КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

           МЕКЕН-ЖАЙ СӨЗІН ҚАШАН «ТҰРАҚ» ДЕП БЕРЕМІЗ?

Адрес сөзінің дұрыс аудармасы тұрақ. Кеңес дәуірі кезінде адрес сөзінің аудармасы, осы ұқсас, «мекен-жай» болар-ау деп біреу аударып еді, сол қате күйі әлі келе жатыр. Ал енді қызылкеңірдек болып, сен «тұрақ» автостоянка деп тамағымызға жармаса кететіндерге айтарымыз «стоянканың» нағыз аудармасы жай, автостоянка – автожәй, көлікжәй. Өзімізге белгілі «Абай жолы» романында үңгірді паналайтын кедейге қатысты тұсында оның тұрағы деп беріледі. Сонымен бірге «Елім-ай» романында да Қоқандықтардың озбырлығына шыдамай қашатын кедейдің өзін құтқарған бай-қазақтарға қатысты, өзінің тұратын жерін айтуында да «тұрағым» деп береді. Тағы басқа әңгімелерді қарасаңыз да адрес сөзі қазақ халқында тұрақ деп беріледі.

Ал «мекен-жайға» келер болсақ мекен-жай сөзі асығыс беріліп кеткен. Біріншіден мекен-жай екі сөзден құралған. Екіншіден мекен - обиталище. Қалмақтардың мекені, жайлауды мекендейді, көлді мекендейді т.б барлығы дәл адресті емес, үлкен территорияны білдіріп тұр. Биологияда қосмекенділер деген сөз бар. Яғни суда да, құрлықта да тіршілік ететін тіршілік иелері. Жай - строения. Мысалы қазақтар үй-жай дейді. Сондағы үй және оның жанындағы қора, құдық, гараж т.б. барлығы жай түсінігіне кіреді. Тұрақ дегеніміз тұрақтап қалған жер.

Екінші жиіркенішті болып кеткен, құлақ етін жеп жүрген сөз программа сөзінің аудармасы.

                                            Программа – программа

Өзімізге белгілі біз аударған бағдар сөзінің аудармасы – маршрут. Одан шыққан туынды сөз бағдарлама тиісінше – маршрутизатор болуы керек. Мысалы, заң – закон, одан шыққан туынды сөз заңнама – законодательство сияқты. Программа бұл негізі неміс тілінің сөзі, оны орысшадан аударып жатырмыз деген қате. Бізге шетел тілінен енген сөз ретінде сол қалпы қалуы керек.

                                 Контроль – бақылау емес, қадағалау

Контроль сөзі ешқандай бақылау емес! Осы біздегі үлкен қате болып отыр. Осындай сорақы шатасуды көрген емеспіз. Қадағалау – контроль (бұл сөз ежелгі Түрік қағанаты замынан келе жатқан сөз). КСРО кезінде асығыс аударылып орыны шатасып кеткен. Шынымен де ұқсас сияқты. Алайда «Абай жолы» т.б. қадағалау сөзі контроль түсінігін береді. Проконтролируй деген – бақыла емес, қадағала! Бақыла сөзі ешқалай контролироватьтің мағынасын бермейді. Қазақтар «Бақсам бақа екен» дейді, сондағы бағу, бақылау наблюдение болу керек. Бақылау сөзінің дұрыс аудармасы – наблюдение. Мысалы магазиндердегі видеонаблюдение – видеобақылау.

Сонымен дұрысы: контроль - ҚАДАҒАЛАУ!!, ешқандай бақылау емес. Тағы өзі білмей үлкен апайларымыздың бәрібір осылай істеймін қасарысып дауласқанын қайтерсің.

                         Экспертиза мен анализдің орыны ауысып кеткен.

Дұрыстап қарасақ осы сөздердің орыны ауысып кеткен. Экспертизаны – сараптау деп аударғанбыз ал анализ сөзін саралау деп аударғанбыз. Алайда, «Абай жолы» романын оқып отырсақ дәл осы сараптау сөзі керісінше анализ сөзінің аудармасын, ұғымын береді.

Ал саралау сөзі былайша айтқанда жан-жақты қарап, талдап экспертиза ұғымына сай келеді.

                                     Договор – келісім-шарт емес, уағда

Договор – уағда. Осы күнгі договорды шарт деу мүлде қате. Саралап көрейік.

Келесі солай деуге болса жатысы дұрыс емес аудармалардың бірі договор. Шарт дегеніміз условия. Ойынның шарты бар, қыздардың жігіттерге қоятын шарты бар, барлғы условия. Оның үстіне условия договора – шарттың шарттары бола ма? Мүлде қисынсыз ғой. Ал қазақтарда бұл сөзге уағда деген дұрыс нұсқасы бар. Тараптар уағдаласты. Стороны договорились. Бұл сөз көптеген кітаптарда осы уағда – договор күйінде кездеседі. Сонда айырмасы да анық Соглашение – келісім, договор – уағда, условия договора – уағда шарттары.

                                                  Рынок – базар

                                   «Базар» еніп, «нарық» алынсын

Асығыс аудармалардың бірі болып жүрген сөздердің бірі «рынок»  - «нарық». Адамға не бір елес бермейтін, дәм-тұзы жоқ, сүйкімсіз сөз. Соңғы кезде ғалымдар да оны сынға алып, «базар» деп айтып жүр. Рынок Казахстана – Қазақстан базары. Рыночные отношения – базарлық қатынастар. Расымен «рынок», ағылшын тілінен «market» сөзсіз дұрыс аудармасы «базар». Базарлы экономика – әркім қалай келісетіндерін өздері білетін, еркін іс-қимыл жасайтын, не болатынын болжап бола алмайтын, дәл ұғымын беретін сөз. Әдемі әрі ғалымдарымызбен дәлелденген сөз. Ал нарық сөзі керісінше коньюктура.

  Конъюнктура рынка базар нарығы.

Бастары айналып тұрған смайлдар (күлегештер) қоятын аударма - проспект – даңғыл

Проспект – проспект. Осы шын айтқанда фамилияларын қазақшаға аударта алмай жүрген есесіне қазақ тіліне аударма жасауда тыраштанып қайда барады? Бірінші өзі солардың білімдері толық па екен. Біріншіден проеспект неміс тілінің сөзі. Проспект дегеніміз кең, үлкен әрі түзу көше. Оны алып қазақ халқындағы сара жол, даңғыл жол сияқты мүлде қисыны келмейтін ескі сөзбен алмастыру қате. Бұл капиталистік дүниеден келген сөз. Оны қазақша аудару үшін қазақ халқымыздың өзі оны ойлап тауып басқа халықтарға паш етуі керек еді.

                Накопительный – жинақтау, сберегательный - үнемдеу

Өзіңіз қараңызшы егер де біз белгілі бір мақсатқа, машина сатып алу, үй сатып алу т.б. үшін ақша жинасақ ол орысша копить/накапливать болады. Арнайы мақсат үшін. Ал егер біз бір туысымыз үшін тапқан ақшамыздан үнемдеп-үнемдеп оған сәлемдеме ретінде жіберсек, (мысалы анасы тапқан ақшасынан үнемдеп-үнемдеп мектептегі ұлына велосипед алып береді) ол орысша сберегать арнайы үнемдеу болады. Ал біздегі экономить сөзін үнемдеу деген сөзбен беру мүлде қате аударма. Оның үстіне накопительный да, сберегательный да жинақтаушы болып аударылуы мүмкін емес. Біреуі мақсат арнайы үшін жинау, біреуі мақсат үшін тапқан ақшадан, алған пенсиядан үнемдеу. Сондықтан накопительный- жинақтау, сберегательный – үнемдеу. Экономить экономдау, сонда түбірі экономика да, ал одан шығатын сөз үнемдеу ме? Мүлде келіспейді ғой.

                         Информацияны–ақпарат деп аударған кім?

Шынында да қазақ халқында өз бетінше ақпар деген сөз бары рас. Оның орыс тіліндегі аудармасы сведение. Өзімізге белгілі «Қорқыт ата кітабында» бұл сөздің берілуі келесідей. Аңға кеткен қағанның қонысын жау шабады. Осыны қағанға жеткізу үшін асыққан қойшы: «Ауылыңызды жау шапқанын ақпарыңызға жеткіземін» дейді. Сонда бұл жерде меңзегені – довожу до Вашего сведения болып отыр. Енді ақпар сөзіне ақырын ғана – ат жұрнағын жалғап жіберіп бұл сөзді информация қылып шығара қойған кім? Осындай теріс жолға бұрып отырған кім? Ал, енді информация сөзінің қазақша аудармасы қалай? Бұл өзімізге белгілі мәлімет сөзі. Қазақ халқының күнделікті тұрмысында, жүріс-тұрысында қолданыталын: көрші ауылдан мәлімет алып келіпті. Ол туралы мәлімет жинап жүр т.б. мысалдары. Ақпараттар ағыны – өтіріктер ағыны.

                                               стен – дуал.

Қазіргі кезде «стена» сөзін, киіз үй қабырғасынан алып, «қабырға» деп жүрміз. Құлақты жыртатын сөз. Алайда, көпшілік оны ыңғайсыз болғандықтан «стена» дейді. Шынында да аудармасы дәл түспегендіктен осылай айтқан жағымды сияқты. Киіз үй қайда, кірпіш үй қайда. Қазақ халқында мұндай саз үйлерге қатысты «дуал» сөз бар. Дуал деп айтады. Дуалға сүйенбе. Дуалдары әдемі. Дуалы 3.5. метр.

                               Давление – басқы, басқа ешқалай емес.

Давлениені қысым деп кім аударған? Жми – қыс, сжать с двух сторон – екі жағынан қысу. Бұл сөздің түбірі қысу – сжимать. Онда неге ол давление болып жүр? Ал газды бас - дави на газ, чуть не задавила машина – машина басып кете жаздады т.б. Сөздің түбірі давить – басу. Әр сөз өз бағытында пайдаланылуы керек. Егер билік оппозицияға күш көрсетіп, қуғындай бастаса бұл құбылысты біз биліктің басқысы дейміз. «Абай жолы» романында да Құнанбайдың жақтастары басқа рудың жігіттеріне басқысын күшейтеді, ешқандай қысымын күшейтпейді. Ал, кровяное давление дұрысталып – қан басқысы.

                                      Инвентаризаци – перекличка

Инвентаризация перекличкамен шатасып жүр.Инвентаризация жалпы бізге капиталистік елдерден келген сөз. Олардың экономикалық дамуының нәтижесінде дүниеге келген. Оны тыраштанып аударып не керегі бар еді. Инвентаризация – түгелдеу болып аударылып кетіпті. Ал түгелдеу дегеніміз не орысша? Перекличка емес пе. Мысалы, таңертең пионерлер құрған лагерь тұрып жол жүреді. Сонда осының алдында барлық пионерлерді түгелдеу жүреді. Осы көрініс бізше түгелдеу, орысша перекличка.

                 Порядогымыз қайда жүр, дисциплинамыз қайда жүр?

Өтірік аударылып, жиіркенішті болып айтылып, ескі-құсқы сарқыншақ болып кеткен аударма осы порядок – дисциплина!!!

Жалпы порядок деген не? Порядок – реттілік. Жұмыс 08:00 де басталады, 12-13:00 дейін түскі ас. 17:00 де аяқталады. Бірінен соң бірі келетін режим. Ал дисциплина не? Дисциплина – тәртіп. Яғни, жұмысқа осы уақытта келу, осы уақытта түскі асқа бару, осы уақытта шығу. Сондықтан қоғамдық тәртіп деген ең сорақы аударма. Бұл жерде өз-өздерін өтірік сендіріп алып міңгірлеп қоғамдық тәртіп деп емес қоғамдық реттілік деп берілуі тиіс. Өздеріңіз ойлаңыздаршы қоғамдық тәртіпті қалай сақтайды. Уақытында келіп, уақытында кетеді ме?

                                               Расторжение – айныту

Расторжение – айныту. Расторжение договора – уағданы айныту. Осы сөздің аудармасы сөз жетіспегендіктен бұзу деп беріліп жүр. Бұзу сөзінің орысша аудармасы айдан анық нарушение. Сонда нарушение условий болса шарттарды бұзу. Ал расторжение договора болса – уағданы айныту. Сөзінен айнып қалды деген қазақ халқының сөзі дәл мағынасын береді.

             Инструкция инструкция. Тағы бір жиіркенішті аударма болмасын.

Инструкция сөзін нұсқаулық деп қате аударылып кеткен. Саралап отырсақ, Ленин бабамыз бізге жарқын коммунизмге жол нұсқап тұр емес пе еді. Ал, енді қазіргі кездегі Шымкент – 300 км, Астана – 1500 км. Осы нұсқаулық – указательдеріміз қайда қалады? Мұндай инструкция сияқты капитлаистік дүниеден келген сөздер жоғарыда айтылғандай аударылмауы керек. Себебі? Себебі қазақ халқы оны өзі ойлап табуы керек еді.

                                Учреждение – мекеме емес, ведомство

Учреждение сөзінің түбірі учреждать – құру. Осыдан учредители фирмы – фирма құрылтайшылары. Тиісінше логика бойынша учреждение сөзі де осы түбірден бастау алуы керек. Соған сәйкес учреждение – құрылым болуы тиіс. Алайда бізде учредитель – құрылтайшы деп бір жақта, ал учреждение – мекеме деп басқа бір жақта жүр. Мекеме ведомство немесе басқа сөзге табылған аударма.

                            Вознаграждение – сыйақы емес, пенсия зейнетақы емес

Вознаграждение сөзіне сыйақы деп жаңа аударма шығарып қойыпты. Құдды бір қазақтар бұрын вознаграждениені білмегендей, оған сәйкес сөз бермегендей әсер қалдырады. Хандар да, байлар да өздеріне бағынышты адамдарының бір істі тындырып келгенде беретін сыйы болатын. Оны зейнеттендіру деп атаған. Вознаграждение сөзінің нағыз қазақшасы осы. Ал зейнет сөзін апарып пенсияға теліп қойған. Бұндай өзімбілемдікке бармастан бұрын бұл сөзді қай кезде қолданылатынын қарау керек қой. Зейнет деген сөз бар, алайда ол тындырылған іске бірден берілетін сый түрі. Біздің аудармашыларымыз айтқандай пенсия емес. Хандарымыз бен байларымыз өз адамдарының кәртейгенін күтіп ақшасын бір-ақ бермеген шығар. Ол заманда ондай түсінік те болмаған. Пенсия –пенсия, ал вознагрждение – зейнеттендіру. Бейнет түбі зейнет мақалы да – зейнетті 60 жаста емес, аз уақытта алатыныңды білдіреді.

Немістер қоршап алды сақтан!

                                  Окружающая среда – төңірек орта.

Бүгінгі күні өкінішке орай окружающая среда сөзі - қоршаған орта деп аударылып жүр. Оның қай жері қоршаған.Автомат алып қоршап жүр ме? Төңірек орта, немесе айнала орта окружающая среданың дұрыс аудармасы. Төңірегіндегі адамдар - люди его окружения, посмотри вокруг - айналаңа қара. Жауды қоршайды. Қосымша айтарымыз: қазақ халқы  төңірегіндегі адамдар, төңірегіңе қара деп айтады.

Аудармасы «приплод» сөзі қазақ халқына тілін де, құжатын да меншіктейтін болыпты

                                                      Төл..., өз...

Тілдері қышып жүрген кейбір журналистеріміз өз программаларында тілімізді немесе құжатты меншіктегенде төл сөзін қолданады. Қандай есерсоқтық десеңізші. Төл сөзін қолданған дұрыс па? Төл сөзінің орыс тіліне төтелей аудармасы «приплод». Мысалы, гну антилопасының төлі – приплод антилопы гну, приплод зубра – зубрдың төлі т.б. Өзімізде соларға қарап бірнәрсе болса төлқұжат, төл тіліміз деп жарыса айта кетеміз. Құлаққа жағымсыз естіледі. Жатысы жоқ. Оның орынына қай сөзді пайдалану керек? «Өз» деген одан да әдемі сөз бар. Өз тіліміз, өз құжатымыз т.б. Мәдени тұрғысынан жоғары. «Өз елім» деген ән де бар. «Төл жерім» емес. «Өз» дұрыс.

                                            Погода – күн райы

Осы кездегі шатастырма аудармалардың бірі погода сөзін ауа райы деп аудару. Күн дегеніміз аспандағы күннен басқа толық 24 сағаттық тәулік. Райы дегеніміз оның қас-қабағы, ұмтылысы. Ал ауа деген алдымыздағы көрінбейтін субстанция. Қазақ халқы погода сөзін күн райы деп айтқан. Оның үстіне қазақ халқы: күн бұзылып тұр, күн жауып тұр деп сөйлейді. Ал ауа бұзылып тұр, ауа жауайын деп тұр дегенді өмірі естімеппіз. Ауа райы – климат сөзінің аудармасы. Ауа райы деген де сөз бар ол қазіргі күні климат сөзінің аудармасы.

                                Ритуальные услуги: «салт» па, «кәде» ме?

Райымбек көшесінің бойында «Салт» - «Ритуальные услуги» қызметін көрсететін фирмалар толып тұр. Сол 1993-94 жылдары осылай сөз таба алмай өз-өздерін сендіріп: «бұлар салттарын жасайды деп» мұрындарының астына міңгірлеп осы аударма дұрыс сияқтыланып кетіп қалып еді. Алайда, «салт» деген аудармалары дұрыс па? Салт – традиция. Адам өлгенде жасалатын нәрселер жиынтығының барлығын «кәде» дейді. «Кәдесін жасап болды», «салтын жасап болды» емес. Той-томалақ, ас, өлімге, тууға қатысты іс-қимылдар бірізділігін «кәде» деп айтады. «Мың бір түнді» аударған майталман аудармашы Қалтай Мұхамеджан осылай көрсеткен.

                                «Жарнама» сөзі қазақ тілінің жолын кесу

Жалпы Ж. Аймауытов т.б. жазушы-зиялылар 30-жылдардағы романдарында бұл сөзді «афиша» түсінігін беру үшін пайдаланған. Алайда біздікілер шатасып оны реклама сөзінің аудармасы үшін беріп кетті. Ал енді «нама» біздің білуімізде «Бабырнама», «Шахнама», «Қабуснама» т.б. жырларды жасауда ежелден келе жатқан сөзжасам бірлігі десе де болады. Өз тауарын сатқанда, бір іс-шаралар өткізгенде біздің халқымызда «жар салу» сөзі пайдаланылған. Оған неге өз тілімізді өзіміз кесіп еркін тыныстатпай, соңына нама деген бірлікті қосып айтып жүрміз? Дұрысы жар салу болуы керек.

                                          Страхование  – сүйемелдеу

Страхование сөзінің аудармасына қамсыздандыру, сақтандыру, демеу мен сүйемелдеу деген төрт нұсқа бар. КСРО кезінде страхованиені қамсыздандыру деп аударды. Қамсыздандыру сөзінің дәл аудармасы сделать беззаботным. Бұл басқа түсінікті беретін өз бетімен бір сөз. Екінші тәуелсідік алғаннан кейінгі сақтандыру сөзі. Сақтандыру аудармасы хранить. Мүлде келмейтін дөйдаоаға кеткен сөз. Үшіншісі демеу – бұл сөз көбіне поддержкаға ұқсайды. Көңіліне демеу болды т. б. Сондықтан дұрысы сүйемелдеу. Страхование сөзінің нақты мағынасын береді. Мысалы сырқат адам құлап қалса, қол-аяғын мертіктіріп алуы мүмкін. Сол үшін де оны туыстары т.б. жанында сүйемелдеп жүреді. Ал бұл жерде де адамды  ол қолын сындырып алса, ақша төлейтін болып, өліп қалса оның орынын  ақшамен толтыратын болып жасалған механизм.

                           Тұлға болу үшін әлі қайда. Лицо – кейіп.

Өзімізге белгілі қазіргі кезде лицо сөзі тұлға болып аударылып жүр. Юридическое лицо, физическое лицо – юристикалық тұлға, физикалық тұлға. Тұлға болу үшін қайда әлі. Тұлға деп қазақ халқында белгілі бір жетістіктерге жеткен, белестерді бағындырған адамдарды айтады. Қазіргі кезде олар кім. Мысалы, Е. Ибраимов, С. Сапиев, Б. Шүкенұлы т.б. Бұл жерде бұл сөзді осы жерге пайдалансақ та дұрыс деген ұстаным да жарамайды. Себебі кейіп деген барлығымызды бейтарап етіп көрсететін сөз лицо сөзінің аудармасына дәл келеді. Юристикалық кейіп, физикалық кейіп.

                                «Дәрігерді» «дауагер» басар.

«Дауагер» кең қолдауға ие болады. Дәрігер- фармацевт, аты айтып тұрғанындай ісі дәрімен байланысты маман иесі. Дауагер - врач, аты айтып тұрғанындай адамдарға дауа, ем береді. Осы сөзді саралап дұрыс аудармасын берген авторы Серік Ерғали. Әрине бұл кісінің еңбегіне еш таластығымыз жоқ. Ұсынысы дауагер кең қолпаштауға ие болатынынан сенемін.

                              Барлығы да құрал болып кетті.

Қазіргі кезде жалғыз құрал сөзі барлығын алмастырып жүр. Средство, пособие, орудие труда, прибор т.б. барлығы құрал болып кетті. Қазақ тілінде құдды бір сөз жоқтай. Бұл жерде құрал дегеніміз еңбек құралдарына дәл келеді. Ал средство сөзі сайман, пособие – септеспе, прибор – прибор. Сонда тиісінше Бұқаралық ақпарат құралдары емес бұқаралық ақпарат саймандары, қандай дәл келетін әсем аударма. Пособие сөзі болса способоствовать – септесу сөзінен шыққан. Яғни бұл жерде айтып тұрғанымыз учебное пособие – тағы бір құрал емес, септеспе. Қысқа да нұсқа.

                       Новости ешқандай жаңалықтар емес, хабарлар

Вести, новость барлығы түбірі бір весть - хабар деген сөзден шыққан. Ал жаңалық деген сөз новинка. Мысалы ғылымға жаңалық енгізу немесе тіс пастасының, машинаның жаңа түрлерін ойлап табу, соның барлығы жаңалық болады. Жаңалық жаңа формулалар қолданылған ұнтақтарда, тіс пасталарында т.б. этикетшелерінде қолданылатын сөз.

Қамма – бидай сақтауға склад болса, басқа заттарды сақтауға неге болмайды.

Склад сөзін орысшадан тікелей алып складывать – бірінің үстіне бірін қою деп қойма деп алып жүрмыз. Кейбір фирмалар тіпті осы сөзді тереңдетіп енгізуге ұмтылып жүр. Алайда қойма жасанды сөз. Ал шындап сараптап көрсек, бидайды сақтайтын жерді қамба дейміз. Сонда оған басқа заттарды сақтасақ ол неге өз түсінігінен айырылуы тиіс. Оның ішіне басқа заттарды сақтаса да ол қамба – склад болып қалуы тиіс.

                                 Повестка – сотқа хабардар ету

Вести, новость барлығы түбірі бір весть - хабар деген сөзден шыққан. Сондықтан сотқа шақыру, бізде аударылып жүргендей – сотқа шақыру емес- сотқа хабардар ету. Бұл іс-қимылдың басты мақсаты жауап берушіні сотқа келуге хабардар ету, яғни, оның сотқа шақырылатынын білдіру десе де болады. Ал, сотқа шақыру сөз тіркесіне келсек – ол пригласить в суд, пригласить на конференцию т.б. деген сөз тіркестері секілді жеке түсінікті береді.

                                  Заправка – оттандыру

Автомобильді, картриджді, соталыны т.б. – оттандыру. Автозаправочная станция - автооттандыру станциясы. АЗС-АОС. Оттандыру сөзін осылай жаратсақ. Адамды емес, затты оттандыруға келеді. Бір стандарт. Автомобильдің багын толтыру, картридждерді толтыру ұзақ, оттандыру қысқа.

                               Население – ел, жұрт

Осы күнгі население сөзін халық деп беруіміз қате аударма. Себебі халық - народ өз бетінше бір сөз. Ал население белгілі бір қалаға, ауданның жасаушыларына қатысты айтылады. Онда бір халық емес, бірнеше халықтардың өкілдері тұруы мүмкін. Сондықтан ол түсінікті қазақтар ел, жұрт дейді. Ханның елі, жұрты т.б. Сонда центр обслуживания населения – елге немесе жұртқа қызмет көрсету орталығы. ЕҚКО.

Сонымен дұрысы: население – жұрт.

                 «ТЖО» аудармасы орыс тіліне бет бұрушылық

«ТҚКС» немесе қысқасы «ТҚС» – «СТО» -ның ең дұрыс аудармасы. «ТҚКС» немесе «ТҚС» - Техникалық қызмет көрсету станциясы немесе Техникалық қызметтеу станциясы (осылай қысқартуға да болады). Ал, «ТЖО» «СТО» ға дыбысталу жағынан ұқсағандықтан ұсынылып бейімделініп жүр. Бұл түбегейлі дұрыс емес. «ТЖО» - Техникалық жөндеу орталығы. Бұл қайдағы «орталық» - «центр»? Ондай сөз де жоқ қой мұнда? Ал, «жөндеу» деген не? Починка ма. Қайдағы починка? «ТЖС» та емес. «ТҚС» стандартымен барлық республика территориясында аударылуы керек.

Осы 20 шақты сөздің өзі қазақ тілінің дамуына ойсырата соққы беріп отыр. Былай қарағанда орыс, неміс, француз, ағылшын тілдері алға басып жатса қазақ тілі ақаулары көп машина сияқты созылып келе жатқан сияқты. Өздеріңіз бүгінгі күні сөздікті қараңыздаршы: бір сөзді іздесеңіз бірнеше аударма жазылған, ал енді соған ұқсас басқа сөзді іздеңізші дәл сол сөздер осы сөздің аудармасына да берілген. Яғни, сөздік сөздердің жиынтығы ғана сияқты. Шатасып орындары ауысып кеткен аудармалар, сөз жетіспейді. Ал енді осы сөздерді дұрыс орынына пайдаланйықшы, онда қазақ халқының еңсесі көтерілгендей күй кешеміз. Еліміз үшін үлкен алға басушылық болады.

Бұл сұраққа нақты жауап беретін мемлекет тілін дамыту мен енгізу мамандары, аудармашылар. Себебі олар құр кабинетте отырып алып айғайлаушыларға қарағанда орысша-қазақша, қазақша-орыша аудару жұмыстарының үлкен көлемімен жұмыс істейді. Осылардың нәтижесінде бір-бірімен байланысты жақсы жауап та туындайды.

 Саян Сыдық 


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз


ТЕКСТ

Яндекс.Метрика