КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА


    Салыстырмалы түрде алғанда тілтанымның басқа салаларына қарағанда семасиологиялық бағыттағы зерттеулердің қарқынды жүргізіле бастауы соңғы кездің жемісі болып табылады. Тілді семантикалық аспектіден зерттеу оның табиғаты мен қолданыс заңдылықтарын тереңірек тануға жол ашады және бұл тілдің негізгі қызметімен тікелей байланысты болып келеді. Кез келген тілдік зерттеу – тілдің лексикалық қабаты, грамматикалық құрылысы, тілдік категорияларға қатысты еңбек тілдік бірліктің және оның морфемдік бөлшектерінің мағынасын айналып өте алмайды. Сөз мағынасын екі түрлі - семасиологиялық және онамосиологиялық жолмен анықтауға болады. Екі тәсілдің де мақсаты - сөз мағынасының құрылымын айқындау және олардың қалыптасу жолдарын көрсету болса, өзіндік ерекшеліктері зерттеу әдістерінде болып табылады. Сөз мағынасын айқындауда зерттеушілер бірнеше өлшемдерді басшылыққа алады. Мәселен, бір топ ғалымдар сөздің сөйлеу кезіндегі қолданылған мағынасы мен тіркестегі білдіретін мағынасын негіз етіп алады. Сондай-ақ сөз мағынасын оның семантикалық құрылымына компоненттік талдау жүргізу арқылы да айқындауға болады. 
    Сөз мағынасын айқындаудың компоненттік талдау жасау тәсілі тілде кең таралған. Оның методологиялық негіздері В.Г.Гак, И.А.Стернин, И.В.Арнольд, Р.С.Гинзбург, А.М.Кузнецов, Л.Н.Васильев, Д.Н.Шмелев, В.В.Богданов, М.Д.Степанова еңбектерінде айқындалған. Сөз бойындағы семалардың жиынтық мағынасын лексеманың семантикасына компоненттік талдау жүргізу арқылы көрсетуге болады. Бұл мағынаны бірнеше кіші бөлшектерге бөліп талдау негізінде айқындалады. Сондықтан аталған тәсіл үшін тілтанымда семдік талдау терминін де қолданылып жүр. Сөздің мағыналық құрылымындағы семалардың негізге алынатын белгілеріне қарай жіктемесі жасалғанымен, семаларды жіктеуде және түсіндіруде ғалымдар арасындағы пікір әр түрлі. Мәселен, М.И.Гак семаны үшке архисема, дифференциалды сема, потенциалды сема деп бөлуде олардың мағынаны қалыптастырудағы рөлін басшылыққа алады [1, 371]. Ал өзбек тілі деректері негізінде И.Кучкартаев 1) идентификациялы сема; 2) дифференциалды сема; 3) қосымша семаларға ажыратады [2]. Қазақ тілі деректері негізінде М.Оразов архисема мен дифференциалды семаны ғана айтады [3, 180].
Архисема жалпылаушы сема болып табылады да, ол бірнеше сөзге ортақ сема саналады және сол негізде сөздерді лексика-семантикалық топтарға біріктіреді. Сонымен бірге, архисема арқылы белгілі бір топтарды өзара бір-бірінен ажырататын да қызмет атқарады. Мысалы, жатыр етістігінің архисемасы - заттың кеңістіктегі орналасу қалпы.
    Ал дифференциалды сема, керісінше, айырушы сема болып табылады да, бір топтағы сөздерді бір-бірінен ерекшелендіріп, олардың жеке-жеке қолданылуына негіз болады. Қалып етістіктерін өзара ажыратып тұратын дифференциалды сема олардың кеңістіктегі орналасу қалпының алатын көлемімен немесе кеңістіктің қандай мөлшерін өзіне тірек етуімен байланысты сема болып табылады. Мәселен, жату, отыру, тұру етістіктерінің дифференциалды семалары: жату кеңістікте көлденеңінен орналасып, кеңістікті тұтасымен тірек ету; отыру – кеңістікте адамның және хайуанаттардың денесінің белгілі бір бөлігін (құйрығын) тірек ете отырып, тігінен орналасу; тұру - барлық көлемінің ең кіші бөлігін (мысалы, адам табаны) ғана тірек ете отырып, кеңістікте тігінен орналасу.
