КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

Жақында Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы жарық көргені белгілі. Онда еліміз болашақта ұлттық кодты сақтай отырып, жаңғыру қажеттігі баса көрсетілген. Біз ұлттық код деп әдетте тіл, діл, дін үштағанын танимыз. Бұл үшеуінің бірі болмаса, ұлт шатқаяқтайды, әлемдегі өзіндік орнынан айырылады. 

А.Байтұрсынұлы тіл туралы тол­ғаны­сында «Өз алдына ел болуға өзінің тілі, әдебиеті бар ел ғана жарай алатындығын біз ұмытпауымыз тиіспіз» деп ой қорытады. Қырғыз жазушысы Ш.Айтматовтың «Тіл жоқ жерде, ұлт жоқ» деп айтуы да бекер емес. Яғни бұл үштағанның ішінде негізгі тірек тіл деп танысақ, артық айтпаған болар едік.
Естеріңізде болса, Елбасымыз мұнан бұрынғы Жолдауларында («Қазақстан – 2050 стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты») нақ осы тілді жаңғырту мәселесіне арнайы тоқталған еді: «Қазақ тілінің осы заманның биік талабына сай, бай терминологиялық қорын жасаған соң оны рет-ретімен, кезең-кезеңімен қоғамдық өмірдің бар саласына батыл енгізуіміз керек. …Біз қазақ тілін жаңғыртуды жүргізуге тиіспіз. Тілді заманға сай үйлестіріп, терминология мәселесінен консенсус іздеу керек. Сонымен қатар әбден орныққан халықаралық және шет тілінен енген сөздерді қазақ тіліне ­аудару мәселесін біржола шешу қажет». Дегенмен, «бұл мәслені қалай шешу қажет?» деген сауал, әлі де болса күн тәртібінен түскен емес.
Бүгінгі таңда тілдің даму көзінің негізгі үлесі терминдерге тиесілі. Тіл тазалығын сақтайтын да тілімізді шұбарлап жатқан да осы терминдер. Олай дейтініміз, қоғамда терминжасам ісіне байланысты бір-біріне қайшы екі түрлі көзқарас орын алып отыр. Оның бірі – шеттен еніп жатқан терминдерді тілімізге мейлінше ­аударып алу қажет десе, екінші көз­қарастағылар – халықаралық мәр­тебе алған терминдерді тілімізге сол күйін­де еш өзгеріссіз қабылдайық деген бағытты ұстанады. Әрине, бұл екі ұстаным да дұрыс. Сонау өткен ғасырдың басындағы ұлт зиялылары ұстанған терминжасам қағидатта­ры­нан бастау алатын бұл екі көзқарас­ты кейінгі терминолог-ғалымдар көрсе­тіп отырған терминжасам қағидатта­ры­ның ішінен де кездестіреміз. Олар терминдерді жаңғыртуды тиімді қолданса, екі қағидаттың екеуі де тіл үшін оң нәтижесін берері сөзсіз. Дегенмен, бүгінгі таңда көпшілік қазақ тілін, терминдерін жаңғырту­ды біржақты түсініп келеді. Қазір кей­біреулер терминдерді жаңғырту деп ғаламдану үдерісі негізінде өзге басым тілдердің тілімізге еш өзгеріссіз қабылдауды, яғни ол тілде қалай айтылып, таңбаланса, тілімізге сол күйінде енгізу деп түсінеді. «Қазақ тілінің байырғы немесе тілдік лексикалық қабаттағы сөздерге жаңа семантикалық мағына беріп жаңғырту мәселесі қате, тілімізге еніп жатқан терминдерді бұрынғысынша орыс тілінде қалай дыбысталынып, қалай таңбаланса, солай алу керек» деген жаңсақ пікір қалыптасып келеді. Бұл топтағы терминдерге «халықаралық» деген мәртебе беріп те қойған. Аталмыш терминдердің түбірі «халықаралық» болғанымен, қосымшаларының дені негізінен орыс тілінің сөзту­ды­рушы қосымшаларын жалғау негізінде жасалған немесе ­ха­лықаралық терминдердің түбірін өз тілдеріне бейімдеп алған терминдер екендігіне көпшілік мән бере бермейді.Мысалы, модернизация. Бұл терминнің түпкі тілдегі түбірі – modern (ағылшын тілі); ретроспектива –retrospectivus (латын тілі),инвестиция–investieren (неміс тілі); ютировка– justieren (неміс тілі), абстракция – латын тілінде abstractio, лекция – латын тілінде lectio, литота – грек тілінде litotes, актер – латын тілінде actor, баритон – латын тілінде baritono, глоссарий – латын тілінде glossarium, идентификация – латын тілінде identifico, компьютер – ағылшын тілінде computer және т.б. деп терминқорымыздан мыңдаған терминдердің тізбесін келтіре беруге болады.

Бұл жерден қазір біз халықаралық деп танып жүрген терминдердің таңбалануынан түпкі түбірдегі таңбалануындағы айырмашы­лық­ты зер салмай-ақ,байқауымызға болады. Яғни «халықаралық» деп танып жүрген бірліктердің көпшілігі шартты. Негізінен олар таңбалануы жағынан дәнекер тіл арқылы орыс тілінің стандартына салынып тілімізге енген терминдер. Егер осы терминдерді дәнекер тілсіз түпкі тілдегі түбір-негізге сүйеніп, қазақ тілінің заңдылығына сәйкес таңбалау тетіктерін ескере отырып жаңғырта алсақ, тіліміздің мәртебесі артар еді, тілдің өзіндік, ішкі заңдылығы бұзылмас та еді деген ойдамыз. Бір сөзбен айтқанда, «өгіз де өлмей, арбамыз да сынбас» еді. Өркениетті елдерде солай. Мысалға жоғарыда келтірген халықаралық терминдердің қайсысы болса да түп-негіздегі түбір күйінде емес, орыс тілінің қалыбына салынған терминдер. Бұл терминдерді арнайы этимологиялық сөздікке жүгінбей, оның орыс тілінің төл сөздері емес екендігін айыру қиын. Ал біздің тілімізге орыс тілінде қалай алынса, дәл солай қабылданған терминдер өзінің жат екендігін «тайға таңба басқандай» әйгілеп тұрады.
Тәуелсіздік алған алғашқы жылдарда, тіпті кеңес өкіметі жылдарында термин қорымыз қазақша терминдермен толығып, жаңғырған еді. Қазіргі кезде керісінше осы күнге дейін ұлттық нақышта жасалған терминдерді қайтадан «халықаралықтандыру» үдерісіне бой алдырып отырғаны алаңдатады. Олардың ұстанар басты уәждері – «ғылым тілін жаппай аудару сауатсыздыққа, түсінбеушілікке алып келеді» деген сипатта. Ал енді жаппай аудару дегенге жауап беріп көрейік.
Бір қарағанда қазақ тілді термин жасаушылар расымен де тілдегі термин сөздерді ретті-ретсіз жаппай аударып жатыр ма деген күмән туғызады. Біз Мемлекеттік терминологиялық комиссиясы бекіткен терминдерге сараптама жасағанымызда бұл көзқарастың қате екендігіне көз жеткіздік. Сөзіміз дәлелді болу үшін мына бір цифрларды назарларыңызға ұсынамыз: «Халықаралық терминдер»: абордаж, абсолюттік монархия, агностикалық позитивизм, акромонограмма, ареалдық лингвистика, библиография, машинка бюросы, волюнтаристік идеализм, генетикалық градация және т.б. Мұндай бірліктердің жалпы саны – 1163. Құрамында бір немесе одан да көп «халықаралық термин» бар бірліктер: есептелетін функциялар, геометриялық кеңістік, транзитив етістік, радиобелсенді атом, атомдық сутек, полимердің төзімділігі және т.б. Осы құрамдас бірліктердің саны – 2126. Төл терминдер: жанарғы, күйдіру аймағы, тотығу тежегіштері, ақсаз, жүзім қышқылы, мысты теміртас, белсенді бояғыштар, сүтсағыз және т.б. Олардың саны – 6547 бірлік.
Бұл жерде осы күнге дейін бекітілген терминдердің үштен бірі «халықаралық» деп танылып жүрген терминдерге тиесілі. Өзіндік заңдылығы, өзіндік тұтынушысы бар тәуелсіз тілге бұл көрсеткіш аздық ете ме? Әрине, «жоқ» деп бірден кесіп айтуға болады. Яғни «терминдер жаппай аударылуда» деп «қоңыраулатып» жүрген ағаларымыздың алаңдауы бекершілік. Осы ағаларымызға кешегі Ахмет Байтұрсынұлы жасаған тіл білімі терминдері (есімше, көсемше, етістік, одағай, бастауыш, баяндауыш, септік және т.б.), Қошке Кемеңгерұлы жасаған химия терминдері (аралық тектесу, асыл металдар, шайыр, шала асыл металдар, шала тoтық және т.б.), Ісләм Жарылғап жасаған әртүрлі сала терминдері (көрермен, оқырман, санамақ, ойынхана, балмұздақ, аялдама және т.б.) осы рухани, ұлттық нақышта жаңғыру үдерісінің жемісі екендігін естерінен шығармауын өтінеміз. Бұл терминдер бүгінгі таңда сауатсыздыққа немесе ғылым тілінде түсінбеушілікке жетелемейді. Керісінше, Ахмет Байтұрсынұлынша айтқанда, «Ұлттық рухтың, ұлы тінінің» көрсеткіштері бола алады. Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев мұны «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай» деп анық көрсетіп отыр.Енді бір сөзінде ұлттық рухтан бастау алмаған кез келген жаңғырудың адасушылыққа жетелейтінін де баса айтады: «Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды». Біздің адасып жүргеніміз сол, өзгенікінің бәрін таңсық көріп, өзіміздікін күресінге тастап келеміз. Егер жаңғыруды біржақты түсініп, шеттен еніп жатқан жат терминдерді қазақ тілінің елегінен өткізбей, сол күйінде қабылдай берсек, болашақта Мағжан ақын мақтан тұтып жырлаған «Таза, терең, өткір, күшті, кең» тіліміздің болашақта қандай күйде боларын ойлаудың өзі қорқынышты.
Сонымен бірге терминологияның ­дамуында мынадай кедергіге ұшырауы сөзсіз. Біріншіден, осы күнге дейін қалыптасқан терминдерімізден қол үземіз. Жаңғыртудың осы аспектісінің элементтері тіл дамуында қазірдің өзінде-ақ байқалып отыр. Мысалы, Тәуелсіздік алған жылдары пайда болған, көпшіліктен қолдау тапқан кейбір терминдерді қайтадан халықаралық таңбалануына өзгерту туралы ұсыныстар, «төлқұжат» сөзін қайтадан халықаралық термин «паспортқа» ауыстыру туралы ұсыныстар, «үрдіс» сөзін «тенденцияға», «пайыз» сөзін «процентке», «күнтізбе» сөзін «календарьға», «күйсандық» сөзін «фортепианоға» қайта өзгерту сипатындағы ұсыныстар жаңғыртуды біржақты түсініп, тілге туындатып отырған үлкен қауіптердің бірі;
Екіншіден, тілімізде қалыптасқан терминжасам үдерісіндегі жүйелілігімізді жоғалтамыз. Кеңес дәуірінен басталған бұл әрекеттерден әлі де болса, арыла алмай келеміз;
Үшіншіден, тіл заңдылығына бағындырып алмай басқа бір тілдің заңдылығына сәйкес стандартталған жекелеген терминдерін енгізу арқылы тіл тұтынушыларды екі топқа бөліп алу қаупіне ұшырауымыз анық. Бұл қоғамға тууы мүмкін қауіптердің бірегейі саналады. Яғни тіл тұтынушылар қазақ тілді және өзге тілді жақтаушылар болып екі жікке ажырап кетуі мүмкін.
Зерттеушілердің көрсетуінше, заманауи қоғам төрт негізгі институттан тұрады: бәсекелестік демократия, нарықтық экономика, жалпыға ортақ мықты мемлекет және бұқаралық коммуникация. Нарықтық экономика – автономды азаматтық қоғамның негізі, барлық шекараны жеңіп, ашық қоғам қалыптастырады. Бүге-шігесіне дейін зерттелген дәстүрлі қоғамның мәдени антропологиядан айырмашылығы модерн қоғамы мынадай қағидаттарға негізделген: сайлау құқығы; заң; урбанизация; ішжүйелердің автономиялары; рационализация; нарықтық экономиканың басым болуы; бюрократизация; кәсібилік; жаппай сауаттылық және бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік және кәсіби мобильділіктің өсуі. Осы күшке ие болған мемлекеттер басқа елдердің тіліне кері әсерін тигізіп жатады. Дәлірек айтқанда олардың тілдік жүйесіне басқа озық тілдің тілдік заңдылықтарына негізделген жекелеген бірліктері ешқандай өзгеріссіз сол күйінде енеді. Тіпті уақыт өте келе, басым мемлекеттер әлсіз мемлекеттердің тілін жұтып жіберіп жатқандығына тарих куә. Бұл модернизацияның қатал заңы. Осымен байланысты шеттен енетін терминдерді саналы түрде саралап, таңдап қабылдауды басты мәселелердің бірі ретінде қою қажет.
Қорыта келгенде, ғылымда модернизация теориясына қатысты айтылған сындар оның тиімді жақтарымен бірге, тілдік тұрғыдан ­отарланушы елдерге модернизациялық өзгеріс тиімділігінің төмен екендігін де байқатып отыр, сондай-ақ тілдердегі жаңғыртудың әрқайсысы әртүрлі болады. Ол бір тілге тиімді болса, енді бір тілдерге тиімсіз болып табылады. Әрине, тіл жанды құбылыс, заман талабына сай жаңғыртылып отырылуы да заңды. Десек те тілді жаңғырту талғаммен қарауды талап етеді. Тіл халықтікі, сарапшы – халық. Тәуелсіз ел екенімізді есімізден шығармай, терминология тарихындағы кемшіліктерді ескере отырып, болашаққа жаңа әрі дұрыс қадам бастауға жазсын демекпіз.

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз