THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Қазақ жазуын латыншаға ауыстыру туралы кебір мақалаларды
оқып отырып, оның түпкі мақсатын осы біз қалай пайымдап жүрміз деген ойға
қалдық. А.Байтұрсынұлының: «Біздің қазақтың ісі жаңа басталып келеді. Не болары
белгісіз. Қазақ я құрып жоқ болар, я өз тілімен өзгелердей тіршілік етер. ХХ
ғасырға шейін түріктің тілін аздырмай асыл қалпында алып келген, тіл
турасындағы абырой мен алғыс қазаққа тиісті. Атаның аздырмай берген мүлкін
қолымызға алып быт-шытын шығарсақ, ол ұнамды іс болмас» (Байтұрсынұлы А. Тіл тағылымы. – Ал.: Ана тілі, 1992 жыл.
399-бет), – деген аталы сөзі еске түсті. Онның мақсат-мүддесін дұрыс түсінген
Х. Досмағанбетов, Т. Шонанұлы, Е. Омаров секілді талай Алаш арыстары онымен
идеялас еді. Мәселен, 1925 жылы қазақ «Қазақ
білімпаздарының тұңғыш съезінде Елдес
Омарұлы баяндама жасап: «Пән сөзді (терминді – авт.) өз тілімізден таба алмаған
күнде, иаурыпа қолданған латынша пән сөздерді алуға болады. Бірақ ондай жат
сөздерді алғанда, оны тіліміздің заңына келтіріп өзгертіп алу керек. Өйткені
жат сөздің асыл түбін бұзбай алсақ, ондай сөзге қазақтың тіл келмейтұн болады.
Жаңа қазақ тілінің заңына келмеген сөзді, оған қазақша жұрнақ, жалғаулар жалғап
өзгертуге де болмайды. Ондай сөз қазақ тіліне қазақтың өз сөзіндей болып сіңісе
де алмайды, біртүрлі ерсі сөз болып қалады. Жат сөз қазақ тіліне сіңіп
түбкілікті қазақ сөзі болып шығуы үшін, мағанасы түсінікті болмаса да, айтуға
жеңіл, құлаққа ерсі болмауы керек. Бұл шартқа келмеген сөз қазақ сөзі бола
алмайды, тек кітеб сөзі болып қана қалады. Олай болып кетсе, кітеб тілі ел
тілінен басқаланып шығады, кітебтің елге пайдасы болмайды» (Қазақ білімпаздарының
тұңғыш съезі. – Орынбор, 1925 ж. 97 б.), – деген де еді. Оның бұл сөзі А.Байтұрсынұлының
мүддесімен астасып жатқаны анық.
Содан бері
қаншама жыл өтті. Қазақ тіліне мұрты бұзылмай қаншама сөз енді. Енді бүгін өзгетілдік сөздерді, әсіресе еш өзгеріссіз
қолданыста болып келе жатқан қоғамдық-саяси лексика мен ғылыми терминдерді қазақшалау
қазіргі уақыттың ең бір өзекті мәселелесіне айналды. Бұл мәселе жөнінде қазақ ғалымдарының
(тілші-лингвистердің) көзқарастары әртүрлі. Біреулер жалпы кірме сөздерге
балама табуды көздесе, енді біреулері тек орыс тілінен енген сөздерді ғана
қазақшалау керек, ал орыс тілі арқылы енген, бірақ арғы тегі грек, латын т.б.
тілдердің сөздерін қазақшалаудың қажеті жоқ деп есептейді. Алайда олар сол сөздердің
тілімізде орысша қалай айтылып-жазылса, түк өзгеріссіз солай қолданылып
жүргенін қаперлеріне алмай жүр.
«Заман озып,
заң тозғанын» түсінсек те, теріс қағиданың шылауынан шыға алмай, соның
кесірінен кезінде қасақана ескерілмеген тіліміздің сан мыңдаған жыл бойы
қалыптасқан өз заңдылығы, төл дыбыстары, сол төл дыбыстарының өзіндік тіркесімі
(сөздері), оларды айтатын өзімізге ғана тән дыбыстау ерекшелігіміз
(артикуляция, акустика) бар екенін тіптен ұғынғымыз келмейді.
Дыбыстық жүйесі мүлде кереғар, грамматикалық құрылымы бір-біріне сәйкес
келмейтін тілдердің (қазақ, орыс) дыбыстарын мидай араластырып әліпби жасау оның
емле ережелерін ескертулерге толтырып жіберді. Бұл қиындықтан шығудың жолын
көрсетпек болып, тағы бір қазақ ғалымдары арнайы еңбектер де дайындады. Енді
бүгін осы әліпби мен жазудың «кемшілігі әр жерден көрініп тұрғанына» қарамастан, оған
қазақ қоғамының әбден бауыр басып, дағдыланып кеткені соншалық – өз тіліміздің
төл заңдылықтары өзімізге жат болып көрінетін болды. «Өз тілім – өзіме өгей (С.Мырзабеков)» деген
осы екен-ау!
Ұлттық
дүниетаным рухани сабақтастық сақталған жағдайда ғана кемелдене түсетінін
ескерсек, Алаш зиялыларының тарихи және мәдени іс-тәжірибесінен ұзақ жылдар
бойы қол үзіп қалған біздің жазба мәдениетіміз, тіпті жалпы рухани-мәдени дүниетанымымыз
соның залал-зардабын күні бүгінге дейін тартып келеді. Қазір біз сол
арыстарымызды түгелге дерлік ақтап алсақ та, ұлт үшін еткен ерен еңбектерінің
қадіріне әлі жете алмай жүрміз. Тіпті «Ол дәурен келмеске кетті. Тіліміз
дамудың жаңа жолына түсті. Заман ағысына қарай жаңаша өң алып дамуда» деген
сықылды жасанды қағиданы уағыздап, сан мың жылдық табиғи даму тарихы бар тіліміздің,
демек ұлтымыздың рухани болмысына кереғар нәрселерді қасақана елемеуге тырысып жүрміз.
Еліміздің бүгінгі кебір саясаткерлері «ұлттық идея керек» дейді, бірақ сол
идеяның ХХ ғасырдың басында-ақ жасалып қойғанын мойындағылары келмейді.
Талдықорғанда
жуырда ғана «Латын әліпбиіне көшу: дайындық барысы» деген жиын өткізілді. Оған
арнайы шақырылған мамандар қатысқан екен. Осы жиын туралы түрлі БАҚ-да
жарияланған материалдардан пайымдағанымыз: жалпы, латыншаға көшуге баршамыз,
әсіресе жастар өте дайын екен, тек 2017 жылдың соңына қарай «барша қоғам» болып
қазақ әліпбиінің латыншаға негізделген стандартты нұсқасын қабылдау ғана
қалыпты. Әлбетте, осы жиында латынша жазуға көшудің мақсат-міндеттері де айтылмай
қалған жоқ. Негізгі мақсат – қазақ тілінің өзіндік бітім-болмысын сақтау үшін
оның қазіргі
дыбыстық жүйесіндегі басы артық кірме дыбыстардан арылу екен. Біз де бұны екі
қолымызды көтеріп толық қолдаймыз.
Алайда осы реформаны жүзеге асыруға белсене кірісіп жүрген мамандардың
көпшілігі негізгі мақсаттан ауытқып та кетіп жүр. Олар Ахмет Байтұрсынұлы бұдан жүз жылдай бұрын қазақ тілінде қанша дыбыс бар
екенін анықтап, нақтылап, дәлелдеп кеткенін, оның әліпбиі тоғыз
дауысты (а-ә, о-ө, ұ-ү, ы-і, е) және он тоғыз дауыссыз (б, п, д, т, г, ғ, қ, к,
ж, з, ш, с, й, л, м, н, ң, р, у) дыбыстардан тұратынын, тіпті қазақ
тілінің 1928 жылғы алғашқы латынша әліпбиінің де әріп таңбалары латынға
негізделгеніне қарамастан, А.Байтұрсынұлының дыбыстық жүйесіне негізделіп,
ұлттық сипатта құрастырылғанын мойындайды.