    Кейбір зерттеушілер көрсетіп жүрген потенциалды сема мағына қалыптастыруға қатысқан барлық семаның сөйлемде көріне бермеу мүмкіндігімен байланысты түсіндіріледі. Семаның үшінші түріне қатысты потенциалды сема, қосымша сема, екінші дәрежелі сема, салыстырушы сема, жасырын сема терминдері де қолданылады. Негізінде сөз мағынасын құрайтын семалардың бірі негізгі, енді бірі көмекші сема болатындығын бәрі де мойындайды. Пікір бірізділігінің болмауы олардың қолданысын ескермеуден туатын сияқты. Семаның үшінші түрі негізінен сөздің «алыс» және «жақын» мағыналарына қатысты болып келеді. Сөз мағынасындағы көмекші сема нақты бір мәтінде негізгі семаның орнын басып, сол қолданылған мәтін аясында лексикалық семаны белгілеуші дәрежесінде көрінуі мүмкін. Сондықтан В.Г.Гак былай деп жазады: «Жағдаятқа байланысты сөз бойындағы кез келген сема актуалданып, бірінші орынға шығуы арқылы сөйленімнің мағынасына енуі мүмкін. Мұндай жағдайда бұрыннан белгілі немесе сөйлеуші үшін маңызы жоқ семалар коммуникативтік мәнін жойып, екінші қатарға өтеді («жұтылып» сөздің семантикалық құрамынан шығып қалуы да мүмкін) [1, 371].
    Осы мазмұндас пікірді И.В.Арнольд те білдіреді: «Потенциалды семалардың актуалдануы сөйлеуде жүзеге асады. Егер олар тілде одан ары тұрақты қолданыла берсе, қандай да бір лингвостилистикалық нұсқада негізгі сема болуы мүмкін» [4, 11]. Сөздің потенциалды семалары оның тіркесімділігі арқылы айқындалады.
    Зерттеушілердің бір тобы семаның төртінші түрі ретінде интегралды семаны да көрсетіп жүр [5, 130]. Интегралды сема - семаға іштей толықтырулар жасайтын, ұғымды беруді «аяқтайтын» сема [6, 85]
    Сөздің мағына бөлшектерінің (семаларының) арасында біреуі басым (доминаттық) сипатта болады. Ол сема сөз мағынасын қалыптастыруда шешуші орын алады. Мысалы: қалып етістіктерінде: 1) заттың кеңістікте қозғалысқа қарама-қарсы қандай да бір не көлденең, не тік қалыпта орналасуы; 2) амал-әрекетті білдіру; 3) созылыңқылықты білдіру; 4) осы шақты білдіру семалары бар. Біздің айтпағымыз, санамалап көрсеткен жоғарыдағы семалардың ішінде қалыпты білдіру мен созылыңқылық сема қалып етістіктерінің мағыналық негізін (ядросын) құрайды. Сөздің мағыналық құрамында сема көп болған сайын ол сөздің тіркесімділік аясы кеңейеді және мағынасы жайылыңқы, көп мағыналық сипат алады.
