КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

    Жәмиғатқа айтпағымыз бар еді. Ол – «Қазақ әдебиеті» (XIX ғ.) оқулығы турасында. Жалпы білім беретін мектептің қоғамдық – гуманитарлық бағытындағы 10-сыныпқа арналған, Алматы қаласында «Мектеп» баспасынан 2006 жылы жарық көрген. Бұрынырақта да сөз қозғағанбыз бұл жайында (Қараңыз: «Ақтөбе» газеті, № 45-46, 17.04.2008 жыл; «Заң газеті», № 64, 30.04.2008 жыл.). Жөн санадық, қайта жаңғыртып баяндауды. Қайсыбір қарындас бейхабар болар, орын алған келеңсіздіктен. Солар білсін дедік. Ой түсірсін дедік. Сөзіміз мыңның біреуіне ғана жетіп жатса да шүкіршілік қыламыз. Хош, сонымен. Созбақтамай айтарымызға көшейік.
    Аталған оқулықты құрастырушы-авторлардың бірі Гүлтас Құрманбай «Әнші – сазгер ақындар» атты бөлімге «Сегіз сері Баһрамұлы Шақшақов» деген тақырыпты енгізген-ді. Бірақ «оның» Қаратай Биғожин есімді кісінің ойдан шығарған кейіпкері екенінен қазір көпшілігіңіз хабардарсыздар.
    Сәл тоқтала кетейік. Бұл бейәдеп әрекеттің орын алу себебі мына жайларға байланысты-тұғын: 1960-70 жылдары ҰҒА М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Қорына ел ішінен фольклорлық мұраларды жинап тапсырушылар еңбегіне мемлекет арнайы қаржы бөлген. Ақшаға қатты қызыққан әлгі Қаратай Биғожин деген халық арасынан ескі заман «туындыларын» жинай бастайды. Бірақ басқа жолмен. Басқа әдіспен. Ол «халық өлең-жырларын» өзі шығарады жанынан. Жанкісі жырау боп. Жанақ ақын боп. Біржан сал тағы басқалары боп. «Шығармаларының» кейіпкері қып «Сегіз сері» дегенді алады. Батыс аймақта туған «Мақпал – Сегіз» атты дастаннан. Бұрмалап. Онысын мерзімді басылымдар арқылы насихаттайды. Үздіксіз. Совет тұсында «төртінші билікке» күдік келтіру мүмкін емес еді, олар жариялағандардың бәрісі ақиқат боп саналатын. Оған қой деген бір жан болмайды. Бетін қақпаған соң ол онан сайын еркінсініп, қазақ өлең-жырларының мәтіндерін өзгертіп, басқа «алғашқы нұсқаларын» жасайды. Мұнымен шектелмейді, белгілі тұлғалардың атынан өзі шығарған қойыртпақтарын, ойдан құраған деректерін М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Қолжазбалар қорына өткізеді. Ғабит Мүсіреповке де апарып береді. Алғашқыда иланып қалған атақты жазушы кейін «Сегіз серіге» қатты күмәнданған. Мұны Ілия Жақанов бүй деп куәландырады: «Ғ.Мүсіреповтен «Гауһартас» Сегіз серінікі деп жаздыңыз ғой, сол рас па? –деп сұрадым. Жауап бермеді. Үшінші рет сұрағанымда: Ол нақты нәрсе емес, Ілия, «в народе так говорят» деген соң арғы жағы түсінікті емес пе? – деді. –Ол көркем шығарма»,–дейді. Бұдан соң Жақанов өзінің де мықтап адасқанын ашық айтқан: «Гауһартас» жөнінде мен де қателестім. …Енді сол қателігімді түзеу қиын болып тұр. Кезінде радиодан солай беріп жібергенбіз. Сегіз сері туралы дерек іздеп Омбының архивін түгел сүзіп шыққанбыз, түк жоқ. Ел ішінде де ол туралы аңыз әңгіме атымен жоқ», – депті. (Қараңыз: «Шығармашылығымның шырқау биігі – «Еділ-Жайық».//«Ақтөбе» газеті, 26.11.2002 жыл.)
    Әлкей Марғұлан да «Сегіз серіні» жазған деп кейбіреулер жалаулата беретін дүниеде ғалым ата өз қолымен бүй деп таңбалаған: «…қолжазбаларды, Сегіз серінің өмірбаянын қадағалап жинаған кісі Қаратай Биғожин. Оның бір данасын Қаратай маған да әкеліп тапсырды». (Қараңыз: Ә.Марғұлан. Күйді ерттеп, әнді мінген кемеңгерлер… //«Жұлдыз» журналы, №9, 1983 жыл, 183-бет.)
    Халқына берерін беріп, санасы салыққан, сексеннің сеңгіріндегі қарттың алданып қап Қ.Биғожин дейтіннің сол өтірігі бойынша «Сегіз» атты «сері» болған деп жазып жүргені – осы. «Сегізтанушылардың» айғақ қылып жүргендері де – осы, Марғұлан жазды деп. Өтіріктерін қорғау мақсатында аталған беделді адамдардың есімдеріне сүйеніп бетбақтырмайды. Құйтырқысын білмегенсін қайдан ұқсын, жұрт ойлайды шын екен деп. Қарапайым жұртты айрандай ұйытып, сендіріп тастаған атышулы өтіріктің әуелгі өріс алуы осылай-тын. Жақсы білетіндер, туыстары Қаратай Биғожин туғаннан кемтар кісі-тұғын деп куәлік береді. Күнкөріс қамындағы мұқтаждықтан һәм мүгедектігінен ол осындай бейәдеп істерге барған.
    Кейін бұл жалған кейіпкерге байланысты шығарған ҚР Білім және ғылым министрлігінің шешімі (27.11.2006 жыл. № К–1514 / 1) республикалық басылымдарда жарияланды. (Қараңыз: «Ана тілі». № 5. 1.02.2007; «Жұлдыз». № 3. 2007; «Қазақ әдебиеті». № 5. 2.02.2007 жыл.) Бұдан соң ҚР Ұлттық Ғылым Академиясы М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының жетекші ғалымдарынан құрылған Тексеру комиссиясының «Сегіз серінің» жасанды тұлға екенін анықтаған қорытынды – сараптамасы (6.02.2007 жыл, № 056/35 — 0325) республикалық «Қазақ әдебиеті» газетінде (№ 29. 20.07.2007 жыл.) жарық көрді. Сондықтан ақ- қарасы ашылып, нүктесі қойылған шаруаны қайта қаузаудың еш мәні жоқ.
    Айтпағымыз бұл емес, басқа. Бірнеше жыл мектеп қабырғасында оқытылған тақырып мәтіндеріне қатысты. Соған көшейік енді. Жоғарыда аталған оқулықта Исатай батырға «Сегіз серінің» арнаған өлеңі деп мына бір шумақтар ұсынылған-тын оқушыларға, оқыйық. Былай дейді:

«Өтті» деп Ер Исатай естігенде,
Қасымда қайғы жеді серілер де.
Қолымда болат қанжар шарт үзілді,(?)
Майрылды тасқа тимей семсерім де. (?)
Шешілді кермедегі арғымағым, (?)
Өшті ме жанып тұрған шамшырағым ? (?)
Айрылып Исатайдай асыл ерден,
Кетті ғой судан таза, сүттен ағым. (?)
Кетіпті қалың әскер бәрі тарап,
Ақбұлақ қаптай қонған екі жағын …» (Қазақ әдебиеті. 301- бет.)
    Бірді айтып, бірге кеткен. Сөйлемдердің мағынасы ұғынықсыз, өзара еш байланысы жоқ. Мысалы, «Қолымда болат қанжар шарт үзілді», (?) «Айрылып Исатайдай асыл ерден, – Кетті ғой судан таза, сүттен ағым» (?) деген т.б. ми айналдыратын балдыр – батпақтарды шәкірттерге оқытып Г.Құрманбай нендей мақсатқа жетпек болды екен?! Осы ойландырады бізді.
    Бұдан кейін «Сегіз серінің» «Шомбал би» атты «өлеңін» келтіреді тағы. Былай делінген онда:
«Исатай – Кіші жүздің көсемі еді, (12)
Несіне сен шайқастың кемеңгермен? (11)
Махамбет – үш Алаштың шешені еді, (12)
Қалайша сен дауластың асыл ермен? (11)
Исатай, Махамбетте еш жазық жоқ … (11)
Қазақты патша ағзамға сатпақ болып, (12)
Исатай, Махамбетті атпақ болып, (11)
Өзінше пысықсынып жүрсең – дағы, (11)
Қалмассың жұрт алдында аппақ болып …» (11) (Қазақ әдебиеті. 302 — бет.)
    Бұл – таза өлең емес! Шатпақтың көкесі. Әліпті таяқ деп білмегендіктен құрастырушының, осындай ұйқастан, мағынадан, ырғақтан, көркемдіктен жұрдай дүбәра дүниені поэзия қатарына жатқызуы.
    Г.Құрманбай мұнымен тоқталмайды, ол: «Ақынның Үбі батырға арнаған өлеңі де асқақ рухпен жазылған, көркемдігі жоғары шығарма», – деп мына бір көкжасық шумақтарды сөзіне айғақ қылып, мысалға келтіреді:
«Үбі, аман келдіңіз бе, көздің нұры? (?) (12)
Сен келген соң ашылды-ау көңіл кірі. (12)
«Қолдай көр Ер Үбіні» деп тілеуші ем, (12)
Әулие, әмбиелер, камал пірі». (?) (11) (Қазақ әдебиеті. 302 — бет.)
    Шумақ өлең талаптарына, шарттарына сай емес. Бұндай можантопайларға қазақ сөз өнері теориясы ғылымының атасы Ахмет Байтұрсынов былай деп баға берген: «Мұнда жорғақ жүріс сияқты дауысты бір қалыпты тербетіп, келісті көрсететін өлең жорғағы жоқ. Өлеңнің басқа сөздерден айрылатын негіздік қасиеті жорғағы. Одан айрылса өлең бола алмайды. Жорғағы жоқ болған соң бұл сөз де өлең болып шыға алмай тұр». (Қараңыз: Байтұрсынов А. Шығармалары: Өлеңдер, аудармалар, зерттеулер. – Алматы: «Жазушы», 1989, 200 — бет.)
    Шумақтың бірінші тармағындағы «көздің нұры» деген жылы лепес ересек адамға емес, балаға бағышталатын әдетте, еміренгенде, жақсы көргенде. Ал төртінші жолдағы «камал пірі» деген тіркестің беріп тұрған мағынасы тұман. «Камал» көбіне әйел есімі боп келеді. Арабтан енген сөз, «толықтық», «жетіктік», «тұтас» деген ұғымда.
    Жоғарыдағы назарға ұсынылған шатпақтардың өлең сөз емес екенін қазіргі ортақол ақындардың кез келгені айыра алады. Нанбасаңыз оқытып көріңіз, солардың біріне.
    Оқулық авторларының бірі, әлгі Г.Құрманбай: «Сегіз серіден қалған нақыл сөздердің өзі бір төбе», – деп дәмі жоқ, татуы жоқ мына бос сөздерді шәкірттерге уағыз қылады одан әрі: «Әр елдің жадына қарай (?) жауынгері бар», «Өнерсіз өмір – бос өмір», «Тура айтқан тура қарайды» т.б. (Қазақ әдебиеті. 303 — бет). Алайда, бұлар тағылымы зор нақылдардың жүгін көтеріп тұрған жоқ. Түйте таным талғамы.
    «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дейді халық. Осындай «поэзиялық үлгіні» өнеге қылып, санасына сіңірген шәкірттердің де таным- дәрежесі сол кітап авторы Құрманбайлардың деңгейінде қалыптаспақ. Талассыз ақиқат.
    Теріс тәрбие берудегі сорақылық мұнымен бітпеген. Ол – жалпы білім беретін мектептің қоғамдық – гуманитарлық бағытындағы 10-сыныбына арналған «Қазақ әдебиеті (XIX ғ): Хрестоматия» атты (Алматы, «Мектеп» баспасы» ЖАҚ, 2002 жыл) байқау оқу құралында да жалғасқан. (Құрастырғандар: З.Ахметов, Ұ.Асылов.)
    Осы кітаптың «Әнші. Сазгер. Ақындар» деген 2- бөліміне «Сегіз сері» тағы енгізіліпті. «Оның» шығармалары делініп халық әндері – «Ақбақай», «Ақерке», «Алқоңыр», «Әйкен-ай», «Гауһартас», «Ғайни», «Жылой», «Илигай», «Көкем — ай», «Назқоңыр», «Сәулем-ай», сондай-ақ, сұмдық істері әбден дәлелденіп әшкере болған Қаратай Биғожин дейтіннің өз қолымен мәтіндерін бұрмалап өзгерткен халық композиторы Ақан серінің «Мақпалы», кейінгі дәуір сазгері Бәкір Тәжібаевтың «Ақбұлағы» т.б. телініпті. (Қазақ әдебиеті (XIX ғ): Хрестоматия. 353-360 беттер.)
    Сонымен бұл кітаптың да бағдар – мұраты ұрпақты талғамсыздық пен өтірікке баулу.
    Әбден шектен асқан сорақы әрекеттерді көркемдіктен мүлде ада балдыр – батпақ шумақтарды оқулыққа енгізу арқылы одан әрі өрістеткен. Мұны да айғақтайық.
«Түнде мен ұйықтап жатып көрсем бір түс, (12)
Біздерге ауыр жорық болыпты тұс. (?) (11)
Мәпелеп жүрген аққу ғайып болып, (?) (11)
Соңынан ұшып кетті екі аққу құс», (?) (12) – делінеді «Боз шұбар» атты «өлеңде» (Қазақ әдебиеті. (XIX ғ): Хрестоматия. 355- бет.)
    Мұндағы «Мәпелеп жүрген аққу ғайып болып, – Соңынан ұшып кетті екі аққу құс» деген қойыртпақтардан не түсінуге болады?! Пікір өзегіне айналып отырған осы оқулықты құрастырушылардың бірі, академик З.Ахметов: «Қазақ поэзиясында өлең буын санын тұрақты мөлшерде сақтау арқылы жасалады», – деп еді бұрынырақта. (Қараңыз: Қазақ ССР. Қысқаша энциклопедия. 4 — том, Алматы, 1989, 483-484 беттер.) Ал біз көріп тұрмыз, бұл «өлеңдерде» бір тармақ 12, енді бір тармақ 11 буын боп келген. Дәлірек айтсақ, жорғағы келіспей қалған. Ғалымның сөзі мен ісінде бірлік жоқ. Қарама қайшы.
Хош, «өлең» мәтіні былай жалғасады бұдан кейін:
«Боз шұбар аяңға бас алдыңда ел жоқ,
Сусындар шөлдегенде айна көл жоқ.
Бойынан Ақбұлақтың келген шақта
Қарсы алар Мақпал сынды қыпша бел жоқ».
    Бұл енді ұрлық! Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, атақты әнші Ғарифолла Құрманғалиевтың насихаттауында фонотекамыздың алтын қорына енген халық әні «Бозжорғаның» бұрмаланған шумағы. Дәлелдейік. Әйгілі дарынның орындауындағы осы туынды былай басталатын:
«Бозжорға жорғаңа бас, алдыңда ел жоқ,
Ішетін шөлдегенде айдын көл жоқ.
Алыстан ат терлетіп келгенімде,
Ат ұстап қарсы алатын бұраң бел жоқ». (Қараңыз: Ұрпаққа әні жеткен аңыз болып… Ғарифолла Құрманғалиев. Алматы, «Дастан» дыбыс жазу студиясы, 2000 жыл.)
    Салыстыра қарағанда оқулықта шәкірттерге шедевр деп оқытылған «Боз шұбар» «өлеңінің» көркемдік сапасы Ғарифолла репертуарындағы «Боз жорға» әні мәтінінен өте төмен екенін көзі қарақты жан оп-оңай ажыратады.
Сонымен әлгі «Боз шұбар» атты «шығарма» былай тәмамдалады:
«Ақша жүз, жазық маңдай, қиылған қас,
Ат жақты, бота көзді қыз гауһар тас. (?)
Қыр мұрын, ерні қызыл бүлдіргендей,
Кеткен ғой қолды болып, сол қалың шаш».
    Бұл да өлең емес! Қалыпты ырғақ жоқ. Басқасын былай қойғанда «Ат жақты, бота көзді қыз гауһар тас» деген ұғынықсыз тармақтың өзі-ақ шумақтың құнсыздығын толық айғақтап тұр.
    Тағы да куәлік тартайық, оқулықтың бұрынғы басылымында нені оқытқанынан мектеп оқушыларына. Жаңағы «Қазақ әдебиеті (XIX ғ.): Хрестоматия» атты 10 — сыныпқа арналған оқулықта (358 — бет) «Қызға сәлем» деген «өлең» берілген. Мәтіні былай:
«Ақ жүзі ай бейнелі кейіпте еді, (12)
Салғаны ән шырқап бәйіт еді. (10)
Азырақ Мақпал жайлы сөз сұрасам, (11)
Жеңгесі айтпай сырды, кейітеді». (11)
    Бұнда да әлгінде баяндап өткен жағдаяттар қайталанған. «Өлең» мәнерлеп оқығанда сезілуге тиіс дауыстың әуезінен, Ахмет атамызша айтқанда, жорғақтан ада.
    Қара өлеңнің құрылымына атақты ғалым, профессор Бисенбай Кенжебаев: «Қара өлеңнің әр тармағы 11 буынды, 3 бунақты болады: оның бір бунағы үш буынды, қалған екі бунағы төрт — төрт буынды болады», – деп анықтама берген. (Қараңыз: Б.Кенжебаев. Әдебиет белестері: Зерттеулер, мақалалар. – Алматы: «Жазушы», 1986, 80 — бет.) Алайда, мына мәтін ғылыми анықтамаға еш сай емес.
«Қызға сәлем» деген сол «өлеңнің» келесі шумағы мынадай:
«Ат қайда боз шұбардай шаппай желген,
Мақпалдай сұлу қайда қадір білген.
Бойынан Ақбұлақтың келгенімде,
Шақыртпай еш пендеге өзі келген»
    Бұл да халық туындыларының өрескел бұрмаланған бір түрі. Оған исі қазаққа жақсы таныс «Ақбақай» әні мәтінін салыстыра қарау арқылы көз жеткізуге болады. Дәлелдейік сөзімізді, онда:
«Ат қайда ақбақайдай шаппай желген,
Қыз қайда құдашадай көзі күлген.
Алыстан ат арытып келгенімде,
Шақыртпай еш адамға өзі келген», – делінген.
    ҚР Ұлттық Ғылым Академиясы М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының аға ғылыми қызметкері, ф.ғ.к. доцент С.Қосанның: …«сегізтанушылардың» бәрі де сонау өткен ғасырдың 70-ші жылдарының басында ауыз әдебиетінің «жалықпас жидашысы» Қаратай Биғожин жеке тұлғалармен ҰҒА М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Қолжазба қорына өткізген төркіні белгісіз, тиянағы жоқ, басым бөлігі фольклор мен ауыз әдебиетінен алынған және негізінен «қолтума», бірөңкей «жиендік» жолмен пайда болған жасанды жыр-толғауларды һәм сенімсіз өмірбаяндық деректерді пайдаланып келеді»,– деген сөздерінің ақиқаттығына мінекей біз куә боп отырмыз. (Қараңыз: Ғасыр жұмбағы… // «Қазақ әдебиеті». № 36, 8.09.2006 жыл).
    Пікір өзегі – «Қызға сәлем» атты өлеңсымақтың үшінші шумағын келтірейік енді, бүй дейді:
«Қонысым Ақжайықтың шығысында,
Алшындық (?) Орынбордың ұлысында (?)
Тағдырдың жазуымен болдым ғашық,
Найманның Мақпал атты бір қызына».
    XIX ғасырда «Орынбор» деген ұлыстың болғанын «Қазақ әдебиеті. (XIX ғ): Хрестоматия » атты 10 — сынып оқулығынан оқып біліп отырмыз мінекей! Естімеген елде көп.
«Қызға сәлем» «өлеңінің» қалған екі шумағы да осы тақылеттес күлдібадам дүниелер. Сондықтан уақыт жоғалтпай басқасына көшейік.
«Мақпал» аталатын «шығарма» енген әлгі кітапқа. Мәтіні былай:
«Ақша жүз, бота көзді, қасың қара,
Шашыңды түнде жуып, күндіз тара.(?)
Ниязбен екеуміз келген шақта,
Мақпалжан бұлғақтамай бізге қара». (Қазақ әдебиеті. (XIX ғ): Хрестоматия. 358-359 беттер.)
    Қазақта түнде шаш жуған жаман ырым есептеледі. «Сегіз серінің» соны білмегені ме?!
Құрастырушылардың мұнысы да өрескел түрде ұятсыздықпен Қаратай Биғожин бұрмалаған халық композиторы Ақан сері атамның «Мақпал» атты төл туындысы. Бұны оқулықтағы «Мақпал» мен Ақан серінің «Мақпалын» салыстыра сараптап дәлелдейік, шындықты ашып көрсетейік. Композитордың ән мәтіні былай басталады:
«Үйірі қысырақтың мақпал қара,
Шашыңды күндіз жу да, түнде тара.
Алыстан ат аямай келгенімде,
Ей, Мақпал, қырындамай бермен қара!» (Қараңыз: Қазақ әндері. (Халық композиторларының әндері): – Алматы. «Жазушы», 2 — том, 1968, 127 — бет.)
    Енді оқулықтағы бүлінген, көркемдігінен айрылып бұрмаланған «Мақпалда»:
«Келгенім Сыр Бойында Найман елі,
Қазаққа даңқым шыққан Сегіз сері.
Қиырдан ат арытып, іздеп келдім,
Бір көріп қайтпақ болып Мақпал сені», – делінеді.
Ал, Ақан серінің «Мақпалы» былай:
«Үш жүзге атым мәлім Ақан сері,
Келгенім Мақпал қыздың туған жері.
Алыстан ат сабылтып келдім іздеп,
Бір көріп қайтайын деп Мақпал сені».
Оқулықтағы «Мақпалдың» «түзетілген» келесі шумағында:
«Біз келіп аулыңа бастық қадам,
Ұлықтан қуғын көріп көңілім алаң.
Мақпалжан, шыныменен уәде етсең,
Алып қашып кетуге келер шамам», – делінсе, Ақан серінің «Мақпалында» бұл былай баяндалады:
«Біз қайтып елге таман бастық қадам,
Сымбатың хатқа сыймас айтса тамам.
Ей, қалқа, мұнша неге зарланасың,
Елге алып қайтпас па едім келсе шамам».
Оқулықтағы «Мақпалдың» тағы бір шумағы мынадай:
«Ащыкөл, Тұщыкөлге салдым салық,
Артында қапаланып елім қалып.
Құмартқан нұр жүзіңе, асыл Мақпал,
Ғашықтық көкірегімді кетті жарып».
Ал осы мәтін Ақан сері атамның «Мақпалында» былайша түзілген:
«Біраз күн Дәнетінге салдым салық,
Артымда зарланамын Мақпал қалып.
Қосылған ғашық болып қайран құрбым,
Қасіретің өзегімді кетті жарып! »
    Академик Ахмет Жұбанов «Мақпал» шығармасына назар аударып, оның бітім болмысына мынадай сипаттама береді, туындының Ақан серінікі екенін нақтылап айтады: «Ақанның көпке белгілі шұрайлы шығармасының бірі «Мақпал»… – дей келіп ән мәтінін ұсынған ол, – «Мақпал» мелодиялық дамуы аса заңды, тыңдаған адамға әсері күшті, лирикамен қатар, драмалық элементтері де бар ән. Әсіресе дарынды халық композиторларында кездесетін кейбір альтерациялық дыбыстар «Мақпалды» да көркемдеп тұр. Ақанда ол жиі кездеспейді. Бірақ керек жерінде таңқаларлықтай тауып қолданады», – деп пікірін тәмамдайды. (Қараңыз: Замана бұлбұлдары. – Алматы: «Жазушы», 1975,76-77 беттер.)
    Алайда, «Мақпалды» жасанды тұлға «Сегіз серіге» таңушылар: «…Хамит Тілеубаев Ақан серінің шығармаларын құрастырғанда, «Мақпал» әніне Ақанды ие еткен… Міне, осындай түрлендірудің нәтижесінде «Мақпалды» шығарушы Ақан сері болып шыға келген» – деген дәйексіз, бөстекі уәждерін «дәлел» етіп ұлы композитор Ақан серінің авторлығына қол сұққан, жоғарыда біз айғақ қып көрсеткен адамшылыққа жат қиянаттарын жасаған. (Қараңыз: Т.Сүлейменов. Сегіз сері. – Алматы: «Өнер», 1991, 68 -бет.) Басынудың бұдан артық түрі жоқ!
    Тамаша дарын иесі, қайталанбас феномен Ақан сері атамның тек өзіне тән қолтаңбасы айқын аңдалып тұратын әуезін, асыл сөздерін, ой саптау үлгілерін т.б. ардан аттаған біреулердің жеке бейәдеп әрекеттері үшін өңін айналдырып бұрмалауға, көркемдік бәсін түсіріп бүлдіруге, тегі белгісіз әлдекімге еншілеп басыбайлы таңуға ешкімнің хұқы жоқ. Композитордың ұлттық мәдени генофондымызға қосып кеткен аса құнды, баға жетпес төл мұралары ҚР «Мәдениет туралы», ҚР «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» заңдары негізінде тиісті Құзырлы орындар тарапынан қорғауға алынуы керек.
    Қазақтың шоң ғалымы Мәулен Балақаев: «Тіл мәдениеті дегеніміз сөйлегенде, жазғанда тіл құралдарын (сөз, сөз тіркесі, сөйлем түрлерін) дұрыс қолданып, сауаттылықтың, айқын ойлылық пен ізеттіліктің өнегесін көрсету», – деп еді. (Қараңыз: С.Исаев, К.Назарғалиева. Қазақ тілі. 7 — класқа арналған оқулық. – Алматы: «Рауан», 1993 жыл, 171 – бет.) Алайда, оқулықта «құрметті ғалымдарымыз» ұсынған «өлеңдерден» бұның ұшығын да көре алмадық.
    Тарихты бұрмалаған бұл жалған нәрселер басқа да пән оқулықтарының бұрынғы басылымдарына енген-тін (Қараңыз: Музыка: Жалпы білім беретін мектептің 5-сыныбына арналған оқулық. (А.Жайымов, Б.Ысқақов, Ж.Еңсепов, Ж.Сәрсембенов) – Алматы: Атамұра, 2001 жыл, 56 — бет.)
«Сегіз серінің» «еңбектері» деп әлдекімдердің жанынан шығарған күлдібадам дүниелерін бұдан былай мектепте оқытуға болмайды! Өйткені оның болашақта тигізетін кесір- кесапатынының зор болатынын жан-жақты ашып көрсеттік. Бұл жөнінде ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында «Сегіз сері» «мұраларына» байланысты білікті ғалымдардан арнайы құрылған Тексеру комиссиясы: «…комиссия мүшелері Сегіз сері мұрасы делініп жүрген Қ.Биғожин, М.Болатов өткізген М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Қолжазбалар қорында сақталған, түп-төркіні белгісіз, бұрмаланған, сапасы мен көркемдік деңгейі сын көтермейтін мәтіндерді (766,801,583,863 — бумалар) жан-жақты, іргелі түрде зерттелмей, жоғары оқу орындары мен мектеп оқулықтарына енгізуді орынсыз деп есептейді», – деген қорытынды жасады. (Қараңыз: «Қазақ әдебиеті», № 29. 20.07.2007 жыл.) Сондай-ақ, ҚР Білім және ғылым министрлігі де: «ӘӨИ Қолжазба қорына Қ.Биғожин мен М.Болатұлы өткізген Сегіз сері мұралары (766,801,853,863 — бумалар) негізінен алғанда ешбір оқу бағдарламасына да, жоғары және орта оқу орындары студенттері мен мектеп оқушыларына арналған әдебиет оқулықтарына да енгізуге жарамсыз деп есептейміз»,–деп шешім шығарған-ды. (Қараңыз:«Ана тілі». №5, 1.02.2007 жыл; «Қазақ әдебиеті». № 5, 2.02.2007 жыл; «Жұлдыз». №3, 2007 жыл.)
    Алайда бұған дейін оқулыққа енгізілген бұл қойыртпақ дүниелерді мектеп бағдарламасынан алдыру үшін аз-маз жұмыстануға тура келді. ҚР Бас прокуратурасына шағымдандық. Баспа орындарына хат жаздық. Әрекетіміз нәтижесін берді. «Мектеп» баспасы» ЖШС Бас директоры Е.Ә.Сатыбалдиевтен мынадай жауап (№ 01-184. 13.11.2008 жыл.) келді: «10-сыныпқа арналған «Қазақ әдебиеті» оқулығы мен хрестоматиясынан Сегіз сері Баһрамұлын алып тастау жайында менің атыма жолдаған хатыңызды және оған қоса жіберген материалдарыңызды мұқият оқып шықтым. Оған дейін осы мәселе жөнінде Білім және ғылым министрі Ж.Түймебаевқа жазған хатыңызбен танысқан едік. Соған орай Сегіз серіге қатысты материалдарды оқулық пен хрестоматияның келесі басылымдарынан алып тастамақ болып отырмыз», – депті. Баспа басшысы сөзінде тұрды. 2010 жылғы басылымында 10-класқа арналған «Қазақ әдебиеті» оқулығын әлгі былықтан тазартты.
    Мінекей жәмиғат! Осындай да осындай болған. Өздеріңіз тікелей көз жеткіздіңіздер, аты аталып, түсі түстелген оқулықтың сапалық деңгейіне. Сонда шатпақтарды шедеврге балап мектеп бағдарламасына енгізіп жүрген «ұстаз-ғалымдардың» тек күн көріс қамын күйттеп, қаламақы алу мақсатында бейәдеп құйтырқы істерге барған, мәдениеті кем, ойсыз Қаратай Биғожиннен не айырмасы бар?! «Сенген серкем сен болсаң…» дейсің мұндайда. Өкінішке қарай, мысалға келтірілген ырғағы, ұйқасы, сөз тіркесі, мағынасы т.б. еш келіспеген өлеңсымақтар оқушыларға бірнеше жыл зорлықпен оқытылды… Бұл бейбастақтық енді қайталанбаса екен дейміз. Өткенді еске алуымыздың себебі осы-тын.
    ҚР Білім және ғылым министрлігі қалыптасқан осындай жантөзгісіз сорақылықтарға алдағы кезде түбегейлі тыйым салып, оқулық сапасын жіті бақылап отыруы тиіс. Әйтпесе білім кемістігінен туған түйсіксіз кесапатты әрекеттер жалғаса береді. Сауатсыз автор, дүбәра оқулық – ұрпақ соры!

QazNews.kz

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз


26/03/2024 16:15

Хабарландыру!
0 285 0








27/02/2024 11:57

ХАБАРЛАНДЫРУ
0 575 0









ТЕКСТ

Яндекс.Метрика