КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

– Қазақ тілінде терминжасамның ғы­лыми негізде жүргізілуі қай кезеңнен бастау алады?

– XX ғасырдың алғашқы кезеңі ғылым мен техниканың, экономиканың, жалпы мәдениет пен әлеуметтік өмірдің мейлінше дамуымен, сол кезде болған алуан түрлі әлеуметтік, саяси өзгерістер қоғамдық өмірге де көптеген жаңалық әкелуімен ерек­шеленді. Қазақ тілінің сөздік құра­мында ғылым, өнеркәсіп, техникаға байланысты ұғымдарды білдіретін сөздер мен сөз тіркестері байқала бастайды. Қазақ тілінде терминжасамның ғылыми негізде жүргізілуін ХХ ғасырдың бастапқы кезеңінен бастаған жөн деп санаймыз. Мұның өзіндік негізі бар. «Қазақ білім­паздарының тұңғыш съезінде» қазақ тер­минологиясының ғылыми ұстанымдары жасалып, бекітілгені белгілі. Оның мазмұ­нында маңыз берілген мәселелер мынадай еді. Біріншіден, қазақша пән сөздері қазақтың өз тілінен алынатын болсын. Өз тілінен табылмаған пән сөздері, басқа түрік халықтарынан ізделіп, жалпы түрік сөзі болып, жат тілдің әсерінен аман болса, онда мұндай сөздер жатырқамай алынсын делінді.Сондай-ақ Еуропа халықтарына сіңіп кеткен, жалпы жұртқа ортақ пән сөздері, қазақ тілінің заңдарына келтіріліп, бізге де пән сөз болып қолда­нылуына да мүмкін болды. Басқа тілдерден алынған пән сөздері қазақ тілінің ереже­лерінде көрсетілген заңдарына сәйкес өзгертілуі тиіс делінді. Қазақша пән сөзде­рін тексеріп, қабылдап алатын орын – қазақша білім кеңесі болып, ол жалпы қазақ үшін жалғыз болуы керек еді. Соң­ғысы, қазақша сөздер әліпби ретімен тізіліп, лұғат кітабы ретінде жазылып шы­ға­рылсын деген міндет болды. Профессор Шерубай Құрманбайұлының «1920-1930 жылдары жарық көрген терминологиялық жинақтар мен сөздіктер туралы» мақа­ласында осы съезд турасында: «Тұңғыш рет қазақ терминологиясын дамытудың қа­ғи­даттары осы съезде белгіленді. Ке­зінде Алаш зиялыларының атын атауға, олардың еңбектері туралы сөз қозғауға болмай­тындықтан болса, олар ақтал­ғаннан бергі кезеңде де түрлі себептермен бірқатар тіл маманы алғашқы термино­логия қағидат­тары 30-жылдардың орта тұ­сында жасалды деп жазып жүр. Бұл пі­кір­дің шындыққа жанаса қоймайтын­ды­ғына осы съезд материалдары дәлел» деп жазды.

– Қазақ терминологиясын дамыту мен жетілдірудің негізгі ғылыми қағидаттары қандай?

– Қазақ тіл білімінде неологияның теориялық негіздері мен тұжырымдары І.Кеңесбаев, Ғ.Мұсабаев, Р.Сыздық,  С.Исаев, К.Аханов, Ө.Айтбаев, Н.Уәлиев, А.Алдашева, Ш.Құрманбайұлы, Қ.Қа­дырқұлов және тағы басқа ғалымдардың еңбектерінде қарастырылған. Академик Ә.Қайдар ұсынған принциптерге көңіл бөлсек, қысқаша мазмұны мынадай: «Мем­лекеттік тіл тірегі – терминологияға мемлекеттік қамқорлық жасау. Термин­жасам ісінде көрініс беріп жатқан бұқа­ралық үрдістің жақсы үлгілерін орнықтыру. Байырғы лексикалық байлығымызды сарқа пайдалану. Туысқан түркі тілдері тәжірибесін іске қосу. Интернационалдық терминдерді қазақ тілінің фономор­фологиялық ерекшеліктеріне икемдеп алу. Орыс тілінен (жалпы славян тілдерінен) енген терминдік атауларды мүмкіндігінше қазақшаға аударып қолдану, аударуға келмейтіндерін қазақ тілінің фономор­фологиялық ерекшеліктеріне үйлестіре қабылдау. Салалық күрделі терминдер мен атауларды қазақ тілінің өз негізінде алғашқы әріптері мен буындары бойынша қысқартып пайдалануды заңдастыру. Көп жылғы тәжірибе арқылы қалыптасқан дәстүр мен шарттылық заңдылығын мойындау. Лексикалық байлығымызды салалық жүйе бойынша жіктеп, саралап пайдалану. Тіліміздегі ұлттық және интер­националдық термин атаулардың сандық сапалық салмағын табиғи қалпында сақ­таудың жолдарын іздестіру. Сондай-ақ терминдер мен атаулардың емлесін тіл заңына, жазу дәстүріне сәйкес реттеу». Академиктің терминжасам принциптерін талдай келе, ғалым Өмірзақ Айтбайұлы «Ойымызша, ең негізгілері деп үшінші, төртінші, бесінші, алтыншы, же­тінші, сегізінші, он бірінші принциптерді айтуға болатын сияқты. Басқалары – күн­делікті қажеттілікке орай қатар жүр­гізіліп отыруға тиісті шаралар. Солардың ішінде үнемі күнделікті назарда тұратыны – өз байлы­ғымызды сарқа пайдалану, түркі тілдері тәжірибесін ескеру, интертер­миндерді тіл заңдылығына сәйкестендіре қабылдау, дәстүр мен шарттылықты мойын­дау, атау­лар­ды қысқартып алу жайы жазу дәстүрі­мізді сақтау тәрізділері. Терминжасам процесінде болып жататын ала-құлалық­тың көбі осы шарттардың ескерілмеуінен, тіл заңдылығының аяқас­ты етілуінен деп білеміз. Заман талабына ескерілген бұл принциптер, сөз жоқ, қазақ тілінде термин реттеуге себебі тиер игі үлгі» деп жазады.

А.Байтұрсынұлы, Е.Омаров, Қ.Жұбанов, Ә.Қайдар, Ш.Құрманбайұлы сынды ғалымдар ұсынған принциптердің барлығында қазақ терминжасамының ортақ ғылыми қағидаты бар. Ол – ұлттық терминқор қалыптастырудың ішкі көзі қазақ тілінің лексикалық байлығы мен сөзжасам тәсілдерін барынша ұтымды пайдалану, қазақтың өз тілінен табылмаған терминдерді басқа түркі халықтарынан іздеу және Еуропа халықтарының бәріне сіңіп кеткен жалпы жұртқа ортақ тер­миндерді қазақ тілінің фоно-морфоло­гиялық ерекшеліктеріне икемдеп алу. Сонымен қатар орыс тілінен (жалпы славян тілдерінен) енген терминдік атауларды мүмкін болғанынша қазақшаға аударып қолдану, аударуға келмейтіндерін қазақ тілінің фономорфологиялық ерекшеліктеріне үйлестіре қабылдау.

– Өзге тілден термин қабылдау ба­ры­сында әлем тілдері қандай принципті бас­шылыққа алады?

– Барлық әлем тілдерінде өзіндік негізгі терминжасамдық үлгілері қалып­тасқан, сондай-ақ олардың басым көпшілігінде қабылданған терминжасам қағидаты: өз тілі негізіндегі терминжасам мен өзге тілдерден термин қабылдау. Сол себепті, өзге тілден термин қабылдау ба­ры­сында әлем тілдері негізгі екі прин­циптің бірін басшылыққа алады. Ол – орфографиялық немесе орфоэпиялық принцип. Мәселен, түрік тілі орфография­лық қағидатқа сүйенсе, орыс тіл орфоэпия­лық принципке жүгінетіні білеміз. Осыған орай, қазақ терминжа­самында терминдерді латын графикасы негізінде қабылдауда орфоэпиялық принципті ұстанғанымыз жөн. Дейтұр­ғанмен, қандай қағидат болмасын, ең алдымен терминдерге қойылатын талап­тарға толыққанды жауап беруі қажет. Мәселен, бірмағыналық, жүйелік, тілдік бағдар, уәжділік, қысқалық, дәлдік, эмоционалды-эксперссивтік бейтараптық және тағы басқа. Сондай-ақ терминдер мынадай нормативтік белгілерге сәйкес жасалуы керек: атаудың ұғым мазмұнына сай келуі/келмеуі, терминнің көпмағына­лылығына мүмкіндігінше жол бермеу, термин-синонимдердің санын шектеу, тер­мин вербалдануының ұтымды фор­масын беру, терминнің қысқалық белгісін, жеңіл айтылуын қамтамасыз ету, жаңа терминдерді өздерінің терминологиялық өріс үлгілеріне сәйкес жасап енгізу.

– Терминологиялық жүйені қалып­тастыруға қойылатын талап қандай?

– Терминологиялық жұмыстар, әсіре­се, оның реттелуі норма және сөйлеу мә­дениеті ұғымдарының қарастырылуын талап етеді. Себебі, терминдерге ең басты қойылатын шарттың бірі – олардың лингвистикалық тұрғыдан дұрыстығы. Сондықтан терминологияны реттеуде де өзіндік нормативтік талаптар бар. Тер­миндер мен терминологияларға қойы­латын нормативтік шарттарды алты пунктке топтастыруға болады: жүйелік, бірізділік, термин мен ұғымның бір мағы­наға сәйкес келуі, семантикалық дәлдік, қысқалық, терминдердің нұсқаларын айқындап, қажеттілерін енгізу. Түйіндей келгенде, терминологиялық жүйені қалыптастыруға қойылатын талап – жаңадан жасалған арнаулы атаулардың ішінен қажетті, ұтымды терминдерді ірік­теп алу, оларға дәл белгіленген анықтама беріп тіркеу және терминнің бірмағы­налылық ерекшелігі ескеріліп, қажетсіз синонимдерден шектеу. Осы талаптар ескеріліп жасалған терминдер арқылы салалық терминология жүйелері нығайып, бұл саладағы бүкіл өзгерістерге үнемі бейімделуге мүмкіндік береді.

– Латын графикасы негізінде термин қабылдау мәселесі қалай шешілуде?

– Ахмет Байтұрсынұлы: «Пән сөздері жағынан басынан-ақ қазақ басқалардан бөлек жол тұтынды. Қазақ жат сөзге әуес­тенбей, пән сөздерін өз тілінен жасауға тырысты. Әдебиет тілі ауылдағы қазақтың қайсысына да (хат білетін, яки білмейтін) болса түсінікті болуын көздейді. Тіл арасына жік түсіп айырылмас үшін жат сөздерді амалсыз болған жерде ғана алатын тәртіп қолданды» деп жазады. Терминдерді латын графикасы негізінде қабылдау үшін ұсынып отырған өз ережелеріміз бар. Қазақ тіліне орыс тілі арқылы еніп, әбден қалыптасқан термин­дер өзгеріссіз латын графикасы негізінде берілуі керек. Өзге тілдерден терминдерді қабылдауда делдал тілдің (орыс тілі) көмегінсіз тікелей түпнұсқа тілден алға­нымыз дұрыс. Қазақ тілінің терминжасам элементтері мағынасына қарай барынша тиімді пайдаланылып, олардың мүмкіндігі болмаған жағдайда терминдер түпнұсқа тілдің транскрипциясына (орфоэпиясына) орай латын графикасында таңбалануы тиіс. Сонымен қатар түпнұсқа тілдің транскрипциясы (орфоэпиясы) негізінде латын графикасында таңбалау барысында өзге тілдерден енген терминдер қазақ тілінің фономорфологиялық ерекше­ліктері мен үндестік заңына сәйкес болуы қажет.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Айдана НҰРМҰХАН


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз



ТЕКСТ

Яндекс.Метрика