    Екі сөз дұрыс тіркесу үшін олардың өзіндік саралаушы семаларынан басқа екеуіне ортақ сема болуы керек. Бұл сөздердің семантикалық тіркесімділігінің негізгі заңдылығы болып табылады [1, 375]. Семантикалық байланыстың болуына себепші екі сөзге де ортақ сема «байланыстырушы семантикалық компонент», яғни синтагмема деп аталады. Мәселен, Жалғыз ұлын жеген, жас әйелін өлтірген, енді өзін паршалауға шақ қалған жалмауыз арыстай болып, сұлқ созылып жатыр (М.Мағауин) дегендегі созылып жатыр тіркесін алып қарасақ, жатыр сөзінің мағыналық құрамындағы кеңістікте көлденең бар денесімен тұтастай алып жатып орналасу қалпын білдіретін дифференциалды сема созылу сөзінің құрамындағы кеңістікте ұзынынан орналасуды білдіретін архисемамен мағыналық жағынан сәйкес келген және бұл «көлденеңінен немесе ұзынынан» семаларының сәйкестігі олардың өзара байланысқа түсуіне негіз болған.
    Біз мақаламызда компоненттік талдау әдісінің сөздің валенттілік сипатын анықтауда қаншалықты маңызды екендігін жетекші етістік пен көмекші етістіктің тіркесімділігі арқылы көрсетеміз. Көмекші етістіктердің ішінен тұр етістігін алдық. Ең алдымен, толық мағыналы тұр етістігіне лексика-семантикалық сипаттама береміз. Тұр етістігінің «Қазақ тілінің он томдық түсіндірме сөздігінде» мынадай мағыналары көрсетілген: «1. Аяғын тік басып, бір орнында болу; 2. Отырған орнынан көтерілу; 3. Белгілі бір жерді мекендеу, өмір сүру; 4. Ұйқысынан оянып, төсегінен басын көтеру; 5. Белгілі бір сөздермен тіркесіп келіп түзілу, жасалу, құралу мағынасын білдіреді; 6. Кейбір сөздермен тіркесіп, орналасу, жайласу дегенді білдіреді» [7, 9 том, 279]. Ал көмекші етістік қызметінде істің жай-күйін білдіретін мағынасы көрсетіледі. Тілдік деректерге жүгіне отырып, компоненттік талдау негізінде тұр етістігінің семантикалық құрылымын былайша анықтадық:
    1. Қалып. Кеңістікте адамның, басқа да жанды/жансыз нәрсенің қимылға қарсы қозғалмай бір күйде, жалпы көлемінің ең аз бөлігін (табанын, аяғын т.б.) тіреу арқылы тігінен орналасу қалпы: Аттар шылбырын кере тартып, тыпырақтай шошынған қалпы қимылсыз т ұ р (М.Мағауин); Бөренедей добал, темірдей салмақты, орақ тұяқ, тарғыл аяғын кеудеге тіреп, дәл үстінде тайдай қызыл жолбарыс т ұ р еді (М.Мағауин).
    2. Амал-әрекет (орынан көтерілу). Тұретістігінің бойындағы бұл семанысаннан қашықтау әрекетін білдіреді және сөйлемде шығыс септігінде келген сөздерді қажет етеді: Шақан мас адамдай сенделіп аз т ұ р д ы да, кенет белінен селебесін суырып, асыға қапалақтап қамыс оруға кірісті (М.Мағауин); Апасы белін жазып, орнынан т ұ р д ы (М.Мағауин); Аңырайған қан толған көзінен бұршақтай жас ағып, сүріне т ұ р д ы да, далаға ұмтылды (М.Мағауин).
    3. Созылыңқылық. Кеңістікте жүзеге асатын қимыл міндетті түрде уақытқа қатысы жағынан сипатталады, бұл тұрғыда қалып етістіктері, оның ішінде тұр етістігі де созылыңқылығымен сипатталады: Дөңгелек толысқан аппақ күн найза бойы биікте т ұ р (М.Мағауин);
    4. Белгілі бір жерде болу, бар. Бұл сема мекенді, орынды нақты білдіреді және міндетті түрде жатыс септігінде келген сөздерді қажет етеді: Жолбарыс! Шақанның қыр арқасында, үй сыртында т ұ р (М.Мағауин); Төленнің қасында, екі жақ қапталда, тіпті, арғы жақта да қызыққа құмартқан үлкенді-кішілі балалар т ұ р а д ы (М.Мағауин);
    5. Мекен ету, қоныстану. Бұл сема мекен мәнді, сондай-ақ белгілі бір уақыт бөлігін, «кесіндісін» білдіретін мезгіл мәнді сөздермен тіркесіп келгенде көрінеді: Ағам қазір қызмет бабымен Бельгияда т ұ р а д ы (Ауызекі); Баратын жеріміз болмағандықтан осы үйде амалсыз екі ай т ұ р д ы қ («Жыл он екі ай»);
    6. Жұмысқа орналасу. Іс-әрекетпен айналысу мағынасы бұл етістіктің бойындағы потенциалды сема болып табылады. Жалақысы көп, жақсы жұмысқа т ұ р д ы («Ауызекі»);
    7. Осы шақтағы қимылды білдіретін сема. Бұл мағына осы етістіктің құрамындағы -(ы)р тұлғасымен байланысты. Т ұ р сол арқандаған жерде, қамыстың ығында, - деді Ажар жаңағы сөзін сабақтап. - Әлгінде, түндік ашуға шыққанда көрдім (М.Мағауин); 
    ТҰР етістігінің жетекшілік қызметтенкөмекшілік қызметке өту динамикасына келсек, көмекшілік қызметте жоғарыда көрсетілген семалардың ішінде қандай семалардың сақталатындығы олардың етістіктің лексика-грамматикалық топтарымен көрсету негізінде айқындалады.
    Тұр етістігінің толық мағыналы етістіктің лексика-семантикалық топтарына тіркесімділігі мәселесін қарастырамыз. Әрине, етістіктің барлық лексика-семантикалық тобымен тіркесімділігін бір мақаланың көлемінде көрсету мүмкін емес. Сондықтан біз қолданылу жиілігі жоғары қозғалыс және амал-әрекет етістіктерімен тіркесіне ғана тоқталамыз. 
    Қозғалу етістіктерімен тіркесін кеңістіктегі орнына қарай бөліп көрсету қажет. Өйткені кейбір қозғалыс әрекеті тек көлденең кеңістікте ғана жүзеге асады. Мысалы, судағы, әуедегі қозғалыстар, көбінесе, көлденең бағытта іске асады: самға, ұш, малты, жүз, қалықта, шүйгі т.б.Ал тұр етістігі кеңістіктегі тік қалыпқа білдіреді. Сол себепті де бұл етістіктер тұр көмекші етістігімен тіркеспейді. Ал жердегі қозғалысқа қатысты етістіктерді алар болсақ, тілдік деректер тұр етістігінің бағытты қозғалысты білдіретін етістіктермен ғана тіркесетіндігін көрсетті. Бірақ мұнда жетекші етістіктің көлденең не тік кеңістіктегі қозғалысы негізгі сема болып табылмайды, керісінше нысанға бағытталған амал-әрекеттік семасы басым сипат алады: барып тұр, бара тұр, келіп тұр, келе тұр, түсіп тұр, түсе тұр, кете тұр. 
    Төк етістігінің семалық құрамы: 1) қозғалыс; 2) сұйық заттың қозғалысы; 3) жоғарыдан төменге бағытталған қозғалыс; 4) үздіксіз болатын қозғалыс; 5) жасалу тәсілі интенсивті; 6) уақытқа қатысты өту ағымы бейтарап; 7) нысанға қатысты әрекет. Тұр көмекші етістігімен тіркесуге «амал-әрекет» және «уақытқа қатысты өту ағымы бейтарап» семалары негіз болған. Мұндай семалар көмекші етістіктің да мағыналық құрамында бар. Яғни жетекші етістіктің «уақытқа қатысты өту ағымы бейтарап» семасы мен тұр етістігінің «созылыңқылық» семасы өзара бір-біріне үйлес келген. Сөйлемде бұл мағына қосымша тілдік құралдармен айқындалуы мүмкін. Сонымен қатар, төк қимылы да, тұр әрекеті де тек қана тік кеңістікте орындалады: Түнімен жаңбыр төгіп тұр (С.Сматаев). Сондай-ақ, түс етістігіне қатысты да осындай түсіндірме беруге болады: Бұл уақытта жел қатайып, күн суытып, таңертеңгі қиыршық қар енді бетке сабап қалыңдап т ү с і п т ұ р (М.Әуезов).
    Бар – 1) қозғалыс; 2) нысанға бағытталған әрекет; 3) нысанға жақындау; 4) көлденең кеңістікте жүзеге асады; 5) уақытқа қатысты жасалу ұзақтығы бейтарап. Ал тұр етістігінде «амал-әрекет» және «созылыңқылық» семалары бар. Осы семалар бар етістігінің бойындағы «нысанға бағытталған амал-әрекет» және «уақытқа қатысты ішкі өту ағымы бейтарап» семаларымен өзара байланыста болу арқылы тіркескен:
- Барамын, ағатайым, барамын! 
- Ақырында шанаға міне беріп, «сүйт, қалқам» - дей берді ол бір айтқанын әлденеше рет қайталап.
Содан соң демалыс сайын ауылға б а р ы п т ұ р д ы м (Д.Исабеков).
    Амал-әрекет етістіктерімен: іше тұр, ішіп тұр, ұстай тұр, ұстап тұр, жасай тұр, жасап тұр, бұза тұр, бұзып тұр. Амал-әрекет етістіктері –ып/-іп, -п және -а-/е, -й тұлғаларында келе береді. Бұл топтағы етістіктердің семалық құрамы қимылдың нысанға қатысы, жасалу темпі, жасалу тәсілі жағынан анықталады. Амал-әрекет етістіктерінің жасалу темпі көп жағдайда бейтарап болып келеді. Оның жылдам немесе баяу, созылыңқы түрде іске асуы сөйленімде қосымша лексикалық немесе басқа да тілдік құралдар арқылы нақтыланады. Бұл «жасалу темпі бейтарап» сема «созылыңқы» семасы бар етістіктермен тіркесуге кедергі келтірмейді: Шолақ Шабдарға мініп тұрып, еңкейіп баласын жерден көтеріп алды. Қос қолтығынан көтерген бойы бірауық ұ с т а п т ұ р д ы (Ш.Мұртаза); Кезек өз шешесіне келгенде, ол сүйген жоқ. қатты бір қысып, б а у ы р ы н а б а с ы п т ұ р д ы да, маңдайынан иіскеді (М.Әуезов).
    Түйін. Сонымен, жинақтап сызба арқылы берсек: бірінші жағдайда, тұр етістігінің семантикалық құрылымы көрсетілген; екінші жағдайда көмекші қызметте келгенде осылардың ішінде сақталып қалатын семалар көрсетілген. Осы семалардың бірі немесе бірнешеуі жетекші етістіктің семантикалық құрылымында болса, екі етістік өзара тіркеседі.
    Бірінші,тұр етістігі көмекшілік қызметте қалып, амал-әрекет, созылыңқылық мағыналарын сақтайды. Бұл мағыналар олардың басқа етістіктермен тіркесуіне негіз болады.
    Екінші, жетекшіетістіктің тұлғасына келер болсақ, тұр көмекшілік қызметте жетекші етістіктің негізінен -ып/-іп, -п тұлғасында келуін қажет етеді, ал кейбір лексика-семантикалық топтармен -а/-е, -й тұлғасында келгенде де тіркесе береді. Байқағанымыз, -а/-е, -й тұлғалы етістікпен тіркескенде амал-әрекеттің жол-жөнекей, екінші қимылмен қабаттаса, немқұрайды жасалу мағынасын береді. Ал мұндай мағыналық ерекшелік -ып/-іп, -п тұлғалы етістіктермен тіркескенде байқалмайды.