Солай бола тұра, олар қате
ұстанымға бой алдырып жүр. Бәлкім бұған мемлекеттік тіл саясатының ықпалы бар
болар, әлде жекелеген «мықты» тұлғалардың көзқарастары, таным-түсініктері әсер
ететін шығар!? Бұндай ойға 2006 жылы қазақ жазуын латыншаға ауыстыру
мәселесімен айналысып жүрген ғалымдардың жоғары жаққа жолдап жатқан әліпби
жобасымен танысу кезінде келдік. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының сол ұжымдық әліпби
жобасы 31 әріптен тұрады екен. 28 әрпі қазақ тілі дыбыстарына арналған, ал
қалған үшеуі өзгетілдік «в», «ф», «х» дыбыстарын тңбалау үшін алыныпты. Осы
жобаның жетекшісі, бір үлкен ғалым ағамыздан: «Ф» мен «х» дыбыстары қазақ тіліне
ертеден бері арап-парсы тілінен еніп, сіңісіп кеткендей болып жүр. Мүмкін
оларды қалдыруға да болар, ал «в» дыбысы қазақ тіліне не үшін керек?» деп
сұрағанымызда, әлгі ағамыз: «Соны да түсінбейсіңдер бе? Тегі орысша жазылатын
үлкен кісілердің «біреуі» «в» дыбысы қайда? Тегімді қалай жазамын?» десе, не
дейміз, сөйтіп, біздің осы нұсқамызды қабылдамай тастаса қайтеміз!» деген еді. Содан
бері сол ұстаным түк өзгермей, сол әліпби нұсқасы да сол қалпында қалып, жоғары
жаққа қайтадан ұсынылып жатқандай. Бұған А. Байтұрсынұлы атындағы
Тіл білімі институтының қазақ тілі жазуын латыншаға ауыстыру ісімен белсене
айналысып жүрген ғалымдарының түрлі басылымдардағы мақалалары мен сұхбаттарында
айтылып жүрген пікірлері дәлел.
Мәселен, жоғарыда аталған жиында қазіргі
уақытта Сүлеймен Демирел атындағы университеттің профессоры, филология
ғылымының докторы Құралай Күдеринова: «Жалпы әліпби ауыстыру мәселесі бір
жағынан, жазудың тілге тигізетін әсері болғандықтан көтеріліп отырылғаны
белгілі. Ендеше қазақ тілі дыбыстық құрамына тән емес, бөгде тіл фонемаларын
сол тілден ауысқан термин сөздерді жазу, яғни емленің цитаталық принципі үшін
ғана әліпби құрамына алу дұрыс еместігі айқын. Алайда біз тілдің даму
диалектісін естен шығармауымыз керек. Тіл, тілдің дыбыс жүйесі – өзгермейтін құбылыс емес.
Кез келген тілдің дыбыс жүйесінде дыбыс реңктерінің дифференциациясы, көрші
тілдің, кірме сөздердің әсерінен болған дыбыстық өзгерістер орын алады» («Ана
тілі» газеті, 10-16 тамыз, 2017 жыл) дей келе, орыс тілінде де «өзгерістер болған-мыс»
деп, соған мысал келтіріп, қазақ тілінің латынша негізді болашақ әліпбиі құрамында
«в», «ф», «х» дыбыстарының сақталуын қолдаумен қатар, қазақ тілі сөздерінің (біріккен)
айтылым-жазылым жүйесіне мүлдем жат «қос дауысты дыбыстың қатар жазылуы
(қалааралық т.б.)» сияқты қате емлелік ережелерді қорғап қалғысы келеді.
Ал А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты директорының орынбасары,
филология ғылымының кандидаты Анар Фазылжанова: «Қазақ тілінің 42 әріптен
тұратын кирилше әліпбиінің 28 әрпі ғана қазақтікі, кірме сөздерді
жазып-таңбалау үшін қосымша үш әріп аламыз. Барлық жиыны 31 базалық дыбыс
болады» («Вечерний Алматы» 8 август, 2017 г.) деп, қандай дыбыстар алынатынының
басын ашып айтпаса да, өзінің «в», «ф», «х» дыбыстарын сақтап қалуды дұрыс деп
санайтынын аңғартады.
Әрине, бұндай
пікірлердің туындауына біздің қазіргі әліпбиіміз бен емлеміздің мейлінше
орыстанып кетуі себеп болып жатыр. Яғни өзгетілдік сөздерді сол қалпында
жазып-айтуға мәжбүрлейтін қазақ тіліне тән емес орыс тілінің дыбыс-әріптерінің
қазіргі әліпбиіміздің құрамында болуы мен өзгетілдік (орыстілдік) сөздердегі
тілімізге жат дыбыс тіркесімдерінің қолданыста жүруі және соларға сәйкес емле
ережемізде арнайы баптардың болуы оған басты себеп болып отыр.
Кейде «Тоқал ешкі құдайдан мүйіз
сұраймын деп жүріп, құлағынан айырылыпты» дегендей, қазіргі орыстілді биліктің
пәрменімен 28 әріптік те, 31 әріптік те емес, 35-40 әріптік әліпби қабылдайтын
шығармыз деген қауіпті ой да келеді.
Осыған
орай, өзекті де маңызды мәселелерді көтерген бүгінгі уақыттың материалдары мен 1920
жылдан басталған қазақ жазуын латыншаға ауыстырудың тарихын зерделеп, ой таразысына салсақ, мәнісіне тереңірек
бойлап, кеңірек ой жүгіртсек, жалпы арабшадан латышаға,
латыншадан кирилге, енді қайтадан кирилден латыншаға көшудің ұлттық мүддеден гөрі саяси астары
басым екенін байқалады. Қазіргі латыншаға көшуді жақтаушылардың көбісі ғылыми-технологиялық, компьютерлік-бағдарламалық,
электронды құрал-жабдықтық, саяси-экономикалық, қоғамдық-әлеуметтік,
педагогика-психологиялық, тарихи-мәдени байланыстық (түркілік ұлттардың бірдей
әліпби пайдаланып тұтасуын) және т.б. жанама себептерді алға тартып жүр. Біздің
ойымызша, әліпби ауыстыру арқылы ұлттық-лингвистикалық мәселені шешіп, рухани
тәуелсіздікке қол жеткізу – ең негізгі мәселе. Демек латыншаға көшу тіліміздің
өзіндік табиғи бітім-болмысын сақтап қалу үшін қажет.
Латын
жазуына негізделген өзіміздің төл әліпбиімізді (А.Байтұрсынұлы оны араб әліпбиі
негізінде баяғыда жасап кеткен) құрып алған соң, тіліміздің табиғатында жоқ,
орыс тілінен және сол арқылы «халықаралық сөздер» деген желеумен орысшаланып
енген бөтен атауларды жаңа әліпбимен жазып, өз сөзімізге айналдырып, олардың
тілімізге бейімделмей толассыз енуіне тосқауыл қоя аламыз. Сөтіп, қазақша
баламасы (атауы) табылмай, тіліміздің лексикалық құрамына кіре алмай (олар
кірме сөз бола алмайды, өйткені кірме сөздер болуы үшін дыбысталуы қазақша
болуы керек) жүрген бүкіл сөзді өз тіліміздің төл дыбыстарымен жазып-айтамыз.
Қазір соған зор мүмкіншілік туып отыр. Осы мүмкіншілікті дұрыс пайдаланбасақ,
ісіміздің бәрі бекер.
Алайда біз
қанша жерден дәлелдеп айтып-жазсақ та, өзгетілдік дыбыстар мен олардың
таңбаларын болашақ латынша қазақ әліпбиінің құрамында болуын қалайтындардың аса
көптігі таңғалдырады.
Қазіргі қолданыстағы кирилге негізделген қазақ әліпбиінде орыс тілінің
барлық әріптері толығымен қамтылғаны белгілі. Соған қатысты латынша жоба
нұсқаларындағы дыбыс таңбаларының саны да әралуан. Кейбірі (Ә.Жүнісбек, Б.Қалиұлы
т.б) қазақтың төл дыбыстарына ғана арналған 28 таңбамен шектелуді жөн көреді. Бірақ
«Көк итті көп ит жеңедінің» салдары ма екен, әлде жоғарыда аталған себепке
байланысты ма екен, әйтеуір болашақ әліпбиіміздің құрамында «в», «ф», «х»
дыбыстары тұрмақ, «ч», «ц», «һ», «щ» дыбыстарының
да таңбалары болуын қалайтындар әсте көп.
Әліпбидегі дыбыс таңбаларына қарай емле ережелері түзілетіні белгілі.
Осыған байланысты 28 және 31 таңбалы әліпби жобалары арасында келіспеушілік
бар. Алғашқысы қазақ тілін бастапқы таза, яғни айтылым қалпына келтіруді, ол
үшін кірме «в», «ф», «х» дыбыстарынан тазартуды ұсынады. Ол бойынша кірме
сөздерді жазу үлгісі мынадай: халық – qalьq,
фабрика – pabrіka, вагон – bagon немесе wagon.
«В», «ф», «в» дыбыстарын қалдыру керек» деушілердің қатарында қазақ
тілінің майталман мамандары да жетерлік. Олар: «Бұл
«в», «ф», «х» дыбыстары тілімізге орныққан, оларды айтуға артикуляциялық
базамыз қалыптасқан. Оны қайта өзгерту мүмкін емес. Сондықтан да бұл дыбыстардың
әріптері шетел сөздерін дәл таңбалау үшін жаңа әліпбидің құрамында болуға тиіс» деп біледі. Ал біздің ойымызша, жат дыбыстарды енгізіп,
шетел сөздерін тіліміздің болмысына бейімдемей, еш өзгеріссіз қабылдап,
қиындықтан оңай құтылып кетеміз деушілік – барып тұрған тіл бұзарлық. Ол –
мәселені түбегейлі шешпек түгілі, одан сайын асқындыра түседі. Мәселен, сөз
болған дыбыс-әріптерді жаңа әліпбиімізге ендіріп, шетел сөздерін бұлжытпай
айтып-жазамыз-ақ дейік, бірақ оларға бәрібір қазақша қосымшалар жалғауға тура
келетіндіктен, небір қиыншылыққа тап болып, «шетел сөздерінің соңғы дыбысы
анадай-мынадай болса, қазақша жұрнақ-жалғаулар былайша жалғанады» деген сықылды
сан алуан ережелер шығаруға немесе қазіргі кирилше жазуымыздың барлық емле
ережелерін қайталауға мәжбүр болып, қазіргі емле ережеміздегі бықсықты жаңа
емле ережемізге қайтадан апарып, түбірі шеттілдік, қосымшасы қазақша «кентавр»
сөздерді үсті-үстіне көбейте беретініміз даусыз!
Сондықтан да
қазақ тілінің алдағы уақытта латын әріптеріне негізделетін жаңа әліпбиі – Ахмет Байтұрсынұлының тоғыз дауысты және он тоғыз дауыссыз дыбыстардан
тұратын әліпбиінен алшақ кетпеуі керек, сонда ғана қазақ жазуы өзінің төл табиғатын тауып, айтылым (орфоэфия) мен емле
(орфография) арасындағы сәйкессіздіктен арыла алады.
1928 жылғы
латынша әліпбиімізде осы ұстаным 1939 жылға дейін сақталған болатын.
ПІКІР АЛМАСУ
ТЕКСТ