КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

    «Өріс» термині тіл білімінде ең алғаш лексика саласында лексика-семантикалық немесе тақырыптық топ терминдерімен мәндес қолданыла бастаған болатын. Мәселен, кейбір лингвистикалық әдебиеттерде түрлі лексикалық топтар өрістік құрылымдар деп танылып, оларға етістіктің түрлі семантикалық топтары, туыстық атаулар, түсті білдіретін сөздер және т.б. жатқызылады. Бір өріске кіретін лексикалық бірліктер, ұғымдық, заттық не жұмсалымдық ортақтығына, тіпті тұлғалық (формалды) ұқсастықтарына қарай да біріктіріле береді. Бір өрістегі сөздердің басын біріктіретін жалпы ортақ мағынасы мен өзге лексикалық топтардан ерекшелейтін де мағынасы болуы шарт.
    «Өріс – мағына ортақтығына негізделген, білдіретін құбылыстарының ұғымдық, заттық және қызметтік ұқсастығы бар тіл бірліктерінің (негізінен лексикалық бірліктердің жиынтығы)» [1, 242].
    Өріс теориясының дамуына үлесін қосқан А.В. Бондарконың түсіндіруі бойынша, белгілі бір мазмұнды жеткізуге қатысатын түрлі тіл деңгейіне жататын құралдардың жиынтығы деп анықталатын өріс ұғымы деңгейаралық құбылыс ретінде сипатталады. Бұл термин өзіндік бір сипаты бар құрылым ретінде анықталып, алғашқыда тек лексикология, кейін тілдің барлық саласында қолданыс тапты. Соның негізінде лексикалық өріс, семантикалық өріс, лексика-грамматикалық өріс, синтаксистік өріс, реляциялық өріс, функционалды-семантикалық өріс сияқты тағы да басқа көптеген терминдер қалыптасқан.
    Тіл білімінде өріс теориясына байланысты Й.Трир, В.Порциг, В.Вейсгербер, Е.В. Гулыга, Е.И. Шендельс, А.Комаров, А.В. Бондарко т.б. ғалымдар тұжырымды пікірлер айтты. «Өріс» ұғымының терминологиялық аталымы төмендегідей:

1.Й.Трир
1) Лексикалық
2) Ұғымдық
2.Вейсгербер
Синтаксистік
3.В.Порцинг
Синтагмалық
4.А.Бондарко
Функционалды-семантикалық

    Й.Трир бұл терминді лексикалық және ұғымдық өріс деп бөліп қарастырады. Синтагмалық өріс теориясын ұсынған В.Порцинг лексемалар арасындағы синтагмалық байланысты синтаксистік өріс деп таныса, ал Вейсгербер синтаксистік өрісті ортақ семантика негізінде біріккен сөйлемнің құрылымдық модельдерінің жиынтығы деп түсіндіреді [2, 50-51].
    Отандық тіл білімінде Б.Қапалбековтың «Грамматикалық және семантикалық категориялардың тілдегі көрінісі» тақырыбындағы мақаласын, С.Құлмановтың «Қазақ тіліндегі мүмкіндік модалділігінің функционалды-семантикалық өрісі» тақырыбындағы кандидаттық диссертациясын, М.Жолшаеваның қазақ тіліндегі аспектуалды семантиканы форма және мазмұн тұрғысынан зерттеген докторлық диссертациясын, О.Жұбаеваның «Предикативті өрістің субъектілі-предикатты бірліктері» тақырыбындағы, А.Жаңабекованың «Құрылымдық және функционалды грамматиканың зерттеу бағыты мен зерттеу әдістері» тақырыбындағы еңбектерін атап өткен жөн болар.
    Қазақ тілінде біртұтас функционалды-семантикалық өріс (ФСӨ) құрып, ауызекі тілде де, жазба тілде де белсенді қызмет атқаратын мезгіл лексемаларының аясы ауқымды болып келеді. Бұлар басқа сөз топтарымен бірге сөздік қорға қатысты болып, тілдік деңгейлер аясында көрініс табады. Тіл білімінде функционалдық бағыттың негізгі қағидаты тіл бірліктерінің құрылымдық қызметімен қатар жұмсалымдық мағыналық мазмұнын ескеру болып табылады. Тілдік деңгей бірліктерін қарым-қатынас, сөйлеу жағдаятымен тікелей байланыста қарауға мүмкіндік береді[3]. 
Өрістің қандай да бір өзіндік сипаттамасы бар жүйе немесе құрылым ретінде анықталатындығы орыс ғалымы А.В. Бондарко ұсынған «функционалды-семантикалық өріс» теориясына және категориялық жағдаятқа негізделеді.
