THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Тіл – белгілі бір кезеңде туып, заңды түрде дамыған
семантикалық жүйе.
Тіл – тұлғалардың бір-бірімен пікірлесуін, сөйлесуін
қамтамасыз ете отырып, тілдік қарым-қатынасты іс жүзінде жүзеге асырады. Тіл адамдар арасындағы
пікір алысу, өзара түсінісу құралы. Кез келген тіл адамдар үшін, өзінің ортасы
үшін, яғни қоғам үшін қызмет жасауы керек. Ешбір қоғам тілсіз болмайды, тілсіз
де қоғамның болуы мүмкін емес.
Қоғамдағы тілдік
жағдайды қалыптастыратын және өзгертетін тіл қызметінің негізгі
әдіс-тәсілдерінің ішінде тілдік саясат тіл қызметінің кеңеюіне, қолдану
аяларына, әлеуметтік коммуникативтік рөлдің жоғарлауына, әдеби тілдерді жасау
мен дамытуға бағытталған.
Әр елде, кейде
әр аймақта тілдік жағдайдың қалыптасуының немесе пайда болуының өзіндік
ерекшеліктері болуы мүмкін. Мысалы, Қазақстан халқы үшін өмірдің экономикалық,
мәдени т.б. салаларында қатынас құралы ретінде орыс тілі басым болған. Бір
жағынан Кеңес Одағының ыдырауынан кейін, орыстардың көп бөлігінің Қазақстаннан
кетуі және керісінше, шет елдерден туған жерлеріне оралмандардың қайта келуі
елдегі тілдік жағдаятты күрт өзгертті. Оның бәрі титулды тілдердің қайта
өркендеуі және таралуымен тығыз байланысты.
Қазіргі
Қазақстандағы тілдік жағдай көптілді және экзоглосты деп қарастырылады.
Байқағанымыздай, Қазақстанның өзінің бір ерекше тілдік жағдайы бар, себебі,
елде сан алуан тілдің түрлері бар және осы тілдердің басым бөлігін екі
коммуникативті қуатты тілдер таразылайды – қазақ және орыс тілдері. Қостілділік
бұл республикадағы ең маңызды тілдік көрсеткіш болып табылады. Сондықтан
қостілділік феномені мәселесін елімізде лингвистер, әлеуметтанушылар,
саясаттанушылар, журналистер жіті бақылауына алып отыр.
Отандық тіл
білімінде қостілділік мәселелері Э.Д. Сүлейменова, М.М.
Копыленко, З.К. Ахметжанова, С.Е.Байболсынова, М.К. Исаев,
Б.Хасанұлы, Г.А. Ғабдуллина
еңбектерінде қарастырылған. Ж.Қ. Ибраева психо-лингвистика
аспектісінде талқылаған. Билингвизм терминіне қатысты ғалымдардың бірнеше
тұрақты тұжырымдары бар (Л.В.Щерба,У.Вайнрайх, А.Розенцвейг). Тілдер қатынасы
теориясының негізін салушы У.Вайнрайхтың пікірі бойынша екі тілді алма-кезек
қолдану тәжірибесі – қостілділік [1, 25-60 бб.]. Тілдерді меңгеру деңгейін әр
зерттеуші әртүрлі анықтайды. Кей ғалымдар қостілділікті – екі немесе бірнеше
тілдерді әртүрлі деңгейде білу (Б.Хасанұлы, М.К. Исаев) деп
қарастырса, ғалымдардың бір тобы – екі немесе бірнеше тілді ана тілін білу
деңгейінде меңгеруі деп қарастырып жүр.
Біздің қоғамдық
өмірде жан-жақты әрі сапалы білім түрлі факторлардың мәнін күшейтеді. Бұл
қоғамтанушылардан толығымен өз білімдерінің мобилизациясын (жинақталғанын) және
табанды шығармашылықтарын талап етеді.
Адам – қоғамның
әлеуметтік бірлігі. «Адам» дегенде екі түрлі ұғымды айтуға болады. Ол – индивид
немесе жеке тұлға. Біріншісінде тек адамды ғана айтса, екіншісі оның әлеуметтік
функциядағы көрінісі, яғни әлеуметтенген индивид. Жеке тұлға табиғаты қоршаған
ортамен, қоғаммен белгілі бір байланыста болады.
Қостілділік
адамның рухани үдерісіне әсер етеді. Жеке тұлға үшін қостілділік – көп тілді
қоғамда қатынас құралы болумен қатар ойлау жүйесінің сөйлеудегі нәтижесі.
