КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

    Әртүрлі тарихи кезеңдердегі халық тағдыры, тіршілікте егіздің сыңарындай келетін жақсылық пен жамандықтың күресі, ішкі иірімдерге мол, сан қилы кейіпкерлердің жан дүниелерін дәл ұғып, олардың сезім пернелерін айнытпай басып, оны көрерменге жеткізе білу қасиетті сахна – театрдың парызы. Өткен ғасырдың 20-жылдары бастау алған қазақ ұлттық театр өнері содан бергі кезеңде қалыптасу мен дамудың ұзақ жолынан өтіп, өркениетті елдердегі сахна саңлақтарымен терезесі тең тұратындай дәрежеге жетті. Театрларымыздың мұндай биікке көтерілуіне ұлттық драматургия өкілдерінің, яғни қазақ қаламгерлерінің қосқан үлесі ұшан-теңіз. Бұл ретте, Мұхтар Әуезов пен Ғабит Мүсірепов сынды тұлғаларымыздың есімі бірінші ойға оралады. Қазақ топырағында осынау театр өнерінің алтын діңгегі – драматургияны дамытқандар қатарында Жүсіпбек Аймауытов, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Сәбит Мұқанов, Жұмат Шанин пьесалары ұлттық классикалық дәстүр жолын қалыптастырып, кейінгі толқын драматург-қаламгерлер шығармашылығы арқылы жалғасын тапты. Ал бүгінгі таңда қазақ театрын әлемге танытатын қазақ драматургиясының жаңа толқынымен мақтана алмауымыз қынжылтарлық жайт болып отыр. Тіпті 45 пен 55 жас арасындағы пьеса жазғандарды жас драматург деп айту әдетке айналды. 60 пен 70 жас аралығында алғаш пьеса жазып драматург атанып жатқандар да бар. Оларды жас драматург деп айтып жатуымыз осынау театр өнеріне жетістік емес екені анық. Осы орайда көкейімізге «Ұлттық театр болашағынан үміт күттіретін дарынды жастар толқынын қалай қалыптастырамыз?», «Жас драматургтер неге жоқ?» деген сауалдар еріксіз ойға оралады.
    Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгелі қазақ мәдениетін дамытуға жаңа серпіліс қажеттігі туындады. Ұзын саны 60-тан асатын қаншама кәсіби театрлар бой көтерді. 31 қазақ театры, 9 қуыршақ театры, 16 орыс, 4 ұлттық, 6 жекеменшік театрлар бар. Қалай айтсақ та, театрларымыздың өсіп-өркендеу деңгейі драматургия өкілдерінің еңбегімен бағаланатыны анық.
    Соңғы жылдары көрермендер тарапынан қазіргі қазақ театры сахнасынан бүгінгі қоғамның көкейкесті мәселелерін қозғайтын өткір қойылымдарды көру мүмкін болмай тұр деген пікірлерді жиі естиміз. Қазақ театрында құлдырау байқалады деген де пікірлер айтылып жатады. Сонда қазіргі қазақ драматургиясы бүгінгі қоғамның талаптарын орындай алмай отырғаны қалай деп те таңғаласың. Күні кеше ғана М.Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық театрға Ресейдің белгілі режиссері Надежда Птушкинаны шақыртып, Шекспирдің «Отелло» атты шығармасы қойылып, көрермендер оны жылы қабылдаған еді. Бұл қойылым туралы түрлі пікір айтылды. Алайда айтпағымыз басқа. Жуықта «Айқын» газетінің 15-мамырда шыққан санында аталмыш қойылымның режиссері Надежда Птушкинаның «Тригоринше айқайлағым келеді» деген сұхбаты жарық көрді. Бұл мақалада өзіміз елге шақыртқан ресейлік режиссер қазақ театры өз қазанында қайнап жатқанын, еуропалық театрға қызығушылық танытпайтынын, қазақ театрының әлемдік театрлық бәсекелестіктен сырт жатқанын айтады. Драматургия хақында ол «Қазақ драматургиясының деңгейін көтеру өте қажет. Егер лайықты драматургия болса, режиссура деңгейі өзінен-өзі өседі. Сол арқылы көрерменнің қабылдау деңгейі де өседі. Әлем театрларында қазір түрлі процестер жүріп жатыр. Бір жерде құлдырау байқалса, келесі бір жерде күтпеген серпілістер бар. Осы құлдыраудың да, серпілістің де себебін зерттеу керек. Сол білікті қазақ театрына қолдану керек. Мен сырт адаммын, сондықтан мені шақырып, өзімнің идеяларымды іске асыруға талпынуыма мүмкіндік берген театр әлемін сынағаным да жақсы емес болар» деп сыртқы сын көзқарасын айтты. Байқап отырсақ, өзіміз елге тартқан ресейлік режиссердің өзі қазақ драматургиясының деңгейін көтеру мәселесін тілге тиек етіп отыр. Демек, біздің қозғап отырған мәселе өзекті. Осы ретте осыдан тура сексен жыл бұрын жазылған Мұхтар Әуезовтің «Жақсы пьеса – сапалы әдебиет белгісі» деген мақаласын мысалға алуымызға болады. Бұл мақалада: «Көркем әдебиет ішінде көпке жететін, дегені дөп тиетін, әсері көп болатын түр – драма» делінген. Ұлы жазушы бұл мақалада драмалық шығармалардың ерекшеліктеріне тоқтала отырып, бұл жанрға жаңадан талпыныс жасаған жастарға үлгі боларлықтай тұшымды ойлар айтады. Әуезов айтқандай, «негізгі мақсат – даттау емес, өзара сын…» демекші, туындылардың кемшін, олқылықтарын айтудың да маңызы зор. «Үлкен кемшілігіміз – пьесалардың құрылысы әлсіз. Драма – әдебиеттің ең қиын, ауыр түрінің бірі. Біз соның техникасын біліп, жеткеніміз жоқ» деп М.Әуезов сол замандағы драматургияның кемшін тұстарын да көрсетіп атайды. Бұны айтып отырғанымыз, М.Әуезов Мемлекеттік драма театрында, яғни қазіргі Әуезов театрында қызмет істеген жылдары әдебиет бөлімінің меңгерушісі бола тұра осындай ойлар айтып, драматургия саласына жаңа толқынның келуіне айрықша көңіл бөлді.
    Өнер эксперимент арқылы дамитынын ескерсек, жақсы сапалы драматургияның жоқтығы театрдың құлдырауына әкелетінін ұғынған абзал. Біріншіден, бүгін театрда сахналанатын шығармаларды мемлекет тарапынан іріктеу, бақылауға алу жоқ. Екіншіден, жасы 50-ге жетпеген қаламгерлердің шығармалары театрда қойылмайды. Яғни ұрпақ арасында сабақтастық пен байланыс жоқ. Көрерменінің ойынан шығу үшін бүгінгі күнге жаңаша көзқараспен қарайтын жас қаламгерлер шығармалары сахналану керек емес пе?! Қазіргі таңда жас деп жүрген драматургтеріміздің өзі елуді еңсерген адамдар. Әзірге, бұл авторлар ұлттық драматургияға мынадай жаңалық қосты деп дабыл қағудың да реті жоқ. Олардың ұстанған бағыты да, айтар ойы да біржақты болатыны айтпаса да түсінікті. Себебі атам заманнан драматургтердің қалыптасу уақыты 25-30 жас. Шекспир, Гоголь, Әуезов алғаш пьесаларын аяқтағанда өздерін келер күннің классигі боларын сезген жоқ. Жастықтың күші де сонда жатыр. Осы ретте бізде жас драматургтер бар ма деген сауалмен белгілі театр сыншысы Әшірбек Сығаймен тілдескен едік. Оның айтуынша, драматург болу қаншама адамның елегінен өтіп, көпшілік көңілінен шыға білуді, еңбектенуді