйткені бұл талап ХХ ғасыр басындағы мәтіндерде де сақталмаған. Бірақ, логикалық қисынға салсақ, сан есіммен тіркескен зат есім көптелмейтін болса, онда жалпылау мәнді сөзбен тіркескен зат есім де көптелмеуі тиіс екені түсінікті болады. Қазіргі қазақ мәтіндерінен мысал келтірейік:

1) Қазіргі таңда Қазақстанның әр аймақтарынан 170 мыңнан астам мұғалімдер осы бағдарлама бойынша оқып жатыр (дұрысы: әр аймағынан; 170 мыңнан астам мұғалім);

2) Өкінішке қарай, еліміздің кейбір аймақтарында мемлекет құрушы ұлттың үлес салмағы 50 пайыз, тіпті, 40 пайыздан төмен болып отыр (дұрысы: кейбір аймағында);

3) Өмір оларды араға қаншама жылдар салып Эдинбург университетінде қайта қауыштырады (дұрысы: қаншама жыл);

4) Қай удың қалай тарайтыны, қалай улайтыны, қандай себеппен өлімге әкелетіні туралы мол деректер жинайды (дұрысы: мол дерек);

5) Нұрғисаның «Алатау», «Жан сәуле» сияқты көп әндері биікке ыршитын өршіл болатын (дұрысы: көп әні);

6) Жаз бойы мекен еткен көлі мен көгалын тастап, сұр бұлт жүзген суық аспанда неше түрлі құстар кетіп бара жатады (дұрысы: неше түрлі құс);

7) Бiз қоштасып шығып бара жатқанда, ұлы тарихшының ауыз үйiнде осы Ленинградта оқып жатқан бiр топ қазақ жастары кезек күтiп тұр екен (дұрысы: қазақтың бір топ жігіті немесе бір топ қыз-жігіті…).

Сонымен, орыс тіліндегі көптік форма қазақ тілі үшін көбіне қажетсіз. Себебі қазақ тілінде көптік ұғым, теориялық еңбектерде көрсетіліп жүргендей, лексикалық, синтаксистік, морфологиялық тәсіл арқылы да беріле береді.

Жоғарыда келтірілген мысалдардың тікелей аударма екенін мына мысалдан аңғаруға болады: әр аймақтарынан – из каждых регионов, кейбір аймақтар – некоторые регионы, араға қаншама жылдар салып – спустя долгие годы, мол деректер – много фактов, көп әндері – многие песни, неше түрлі құстар – разные птицы, бір топ жастар – группа молодых людей т.с.с.

Жинақтау, топтау мәнді сөздермен тіркескен зат есімнің көптік мағынасы синтаксистік тәсілмен беріледі дегенде ескере кетерлік бір жайт бар. Егер жинақтау, топтау мәнді сөз тіркестің басыңқы сыңары ретінде жұмсалса, онда бағыныңқы сыңардағы зат есімнің көптік мағынасы морфологиялық тәсілмен беріле береді. Қараңыз: адамдардың барлығы, кітаптардың көбі т.с.с.

Ескерту. Көптік жалғауының тілімізде тек көптік ұғымды (грамматикалық) ғана емес, сонымен қатар стилистикалық мәнде де қолданылатынын ескеру қажет. Мысалы:

а) Ортақ тәуелдеу. Бір заттың бірнеше адамға қатыстылығын білдіру үшін жалғанады: Шаштарың өсіп кетіпті. Апаларың үйде ме? т.с.с.;

ә) Жалқы есім немесе лауазым иесі атауының көптелуі. Мұндайда көптік жалғауын бір қатардағы орайлас сөздердің ең қажеттісі, белсендісі ғана қабылдайды: Төбесі аласа қораның ішінде Базаралы, Дәркембайлар сойылдарын да құлаштап тұрып сермей алмады (М.Әуезов). Кешегі Бұқарлар айтқан екен. Жаңа ғана директорлар келіп кетті т.с.с. Мұндағы көптік жалғау Дәркембай мен Бұқардың, сондай-ақ директордың бірнешеу екенін емес, олардың қатарында тағы да бірнеше адам бар екенін білдіру үшін жалғанған;

б) Сан есімнің көптелуі. Мұндайда көптік жалғауы «көптік мағынада емес, жалғанған сөздеріне тұспалдау және болжалдау мағына жамап, біршама жұрнақтық қасиетке ие болып кетеді. Мұндай жағдайда көптік жалғауы үнемі өзінен соң септік жалғауларының жалғануын немесе шамасы сөзінің тіркесе қолданылуын қажет етеді» [Ысқақов А. Көрсетілген еңбегі. – Б.205-206]. Мысалы: Жасы отыздарға кеп қалған. Екілер шамасында жиналдық т.с.с.

ІІ. Орыс тіліндегі вы жіктеу есімдігінің қазақша сіз деп те, сендер деп те аударылатыны белгілі. Себебі вы есімдігінің мағынасы сол орыс тілінің өзінде дәл осындай сіз және сендер мағынасында қолданылады. Мұнан шығатын түйін – орыс тілінде жіктеу есімдігінің сыпайы қатынасты білдіретін тұлғасы жоқ.

Бұл дегеніміз, біріншіден, қазақ тілі сөз байлығының орыс тіліне қарағанда анағұрлым мол екенін көрсетсе, екінші жағынан, біздің жазу мәдениетімізге нұқсан келтіруде. Себебі орыс тілінде сіз дегенді білдіретін вы тұлғасы бас әріппен таңбаланады да, сендер дегенді білдіретін вы тұлғасы кіші әріппен таңбаланады. Қараңыз: Местоимения Вы и Ваш пишутся с прописной (большой) буквы как форма вежливого обращения к одному лицу. При обращении к нескольким лицам следует писать вы и ваш со строчной буквы. Написание Вы, Ваш с прописной при обращении к нескольким лицам – ошибка.

Демек, вы тұлғасының бас әріппен немесе кіші әріппен таңбалануы орыс тілінде оның мағынасын, яғни сыпайы мәнді немесе көптік мәнді білдіретінін анықтау үшін қажет. Ал қазақ тілінде сыпайы қатынасты білдіретін сіз есімдігі бар, ендеше қазақ тілінде бұл есімдікті бас әріппен таңбалауға қажеттілік жоқ. Өкінішке орай, қазақ мәтіндерінде сыпайы қатынасты білдіретін сіз есімдігінің бас әріппен таңбаланған нұсқасы қазірде дағдыға айналып барады.

Түйін. Қазақ тілінде сіз есімдігі сөйлем басынан басқа орында кіші әріппен таңбаланады.

Тақырыпқа орай қосымша мәлімет. Сыпайы қатынасты яки құрмет, ұлықтау мәнінде жіктеу есімдігінің көптік тұлғасын қолдану араб тілінде де бар. Мәселен, Құранның «Қадір» сүресінде «Сөзсіз, біз Құранды Қадір түні түсірдік» деген аят бар. Осы жерде «Алла жалғыз емес пе, ендеше неге біз деген көптік мәнді есімдікті қолданады?» деген сұрақ туындайды. Мұның жауабын ҚМДБ-да тіркелген islam.kz сайтында дін қызметшілері былай берген: «Кейбір сүреде Ұлы Жаратушының өзін «біз» деуінің астарында араб тілінің ерекшелігі жатыр. Мысалы, орыс тілінде екінші жақтың жекеше түріне «ты» делінеді. Алайда кейде адамға деген құрметті, ізеттілікті, сыпайылықты білдіру үшін жалғыз адамның өзіне екінші жақтың көпше түріне қолданылатын «вы» сөзі қолданылады. Сол секілді араб тілінде де «біз» сөзі Алла Тағаланың ұлылығы мен жаббарлығын білдіру үшін қолданылады».