Қостілділік біріншіден ұлттық мінез-құлық компоненттері болып табылса,
екіншіден басқа ұлттардың құндылықтарын тану болып табылады.
Қостілділік деп
біз жеке бір индивидтің немесе қоғамның қарым-қатынас жасау мақсатында екі
тілді қатар қолдануын айтамыз. Осы арқылы біз У.Вайнрайхтың «Коммуникация –
адамдардың пікір-ой алмастыруындағы қоғамдық үдеріс» деген анықтамасын
толықтырамыз және қостілділік түсінігін қоғамдық психолингвистика шеңберімен
шектейміз. Жеке индивидтің немесе индивидтер тобының қарым-қатынас жасау
барысында бір тілді қолдануын біртілділік немесе монолингвизм деп атаймыз. Ал
үш кейде одан да көп тілдерді қолдануды көптілділік (мультилингвизм) дейді. Осы
тұрғыда қостілділікті кең тараған үдеріс деп қарастыруға болады.
Қатынасқа түсуші
тілдердің қоғамдық дәрежесіне байланысты қостілділік пен диглоссияны ажырата
білу керек. Қостілділік бір-бірімен мінез-құлқы, мәдениеті жағынан ерекшеленетін
әртүрлі тілдердің қатынасы, ал диглоссия бір тілдегі жергілікті сөйленістердің
қатынасы.
Қостілділік
түсінігіне байланысты ғалымдар пікірі әрқилы. Белгілі ғалым Б.Х.Хасанұлы
«Қостілділік – белгілі бір территория көлеміндегі ұлтаралық (этносаралық) қарым-қатынасқа
түсетін белгілі бір этникалық қауымдастық өкілдерінің, бүкіл
қоғамның (социумның) әртүрлі жағдайда екі тілді (әдетте ана тілі мен
екінші тілді) алма-кезек немесе қатар қолдануы» деген анықтама бере отырып,
«Егер адам, адамдар тобы, қоғам этникалық белгісіне қарай қанша алуан болса да,
екі тілде сөйлессе (жазса, оқыса) ғана қостілді (билингв) болып саналады» [2,
86 б.] деген қорытындыға келеді. Ал, Б.Гавранек билингвизмді «тілдік қатынастың
ерекше жағдайы ретінде анықтай отырып және осы терминді қолдану тек ұжымдық
екітілділікке қатысты екенін нақтылап, кең көлемде түсінік береді [3, 65 б.].
В.А.Аврорин билингвизмге төмендегідей анықтама береді: «Шамамен екі тілді және
одан да көп тілдерді бірдей еркін меңгеру. Нағыз қостілділік екінші тілді меңгеру
деңгейі бірінші тілді меңгеру деңгейіне жеткенде ғана басталады» [4, 140 б.].
Билингвизм түсінігі және екі тілді меңгеру деңгейі туралы
анықтаманы Е.Ю.Протасова былай деп тұжырымдайды: «Қостілділік жеке
жағдайда, ал көптілділік жай мағынада – екі тілде қатар сөйлеу мүмкіндігі,
яғни, екі тілді меңгеру деңгейінің ана тілін меңгеру деңгейіне сәл де болса
жақын болуы мүмкін. Тұрақты тілдік жағдайда, қоғамда мәртебесі жоғары беделді
тіл және тіл мәртебесі төмен беделсіз тіл өмір сүреді. Оның біріншісі грамматикасының
күрделі болуымен ерекшеленіп, көбінесе ресми жағдайларда және жазбаша жазуларда
қолданылады. Ал екіншісі – күнделікті өмірде, көбінесе ауызекі сөйлеу тілінде
қолданылады» [5, 3-15 бб.].
Әлеуметтік
лингвистика терминдерінің сөздігінде Э.Д.Сүлейменова және Н.Ж. Шәймерденова
жоғарыда көрсетілгеннен басқаша қостілділіктің түрлерін бере отырып, толық
сипаттама береді. Аймақтық қостілділік – елдің, белгілі бір аудан тұрғындарының
екі тілді меңгеруі және пайдалануы, ұлттық қостілділік – елдің немесе этностардың
екі тілді меңгеруі және пайдалануы. Республика тұрғындарының арасында орыс
тілін меңгеру кеңінен тарағандықтан қазақ-орыс билингвизмі ретінде сипатталады.
Ғалымдар сондай-ақ, қосымша қостілділік деп – адам екінші тілді бірінші ана
тілінің құзіретін жоймай пайдалануын атайды, ал егер адам екінші тілді меңгеру
жағдайында бірінші тілдің құзіретін жоғалтатын болса, ол – орын басатын
қостілділік деп аталады. Екі тілді жетік меңгеру – амбилингвизм деп аталады.
Семилингвизм дегеніміз индивидтің ана тілін де, екінші тілді де толық
меңгермей, екі тілдегі күрделі конструкциялардың мағынасын беруде қиындықтарға
тап болуы [6, 36 б.]. Сонымен қатар, табиғи қостілділік – осы тілді
қолданушылардың тікелей өзара іс-әрекетінен пайда болған және жасанды – екінші
тілді үйретуге арнайы жағдай туғызу нәтижесінде пайда болған қостілділік болып
табылады.
Жалпы алғанда,
қостілділік түрлері әр салада жан-жақты зерттеліп, әртүрлі классификациялар
ұсынылған. Мысалы: Б.Хасанұлы әлеуметтік лингвистика негізінде жасалған
классификацияны ұсынады:
а)
қостілділіктің түрлерін оның белгілі бір қауыммен сәйкестенуінің бағытына қарай
жеке, топтық, бұқаралық қостілділік деп жіктеуге болады;
ә) тілдерді
игеру тәсіліне қарай табиғи және жасанды түрлерге бөлуге болады;
б) тілдерді
меңгеру деңгейіне қарай координативтік (таза) және субординативтік
қостілділік түрлерін сипаттауға болады [7, 27 б.].
Белгілі ғалым
Ф.Вальверду өз топтамасында қостілділік құбылысын төмендегі түрлерге бөліп,
қарастырады: 1) инструменталдық-интеграциялық (бұл қостілділік түрлері жеке
тұлғаның психологиялық мотивациясына қарай жіктелінеді); 2) реттелінген
(координативтік), реттелінбеген (субординативтік) қостілділік; 3) симметриялық
(белсенділік) – асимметриялық (бұл қостілділік түрлері тілдерді білу деңгейіне
қарай бөлінеді); 4) органикалық жалпы қостілділік (осы қостілділік түрлері
қоғамда тарағанына қарай белгіленеді); 5) ерте жастағы, егде жастағы
қостілділік (бұл жағдайда қостілділік түрлері адамның жас мөлшеріне, оның
екінші тілді қандай жаста игергеніне қарай өзгешеленеді); 6) әулеттік және
әлеуметтік қостілділік (әулеттік қостілділік отбасы деңгейінде кездессе,
әлеуметтік қостілділік бүкіл мемлекеттік деңгейде кездеседі); 7) бейтарап
диглоссиялық қостілділік (бұл қостілділік түрлері тілдердің орындалатын функцияларына
қарай белгіленеді); 8) ресми және бейресми (ресми қостілділік мемлекетте заңды
түрде бекітілуі мүмкін, ал бейресми қостілділік қуғынға ұшырайды, себебі екінші
тілді осы мемлекетте қолдануға рұқсат берілмейтін жағдай болуы мүмкін; 9)
ассимилятивтік, ассимилятивтік емес қостілділік (бұл қостілділік түрлері
мемлекеттің тілдік саясатына қарай жіктеледі, мысалы мемлекеттік тілде
қостілділік ассимилятивтік қостілділікке жатады, себебі екінші тілді меңгеру
арқасында қостілді тұлға көпұлтты социумға интеграцияланады); 10) функционалдық
көркем қостілділік [8, 31 б].
Екі тілдің
алма-кезек қолданылуы, Қазақстан Республикасының Конституциясымен бекітілген
және де басқа нормативтік-заңдық құжаттармен расталған, тілді қолданатын
жерлердің бәрінде қызмет атқаратын, соның ішінде ең бастысы болып бүгінгі күні
– БАҚ болып табылады. Бұқаралық ақпарат құралдары тілдің кодификациялануына
және бірыңғайлануына ең басты ықпалын тигізеді.
Қазіргі кезеңде
халықаралық байланысы күшті барлық елдерде тілдік қатынас мәселесіне ерекше мән
беріліп отыр. Тілдік қатынастың бүкіләлемдік маңызы ел мен елдің, ұлт пен
ұлттың саяси байланысына жан-жақты жол ашудан көрінеді. Сондықтан тілдік
қатынас бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі ретінде әлеуметтік лингвистикада жаңа
ғылыми еңбектердің шығуына әсер етті.
Тілдік қатынас –
адамның ойлау, пайымдау, сөйлеу, тыңдау, түсіну, айту, пікірлесу т.б.
әрекеттеріне тікелей қатысты құбылыс. Сондықтан тілдік қатынасқа байланысты
құбылыстардың теориялық негіздерін анықтау; айтылған, берілген, жазылған хабарды
қабылдаудың әдіс-тәсілдерін айқындау; сол сияқты қарым-қатынас құралдары мен
тұлғаларын, олардың қолданылу жолдарын белгілеу қазіргі өзекті мәселелер
қатарына жатады [9, 3 б.].
Қостілділіктің
табиғи және жасанды түрлері ажыратылады. Табиғи қостілділік сәйкес тілдік
ортада табиғи жолмен пайда болса, жасанды қостілділік оқу жағдайында әртүрлі
әдіс-тәсілдерді қолдана отырып игеріледі. Топтастыру негізінде жатқан әртүрлі
белгілерге байланысты қостілділік бірнеше типтерге бөлінеді. Әрекеттер санына
қарай билингвизмнің мынадай типтері ажыратылады: рецептивті, репродуктивті,
продуктивті қостілділік. Жас ерекшеліктеріне байланысты ерте және кеш деген
типтерге бөлу де кездеседі. Екі тіл механизмдерінің арақатынасына орай Л.В.
Щерба таза және аралас қостілділікті бөліп көрсетеді [10, 15-16 бб.].
«Билингвизм»
термині мен «қостілділік» сөзі синоним ретінде қолданылғанымен, кей
зерттеушілер екеуін екі түрлі ұғым ретінде анықтайды. Кей ғалымдар билингвизм
немесе қостілділікті қандай да бір үдеріс деп түсінеді. Мысалы, Е.М.Верещагин
қостілділікті адамға екі тілдік жүйеге тән сөйлеу түрін қайта шығару, тудыруға
мүмкіндік беретін психикалық механизм ретінде анықтаса, В.Ю.Розенцвейг
қостілділікті екі тілді меңгеру ретінде, қарым-қатынас жағдаятына байланысты
бір тілден екіншісіне ұдайы ауысу ретінде анықтайды. Зерттеушілердің назары
бұрын билингвизмнің таза лингвистикалық аспектілеріне аударылса, соңғы жылдары
билингвизмнің психолингвистикалық, әлеуметтік лингвистикалық аспектілеріне
қызығушылық айқын артып отыр. Билингвизм құбылысын ғылымның әрқандай салалары
әр қырынан алып қарастырады. Билингвизмнің мәтінмен байланысы тікелей
лингвистикада қарастырылса, қоғамдағы қостілді адамның немесе топтың
мінез-құлқына байланысты мәселелер әлеуметтануда қарастырылады. Сондай-ақ
психологияда билингвизм сөйлеуді тудыру механизмдеріне орай қарастырылады. Ал
мәтіннің әлеуметтік мінез-құлықпен байланысы тұрғысынан қарастырылатын
билингвизм әлеуметтік лингвистиканың пәні болып саналса, сөйлеу механизмі мен
мәтін арасындағы байланыс тұрғысынан зерттелетін билингвизм псхолингвистиканың
зерттеу пәні болып табылады.
Пайдаланылған
әдебиеттер тізімі
1.Вайнрайх У.
Одноязычие и многоязычие: Новое в
лингвистике. –
Вып. 6. Языковые контакты. – М., 1972. – С. 25-60.
2. Хасанұлы Б.
Тілдік қатынас негіздері. – Алматы, 2006. – 86 б.
3. К
проблематике смешение языков // Новое в лингвистике. – Вып. 6.
– М., прогресс,
1972. – с. 64-111.
4. Проблемы
изучения функциональной стороны языка. – Л., Наука, 1975. – 140 с.
5. Становление и
функционирование двуязычия // Материалы по исследованию билингвизма. – М., Изд.
МГУ, 1999. – с. 3-15.
6. Словарь
социолингвистических терминов, –А., «Қазақ университеті», 2001. – 36 б.
7.
Казахско-русское двуязычие: Социально-лингвистический аспект. А., «Наука»,
1987. – 27 б.
8. Ахмедина Б.
Қазақ-француз қостілділігі. А., 2007.
9. Оразбаева Ф.
Тілдік қатынас. Алматы, 2005. – 272 б.
10. Мәмбетова М. Тілдік қатынас: оқу-әдістемелік құрал.- Алматы, Қазақ университеті, 2011. – 70 б.