КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

Әбдіжәлел Бәкір, 
саяси ғылым докторы, профессор

Әлемде екі жүзге тарта тәуелсіз мемлекет бар көрінеді. Олардың әрқайсының қалыптасу, өркендеу жолы бір‑біріне ұқсай бермейді. Ол әр мемлекеттің өзіндік мәдени һәм рухани өресіне, материалдық және техникалық мүмкіндіктеріне, табиғи жағдайына, т.б. толып жатқан факторлармен айқындалады. Алайда адамзат тарихы көрсеткендей, олардың тағдыры көршілерімен қарым‑қатынасқа да көп байланысты.

Қазақстанның ежелден іргелес бо­лып келе жатқан Ресеймен қарым-қа­ты­нас­тары туралы сөз еткенде Ба­тысқа әл­деқайда жақын жатқан мем­лекеттің озық мәдениеті мен ғылымы­ның қазақ қоғамына игі ықпалы аз болма­ғанын әркез есте ұстаған абзал. Әсіресе осында оқып, білім алған, қызмет те еткен қазақтың талай ардақтылары еліміздің ілгері жылжып, жаңаруына өлшеусіз үлес қосты, үлес қосып та келеді. Бұған тарих та, бүгінгі күніміз де куә.

Сонымен қатар патшалық Ресейдің империалистік саясатынан туындаған ора­сан зор зардаптар да жұртқа аян. Ұлы дала билігін қолға алып, басқару жүйесін өзінің ыңғайына бейімдеп алған отаршылдар Қазақстанның құнарлы, сулы, нулы аймақтарына ғана ие болумен шектелмей, жергілікті халықты озбырлық пен әділетсіздіктің небір сорақы нұсқаларын бастан кешіруге мәжбүр етті.

Өзінің негізгі ұлттық көрсеткіштерінен айрылған ұлтты не етемін десе де болатынын жақсы білетін үстем ұлт жергілікті халықты «бұратана» санап, олардың тілі мен дініне, оның жиынтық көрсеткіші – діліне шабуыл жасады. Мұндай әре­кеттерге қарсы қазақтар екі жүзден астам әртүрлі деңгейдегі қарсылықтар көрсетіп, көтерілістерге шықты. Алайда қай жағынан болса да, әлсіз ел әркез жеңіліс тауып отырды.

Билік басына келерде «әр ұлттың өзін‑өзі билеуге ерік береміз» деп ұран­дат­қан кешегі кеңестік жүйе бой түзеп алғаннан соң өз табиғатына тартқан болатын. «Кемелденген социализм» заманында Мәскеудің Қазақстанды өздерінше өлкелерге бөліп, Орталық тікелей қаржыландырған солтүстік бес облысты біріктірген Тың өлкесін Ресейге қосып алу үшін жанталасқан кеңестің солақай көсемі Н.С.Хрущевтің «коммунизм не за горами» деп қарлыққан даусын естігендер әлі аз емес.

Кеңестік кезеңнің өктемдігі ұлттық құндылығымыздың басты көрсеткіші ана тілімізден басталды. Советтік Социалистік Республикалар Одағы қата­рынан формальды орын алған Қазақ­станның бас­ты құжаты – 1937‑інші, одан кейінгі 1978‑інші жылдардағы Конс­титу­цияларда ұлттық тіл туралы бір ауыз сөз айтылмады. Сонан соң Одақ көлемінде орыс тілін мемлекеттік деңгейге жеткізіп, оның үстемдігін қамтамасыз ету мақсатымен 1938 жылғы 13 наурызда СССР Халық Комиссарлар кеңесі мен БКП(б) Орталық комитеті «Ұлттық республикалар мен облыстардың мектептерінде орыс тілін міндетті оқыту туралы» Қаулы қабылдады. Бұл өз елінде отарлық саясаттан азшылыққа айналған, Мәскеудің тікелей басшылығымен кеше ғана бар қаймағы сылынып алынған, содан саяси қырағылығы мен мәдени өресі езілген қазақ халқын әлеуметтік, саяси-құқықтық зор қиыншылықтарға ұшыратты. Ең бірінші республика, облыстың партиялық жүйесінің бірінші басшылары солтүстік көршіміздің өкілдері болды. Кешегі кеңестік кезеңде республика басшылығында екі‑ақ қазақтың болғаны мәлім. Содан елімізде ісқағаздарын орыс тілінде жүргізуге айқара жол ашылып, ол бірте‑бірте Қазақстанның мемлекеттік тіліне айналды. Бұған өзіміздің ұлттық қасиеттері жұқа билік басындағылар да аз көмектескен жоқ. Олар тіпті оқушыларды екінші сыныптан және жаратылыстану пәндерін орыс тілінде оқытуды ұсынған еді. Мұндай басшылар негізгі ғылым салаларын қазақтың ұл‑қыздарына өз ана тілінде оқуы мен білім алуын қимаған болатын.

 

Ежелден осы жердің жалғыз иесі қазақ халқының күн­дердің күнінде құрып кетуінен тек Тәуелсіздік сақтап қалды. Егемендіктің елең‑алаңында еліміздің ұлтшыл азаматтары ең бірінші азаттықтың басты атрибуты ана тіліміз үшін күресті, барын салды. 1989 жылдың 22 қыркүйегінде өткен он бірінші сайланған Қазақ ССР Жоғарғы Советінің кезектен тыс он төртінші сессиясында «Қазақ ССР-інің Тіл туралы» Заң қабылданды. Еліміз үшін аса бір сындарлы кезеңде, барлық 16,5 миллиондай халықтың 6534616-сы қазақ, 6227549-сы орыс­тар болып отырғанда дүниеге келген бұл құқықтық норма, шын мәнісінде, Алаш көшбасшыларының тәуелсіздікті тілден бастау керек деген дәстүрінің нақты көрінісі болатын.

Мемлекеттік тіл туралы мәселеге арнайы көшпей тұрып, өркениетті елдердің бірер тәжірибесіне назар сал­сақ. Солтүстік көршіміз өзінің Конс­титуциясының 68‑бабында орыс тілі мемлекеттік тіл деп атап көрсетумен, 1998 жылғы 24 тамызда Ресей Феде­рациясы халықтарының тілі туралы заңымен шектелмей, қауіптің төбесі көрінбесе де, орыс тілін қорғау мақ­сатымен 2005 жылы 25 мамырда Ресей Федерация­сындағы мемлекеттік тіл туралы Заң қабыл­дады. Қазір кешегі кеңес Одағына қараған ұлттық рес­­публикалардың барлығы дерлік мемлекеттік тіл туралы заңмен жұмыс істеуде.

Мемлекеттік тілді сыйлаудың жар­қын үлгісін алыс шет елдер де көр­сетіп келеді. Франция­да алғашқы тіл туралы заңдар осыдан бес ғасыр бұрын 1490 жылы қабылданған. Еуропалық Одақтың парламентаралық сессиясында Одақтың Орталық Банкінің басшысы француз Жак Клод Грише ағылшын тілінде сөйлегенде француз делегациясы залдан шығып кеткен. Ал БҰҰ алтыншы ресми және жұмыс тілі, көптеген халықаралық ұйымдардың тілі болып саналатын француздың ресми тілін әлемнің 300 миллионға жуық адамдары қарым‑қатынас құралы етеді.

1995 жылы қабылданған Ата заңның 7-бабында «1. Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп жазылды. Ал 1997 жылы Қазақстан Республикасындағы тiл туралы Заң қабылданды. Әр он жыл сайын тілдерді қолдану мен дамыту­дың мемлекеттік бағдарламалары қабыл­данып келеді. Рас, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейте түсуге бағытталған іс-шаралар аз жасалынған жоқ. Бірақ нәтиже мәз емес. Кейбір зерттеушілердің айтуына қарағанда, қазір қазақтардың 60 пайызы орыс тілінде сөйлейді.

