THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
–
Қазақ тілінде терминжасамның ғылыми негізде жүргізілуі қай кезеңнен бастау
алады?
– XX ғасырдың алғашқы
кезеңі ғылым мен техниканың, экономиканың, жалпы мәдениет пен әлеуметтік
өмірдің мейлінше дамуымен, сол кезде болған алуан түрлі әлеуметтік, саяси
өзгерістер қоғамдық өмірге де көптеген жаңалық әкелуімен ерекшеленді. Қазақ
тілінің сөздік құрамында ғылым, өнеркәсіп, техникаға байланысты ұғымдарды
білдіретін сөздер мен сөз тіркестері байқала бастайды. Қазақ тілінде
терминжасамның ғылыми негізде жүргізілуін ХХ ғасырдың бастапқы кезеңінен бастаған
жөн деп санаймыз. Мұның өзіндік негізі бар. «Қазақ білімпаздарының тұңғыш
съезінде» қазақ терминологиясының ғылыми ұстанымдары жасалып, бекітілгені
белгілі. Оның мазмұнында маңыз берілген мәселелер мынадай еді. Біріншіден,
қазақша пән сөздері қазақтың өз тілінен алынатын болсын. Өз тілінен табылмаған
пән сөздері, басқа түрік халықтарынан ізделіп, жалпы түрік сөзі болып, жат
тілдің әсерінен аман болса, онда мұндай сөздер жатырқамай алынсын
делінді.Сондай-ақ Еуропа халықтарына сіңіп кеткен, жалпы жұртқа ортақ пән
сөздері, қазақ тілінің заңдарына келтіріліп, бізге де пән сөз болып
қолданылуына да мүмкін болды. Басқа тілдерден алынған пән сөздері қазақ
тілінің ережелерінде көрсетілген заңдарына сәйкес өзгертілуі тиіс делінді.
Қазақша пән сөздерін тексеріп, қабылдап алатын орын – қазақша білім кеңесі
болып, ол жалпы қазақ үшін жалғыз болуы керек еді. Соңғысы, қазақша сөздер
әліпби ретімен тізіліп, лұғат кітабы ретінде жазылып шығарылсын деген міндет
болды. Профессор Шерубай Құрманбайұлының «1920-1930 жылдары жарық көрген
терминологиялық жинақтар мен сөздіктер туралы» мақаласында осы съезд
турасында: «Тұңғыш рет қазақ терминологиясын дамытудың қағидаттары осы съезде
белгіленді. Кезінде Алаш зиялыларының атын атауға, олардың еңбектері туралы
сөз қозғауға болмайтындықтан болса, олар ақталғаннан бергі кезеңде де түрлі
себептермен бірқатар тіл маманы алғашқы терминология қағидаттары 30-жылдардың
орта тұсында жасалды деп жазып жүр. Бұл пікірдің шындыққа жанаса
қоймайтындығына осы съезд материалдары дәлел» деп жазды.
–
Қазақ терминологиясын дамыту мен жетілдірудің негізгі ғылыми қағидаттары
қандай?
– Қазақ тіл білімінде
неологияның теориялық негіздері мен тұжырымдары І.Кеңесбаев, Ғ.Мұсабаев,
Р.Сыздық, С.Исаев, К.Аханов, Ө.Айтбаев,
Н.Уәлиев, А.Алдашева, Ш.Құрманбайұлы, Қ.Қадырқұлов және тағы басқа ғалымдардың
еңбектерінде қарастырылған. Академик Ә.Қайдар ұсынған принциптерге көңіл
бөлсек, қысқаша мазмұны мынадай: «Мемлекеттік тіл тірегі – терминологияға
мемлекеттік қамқорлық жасау. Терминжасам ісінде көрініс беріп жатқан
бұқаралық үрдістің жақсы үлгілерін орнықтыру. Байырғы лексикалық байлығымызды
сарқа пайдалану. Туысқан түркі тілдері тәжірибесін іске қосу. Интернационалдық
терминдерді қазақ тілінің фономорфологиялық ерекшеліктеріне икемдеп алу. Орыс
тілінен (жалпы славян тілдерінен) енген терминдік атауларды мүмкіндігінше
қазақшаға аударып қолдану, аударуға келмейтіндерін қазақ тілінің
фономорфологиялық ерекшеліктеріне үйлестіре қабылдау. Салалық күрделі
терминдер мен атауларды қазақ тілінің өз негізінде алғашқы әріптері мен
буындары бойынша қысқартып пайдалануды заңдастыру. Көп жылғы тәжірибе арқылы
қалыптасқан дәстүр мен шарттылық заңдылығын мойындау. Лексикалық байлығымызды
салалық жүйе бойынша жіктеп, саралап пайдалану. Тіліміздегі ұлттық және
интернационалдық термин атаулардың сандық сапалық салмағын табиғи қалпында
сақтаудың жолдарын іздестіру. Сондай-ақ терминдер мен атаулардың емлесін тіл
заңына, жазу дәстүріне сәйкес реттеу». Академиктің терминжасам принциптерін
талдай келе, ғалым Өмірзақ Айтбайұлы «Ойымызша, ең негізгілері деп үшінші,
төртінші, бесінші, алтыншы, жетінші, сегізінші, он бірінші принциптерді айтуға
болатын сияқты. Басқалары – күнделікті қажеттілікке орай қатар жүргізіліп
отыруға тиісті шаралар. Солардың ішінде үнемі күнделікті назарда тұратыны – өз
байлығымызды сарқа пайдалану, түркі тілдері тәжірибесін ескеру, интертерминдерді
тіл заңдылығына сәйкестендіре қабылдау, дәстүр мен шарттылықты мойындау,
атауларды қысқартып алу жайы жазу дәстүрімізді сақтау тәрізділері.
Терминжасам процесінде болып жататын ала-құлалықтың көбі осы шарттардың
ескерілмеуінен, тіл заңдылығының аяқасты етілуінен деп білеміз. Заман талабына
ескерілген бұл принциптер, сөз жоқ, қазақ тілінде термин реттеуге себебі тиер
игі үлгі» деп жазады.
А.Байтұрсынұлы, Е.Омаров,
Қ.Жұбанов, Ә.Қайдар, Ш.Құрманбайұлы сынды ғалымдар ұсынған принциптердің барлығында
қазақ терминжасамының ортақ ғылыми қағидаты бар. Ол – ұлттық терминқор
қалыптастырудың ішкі көзі қазақ тілінің лексикалық байлығы мен сөзжасам
тәсілдерін барынша ұтымды пайдалану, қазақтың өз тілінен табылмаған терминдерді
басқа түркі халықтарынан іздеу және Еуропа халықтарының бәріне сіңіп кеткен
жалпы жұртқа ортақ терминдерді қазақ тілінің фоно-морфологиялық
ерекшеліктеріне икемдеп алу. Сонымен қатар орыс тілінен (жалпы славян
тілдерінен) енген терминдік атауларды мүмкін болғанынша қазақшаға аударып
қолдану, аударуға келмейтіндерін қазақ тілінің фономорфологиялық
ерекшеліктеріне үйлестіре қабылдау.
–
Өзге тілден термин қабылдау барысында әлем тілдері қандай принципті
басшылыққа алады?
– Барлық әлем тілдерінде
өзіндік негізгі терминжасамдық үлгілері қалыптасқан, сондай-ақ олардың басым
көпшілігінде қабылданған терминжасам қағидаты: өз тілі негізіндегі терминжасам
мен өзге тілдерден термин қабылдау. Сол себепті, өзге тілден термин қабылдау
барысында әлем тілдері негізгі екі принциптің бірін басшылыққа алады. Ол –
орфографиялық немесе орфоэпиялық принцип. Мәселен, түрік тілі орфографиялық
қағидатқа сүйенсе, орыс тіл орфоэпиялық принципке жүгінетіні білеміз. Осыған
орай, қазақ терминжасамында терминдерді латын графикасы негізінде қабылдауда орфоэпиялық
принципті ұстанғанымыз жөн. Дейтұрғанмен, қандай қағидат болмасын, ең алдымен
терминдерге қойылатын талаптарға толыққанды жауап беруі қажет. Мәселен,
бірмағыналық, жүйелік, тілдік бағдар, уәжділік, қысқалық, дәлдік,
эмоционалды-эксперссивтік бейтараптық және тағы басқа. Сондай-ақ терминдер
мынадай нормативтік белгілерге сәйкес жасалуы керек: атаудың ұғым мазмұнына сай
келуі/келмеуі, терминнің көпмағыналылығына мүмкіндігінше жол бермеу,
термин-синонимдердің санын шектеу, термин вербалдануының ұтымды формасын
беру, терминнің қысқалық белгісін, жеңіл айтылуын қамтамасыз ету, жаңа
терминдерді өздерінің терминологиялық өріс үлгілеріне сәйкес жасап енгізу.
–
Терминологиялық жүйені қалыптастыруға қойылатын талап қандай?
– Терминологиялық
жұмыстар, әсіресе, оның реттелуі норма және сөйлеу мәдениеті ұғымдарының
қарастырылуын талап етеді. Себебі, терминдерге ең басты қойылатын шарттың бірі
– олардың лингвистикалық тұрғыдан дұрыстығы. Сондықтан терминологияны реттеуде
де өзіндік нормативтік талаптар бар. Терминдер мен терминологияларға
қойылатын нормативтік шарттарды алты пунктке топтастыруға болады: жүйелік,
бірізділік, термин мен ұғымның бір мағынаға сәйкес келуі, семантикалық дәлдік,
қысқалық, терминдердің нұсқаларын айқындап, қажеттілерін енгізу. Түйіндей
келгенде, терминологиялық жүйені қалыптастыруға қойылатын талап – жаңадан
жасалған арнаулы атаулардың ішінен қажетті, ұтымды терминдерді іріктеп алу,
оларға дәл белгіленген анықтама беріп тіркеу және терминнің бірмағыналылық
ерекшелігі ескеріліп, қажетсіз синонимдерден шектеу. Осы талаптар ескеріліп
жасалған терминдер арқылы салалық терминология жүйелері нығайып, бұл саладағы
бүкіл өзгерістерге үнемі бейімделуге мүмкіндік береді.
–
Латын графикасы негізінде термин қабылдау мәселесі қалай шешілуде?
– Ахмет Байтұрсынұлы:
«Пән сөздері жағынан басынан-ақ қазақ басқалардан бөлек жол тұтынды. Қазақ жат
сөзге әуестенбей, пән сөздерін өз тілінен жасауға тырысты. Әдебиет тілі
ауылдағы қазақтың қайсысына да (хат білетін, яки білмейтін) болса түсінікті
болуын көздейді. Тіл арасына жік түсіп айырылмас үшін жат сөздерді амалсыз
болған жерде ғана алатын тәртіп қолданды» деп жазады. Терминдерді латын
графикасы негізінде қабылдау үшін ұсынып отырған өз ережелеріміз бар. Қазақ
тіліне орыс тілі арқылы еніп, әбден қалыптасқан терминдер өзгеріссіз латын
графикасы негізінде берілуі керек. Өзге тілдерден терминдерді қабылдауда делдал
тілдің (орыс тілі) көмегінсіз тікелей түпнұсқа тілден алғанымыз дұрыс. Қазақ
тілінің терминжасам элементтері мағынасына қарай барынша тиімді пайдаланылып,
олардың мүмкіндігі болмаған жағдайда терминдер түпнұсқа тілдің транскрипциясына
(орфоэпиясына) орай латын графикасында таңбалануы тиіс. Сонымен қатар түпнұсқа
тілдің транскрипциясы (орфоэпиясы) негізінде латын графикасында таңбалау барысында
өзге тілдерден енген терминдер қазақ тілінің фономорфологиялық ерекшеліктері
мен үндестік заңына сәйкес болуы қажет.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Айдана НҰРМҰХАН
ПІКІР АЛМАСУ
ТЕКСТ