Мұнан шығатын түйін – сыпайыгершілік немесе ұлықтау мағынасын білдіру үшін жіктеу есімдігінің көпше тұлғасын қолдану әлем тілдерінің біразында кездеседі. Осы жерде «Ендеше қазақ тілінде құрмет белгісі ретінде жіктеу есімдігінің көптік тұлғасы қолданылмауының сыры неде?» деген және бір сұрақ туындайды. Мұның жауабын түркологиялық еңбектерден табамыз. Мәселен, сын есім тудыратын -лы, -лі, -ды, -ді, -ты, -ті тұлғаларында сындық мағынамен бірге белгілі бір деңгейде көптік мағына да бар. Қараңыз:

Сулы жер – суы мол жер;

Тасты жер – тасы көп жер;

Қарағанды – қарағаны қалың жер т.с.с.

Сол сияқты, Алматы сөзіндегі -ты тұлғасы да – көптік мағынаны білдіретін форма. Көне түркі тілінде -т, -з қосымшалары көптік мағынаны білдіретін болған. «Орхон-Енисей жазбаларының тілінде көптік жалғауларының екі түрі кездеседі: -лар, -т» [Томанов М. Қазақ тілінің тарихи грамматикасы. – Алматы: Мектеп, 1988. – Б.136]. Алматы сөзіндегі т дыбысы – ежелгі тұлғасын сақтап қалған қосымша. Қазіргіше айтқанда, Алмалы болады (алма көп өсетін жер). Бүгінде әрі көптік, әрі сындық мағына үстейтін бұл қосымша Бұланты (Бұланды), Мойынты (Мойынды), Бұлдырты (Бұлдырлы) жалқы есімдерінде кездеседі. Сондай-ақ -з қосымшасының көптік яки жұптық мағына бергені де тіл тарихынан мәлім. Қараңыз:

Ауыз қос еріннен тұрады (губы);

Көз қос жанардан тұрады (глаза);

Егіз қос сыңардан тұрады (близнецы).

Демек, бұл келтірілген сөздердегі -з тұлғасының жұптық мағынасы тілімізде күні бүгінге дейін сақталған. Сол сияқты, біз, сіз есімдіктері де алғашқыда жекеше түрде бі, сі түрінде қолданылып (түрік тілінде мен – бен), оған қосылатын -з екілік, яғни жұптық мағынаны білдіретін болған да, кейін келе жұптық мағына көптік мағынаны да білдіретін болып кеңейген [Ибатов А. Қазақ тіліндегі есімдіктер тарихынан. – Алматы: Қазақ ССР-ның «Ғылым» баспасы, 1966. – Б.24-25].

Қорытынды. Қазақ тіліндегі сіз жіктеу есімдігі де өзге тілдердегідей көптік мағына беретін сөз болған. Қазіргі уақытта бұл сөзді түбір мен қосымша жігіне ажырата талдаудың қажеті жоқ. Ендеше сыпайыгершілік, ұлықтау мақсатында жіктеу есімдігінің көптік тұлғада жұмсалуы – әлем тілдеріне тән ортақ заңдылық. «Сіз, сен есімдіктерінің өз заманындағы түркі тілдерінде қолданысы жайлы Қашқари былай дейді: «Сіз – үлкендерді құрметтеу мәнінде сен мағынасында айтылатын сөз. Асылында, мұның беретін мағынасы – сіздер. Кішілерге сен делінеді». Бұған қарағанда, Махмуд Қашқари дәуірінде сіз есімдігінің сыпайылық мәні мен көптік мәні қатар жүрген» [Томанов М. Көрсетілген еңбегі. – Б.139]. Бүгінде қазақ тіліндегі сіз есімдігінің сыпайылық мәні әбден орнығып болғандықтан, орыс тілінде бас әріппен таңбаланатын Вы сөзінің өтеуіне жүреді. Сондықтан сізді бас әріппен ерекшелей таңбалауға қажеттілік жоқ.

Септік тұлғаларын орнымен қолдану

Қазақ тіл білімі салаларының арасында әбден орнығып болған, теориялық жағынан тұрақты саналатыны – морфология. Тіліміздегі жалғау саны, сөз таптарының түрлену ерекшелігі, сөздердің тіркесімдік қабілеті және байланысу тәсілдері белгілі, мұның сыртында ешқандай ереже де, теория да жоқ. Ескерерлік жайт – сөздердің морфологиялық табиғаты синтаксиспен қабысып жатады. Десе де, бұл ерекшелік морфологиялық заңдылықтардың тұрақты болатынын жоққа шығара алмайды. Мұнан шығатын түйін – қосымшаларды әркім ойдан жасай алмайды немесе сөздерге өз қалауымен нормадан тыс жалғауына жол берілмейді. Мәселен, қазіргі тілімізде айтарлықтай белсенді қолданылып жүрген күлкінішті сөзін алайық. Мұны қолданатындар қорқынышты сөзімен логикалық байланысы бар деп түсінетін сыңайлы. Енді осы екі сөздің морфологиялық сипатын қарап көрейік.

Қорқынышты сөзі – қатыстық сын есім. Қорқыныш – зат есім, ал -ты – зат есімнен сын есім тудыратын жұрнақ. Осы үлгіге сүйенсек, күлкінішті сөзінің де сын есім екеніне күмән жоқ, алайда тілімізде күлкініш деген сөз және жоқ. Күлкініш сөзінің туынды түбірі – күлкі зат есімі, ал зат есімді сын есімге айналдыру үшін екінші рет заттандыру морфологиялық нормаға қайшы. Себебі зат есім тікелей адъективтене береді. Қараңыз: дауыл (не?) – дауылды (қандай?) т.с.с. Сонда күлкінішті сөзінің нормаға сай нұсқасы күлкілі болады.

Қазақ тілінде септік жалғауларының синонимдігі деген мәселе бар. Мысалы:

Атау және ілік септігі: ауыл(…) баласы – ауыл(дың) баласы;

Атау және барыс септігі: жазда Алматы(…) барып келдім – жазда Алматы(ға) барып келдім;

Атау және табыс септігі: кітап(…) оқып отыр – кітап(ты) оқып отыр;

Атау және жатыс септігі: осы кеш(…) біраз әңгіме айтылады – осы кеш(те) біраз әңгіме айтылады;

Атау және шығыс септігі: тау(…) асып барамын – тау(дан) асып барамын;

Барыс және табыс септігі: аманатын беруге ниет еттім – аманатын беруді ниет еттім;

Барыс және көмектес септігі: досына еріп барды – досымен еріп барды т.с.с.

Қазірде септік тұлғаларының синонимдігі мәселесі нормаға айналып болған. Өйткені септік жалғауларының нөлдік тұлғасы түркі әлеміне ортақ Ү-ҮІІ және ХҮ-ХҮІ ғасырлардағы жазба ескерткіштер тілінде де кездеседі. Дегенмен атау және табыс септігінің вариантты болуына қатысты кітап(…) оқып отыр – кітап(ты) оқып отыр қолданысының соңғысы нормаға қайшы. Өйткені мұндай жағдайда тура толықтауыштың қосымшалы я қосымшасыз болуы сол сөзге екпіннің түсу-түспеуіне байланысты. Ал қазақ тілінде екпін соңғы позицияға түседі. Егер кітапты/кітабын кітапханада оқып отыр десек, екпін кітапхана сөзіне түседі де, екпін қабылдамаған кітап сөзі қосымшалы болады. Ал кітапханада кітап(…) оқып отыр десек, екпін кітап сөзіне түседі де, табыс қосымшасы қабылданбайды. Салыстырыңыз: Дүкеннен кітап(…) сатып алды ~ Кітапты дүкеннен сатып алды т.б.