Неге бұлай? Неге жасалынған іс‑шаралар тиісті нәтиже бермеді? Бұл – өте күрделі мәселе. Біріншіден, қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесі көрсетілген мемлекеттің ең жоғары құқықтық күші бар құжатындағы норманың жүзеге асуы міндетті, бұл – әлемдік тәжірибе, әлемдік қалып, стандарт болғанымен орындалмады. Конституцияның 7-бабындағы сол кездегі елдегі демографиялық жағдай мәжбүр еткен «2. Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қол­данылады» деген құқықтық норма бірінші тармақтағы шешімге қай­шы болатын. Содан Қазақстан Рес­пуб­ликасындағы тіл туралы заң­ның «Қазақстан Республи­касы­­ның мемлекеттік тілі» деп аталатын 4‑баптың үшінші бөлігінде «Қазақ­стан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы (әдейі белгілеп – автор)» дегендей солқылдақ норма жазылды. Заңның осы бабындағы «Мем­лекеттiк тiл – мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iсқағаз­дарын жүргiзу тiлi» деген норма көбіне жай сөз болып қала берді. Орыс тілінің ешқандай мәртебесі көрсетілмей, тек оның мемлекеттік ұйымдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарында қазақ тілімен ресми қолданылуы туралы ғана әңгіме болған жетінші баптың екінші тармағындағы «ресми» деген сөз ресми органдарда өзгеше ба­ға­ланды. Орыс тілі ресми дегенді кей­бір мемлекеттік лауазымды қыз­мет­керлердің аузынан да аз естіген жоқпыз. Бұл заңсыз әрекет күнделікті өмірде үстемдік алып кетті. Содан 2007 жылғы 15 қаңтарда Қазақстан Рес­пуб­ликасы Парламентiнiң депутаттары М.Шаханов, Е.Әбілқасымов, А.Айталы Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiне «мем­лекеттiк ұйымдарда және жергi­лiктi өзiн-өзi басқару органда­рында орыс тiлi ресми түрде қазақ тiлiмен тең қолданылады» деген конституциялық норманы (Конституцияның 7-бабы­ның 2-тармағы) орыс тiлi екiн­шi мемлекеттiк тiл болып табылады деп түсiнген жөн бе?» деп сұрақ қоюға мәжбүр болды. Қазақстан Респуб­ликасы Конституциялық Кеңесі: «2. Мемлекеттiк ұйымдарда және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында орыс тiлi ресми түрде қазақ тiлiмен тең қолданылады деген конституциялық норма орыс тiлiне екiншi мемлекеттiк тiл мәртебесi берiлетiнiн бiлдiрмейдi» деп жауап берді. Бірақ осы норманың орындалуын да қатаң қадағалайтын кеше де, бүгін де тиісті тегеурінді мекеме бола алмай отыр. Қазақстандықтардың 83 пайызы мемлекеттік тілде сөйлейді деп отырған министрліктегілерден не сұрауға болады?

Қандай мемлекет болмасын, ондағы мемлекеттік тілдің өмір сүріп, қызмет етуінің негізгі шарттарының бірі – тілді қолданушылар санының жеткілікті болуы. Құдайға шүкір, қазір қазақ сан жағынан еліміздегі халықтардың басым көпшілігін құрап отыр. Сонан соң өзінің тарихы, тілінің байлығы жағынан, шешендігі мен көсемдігі жағынан қазақ тілі өзімен көршілес халықтардан артық демей‑ақ қояйық, әсте кем емес. Мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болып отырған қазақ тілі – әлемдегі алты мыңға жуық тілдердің ішіндегі қолдану өрісі жа­ғынан жетпісінші, ал тіл байлығы мен көркемдігі, оралымдығы жағынан алғашқы ондықтар қатарындағы екені белгіСонымен, ана тілімізге шын мем­лекеттік көзқарастың жетіспеген­дігінен оның жеткен өресін биіктете түсетін тиісті саяси‑құқықтық қадам­дар жалғаса түспеді, мемлекеттік тіл тәуелсіз мемлекетіміздің негізгі рәміздері мен егемендігінің негізгі шарттарының бірі ретінде бағалануы керек еді, олай болмады. Ал 1997 жылғы Қазақстан Республикасындағы тiл ­туралы Заңның «Тілді құқықтық қорғау» деп аталатын тарауындағы «Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл және барлық басқа тілдер мемлекеттің қорғауында болады», «Уәкілетті орган тілдерді дамыту саласында бірыңғай мемлекеттік саясаттың іске асырылуын қамта­масыз етеді», «тілдерді қолдану мен дамытудың бағдарламасын және өзге де нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді» деген ешкімді еш нәрсеге міндеттемейтін сөздер көбіне қағаз жүзінде жалғаса берді. Мұның үстіне заңдағы «мемлекеттік, орыс және басқа тілдерде» деген 8-15 және 17, 18, 21 және 25‑баптардағы қосақтаулар мемлекеттік тілдің мәртебесін әлсіретумен келеді.

