КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

    Белгілі жазушысы Әбіш Кекілбайұлының «Үркер» романы - кіші жүз руларының Ресей Империясына қосылған кездегі жағдайды сипаттайтын көлемді тарихи шығарма.
    Роман қазақ халқының басынан өткен аса ауыр кезеңдерді, XVII-XVIII ғасырларда орын алған ірі-ірі оқиғаларды негізге ала отырып, нақты тарихи деректерге сүйеніп жазылған.
    Шығарманың сол кездегі саяси идеологиямен санаса жазылғандығы 1981 жылы жарық көрген романының аннотациясында ашық айтылған:
«Әбіш Кекілбаевтың бұл кітабы Қазақстанның Россияға қосылуының 250 жылдығына орай жазылған... Шығарма халық тағдырының алды үмітсіздеу, белгісіз бір кезеңінде Әбілқайыр ханның орыс патшасына бодан болуға рұқсат сұрап, елші жіберіп, соның жауабын сарыла күткен күпті күйін суреттеуден басталған. ...Романда Қазақстанның Россияға қосылуының табиғи заңдылығы шынайы көрініс тапқан».
    Романдағы бүкіл оқиға дамуы, әрекет, өмір құбылыстары — бәрі де оның негізгі қаһарманы Әбілқайырдың көзқарасымен байланысты дамиды, соның ой-елегінен өте көрсетіледі. Осы тұрғыдан Әбілқайыр есімі романның екінші аты болуға да лайық. Әбілқайыр романда әр қырынан көрінеді. Ең алдымен, ол — хан тұқымы, сұлтан. Осы тұқымға тән билікқұмарлық, эгоистік сезімдерден де ол құр емес. Әбіш оның сұлтандық психологиясына да үңіле біледі. Оның көз алдына көкпен таласқан күмбез бен алдында жыртылып-айырылып тұрған қалың казақ елестеуі де осы сезімнің көріністері. Бұл — заңды да, хан тұқымының бәрінің басында болатын жай. Тұқым қуалаған хандыққа ертелі-кеш ие болатынын білетін олардың психологиясында соған тезірек жетуге құмарлық, өзімшілдік сезім басым болды. Олар қазіргі іс басындағы бауырларына қызғанышпен қарады, реті келсе, сол орынға тезірек жетуді қарастырды. Әкесін, туысын өлтіріп, хан болғандар бұл тұқымдарда аз емес-ті.
    Алайда, Әбілқайыр жаратылысы бұлардан өзгешелеу. Ол ішін тырнаған эгоистік сезімдерін баса біледі, бірден көзге түсіп, билікке де ұмтылмайды. Хан тұқымына, жалпы билік басындағы адамдарға тән данғойлықтан, кеудесоқ мінезден де аулақ. Өзін қарапайым, сыпайы ұстап, халықпен ойлы, салмақты қарым-қатынас жасайды. Көп ортасында болады, сөз тыңдауға, адам тануға ұмтылады. Әбілқайырдың бұл мінезінде хан тағына өзін іштей дайындау сезіледі. Оның осы жолдағы адамдық ізденістері, мінез-құлқын қалыптастыруы, толысуы ерекше қызықты. Романда сол кездегі ел өмірінің кең тынысымен астасып, жарқын бейнеленеді. Әбілқайырдың кедей деп кем тұтпай, Тайланды тең ұстап дос болуы — оның азаматтығын танудан туған білімділік. Тентек інісі Мамай Тайланға зорлық жасап, шұбар атын тартып мінгенде де, ол інісін жазалап, әділдік жағында қалады. Осыны байқаған Әйтеке би: «Төренің бағы — қарашаның қайраты. Қарымдыдан құрдас жиғаның жөн екен» — депті. Әйтеке сөзі хан тағына отырғаннан кейін де Әбілқайырға сабақ боп қалғаны аңғарылады.
    Роман оқиғаларына естелік күйінде, лирикалық шегіністер арқылы араласатын Төле, Әйтеке, Қазыбек билер бейнелерінде де әділдік аңсаған халық ойларының, даналықтың сипаттары жинақталған. Жалпы романда қазақтың халықтық қасиеттері, ұлттық психологияға тән жақсылық пен жиренішті кемшіліктер сүйсіне, қазыла айтылады. Олардың көбі аталған халық өкілдерінің көзқарасымен сұрыпталып беріледі.
    Әбілқайырдың Ресейге қол артуы, оған бағынуға ант беруі жалпы қазақ мүддесіне де, оның мұсылмандық салтына да, халықтық дәстүріне де қайшы емес екенін, оған қарсы болушылардың ойы тек түсінбестік пен бәсекелестіктен туғанын көрсетуге жазушы ерекше көңіл бөледі. Бұл қарапайым халықтардың мүдделестігінен, тіл табысуынан да танылады. Зердебай қызы Торғынның Костюковпен байланысын ханның орыстарға жағыну үшін ұйымдастырған ісі деушілердің жеңілісі де Әбілқайырдың үстемдігін танытады.
    Романда игі істің басында тұрған Әбілқайыр ханмен бірге бірталай батырлардың жарқын образдары жасалады. Олардың ішінде Бөкенбай, Есет, Жәнібек батырлар ерекше көзге түседі. Ел қорғау, кек қайтару жорықтарында ерлігімен көзге түскен бұл батырлар нағыз халық қамқорлары ретінде суреттеледі. Ел тағдырын Әбілқайырмен бірге ойлап, оның идеясының іске асуына тілек те, білек те қоса біледі. 
    Сайып келгенде, романның негізгі мазмұны, идеялық нысанасы – қазақ елінің Ресеймен одақ болу, ынтымақтасу қажеттілігін дәлелдеу, мұның бірден-бір дұрыс, нағыз прогрестік жол екендігін айқындау, ашып айту. Сондықтан да еңбектің құрылысы – тығырық, елшілік, арбасу және айқас деп аталатын бөлімдері – жаңағы алға қойылған проблемаларды көркем шығарма құралы – тілі арқылы көрсетуге бағындырылған.
    «Үркер» — реализмі бай шығарма. Онда сол кездегі қазақ қоғамының өмірі, оның көрші елдермен тартысты тіршілігінің алуан түрлі шындығы терең суреттелген. Жазушы тарихи оқиғалар ізін сақтай отырып, сол арқылы ел тағдыры, халық өмірінің кешегісі, бүгінгісі, ертеңі жөнінде ойланады. Әбілқайыр ұстаған жолдың көрегендігін дәлелдейді. Романда қазақтың ұлттық ерекшеліктері, халықтық салт-санасы, ұғым-түсініктеріне қатысты материалдар мол келтіріледі. Автор жақсыны мадақтай, ұнамсыз жайларға сын көзімен қарай жазады. Әсіресе Мәртебе, Құлтөбе, Ордабасы жиындарындағы үш атыраптан бас қосқан елдің думанды мерекесі — реалистік бояуы қанық суреттер. Осы жиындар мен ондағы ел тіршілігі, аға билердің өнегелі сөздері халық санасында қалыптасқан шешендік өнер поэтикасына негізделеді. Роман айтар ел тағдырына қатысты ақылды ойлар, халықтың мінез-құлқы сол елдің мекені болған даланың кеңдігін бейнелейді. Халықтық характерлерде де осындай сипат басым. Ерлік те, сөз ұстар тапқырлық та сол ортаның шындығынан туады.

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз