КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

    Ғаламтор – ғаламат. Осы ғаламатыңыз бірер жылда қазекең өміріне сіңісіп кетті. И-неттің мүмкіндіктерін жіпке тізбей-ақ қоялық. Біраз уақыт бұрын «Абай.кз» порталы «Internet World Stats» агенттігінің мынадай зерттеу нәтижесін жариялаған болатын. «Қазақстанда 5,6 миллион адам әлеуметтік желілерді күнделікті пайдаланады. Ең танымал әлеуметтік желілер: 1 млн. 125 мың рет қаралатын «Мой мир», 558 мың рет қаралатын «Одноклассники», 252 мың рет қаралатын «В контакте», 410 мың рет қаралатын «Facebook». Күніне 350 мың қазақстандық ұялы телефонмен «mail.ru agent»-ке кіреді екен». Атауларының өзі қызық. Қызық болғаны үшін желілер желікке айналды. Сондықтан қиын. Қиын әрі қызық мәселе жайлы аз-кем толғандық.
    Пікір білдіруші қауымға
    Бізде пікір жазу мәдениеті жетілген жоқ. Рас, мақала соңында пікір қалдыру, тұшымды ой айту, төлиеге (авторға) сын-ескертпе жасау сынды істер құптарлық, қуанарлық қадамдар. Алайда, әр нәрсенің күнгейі мен көлеңкесі болатыны секілді, ғаламтордың да пайдасы мен зияны шаш етектен. Тек соны айыра алар сана, ақылға бағынған түйсік болса болғаны. Өкініштісі, пікірлерді шолып шығып, бізде асыра мадақтау мен жеріне жеткізе сынау «дәстүрінің» дамығанына көз жеткіздік. Лайықты, байыпты бағамдар мен орынды ескертпелер некен-саяқ. Ғаламтор – үйге кіріп алып, аузына келгенді айтатын ағайын аз емес екен. Бұл – тасадан тас атушыларға таптырмас тәсіл. «Қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарса», онда қалағаныңызды істейсіз, «әй дер әже, қой дер қожа жоқ». Осының кесірінен ру-руға, жер-жерге, тіпті дін-дінге бөлініп алған қазақ – қандастың біріне-бірі жала жаудыруы жиілеп кетті. Ел ағаларының біразын осы пікір – ғайбатпен былғадық. Асылы, рухани былғанып жатқан – өзіміз. Асыл ағалар жасаған еңбектің жүзден бірін де жасамаппыз қазақ үшін! «Өкпеге қисақ та, өлімге қимайтын» ұлттың ұрпағымыз, алайда пікір қалдырарда, өлімге де қиюға әзір тұратынымыз несі!? Ақыл айтудан аулақпыз, бірақ белсенді пікіршілер мынадай жайттарға ден қойса деген тілек бар:
Жазған пікіріңіз біреуге (оқырман бауырыңызға) пайдалы ма? Өзгеге зиянды дүниенің өзіңізге пайда әкелуі екіталай.
    Бос сөз жазу арқылы өзгені айтпағанда, өз уақытыңызды өлтіресіз. Шектеулі ғұмырыңыздың сынық – сәттерін мәнсіз мәселеге құрбан еткеніңіз бе?!
    Айтар ақпарыңыз ақиқат па? Өсек-аяңға ермей, шынайы шындықты ғана жазыңыз. Науаи айтатын «Алдына келгенді жеу – наданның ісі, аузына келгенді деу– айуанның ісі» боп жүрмесін.

    Жасырын атты жамылып, дөрекі сөзді борататындар бар. Дөрекілік хайуанға да жақпайды, адам қайтсін? Иә, сіздің құпия есіміңізді ешкім білмей қалды. Бірақ күллі құпия атаулы ашылатын күн бар екенін ұмытпайықшы. Жаратқанның бір сипаты – Көруші. Қараңғы түнекте қара тастың үстіндегі қара құмырсқаны көретін Алла тағала сіз бен біздің қисынсыз қылығымызды байқамай ма екен? Аз уақытта көп күнә арқалауды қаламасақ, «судың да сұрауы бар», пікірдің де сұрауы бар екенін жадымызда сақтайық. Қазаққа қызмет қылудың формасы көп. Жақсы пікір жаза алмасаңыз, жаман пікір де жазбаңыз. Ұлтқа үлес қосу осыдан басталады.

Ойтүрткі
    Ғаламтордың ғаламат болуы да, алапат болуы да өзіңізге байланысты. Абайламасаңыз, қауіп-қатер көп. Соның бірі – көздің жайы. Аяқ астынан арсыз суреттер мен нәрсіз бейнекөрініс шыға келеді. Сократ хәкім айтты деген сөз бар: «Адам құл – өзін жеңіп ұстамаған». Нәпсіге ерсеңіз, ор – шұңқырға и-нетіңіз итеріп жіберуден тайынбайды. Адам табиғаты жылтырақ дүниелерге бейім боп келеді. Психолог-мамандар ұятты көріністердің адам психикасына кері әсер ететінін, ондайға үйір кісінің есте сақтау қабілеті нашарлап, құмарлық қуаты жоғалатынын, ұрпақсыз қалу қаупінің бар екенін баса ескертеді.
    Бірде жұма намазының уағыз-насихатында имам мынадай хадис айтты: «Жәннат – нәпсіге ұнамайтын, тозақ – нәпсіге ұнайтын нәрселермен айнала қоршалған». Еріксіз ойлантады. Сөз жалғасында мешіт молдасы Алла ұятты жерден көзін тыйған адамның жүрегін рақатқа бөлеп қоятындығын жеткізді. Шал ақын айтатын «иман – қойымызды» «нәпсі – бөріден» қорғау – өзімізге тиесілі міндет. Ал міндетті қазірден бастайық.
    Екінші, қарым-қатынас қатері. Қазір «агенттің» дәурені жүріп тұрған кез. Иә, көбіміз көп кіреміз. Сыныптас, группалас, курстас, әріптес, одан қалса, ауылдағы көрші-қолаң, ағайын-туыс, тіпті бейтаныс біреулермен танысып, табысып жатамыз. Ғылыми дәлеледенген мәлімет: әлеуметтік желілерде адамның шынайы бет-бейнесі ашылмайды. Бірақ сөйлесе жүріп жүректеріне шоқ түскен бозбала мен бойжеткен бірін-бірі идеал санайды. Әсіресе, желі арқылы танысу адам жанына зардабын көп тигізеді. Агенттің шарапатымен талайлар үйленді. Есесіне, соның кесапатынан жүздеген жанұя жойылды… Демек, белгілі бір шекара керек. Оны көктен іздемейміз, дәстүр мен атадінді темірқазық етеміз. Соған сай әрекет етсек, берекеті болмай қалмас. «Қызға қырық үйден тыйым» дейді қазақ. Ендеше, желілерде еріккендер желікпес үшін санаулы шектеудің болғаны игі. Тізбектемейік, дін мен дәстүрдің, әдеп пен ибаның шеңберінен шықпауды сізге тапсырдық. Әйтпесе, «Сыныптастар.ру»-ыңыз «Күнәһарлар.ру» боп кетуі түк емес. Аяз әлін, құмырсқа жолын білсе екен деген тілек біздікі…
    Тобықтай түйін. ХХІ ғасыр – ақпарат ғасыры. «Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған» ғаламтордың айы оңынан туып тұрған тұс. Қазақтың көгіне шығып, күн болуды көздеген Алаштың арысы Сұлтанмахмұтқа жүгінейік. Ғылымды дене азығы және ар азығы (әділдік) деп жіктейтін ақын: «Ар азығының ер жетпегендігінен Еуропадағы адам баласының күн көрісін жеңілдетеді, бақытты қылады деген өнерлердің бәрі, адам баласының бірінің етін бірі жеуіне, бірінің қанын бірі ұрттауына жұмсалып жатыр. Ар азығынсыз құр өнердің өсуімен басқалар бақытты бола алмағаны секілді, келешекте қазақ та бақытты бола алмайды», – дейді. Қыршынынан қиылған қазақтың қыраны тамыршыдай тап басып айтқан. Қазақ бақытты болсын десек, соның бір тетігі – интернетті ізгілік пен игілікке икемдейік, бауырлар. Технология шарықтағанымен ардан аттап, иманнан бетбұрса, қоғам ұшпаққа шықпасы айдан анық. Ойлану керек.

Намыс.kz

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз







08/04/2024 11:55

Хабарландыру!
0 422 0



26/03/2024 16:15

Хабарландыру!
0 757 0








ТЕКСТ

Яндекс.Метрика