Кейінгі кезде қазақ тілінің мем­лекеттік мәртебесін елемеуге дейін апаратын ресми және бұқаралық ақпарат құралдарында жиі қолданатын «үш тұғырлы тіл», «үш тілдің бірлігі», «үш тілде білім беру» сияқты қайшылықты, тіпті қате ұғымдар жергілікті жерлерде ана тілінің шын жанашырлары мен мемлекеттік жүйедегі өздері ойлана алмайтын, жоғарыға ойланбай бас шұлғуды әдет еткен шала сауатты қызметкерлер арасында түсінбеушілік жағдайларға жиі әкеліп жүр. Тілдің жалғыз ғана түғыры болатыны, оның ана тілі екенін, мәртебелері әртүрлі қазақ, орыс және ешқандай құқықтық мәртебесі жоқ, өктемдікпен енгізіліп ағылшын тілдерін бір деңгейде деп түсіну, тұтас білім негізінен тек ана тілінде берілуі керектігін, қалған тілдер қатынас құралы ретінде және ана тілінде алған білімді толықтыратынын ескермеу жиі қателіктерге әкеліп жүр.

Осылай ана тіл кеңістігіндегі соңғы ғасырларда қордаланған аса күрделі жағдаймен санаспаушылық, бұл үшін тегеурінді құқықтық шара­лардың қолданбауы, ана тіліміздің мәртебесін мемлекеттік деңгейге кө­теретін пәрменді құқықтық бап­тар қабылданбауы, өзі де осал қабыл­данған заңның кейбір прин­ципті мәселелерінің орындалуын қадағалауға атқарушы органдар тарапынан жігерлілік, жүйелілік, прин­цип­шілдіктің жетіспеушілігінен мем­лекеттік тілді қорғау және қолдау мәсе­лелері құрғақ сөзден нақты іске көше алмай отыр. Тіл туралы заңда жазылған жалпы тілдің дамуы, мемлекеттік тілдің басымдығы және ісқағаздарын жүргізуді қазақ тіліне кезең‑кезеңмен көшіру Мемлекеттік бағдар­ламамен қамтамасыз етіледі дегеннің қателік екенін осы кезге дейінгі қабыл­дан­ған екі бағдарламалардың тағ­дыры айқын көрсетіп отыр. Бұл еліміздің әлеу­меттік-коммуникативтік жүйесінде мемлекеттік тіліміздің өзіндік орны мен рөлін көтеретін саяси‑құқықтық шешімдер қабылдаусыз мүмкін емесін дәлелдеді. Содан бүгін мемлекеттік мәр­тебе алған қазақ тілі мемлекеттік ор­ган­дарда аударма тілге айналып, іс жүргізу мен қызметтік қарым-қатынас жасауда екінші қатарда қалып отыр. Ал «ісқағаздары мемлекеттік тілге көшірілді» деген көптеген облыстарда ісқағаздарын қазақ тіліне көшіру процесі көбіне тиісті қазақ тілін білетін мамандардың есебінен емес, негізінен аз ғана аудармашылар тобымен жүзеге асырылуда.

Осындай және тағы басқа себептерден қазір мемлекеттік тілдің шынайы мағынасы мен қызметі тек қағаз жүзінде қалып, тәуелсіздіктің биік талаптарын қанағаттандыра алмай отыр.Содан күнделікті өмірде қос тілділік салтанат құрып, Конституцияны да, заңды да мойындай бермеу қалыпты жағдайға айналды. Мұндай әрекет ең бі­рінші республиканың мемлекеттік ұйымдары мен мекемелеріне, жалпы мемлекеттік билік тармақтарына қатысты. Жоғары, облыстық және қалалық деңгейде өтетін мемлекеттік сипаты бар жиындар тек орыс тілінде өтеді. Аударма деген тіпті еске алынбайды. Ал халықаралық стандарт бойын­ша, мемлекеттік тілде сөйлемейтін мемлекеттік билік заңсыз билік болатынын ескерген жөн. Әйтпесе, Елбасы «Парламент, Үкімет мемлекеттік тілде сөйлесін» дер ме еді? Бірақ кейбір ­министрлер мен банк басшылары қазақ тілінде сөйлемек түгіл, оны түсінбесе не істейміз? Ал қазақ – басқарушы аппаратты ежелден сыйлап келе жатқан иманды халық. Мемлекеттің тағдыры тапсырылып отырған депутаттар мен қызметкерлер жаппай ана тілімізде сөйлеп, қара­пайым жұртқа үлгі көрсете алса, бұқара халық өздері сенім артқан азаматтардан әсте қалыс қалмас еді.

Көбіне ресми Қазақстан халқы тілдері аясында ғана насихатталатын мемлекеттік мәртебеге ие болған қазақ тілінің бүгінгі күйі осындай. Бұл Тәуелсіздік талаптарына сәйкес жүргізілуге тиісті ұлттық идеологияның әлі жүйелілікке жете қоймағанынан да болып отыр. Өкінішке қарай, көпшілігімізде ұлттық рух та, ұлттық намыс та төмен болып отыр. Әлі де құлдық психологиядан құтыла алатын емеспіз. Тіпті өзге ұлт өкілдері ұл‑қыздарын қазақ бала‑бақшасы мен мектептеріне беріп жатқанда қазақ мектептерінің мүмкіндіктеріне әлі сенбеуден, қазақ тілдерін еркін білмеуден ата‑аналар балаларын басқа жаққа алып қашуда. Орта арнаулы оқу орындарын әңгіме етудің қажеті жоқ болар, тіпті қазақ мектептеріндегі ұл‑қыздарымыздың сабақтан тыс уақытта, сондай‑ақ оқыған жастары­мыздың көбісінің өзге тілде сөйлеуі, кешегі кеңестік заманның ардагер әжелерінің қалыптасып қалған әдет­тері, т.б. елімізде ана тілдік орта қалып­тастыра алмай отыр. Бұл бүгінгі күні күшейе түспесе, азаятын түрі жоқ.

Кешегі «кеңестік интернацио­нализмді» ту еткен тоталитарлық билік тұсында қоғамда пайда болған ұлтсыздық сана қазіргі жаһандану жағдайында жалғасып отыр. Бұндай сананың иелері ұлттық тіліміздің шынайы қадір-қасиетін ұғынатын емес.Ең негізгісі – болашақ ана тілінің егесі жастардың өз тілін білмеуі немесе еркін сөйлей алмауы олардың өз тіліне деген намысын жойып қана қоймай, олардың ұлттық ойлау жүйесін де бұзып отыр. Бұл – қауіпті.

Ұл-қыздарымыздың бойларындағы ұлттық басты нышанымыз – тілдің әлсіреуі оларды төл мәдениетіміз бен тамаша дәстүрлерімізден бірте-бірте алшақтатып барады. Мұның үстіне жаңа қоғамның ішкі дүниесін түгендеп алмай, есікті айқара ашудың нәтижесінде ертеден кешке дейін телехабарларымыздағы ұрыс-керіске, адам өлтірудің тоқсан тоғыз айласына толы шетелдік сериалдар, кезкелген жерде ашылып-шашылып жатқан шетелдік газет-журналдар мен саналуан хикаяға толы кітаптар, әсіресе Мәскеуде дайындалатын орыс тіліндегі жарнамалар қазақ көрермені мен оқырманын рухани тұншықтыруда. Әдебиетіміздің алыптарының бірі Ғабиден Мұстафин: «Біз ұлтшылдықпен күрестік, енді сендер ұлтсыздықпен күресесіңдер» деп жай ескертпеген сияқты.

Қандай мемлекет болмасын, ондағы мемлекеттік тілдің өмір сүріп, қызмет етуінің негізгі шарттарының бірі – тілді қолданушылар санының жеткілікті болуы. Құдайға шүкір, қазір қазақ сан жағынан еліміздегі халықтардың басым көпшілігін құрап отыр. Сонан соң өзінің тарихы, тілінің байлығы жағынан, шешендігі мен көсемдігі жағынан қазақ тілі өзімен көршілес халықтардан артық демей‑ақ қояйық, әсте кем емес. Мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болып отырған қазақ тілі – әлемдегі алты мыңға жуық тілдердің ішіндегі қолдану өрісі жа­ғынан жетпісінші, ал тіл байлығы мен көркемдігі, оралымдығы жағынан алғашқы ондықтар қатарындағы екені белгілі. Ана тіліміздің құрылым-жүйесі жетілген, лексика-фразеологиялық қоры ерекше бай, ежелден келе жатқан, барынша қалыптасқан жазба және ауызша дәстүрі бар тілдердің бірі ғана емес, бірегейі екені аян. Ал ана тіліміздің бағын жандырмай отырған өзіміз. Ең басты кемшілік осы тілдің егесі – өзімізде болып отыр. Анамыздың атын иеленген тілімізді құрметтемеу – бүкіл ата-бабамызды, еш халықтан кем емес аса бай тарихымызды ұмыту екенін мойындағымыз келмейді. Ұлтжанды да талантты ақын Қадыр Мырза Әлі ағамыздың:

Ана тілің – арың бұл,

Ұятың боп тұр бетте.

Өзге тілдің бәрін біл,

Өз тіліңді құрметте, – деген сөзін бір сәт ой елегіне салсақ, бүгінгідей күн кешпес едік. Мұндай жағдай іргелі елдің бірде‑біреуінде жоқ. Өкінішке қарай, ғасырлар бойы осы жердің де, елдің де егесі болып келе жатқан біздің бүгінгі күйіміз осындай.

Жақында Астананың Орталық концерт залында ғұлама ғалым, қазақ тіл білімінің негізін салушы Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне сәйкес, Үкіметтің жыл сайын бесінші қырқүйекті Қазақстан халықтарының тілдері күні деп бекітуіне байланысты салтанатты да мазмұнды іс‑шара өтті. Ана тілінің жанашырлары мұны өзіміздің мемлекеттік тіл үшін әдемі‑ақ пайдаланды. Пендеміз ғой, шіркін осындай іс‑шаралар қашан мемлекеттік тіл күніне арналар екен деген ой мен алдағы күнге сенім бойымызды билегені рас. Бұл үшін ең бірінші әрбір қаракөзде Ата заңымыздың құдірет күшін сезінетін саяси сезімталдық, құқықтық өре, ұлттық рух пен ана тіліміздің қасиетін ұғынатын терең пайым-парасат керек.

Сөз соңында мемлекеттік тіл – тәуелсіз мемлекетіміздің басты ұлттық коды екеніне тағы назар аударғымыз келеді. Мұнсыз тәуелсіздікті тұғырлы ете алмаймыз. Сол себепті саяси сілкінетін, әлеуметтік әлеуетті әрекет ететін, құқықтық санамызды қамшылайтын кез өзімізге де келді деймін, ағайын? Ойланайықшы, құдіретті қазақ тілінің иелері!

 


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз