КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

Қазақ тілі мамандарының шетелмен байланыс орнатуы басқа мамандықтарға қарағанда, оңайға түспейді. Өйткені қазақ тілінің ең өзекті мәселелерімен қазақтар ғана айналысады. Шетелдіктерді қазақ тілінің жағдайы аса көп ойландырып, олардың жандарын ауырта қоймайтыны белгілі. Бірақ өзге елдермен жан-жақты қарым-қатынас жасасу РһДд – философия докторларын дайындау үшін де, өзге елдермен интеграциялық байланыстарды орнату үшін де керек-ақ. Соңғы үш-төрт жыл көлемінде университеттің қазақ филологиясы кафедрасы интернет арқылы қырғыздармен, өзбектермен, түріктермен, әзірбайжандық әріптестермен байланыс орната алды. Бірақ олар біздің қызметімізге зәру емес, лекцияларымызды тыңдап, дәрістер өткізуге шақыруды ойларына да алмайды, себебі өз кадрлары жеткілікті, өз тілдерінің проблемасымен өздері айналысады, ал біздің оларды шақыруға мүмкіндігіміз аз. Осылай ұзақ ізденіс, өзара байланыстардың арқасында ҚХР-ның Бейжін қаласындағы Орталық Ұлттар университетінен ресми жауап келіп, олар бізді өздеріне шақырды.
Қытай жағы жүргізілетін пәннің атын, оқитын лекциялардың нақты тақырыптарын жіберуді сұрады, орта есеппен 40 сағат лекция оқылатын болды. Бір пәннен 40 сағат лекция оқу оңай емес, сондықтан «Қазақ әдеби тілінің тарихы», «Қазіргі қазақ тілінің морфологиясы», «Лингвистикадағы жаңа бағыттар және қазақ тіл білімі» атты үш бағытта дәріс оқуға даяр екенімізді білдіріп, сабақ тақырыптарын жібердім.
Аса ұқыпты қытай жағы сабақ кестесін де жиырма күн бұрын қолыма тигізіп, келіспейтін тұстарым болса, өзгертуге даяр екендіктерін білдірді. Оқылатын дәріс бірнеше күнге бөлініп, түскі сағат бір мен үштің, кешкі жеті мен тоғыздың аралығына кестеге ендірілген-ді.
Осылайша Қытай Халық Республикасының астанасы Бейжін қаласына жол түсті.
Ат шаптырым аумақты алып жатқан Бейжіннің алып әуежайы. Ресми тіркеулерден өтіп, шығар ауызға жеткенде, аз-кем дағдарып, танымайтын, тілін білмейтін өзге жат жұртта тұрғанымды енді сезіндім. Шығар ауызға тақай бергенде қазақ сөзін естіп, қуана жалт қарағанда, өзіме тура келе жатқан екі қазақ көрінді. Сөйтсем, оның бірі өз ағайынымыз, ал екіншісі қытайлық болып шықты. Бірақ іші-бауырыңа кіріп, қазақша сайрап тұр.
Бейжін Орталық Ұлттар университетінде жыл сайын 30-дан астам студент қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі деген мамандық алып шығады. Бұл жас мамандар Қытай қазақтары көп шоғырланған Алтай, Іле, Құлжа және Шыңжаң (СУАР) аймақтарындағы мектептерде жұмысқа жіберіледі. Факультет мамандарының айтуына қарағанда жыл өткен сайын қазақ тілі мен әдебиеті факультетін бітірушілерге жұмыс орнын табу қиындап бара жатқан көрінеді. Себебі, соңғы он жылдықта Қытай саясаты өзгеріп, балабақшадан бастап, орта мектептерде қытай тілін толық біліп шығу, қытайша оқу белең алып, аз ұлттар өкілдерінің алдына міндет етіп қойылған. Ханзу тілін жете білмеген, мектепті ханзуша бітірмегендерге жұмыс табу, қызметтік сатыларда көтерілу мүлде мүмкін болмай қалған (бір кездегі өзіміз бастан кешкен орыс тілінсіз күн көру мүмкін болмаған секілді). Осы саясат, бәсекелестік мәселесі аз ұлт өкілдері жиі қарайтын телеарналардан күніне бірнеше рет көрсетіліп, белсенді насихатталып жатады. Тіл білудің арқасында тірліктерін түзеп, бақуатты тұрмыс құра бастаған өзге ұлт отбасылары туралы репортаж, деректі фильмдер көрсетіледі. Отбасы мүшелерін, әсіресе жастарды сөйлетіп, ханзу тілін білудің артықшылықтары дәріптеледі. Осылайша, бұл күнде Қытайда тек қазақ емес, басқа да аз ұлт өкілдерінің өмірден өз орнын табуы, қызметке орналасуы тікелей мемлекеттік тілді білуіне байланысты болып, күннен –күнге ана тілдерінің өрісі тарылып келеді.
Бұрын аталған университетте қырғыз, қазақ, моңғол тілі мен әдебиетінен мамандар даярланып келген екен. Бірақ келе-келе қырғыз бөлімі жабылып қалған. Ал ханзулар «Ішкі Қытай» деп атайтын Гобби аймағын мекендейтін моңғолдардың факультеті қазақ бөлімімен бір қабатта орналасып, әлі жұмыс істеп тұр.
Бейжін теледидары 68 арна бойынша хабар таратады. Оның бірі моңғол тілінде, екеуі ұйғыр тілінде, бірнеше арнасы ағылшын тілінде хабар жүргізеді. Арнайы қазақ тілінде арна да бар. Таңғы хабарын Қытай коммунистік партиясының ұранымен бастайтын 60-қа жуық арна ханзуша ғана сөйлейді.
Менің бір аңғарғаным жас буынның білім алуға ынтасы жоғары, студенттер лекцияны ынты-шынтымен тыңдайды. Менің алдымда үш жыл бұрын осы факультетте жазушы, профессор Тұрсын Жұртбаев ағамыз лекция оқыған көрінеді. Сонан соң, Қазақстаннан келіп тұрған екінші адам екенмін және тіл мамандарының алғашқысы болып шықтым. Студенттердің ұғымында Қазақстаннан келген қазақтар тек орысша сөйлейді, ілуде біреуі ғана қазақша біледі деген ұғым қалыптасқан. Олар өздерінің қазақшасын нағыз таза, «мөлдір» тіл деп түсінеді, ең қызығы, Қазақстандағы қазақтардың ауызша сөйлеу дәстүрі, интонациясы бұзылған деп санайды.
Факультетте жасы келген ақсақал оқытушылар, орта жастағы мамандар, бірді-екілі жастар бар. Ең үлкендері профессор Гың Шымин, атағы әлемге танылған түркітанушы, ірі ғалым. Келген бойда менен профессор Алтай Сәрсенұлы Аманжоловтың есендігін сұрады. Жасы сексенге келген ақсақал 1960 жылдары қазақ тілінің грамматикасынан, оның ішінде синтаксиске арналған бірнеше оқулық жазған. «Бұдан қырық жыл жылдай бұрын қазақшаға судай едім, қазір ұмытыңқырап қалдым», – дейді күліп. Қазақшасы тұнық, оқулықтары да әлі күнге ғылыми ортада бағасын жоғалтқан жоқ. Қытай тілінде «Мен және түркология» атты көлемді мақала екен, соны аударып, Қазақстандағы ғылыми журналдардың біріне бастыруымды өтінді…
Факультет деканы профессор Жаң мырза қазақ тілінің грамматикасымен, оқыту әдістемесімен айналысады, түркология мәселелерімен шұғылданады. Ол да бірнеше оқулық пен оқу құралдарының авторы, білікті маман, қазақша өз мәнеріне келтіріп мақалдап, асықпай таза сөйлейді. Қазақ тілін оқытатын білікті мамандардың енді бірі – Еркін Ауғалиұлы бауырымыз. Тілдің тарихын, ескерткіштердің тілін зерттеумен айналысып жүрген ғалым жігіт. Қытай ғылыми тілін жете білетін, қытай жазбаларын да, көне түркі ескерткіштерді де еркін оқып-түсінетін, қандай түркологиялық мәселе қозғалса да өз айтары бар пісіп-жетілген ғалым.
Бейжіндік студенттер бірде-бір лекцияны жібермей тыңдап, сұрақтар қойып, қызығушылық танытты. Мені таңғалдырғаны – оқытушылар құрамының түгел келіп лекцияға қатысқаны, бәрін жазып алып отыратын ыждағаттылығы, әріптес ретінде еңбегіңді бағалауы. Әдетте ұстаздар қауымының мақсаты үндес: дүниежүзіндегі ЖОО-лар жүйесін бітіруші түлектің бәсекеге қабілеттілігі, оқытудың мобильділігі, білім сапасын әлемдік дәрежеде мойындауы, яғни сапалы білімнің қызметке орналасудағы кепілділігі сынды мәселелер толғандырады.
Жалпы қытай тілінің бір ерекшелігі – ол қандай бір салаға байланысты болсын негізінен термин сөздерді өз тілінде қолданады. Сол себепті компьютерге байланысты терминдер де негізінен өзіндік төл сөздер. Ал жергілікті қазақтар да осыған орайластыра компьютерге байланысты атауларды қазақ тіліне аударып, өзіміздің төл сөзбен беруге тырысады. Бірақ студенттер мен бірқатар оқытушылар тіліне қытай сөзі әбден енген, тіптен цифрларды қытайша айта салуға әдеттенген. Қолтелефон (мобильді телефон) тетіктерін де қытай сөздерімен атау жергілікті қазақтар үшін әлдеқайда оңай.
Қытай қазақтары компьютер тілін түгел қазақшалап, терминдердің сөздігін шығарып қойған екен, бірақ ол кітапты қолға түсіре алмадым. Тағы бір байқалатын жағдай жастардың компьютер тетіктерінің қытай тіліндегі варианттарын тез еске түсіріп, жиі қолданатындығынан көрінді. Бұндай жағдайды біз өзімізде де орыс тілінің басымдық дәрежесінен байқап жүрміз ғой. Студенттердің сондай-ақ мүше, торап ат, кілтсөз (пароль), тораптас, бекет жауапкері, бекет бастығы, әріпсәйкештіргіш, әріпалмастырғыш, достық жалғаным, лездік жалғаным, жолдама, нұрбелгі (курсив), бостық кнопка (пустой удар), ақылы деталь (интернеттегі материалдарды түсіріп алу), ортақ деталь, ғаламтор (интернет), торап жарнама, сұхбат үні, тораптық қазына, торап сөздігі, ерен електеме, кері қайтару, торап ескертпесі, т.б. сөздерді, атаулық тіркестерді жиі қолданатынын байқадық.
Сөз соңында Қытайда болған азғана уақытта ана тіліміздің болашақ жай-күйі турасында мынадай ой-пікірлер көкейге оралды. Біріншіден, қытай қазақтарының фольклорын, сөз қазынасын, диалектілік ерекшеліктерін жинауға студенттерді жұмылдырып, экспедиция ұйымдастырса құба-құп болар еді. Өйткені университет бағдарламасы бойынша диалектілік тәжірибе оқу стандарттарында бар, оған арнайы қаржы бөлінеді, белгіленген мерзімі бар. Екіншіден, Қытайдағы қандастарымыздың тұрмысында әлі де қаймағы бұзылмаған қазақы тірліктің нышандары баршылық. Олар қолданатын материалдық лексика элементтерін, тұрмыстық заттарды суретке, қағаз бетіне түсіріп алса, үлкен олжа болар еді. Үшіншіден, Бейжін Орталық Ұлттар университетіндегі қазақтың өрімдей жас балаларының әлемдік ғылыми білім-дәреже алып шығуы үшін екі ұлттық университет арасында берік ғылыми қарым-қатынас орнатып, ұзақ мерзімді университетаралық келісімшартқа қол қойылса, кәнекей. Оған қытай жағы дайын екендіктерін білдіріп отыр. Ал Бейжінге барып лекция оқып, дәрістер жүргізуге ҚазҰУ-дің қазақ филологиясы кафедрасының ғылыми-педагогикалық мүмкіндігі толық жетеді. «Елдестірмек елшіден» дегендей, білім-ғылым жұғыстығы қашанда ырыс. Ал алыстағы қандастарымызға қол ұшын беру, тәжірибе алмасу ана тіліміздік әлемдік беделін көтерудің бір жолы болса керек.

«Ана тілі»

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз