THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Түркі
тілдерінің, оның ішіндегі қазақ тілінің дамуындағы орта ғасыр дәуірінің (Х-XV
ғғ.) маңызы ерекше. Өйткені бұл кезеңде әлеуметтік жағдайлар күрделеніп,
көптеген халықтың тілдері өз алдына отау тіккен болатын. Басқа сатылардан гөрі
бұл дәуірдің ең басты ерекшелігі – түркі тілдерінен бөлініп шығатын дербес
тілдердің қалыптаса бастауында. Біздің қазақ тілі бұдан бұрын да қолданылған,
ол көне дәуірден бастап ру тілі, тайпа тілі ретінде дамыған.
Содан кейін олардың бірігуінің негізінде рулардың,
тайпаның өзара бірігуі негізінде тайпа тілдері пайда болды. Тайпа тілдерінің
бірлестігі негізінде қазақтың халық тілі дүниеге келді. Қазақтың халық тілінің
дамуы үлкен ұлттық сипатқа ие. Қазіргі қазақ тілі Қазақстан Республикасының
мемлекеттік тілі. Атап айту керек X ғ. Орта Азияда ислам діні өте кең тараған.
XV ғ. Орта Азияда ислам діні арқылы араб-парсы тілдеріне еліктеу, араб тілінде
жазу деген мәселе күшейе түсті. Мемлекет басында тимуридтер отырса да, шағатай
тілі ресми мемлекеттік тілі ретінде танылмайтын. Ұлты түркі тілдес халықтардан
шыққан ақын-жазушылар араб тілін жете меңгеріп екі тілде бірдей жаза білген.
Әлішер Науаидің тілімен айтқанда түркілердің үлкенінен кішісіне дейін,
сарбазынан бегіне дейін сад, яғни парсы-тәжік тілін еркін пайдалана білді. Сол
дәуірдің барлық ақындары сияқты Ә.Науаи да өз шығармаларын әрі парсыша, әрі
тәжікше, әрі түрікше жазған. Парсы-тәжік тілдеріндегі өлеңдерін «фони түрікше
өлеңдер» (« Фони» сөзі араб тілінен тез өтетін, өткінші мағынасын білдірсе,
наво сөзі – күй мағынасын білдіреді) деп атаған. Шығыстың ұлы ойшылы түркі
тілдерін араб тілімен қатар қойып, түркі тілдерінде өте жақсы өлеңдер жазуға
болатынын айтты және оны іс жүзінде өзі де көрсете білді.
І Петр заманында тарихқа, тілге қызығу басталады. Тілді үйрету үшін әр жерлерде
жас кадрлар даярлау керек еді. Ресейде тілмаштардың болуы бұл жұмысты
орындау мүмкіндігін туғызады. І Петрдің ықпалымен 1716 жылы 18 қаңтардағы
Сенаттың Жарлығында түрік, парсы, араб тілдерін үйрену үшін 5 адам таңдап
алынады.
Ресейде шығыстану пәні XIX ғасырда жоғары оқу орындарында оқытылғанын айтуымыз
керек. Міне осы ретте көптеген ғалымдардың аттарын атауға болады. Олардың
ішінде 1830 жылдан бастап Б.А.Дорн араб-парсы, санкскрит, түрік, көне еврей
тілдерінен дәріс оқығанын айтуымыз керек. Қазан университетінде шығыс
тілдерінен 1807 жылдан бастап Х.Д.Френ дәріс оқи бастайды. 1815 жылы ол Қазан
университетінің тарих-филология факультетінің деканы қызметін атқарды. Сол
кезде шығыстану университетінің парсы класында татар тілінен басқа араб, парсы,
моңғол, қытай тілдерінен де сабақ берілуі керек болатын. Х.Д.Френ негізінен
араб, парсы тілдерінен сабақ береді. 1826 жылдан бастап Қазан университетінде
араб, парсы тілдерінен Казем-бек (Мирза Мұхаммед Али Касымоғлы) дәріс оқи
бастайды. Ол 1802 жылы туған Әзербайжан елінің азаматы. Университетте, сонымен
қатар араб тілінің маманы, профессор Ф.И.Фредман (1793-1863) ұстаздық еткен.
Қазанда сол кезде Н.И.Ильминский қызмет етті. Ал Ильминскийдің Ы.Алтынсаринмен
таныс болғандығын, бүкіл күллі түркология тарихында қазақ тілін арнайы
зерттеген ғалым екендігін айта кетуіміз керек. Оның «Материалы к изучению
киргиз-казахского наречия» (Каз., 1861), «Самоучитель русской грамоты для
киргизов» (Каз., 1862), «Воспоминание об И.А.Алтынсарине» (Каз., 1891.) т.б.
бірнеше еңбектердің авторы екенін білеміз. Сол кезде Ғ.К.Саблуков ғалым
Н.И.Ильминскийден кейін университетте 1854 ж. араб тілінен сабақ берген әрі
Құранды орыс тіліне аударушы болған. ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында
Санкт-Петербург университетінде қызмет еткен атақты түркологтардың бірі –
профессор П.М.Мелиоранский. Ол 1887 жылы осы университеттің
араб-парсы-түрік-татар бөліміне оқуға түседі.
Қазақ
тіліндегі тіл ерекшеліктерін алғаш рет аңғарып, әр жерде кездесетін
өзгешеліктердің себептеріне, ондай айырма сөздердің ана тілімізді байытуға
зор үлесі болатыны жайында бірінші рет мақала жазған жазушы – Жүсіпбек
Аймауытов екен. Мақала 1926 жылы наурыздың 9-ында «Еңбекші қазақ» газетінде
«Тіл туралы» деген атпен жарық көрген.
Автор
қандай да бір тіл болмасын, таза тілдің жоқтығын, оның басқа тілдермен
қарым-қатынас жасау нәтижесінде көптеген сөздердің енетінін, қабылданатынын
айтады. Бұл мәселе жайында қазақ тілі де құралақан емес деп қарайды. Қазақтың
қай елінің, қай губернесінің тілі нағыз қазақ тілі екенін кесіп айту қиын. Мысалы
бөкейліктерде татар, араб, парсының, орыстың, Жетісу мен Сырдарияда өзбектің,
Қостанайда орыс пен ноғайдың, Семей мен Ақмолада орыс пен араб тілдерінің
ықпалы мол екенін айта келіп, нағыз қазақтың таза тілі аз болып шығатынын
ескертеді. Тілімізде әлдеқашан сіңісіп, етене болып кеткен: пайда, рас, дұрыс,
пенде, дос, пара, мейман, қымбат, дәулет, өнер, т.б. араб, парсы тілінен енген
сөздерді жиі пайдаланамыз. Ол түгіл араб, парсы сөздері деп жүрген «хат»,
«қалам» сөздері үнді, грек жұртында да бар екен.
Біз бұдан парсы тілінің Ресей арқылы, ислам діні арқылы халқымыздың ортасына
ене бастағанын көреміз. Бұл арқылы не айтқымыз келіп отыр? Парсы тілін білу
мәселесі қазақтар үшін үлкен рөл атқарған, соның ішінде біздің ұлы ғұлама ғалымдарымыз,
ақын-жазушыларымыз араб-парсы тілдерін үйренген. Қазақтың бас ақыны Абай
Құнанбайұлы да араб-парсы тілін жақсы меңгерген. Демек, халқымыз үшін парсы
тілі жат тіл емес.
Тілдің морфологиялық құрылымымен салыстырғанда, фонетикалық жүйе өзгерістерге
жиірек ұшырайды. Бұл туралы М.Томанов «Қазақ тілінің тарихи грамматикасы» атты
еңбегінде: «Қазақ тілінің фонетикалық жүйесінің біраз ерекшеліктері әртүрлі
дәуірде басқа мәдениеттермен, тілдермен байланыста болудың әртүрлі
қарым-қатынасқа түсудің нәтижесі іспеттес қалыптасқан» дей келіп, араб-парсы
мәдениеті мен орыс мәдениетінің ықпалын атап көрсетеді.
Тіл жүйесіндегі субстраттық өзгерістер кез келген тілде кездесуі ықтимал
үдеріс. Субстрат теориясы туралы ХІХ ғасырдың басында Я.Бредсдорф айтқан болатын,
кейіннен бұл ілім Г.И.Асколи, Г.Шухардт, В.Брендаль, А.Мейе, О.Есперсен,
И.А.Бодуэн де Куртенэ, А.А.Шахматов, А.М.Селишев еңбектерінде кеңірек зерттеледі.
Субстрат белгілі лингвогеографиялық ортада ертеде болған тілден қалған көне
элементтер.
Қазіргі халықаралық аренаға шығуымызға, парсы тілді елдерімен тікелей
қарым-қатынаста болуымызға байланысты қазақтардың парсы тілін өзінің ана
тілімен салыстыра отырып үйренуі өте ұтымды әдіс болып есептеледі.
ПІКІР АЛМАСУ
ТЕКСТ