талап етеді. Ал бүгінгі жастар бірден танымал болғысы келеді. Міне, сондықтан мұндай жауапты жанрда бой көрсетіп жүрген жастарымыз аз екен. Бұған қоса Әшірбек Сығай қалам тартып, бұл салаға бейімделіп жүрген жастар шығармаларының сахнаға лайықтылығын ескермейтінін, әлі де болса олардың аз еңбектенетінін айтады. Расында ақпараттық технологиялар қарыштап дамып жатқан бүгінгі заманда жастар театрдан гөрі телевидение мен киноға қызығатын сияқты. Бүгінгі күндері Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында «кино, теле драматургия» мамандығы бойынша білім алып жатқан жастар аз емес. Бұл ретте, аталмыш оқу ордасының профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі драматург Сұлтанәлі Балғабаевтың пікірін білуді жөн көрдік. Ол бұл мамандықта жылына 6-7 студент оқитынын, білім алып жатқандар арасында болашағынан үміт күттірер жастар аз емес екенін айтты. Соңғы уақытта драматургия саласындағы жас толқын да біршама жақсы көріне бастады. Бұған Мәдениет министрлігінің жыл сайын жариялайтын «Тәуелсіздік толғауы» атты конкурсы да оң ықпалын тигізсе керек. С.Балғабаев соңғы бір-екі жылда осы бәйгенің жеңімпаздары қатарынан Гүлжайнар Халдина, Еркінбек Серікбай, Мерей Қосын сынды жастар бой көрсетіп жүргеніне тоқталды. Бұл, әрине, қуантарлық жайт. Бұндай байқаулар жастардың пьеса жазуға деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың ізденісін арттырары анық.
    Белгілі драматургтің айтуынша, конкурста қаншама жастардың шығармалары үздік деп танылғанымен, оларды іздеп келген қазақ театрлары жоқтың қасы екен. Міне, осыдан жазылған пьесалар сахналанбай, қағаз күйінде қалып қояды. Ал шығармасы сахнаға шықпаған жас қаламгердің жазуға деген ынтасы артпайтыны белгілі. Бұл ретте, С.Балғабаев үлкен кемшілігіміз бұл бітірген маманды театрға бейімдеп, белгілі жүйемен театрға тарту мәселесі қолға алынбағанына қынжылды. Иә, расында кез келген драматург театрда өсіп, тәрбиеленетінін түсінген абзал. Осыдан біраз жыл бұрын М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты бастамасымен, Сұлтанәлі Балғабаевтың жетекшілігімен «Жас драматургтер» клубы жұмыс істеген екен. Қаншама жас өрендер қызығушылық танытса да, қолдау таппаған соң, бұл клуб жұмысын тоқтатыпты. Байқасаңыз, бүгінгі қоғам жастар бұл салаға келмейді дегенді айтып бағуда.
    Белгілі сыншы, өнертанушы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі Әлия Бөпежанованың пікірі өзгешелеу. Ол жастар арасында бірен-саран пьеса жазғандар және жазғысы келетіндер бар, бірақ сахнаға шығатындай идеялар жетісіңкіремей тұрғанын, жаңа заман драматургиясы енді қалыптасатынын айтты. Осы орайда М.Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық театрда жас драматургтер Мәдина Омарова, Әнес Бағдаттардың тәжірибеден өтіп жатқанын, театр өз тарапынан да біраз жұмыс жасамақ ниеті бар екеніне назар аударған сыншының пікірі – ұлттық сахнаға жас буын драматургтер, режиссерлер, суретшілер, т.б. қуатты легі келуі үшін үлкен мемлекеттік бағдарламалар қабылдануы қажет дегенге саяды.
    Қалай десек те, жастарды жақсы пьеса жазуға баулу да оңай дүние емес. Ал қазақ театрының болашағы да осы жастар қолында екені белгілі. Сондықтан драматургияның жас толқынын қалыптастыру мәселесі немқұрайлықты көтермейді. Сол жас буынды қалыптастыруға тек білім ордалары мен жеке адамдар ғана емес, театрлар да мүдделі болуы керек. Біріншіден, дарынды жастарды театрға тартып, оларды драматургияға бейімдеу қажет. Жақсы пьеса жазу үшін сахнаның ерекшелігін түсініп, көрерменді қалай баурап алуға болатыны жөнінен ізденіс керек. Бұл жас өрендерді тәрбиелеуде де белгілі бір жүйе қалыптасып, 4-5 жылда нағыз театр драматургтері шығып жатса қандай жақсы. Кез келген драматург тек театрда қалыптасып, театрда ғана танымал болады ғой. Екіншіден, жас драматургтердің шығармалары театрларда қойылуы тиіс. Себебі қазақ театры репертуарына жаңаша серпіліс қажет сияқты. Бұл өскелең ұрпақтың осынау киелі өнерге деген қызығушылығын арттыратын демеу болары анық. Мемлекет тарапынан бұл мәселе қолдауға зәру. Мемлекет жылына жас қаламгерлердің бір не екі шығармасын қою туралы театрға талап қойса, бұл да өз әсерін тигізер еді. Үшіншіден, жас драматургтер клубы не ұйымы болуы керек. Себебі жас драматургтер, жас режиссерлер аға буын өкілдерімен бас қосып, әлем театрларындағы жаңалықтар, қазіргі драматургияның ерекшеліктері сынды тақырыптарды талқыға салып, өз ойларымен бөліскендері жөн. Жоғарыда айтқанымыздай, қазақ театры өз қазанында қайнап жатпай, әлем театрларымен байланыста болғаны абзал. Кез келген елдің театры өзінің ұлттық драматургиясына арқа сүйегенде ғана оны бүкіл әлем танып, мойындайды емес пе?! Сондықтан қазақ театрын әлем жұрты тануы үшін, ұлттық драматургиямызды өркендетуіміз үшін бұл саладағы жастарды қалыптастыруға күш салайық. Осы орайда осыдан жетпіс жыл бұрын айтылған, бірақ әлі күнге дейін маңызын жоғалтпаған М.Әуезовтің мынадай сөзі орынды болар: «Жас қаламгерлердің талабынан туған жемістердің жақсыларын сұрыптап баспаға беріп, бәйгеге іліндіріп, театрларға бапты қылып қойғызу – Жазушылар одағының, театрлардың, жұртшылық – бәрі-бәріміздің міндетіміз…
    …Осыдан екі-үш жыл бұрын республикалық конкурс жариялап едік. Одан еш нәрсе шықпай, өзінен-өзі ұмытылып, нәтижесіз қалып барады… Осы күні театрлардың қайсысы болса да қаулап өсіп келе жатыр. Ал біз жаңа репертуар беру жұмысын ұйымдастыра алмай отырмыз… Бұл жұмысқа жас драматургтерді тарта алмай отырмыз… Біздің жеке жазушыларымыз бұл жөнінде жастарға дұрыс көмек бере алмай отыр… Өзіміз ғана біліп, менің атым жүре тұрсын, сенің атың тұра тұрсын деп отырмыз». Иә, расында бүгінгі технократтық заманда осынау рухани-мәдени байлығымызды жас ұрпақ санасына сіңіріп келе жатқан өнер ордасында жаңа толқын қалыптастыру зор міндет болуы керек. Себебі драматургияның жаңа буын өкілін қалыптастыра алмауымыз елдігімізге сын.

anatili.kz

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз


26/03/2024 16:15

Хабарландыру!
0 315 0








27/02/2024 11:57

ХАБАРЛАНДЫРУ
0 585 0









ТЕКСТ

Яндекс.Метрика