Қазіргі кезде тазалықты сақтаңыз деген бейнорма тіркесті әр жерден кездестіруге болады.

Екіншіден, барыс және табыс септіктерін бірінің орнына бірін жұмсау (аманатын беруге ниет еттім – аманатын беруді ниет еттім) да нормаға қайшы. Мұны баяндауыш қызметіндегі етістіктің салт немесе сабақты екені айқындап береді.

Қазақ тілінің заңдылығы бойынша, толықтауыштың тура не жанама болуы меңгеруші етістіктің салт немесе сабақты екенімен байланысты. Аманатын беруге ниет еттім дегендегі ет көмекші етістігі – сабақты етістік. Ендеше дұрысы аманатын беруді ниет еттім болады. Сол сияқты, айтуды ұмытып кетіппін – айтуға ұмытып кетіппін тәрізді қолданыстың соңғысы да нормаға қайшы. Себебі мұндағы ұмыт та – сабақты етістік.

Үшіншіден, ілік тұлғасын әр сөзге жалғау да нормаға сыйымсыз. Мысалы: Батыс Қазақстан облысының Кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысының және басшысының орынбасарының жеке және заңды тұлғаларды қабылдау кестесі. Көріп отырғанымыздай, ілік септігі бір сөйлемде бес рет қолданылып, сөйлеуге де, оны қабылдауға да қиындық келтіреді. Дұрысы Батыс Қазақстан облысы(…) Кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасы(…) басшысы(…) мен басшы(…) орынбасарының жеке және заңды тұлғаларды қабылдау кестесі болуы тиіс.

Салыстырыңыз: Көзінің қарашығының дірілі (қате) ~ Көз(…) қарашығының дірілі (дұрыс); Абайдың ақындығының айналасы (қате) ~ Абай(…) ақындығының айналасы (дұрыс) т.б.

Жіктеулі көсемшенің сұраулық демеулікпен тіркесі

Көсемшеде -ып, -іп, -п, -а, -е, -й тұлғаларының жіктелетіні белгілі. Осындағы -а, -е, -й қосымшаларының жіктелуі:

І жақта: барамын

ІІ жақта: барасың

                барасыз

ІІІ жақта: барады

І жақ жалғауының барам және барамын болып бірде толық, бірде ықшам түрінде жұмсалуы қазірде нормаға айналған. ІІ жақ жалғауы тек қана толық түрде жұмсалады. Ал ІІІ жақ жалғауы кей жағдайда, мәселен, сұраулық демеулікпен тіркескенде нөлдік тұлғаға ауысады. Салыстырыңыз:

І жақта: барамын ба? – барам ба?

 

ІІ жақта: барасың ба?

                барасыз ба?

ІІІ жақта: бара ма?

Алайда қазіргі мәтіндерде барады ма? тәрізді бейнорма қолданыс та аз емес. Мысалы: Жердегі адам санының күрт өсуі апатқа алып келеді ме? (дұрысы: келе ме?). Егер адамның кішкене қарашығы үлкен болса, онда ол адам жақсы көреді ме? (дұрысы: көре ме?). Сый алушы сыйдан бас тарта алады ма? (дұрысы: ала ма?). Қазақстандағы туризм болашақта мұнай саласына балама бола алады ма? (дұрысы: ала ма?). Ал туыстары ұсталған азамат жеңіл жаза алады ма (дұрысы: ала ма) деп қорқады т.с.с.

Есімше тұлғалы -дық қосымшасы

Бұл қосымша (-лық, -лік, -дық, -дік, -тық, -тік) зат есім тудыруда өнімді жұмсалады. Онда да көбінесе есімнен зат есім тудырады. Ал етістіктен зат есім тудыратын сипаты грамматикалық оқулықтарда айтыла бермейді. А.Ысқақовтың еңбегінен өткен шақ есімшеге (-ған) жалғанған -дық қосымшасының туынды сөз жасайтыны келтірілумен шектелген: оқығандық, білгендік, көрмегендік т.с.с. [Ысқақов А. Көрсетілген еңбегі. – Б.301].

Жалпы, бұл жұрнақты есімше қатарынан -с, -ған тұлғалары қабылдайды:

1) білместік, сенбестік т.б.;

2) білгендік, сенгендік т.б.

Ал -ар есімшесіне жалғанған -дық жұрнағы көбіне сын есім тудырады: Табарлық қабілеті бар, күлерлік ештеңесі жоқ т.с.с.

Қазіргі қазақ мәтіндерінде -атын, -йтын есімшесіне -дық жұрнағын жалғау арқылы зат есім жасау әдетке айналған. Шындығында, мұнан сөз мағынасына нұқсан келмейді, алайда ондай сөзді айтуға да, жазуға да белгілі бір шамада қиындық келтіреді. Мысалы, Мұны білетін(…)ін жеткізді деп жазуға болатын сөйлемді Мұны білетіндігін жеткізді деп күрделендірудің қажеті жоқ және стилистикалық нормаға жатпайды.

Сондай-ақ -ған есімшесінен нақты бір зат есім жасау қажет болмаса, -дық тұлғасын орынсыз жалғай беру де дұрыс емес. Мысалы, оқыған дегеннен оқығандық немесе көрген дегеннен көргендік деген нақты зат есім жасау стилистикалық, яғни ойды дұрыс жеткізу үшін қажет болса ғана -дық тұлғасын жалғаймыз. Алайда қазіргі жазарман -ған тұлғасын тәуелдеу үшін де -дық жұрнағын қоса береді. Ал есімшені тәуелдеу үшін арнайы субстантивтендіру қазақ тілі нормасында жоқ. Себебі есімше – етістіктің есімдерше түрлене беретін категориясы. Мысалы, Мұны студенттердің ойлап тапқандығы таңдандырады емес, Мұны студенттердің ойлап тапқан(…)ы таңдандырады болады. Және бірер мысал: Алайда Шерлоктың өмірде болмаған кейіпкер екендігі (дұрысы: екені) көкейіме қонбай-ақ қойды. Бас банкир Данияр Ақышев бағдарламаны әзірлеген кезде ең алдымен өткен бағдарламалардың тәжірибесіне көңіл аудару қажет екендігін (дұрысы: екенін) атап өтті.

Мұндай мысалды көптеп келтіруге болады: …деректер жинастырғандығын, анасының Махамбеттің кейбір өлеңдерінің мәтінін басқаша айтатындығын, соны жазып алмағандығына өкініш білдіріп отырушы еді.

 Реттік сан есім қосымшасы

Сан есім мағыналық түрлерінің арасында есептік сан есімнен басқасының арнаулы қосымшалары бар. Мәселен, -ыншы, -інші, -ншы, -нші қосымшалары реттік сан есім жасайды. Алайда қазіргі қазақ мәтіндерінде -шы қосымшасын сан есімге телушілер қарасы қалың. Мысалы: 2018-ші жылдың 27-ші сәуірінде конференция өтеді. 9-шы сынып оқушысы жүлде алды т.с.с.

Ал сан есімде -шы, -ші қосымшасының мүлде жоқ екенін ескерсек, мұның ешқандай нормаға сыймайтыны түсінікті.

Ескерту:

а) Сан есімнің -ыншы қосымшасының өтеуіне сызықша (-) белгісі жүретін болғандықтан, 9-ыншы сынып деп емес, 9–сынып болып жазылады;

ә) Әдетте реттік сан есім араб цифрымен жазылғанда, сызықша міндетті түрде қойылады: 5 қабат емес, 5-қабат болады;

б) Дегенмен араб цифрымен жазылған ғасыр, жыл, ай күндерінен кейін реттік мән үстейтін қосымша да, оның орнын ауыстыратын сызықша да қойылмайды: 2018-жылдың 27-сәуірі емес, 2018 жылдың 27 сәуірі болады;

в) Рим цифрымен таңбаланған реттік сан есімнен кейін қосымша да, сызықша да қойылмайды: ХХІ-ғасыр (ХХІ-інші ғасыр) емес, ХХІ ғасыр болады т.б.

Жалпы, қосымшалардың тіл заңдылығына сай болуы жайлы пікір өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарынан бері өзекті болып келеді: «Техника» қазақша «технике» болса, «техникті» қазақша «техникеші» деу керек қой, бірақ біздің жазушыларымыз «техникешіні» де орысшалап, «техник» деп жазады. …Біздің жазушыларымыз «техникешіні» «техник» десе, қазақ тілінің «шы» жұрнағын жоғалтып, «жылқышыны» «жылқ» деп айтқызатын болып тәрбиелейді ғой» [Дулатов М. «Еңбекші қазақ», 4.07.1926 ж., №141].

Қазіргі уақытта жылқышы сөзін жылқ деп жазбағанымызбен, техникеші сөзін техник деп жазудың нормаға айналғаны – шындық. Ендеше қосымшалардың нормаға сай жазылуын ескеру – әр жазарман үшін міндет.

Жалғаулықтар мәселесі

Өндіруші мен тұтынушы арасындағы байланысты шартты түрде донор мен реципиент арасындағы байланысқа ұқсатуға болады. Реципиенттің болуы донордың өміршеңдігіне кепілдік болса, онда донордың алғышарты – реципиент.

Мемлекеттік статус берілген ұлттық тіліміздің қазіргі жағдайда реципиент тіл екені даусыз. «Тіл атаулы донор және қабылдаушы тілдерге бөлінеді. Донор тілдердің бәрі дерлік – экспансиялық тілдер, яғни халықаралық мәртебесі зор тілдер. Ондай тілдердің қатарына Қазақстанда барлық қоғамдық сферада қызмет етіп отырған және қызмет аясы кеңи бастаған ағылшын және орыс тілдері де жатады. …Ал олармен қатар өмір сүріп келе жатқан, мемлекеттік тіл мәртебесін алған қазақ тілі – негізінен, қабылдаушы яки реципиент тіл» [Момынова Б. «Қазақ тіліндегі гибрид сөздер және тіл тазалығы проблемасы» мақаласы. – Астана: ЕҰУ, 2018]. Қалыптасқан түсінік бойынша, донор-тіл мен реципиент-тіл арасындағы байланыс тілдің лексикалық қабатынан ғана көрінеді. Мұндай стереотиптің қалыптасуына алғышарт – терминология мәселесі. Алайда тілдер арасындағы «ауыс-түйіс» лексикалық қабатпен ғана шектелмей, кейде грамматикадан да көрініс беріп жатады. Мәселен, қазіргі қазақ қоғамында төл қосымшадай қолданыла бастаған -ский жұрнағы ара-тұра мәтін тілінде де ұшырасатын болып жүр. Қараңыз: «Мынауский» жігіт» (baq.kz).

Біздіңше, мұны тілдер тоғысындағы адстрат құбылысы дегеннен суперстрат құбылысына жатқызған орындырақ. Оның үстіне, қазақ тілінің, жоғарыда келтірілгендей, реципиенттік үлесі басым. Отандық БАҚ материалының көбіне орыс тілінен аударылып басылатынына қарсы уәж келтірудің қиын екені рас. Ал ақпарат ағыны жылдамдықты талап етеді. Сондықтан аудару үдерісі барысында көп жағдайда қазақ тілінің ішкі мүмкіндіктері ескерілмей, оқырманға «күшпен» қабылдандырылуы салдарынан әрі грамматикалық, әрі стилистикалық бейнорма қалыптасады. Осындай бейнорманың бірі жалғаулықтардың коммуникативтік функциясына қатысты.

І. Қазақ тілі – шылауға бай тіл. Профессор С.Бизақов қазақ және орыс тілдеріндегі жалғаулықтар жөнінде мынадай мәлімет ұсынады:

И – және, мен (бен, пен), да (де, та, те), әрі;

Однако – бірақ, алайда, дегенмен, әйткенмен, әйтсе де, әйтпесе, сонда да, сөйткенмен, ләкін/ләкин;

Или – не, немесе, әлде, біресе, болмаса, я, яки, кейде;

Потому что – себебі, өйткені, неге десек, сөйткендіктен;

До – дейін, шейін, қарай, таман, салым, тарта, жуық, таяу;

О – туралы, турасында, жайлы, жайында, жөнінде, хақында, тарапты;

Похоже – сияқты, секілді, тәрізді, сипатты, зәліпті, тәріздес, сықылды, тақылетті, тақылеттес, рәуішті, рәуіштес, есепті, іспетті, іспеттес, сынды, мәнзелдес;

Около – шамалы, шақты, тарта, қаралы, жуық [Бизақов С. Көрсетілген еңбегі. – Б.83-84]. Мұнан, біріншіден, реципиент тіл болғанына қарамастан қазақ тілі лексикалық қорының қаншалықты бай екені аңғарылса, екіншіден, аударма жасау барысында көмекші сөздер баламасын таңдауда аса мұқият болу қажет екені шығады.

Сол сияқты, орыс тілінде қазақ тіліндегі көптеген сұраулық шылаудың да баламасы жоқ. Тіліміздегі сұраулық шылаудың мағынасы орыс тілінде көбіне интонациямен беріледі, салыстырыңыз: Кешке келесің бе? ~ Вечером придешь (…)? Қазақ тілінде сұрау интонациясымен қатар сұраулық шылау жұмсалса, орыс тілінде сұрау интонациясы ғана бар.

Әрі қарай тағы да С.Бизақов еңбегінен: «…төмендегі мысалдарға назар салайық: «билет және жүктерді тіркеу», «сәнді және арзан», «пайдалы және сенімді» деген тіркестерді оқығанымыз бар. Орыс тіліндегі «и» жалғаулық шылауын «және» деп қана аудару сөздің мағыналық дәлдігіне нұқсан келтірудің бір айғағындай. Дұрысы «билет пен жүкті тіркеу», «сәнді де арзан», «пайдалы әрі сенімді» екені дау тудырмайды» [Бизақов С. Көрсетілген еңбегі. – Б.322].

 Ғалым келтіріп отырған мысалдардың орыс тілінен аударылғанына күмән жоқ және қазақ тілінің ішкі заңдылықтарын, жалғаулықтардың мүмкіндігін ескермей аударылғаны аңғарылады:

Билет және жүктерді тіркеу – регистрация билетов и багажа (дұрысы: билет пен жүкті тіркеу);

Сәнді және арзан – модно и дешево (дұрысы: сәнді де арзан);

Пайдалы және сенімді – полезно и надежно (дұрысы: пайдалы әрі сенімді).

ІІ. Келесі мәселе және, мен жалғаулықтарының грамматикалық қызметі жөнінде. Себебі бұл екеуінің синтаксистік қызметі екі басқа. Бір қарағанда, екеуі де ыңғайластық қатынастағы жалғаулық болғанымен, атқаратын функциясында айырма бар.