    Үшінші,тұр көмекші етістігінің тұлғасына келетін болсақ, ол нақ осы шақта, келер шақ және өткен шақ тұлғаларында келе береді.
    Төртіншіден, тұр көмекші етістігі көсемше тұлғасында келген жетекші етістік білдіретін қимылдың:
    - біріншіден, жасалу кезеңінде екендігін, яғни процесс түрінде өтіп жатқандығын білдіреді: Оң қолын сермеп, бүкіл елді аузына қарата с ө й л е п т ұ р («Қазақстан әйелдері»);
    - екіншіден, қимылдың созылыңқылығын білдіреді:
    - үшіншіден, -ып/-іп, -п тұлғасындағыат, ұш сөздерімен тіркесіп келгенде бірден, тез жасалған қимылды білдіреді және мұндай сөйленімдерде тұру әрекетінің неліктен тез жсалау себебі, басқаша айтқанда жылдам іске асуына себеп те көрсетіледі: айғай жақын жерден шығып қалғанда, Аққасқа а т ы п т ұ р д ы (М.Әуезов); Жақын жердегі кез асудан сау етіп бір топ атты көрінгенде, үй алдында жатқан қара ала төбет кәук-кәук үріп а т ы п т ұ р д ы (Ә.Кекілбаев); Осы кезде ошақ басында қалып қойған шелектің бауы сарт ете қалды. Іштегі екеуі селт етіп, орындарынан ұ ш ы п – ұ ш ы п т ұ р д ы (Д.Исабеков).
    - төртіншіден, -а/-е, -й тұлғасындағы амал-әрекет, қозғалыс етістіктерімен тіркесіп келгенде, немқұрайды, жол-жөнекей, аса мән берілмей жасалатын қимылды білдіреді: Тамақ піскенше біраз уақыт бар, оған дейін қарның ашып қалады, шай і ш е т ұ р (Ж.Кәдірбекұлы); Біз оңаша сөйлесуіміз керек, сен б а р а т ұ р (Б.Сатыбалдыұлы); - Келесі нөмір дайын емес, уақытты созып тағы біраз с ө й л е й т ұ р ы ң ы з, - деп жазылған бір жапырақ қағазды алдыма әкеп берді («Жұлдыз»). 
    Сонымен, сөз мағынасына компоненттік талдау жүргізу әдісі арқылы біріншіден, сөздің тіркесу мүмкіндігі көрінеді; екіншіден, сөздердің өзара тіркес құрау себебі айқындалады; үшіншіден, өзара тіркескен сөздердің мағыналық қатынасын көрсетуге болады. Ал мұндай мәселелер практикалық тұрғыда аударма жасауда, тілді меңгеру мен меңгерту барысында, сөйлеу мәдениетін көтеруде өте маңызды саналады.

ӘДЕБИЕТТЕР
1. Гак В.Г. К проблеме семантической синтагматики // Проблемы структурной лингвистики, 1971. Москва, 1972. -554 с.
2. Кучкартаев И. Суз маъноси ва унинг валентлилиги. Тошкент, 1977.
3. Оразов М. Қазақ тілінің семантикасы. Алматы: Рауан, 1991. – 216 б.
4. Арнольд И.В. Потенциальные и скрытые сема и их актуализация в английском художественном тексте // Иностранные языки в школе. 1979, № 5, 10-14 с.
5. Селиверстова О.Н. Об объекте лингвистической семантики и адекватности ее описания // Принципы и методы сематических исследований. М., 1976.
6. Күдеринова Қ. Бірге және бөлек жазылатын сөздердің орфографиясы. Алматы, 2005. – 146 б.
7. Қазақ тілінің он томдық түсіндірме сөздігі. Алматы, 1974-1986.

З.К.Ахметжанова
ф.ғ.д., профессор, Алматы қ.;
М.С.Жолшаева
ф.ғ.к., доцент, Алматы қ.

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз