THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Қазақ Елі тәуелсіздігін алғаннан бері сөз болып, көп айтылып,
алайда тұрақты, нақты бір шешімге келіп, байламға тоқтай алмай жүрген
өзекті мәселердің бірі – қазақ тілінің дыбыстарын латын әріптерімен таңбалау
еді.
Елбасының «Болашаққа бағдар:
рухани жаңғыру» атты тарихи мақаласында осы көкейгесті, көп күткен мақсатқа
нүкте қойылды. Президент тапсырмасы бойынша осы жылдың аяғына дейін әліпби
мәселесі түбегейлі шешілуі керек еді. Бірақ, бұл іс те «Аққу, шортан һәм шаян»
ерегісіне айналып кетті. Жоғары билікті былай қойғанда барша қоғам мүшелері дерлік
ат салысып, өз үндерін қосып, жаппай талқылаған мұндай мәселенің қазақ
баласының тағдырына, оған кімде кімнің бейжай қарай алмайтындығын көрсетеді.
Президентке дейін ұсылған,
одан басқа да баспасөз беттерінде жарияланып көпшіліктің талқысына салынып жатқан
әліпби жобаларын бағамдап қарасаңыз бәрі де келіп бір тұйыққа тіреледі де,
осының барлығына бас кінәлі ешкімге ұқсамайтын, төл тумалық қасиеті басым,
өрнегі өзгеше, басқаға ұқсамайтын ұлттық үн, дыбыстарымыз дегендей байламға
келеді. Шынтуайтында кедергі, қазақ тілінің төл дыбыстарында емес, қазақ
тілінің төл дыбыстарын латынның 26 таңбасына сидырып белгілей алмай отырған
саналық мешеулікте екенін не жасырып қалады, не соны айналып өтіп күлбілтелейді
де, бар пәлені тілдің, қазақ тілінің дыбыстық ерекшеліктеріне аудара салады.
Бүгінгі қолданысымыздағы 42
әріптен қазақ тіліне тән дыбыстарды белгілеген әріптерді екшейтін болсақ в, ё, и, ц, ч, ф, х, щ, һ, ъ, ь,
э, ю, я әріптері автоматты түрде сүзіледі де сап алтындай
болып 28 әріп қалуға
тиісті еді. Алайда біздің кетік, жыртығы мол, тесігі кең елегімізден шет
тілінен енген кірме дейтін, «бауыр басып қалған», «сіңісті болып кеткен»
дыбыстар сол баяғы қалпынша қыстырылып өтіп кетіп жатыр. Оны біздің қазақ
тілінің әліпбиін латын таңбалары арқылы жасап, жоба ұсынушылар да іштей сезіп
отырғанымен, коммунистік санадан арыла алмауының, құлдық сана делініп жүрген
колонизаторларға саналық тәуелділіктің салдарынан латын әріптері қазақ
дыбыстарын таңбалауға жеткізе алмай сандалып, біресе олай, біресе былай тартып,
тығырықтан шыға алмай отыр. Шын мәнінде қазақ тілінің дыбыстарын таңбалауда латын әрібінен
екі-ақ таңба жетіспейді. Жалпы «кірме дыбыстар немесе шет
елдік терминдерге арнаған әріптер» деген қорқытып таңған, қабылдауға амалсыздан
мәжбүр болған жасқаншақтықты қоятын кез келді. Егер колониализм қалыптастырып берген ойлаудан
арылып, отаршыға басыбайлы ойдан құтылмай жаңа әліпби жасалар болса оның
ертеңгі ұрпаққа әкелер машақаты мол болары сөзсіз. Жаңа әліпби жасаудағы
бірінші кесірлі кедергі осы.
Біз бұл жерде Ш.
Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік
орталығының ұсынып отыған жобаларын назарға алмаймыз, олар талдауға да
татымайды. Ондай жобаларды жаңадан қара таныған бала да ұсына алады.
Енді сол тамаққа қадалған сүйектей болған келесі кесірлі кедергі
кірме дыбыстар яки әріптерге
тоқталайын:.
Бұл дыбыстардың басында келімсек кірме «В» дыбысы тұр. Қазақ тілінің сөздік қорында «В»
әрпімен басталатын сөздердің саны да санаулы ғана. Қазақ тілінің 50 мыңға жуық
сөз қамтыған түсіндірме сөздігінде оның саны бар-жоғы 79. Оның біреуі «венгр»,
қазақ «мажар» дейді. 6 cөз витаминге қатысты: «Витамин, витаминді, витаминдік,
витаминдел, витаминделін, витаминоз». «Витаминді» «дәрумен» дейміз. Сол сияқты
«вокалға» байланысты 6 cөз және бар. Сонда елу неше сөзге бола латынның
бір әрпін зая кетіру жөн бе? Ал сөздің басқа буындарында кездесетін «в» дыбысы
қатысқан сөздердің денін қазірдің өзінде «у» дыбысымен шығу тегіне қарай
атай бастадық. Және кейбірін кірме сөз ретінде қазақша айтылымымен қабылдасақ
бұл әріптің керегі шамалы болып қалады. Шамалы болатын себебі бүгінгі қазақтың
осы дыбысқа тіл орамы келсін-келмесін одан құтылатын түрі байқалмайды. Әлі
күнге дейін қаншама адамның аты-жөні орыс үлгісімен құлдықтың қарғысындай болып
мойнына оралып тұр. Мұны сыпырып тастауға қазір ешкімнің дәті жете қоятын емес.
Сәбеттік дәуірде туып, қалыптасқан үлкен жастағы адамдардың тегін қойып, енді
бұл індет балаларға, кейінгі ұрпаққа жалғасып бара жатыр. Сөйте тұра, бұл
жазуда ғана «в» болғаны болмаса айтылуында мүлдем басқаша, «ов»-ты ешкім
«ов» деп айтып жатқанын естімемпін, «ып, іп» деп айтылады. Әуезов – Әуезіп,
Қодаров – Қодарып… Бала күнімде жазылуы бойынша «Шолохов» деп айтамын деп
күлкіге қалғаным әлі күнге есімнен кетпейді. Ендеше латынға көшкенде неге солай
айтылуымен жазбасқа?! Тегімізге зарарлы биттей болып жабысқан осы «В»
дыбысын қалай қабылдаймыз деп таласуымыз керек. Ал біздің жобашылар бұған
латынның «V» әрпін сары майдай сақтап, қазақ тілінің «Ү» дыбысын өз сыбағасынан
қағып, біресе диграфпен, біресе афострофпен жазып ойдан мәселе тудырып
күрделендіріп отыр.
Екінші әріп «Ф». Бұл да қазақ тіліне жат дыбыс. «Ф» дыбысы кіретін кірме
сөздердің біразын қазақ тілінің «п және б» дыбысымен атауға әбден болады.
Мысалы: Фәтима емес Бәтима, Файзолла емес Байзолда… Қазақ тіліне бұрыннан
осылай қалыптасқан бұл үлгіні бертінгі кезеңде, сәбет дәуірінде еліктеу
әсерімен ғана бұздық. Ал қалған сөздерді қазақ тілінің қабылдауына қарай,
икемін орай жазу керек. Сонда латын алфавитіндегі осы әріп үшін көздің қарашығындай
сақтап отырған «Ғ» әрпі қазақ тілінің «ғ» дыбысына орнын босатады.
Бөтен жұртқа тән дыбысты өзінің ана тіліне күшпен тықпалап енгізу
арқылы туа бітті табиғи үнін бұзуға қызыл жілік болып жатқан бізден басқа елді
көрмедік. Осы жатшылдық, жоғарыда аталған саналық бағыныштылықпен сабақтасып,
содан туындап жатқан «дыбыстық тәуелділік» жаңа қазақи әліпби жасақтаудағы
үлкен кесірлі кеселдің бірі болып отыр. Егерде жаңа әліпби жасаушылар сәбет
кезінде күшпен таңылған дыбыстарға қазақ әліпбиінен қайтадан орын беретін
болса, онда мұндай әліпбидің қазақ үшін және қазақ тілі үшін көк тиын пайдасы
жоқ болмақ керек.
Үшінші кедергі әліпби жасаушылар заманауи технологияны алға тартып, «ағылшын пернетақталарын сол қалпынша, өзгеріссіз пайдаланайық» деп дайын асқа тік қасық болу, өзінің ойлау жүйесін қаңтару, жасау, істеу іскерлік қабылеттін тежеу, өзіндік қабылет қарымымен өнім өндіруді шектеу сияқты бүгінгі өркениетті кемелдікке көш түзеген жастарды кері тартып, масылдық психологияға итермелеп отыр. Қазір ғылым мен техниканың тілін жетік меңгерген кімде кім кез келген программаны көзін жұмып отырып жасайтын қалде екенін де бағалауымыз, соларға жол ашуымыз, жол сала алмасақ бөгет болмауымыз керек. Осы тұрғыдан келгенде компьютердің клавиатурасындағы ағылшын тіліне негізделген 26 әріпке тұзақталып, «осылай жасасақ ағылшын тілін үйренуге қолайлы, халықаралақ коммуникацияға енуге зор мүмкіндік туады» деу нанымды себеп бола алмайды. Бұл бос сөз. Қазірдің өзінде пернетақтаның бір түймесін басу арқылы бір әріп түгілі сөз, сөйлемдерді жазу программалары қолданылып жүр. Егер біз өздік технологияларымыздан бас тартып 26 әріптік ағылшын пернетақтасы пайдалану жөн деп тапсақ, соған тоқтар болсақ, онда қазақ тілінің пайдаланып жүрген емле-ережелері бойынша сөздің тек басқы буынында 700-ге жуық сөзде кездесетін «ә», сондай-ақ, «ң» дыбысын ғана диграфпен белгілесек еш дау-дамайсыз тығырықтан шығып, мәселе дұрыс шешілмек. Сонда бұл нағыз қайта жаңғыру болмақ дүр.
ПІКІР АЛМАСУ
ТЕКСТ