    «Өріс» термині кеңістік ұғымымен мәндес келетіндігі белгілі. Жұмсалымды грамматикада өріс белгілі бір мағынаның шегі, шеңбері, өрісі ретінде алынады. Бұл зерттеу әдісі осы өріске негізделгендіктен, дәстүрлі (тұлғалық) грамматикада бір-біріне байланыссыз түрлі иерархиялық деңгейде сипатталатын тілдік құралдарды біріктіре қарауға мүмкіндік туады. Яғни, жұмсалымды-мағыналық өріске негізделетін жұмсалымды грамматика тілді тізбектеп, көлденеңінен бөліп қарастырады. Мәселен, жұмсалымды грамматикада бойында қарастырылып отырған семантикалық категорияның мағынасы бар әртүрлі тіл бірліктері ЖМӨ-ні құрайды. Шартты түрде алынған жұмсалым өрісінде тіл құралдарының басты (ядро) және қосалқы (периферия) құрамдас мүшелері болады. Шақтың, жұмсалымдық өрісінің басты немесе орталық мүшесіне морфологиялық категорияның парадигмасын құрайтын шақ көрсеткіштері жатады. Ал қосалқы құрамына мезгілді, уақытты білдіретін синтаксистік құрылымдар кіреді. Сонда жұмсалымды грамматикадағы өріс ұғымы тілді көлденеңінен тізбектеп бөлумен байланысты алынып отыр [4, 93].
    Тілдегі кез келген грамматикалық категория немесе грамматикалық топ мағына мен соның көрсеткіші тілдік тұлғалардың ішкі бірлігіне құралады. Сол сияқты жұмсалымдық-мағыналық өріс ішкі мазмұннан және соны құрайтын тілдік бірліктерден тұрады. Ішкі мазмұн дегеніміз – белгілі бір семантикалық категория (модальдылық, аспектуальдылық және т.б). Ал тілдік құралдардың бірлігі дегеніміз – сол категорияны беруде қолданылатын лексикалық және грамматикалық тұлғалар.
    Жұмсалымдық-мағыналық өріс (ЖМӨ) семантикалық категориялар мен соны беруге жұмсалатын тілдік құралдардың бірлігінен тұратындықтан, әлемнің тілдік көрінісімен (языковая картина мира) тығыз байланысты. Өйткені жалпы адамзат баласына тән әмбебап қырыққа жуық ұғымдық категорияның ұлт тілдеріндегі көрінісі біркелкі емес. Мәселен, грамматикалық категориялардың берілуі барлық тілде бірдей болмайды. Оның үстіне жалпы адамзат баласына тән ұғымдық категориялардың бір тілдерде нақты, бір тілдерде көп, бір тілдерде аз болып көрінуі де жеке ұлт тілдерінің әлемді өзінше танитындығына дәлел бола алады.
    Функционалды грамматика жөніндегі зерттеулерде (грамматикадағы) өріс ұғымының өзі түрліше түсініледі. Бір ғалымдар функционалды-семантикалық өрісті ономасиологиялық бағыттағы функционалды грамматиканың негізгі бірлігі ретінде танып, семантикалық категорияларды сол өрістің мазмұндық қыры десе, келесі авторлар семантикалық категорияларды алға шығарып, өрісті сол мағыналық категориялардың тұлғалық көрсеткіші, тұрпаттық қыры дейді. А.В. Бондарко бұл екеуін бір ұғымның ішіндегі екі аспектісі ретінде көрсетеді.
    Сонымен, функционалды-семантикалық өріс дегеніміз – сөйленімде атқаратын не орындайтын семантикалық функцияларының ортақтығына қарай біріккен тілдің әр деңгейіне жататын (морфологиялық, синтаксистік, сөзжасамдық, лексикалық, құрама – лексика – синтаксистік және т.б.) тілдік құралдар жүйесі. Функционалды-семантикалық өрістер тілде синтагматикалық қатынас тұрғысынан негізгі және қосалқы мүшелерге бөлшектенеді. Өріс туралы айтқанда, ең алдымен, ортақ семантикалық функцияларына қарай біріккен тілдік құралдар топтамасы мен олардың жүйелі-құрылымдық ұйымдасуы туралы мәселесі алға қойылады. Ал функционалды-семантикалық категория осы өрістің семантикалық, мағыналық қырын қарастырады [5, 105].
    Функционалды-семантикалық өрістерді зерттеу кезінде оның құрылымындағы негізгі және қосалқы компоненттерді анықтаумен қатар, оның басқа өрістермен тоғысу шеңбері, яғни астас келу, ерекшеліктері де қарастырылады. Бұдан ФСӨ-лердің бір-бірімен байланыссыз өмір сүретін жеке дара құбылыс емес екендігін көреміз. ФСӨ-лер арасындағы мұндай арақатынас өріс теориясының шарттылыққа құрылуымен байланысты. Өйткені әрбір өрісті категориялық жағдаяттарға қарай икемдеуге болады.
    Өріс мәселесі тіл бірліктерінің әрекеттестік сипатымен байланысты алынады. Тіл бірліктерінің арасындағы әрекеттестік бір деңгей шеңберінде бола береді. Ал функционалды-семантикалық өріс құрамындағы тілдік құралдар әрекеттестігі әр деңгейге жататын тілдік құралдардың мазмұндық ұйымдасуынан көрінеді. Тілдік мазмұн (семантикалық категориялар) тілдік құралдар арқылы беріліп, ол тілдік құралдар өзара әрекеттестіп, өрістік құрылымды түзгенде ғана семантикалық категориялар тілдік материалға айналады.
    И.И. Мещанников «тіл арқылы берілген ұғымдардың барлығын ұғымдық категория ретінде қабылдауға болмайды. Тілдік құрылыстан орын алып, белгілі бір құрылымдық жүйеде берілген категориялар ғана ұғымдық категориялар бола алады», - дейді [6, 14].
ФСӨ - билатералды құрылымдық бірлік, ол мазмұн межесінен тұрады. ФСӨ-лер семантикалық функциялардың тұрпат межесін құрайды, тұрпаттық құрылымын жасайды. Яғни қайсыбір семантикалық функция тілде функционалды-семантикалық өрісте сипатталғанда ғана семантикалық (ұғымдық) категория ретінде танылады.
    ФСӨ-тің негізгі белгілерінің бірі - ядросы (өзегі) немесе орталығы және перифериясы (шет аймағы) болады. Ядро мен периферияны бөлудің критерийі ретінде олардың қолданылуындағы жиілігі, көп мағыналылығы, семантикалық мағыналылығы, ақпараттылық, мәнділік сияқты белгілер алынады [3]. 
Өрістің құрылымдық-мағыналық бөліктері
Өрістің орталық бөлігі (ядросы, өзегі)
Негізгі функциялық жүкті арқалап тұрады, және ол сол өріс бойындағы семантикалық мазмұнды беретін ең актив құрылым
Өрістің қосалқы бөлігі (перифериясы, шеткері аймағы)
    Семантикалық функцияны орындау мүмкіндігі шектеулі болады, және ол сол өріс бойындағы семантикалық мазмұнды беретін пассив құрылым
Функционалды-семантикалық өрістің құрамындағы әр деңгейлі тілдік құралдардың семантикалық функцияны орындау мүмкіндігі әртүрлі болады. ФСӨ құрамындағы негізгі семантикалық функцияны орындап, сол өрістің орталық бөлігі негізі болып табылады. Ал қалған бөліктері сол семантикалық функцияның қосымша реңктерін білдіріп, өрістің қосалқы бөліктерін құрайды [5, 111]. Өрістің қосалқы бөліктері негізгі семантикалық жүкті арқалағанмен, сол өрістің бар болуына, оның өмір сүруіне белгілі бір дәрежеде әсер етеді. Яғни өрістің ядросы болсын, перифериясы болсын өрістік мағынаны білдіріп, сол мағынаның жарыққа шығуын қамтамасыз етіп тұрған тілдік құралдар болып табылады. Сонымен, «өріс құрылымына енген қандай да бір мазмұнды жекізу үшін ұйымдасқан тілдік құралдар семантикалық жүкті бөліп арқалайды. Тілде белгілі бір мағынаны беруге бейімделген тұрақты тілдік тұлғалармен бірге, басқа да сол мағынаны жеткізуге қабілетті тілдік құралдар болады. Олар осы сипатына қарай өрісте өзіндік орын иеленеді» [4, 357].
    Е.И.Шендельс, Е.В.Гулыга сынды ғалымдар тілдің грамматикалық, лексикалық бірліктерін тығыз байланыстыра зерттеп, олардың ортақ семантикалық мағынаны білдіру мақсатындағы арақатынасын айқындайтын тұлға ретінде лексико-грамматикалық өрістерді дәйектейді. Өріс тұлғасын қалыптастыратын негізгі белгілерін төмендегідей айқындайды. Олар:
    1. Белгілі бір семантикалық категорияны білдіруге түрлі тілдік деңгей бірліктері жүйелік арақатынасқа түседі, олар сол өрісті құрайтын тұлғалар – конституенттер дәрежесінде қызмет етеді.
