КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

         Ұлттық білім беру парадигмасы, оның басты ұстанымдары жоғары білімді маманға ерекше міндет артып отырғаны белгілі. Өйткені, елімізде бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына жеткізетін, соған мүмкіндік жасайтын, ең алдымен, білімді де білікті маман екені даусыз.
Демек, еліміздің экономикасын дамытатын, мәдениетін көтеретін ХХІ ғасырдың маманы қандай болу керек дегенде, ең алдымен, өз халқының баға жетпес байлығы, төлқұжаты ана тілін жетік білетін, оның сан алуан қырларына бойлай алатын тілдік тұлға болуы міндетті.
      Өйткені, тілін сүйген, оны қадірлей білген адам өзін де, өзгені де, мәдени құндылықтарын да бағалай алады. Тілдік тұлға тілде бейнеленген ақиқатты қолданып қана қоймайды, тіл арқылы ақиқаттың өзін рационалды, эмоционалды мақсатта бейнелейді. Сондықтан тілдік тұлға – өз санасында ақиқатты бейнелеуші ғана емес, оны санада қайтара жаңғыртушы қасиетке ие белсенді әрекет иесі.Адамды, оның жан дүниесін тілінен тыс зерттеуге болмайды. Сондай-ақ, тілді де адам арқылы, адамның жан дүниесі арқылы зерттемей болмайды. Адам – өз сөзінің иесі, өз сөзінің қожасы болса, тілдің иесі де, қожасы да – халық. Дәлірек айтсақ, тілдің субъектісі, біріншіден – тілдік тұлға (жеке адам, тілді тұтынушы), екіншіден – халық, ұлт (тілдік ұжым). Тіл – ұлттық мәдениеттің коды. Тіл – халықтың мәдениеті мен қуатының көрінісі.
       Елбасының «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деген ұраны да тілдің осындай құдіреттілігінен туындап отыр. Қазақ тілінің руханиятымыздың өзегі болуы да, мемлекеттік тіл мәртебесін, әлеуметтік жауапкершілігін сақтай алуы да оны өз деңгейінде бар болмысымен қиюын тауып, қисынын келтіре қолданумен байланысты.ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев 2012 жылғы «Қазақстан – 2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» деп аталатын Жолдауында «Тіл туралы жауапкершілігі жоғары саясат біздің қоғамымызды одан әрі ұйыстыра түсетін басты фактор болуға тиіс» екенін басты назарға ала отырып, «алдағы уақытта да мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыруды табандылықпен жалғастыра беретінімізді» жеткізген.
         Сондай-ақ, Елбасы бұл жолдауда «Қазақ тілі – біздің рухани негізіміз. Қазақ тілі 2025 жылға қарай өмірдің барлық саласында үстемдік етіп, кез келген ортада күнделікті қатынас тіліне айналады» деп, ұлттық өрлеу мен әлемдік өркениетті тұтастандыратын өзекті мәселені де атап көрсетті [1].
Әсіресе, Президентіміздің «Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын ғарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек» деген пікірі халық тарапынан кең қолдау тауып, ерекше ықыласын оятқаны анық. Бұл мәселені қоғам және ғылым қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарынан бері тұрақты түрде көтеріп келеді. Алайда бұл бастамалардың барлығы да аяқсыз қалып келген еді.
          Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жақында ғана «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында латын әліпбиіне көшудің жаңа міндеттерін белгіледі: «Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық орта¬ның, ком¬муникацияның, сондай-ақ, ХХІ ғасыр¬дағы ғылы¬ми және білім беру процесінің ерекше¬лік¬теріне байланысты. Мектеп қабырғасында балаларымыз ағылшын тілін оқып, латын әріптерін онсыз да үйреніп жатыр. Сондықтан, жас буын үшін ешқандай қиындық, кедергілер болмақ емес. 2017 жылдың аяғына дейін ғалымдардың көмегімен, барша қоғам өкілдерімен ақылдаса отырып, қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдау керек. 2018 жылдан бастап жаңа әліпбиді үйрететін мамандарды және орта мектептерге арналған оқулықтарды дайындауға кірісуіміз қажет. Алдағы 2 жылда ұйымдастыру және әдістемелік жұмыстар жүргізілуге тиіс. Әрине, жаңа әліпбиге бейімделу кезеңінде бел¬гілі бір уақыт кириллица алфавиті де қол-даныла тұрады» [2].
          Латын әліпбиіне көшудің мақсаты – «балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік меңгеруіне, ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызу екенін» естен шығармауымыз керек. Дегенмен, «әліпби ауыстыру ана тілімізге не береді, неден ұтып, неден ұтыламыз?» деген сұрақ та көпшілік көңілінде жүргені белгілі. Кезінде ұлт көсемі А.Байтұрсынұлы араб және латын жазуларын теңестіріп, артық-кемін тексеріп, өлшеуге салғанда, таразының табан тірейтін нәрселері деп мыналарды көрсеткен екен:
1 – тіл дыбысына жеткілікті-жеткіліксіздігі қанша?
2 – қайсысымен басылған я жазылған сөз оңай оқылады?
3 – қайсысымен жазу жеңіл, жазылғанын тану жеңіл?
4 – қайсысы баспаға қолайлы (баспаға сыйымды болуы, жұмыстың өнімді болуы о да сонда)?
5 – үйретуге (сауат ашуға) қайсысы оңтайлы?
6 – көркемдік пен көзге жайлылық жағынан қайсысы артық?
        Міне, осы талаптарға сүйене келе, А.Байтұрсынұлының басымдықты араб жазуына бергені белгілі және ол сол кезеңдегі ең оңтайлы да дұрыс шешім болғаны анық [3,327]. Мәселен, жақында ғана «Егемен Қазақстан» мақаласында жарық көрген «Қазақтың ұлттық кодының бірі – төл жазу» атты мақала авторлары (Ө.Айтпайұлы, Е.Қажыбек, Ә.Жүнісбек): «Ахаң тапқан жазу қисыны әліпби таңдамайды, өзімізге белгілі кез келген әліпбиді Ахаң қисынына салып, қазақ тіліне пайдалана беруге болады.Сондықтан, біз тілтанымға (лингвистикаға) «Байтұрсынұлы қисыны» немесе орысша айтсақ «эффект Байтурсынова» деген дәйектемемен енгізіп отырмыз. Ахаңның жазу қисынын кезінде атақты орыс ғалымдары математикалық формулаға салып, әлемдегі ең озық және ең ықшам әліпби деп бағалағанын», – көрсетіпті [4]. Арада бір ғасырдай уақыт өткенде, қазақ жазуы – тағы да таңдау үсінде. Енді таразының екі басында – орыс алфавиті мен латын алфавиті. Жоғарыда көрсетілген өлшемдер тұрғысынан келгенде, қайсысының тиімділігі басым деген сұрақ әркімді де мазалайды.
Бұл бағытта елімізге танымал ғалымдардың пікіріне жүгінсек, тұтас түркі еліне елеулі ғалым, Мемлекеттік сыйлықтың иегері М.Мырзахметұлы латын жазуына көшудің бес артықшылығын көрсетеді: «1-ден, қазақ тілі табиғи қалыпқа түсіп, жасандылыққа ұрынған артикуляциялық базасынан арылып, табиғи қалпына түсер еді; 2-ден, әріп сандары 42 әріптен 28-34-ке дейін қысқарып, жазу сыйымдылығы артып, машинкаға да, компьютерге де сыйымды болар еді. Интернетке де кедергісіз шығар едік; 3-ден, латын жазуына өтуге біздің тәжірибеміз де бар. Қазіргі аға ұрпақтың бәрі де латын жазуын қиналмай оқи береді. Ал жастар болса шет тілдерін оқығандықтан, латын әрпімен таныс болғандықтан, тез меңгеріп кетеді; 4-ден, біз латын әрпін біркелкі ортақ таңбамен алсақ, түрік халықтары бірін-бірі оқи алатын мүмкіндікке келеді; 5-ден, ең бастысы – санамызға күнде әсер етіп отырған кеңестік идеология мен дүниетанымның тұтқынынан босаймыз» [5,246-247].
Академик Ә.Қайдар «латын әліпбиіне көшу – өмір талабы, болашағы жарқын өркениетті ел болудың алғышарттарының бірі», – деп бағалап, латын әліпбиіне көшудің төмендегідей басымдықтарын көрсетеді: кирил¬лицаның славян жазуы екені белгілі.
        Дегенмен, оны әлемдегі славян халықтарының бәрі бірдей қолдана бермейді. Бүгінгі күнде Еуропадағы көптеген славян мемлекеттері іс-қағаздарын латын жазуымен жүр¬гізеді. Осы тұста бір мәселе, славян текті халықтардың арасында рухани тұтастықтың да шамалы екенін естен шығармау керек. Қысқасы, кириллицаның да белгілі бір дәрежеде кемшілігі шаш-етектен. Бұл – мәселенің бір жағы.
        Екіншіден, жоғарыда атаған жәйттерге қоса кириллица жыл алға озған сайын өзіне жүктелген міндеттерді тиісті дәрежеде атқа¬ра алмауда. Қазіргі кезде Ре¬сей ғалымдары арасында да жаһан¬данумен байланысты бір кездері орыс әліпбиінің де латын қарпіне көшу ықтималдығы туралы сөз бола бастады.
        Үшіншіден, бүгінгі түркі ха¬лық¬тары қолданып жүрген кирилл жазуында айырмашылықтар өте көп. Себебі, кезінде бұл жазудың біздерге тек қаріптік белгілері, таңбалануы ғана ұсынылды. Ал әр халық өзінің тілдік ерекшеліктеріне сәйкес кейбір әріптердің варианттарын өздері жасап алды. Соның нәтижесінде, дүние жүзінің түркі қауымдастығын былай қойғанда, бұрынғы КСРО-да жасайтын отыз шақты түркі халықтары мен ұлыстарының өзі басын біріктіре алмады. Керісінше, олар бірінің жазғанын екіншісі еркін оқып түсіне алмайтындай жағдайға келіп, жазу арқылы өзара жақындасудың орнына, жырақтай түсті. Сөйтіп, сыртқы күштердің о бас¬та көз¬де¬ген түркілердің бастарын бірік-тірмеу жос¬пары өз миссия¬сын толығымен орындап шықты» [6].
         Филология ғылымдарының докторы, профессор Ә.Жүнісбек өз ойын: «Бүгінгі қазақ жазуына, тек әліпби ауыстыру ғана емес, түбегейлі реформа керек деп жүргенім сондықтан. Реформа бір ғана әліпби ауыстырумен тынбайды. Реформа үш мәселені – дыбыс, әліпби және емле-ережені бірдей қамтиды: дыбыс – өзге тілдерден бөлектеп тұратын тілдің тұрпат-тұрқы; әліпби сол дыбыстың қауызы, басқаша айтқанда, қорғаны мен оққағары; емле-ереже – дыбыстардың басын біріктіріп, сөз құрап тұратын дәнекері.Осы үш мәселе бір-бірімен байланысты және қатар шешілмей төл жазу қалыптаспайды. Ал әліпби ауыстыру қазақ жазуына реформа жасаудың алғышарты және ең төте жолы болып табылады. Егер латын таңбаларын баптап қабылдай алсақ, онда көптеген тілбұзар әріптер мен емле-ережелер өзінен-өзі түсіп қалады», – деп тұжырымдайды [7,120].
Белгілі түрколог ғалым Ш.Ыбыраев латынға көшкенімізде ұтатын төмендегідей тұстарымызды көрсетеді:
        Біріншіден, тіл тазалығы мәселесі. Тіліміздегі қазіргі жат дыбыстарды таңбалайтын әріптерді қысқартып, сол арқылы қазақ тілінің табиғи таза қалпын сақтауға мүмкіндік аламыз.
        Екіншіден, қазақ тілін оқытқан уақытта басы артық таңбаларға қатысты емле, ережелердің қысқаратыны белгілі. Ол мектептен бастап барлық оқу орындарында оқыту үрдісін жеңілдетеді. Уақыт та, қаржы да үнемделеді.
        Үшіншіден, латын әліпбиіне көшу – қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына жол ашады. Қазақ тіліне компьютерлік жаңа технологиялар арқылы халықаралық ақпарат кеңістігіне кірігуге тиімді жолдар ашылады.
         Төртіншіден, түбі бір түркі дүниесі, негізінен, латынды қолданады. Біздерге олармен рухани, мәдени, ғылыми, экономикалық қарым-қатынасты, тығыз байланысты күшейтуіміз керек. Ол да табиғи іс екендігін айтқым келеді» [8].
          Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты директорының орынбасары Анар Фазылжанованың пікірі де осыған саяды: «Тілтанушылар үшін қазақ жазуын кирилл қарпінде реформалау аяғы қиынға соғатын. Тіпті кеңестік кезеңдерден қалыптасып, бүгінге дейін өшпей келе жатқан стереотиптерге сүрініп, жүзеге асырыла алмай қалатын. Көптен бері жабулы жатқан дүние-тін. Себебі кирилл қаріптері орыс сөздерін «менше» жаз деп тұрады. Орыс тілінен енген дыбыстарды таңбалауға қызмет ететін әріптерді әліпби жүйесінен алып тастау да мәселені шешпейтін. Бүкіл қазақ емле ережелерін түбегейлі реформалау өз алдына, санаға сіңген қосамжар (орыс-қазақ) орфографияның көзтанымда, қолтанымда қалдырған стереотиптерін бұзу қиынның-қиыны болар еді.Ал латын әліпбиіне көшу осы стереотиптерді айналып кетудің ең оңай тиімді жолы болмақ. Латын қаріптерімен шет тілінен енген сөздерді қазақша сындырып жазатын болсақ, ешкімнің таласа қоймайтыны белгілі. Сөйтіп, бір оқпен екі қоян алған боламыз.
         Біріншіден, қазақтың артикуляциялық (айтылым) базасын жаңғыртып, сақтап қаламыз. Басқаша айтқанда, сырттан келген сөздерді бұрынғыша сындырып жазып, қазақи шапан кигіземіз.
          Екіншіден, жаһандық өркениетке ілесе алатын боламыз» [9].
Бұл шолудан «латын әліпбиіне көшу – тіліміздің емле ережелеріндегі кейбір қиындықтардан құтылудың негізгі жолы»,– екенін байқаймыз. Мәселен, жоғарыда көрсетілген мақала авторлары (Ө.Айтпайұлы, Е.Қажыбек, Ә.Жүнісбек): «Елуінші жылдардың ортасында қазақтың ы, і, ұ, ү тәрізді төл дыбыстарын ысырып тастап, орыс тілінің и, у, я, ю әріптерін төл сөздеріміздің жазылымына енгізгеніміз бар.Оның «жемісін» күні бүгінге дейін теріп жеп отырмыз: орыс-тақы орфографиямен өскен ұрпаққа төл дыбыстың айтылымы бейтаныс көрінетін болды»,– деп ашына жазды [4]. Бүгінгі жас ұрпақтың ң дыбысын мүлдем айта алмайтыны соңғы жылдары баспасөз беттері мен әлеуметтік желілерде жиі жазылып та, айтылып та жүр.
         Сауаттылық – баспасөз тілі мәдениетінің негізгі талаптарының бірі. Ал жазудағы сауаттылық әдетте емле, тыныс белгілері ережелерін білумен тығыз байланысты. Дұрыс жазу талабы – орфографиялық ережелерді жетік меңгеруді талап етеді. Ал орфографиялық ережелердің жетіктігі алфавиттің тілдің фонетикалық жүйесімен толық сәйкес келуімен байланысты.Осы орайда, қазақ тілінің орфографиялық ережелері соңғы жылдары жиі сынға алынып, оның негізгі кемшіліктері осы алфавитке келіп тірелетіні анық. Қазақ тілінің орфографиялық сөздіктерінің алғашқы басылымынан бастап «Қазақ тілі орфографиясының негізгі ережелерінде» 18 параграфпен беріліп жүрген «Орыс тілінен енген атау сөздердің тұлғасы сақталып, орыс орфографиясы бойынша өзгертілмей жазылады» деген ереже, тәуелсіздік алғанымызға 25 жылдан асса да, әлі күнге дейін бұлжымай тұр.Соның дәлелі ретінде осы сөздіктің 2013 жылы шыққан 6 басылымында осы 18 параграф «Орыс тілінен енген атау сөздердің тұлғасы, негізінен, орыс орфографиясы бойынша өзгертілмей жазылады»,– деген нұсқасын көрсетуге болады. Жазу қазақ тілінікі, ереже де қазақ тілінікі, олай болса, неге ол сөздер орыс тіліндегі тұлғасында жазылуы тиіс деген заңды сұрақ туындайды.Бұл ереже тілімізде ғасырлар бойы үндестік заңына сәйкес дамудың эволюциялық жолымен қалыптасқан «қазақ тілінінің төл сөздері не бірыңғай жуан не бірыңғай жіңішке болып келеді» деген қағиданың тас-талқанын шығарып, тілімізді теріс кетірген төңкеріс жасады. Түбір сөздердің осылай орыс тіліндегі тұлғасын сақтап жазылуы оған жалғанатын түрлі қосымшаларды жалғау барысында қиындықтар туғызып жүр.Жалпы емле ережелерін жасауда өте мұқият болу керек. Әрбір бапты талдап, талқылап, апробациядан өткізіп барып қабылдаған дұрыс. Мысалы, 1940 жылғы 13 қарашада «Қазақ жазуын латындандырылған әліпбиден орыс графикасы негізіндегі жаңа әліпбиге көшіру туралы» заң қабылданғанымен, емле ережесі тек 1957 жылы ғана бекітілді және оған 1983 жылы өзгертулер мен түзетулер енгізілді. Соған қарамастан, ол ереженің жоғарыда көрсетілгендей кейбір кемшін тұстарының бар екені әлі де айтылып жүр.Жазу барысында осындай қиындық тудырып жүрген сөздердің бірі – қысқарған сөздер. Кейбір қысқарған сөздердің қазақ тілінің дыбыстық-артикуляциялық ерекшеліктеріне сай келмейтіні белгілі. Соған қарамастан бүгінде қысқарған сөздер баспасөз беттерінде, әлеуметтік желілерде ең жиі қолданылатын тілдік бірлікке айналды.
           Белгілі ғалым, ф.ғ.д., профессор Ш.Құрманбайұлы бұрынырақта, дәлірек айтқанда 90-жылдарға дейін біздің тілімізде орыс тіліндегі қысқартылған нұсқасы бойынша қолданылатын қысқарымдар көп болған болса, қазір Еуропа елдерінің тілдері мен ағылшын тіліндегі күрделі атаулардың қысқарған нұсқаларын да мерзімді баспасөз бен ресми құжаттардан, түрлі басылымдардан жиі ұшырататынымызды көрсетіп, олардың қатарына мына төмендегі ASEAN, АІВА, ЕХРО, IBA, ISO, IT, ІРО, FILA, FIFA, FIDE, FIAS, NACA, NATO, NTI, UNESCO, UNICEF, USAID, UNEP, USIA, UNPF, OPEC, WBA, WBO, WBC, WIMAX, WWF, UBS, VIP, CNN, CARICC, SMS, TIMSS, G-20, REACH, PNB, РR және т.б. сияқты қысқарымдарды жатқызады [10]. Бұл сөздерге жалғанған қосымшаларының да жазылуы бірізді емес. 
Тіпті, біздің күнделікті өмірімізде жиі қолданылатын ТарМУ деген қысқарған сөзге де жалғанған қосымшалардың әркелкі екенін көріп жүрміз.
Орфографиялық ережеміздің тағы бір толықтыруды қажет ететін тұсы – бас әріптердің, әсіресе, әрбір сөзі бас әріппен жазылатын күрделі атаулардың жазылуы. Кезінде, А.Байтұрсынұлы латын және орыс алфавиттеріндегі ұлы әріптердің (бас әріп) пайдасынан зияны көп екенін, оның сауаттандыру ісін ауырлататынын дәл көрсеткен болатын [3,329]. Бұл қиындық қанша уақыт өтсе де, әлі күнге шешілмей келе жатқан өзекті мәселелердің бірі.
         Бас әріппен жазылатын күрделі атауларды жазғанда, өкінішке орай, қазақ тілінің орфографиялық ережесі емес, сол сөздің орыс тіліндегі нұсқасы басшылыққа алынады. Сәйкесінше, сауатсыздықтың шырқау шегін осыдан көреміз. Өйткені, күрделі атаулардың орыс тіліндегі нұсқасы, А.Фазылжанованың терминімен айтқанда «менше» жаз деп тұрады.Мәселен орыс тіліндегі «Министр образования и науки Республики Казахстан» деген сөз, қазақ тілінде «Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі» деп жазылуы тиіс.Алайда кейбір авторлар мен басылымдар орысшасында бас әріппен жазылған министр деген сөзді қазақшасында жай әріппен жазса, оның дәрежесі кеміп қалатындай немесе министр алдында кінәлі болып қалатындай көреді. Ал латын әліпбиіне көшу – «...кеңестік кезеңдерден қалыптасып, бүгінге дейін өшпей келе жатқан осындай стереотиптерден» құтылудың бірден-бір жолы.Тағы бір қиындық ана тілімізге тән төл дыбыстарды бейнелейтін әріптердің формасында екені даусыз. Қазіргі кезде тілші ғалымдар, информатика, техника және тағы басқа салалардың мамандары дайындаған латын әліпбиіне негізделген қазақ жазуының бірнеше нұсқасы бар. Аталған әріптер бұларда түрліше беріліп жүр. Олардың кейбіреулері қосарлы таңбалармен берілсе, кейбіреулері қосымша белгілер үстеу арқылы берілген.Соған орай, кейбір әріптер компьютердің негізгі басасында жоқ. Бұл компьютерге қосымша бағдарламалар орнатуға мәжбүрлейді (ал ондай мүмкіндік әрдайым, әсіресе, шет елдерде жүргенде мүмкін бола бермейді) және мәтінді терудің тиімділігін төмендетіп, жылдамдығын тежейді.Сондықтан да, қазақ әріптерін таңбалауда тек компьютердің негізгі базасында бар әріптерді пайдалану аса маңызды болмақ. Бұл ретте көршілес Өзбекстан, Түркменстан мен Азербайжан елдерінің тәжірибесі де бізге жақсы көмек бола алады.
         Қазақстан Республикасысың Президенті Н.Назарбаевтың 2012 жылғы Жолдаудағы ана тілімізге қатысты тағы бір мәселе – «тілді заманға сай үйлестіріп, терминология мәселесінен консенсус іздеу» [1]. Жалпы халықаралық терминдерді аудару ерекше маңызды мәселелердің бірі. Содан да болар, бұл туралы пікірлерді баспасөз беттерінен, ғылыми конференциялардан жиі кездестіруге болады. Латын әліпбиіне көшу бұл проблеманың да оңтайлы шешілуіне ықпал етеді. Енді орыс тілінен және орыс тілі арқылы шет тілдерінен енген сөздерді бұрынғыдай «орыс тілінде қалай жазылса, қазақ тілінде де солай жазудан» құтыламыз. Ондай сөздер жазылуы мен айтылуы жағынан қазақ тілінің заңдылықтарына жақындай түседі. Бұл жаңа сөздердің тілімізге тез сіңіп, біте қайнасып кетуіне мүмкіндік береді.
       Латын әліпбиіне көшу – өркениетке ілесу. Қазақстан – біртұтас мемлекет. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев өзінің 2014 жылдың 17 қаңтарындағы «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты кезекті Жолдауында: «Біз үшін болашағымызға бағдар ететін, ұлтты ұйыстырып, ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар. Ол – Мәңгілік Ел идеясы.

Тәуелсіздікпен бірге халқымыз Мәңгілік Мұраттарына қол жеткізді.
Біз еліміздің жүрегі, тәуелсіздігіміздің тірегі – Мәңгілік Елордамызды тұрғыздық.
Қазақтың Мәңгілік Ғұмыры ұрпақтың Мәңгілік Болашағын баянды етуге арналады.
Ендігі ұрпақ – Мәңгілік Қазақтың Перзенті. Ендеше, Қазақ Елінің Ұлттық Идеясы – Мәңгілік Ел!» – деп нақты белгілеп берді [11]. Және осы жолдауда ана тіліміздің Мәңгілік Елімізбен бірге Мәңгілік тіл болғанын, енді оны даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйытқысы ете білгеніміз жөн екенін көрсетті. Ал Мәңгілік Ел болу үшін де латын әліпбиі ауадай қажет. Ескеретін бір мәселе, латын әліпбиі бір ғана қазақ халқының әліпбиі емес, Қазақстанды мекендейтін барлық халықтардың әліпбиіне айналуы тиіс.
        Қазіргі зиялы қауым өкілдері латын әліпбиіне көшуді әлемдік өркениет жетістіктеріне алып баратын негізгі жол деп есептейді. Оның саяси мәні де зор. Яғни латын әліпбиіне көшу арқылы Қазақ елі бүкіл түрік әлемімен бұрынғыдан да жақындаса түседі. Сонымен бірге шетелдерде тұратын қандастарымыз үшін өз атамекенімен қарым-қатынас жасауларын да жеңілдетеді. Ақпарат және телекоммуникациялық саладағы қолжетімділік те артады. Әліпби ауыстыру, бұл – ұлтымыздың тарихындағы ең маңызды бетбұрыс болып табылады. Сондықтан осындай мемлекеттік маңызы бар іске үлкен жауапкершілікпен қарағанымыз жөн.


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз



ТЕКСТ

Яндекс.Метрика