THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Тәуелсіз
кезеңдегі әдебиет қандай болу керек деген мәселені өткен нөмірімізде көтерген
болатынбыз. Әдебиеттің өзінен әлдеқайда алда жүруге міндетті, әдебиеттің
жетекші саласы саналатын әдеби сын мен нәзік жанр поэзияның бүгінгі хал-ахуалы
қалай? Қазақ халқы ғана емес, әлем руханияты айналып өте алмаған мәселелерді
жеңуде кәсіби сын мен поэзия қаншалықты жетістіктерге жете алды һәм
бағыт-бағдары қандай болуға тиіс? Қазақы рухтың бостандығы жолында атқарар
қызметін саралап көрген мамандар пікірін назарларыңызға ұсынамыз.
Айгүл Ісмақова,
әдебиеттанушы-ғалым
Әдеби сын –
әдебиеттің қайрағы
Кеңес үкіметінде
әдеби сын тоталитарлық идеология қаруы болғаны даусыз. Партиялық соц.реалистік
шарттарға сай әдебиет ресми билік тұрғысынан насихатталып, авторлар соған лайық
марапаттауға ие болғаны да бәрімізге белгілі. Дегенмен, «жазалаушы» не
«марапаттаушы» ресми әдеби сыннан бөлек әдеби талғам мен көркемдікті алға
тартқан кәсіби сын да болғанын айта кетуіміз керек. Асқар Сүлейменов, Әбіш
Кекілбаев, Зейнолла Серікқалиев, Тәкен Әлімқұлов, Сағат Әшімбаевтар жасаған
кәсіби әдеби сынның үлгісі бүгін де қажет. Себебі, бұл – заман талабын ескере
отырып жазылған ескірмейтін әдеби сынның үлгілері. Тәуелсіздік кезеңіндегі
сынның негізгі бағыты бұрын болмаған рухани еркіндік екенін ескеру керек. Осы
кездегі сынның басты ерекшелігі – бұрын тиым салынған ақтаңдақтар, тақырыптар
ашылып, кәсіби сынға тек Алаш әдебиеттануында қалыптасқан кәсібилік пен
сыншының рухани тәуелсіздігі егемендік алған соң ғана қайта оралды. Бірақ осы
рухани бостандықтан басы айналған қазіргі сын кәсібилігінен де айрылып бара
жатқандай. Заман сұранысына сай қазіргі әдеби сын – публицистикалық бағытта
кетіп барады. Мақала, очерк, фельетон, ақпараттық мәтіндердің бәрінде
көсемсөздік бар. Субъективтік автордың ғана көзқарасы әдебиеттанулық,
объективтік тұрғыдан ерекше болып тұрады. Нағыз әдеби сында ғылымилық пен
көркемдік бірігіп тұру керек екенін осы ретте баса айтқан жөн. Ахмет
Байтұрсынұлы айтқандай, әдебиетті таныту оның «айнасы» деуге болады. Сондықтан
әдеби сын жүйеленген түрлері бар ғылым саласы екенін ескеру керек. Осы тұрғыда
қазіргі тәуелсіздік кезеңінде қазақ әдеби сынының үлгісі деп Шериаздан
Елеукеновтың сыни мақалаларын атауға болады. «Тәуелсіздік және әдебиет» атты
публицистикалық сын-зерттеулерінің қазіргі заманға
сай, қазіргі әдеби сынның қажеттілігіне жауап беретін дүниелер. Сонымен қатар,
қазіргі жазушыларға кәсібилік жетекші болатындай әдеби сынның қажеттілігі туып
отырғанын мойындауға тиіспіз. Қазіргі қазақ әдебиетіндегі көркемдік бағыттарды
анықтап, бағдарлама жасап, жетекші болатындай болжамдар жасайтын әдеби сын
жоқтың қасы. ХХІ ғасырдағы әлемдік әдебиет пен қоғамдағы әдебиеттің орны, оны
түсіндіріп жатқан әдеби сынның жағдайы тұрғысынан қазіргі қазақ әдебиетіне де
кәсіби сынның қажеттілігін мойындататын сыни мақалалар жоқ. Кәсіби сынның басты
ерекшелігі – әдеби процесті кәсіби әдебиеттанудың көзқарасымен бағалап беру.
Идеология немесе саясатпен ғана байланысты емес кәсіби деңгейде әдебиеттану
ғылымы қағидаларымен қазіргі әдеби үрдісті саралап шығу – бүгінгі сынның басты
мақсаты.
Кәсіби-әдеби сын
қазақ әдебиеттануында ХХ ғасырдың басында Алаш әдебиетінде қалыптасқанын біз
дәлелдеп бергенбіз. Ал, Совет кезінде қазақ тіліндегі әдеби сын Алаш
әдебиеттануы жойылып, цензураға ұшырап, тоталитарлық жүйемен шектеліп, шынайы
кәсібилікке жете алмады деп айтуға болады. Тек Тәуелсіз кезеңде рухани
бостандығымызбен бірге Алаш әдеби сыны қайта оралды. Қазіргі әдеби сынның
негізгі кемшіліктері мен шынайы көркемдікті ажыратып алу жетіспей тұр. Бізде
бүгінгі әдебиеттің кемшіліктерін айтудан қашамыз немесе сол кемшіліктерді тап
басып айтып және көркемдік артықшылығын ғылыми тілмен дәлелдеп беру жетіспейді.
Әдеби сын қазіргі әдебиетке жетекшілік етпек түгілі кәсібилік шындықты айғақтап
беруге де дәрменсіз. ХХІ ғасыр жылжып барады. Қазақ әдеби сынының тарихындағы
тектілік пен Отан тақырыбына табан тірейтін кез жетті. Өйткені, біз қазір Совет
кезіндегі жазушы мен әдеби мәтіннің абыройын, тоталитарлық жүйе кезінде жазушы
мен оның жазғандары бағаланушы еді деп оны жоқтаймыз. Қазір оқырманды өткенді
жоқтаумен жалықтырып алатын әдеби сынның қажеттілігі шамалы. Қазіргі әлем
әдебиеті мойындаған жаңа мәтіндерді оқып, өзімізге басқа көзбен қарайтын кез
жетті. Тәуелсіздік бізге қалай жетті? Ең қызығы, советтік-тоталитарлық жүйенің
жойылуы бұрынғыдай әлемдік соғыс емес, өзін-өзі ішінен ыдыратқан саяси күш
екенін, бөлшектенудің қалай іске асқаны туралы біздің қазақ-совет жазушылары
емес шет елдік авторлар жазып жатыр. Егемендікке жетуде қазіргі қазақ әдебиеті
тәуелсіздік жолын бейнелеген, бостандыққа бастайтын рухани күш болды ма? Қазақ
өз саяси мемлекеттік билігіне қалай ие болып келе жатыр? Осыдан он жыл бұрын
біз шет елге барғанда бізге қай стан, Ауғанстан ба, Пәкістан ба деген сияқты
сұрақ қоятын, ал қазір Құдайға шүкір, қайда барсаң да Қазақстанды білмейтін ел
жоқ. Осы ненің арқасы? Тәуелсіздіктің құнын білетін ұрпақ өсіп келе жатыр ма?
Осы Тәуелсіздік қандай қасіреттер, қандай асулармен келгенін әдеби сын көтере
алып жүр ме? Қазақтың нағыз ерлері аңсаған заманда өмір сүріп жатқан біздер сол
қасиетті істерге сай не бітіріп келе жатырмыз? Қазіргі елдерді рухани ыдырату
арқылы өзін-өзі жоюға итермелеп отырған сыртқы күштерге қарсы қоятын
ауызбіршілігіміз қандай деңгейде? Неге бүгінгі сөз өнері ұсақталып, жекелеген
өкпе наз немесе бұрынғы күнді жоқтаумен ғана шектеліп келеді? Біз бүгінгі таңда
экономикалық тәуелсізбіз деп айта аламыз. Сөйте тұра, рухани әлсіз болып бара
жатқанымыздың сыры неде? Осының бәрін көтере алатын, әдебиетімізге
бағыт-бағдар, керек болса, бағдарлама жасап берер әдеби сынға жаңа ізденістер
керек. Қазіргі жазылған қазақ әдебиет тарихы келешекте қайта жазылуы әбден
мүмкін. ХХІ ғасырдағы оқырманның жан азығына қажетті мәтіндер ғана келешектегі қазақ
әдебиетінің тарихына кіруі заңдылық.
Мен Мәскеуде
аспирантурада оқығанда маған атақты эстет Юрий Борисович Борев «Проблемы
условности в казахской литературе» деген тақырып берді. Мен жарты жыл жүрдім де
өзіне қайтарып бердім. Себебі, әдебиетті танытатын маңызды теориялық мәселе
емес деп дәлелдеп бердім. Олар өздері ойдан шығарған терминдермен жан-жақтан
келген жас ғалымдарға түсініксіз тақырып беріп, не жазатынын түсінбей, бастары
айналып жүре берсін деген бұқпа пиғылды байқауға болады. Басқа ұлт әдебиеттерінің
аспиранттарының теориялық білім деңгейін бір жағы тексеру үшін де қажет шара
сияқты. Теориядан теория іздетіп, шатастыратын тақырыптарынан бас тартып,
өздеріне дәлелдеп берген соң ғана тең дәрежеде қарым-қатынас жасап, тақырыпты
өзімнің таңдауыма мүмкіншілік туғызды. Ресей әдебиеттану ғылымында әдеби мәтіннің
мазмұнын емес, авторды жоққа шығару үшін, не оны орынсыз марапаттау үшін ойдан
шығарылған терминдерді қуалап кету күні бүгін қолданылып келе жатқан әдеби
тәсіл. Бірақ Ресей әдеби сынының басты ерекшелігі сонау Белинский бастап берген
«ұлы орыс халқының ұлы әдебиеті» деген терминдерді ұстанады. Осы жағы бізде
жетіспей келе жатқан қажеттілік деп айтар едім. Тоталитарлық жүйе кезіндегі
Ресей сыншыларына еліктеген қазақ сыншылары тек халықтық дегенмен шектеліп
келді. Ұлы қазақ халқы, ұлы қазақ әдебиеті деген сөз Совет кезінде айтылған
жоқ. Керісінше, ұлы орыс әдебиеті, ұлы Пушкин, ұлы Толстой, ұлы Достоевский
дегенді қайталаумен келдік. Ал, орыс әдебиетінің басқа халықтарға, басқа
елдерге үлгі боларлықтай өз ұлтындағы классикалық шығармалардың қазіргі
заманға да қажет екенін дәлелдеп беру Ресей әдеби сынынан үйренетін
нәрселер.
Ал, енді қазіргі
қазақ әдеби сыны өз ғылыми концепциясы бар, заман талабына сай пән сөздері
қалыптасқан ғылым саласы екенін жоққа шығармаймыз. Қазақ әдеби сынының басында
Абай тұрғанын ескеруге тиіспіз. «Алланың өзі де рас, сөзі де рас», «Әуелі аят,
хадис сөздің басы» деген сияқты әдеби пән сөздерін Абай өлеңдерінде қолданғанын
Ахмет Байтұрсынов сонау 1913 жылы айтып кеткен. Сол Алаш әдебиеттануы Абайды
түсінумен, оның әдеби сынын, оның өлеңдеріндегі әдеби пән сөздерін негізге алып
Алаш әдебиеттануы сыны қалыптасты. «Әуелі аят, хадис сөздің басы» деген әдеби-сындық
ұранын Алаш әдебиеттануы «Отанды сүю – иманнан» деп дамытып әкетті. Абайша
әдебиет – «Алланың өзі де рас, сөзі де рас», «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей
ұста, Сонда толық боласың елден бөлек», «Пайда ойлама, ар ойла», «Талап қыл
артық білуге», «Артық білім кітапта, Ерінбей оқып көруге», Ғылым таппай
мақтанба», «Өлең – сөздің патшасы...». Абай мен Алаш әдебиеттануында біздің
ұлттық талғам, ұлттық эстетикалық асыл сөзге қойылған негізгі шарттар
қалыптасты. Осы екі сатылық ілім совет кезінде жоққа шығарылды. Біз басқа
елдерге өзімізді ұлттық болмысымыз, қазақи тектілігіміз, ұлтты ұлт қылып тұрған
адами қасиетімізбен ғана таныта аламыз. Қызықтыра аламыз. Ендігі кезде басқаға
еліктеуді азайтып, ұлттық эстетикаға бабаларымыз орнықтырып кеткен тектілік пен
асыл сөзге қойған шарттарын қазіргі заманға сай қолдана білу бүгінгі әдеби
сынның басты міндеті. Мысалы, қазақ философтары Кеңес үкіметі кезінде Кант пен
Гегельді ғана алға тартып келді. Тәуелсіздік келген соң ғана бұл неміс
философиясы екенін, біздің ұлттық философиямыз бар екенін, оның Асанқайғы мен
Қорқыттан бастау алатынына ден қоя бастады. Қазіргі қазақ философтарының
негізгі зерттеу объектісі – қазақ жыраулар поэзиясы. Өйткені, қазақтың
дүниетанымы оның әдебиетінде қалып тапқанына көздері жетті. Ахмет айтқан асыл
сөз – ұлттың дүниеге деген көзқарасы ғана емес, оның жаны, абыройы. Қазақ
ерлерінің Отанды қорғау жолындағы ерлік істері мен дана сөздері бір жерден
шығатын бабалар мұрасы. Осындай ұстанымдарды тәуелсіз кезде айтпай қашан
айтамыз. Қазіргі әдеби сын осы тақырыптарды алға тартуға тиіс. Мемлекет
тәуелсіздігі үшін әр қазақ не істеу керек, не істеп жүр деген сауалдар қойып,
тек тәннің қажетін ғана қуып жүрген замандастарымызға, жас ұрпақтарға оның
ұлттық рухы бар екенін, қазіргі адамның жанына азық беретін әдебиет бар екенін
ескертіп отыру – әдеби сынның негізгі міндеті емес пе? Қазақтың алып даласы
Майқы, Төле, Қазыбек, Әйтеке сынды билердің ақылымен ғана көгеріп тұрған. Біз
қазір осы рухани билік деген ұғымды ұмыт қалдырдық. Қараңызшы, қазақтың
шекарасын қорғап тұрған тұрақты әскер болмаған, бірақ соншама уақыт бойы
еркіндігін жоғалтпаған. Себебі, ол кезде рухани билік – басты қару еді.
Біз қазір рухани
бостандықты – ессіздік деп түсініп келеміз. Ауызбіршілік тек бизнесте емес,
әуелі рухани салада болса. Сонда экономикамыз үшін де үлкен абыройлы істер
атқарылар еді. Халел Досмұхамедұлы 1923 жылы шыққан «Аламан» атты еңбегінде:
«Отан сезімі, мемлекет сезімі кем, менмендік сезім күйлі құлықты – аламандық
дейміз. Отан бірлігі, Отан намысы, Отанды сақтау сезімдерін ұмыт қалдырып
барамыз», – дейді. Әдебиетшілердің осындай сөзі бізге, кәсіби сыншыларға
аманат. Абайдан рухани азық алған Алаш әдебиеттануының негізгі сөздері: ұлттық
мүдде, ұлттың жаны, ұлттың ары. Ал, сол ұлттың жаны, ұлттың ары қазіргі әдеби
сында жоқ. Жоқ болатыны – біз сол арыстар армандап кеткен, сол жолда шаһид
болып кеткен тәуелсіз кезеңде өмір сүріп отырмыз. «Өнер алды – қызыл тіл», «Сөз
– сүйектен өтеді» дейді қазақ. Олай болса, қазіргі әдебиет неге оқылмайды?
Көркем әдебиеттің – асыл сөздің негізгі міндеті қандай? Сөздің асыл болуы
несімен? Ахмет Байтұрсынов 1913 жылы Абайдың шығармашылығын түсіндіре келе
былай дейді: «Хақиқатты – хақиқат, тереңді – терең қалыбында жазған. Не нәрсе
жайынан жазса да Абай түбірін, тамырын, ішкі сырын, қасиетін қармай жазады.
Нәрсенің сырын, қасиетін қармай жазған соң сөздің бәрі халыққа тіреліп,
оқушылардың біліміне сын болып, емтихан болып табылады. Оқушы – сөзді сынаса,
сөз – оқушыларды сынайды». Абайдың ұлы мұрасын теориялық сараптамаға
түсіргеннен кейін ғана «Әдебиет танытқыш» жазылды. Халел Досмұхамедұлы осыған былай
қосады: «Халықтың құлқы, мінезі, ойы – заманындағы әдебиетінен ғана білінеді.
Әдебиет – халықтың түрлі қимылдарының айнасы». Алаш әдебиеттанушылары «Әдеби
сын – әдебиеттің қайрағы» дегенінен асырып айту мүмкін емес. Міне, ұлттық әдеби
сынға қойылған эстетикалық талғам дегеніңіз осы.
Тәуелсіздік
алған соң ғана қазақ әдеби сынының ұлттық рухани категориялары анықталғанын
естен шығармауымыз қажет. Абай салған, Алаш әдебиеттану ғылымы мойындатып
берген кәсібилікті ХХІ ғасыр басында өмір сүріп отырған біздер жаңғырта
білуіміз қажет. Себебі, бұл ғылыми қажеттілік. Әлемдегі әдебиеттің эстетикалық,
көркемдік тәртіптері, стратегиясы мен стилистикасы өзгеріп жатқан уақытта қазақ
жазушылары заман ағымына ілесе алмай жатқанынан жас оқушылардың қазақ
әдебиетіне қызықпауын көруге болады. Әлемдік әдебиетте болып жатқан
жаңалықтарды біліп отыруға тиіспіз. Соның барлығының біздің әдебиетте жетіспей
жатқанына сыншылардың да кінәлі екенін жасырып қала алмайсыз. Заман өзгерді,
заманның әдебиетке қоятын талаптары өзгерді. Тек әдеби емес, саяси, ұлттық
контексте қазақ әдеби сыны алдына жаңа мақсаттар қоя білуге тиіс.
Ахмет
Байтұрсынұлы Абайдың асыл сөзге деген ерекше көзқарасын, сөздің қару екенін
түсінетінін айта келе, былай дейді: «Сөз жазатын адам әрі жазушы, әрі сыншы
боларға керек. Сөздің шырайлы, ажарлы болуына ойдың шеберлігі керек. Ұнамды,
орынды, дәмді болуына сыншылық керек. Мағыналы, маңызды болуына білім керек.
Абайда осы үшеуі де болған». Бұл шарттар қазақ әдебиетінің басты
қағидалары.
Біздің әдеби
сында ешкімге еліктейтін қажеттілік жоқ. Абай тұр, Алаш әдебиеттану ғылымы бар,
одан бергі уақытта қалыптасқан кәсіби сын бар. Соның бәрін үлгі етіп, қазіргі
әдеби сынға қажетті жетекшілік бағдарлама бола алатын кәсіби сараптама
жасайтын кез келді.
Тоқтарәлі
Таңжарық,
ақын
Түйсіктегі
мөлдір шық
Біз қалай
жазуымыз керек еді? Осы сұрақты өзіме қойдым да, ойланып қалдым... Бір
қарасаңыз, поэзиялық жинақтарды, том-том кітаптарды ақтарсаңыз, бәрі де
жазылған, бәрі де айтылған секілді. Форма дейсіз бе, мазмұн дейсіз бе, дәстүр
дейсіз бе – жеткілікті... Тақырыптан таршылық көрген қазақ поэзиясын көрмедім.
Бірақ тағы да қайталағым келеді, біз қалай жазуымыз керек еді және жаңа ғасырда
нені жазуымыз керек еді?
Бұл сұраққа әр
ақын әрқалай жауап берер. Кеңестік кезеңнің өзінде де алуан тақырыпта, алуан
форма мен мазмұнда жарасым тауып, өлең көшін өрге сүйрегендер жеткілікті. Жаңа
ғасыр ентелеп келіп есігімізді қаққалы да біраз уақыт болды. Дәстүр мен
жаңашылдықтың ортасынан жол іздеп, шарқ ұрып жүрген жастардың легі баршылық. Бірақ
кейде қалың қойыртпақтың иіріміне түсіп, содан шыға алмай қалғандай
көрінетініміз тағы шын. Тәуелсіздік бізге ой мен сенімнің бостандығын сыйлады.
Ақын үшін одан артық еркіндіктің де керегі жоқ. Тек қана жазуды және көп жазуды
мақсат тұтқандар айына бір кітапты толтыруына да болады және ол ізге бір
түссең, тіптен оңай. Бір таңғаларлығы, нені, қалай жазу қажеттігіне бас
ауыртпайды. Көктем, жаз, күз, қыс... сосын махаббат. Табиғатты көруіміз бен
түйсінуіміз онша алшақ болмаса керек, бірінен-бірі аумайтын пейзаждар. Ырғағы
мен ұйқасы бөлек демесеңіз, айтар ойы мен айтпақ дүниесі бір қолдан шыққандай
таптаурынды жырлар... Бәрі біреуді іздейді. Тіпті, кейіпкерлері бір адам ба
дерсіз. Аһ ұрған, ышқынған, айғайлаған, үнсіз жылаған, кемсеңін өзі
жасырғанмен, сөзі жасыра алмаған қаптаған шумақтар... Ғаламтордың қазаққа енуі
ақындарды он есеге молайтты. Бәрінің қалың қолпаштаушысы мен «жарайсың» дер
жанашырлары бар. Бір ағамыз солардың басын қосып, ұзын-сонар зерттеу жүргізуде.
Сөзіне сенсек, қазақ поэзиясына бұрын-соңды болмаған құбылыстар келіпті. Бәрі
жаңашыл екен. Бәрі әлемдік поэзияның ерен майталмандары көрінеді. Ал біз
іздейміз ғой, оқимыз ғой, білгіміз кеп. Күнделікті, қатардағы жырлар. Қолына
қалам ұстағанның бәрі әлемдік классик болса, бұл қазақтың бағы бұдан гөрі бес
елі жоғары болса керек еді... Тіпті, мазмұнын, нені жазғанын айтпалық, тек
формасының өзі жетілмеген кемтар. Кемсаналы оқырман үшін «қатырдың», «жардың»,
«лаулаттың». Ал әдебиеттің киесі қайда? Сөздің иесі қайда? Осылай дей бастасаң,
көре алмағандардың санатына сыпыра салады. Ал енді сөйлеп көр. Оқырмандық
талғамның деңгейіне түсіп алып, бүлкілдей беру сәнге айналды. Асыра айтса,
батырсың дейді. Жасыра айтса, ақымақ, қорқақ, махамбеттік екпін жоқ, мағжандық
қиял жоқ деп өзеурейді. Сосын... ойланады бозбала мен бойжеткен, оқырмансыз
қалам ба деп қорқады жазбай жатып... Жыр түзелуі үшін сауатты оқырман керек.
Жыр көші оңға басу үшін сарабдал сыншы керек.
Біз тұйық
қапаста өмір сүріп жатырмыз. Еліміз әлемнің барлық жұртымен интеграцияға түсуге
пейілді... Бірақ мәдениетімен, өнерімен, әдебиетімен емес, байлығымен,
шикізатымен, жемқорлығымен. Алыстағы ана бір елдерді айтпай тұра тұралық,
қасымыздағы қырғыз, өзбек, түрікмен ағайындардың жастары не жазып, не қойып
жатқанынан бейхабармыз.
Өз басым, «ұйқасы
шымыр, мазмұнды, тілі төгіліп тұр, ойы ұшқыр» секілді жалпақ тілмен талданатын
бүгінгі сынға қайранмын. Кіл жақсы өлеңдердің де дәурені өткен ғасырдың
сексенінші жылдарында қалып қойғанына иланбасам да, иланамын. «Жақсы жыр»
жазылып біткенін, енді біздің «жақсы» деп ойлар өлшемге симайтын жырлар жазылуы
керектігін түйсінемін. Бірақ өлшемге симайтын жырды өлшеммен өлшеп, шетке
ысыруға тағы қарсымын. Әдебиет ақын-жазушының көптігімен емес, қазіргі қазақ
руханиятын өз көзімен көре алатын сұңғылалығымен дамиды. Оған талпыныс жасаған,
жасап та жүрген жастар шоғыры баршылық. Тек қалыптасқан үрдіс, поэзия жайындағы
әбден сіңісті болған байлам тұсау салып келеді. Ағаларынан мақтау естімеген
кейбір замандастарым солардың өздері құсап жазып, сосын марапат алуға, кем
дегенде, тегін мақтауды естуге үйірсектеп кетті. Мүшәйраларда жүлде алатын
жырлар сондағы әділқазылардың поэзиясы секілді «бір қалыпты, түзу сызықты»
болып келеді. Оған етіңді үйрету үшін поэзия жайындағы өзіндік эстетикалық
тұғырыңды қайта қалыптастыруың керек немесе оның шақ-шәлекейін шығарып бұзуға
тиіссің. Бұл – мағынасыз қадам.
Эстетика – сенің түйсігіңдегі мөлдір шық. Оны лайласаң, соған сай жыр туады. Одан гөрі бір сәтті қадам бар: жазбай жүріп-ақ, жазу...
Қазақ әдебиеті