    2. Ол тұлғалардың бәріне жалпы семантикалық мағына ортақ, қай-қайсысының негізінде осы мағына жатады.
    3. Өрістің жалпы семантикалық мағынасы іштей кем дегенде екіге айырылып, бір-біріне қарама-қарсы диалектикалық бірлікті құрайды. Осының негізінде макроөріс өрістерге, өрістер микроөрістерге жіктелуі мүмкін. Мысалы, мезгіл/шақ өрісі өткен шақ, осы шақ, келер шақ микроөрістеріне жіктеледі. 
    4. Өрістің негізгі семантикалық сипатын білдіретін кіндік тұлғасы – доминанты мен перифериясын құрайтын тұлғалары болады. Мысалы, мезгіл – жалпы семантикалық категория, оның түрлі тілдік бірліктерінің байланысынан тұратын өрістің кіндігі, доминанты – морфологиялық шақ категориясы. Соған сәйкес мезгіл өрісі осы шақтық, өткен шақтық, келер шақтық микроөрістерге жіктеледі [7, 10]. 
Белгілі бір қатынастарды білдіретін негізгі құралдармен сәйкес келуіне қарай ФСӨ әртүрлі типтік топтарға жіктеледі. Зерттеу еңбектерінде ФСӨ-нің төмендегі төрт топтамасы беріліп жүр:
    1) акционалды (предикатты) негізді ФСӨ-лер:
а) аспектуалды-темпоралды қатынастарды білдіретін ФСӨ-лер жиынтығы: аспектуалдылық, темпоралдылық, таксис, шақтық локалдылық т.б.
б) модальдық және қалып-күй қатынасын білдіретін ФСӨ-лер жынтығы: модальдылық өрістер топтамасы (объективті және субъективті модальдылық, аффирмативтілі-негативтілік, хабарлылық/сұраулылық, қалып-күй (экзистенциалдылық);
в) акционалды-субъектілік және акциоаналды-объектілік қатынасты білдіретін ФСӨ-лер жиынтығы: персоналдылық, етіс т.б.;
    2) заттық (предмет) негізді ФСӨ-лер (субьектілік/объектілік, белгілілік/белгісіздік);
    3) квалитативті/квантативті негізді ФСӨ-лер (сан, сапа, компаративтілік, посесивтілік;
    4) пысықтауыш негізді ФСӨ-лер (себептілік, мақсаттық, шарттылық, локативтілік т.б. [ 8,60].
    ФСӨ-лердің бұлай топтастырылуы олардың семантикалық ерекшеліктерімен байланысты. Олардың кейбірі грамматикалық категориялық мағыналарға қарай ФСӨ негізін құраса, кейбірінің негізінде пысықтауыштық, анықтауыштық, субстантивтік қатынастар жатыр.
    Жүйе ретінде функционалды-семантикалық өрістер белгілі бір мағынаны жеткізуге қызмет ететін түрлі деңгейдегі тілдік құралдарды біріктіреді. ФСӨ-ге тән мұндай сипат белгілі бір семантикалық категорияға негізделетін өріс мазмұнынан көрінеді.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі: 

1. Қалиев Ғ. Тіл білімі терминдерінің түсіндірме сөздігі. – Алматы, Сөздік-Словарь, 2005. – 439 б.
2. Жолшаева М. Лингвистикадағы өріс теориясы. // Қазақ тілі мен әдебиеті. 2007. №2. 49-55 б.б.
3. Абдуова Б.С. Функционалды-семантикалық өрістегі мезгіл мәнді тұрақты тіркестер. www.inform.kz 2010-1012.wwwz.inform.kz
4. Қазақ грамматикасының өзекті мәселелері. – Алматы, «Кие» лингвоелтану инновациялық орталығы, 2007. – 481 б.
5. Жаңабекова А. Функционалды грамматиканың метатілі. – Алматы, «Елтаным» баспасы, 2012. – 156 б.
6. Мещанников И.И. Понятийные категории в языке. // Гр. ВИИЯ. – Москва, 1945, №1.
7. Гулыга Е.В., Шендельс Е.И., Грамматико-лексические поля в современном немецком языке. – М., 1973.
8. Бондарко А.В. Функциональная грамматика. – Ленинград: Наука, 1984. – 135 с.

"Тіл таным" журналы

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз