КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

 

Қазақ тілі қазақ хандығының мемлекеттік тілі болып еді…

Төл тіліміздің тарихын мерзімдеу оңай бола қоймас. Алайда, оның алғашқы мем­лекеттік биліктің негізгі әлеуметтік қарым-қатынас құралына айналуы ХV ғасырда тарих сахнасына келген қазақ хандығынан бастау алатыны белгілі. Жәнібек пен Керей хандардың жарлықтары мен үкімдері, келісім-шарттары осы тілде жазылды. Бұл дәстүр қазақ мемлекетінің мәртебесін көтере түскен Қасым ханның «Қасқа жолы» мен Есім ханның «Ескі жолын», аты ерекше құрметпен «Әз» қосылып аталған Тәуке хан тұсындағы «Жеті Жарғыны» дайындағанда, қазақтың ұлы ханы Абылай Батысында Ресей және Шығысында Қытаймен дипломатиялық қарым-қатынас жасағанда да жалғасын тауып еді.

Осындай бірнеше ғасыр Қазақ мемлекеттігінің бірден-бір ұлттық белгісі болған ана тіліміз ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бұралаңы мол тағдырлы жолға түсті. Патшалық Ресей Қазақстан аймақтарының көнгенін сөзбен, көнбегенін күшпен өзіне қаратып алғаннан кейін отар елдегі басқаруды өз жүйесіне сәйкес өзгертті. Сөйтіп қазақ даласында іс қағаздары жаппай орыс тілінде жүргізілді. Бұл – бір. Екін­ші – аты шулы Столыпин заңынан кейін арнайы қаржыландырылып, жүйе­лі жүргізілген Ресей шаруаларының қа­зақ өлкесіне көшуі бұрын-соңды бол­маған жаңа қарқынмен жүзеге асты да, демографиялық ахуалды елеулі төмендетті. Өз елінде 81 пайызды құраған қазақ 65 пайызға түсті. Бұл деңгейге бір ғасырда енді зорға жетіп отырмыз. Мұндай отарлық саясаттың алғашқы зардаптарын ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин көрмей отыра алмады. 1880 жылы Орынбор оқу округінің жанындағы татар, башқұрт және қазақ мектептерін басқаратын инспектор В.В. Катеринскийге жазған хатында «Оренбург листогіне» Торғай қазақтарының басына түскен апаттар туралы мақала жазғанын айта келіп, былай дегенді: «Осы мақаламда қазақ еліне орыс переселендерін әкеліп орнатпақ болған пікірлерге қарсы екенімді білдірдім. Бұл пікір, меніңше, ешбір ақылға сыймайтын нәрсе сияқты. Егер, істі дұрыс жүргізе білмесе, онда айттым да қойдым, қазақтар, – келешегі жақсы деп үміт етіп отырған осы халық, – тез құрып кетеді, содан кейін бұл істі ешқандай түзете алмайсың» [1, 307]. Осыдан, өз кезінде орыстандыру саясатының белең ала бастағанын жіті байқаған кемеңгердің көрегендігін, қазір еліміз тәуелсіздік алғанда ғана толық сезіне алып отырмыз.

Отарлық жағдайдағы қазақ тілінің ахуалын терең түсінген Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан 1905 жылы Мәскеуде өткен қалалық қоғам қайраткерлерінің съезіне қазақ халқының атынан қатысып, сөз сөйлегенде ең бірінші – өз халқының ана тіліне бостандық берілуін, іс қағаздарының қазақ тілінде жүргізілуін, қазақ мектебінің қудаланатынын айтқан болатын. Алайда, бұл сияқты әрекеттерден еш нәтиже шықпады. Отарлық саясат күн өткен сайын күшейе түсті де, ол шеті мен бұл шетіне бірнеше күндеп жететін алып аймақтың, бірақ тұтас та тұрақты дамыған қарым-қатынастың арқасында диалектісіз еркін дамыған тілдің тағдырлы тарихы жалғаса түсіп еді. 

 

Кеңестік кезеңдегі қазақ тілінің ахуалы

 Ал, әділетті қоғам орнатамыз деп саяси сахнаға келген кеңестік билік кезінде ұлттық тілдің жағдайы қалай болды? Бәлкім, 70 жылдықтың бәрін сызып тастау тарихымызға қиянат болар. Кеңес басшылары әлемдік ағыммен санаспай отыра алмады. Жергілікті халық үшін бірсыпыра шараларға баруға мәжбүр болғанымен, кеңес өкіметі, шындығына келгенде, кешегі патшалық Ресей саясатын жаңа дәуірде жаңаша жалғастырушылар болғанды. Рас, кеңестік жүйе өз деңгейіне жетіп, өзіндік тоталитарлық сипатқа толысып алғанша ұлттық мәселелерге шектеу қоя қойып, шет аймақтарды үркіткісі келмеді. Сондықтан, қазақ тілі Қазақ АССР-і болып жарияланған 1920 жылдан бастап 30-жылдардың соңына дейін мемлекеттік тіл деңгейінде қолданылды. Мемлекеттік мекемелерде іс қағаздарын қазақ тілінде жүргізу туралы Қазақстан Үкіметі тарапынан арнайы қаулы-қарарлар қабылданды. Бұл істің басы-қасында болған көрнекті мемлекет қайраткері Сәкен Сейфуллин қазақ тілі мәселесін арнайы рет көтеріп, бірнеше мақалалар жазды. Алайда, сол белсенділік өзіне сор болып жабысып, өз халқын ерекше сүйген даңқты ақынымыздың кейін «ұлтшыл» атануына негіз салған еді. Шынында да, кеңес биліктің бұғанасы бекіп алғаннан кейін, ішкі әлеуметтік-саяси жағдайды өзгертіп, өзінің шынайы болмысын таныта бастады. Соның бірі тіл саласындағы жаңаша саясат болатын. 1938 жылы СССР халық комиссарлар кеңесі мен БКП(б) орталық комитеті «Ұлттық республикалар мен облыстардың мектептерінде орыс тілін міндетті оқыту туралы» қаулы қабылдады. Әділет үшін қаулыда ұлттық республикалар мен облыстар мектептеріндегі оқытудың негізгі тілі ана тілі екені атап көрсетілгенін айта кеткен жөн. Алайда, бұл өз елінде азшылық болып қалған біздің республика халқы үшін зор қиыншылықтарға жол ашты. Саясатшыл белсенділер алға шығып, орыс тілінің үстемдігін орнатты. Оған Сталиннің өзге ұлттардың тегі мен рухани ерекшелігін ескермей «біртұтас кеңес халқына», яғни, орыс халқына айналдыру саясаты негіз болды. Осындай ұлттардың табиғи дамуына қайшы жүргізілген әрекеттің кесірінен сан ғасырлық тарихы бар қазақ тілі де өз иесінен соншалықты алыстап кеткен еді.

Ұлы Отан соғысында жеңіске жетіп, халықаралық беделге ие болған кеңестік саясат ұлттық республикамызда орыс тілін өмірдің барлық саласында жан-жақты дамытуды жалғастыра түсті. Жоғарыда аталған нақты Орталықтың қаулысын жүзеге асыру мақсатында, Қазақстан К(б)П Орталық Комитеті 1948 жылы қазақ мектептерінде орыс тілін оқыту туралы арнайы шешім жасады. Бұл республика көлемінде орыс тіліне бетбұрыс жасаған құжат еді. Мұның үстіне тың және тыңайған жерлерді игеру солтүстік облыстарда қазақ тілінің тағдырын тіпті күрделендіріп жіберді. Бұл ең бірінші жергілікті халық құрамын барынша төмендетті. Енді, ата-аналар да қазақша білім алған баланың болашақта күнін көруі қиынға соғады деген теріс ұғым қалыптасты да, олар балаларын орыс мектептеріне бере бастады. Соның салдарынан республикада жүздеген казақ мектебі жабылды. Сонымен бірге, аралас мектептер жаңбырдан кейінгі саңырау құлақтай қаптады. Бұл өмірге формальды «қостілдікті» алып келді. Шындығында, бұл орыс тілінің басымдығынан басқа ештеңе емес еді. Мұның үстіне, 1989 жылғы 15 тамызда қабылдаған қаулысында Қазақ ССР Министрлер Советі республикада ұлтаралық қарым-қатынастың аса маңызды құралы болып табылатын, экономиканың, ғылым мен техниканың, еліміздегі халықтардың саяси және мәдени өмірінің жетістіктерін белсенді игеруге, республика территориясында тұратын барлық ұлт адамдарының рухани қажеттерін қанағаттандыруға көмектесетін тілді (орыс тілі — Ә.Б.) оқып-үйрену мен оқытуды одан әрі жетілдіру жөнінде белгілі бір жұмыс жүргізіліп жатқанымен ұлт республикалары өмірінің нормасы ретіндегі қос тілділік принципі дамытылып, практикаға енгізу тежелуде деп атап көрсетті [1]. Содан, қос тілділік орыс-қазақ аралас мектептерінде орыс тілдікке ауысты. Өйткені, бұл мектептерде оқу-тәрбие жұмысы орыс тілінде жүргізілді. Ал, кеңселерде іс қағаздары кешегі патшалық Ресей заманындағыдай орыс тілінде жүргізілді. Сөйтіп, 1980-жылдардың аяғында Қазақстанда барлық оқушылардың 67 пайызы сабағын орыс тілінде оқыды. Осындай себептерге байланысты, қазақ тілінің беделі төмендеді, қолданылу аясы тарылды. Оның қоғамдық қызметі негізінен тұрмыс тілімен шектелді. Аралас мектептер қазірдің өзінде еліміздегі барлық мектептердің 20 пайыздайын құрап отыр. Бұл жағынан кеңестік кезеңнен әзір алысқа ұзай алатын емеспіз.

Сонан соң, тағы бір айта кететін мәселе – кеңестік кезеңде ұлттық тіл туралы елдің негізгі заңында құқықтық қағидалар болмады. 1937 және 1978 жылдары қабылданған Қазақ ССР-ының Конституцияларында жергілікті халықтың тілі туралы бір ауыз сөз айтылмады. Ұлы державалық шовинизммен ауырған кеңестік саясатқа бұл керек емес еді. Орыс халқының тілі бүкіл Одақта жалғыз мемлекеттік тіл болды.

 

Егемендіктің елең-алаңындағы қазақ тілі

 Тәуелсіздік таңында ұлтшыл азамат­тарымыздың ең бірінші азаттықтың әліп­биіндей қазақтың табиғи құқығы – өз тілі үшін күресті алғы шепке шығарғанын толық түсінуге болады. Сөйтіп, 1989 жылдың 22 қыркүйегінде өткен он бірінші сайланған Қазақ ССР Жоғарғы Советінің кезектен тыс он төртінші сессиясында «Қазақ ССР-інің тіл туралы» Заң қабылданып, қазақ тілі аса зор қиыншылықпен мемлекеттік мәртебеге ие болды. Бірақ, бұл Заңнан бізге қалғаны тіліміздің мемлекеттік мәртебесі мен «Тіл – ұлттың аса ұлы игілігі әрі оның өзіне тән ажырағысыз белгісі. Ұлттық мәдениеттің гүлденуі мен адамдардың тарихи қалыптасқан тұрақты қауымдастығы ретінде ұлттың өзінің болашағы тілдің дамуына, оның қоғамдық қызметінің кеңеюіне тығыз байланысты» деген жолдар ғана. Ия, ол кезең аса бір сындарлы еді. 1989 жылы республикада барлық 16,5 миллиондай халықтың 6 534 616-сы қазақ, 6 227 549-сы орыстар тұғын. Осындай жағдайда ана тіліміздің мемлекеттік мәртебе алуы, шын мәнісіндегі, зор мәні бар оқиға болғанына дау жоқ. Бұл қоғамда азаттық рухы айрықша көтерілген кезең мен туған тіліміз тәуелсіздігіміздің туы да, тұғыры да деген түсініктің нәтижесі болатын. Алайда, көп ұзамай қазақ тіліне қатысты саясат өзгерді. Қайта құрудан басталған ұлттық қайта түлеуге бетбұрыс егемендікке жету мен тәуелсіздікті алу идеяларынан ары аса алмады. Сан ғасыр арман болып келген саяси азаттық, асқақ идея дәстүрлі ұлттық рухани бұлақтан суарылмады, жаңа жағдайдағы мұраттарымызды шешуге бағытталмады. Кеңестік социалистік интернационализммен уланған сана тәуелсіздік идеясымен жаңғыртылмады. Кешегі ұлтсыздық, құлдық санамен күрес батыл жүргізілмеді. Ең қиыны елдегі демографиялық жағ­дайға байланысты тілдік кеңістікте қатынастарды реттеуде құқықтық ша­раны ысырып қойып, саяси шешім жасауға мәжбүр болғанымыз. 1995 жылы қабылданған Ата заңның 7-бабының бірінші тармағындағы «Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деген конституциялық шешімге қайшы екінші тармақта «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деген құқықтық норма қабылданды. Бұл осыдан алты жыл бұрын мемлекеттік мәртебеге ие болған қазақ тілінің жағдайын қайтадан күрт төмендетіп, онсыз да тегеурінді, ондаған жыл жеке билеп келген орыс тілінің үстемдігін қайтадан қалпына келтірді. Мұндай мемлекеттік тілге қайшы нормаларды мен ешбір елдің конституцияларынан таба алмадым.

Шындап келгенде, «Мемлекеттік ұйым­дарда және жергілікті өзін-өзі бас­қару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деген құқықтық норманы қатаң қадағаланғанда да жағдай бүгінгідей болмайтын еді. Ондай батыл бақылау жасайтын тиісті орган болмады. Оның үстіне 1997 жылы қабылданған «Тілдер туралы» Заңда мем­лекеттік тілдің пайдаланылуы, сақ­талуы және дамуын қамтамасыз ететін және оны қорғайтын тиісті құқықтық нормалар қабылданбады. Заңның 4-бабындағы «Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі» деген норма күнделікті өмірде мойындалмады. Ал, Заңда «Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы» деген ешкімді ештеңеге міндеттей қоймайтын жалпылама сөздердің 16 жылда күрделі өзгерістер жасауға құқықтық қауқары жетпеді. Ал, «Тілді мемлекеттік қор­ғау» деген 23-бап «Қазақстан Рес­публикасында мемлекеттік тіл және барлық басқа тілдер мемлекеттің қор­ғауында болады» деген сөздермен шектелді. Заңда мемлекеттік мәртебеге ие болған тілдің басқа тілдерге қарағанда үстем болуы деген әлемдік тәжірибе ескерілмеді. Тіпті, Заңда Конституцияның 7-бабының 1-тармағына қайшы нормалар қабылданды. Осы Заңның «Деректемелер мен көрнекi ақпарат тiлi» деген 21-бабында «Мемлекеттiк органдардың мөрлерi мен мөртаңбаларының мәтiнiнде олардың атаулары мемлекеттiк тiлде жазылады» деп айқын көрсете отырып, одан кейін «Меншiк нысанына қарамастан, ұйымдардың мөрлерiнiң, мөртаңбаларының мәтiнi мемлекеттiк тiлде және орыс тiлiнде жазылады» делінді де ары қарай орыс тілі мемлекеттік тілмен қосақталады да жүреді. Түсінікті болу үшін мәтіндерді толық келтірейік: «Бланкiлер, маңдайшалар, хабарландырулар, жарнамалар, прейскуранттар, баға көрсеткiштерi, басқа да көрнекi ақпарат мемлекеттiк тiлде және орыс тiлiнде, ал, қажет болған жағдайда басқа да тiлдерде жазылады. Қазақстанда өндiрiлетiн тауарлардың арнайы мәлiметтер көрсетiлген тауарлық жапсырмаларында (этикеткаларында), таңбаламаларында, нұсқаулықтарында мемлекеттiк тiлде және орыс тiлiнде қажеттi ақпарат болуға тиiс. Шетелде өндiрiлген тауарлардың арнайы мәлiметтер көрсетiлген тауарлық жап­­сырмалары (этикеткалары), таң­баламалары, нұсқаулықтары импорттаушы ұйымдардың қаражаты есебiнен мемлекеттiк тiлдегi және орыс тiлiндегi аудармасымен қамтамасыз етiледi». Сөйтіп, орыс тілі мемлекеттік тілмен теңестірілді. Мұндай жағдайлар Заңның басқа да баптарында орын алды.

Тағы бір өкініштісі – «Тіл туралы» Заңның 23-бабындағы «Тілдің дамуы мемлекеттік тілдің басымдығын және іс-қағаздарын жүргізуді қазақ тіліне кезең-кезеңмен көшіруді Мемлекеттік бағдарламамен қамтамасыз етіледі» деген құқықтық норманың қабылдануы болды. Ешбір елде мемлекеттік тіл арнайы бағдарламамен жүзеге асырылды дегенді әзір ешкім ести қойған жоқ. Тілдік кеңістіктегі шынайы ахуал ескерілмей, шынына келгенде формальды қабылданып жүрген бағдарламалардың бірінен соң бірінің нәтижесіз болып келе жатқаны жөнінде бұқаралық ақпарат құралдарында аз көтеріліп жүрген жоқ. Біз де «Бағдарлама нақтылығымен құнды» деген тақырыпта арнайы мақала жазған болатынбыз. Бірақ, мұны еститін құлақ әзір табылмай тұр. Ал, осы баптағы «Мемлекеттік тілді белгілі бір көлемде және біліктілік талаптарына сәйкес білуі қажет кәсіптердің, мамандықтардың және лауазымдардың тізбесі Қазақстан Республикасы заңдарымен белгіленеді» деген норманың орындалуын қадағалау бір министрліктен екіншісіне ауысып жүргенде ұмыт қалды.

 

Мемлекеттік тіл мәселесін шешетін әлеуметтік институттар әлсіз

 Қазақ тілінің алғашқы тағдыры отбасы мен білім жүйелеріне тікелей байланысты екені белгілі. Алайда, бұл әлеуметтік институттар ұлттық сұранысты қанағаттандыра алмай отыр. Мұның себептері ұшан-теңіз. Ең бірінші ана тілдік орта – дәстүрлі қа­зақ отбасы бұзылды. Нарықтық экономика жағдайында жас ұрпақ ұлттық құндылықтарын бойына көбірек сіңірген ата-әже тәрбиесін көрмей өсуде. Жас отбасылар үйленісімен батыстық үлгімен бөлек кетіп жатыр. Олардың күнкөрістің қамымен балаларына жүйелі тәрбие беретін уақыттары жоқ. Оның үстіне оқыған жастар көбіне орыс тілді болып келеді. Тәжірибе күнделікті көрсетіп отырғандай, ана өз тілінде сөйлемесе, бала анасының тілінде сөйлемейді. Көптеген қазақ тілді бала бақшаларындағы ана тілдік ортаның әлсіздігінен ұл-қыздарымыз шала тілді болып шығып жатыр. Елімізде балабақша жетіспейді. Астананың өзінде 10 мың бүлдіршін кезекте тұр. Орта мектеп жүйесі де кешегі кеңестік кезеңнен көп ілгері кете алған жоқ. Республикадағы жалпы білім беретін 7516 мектептің 3821-інде қазақ балалары өз тілінде оқып жатыр. Облыс орталықтары мен ірі қалаларда қазақ мектептерінің жетіспеушілігінен балалардың елеулі бөлігі орыс мектептеріне баруға мәжбүр. Сондықтан, кейбір қазақ мектептерінде бірінші сыныптар оннан асып, өз алдына мектеп деңгейіне жетіп тұр. Қазір орта арнаулы және жоғары оқу орындарының орыс топтарында оқитындардың 80-90 пайызы қазақтың ұл-қыздары. Бұған кейбір пәндерден мамандардың жетіспеушілігі де әсер етіп отыр.

Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту бағытында мемлекеттік билік органдары: Президент аппараты, республика Үкіметі және басқалар үлгі-өнеге көрсете алмай келеді. Басқа билік тармақтарына қарағанда, ұлттық сипаты басымдау болуға тиісті Парламентте әлдеқалай министр не басқа республикалық деңгейдегі басшы қазақ тілінде сөйлей қалса, қазақ тілді басылымдар оқырманнан жамыраса сүйінші сұрайды. Шынында да, мұндай басқару институттары мемлекеттік тілге көшетін болса, бүкіл Қазақстан халқы да бұл мәселеде белсенділік танытар еді. Облыстарда іс қағаздары мемлекеттік тілге көшті дегеннің көбісі орыс тілінде дайындалған құжаттар аз ғана аудармашылардың күшімен қазақшаланып отыр. Мәтінді қазақ тілінде дайындау сирек кездеседі. Бұл бағытта қазақ басшылар үлгі, өнеге көрсете алмай отыр. Өйткені, қазақ басшылардың дені қазақша сөйлеп, қазақша жаза алмайды. Олардың ұлттық намысының оянуына жиырма жыл да аздық етуде.

Қазақ тілінің алдында біздің бұқаралық ақпарат құралдары да қарыздар. Респуб­ликада тарайтын 8 мыңдай бұқаралық ақпарат құралдарының 5 мыңнан аста­мының 90 пайызы орыс тілінде. Қазір қазақ тілінде жұмыс істейтін бұқаралық акпарат құралдарының саны шамамен 30 пайыз мөлшерінде ғана болып отыр. Өзінің ұлттық ақпарат кеңістігін қалыптастырып алмай, бұлай шетелдік ақпаратты қап­татып жіберу өзін іргелі ел есебінде қадір­лейтін мемлекеттің бірде біреуінде бола қоймас. Бүгінгі күні жастар арасында газет-журнал және кітап оқитындар санының күрт азайып кетуімен, қазақ тілінің қолданыс ая­сын кеңейте түсуде бұқаралық ақпарат құралдарының электронды түрлерінің рөлі артып отырғаны белгілі. Бірақ, түрлі сериалдармен толтырылған телехабарлар ұлттық сұранысты қанағаттандырмай отыр. Олардың ең қызғылықтылары түндегі бағдарламаларда жүр. Тәуелсіздік пен тәуелсіз ұлтымызға қазақ тілінде еркін қызмет етіп келе жатқан Қазақ радиосының орны ерекше. Қазақ радиосын тыңдасаң, өзіңнің өнегелі тарихы, қиелі өнері жағынан ешкімнен кем емес қазақ екеніңді сезініп, бойыңды мақтаныш кернейді.

Біздер қазақ тілі – еліміздегі ұлт пен ұлысты ұйыстырушы фактор деп жиі айтамыз. Дұрыс-ақ. Бірақ, жоғарыдағыдай жағдайда ана тіліміз бұл аса құрметті де қасиетті миссияны атқара алады ма? Егер, өзіміз қазақ тілді, орыс тілді және ағылшын тілді, енді латын әрпінде оқитын, оқымайтын болып бөлініп жатқанда басқаларды біріктіріп не оңдыра қояр екенбіз? Қазақтың бүгінгі зиялы қауымы ойландыратын осы мәселелер. Мемлекеттік тілдің осындай дағдарысынан ащы да болса ашығын айтайық, қазақ тілі мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілімен кейде тең қолданылатын тілге айналып отыр.

 

Мемлекеттік тіл туралы заң болмай, қазақ тілінің айдарынан жел еспейді

 Кеңестер одағы құлағаннан кейін өз тәуелсіздіктерін жариялаған ұлттық санасы мен рухы күшті республикалардың барлығы орыс тілінің өктемдігінен құтылудың жалғыз пәрменді жолы ретінде мемлекеттік тіл деп түсініп, ол туралы заң қабылдады. Сөйтіп жердің, елдің иесінің тілі жай қағаз жүзінде емес, шынайы мемлекеттік мәртебеге көтерілді. Сонымен қатар, ұлттық салт-дәстүрлер, ұлттық мәдениет және тағы басқа мемлекеттілікті құрайтын барлық алғышарттар қалпына келтірілді. Тіпті, қауіптің заты түгел аты естілмейтін көрші Ресей 1991 жылы федерация халықтарының тілдері, ал, 2005 жылы мемлекеттік тіл туралы заңдар қабылдады. Қазіргі қалыс қалып отырғандар Қырғызстан мен Белоруссия және біздегі мемлекеттік тіл пәрменді құқықтық нормалары бар заңның жоқтығынан дағдарыстан шыға алмай отыр.

Бұл арада бірнеше ғасырға жал­ғасқан отарлық саясаттың зардабынан тәуелсіздігіміздің 20 жылы еліміздің аза­маттарының азаттық санасы мен ұлттық рухын қалыптастыруға жеткіліксіз болып отырғанын айта кеткен артық болмас. Осы орайда Мұстафа Шоқайдың «Ұлттық рухсыз ұлт бостандығы болуы мүмкін бе? Тарих ондайды көрген жоқ та, білмейді де. Ұлт азаттығы – ұлттық рухтың нәтижесі. Ал, ұлттық рухтың өзі ұлт азаттығы мен тәуелсіздігі аясында өсіп дамиды, жеміс береді» деген сөзімен ойымызды тиянақтай кетейік [3, 187]. Ұлттық рухтың жасампаздығын адамзат тарихы талай дәлелдеп келеді. Кеше ғана кеңес одағының мүшелері болған Балтық теңізі жағалауындағы елдердің тәжірибесі белгілі. Осы бағытта жер бетінен мүлде жойылып кеткен иврит тілін шынайы мемлекеттік тіл ретінде он ғасырдан соң 10-15 жылда қайта тірілткен еврейлердің өнегесі қандай тәлімді! Рас, өзге елдерге қарағанда біздің тілдік кеңістігіміздегі жағдайдың өзіндік ерекшеліктері бар. Оны елемеуге болмайды. Сол себепті мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау үшін оған барар жолды ашып алуымыз қажет.

Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаев 2006 жылы 11 мамырда «Ана тілі» газетіне берген «Қа­зақстанның болашағы — қазақ тілінде» атты сұхбатында қазақ тілінің тағдыры, бүгінгі дамуы мен болашағы жайында айта келіп, Тілдер туралы Занды қай­та қарап, қажет болса замана талабына сай өзгерістер енгізу керек деп еді. Бірақ, осы күнге дейін біздер мұн­­дай батыл әрекетке бара алмай отырмыз. Ғасырлар қордаланған аса күрделі жағдайдан алып шығуға қолданыстағы Заңның құқықтық та әлеуметтік те күші жетпейді. Еліміздегі әртүрлі әлеуметтік орталардағы тілдік ахуалды ескермей жасалған мемлекеттік бағдарламалар елеулі нәтиже берер емес. Осылардың барлығын жан-жақты ойлана отырып, мемлекеттік тіл туралы заңды қабылдауға кірісуіміз қажет. Оны қабылдаудың төмендегідей бірнеше себептері бар. Біріншіден, мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауға Ата заңымыздың 93-бабындағы «Конституцияның 7-бабын жүзеге асыру мақсатында Үкімет, жер­гілікті өкілді және атқарушы органдар арнаулы заңға сәйкес Қазақстан Республикасының барлық азаматтары мемлекеттік тілді еркін әрі тегін меңгеруі үшін қажетті ұйымдастырушылық және техникалық жағдайдың бәрін жасауға міндетті» деген қағида құқықтық негіз бола алады. Екіншіден, осыдан 15 жыл бұрын қабылданған «Тіл туралы» Заң алдына қойған бірсыпыра мақсатты орындады. Еліміздегі тілдік қатынастардың оң өзгерістеріне құқықтық негіз салды. Қазақ тілі кеңістігінде сең қозғалды. Алайда, бұл Қазақстанды мекен еткен халықтардың тілдері туралы болғандықтан қоғамда мемлекеттік тілдік орта жасай алмады, жасай алмайды да. Әділетіне жүгінсек, бұл Заң қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде дамуына тұсау бола бастады. Үшіншіден, «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолдынылады» деген конституциялық норманы қабылдағандағы құқықтық принцип қатаң қадағаланбай, ол мемлекеттік және орыс тілдерінің теңестірілуіне әкелді, тіпті қоғамдық өмірде орыс тілінің үстемдік етуін күшейте түсті. Төртіншіден, осы себептен Конституцияның 7-бабының 2-тармағын алып тастау қажет. Мұнсыз мемлекеттік тіл туралы заң қабылдай алмаймыз. Қазақтың Нұрпейісов және Мұхтар Шаханов бастаған 150-дей зиялы қауымның бұл бапты алып тастау керек деулері тегіннен-тегін емес. Бесіншіден, мемлекеттік тіл туралы заң қабылдаудың қажеттігі Елбасымыздың жазба кеңістігімізде реформа жасау, латын әліпбиіне көшу туралы нақты тапсырмасынан да туындап отыр. Өйткені, әліпбиді ең бірінші тұтынушы ұлттың өз ана тілін реттеп алмай, реформа нәтижелі бола қоймайды. Алтыншыдан, жаңа заңның керектігі Білім және ғылым министрлігінің мән-жайды келелі кеңесте талқылап алмай, қазақ мектебінде, әсіресе облыс орталықтары мен ірі қалаларда оқитын қазақ балаларының өзі шала қазақ болып шығып жатқанда бірінші сыныптан бастап ағылшын тілін оқыту жөніндегі асығыс саясатынан да туындайды. Жетіншіден, 1997 жылдан бері еліміздегі демографиялық жағдай жақсарды. Қазақтар барлық халықтың 65 пайызын құрап отыр. Мемлекеттік тілге деген өзге этнос өкілдерінің көзқарасында күрделі оң өзгерістер белең алды. Оларда да жер иесінің ана тіліне деген ізгілікті түсінік қалыптасып келеді. Ең соңы, Батыстың демократияшыл елдерінің дәстүрінде мемлекеттік тілді меңгеру, меңгермеу туралы мәселе жоқ, оны меңгеру – басты мәселе. Біздегі мемлекеттік тілдің мәртебесі арнайы заңсыз мұндай әлеуметтік те, құықтық та жауапкершілікті туғыза алатын емес.

Қазір мемлекеттік тіл туралы заңның қажеттігі жөнінде екі пікір болмауы керек. Оған 20 жылдық өз тәжірибеміз де, әлемдік өркениетті елдердің шындығы да толық дәлел бола алады. Кез келген мемлекет өз шекарасы шеңберінде көпэтносты мәдениеттің әр текті сипатына қарамай, өзінің ұлттық мәдениетін қалыптастыруды бірінші кезекке қояды. Өйткені, жергілікті ұлт жалпы халық үшін ұйымдастырушылық, топтастырушылық рөл атқарады.

Ал, ұлттық мәдениеттің өзегі – ұлттық тіл. Осы тіл қоғамдық қатынастың барлық салаларында қолданыс тауып, мемлекеттің ұлтаралық қарым-қатынас тіліне айналғанда ғана қоғамда демократия, азаматтық қалыптардың толық қалыптасуына қолайлы әлеуметтік жағдай туады. Осындай жағдайда ғана Қазақстанда тәуелсіздік өзінің шынайы рухани тұғырына да қонады.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 1.И.Алтынсарин. Таңдамалы шығар­малар. –Алматы: Қазақ ССР ҒАБ. – 1955 жыл. – 414 бет.

2. Қазақстан Компартиясының Орталық Комитеті мен Қазақ ССР Министрлер Советінің «Республикада орыс тілін оқып-үйренуді жақсарту туралы» 1987 жылғы 3 марттағы №99 қаулысын орындау жөніндегі қосымша шаралар туралы Қазақ ССР Министрлер Советінің 15 тамыз 1989 ж. №248 қаулысы.

3. Шоқай М. Таңдамалы.- Алматы: Қайнар. –Т. 1. -1998. — 512б.

Ақиқат

саяси ғылымдарының докторы


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз


ТЕКСТ

Яндекс.Метрика