КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА


Соңғы мақалалар:

    Қазіргі қазақ тілі нормаларының жетіліп, дамуына, стильдерінің сараланып орнығуына ортатүркі жазу дәстүрін сақтаған ескі қазақ жазба тілінің де қосқан үлесі зор. Функционалдық стильдердің кейбір түрі ескі қазақ жазба тілінде ауыз әдебиетімен қатар дамып жазба тілдің қоғам өмiрiндегi қызметiнiң өрiстей түсуiне ерекше ықпал етті. XVІІІ-ХІХ ғасырларда жазба тілдің өзіндік ерекшеліктері қалыптасып, ескі қазақ жазба тілі мен ауызекі сөйлеу тілі арасындағы айтарлықтай айырмашылықтар XVІ- XVІІ ғасырларға қарағанда біршама жойыла бастады. Сонымен қатар бұл кезең жазба тілдегі функционалдық стиль түрлерінің тармақтала бастауымен де ерекшеленеді.
    Жалпы қазақ тіл білімінде функционалдық стильдердің түрлері мен оның тармақтарының даму тарихы, әр кезеңдердегі тілдік ерекшеліктері ғалымдар тарапынан біршама зерттеліп, ғылыми тұжырымдар жасалды [1; 2; 3; 4, 5]. Қазіргі қазақ тіл білімінде функционалдық стильдерді, негізінен, былайша жіктеп көрсетеді: 1) ауызекі сөйлеу стилі; 2) ғылыми стиль; 3) ресми стиль; 4) публицистикалық стиль; 5) көркем әдебиет стилі. Кейбір ғалымдар бұларға эпистолярлық, профессионалды-техникалық стильдерді қосады. Бұлайша топтастыру тілдің әлеуметтік қызметімен тығыз байланысты екендігі айтпаса да түсінікті. 
    Әдеби тілдің осы аталған стиль түрлері ескі қазақ жазба тілінде қандай сипатта және қандай құрылымда болды? Мәселен, XVІІІ-ХІХ ғасырларда ғылыми стильден басқа, ресми, көркем әдебиет, публицистикалық стильдер ескі қазақ жазба тілінде қалыптасып дамыды. Демек қоғамдық өмір саласындағы жоғарыда көрсетілген стильдік қарым-қатынастардың талап, мақсаттарына сәйкес ескі қазақ жазба тілі де арнайы тілдік тәсілдерге бейімделіп қызмет етті. Сондықтан XVІІІ-ХІХ ғасырлардағы функционалдық стильдердің де бір-бірінен өзгешеленетін тілдік құралдары, тәсілдері, осы тәсілдерді қолданудың белгілі бір жүйесі болды. Демек ескі қазақ жазба тілінің аталмыш кезеңде қызмет еткен функционалдық жүйесі сол уақыттағы қоғамдық сананың формаларына сәйкес, қажеттіліктен туындады. Яғни, қоғамдағы тұрмыстық, эстетикалық, саяси, ғылыми т.б. сұранысты қамтамасыз етумен байланысты қалыптасты. Сонау XVІІІ ғасырдың өзінде ескі қазақ жазба тілді қолданған қоғамдағы «сауаттылар қауымы» қарым-қатынастың міндеттері мен мақсатына сай белгілі стилге тән сөздер мен тілдік бірліктерді сұрыптай алған деуге болады. Мәселен ресми стилге тән стандартты құрылымдар хан би жарлықтары мен қатынас қағаздарында сақталса, көркем әдебиет стиліне тән тілдік құрылымдар қиссаларда, публицистикалық стилге тән ерекшеліктер алғашқы қазақ газеттерінде жүйелі түрде сақталған деуге болады. 
    Сонымен, XVІІІ-ХІХ ғасырларда функционалдық стильдердің мынадай түрлері қалыптасып дамыды:
    1. Ресми стиль.Бұл кезеңдегі ресми стильге хан, би, старшындардың қатынас қағаздарын, бұйрық-жарлықтар, ережелер мен қаулы-қарарларды жатқызамыз. Бұл стильдің ең алғашқы үлгілері XVІІІ ғасырда жазылды. Оның өзіндік ерекшеліктерін ең бірінші, офрографиясынан, екінші синтаксистік құрылымынан, үшінші лексикалық құрамынан айқын аңғаруға болады.
Ресми іс-қағаздар қоғам өмірінде үлкен қызмет атқарады, себебі оның саяси, құқықтық, экономикалық маңызы өте зор. Сонау XVІІІ-ХІХ ғасырларда қалыптасқан ресми іс қағаздар стилі халықтың қоғамдық-әлеуметтік өмірімен, рухани-мәдени өркендеуімен байланысты дамып, қазіргі деңгейге жетіп отыр. Ресми іс-қағаздар тілінің тарихына тоқталар болсақ түп негізі хан, би, старшиналардың қатынас қағаздары мен ресми құжаттар үлгілеріне барып тіреледі. Сонымен қатар «Түркістан уалаяты» мен «Дала уалаяты» газеттерінде «Бұйрықдар жазылатын бөлегі» деген атпен арнайы айдар ашылып, онда жоғарғы билеуші органдар мен генерал-губернаторлар тарапынан шығарылған бұйрық-жарлықтар жарияланып отырды.
Жалпы XVІІІ-ХІХ ғасырлардағы ресми іс-қағаздарының қоғамдағы негізгі қызметі мынадай болды:
Міне осындай қызметтің негізінде сол кезеңдегі ресми іс-қағаздар әлеуметтік, қоғамдық, саяси, құқықтық, ресмилік сипатта болды.
    2.Сонымен қатар бұл кезеңдерде эпистолярлық стилдің де қызмет еткенін жеке тұлғалардың бір-біріне жазысқан хаттарынан аңғаруға болады. Ол хаттардың кейбірі жеке отбасылық мазмұнда болса, кейбірі ресми мәселелерге арналған. Мәселен Ильминский жалғыз Ыбырай Алтынсаринмен ғана емес, сол кездегі оқыған қазақ азаматтарының көпшілігімен хат арқылы байланыс жасағаны белгілі. Осы еңбектің соңында берілген Ильминскийдің Самыреке деген Ақмешіттегі (Қызылорда) мұғалімге жазған қазақша хатында қазақ балаларына орысша үйретудің әдіc-тәсілдері, сондай ақ қазақ тілінің тазалығы туралы ойлары жазылса, Шоқан мен Шыңғыстың хаттарында жеке отбасылық жағдай сұрасып, амандықтарын білдіреді, ал Саматовтың Ильминскиге жазған хатында жеке бас шаруысының өтінішін білдірсе, Махамбеттің кіші жүз батырларына Хиуадан жазған сәлем хатында ел жағдайы туралы айтылады, ал Ш.Көшербаевтың Ильминскийге, Ы.Алтынсариннің Б.Кейкинге жазғандары ресми мазмұндағы хаттар.
    Бұл нұсқалардың тілдік ерекшеліктерінің бірі – оларда ауызекі сөйлеу тілі элементтерінің басым болуы. Дегенмен ескі жазба тілге тән формалар мүлде кездеспейді деуге келмейді. Мәселен, Хиуа барған сафарымыздың сағ саламат қайтұб; ұлұғ мархамадда болұр ердүк; ұлұғ мансаблы уа биүк дәрежелу; дұғай сәлемлерүмні ирсал иолладүкүм;, олар бірлән сөзлешүб қараған едүм; қазақ кібік; хайрлұ уа шафағатлұ назарұңыздан махрұм етемегей; бұ демгече; шад олдұқ; алхамдилла ахырының хайырын берсүн; көбтен хабар алмағанға хафа болыб тұрыб едім; сығыр бірлә түйе; мұның бағдүнде; хайыр дұғаларыңыздан үмідде қалучы ихласлы қызметкеріңіз..., сияқты т.б.сөздер бұған дәлел бола алады. 
    3. Публицистикалық стиль. Бұл стильдің қалыптасуы 1870 жылдың 28 сәуірінен бастап ескі қазақ жазба тілінде басылып шыққан «Түркістан уалаяты» мен 1888 жылдан бастап жарық көрген «Дала уалаяты»газеттерінің халыққа таралуымен байланысты. «Түркістан уалаяты» газеті 13 жыл бойы қазақ және өзбек тілдерінде айына 4 рет шығып тұрды. Бұл газет тоқтатылған соң «Дала уалаяты» қазақ және орыс тілдерінде қатар шығып отырды. Бұл екі газет те қазақ халқының мәдениетінің, тілінің, әдебиетінің дамуына өлшеусіз үлес қосты.
    Жалпы публицистикалық стиль қоғамдық-саяси өмірде, үгіт-насихат жұмыстарында шешуші рөл атқаратын функциональдық стильдердің бірі. Бұл стильде терминдер мен кірме сөздер, эмоциялық, экспрессивтік бояуы бар сөздер мен сөзжасамдық формалар жиі қолданылатыны мәлім. Және бұл стильдің басқа стильдерден ерекшеленетін жағы – белгілі бір қатаң норманы ұстанбайды, стандартты үлгілерді аса көп сақтай бермейді. 
    Ескі қазақ жазба тілі нормалары жартылай сақталған газеттер тілінің басты ерекшелігі онда халықаралық және орыс тіліндегі терминдерге қазақша (түркіше) балама табу тенденциясы өте қарқынды болды және ортағасыр түркі жазба дәстүрінің кейбір белгілерін қатаң сақтай отырып, бүкіл түркі халықтарына түсінікті тілде жазылды. Бұл кезең публицистикасы да қоғамда орын алып жатқан елеулі оқиғалар мен жағдайларды халыққа тарата отырып, елдің сауаттануына, мәдени өркендеуіне ықпал етуге тырысты.
    Жалпы публицистикалық стиль қазақ қоғамында ХІХ ғасырдың екінші жартысында пайда болды. Бұл кезең публицистикасы қоғамда мынадай қызмет атқарды:
Міне осындай қызметтің негізінде сол кезеңдегі публицистика қоғамның әлеуметтік, экономикалық, саяси, мәдени салаларының дамуына өз ықпалын тигізді. 
    4. Көркем әдебиет стилі. Көркем әдебиет стилінде белгілі бір ұлт тілінің барлық белгілері мен сөз байлығы тұтастай көрініс табады. Бұл стилдің тілдік ерекшелігінің бірі – жалпыхалықтық сөйлеу тілі элементтері мен узустық тілдік бірліктер, көнерген сөздер мен диалектизмдер, әдеби тілге тән лексика-грамматикалық тұлғалар жарыса қолданылатыны мәлім. Яғни көркем әдебиет стиліне тән негізгі ерекшеліктің бірі - тіл байлығы болса, тағы бір ерекшелігі – онда ауызекі сөйлеу тілімен қатар, басқа функционалдық стилдердің (публицистикалық, ғылыми, ресми) элементтері де кездесіп отырады. Көркем әдебиет стилі қарапайым сөзбен айтқанда – ақиқатты көркем сөзбен бейнелеу. А.Байтұрсынұлы көркем әдебиетті «бір нәрсенің жайын, күйін, түрін, түсін, ісін сөзбен келістіріп айту өнері» деп бағалаған.
    Аталмыш кезеңдегі көркем әдебиет нұсқаларының басым бөлігінде дәстүрлі жазу нормалары қатаң сақталып, ескі тіл бірліктері молынан қолданыс тауып отырады. Бұл дәуірдегі көркем әдебиет үлгілерінің үлкен бір бөлігін қиссалар құрайды. Ескі тілдегі қиссалар екі түрлі мазмұнда, діни және шығыс үлгілеріне (махаббат, адамгершілік, азаматтық т.б.) негізделіп жазылды.
    Діни қиссалар пайғамбар, әулие, сахабалар өмірі мен олардың діни амалдарын баяндайды. Мұндай мазмұндағы қиссалар тілінің басты ерекшелігі, қисса ең бірінші Адам ата мен Хауа ана туралы жырлаудан басталады. Сонымен қатар, осы діни қиссалар ішінен Алла Тағаланың жер мен көкті, бүкіл әлемді қалай жаратқандығын баяндайтын, кәпірлерді Ислам дініне енгізу оқиғаларын жырлайтын, фәни дүние мен бақи дүниені, жұмақ пен тозақтағы өмірді бейнелейтін қиссалар да молынан ұшырасады. Көркем әдебиеттің бұл нұсқалары ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап Қазан, Уфа қалаларынан басылып, жарыққа шығып отырды. Кезінде қазақтың белгілі жазушысы әрі қаһарман тұлғасы Б.Момышұлы қиссаларға қатысты мынадай ой айтқан болатын: «Қиссалардың маржандай тізілген таза тілі, оралымды ойы, қиял жетпес теңеулері, ертіп отыратын екпіні, ұйытып тастайтын ұйқасы тыңдаушынық жан сарайын жарқыратып жіберетіндей сезілетін. Мен осынау халық қазыналарын алғаш рет ақындардан, көкем сияқты көзі ашық білімділерден сіңіргем. Солардан дәм татып, солардан сусындағам».
    Жалпы қиссалардың ең басты тілдік ерекшелігі оларда ескі қазақ жазба тіліне тән бірліктер мен грамматикалық формалар және араб, парсы сөздері жиі кездеседі. Мәселен, шорнына ч(үчүн, ачық, т.б), і, ықысаңдарының орнына ұ, ү (берүб, айтұб, т.б.) жорнына и(иане, иерде, т.б.), сорнына ш(кіші, шондай, т.б.) жазылады, араб, парсы сөздері түпнұсқа варианттарымен беріліп отырады (хасрет (қасірет), хұда (құдай), т.б.). Сондай ақ ачығы (ашуы), ағызы (аузы), ерді (еді), ойғанды (оянды), иұқлады (ұйықтады), туғды (туды), иоқлады (жоқтады) ізледі (іздеді), сақлады (сақтады), йығлады (жылады), иалғанчы (екіжүзді, өтірікші), тірік (тірі), бойұн (мойын), т.б. секілді ескі тілдік бірліктер молынан ұшырасады.
    Аталмыш дәуірдегі көркем әдебиет үлгілерінің келесі бір тобы – қазақ ақын-жазушыларының, жекелеген адамдардың «Қисса» деген атпен баспа бетін көрген шығармалары мен авторсыз жеке кітап болып шыққан дүниелер. Бұл көркем әдебиет үлгілерінде де ескі тілдік бірліктер мен грамматикалық формалар сақталған. Бұлардың қатарына Бақырған (Қазан, 1860), М.Иумачиқов «Қисса и Тәмимдар» (Қазан, 1866), Л.Ғалиуллаұғлы «Қисса и Тахир» (Қазан, 1877), Үшбу қисса қазақдың ахуалларын баян етүр (Қазан, 1879), Қарға нама имам Жағфар Садық (Қазан, 1880), Ахмедбек һәм Юсуфбек «Бозұғлан» (Қазан, 1889), Х.Мирбабауғлы «Хикаят Көрұғлы Сұлтан» (Қазан, 1890), Дастан Хатымтай (Қазан, 1892), Ж.Шайхулисламұлы «Хикаят рисәлә Мұңлық Зарлық» (Қазан, 1895), Ж. Шайхулисламұлы «Хикаят Иран дастанда» (Қазан, 1897), Н.Наушабаев «Манзумат Қазақия» (Қазан, 1903), С.Мұхамедсадықұғлы «Терме қазақнікі» (Қазан, 1903), М.Сералин «Гүлкәшимә» (Қазан, 1903), К.Әбубәкір «Әдебиет қазақия» (Қазан, 1905), Орынтай бин Құрымбай Қыпшақи «Насихат ус сабиян» (Қазан, 1906), т.б. Яғни көркем әдебиет стилінің дамуына қазақтың ақындық қабілеті бар азаматтарының шығыс әдебиеті желісімен өздігінше қайтадан жырлап жариялаған қисса, дастандары үлкен үлес қосты. Бұл орайда қиссашыл ақындар Жүсіпбек Шайхысламұлы, Ақылбек Сабалұлы, Мәулекей Жұмашиқұлы, Шәді Жәңгірұлы, секілді т.б. тұлғалардың сіңірген еңбектері зор.
    Сонымен, сол кезеңдегі көркем әдебиеттің қоғам үшін мынадай функциялары алдыңғы орынға шықты: 
Міне осындай қызметтің негізінде сол кезеңдегі көркем әдебиет стилінің проза және поэзиялық жырлау жанрлары қарқынды дами бастады.
    5. Ғылыми стиль. Ғылым тілі «адам, қоғам, табиғат жөнінде ақиқат ақпарат беретін, шындықты баяндайтын ғылыми мәтін» (Ө.Айтбаев), «ғылыми прозаның тірегі – логикалық объективті байлам, бірізділік және дәлділік» (М.Балақаев). Яғни сөз дәлдігі ғылыми стилдің басты белгісі.
Аталмыш кезеңдегі ғылыми стилдің алғашқы үлгілері 1861 жылы Н.И.Ильминский Қазанда бастырған «Самоучитель русской грамоты для киргизов» атты оқулық кітабында кездеседі. Бұл еңбекте табиғат, жаратылыстану, жануарлар дүниесі туралы, т.б. түсіндірме мәліметтер берілген. Ал 1898 жылы Орынборда басылған «Қазақ календарында» жер деген не, жердің үлкендігі, жерді көтеріп тұрған не нәрсе, жердің күнді айлануы, ай туралы, күннің тұтылуы, планеталар туралы, аспан мен жұлдыздар, ағатын жұлдыздар, зиянды, зиянсыз жәндіктер, құстар және медициналық мәліметтер туралы ғылыми болжамдар мен түсініктемелер берілген. Бұл аталған еңбектердің ең басты тілдік ерекшелігі жалпыхалықтық сөйлеу тіліне жақын жазылғандығы. Десек те, ескі қазақ жазба тіліне тән грамматикалық формалар мен тілдік бірліктерді де арагідік кездестіруге болады. Ал 1895 жылы Қазанда жарық көрген «Тағбир нама» атты кітапшаны да ғылыми-көпшілік әдебиеті үлгілерінің қатарына жатқызуға болады. Мұнда түс жору, түсте көрген нәрселердің шынайы өмірде қалай орындалуы туралы пайымдаулар он екі бабқа бөлініп жазылған. Бұл кітапшаның тілінде ескі қазақ жазба тілі нормаларының сақталуы басым.
    Аталмыш кезеңдегі ғылыми стиль үлгілерін «Түркістан уалаяты» мен «Дала уалаяты» газеттерінен де молынан ұшыратамыз. Бұларда дәрігерлік, ветеринарлық кеңестерді, жаратылыстану құбылыстарын, электр және телебайланыстар қызметтерін түсіндіруге арналған мақалалар жарияланып тұрды. XIX ғасырдың екінші жартысынан бастап қалыптаса бастаған ғылыми стиль қоғамда мынадай қызмет атқарды:
    Сонымен, бұл стиль халықтың ғылыми сауатын көтеруге ерекше ықпал етіп, көпшілікке сыры белгісіз құбылыстар туралы ғылыми болжамдар мен түсініктемелерді таратуға атсалысты. Жоғарыда айтылғандардың барлығы сол уақыттағы жазба тілдің қоғамдағы қызметінің артып, жұмсалу аясының кеңейгендігін көрсетеді. Яғни функционалдық стильдің әр түрлі жанрлық түрлерінің тууына байланысты, аталмыш кезеңдегі қоғам ескі қазақ жазба тілін белгілі бір саладағы тілдік қарым-қатынастың мақсатына сәйкес пайдаланған. Бұдан сол кезеңдегі жазба тіл стильдерінің қоғамдық қызметтің белгілі бір саласында жұмсалып, тарихи даму сатысын бастан кешіргенін көреміз. Демек, ескі қазақ жазба тілі өз заманындағы қоғамдық өмірдің бірнеше саласында, атап айтқанда, көркем әдебиет пен мерзімді баспасөзде, ресми іс қағаздарында қолданылып, адамдардың әлеуметтік қарым-қатынас қажетін өтеген. 
    Қорыта айтқанда, ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы ресми және көркем әдебиет стильдері ескі қазақ жазба тілінің дәстүрлі нормасын қатаң сақтай отырып халыққа тараса, публицистикалық стильде ескі жазу нормаларына қарағанда, ауызекі сөйлеу тілінің бірліктеріне басымдық берілген, ал ғылыми стиль үлгілерінің басым бөлігі жалпыхалықтық сипатта болды.

Пайдаланылған әдебиеттер
1. Жұбанов Қ. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. -Алматы: Ғылым, 1999. -531-534 б.
2. Ерғазиева Н. Формирование и развитие официально-деловой речи в казахском языке. Автореф. дис. канд. -Алматы, 1972. -29с.
3. Балақаев М. Қазақ тілі мәдениетінің мәселелері. -Алматы: Ғылым, 1965. -187 б.
4. Әбілқасымов Б., Мажитаева Ш. Қазақ әдеби тілінің тарихы (ХV-ХХ ғ.ғ.) –Қарағанды: ҚарМУ баспасы, 2009. -242 б.
5. Сыздықова Р. ХVІІІ-ХІХ ғ. ғ. қазақ әдеби тілінің тарихы. -Алматы: Мектеп, 1984. -248 б. 
«Фонетика ғылымдарының өзекті мәселелері:
даму көздері мен болашағы» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция. -Алматы, 2012 ж.

Мамырбекова Гүлфар Мәжитқызы
Филология ғылымдарының кандидаты

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз