THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Бізде жалқы
есімдерді емле ережесіне сай жазу 1941 жылғы «Қазақ тілінің орыс графикасына
негізделген жаңа алфавиті мен орфографиясы», одан кейін 1957 жылы ресми түрде
қабылданған «Қазақ алфавиті мен орфография ережелері» негізінде жүзеге асып
келеді. Әсіресе, жаңа емле ережесінен соң жалқы есімдерді сауатты да дұрыс
жазу, бір жүйеге, әдеби тіл нормасына келтіру бағытының өріс алғанын анық
байқаймыз.
Алайда ережені
толық басшылыққа алмау салдарынан, баспасөз орындары мен көркем әдебиетте,
әсіресе, фамилиялар мен есімдерді ала-құла жазу кездесетінін оқытушы Жортуыл
Ырысақов («Қазақ әдебиеті» газеті, 16 апрель, 1971 жыл) орынды сөз өткен.
Шындығында, фамилиялар мен есімдердің жазылуына немқұрайлы қарау – қынжыларлық
жайт.
Әлбетте, кісі
аттары тіліміздегі сөздік құрамға жатады да, қарапайым сөздер сияқты, тілдің
ішкі заңына бағынып, морфологиялық принцип бойынша жазылады. Мәселен:
Аманкелді, Жанболат, Алпысбай, Аққозы, Досжан, Ырысбай, Ырысбек, Ырыскелді,
Ырысқұл, Жексенбай, Жанқойлық, Елқонды, т.б. Кейде қайсыбіреу өзінің атын,
немесе фамилиясын өзінше «түзетіп» жазып, сол дұрыс деп ойлайды. Ондайға келісе
алмаймыз.
Жалпы, адам
есімдерін дұрыс жазбау сауаттылығымызға, мәдениеттілігімізге нұқсан келтірумен
қатар, тіліміздегі сөздердің берік қалыптасуына кесірін тигізеді. Мәселен:
Жампейіс, Байғозы, Белғожа, Божжан, Болатпек, Ботпай, Досқайыр, Дүйсенбек...
Жазылуы әлі де
қиынға соғып жүргендердің бір ұшы араб-парсы тілдерінен келген есімдер
төңірегінде жатыр. Олар тілімізге енгелі ғасырлар өтіп, айтылуы мен мағынасы
көп өзгерген. Дыбыстық заңымызға бағынып, берік қалыптасып та кеткен.
Сондықтан, осы жағдайды ескере отырып, орфографиялық ережеде шығыс және басқа
көршілес елдердің тілдерінен енген сөздер қазақ тілінде қалыптасқан күйінде
жазылады делінгені мәлім. Ондай есім – фамилиялар халықтың сөйлеу тілінде түрлі
формада қолданылады да, сол қалпында жазыла береді. Мәселен: Омаров, Ғұмаров,
Құмаров; Ғалиев, Қалиев; Жүсіпов, Нүсіпов, Түсіпов; Ғабдуллин, Қабдоллин; Айша,
Ғайша, Қайша; Фатима, Бәтима; Махамбет, Махмет; Нұрмағамбет, Нұрмұқамбет, т.б.
Ал енді
бірсыпыра қазақ есім-фамилияларының жазылуы тікелей дыбыс алмастыру,
фонетикалық будлеттермен байланысты. Бұлардың біреуін ғана әдеби тілімізге
норма ретінде аламыз. Ыдырысов, Ыдрыс, Едіріс, Ідіріс дегендердің Ыдырыс
варианты ғана әдеби норма ретінде алынады.
Қарапайым сөйлеу
тілде осы сияқты түрліше дыбыстық мәнерде айтылатын жалқы есім орасан көп.
Мәселен: Ғылман, Ығылман; Ысқақ, Исқақ, Исхақ, Сқақ; Ысмайыл, Сымайыл, Исмаил,
Смаил; Ысмағұл, Сымағұл, Смағұл, Исмағұл; Сейіт, Сеит; Ермұқамбет, Ермағамбет,
Жармұқамбет, Жармағамбет; Жауһар, Гауһар; Зура, Зуһра; Ғалия, Қалия; Қанипа,
Ханифа, Әлипа; Қадыр, Кәдір; Ыбырай, Ыбрай, Ыбрайым; Сәбира, Сабира, т.б.
«Бұлардың
қайсысын негізгі етіп алу керек?» деген сұрақ заңды да орынды. Халықтың сөйлеу
тілінің ықпалымен түрліше дыбыстық өзгеріске түскендерден ережеге сай Ысқақ,
Ыбрай, Ыбрайым, Ғылман, Сейіт, Смағұл, Смайыл, Сәбира сияқтылар әдеби тілімізге
бейімделіп қабылданғаны жөн. Ал басқа қатар, жарыса қолданылып жүрген
Нұрмағамбет, Нұрмұқамбет; Абдолла, Қабдолла, Ғабдулла; Жауһар, Гауһар; Қадыр,
Кәдір... сол қалпында жазыла береді. Бұл сияқты жарыса қолданылып жүрген
(дублет) сөздер әдеби тілімізде де жиі кездеседі. Мысалы: кәдір, қадыр; кәзір,
қазір; егер, әгәр; бәлки, бәлкім т.б.
Жалқы есімдердің дұрыс жазылып, дұрыс қолданылуы заңдылығын негізгі ережеге сай берік сақтап отыруымыз керек. Бұл ретте 1963 жылы жарық көрген «Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі» мен 1968 жылы шыққан «Қандай есімді ұнатасыз?» атты кітапшаны қосымша пайдалануымыз қажет. Бұларда фамилиялар мен кісі аттарының сөздігі бар.