Біріншіден, мен жалғаулығы тек сөз бен сөзді ғана байланыстыратын болса, және жалғаулығы әрі сөз бен сөзді, әрі сөйлем мен сөйлемді де байланыстыра береді. Екіншіден, және, мен жалғаулықтарының сөз бен сөзді байланыстырудағы мүмкіндігі де бірдей емес. Мәселен, мен жалғаулығы өзара сабақтас, жуықтас, үйлес келетін сөздер (бірыңғай мүше) арасын байланыстырады және ондай сөздер көбіне зат есім не заттанған сөздер болады: әке мен бала, тау мен тас т.б. Ал және жалғаулығы, М.Балақаевша айтқанда, «бірыңғай мүшелерді бірінен-бірін бөлектеп, олардың мағыналарын ерекше логикалық екпінмен айту үшін қолданылады» [Балақаев М. Қазіргі қазақ тілі: Сөз тіркесі мен жай сөйлем синтаксисі. – Астана: ЕҰУ, 2006. – Б.199]. Қараңыз: «Сөз және шеберлік», «Сөз және сезім», «Уақыт және әдебиет» т.б. Бұл атауларда сөз бен шеберлік мәселесі, сөз бен сезім мәселесі, уақыт пен әдебиет, ондағы өзгерістер жайлы мақсатты түрде логикалық екпін түсіріле сипатталған.

Қазақ мәтіндерінен мысал:

1) Қайта айналып келмейтін барақат өмірден енді барқадар таппасын сезінген елге жаңа өкіметтің тақияға тас тастағандай етіп айтқан өктем өкімі мен (дұрысы: және) қорадағы малына, қосақтағы жанына ауыз сала бастауы тікендей қадалып, топ құрап, топар сайлауға еріксіз мәжбүрледі. Сөйлемдегі мен жалғаулығының синтаксистік қызметі бойынша, өкімет жұрттың малымен қоса өзі айтқан өктем өкімге де ауыз салып отырған болып шығады;

2) Ұшқыштар аспандағы жаудың шартты нысанын жою мен (дұрысы: және) жау ұшақтарынан қаша ұрыс салу әдістерін көрсетті. Бұл сөйлемде де мен жалғаулығының синтаксистік қызметі ескерілмегендіктен, ұшқыштар жау ұшақтарынан қаша ұрыс салу әдістерін ғана емес, сонымен қатар жау нысанын жоюдан да қаша жүріп ұрыс салу әдісін көрсеткен болып шыққан;

3) Олар ащы ішектен операцияға қажетті жіп пен (дұрысы: және) езілген еттен жасалған шұжықшаның сыртқы қабығын жасайды екен. Бұл сөйлемдегі ақпаратта шұжықшаның езілген еттен ғана емес, операцияға қажетті жіптен де жасалатыны айтылып, семантикалық екіұштылық орын алған;

 4) Қызметтік көліктерге арналған гараж бен (дұрысы: және) қазандық салынған. Бұл сөйлемде де бірыңғай бастауыштарды байланыстыратын шылаудың синтаксистік әлеуеті есепке алынбай, салдарынан қазандық та қызметтік көліктерге арналған болып шыққан т.с.с.

Байқап отырғанымыздай, келтірілген сөйлемдердегі стилистикалық норманың бұзылуы жалғаулықтардың грамматикалық қызметін айыра танымаудан орын алып отыр.

ІІІ. Келесі мәселе – шылау сөздерді қабаттастыра қолдану. Мысалы: бірақ та, сондықтан да, және де т.б. Анығында, да шылауын қарсылықты, себеп, ыңғайластық мәнді шылаумен қабаттастыра қолдануға грамматикалық жағынан да, стилистикалық жағынан да зәрулік жоқ. Бұл – ауызекі сөйлеу тілінің сол күйі таңбалануы ғана. Сондықтан мұны да стилистикалық нормаға қайшы қолданыс деп есептеу қажет. Мысалы:

1) Мәселен, Шемонаиха ауданында 20 пайыз қазақтар болса, қалған 80 пайызы – өзге ұлт өкілдері. Сондықтан да біз объективті болуымыз керек.

2) Сондықтан да жаңа бағдарламаны жүзеге асыруда қолда бар қаржы инфрақұрылымының мүмкіндіктерін кеңірек пайдалануды ұсынды;

3) Бірақ та жүрек жағдайын, электрокардиограмманың өзгеру динамикасын уақытылы бақылау өте маңызды;

4) Баспасөз конференциясында «Цеснабанк» АҚ Директорлар Кеңесінің Төрағасы Жақсыбек Дәурен Әділбекұлы және Геннадий Головкин өткен жылдың қорытындысы жайында сөз қозғады және де болашақта атқарылар бірлескен жоспарларымен бөлісті;

5) Шәкәрім университетінің оқытушылары, қызметкерлері және де студенттерінің назарына т.с.с.

Сөзді мағынасына сай жұмсау

Сөзді орнымен жұмсамау сол сөздің мағынасын жете түсінбеуден орын алады. Мысалы, қазақ мәтінінен кездескен Астындағы аты екі иінінен тыныстайды деген сөйлемді алайық. Иін сөзінің мағынасы иінағаш сөзімен байланысты. Қазақта екі иініне екі адам мінгендей – екі иығына екі адам мінгендей, иін тіресіп тұру (отыру) деген қолданыстармен қатар екі иінінен тыныстайды деген де фразеологизм бар. Демек, иін – иық деген сөз. Сонда иінағаш – иық үстіне қоятын ағаш (су тасиды). Ендеше бұл сөз тек адамға қатысты қолданылады. Жылқы екі иінінен тыныстамайды, бүйірі солықтайды.

Екінші жағынан, сөзді мағынасына сай қолданбау орыс тілі жетегімен кеткендіктен де орын алып жатады. Мәселен, нәтижесінде және салдарынан сөзін алайық. Бұл сөздер жөнінде филологтер БАҚ-та үнемі ескертумен келеді, алайда нәтиже әлі де ойдағыдай емес. Нәтижесінде, салдарынан деген сөздердің орыс тілінде көбіне в результате делінетіні белгілі. Сондай-ақ в результате чего – соның салдарынан, соның кесірінен (соның нәтижесінде емес).

Қазақ тілінде нәтижесінде деп жағымды жайт жайлы, салдарынан деп жағымсыз жайт жайлы баяндағанда қолданылады. Ал қазіргі қазақ мәтіндерінде бір ғана нәтижесінде сөзі, яғни орыс тілінен аударғандағы біріншілік баламасы ғана қолданылып жүр. Мысалы:

 

1) Жыл басынан бері облысымызда 107 өрт орын алды, нәтижесінде (дұрысы: салдарынан) 1 адам қайтыс болып, 5 адам жарақат алған;

2) 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыс кезінде және жазалау нәтижесінде (дұрысы: салдарынан) Қазақстан жеріндегі қазақтардың жарты миллионға жуығы кеміді;

3) Мұндай зиян алуан түрлі алдау әрекеттерін жасаудың нәтижесінде (дұрысы: салдарынан) келтірілуі мүмкін;

4) Соның нәтижесінде (дұрысы: соның салдарынан) осындай мүшкіл халге душар болған т.с.с.

Осы жөнінде профессор С.Бизақов: «Істің, қимыл-әрекеттің жағымсыз, ұнамсыз жағын ескермей, «өріс алды», «танытуда», «арқасында», «нәтижесінде» деп айту немесе іс-әрекеттің жағымды, ұнамды екенін ескермей, «белең алды», «етек алды», «төбе көрсетті», «салдарынан» түрінде орысша ойдың жетегінде кетіп, калька үлгісінде оралымсыз сөз саптаудың тіліміздің қалыбына келіңкіремей, қиыспай тұратыны белгілі», – дейді [Бизақов С. Көрсетілген еңбегі. – Б.328].

Бұл аталғандардың қатарына ақтық сын, ақтық сайыс, торқалы той, саламат пен салауат сөздерінің мағыналық ерекшелігін де жатқызуға болады (Уәли Н., inform.kz).

Сөздердің сөйлемдегі орын тәртібі

Бұл жөнінде М.Дулатовтың 1926 жылы «Еңбекші қазақ» газетіне басылған «Орысшаланған қазақ тілі» мақаласында мынадай пікір бар: «Біздің жазушыларымыз сөйлем ішіндегі сөздердің алдында айтылатынын артына, артындағысын алдына әкеліп, сөздерін орысша тізеді. «Таймінер жолдас» деудің орнына «жолдас Таймінер» деу де сол кемшілікке келеді» [Дулатов М. «Еңбекші қазақ», 4.07.1926 ж., №141].

Қазақ тілінің синтаксистік құрылысы орыс тілінің синтаксистік құрылысына мүлде ұқсамайды, тіпті, жуықтамайды да.

Тілімізде сөйлемдегі грамматикалық мүшелердің орналасу тәртібі қалыптасқан. Мәселен, бастауыш алдыңғы позицияда, баяндауыш соңғы позицияда орналасады (инверсияны ескермегенде). Сол сияқты, анықтайтын сөз анықталатын сөздің алдында орналасады. Ал орыс тілінде керісінше:

Республиканская конференция, посвященная вопросам языкознания – Тіл білімі мәселелеріне арналған республикалық конференция.

Аударуда анықтауышты анықталатын сөздің алдына шығарамыз. Мұнан аңғарылатыны – орыс тілі синтаксисінде анықтаушы сөз анықталатын сөзден кейін орналаса береді. Сондықтан сөйлем құрау немесе аудару барысында анықтаушы сөздің анықталатын сөзден бұрын орналасуына мән беру қажет. Егер бұл заңдылық ескерілмесе, сөзі қазақша, ал синтаксистік құрылысы орысша сөйлем шығады. Сөйтіп, тілдік норма бұзылады да, салдарынан семантикалық екіұштылық пайда болады. Мысалы: Отыз жастағы Теміртау қаласының тұрғыны – Тридцатилетний житель города Темиртау т.б.

Мұндай сөйлем қазақ мәтініндерінде тым көп:

 – Романды оқыған Эдинбург университетінің студенттері бірден Шерлок Холмс қалыптаған образдан Жозеф Беллдің бейнесін көреді (дұрысы: Эдинбург университетінің романды оқыған студенттері…);

– 1968 жылы Ресейден орыс тілінде шығатын «Пионер» журналы жазушы Л.Воронкованың «От-өмірдің ізі» («След огненной жизни») атты балаларға арналған романын жариялай бастады (дұрысы: Л.Воронкованың балаларға арналған «От-өмірдің ізі» атты романын…);

– Бұл аймақта үш балық консервілейтін зауыт бар (дұрысы: балық консервілейтін үш зауыт);

– Репрессия жылдары атылып кеткен қазақтың үш қызы (дұрысы: Қазақтың репрессия жылдары атылып кеткен үш қызы) т.с.с.

 Калька мәселесі

Заманауи қоғамда аударма үдерісінің қызметі ерекше. Себебі ғылым мен технология дамуы қарқын алған жаңа ғасырда жаһандануға ашық болу қажеттігі халықаралық ақпарат ағынына жан-жақты жағдай туғызып отыр. Мұндайда ақпараттың көбіне дамыған елдер тілінен дамушы елдер тіліне қарай бейімделетіні түсінікті.

Қазақ тілінің реципиенттік сипаты, бір жағынан, терминология саласынан көрінсе, екінші жағынан, елімізде аударманың көбіне қай тілден қай тілге жасалатынынан да байқалады. Орыс тіліне ресми және бейресми қатынастардың бәрінде мемлекеттік тілге жетеқабыл деңгейде құқық беріліп отырған Қазақстан Республикасында қос тіл (қазақ, орыс), дұрысында, үш тіл (қазақ, орыс, ағылшын) саясаты игеріліп келеді. Осыған орай ішкі қатынасымызға қатысты мәтіндердің әуелі орыс тілінде құрастырылып, қазақ тіліне сонан кейін аударылу үрдісі бар. Мұның салдары қазақ тіліне аударылған, құжаттық сипаты бар мәтіндерді нормадан ауытқытып, оларды басы артық оралым мен тіркестің жиынтығына айналдырып отыр. Алайда бұл – аударма үдерісіне қатысты мәселе.

Аударма үдерісінің бейнормалық үлгілері қазіргі қазақ мәтіндерінде де баршылық және мұндай мәтіндер – қазақ тілінде құрастырылған түпнұсқа мәтін. Мұнан байқайтынымыз – бүгінгі жазарман ойлау жүйесінің орыс грамматикасына ыңғайланғаны немесе қазақ тілінің ресми деңгейде әлі де жетіле қоймағаны. Ғылыми, ресми және публицистикалық стильде қазақша мәтін құрастырған автор қазақ тілінің лексика-грамматикалық мүмкіндіктерін ескермей, бар ойын орыс тілінің қалыбына салады. Осының ықпалынан қазіргі қоғамда «кеңсе тілі» қалыптасты. «Кеңсе тілінің» ерекшелігі – қазақ және орыс тілдерінің түйісінде. Қазақ түсінбейтін қазақша (ғылыми, ресми және публицистикалық стильде) мәтіндер осы қиылыстан пайда болады.

Қазақ мәтіндеріне қатысты бұл проблема өткен ғасырдан бері бар, қараңыз: «Біздің жазушыларымыздың көбі – орысша оқығандар. Олар көбіне қазақшадан да гөрі орысшаға жетік. Жетік болмаса да, жетікке ұқсайды, жетік болып көрінгісі келеді. Сондықтан олардың қазақша жазғаны да орысшаға ұқсап тұрады. Оны жазушының өзі секілді орысша оқығандар болмаса, қара қазақ түсіне алмайды.

 …Жазушыларымыздың көбі орысша оқыған соң, олардың қазақша жазғаны орысшаға ұқсаған соң, басылып шығып жатқан кітаптарымыздың да, газет-журналдарымыздың да тілі қазақша болмай, орысшаланған қазақ тілі болып отыр» [Дулатов М. «Еңбекші қазақ», 4.07.1926 ж., №141].

Аударма жасау барысында мәтінді сол аударма тілді тұтынушылардың дүниетанымына бейімдеу – аудармашыға қойылатын талап. Аудармадағы бейімдеу дегеніміз – «мәтінді оқырмандардың құзыреттілік деңгейіне бейімдеу, яғни оқырмандар ешкімнің көмегінсіз қабылдай алатын мәтін шығару» [Жақыпов Ж.А. Аудармашы анықтамалығы. – Алматы: «Сардар» баспа үйі, 2009. – Б.26]. Ендеше қазақша құрастырылған мәтіннің қазақы дүниетанымға орайластырылуы – шарт. Алайда, жоғарыда келтірілгендей, қазақ жазарманы мәтін құрастыру барысында бар ойын орыс грамматикасының қалыбына салады да, салдарынан ұлттық сөйлеу нормасына жат, қабылдауға ауыр сөйлемдермен құрастырылған мәтін шығады.

Сонымен, қазақы сөйлеу дағдысына сыйымсыз конструкциялар кальканы орынсыз қолданудан пайда болады. Калька – өзге тілдегі сөздерді немесе сөз тізбегін ана тілінің сөздер немесе морфемалар құрамымен сөзбе-сөз аудару [Тіл білімі сөздігі / жалпы ред. басқ. Э.Д.Сүлейменова. – Алматы: Ғылым, 1998. – Б.166].

Калькалауда да шарт бар. Ол үшін түпнұсқа тілдегі кей сөз, сөз тіркесі немесе сөйлемнің баламасы аударылатын тілде жоқ болуы тиіс. Аударылатын тілде жоқ болуы тиіс дегенде, әуелі «сол түпнұсқа нысанды аудару қажет пе, қажет болса, қалай берген тиімді?» деген мәселенің басын ашып алу қажет. Себебі түпнұсқа тілдегі кей элемент екінші тілге аударылуға «зәру» бола бермейді, осыған орай аударма теориясында «түсіріп тастау» [Жақыпов Ж. Аударматануды аңдату: Оқулық. – Астана: ТОО «Искандер Ко», 2005. – Б.156] деген термин бар.

Жалпы, қазақша құрастырылған қазіргі мәтіндерде кальканың екі түрі кездеседі, олар:

1) лексикалық калька;

2) грамматикалық калька.

Ескере кетерлік жайт – бұлардың қай-қайсысы да қазақ мәтіндеріндегі сөйлемдерді нормадан ауытқытады. Алайда өзге халықтың мәдениеті жайлы баяндайтын мәтіндегі кальканың жөні басқа.

Лексикалық калька салдарынан кей сөз мағынасына сай қолданылмайды. Сөзді орнымен жұмсамау, біріншіден, ол сөздің орыс тіліндегі қолданысын ғана ескеруден орын алады. Жоғарыда «Сөзді мағынасына сай жұмсау» тақырыпшасында талданған нәтижесінде сөзінің в результате немесе в результате чего дегендердің орнына жұмсалуы осы лексикалық калькаға жатады.

Лексикалық кальканың келесі бірі жіктеу есімдіктерінің орынсыз жұмсалымынан көрінеді. Және бұл жағдайда лексикалық калька қазақ тіліндегі қосымшалардың грамматикалық мағынасын ескермеу не білмеуден жасалады. Жалпы, жіктеу есімдігі мен сілтеу есімдігінің қазақ мәтіндеріндегі орынсыз қолданысы жайлы төмендегі тақырыпшада ұсынылып отыр.

 Грамматикалық кальканы өз ішінен сөз бен сөз тіркесі деңгейіндегі және сөйлем деңгейіндегі калька деп бөлуге болады.

Сөз бен сөз тіркесі деңгейіндегі калькаға мысал:

С участием – қатысуымен;

В свою очередь – өз кезегінде;

В очередной раз – кезекті рет;

Является – болып табылады (А.Ысқақов бұл қолданыста «тіл мәдениетіне ақау түсірерлік мін бар» екенін өткен ғасырда ескерткен («Соц. Қаз.», 27.12.1968).

Мәтіндерден мысал:

1) Қарағандыда «Тойота» көлігінің қатысуымен жол-көлік оқиғасы орын алды – В Караганде произошло дорожное происшествие с участием автомобиля «Тойота».

Жалпы, қатысу қимыл есімі – адамға қатысты қолданылатын сөз. Басқаша айтқанда, әлденеге қатысу үшін уәж (мотивация) яки мақсат қажет. Ал көлікте мақсат та, уәж де болмайтыны түсінікті. Сондықтан бір ғана қатысуымен сөзінің салдарынан бұл сөйлем қазақы танымға түбірімен жат болып шыққан. Дұрысында, сөйлем Қарағандыда жол-көлік оқиғасы орын алды. Анықталғандай, «Тойота» көлігі … соғылған түрінде болуы керек еді.

2) Өз кезегінде баяндамашы барлық сұраққа жауап берді – В свою очередь докладчик ответил на все вопросы.

Аударма теориясындағы «түсіріп тастау» термині аударылатын тіл үшін қажетсіз элементтерді түсіріп тастау дегенді білдіреді. Сөйлемнің орыс тіліндегі нұсқасы дұрыс болғанымен, оны сол күйінше аудару қазақы қабылдау дағдысына жат. Дұрыс сөйлем Баяндамашы барлық сұраққа жауап берді түрінде болуы керек еді.

3) Қарағандыда нан кезекті рет қымбаттады – В Караганде хлеб в очередной раз подорожал.

Бұл сөйлемде қазақ тіліндегі тағы үстеуінің семантикасы ескерілмеген. Дұрысында, сөйлем Қарағандыда нан тағы қымбаттады болуы керек.

Орыс тіліндегі живой голос тіркесінің жанды дауыс болып калькалануы да осыған ұқсас. Қазақ тілінде табиғи деген сөз бар. Сонда тіркестің дұрыс баламасы табиғи дауыс болады.

4) Қашаған Қазақстанның мұнайгаз саласын дамытудың символы болып табылады – Кашаган является символом развития нефтегазовой отрасли Казахстана.

Бұл сөйлемде де является сөзін калькалаудың қажеті жоқ. Дұрысында, сөйлем Қашаған – Қазақстанның мұнайгаз саласын дамытудың символы болуы керек еді.

Мұндай сөйлем қазіргі қазақ мәтіндерінде шектен тыс көп:

– Көктемгі су тасқынына дайындық қазіргі таңда өзекті мәселе болып табылады;

– Қазақ тілі мемлекеттік тіл болып табылады т.с.с.

 Грамматикалық калька қазақ мәтіндеріндегі көптік мағына беру үлгілерінен және ыңғайласа байланысқан бірыңғай мүшелер арасына тек бір ғана және жалғаулығын жұмсаудан да байқалады. Бұлар жөнінде жоғарыдағы «Көптік жалғау мәселесі», «Жалғаулықтар мәселесі» тақырыпшаларында келтірілді.

Сөйлем деңгейіндегі калькаға синтаксистік конструкциядағы сөздердің орын тәртібі мәселесі жатады. Бұл мәселе де жоғарыда келтірілген «Сөздердің сөйлемдегі орын тәртібі» тақырыпшасында қамтылды.

Жазушы Ғ.Мүсірепов пен ғалым І.Кеңесбаевтың калька жөнінде айтқан пікірі: «Сөзді дәлме-дәл аударуды нысана тұтып, калька тәсіліне шамадан тыс әуестенуден тілдің ғасырлар бойғы қалыптасқан заңды жүйесіне қиянат келтіретін де жайы жоқ емес. Кальканың аудармашыға көмекке келер, шылбыр ұшын берер жерін іздеуіміз ұтымды: ана тілі қорынан аудармақ болған сөзімізге сай келетін балама таба алмаған жерде ғана калька қажеті келіп шығады. Зәру болған кезде асығыстық жасамай, байыппен іздестіре, қармана білсек, ана тіліміздің қалтарыс-қатпарында елеусіз жатқан талай сөздерді әлі де табарымыз анық. Ізденудің қиындығынан қашып, жалаң калька қуу салдарынан кейде жасандылыққа ұрынып қалатынымыз да жасырын емес» («Социалистік Қазақстан» газетінде жарияланған «Сөз талғамы – өрелі ой кепілі» мақаласынан).

Біздіңше, осындағы жоқ емес қолданысы да тілдік нормаға қайшы. Мұның орнына қазақ тіліндегі бар немесе баршылық сөзі мағыналық ерекшелігіне қарай қолданылуы тиіс. Мәселен, жоқ дегенді бар емес деп қолданбаймыз.

Қ.Кемеңгерұлы «Қотыр сөздер» мақаласында сол кезде калькаланып жүрген не бар болғаны деген қолданыс жайлы: «Бар болғаны» да жетпей ме? «Не»-ге жол болсын? «Барлығы» десе, ұғымсыз бола ма? «Не бар болғаны» дегеннен орыстың «Что есть» дегені аңқып тұр», – дейді [Кемеңгерұлы Қ. «Жаңа мектеп» журналы, 1926 ж., №14-15].

Ескерерлік маңызы бар және бір жайт – қазақ мәтіндеріндегі тек категориясы. Қазақ тілінде тек категориясының жоқ екені белгілі, алайда публицистикалық және ресми стильдегі аударма мәтіндерде түпнұсқа тілдегі тек қосымшаларының сол күйінше көшіріліп жүргені рас. Мысалы:

1) Садовое тұрғындары көшіруді я ауыл жағдайын түзеуді сұрайды (дұрысы: Садовой тұрғындары);

2) Солнечное селосының тұрғыны (дұрысы: Солнечный селосы);

3) Қазыбек би ауданының Волочаевская көшесі (дұрысы: Волочаев көшесі);

4) Сайлау учаскесінің орналасқан жері: Гагарина көшесі, 13 (дұрысы: Гагарин көшесі) т.с.с.

Бұл мысалдардың үшеуінде орыс тіліндегі тектік қиысудың көрсеткіштері өзгертілмей қалып отыр. Алғашқы екі мысалда средний родтың көрсеткіші ескерілмесе, үшінші мысалда женский родтың көрсеткіші ескерілмеген. Ал соңғы мысалда родительный падеждің (ілік септігі) жалғауы түсірілмей жазылған.

 Басқаша айтқанда, Садовой, Солнечный жалқы есімдерінің орыс тілінде -ое тұлғасын қабылдауы олармен тіркесетін село сөзінің средний родқа жататынымен, Волочаев жалқы есімінің -ская тұлғасын қабылдауы онымен тіркесетін улица сөзінің женский родқа жататынымен байланысты. Ал Гагарин сөзінің -а тұлғасын қабылдауы орыс тіліндегі улица сөзімен имени (атындағы) сөзінің тіркесуіне байланысты. Қараңыз: улица имени кого? (Гагарина).

Түйіндей айтқанда, қазіргі қазақ мәтіндеріндегі калька, жасалған талдаулардан байқалып отырғандай, біріншіден, автор ойлау жүйесінің орыс тіліне ыңғайлануы, екіншіден, қазақ тілінің лексикалық және грамматикалық мүмкіндіктерін жеткілікті деңгейде білмеу, үшіншіден, аударма барысында ана тілінің ішкі заңдылықтарын ескермеу салдарынан орын алады. Алайда мақсатты түрде жасалатын кальканың жөні басқа. Бұл шағын талдау қазақ мәтіндерінде орынсыз яки қажеттіліксіз жасалған калька мәселесіне арналды.

Есімдіктердің орынсыз қолданысы

Қазақ тілінде жіктік жалғаулары бар және баяндауыш тұлғасы қабылдайтын бұл жалғаулар сол баяндауышты бастауышымен валентті қиыстырып тұрады. Ал орыс тілінде мұндай грамматикалық мүмкіндік жоқ, сондықтан баяндауыштың үш жақтың қайсысына қатысты екені жіктеу есімдігі арқылы анықталады. Мысалы:

І жақ:      Я – студент(…)                     Мен студент(пін)

ІІ жақ:     Ты – студент(…)                  Сен студент(сің)

ІІІ жақ:   Он – студент(…)                   Ол – студент(…)

Сондықтан қазақ тілінде жекеше және көпше тұлғадағы жіктеу есімдіктерін аудару барысында орынсыз қолдану да нормаға қайшы. Мәселен, Мен студентпін деудің орнына студетпін десек, І жаққа қатысты екені жіктік жалғауынан-ақ белгілі болып тұр.

Жалпы, қазақ тілінің стилистикалық нормасы бойынша, жіктеу есімдіктері логикалық екпін түсіру мақсатында, яғни айтылыстың экспрессивтік бояуын қоюлату мақсатында болмаса, сөйлемге үнемі кірістіріле бермейді. Мысалы:

Мен өгіз терісі талыспын,

Сен бұзау терісі шөніксің т.с.с.

Ескерту. Баяндауыш тұлғасында жіктік жалғауы бар болса, бастауыш пен баяндауыш арасына сызықша қойылмайды: Мен – қазақпын емес, Мен қазақпын болады т.б.

Бұл айтылғандар сілтеу есімдіктеріне де қатысты. Айталық, орыс тілінде бастауыш пен баяндауыш арасына сызықша қойылатын орында сілтеу есімдігі қолданыла береді. Алайда ондай сөйлемді аудару барысында сол сілтеу есімдігінің қазақ тілі үшін қажетсіз екені ескеріле бермейді. Мысалы: Спорт – это жизнь ~ Спорт – бұл өмір.

Қазақ тілінің ережесі бойынша, бастауыш пен баяндауыш арасына сызықша қоюдың бір шарты – баяндауыштың зат есім немесе заттанған сөз болуы. Сонда есім тұлғалы бастауыштан кейін сызықша қойылады. Ал есім тұлғалы дегеніміз бастауыштың зат есім, сын есім, сан есім не есімдік сөз табынан екенін білдіреді. Спорт – бұл өмір деген сөйлемде заттық мағыналы бастауыш та, есімдік те бар. Демек, екеуінің қай-қайсысынан кейін де сызықша қойылуы керек. Бастауыш пен баяндауыш арасына екі сызықша қойылмайтыны және мәлім. Сондықтан орыс тіліндегі это есімдігінің баламасын аударылған сөйлемге кірістірудің қажеті жоқ. Дұрысында сөйлем Спорт – өмір немесе Спорт деген – өмір болады.

Және бірер мысал:

– Жаңартылған білім мазмұны – ол педагогикалық тәжірибенің өте күрделі құрамасы (дұрысы: …мазмұны – …бөлігі);

– Это правда? – Бұл рас па? (дұрысы: Рас па?). Қазақ танымындағы сөйлеу дағдысында мұндай үлгі мүлде жоқ.

Қорытынды орнына

Жалпы, ауызекі сөйлеу тілі – еркін тіл әрі спонтанды құбылыс, яғни адам әлдене жайлы ойын табан астында айта береді де, тілдің жалпы заңдылығына ғана сүйенеді. Себебі тілдің ішкі заңдылықтарына орай екшеп, өлшей сөйлеу көп жағдайда мүмкін болмайды. Сонысына қарай ауызша тілдегі олқылық жазба мәтіндегідей аңғарыла қоймайды. Ал жазбаша мәтінде тілдің ішкі заңдылықтарын ескеруге, өлшеп, нақты бейнелеуге мүмкіндік бар. Сондықтан бұған қойылатын талап та үлкен.

Сөйлеу тіліндегі еркіндік сөйлеудің бірнешеу екенін білдіреді. Анығында, тіл біреу де, сөйлеу бірнешеу болады. Яғни тіл біршама статикалы да, сөйлеу динамикалы, құбылмалы. Сондықтан сөйлеу, әсіресе жазу кезінде өзге тіл синтаксисінің жетегінде кетпей, қазақ тілінің ішкі заңдылықтарын ескерудің маңызы үлкен. Аударма барысында түпнұсқа мәтін формасы аударылатын тіл үшін форма бола алмайды. Ендеше қазақ тілінің нормасы мен дағдысын, жалпы динамикалық мүмкіндігін толығымен тірек ету қажет.

Бұл жөнінде Қ.Кемеңгерұлының «Тілшілердің міндеті һәм мәнісі туралы» деген мақаласында айтылған пікіріне ден қойғанымыз абзал. Мақалада автор: «Тілші сөзі қазақтың қоспасыз өз тілімен, ел тілімен жазылу керек, – дейді. – …Кейбір азаматтың сөзі орыс сөзінің орыс сөйлемімен тізілген аудармасы болып шығады.

Газет сөзіне еліктесе, тілші сөзін бұзып алуға мүмкін, сондықтан тілді газеттен үйренуден де елден үйренуге көңіл қойғаны мақұл» [Кемеңгерұлы Қ. «Ақ жол» газеті, 15.04.1925 ж.].


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз