КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА


Қытайдағы мемлекеті жоқ ұйғыр ағайындардың өзі әлемге мәшһүр шығармаларды түрлі сериялармен, сапалы қағаздармен, қайта-қайта аударғанымен қоймай, қолдарына шырақ алып аударарға кітап таппай жүр. Соның арқасында олардың әдебиетінің қазір біраз жерге барып қалғаны анық. Ал біз тәуелсіз ел болсақ та, трибунаға шығып алып, «қазақ әдебиеті ұлы» деп ауыз көпіршіте айғайлағаннан арыға бара алмай жүрміз.

Әлқисса... Алаш көсемі Ахмет Байтұрсынов «көркем сөз – көңіл тілі, жалаң сөз – зейін тілі» десе, тағы бір көрнекті Алаш қайраткері Ғұмар Қараш «әдебиеті жоқ ұлттың, өнері де өршімейді» дейді. Ал академимк Зейнолла Қабдолов: «Әдебиет – ақиқат өмірдің сырлы суреті, халықтың көркем тарихы» дейді. Ендеше осы ғұламалардың көзімен қарағанда «әдебиет» деген ұлы ұғымды (қазақ әдебиетін алып айтсақ) дамытатын ең негізгі фактордың көркем аударма екені ақиқат. Және осыған дейін әдебиетіміздің дамуына да, елеулі ықпал еткені баршаға аян. Аударма болғанда да қандай аударма?!. Қазіргі таңдағы көптеген адам шаршататын аударма емес, Әуезов, Мүсіреповтер заманындағы, одан бергі Әбіш Кекілбаев, Шерхан Мұртаза, Қалихан Ысқақов, Оразбек Сәрсенбай, Дидахмет Әшімханұлы қатарлыларға келіп тірелген сапалы аударма.

Мұхтар Әуезов аударған И.Тургеновтың «Двориян ұясы», Д.Лондонның «Ақ азуы», Чеховтың «Аққасқасы», Қалихан Ысқақовтың И. Буниннің «Арсеновтың өмірі», Оразбек Сәрсенбай, Э. Зольияданың «Шабыты», Әбіш Кекілбаев, Г. Мопассанның «Өмірі», Ғаббас Қабышев, Әзиз Несиннің «Футбол королі», Ә.Әбілтаев В.Гогольдың «Тарас Бұлбасы» Дидахмет Әшімханұлы, Д.Лондонның «Тектің сарыны» және көптеген әңгімелерін іздеп жүріп оқымау мүмкін емес. Софы Сматаев аударған В.Г.Короленконың алақандай ғана «Парадокс» деген әңгімесін оқығанда тілінің өткір, сөйлемінің шымыр, әсерінің шексіздігіне таң қаласың. Тіпті төл әдебиетіңді оқып отырғандай боласың. Себебі мұны хас жазушы аударып отыр.

Айта берсек Әбілмәжін Жұмабаев, Рымғали Нұрғалиев, Мұхтар Жанғали, Нияз Сыздықов, Б.Омаров, Ж.Алтайбаев бастаған басқа да көптеген қаламгерлердің аударма саласындағы еңбегі ұшан теңіз. Кеңес Юсуповтің Г.Маркестің «Жүз жылдық жалғыздығы» және басқа әңгіме повестері, Мәткәрім Әкімжанұлының В.Фолкнердің «Сарторис», «Аю», «Аруақты қорлауы», Құрманғазы Караманұлы аударған Хемингуэйдің «Хош бол майданы», Нығымет Ғабдулин аударған «Шал мен теңізі», Нәбиден Әбуталиев аударған «Килиманджоро қарлы тау», «Қызығы мол сол жылдар» бұлар күллі әлемді дүр сілкіндірген, үлкен жаңалыққа толы әлемдік әдебиеттің жауһарлары. «Аталмыш шығармаларды жоғарыдағы аудармашылар аудармағанда әдебиетіміз үшін үлкен қасірет болар ма еді?» деп ойлайсың кейде. Дегенмен, дәл қазір осы үрдіс жалғасып жатыр ма?

Әсте мүмкін емес дер едім. Себебі қазір аударманың сапасы сын көтермейді. Қаламгерлік қарымы шамалы, ауыз-екі аударма саласының адамдарының көркем аудармаға қалам тербеуі күлкілі жағдай, мейлі ол күллі әлемнің тілін еркін меңгерсе де... Ауыз толтырып айтқанымыз болмаса, әлемде соңғы жазылып жатқан көркем шығармалардан мүлде бейхабармыз. Аздап аударылып жатқандарын оқып көріп жүрміз, бірдеңе түсіну былай тұрсын, басың айналып жығылып қала жаздайсың. Шырыштай ғана моңғолдардың өзі, Совет үкіметінен бері көркем аудармадан бізді шаң қаптырып келеді. Әлемде қандай мықты шығарма жазылды, бірден аударып үлгіреді. Түркия, Қытай, Ресей, Америка тағы басқа көптеген елдермен көркем аударма туралы сөз таластыру тіпті үрейіңді ұшырады. Аталмыш елдер көркем аудармаға неге сонша мән береді? Неге сонша өліп-өшеді? Біз оған мүлдем бас қатырып көрмедік. Ептеп ақша бөлінді делік, баспагер көкең, әдебиетке шынайылық танытудың орнына, тілмәш туыс-жегжаты, құда-құдағиын іздеп әлек боп жүр. Себебі басымызға қара аспан боп төнген бір, жабайы психологиядан арыла алмай-ақ кеттік.

Бәрін тізсек ұялып қалармыз. Соңғы біраз жыл ішінде іркес-тіркес «Новель» сыйлығын еншілеген жазушылардан бірнешеуін айта кетсек, сол да жеткілікті болар деп ойлаймын. Айталық, Канаданың Чеховы аталған, қысқа жанрдың шебері, әйел жазушы Элис Монроны, Түркиялық Орхон Памукты, Қытайлық Мо Янді, Америкада ең көп оқылатын, алғашқы романы жарық көре салысымен 48 тілге аударылған ұлты ауған, Халит Хусейіннің өзін аудара алмай жатырмыз. Анығы аудару ойымызға да кіріп шықпады. Тіпті мүйізі қарағайдай кейбір әдебиетшілеріміздің өзінің бейхабар екенін көріп жүрміз. Масқара болғанда осы авторларды, отаны жоқ, қытайдағы ұйғырларының өзі (біз құсап орысшадан емес) көп жағдайда, түп-нұсқадан баяғыда аударып тастады. Біз әрине аударармыз, ең әуелі орысшаға жүгінеріміз шындық. Сосын аудармамыз бәрібір «Сорпаның сорпасы, құданың құдасы» боп кетіп жатады. Олардың аудармасының дамығаны сонша, Элис Монороның «Қашқын», «Әшкере құпиялық», «Сүюдің азабы» қатарлы үш кітабын, Халит Хусейіннің «Батпырауық қуған бала», «Мың түсті күн нұры», Мо Яннің Новель сыйлығын еншілеген «Бақа» және «Шарап елі», «Усармсақ жыры» т.б шығармаларын, Генри Дэвид Тороның (Америкалық) «Уалдин көлі», Тони Моррисонның «Жан қозым», Эдит Уортон (Америка) «Кіршіксіз жылдар», Мольердің (Франция) драмалар жинағы мен Генрик Юхан Ибсиннің (Норвегия), драмалар жинағын (әйгілі шетел драмаларының көп томдығын), Мак Куллиннің (Австралия) «Тікен құс», Генри Райдер Хаггардтің (Англия) «Сүлейменнің қазынасы», Хемингуэй (Америка) «Күн күнде көтеріледі», Бернард Шоу (Англия) «Киелі қыз Джуан», Иһсан Әбді-Құддұстың (Мысыр) «Құлай сүю», Генри Филингтің (Англия) «Том Джонс» Кафканың «Қала», романын Орхон Памуктың Новель сыйлығын еншілеген «Менің атым Қырмызысы» мен қоса басқа да әлемге машһүр шығармаларын, түрлі сериялармен, сапалы қағаздармен, қайта-қайта аударғанымен қоймай, қолдарына шырақ алып аударарға кітап таппай жүр. Соның арқасында олардың әдебиетінің қазір біраз жерге барып қалғаны анық. Ең масқарасы Қытайдағы бір жарым миллион қазақтың өзі, ұйғырлармен жарысып аталмыш кітаптардың, әсіресе біз білмейтін, әлемде ең көп оқылатын жаңа авторларды жаппай аударып жатқаны болып отыр. Ал біз трибунаға шығып алып, «қазақ әдебиеті ұлы» деп ауыз көпіршіте айғайлағаннан арыға бара алмай жүрміз. Айғай дұрыс-ақ. Мәселе біз қазақ әдебиетінің ең мықты жауһарларын шет тіліне аударып, насихаттай алдық па? Қысқасы дәлелдедік пе? Ол жағынан қырғыздардың өзі бізді шаң қаптырып кеткен жоқ па? Сосын әлем әдебиетімен толық таныспыз ба? Олардан қаншалықты үйрене алып жатырыз. Ақын-жазушыларымыз шет тілін қаншалықты меңгерді. Біздің шетелдерде жұмыс істеп жатқан әдеби агенттеріміз бар ма? Осы және басқа да шарт жағдайлар толық іске асқан соң, «Қазақ әдебиеті ұлы» деп айғайлау біраз жарасатын сияқты.

О.Бальзак, Г.Мопассан, Л.Толстой, А.Чехов, В.Гоголь, И.Тургеновтар қайда деп ойлап қалмаңыз. Оларды әрине айтпадық. Себебі бізге әбден таныс. Бұларді біздің игі жақсылардың дер кезінде жабыла жүріп аударғанын жоғарыда айттық. Және айтқымыз келетіні Қытайдағы ұйғырлардың аудармасын, зерттегенім, жіпке тізіп зерделегенім де жоқ. Өзім ұстап, иіскеп көрген, ептеп оқыған, соның ішінде есімде қалғандарын ғана айтып отырмын. Есімнен көтеріліп кеткендері қаншама. Қытайға барып кітапханада отырып алып, тізімін жасауға жүрегім дауаламас еді. «Көркем аудармамызды» Қазақстан сияқты тәуелсіз, аяқ-қолын бауырына алған мемлекетті мемлекеті жоқ ұйғырлармен салыстыру ұят та шығар. Бірақ, ақиқат осы... «Өнер алды – қызыл тіл» деп бабаларымыз айтқан. Сөз өнері «классикалық бес өнердің бірі» деп еуропа ғалымдары нүкте қойған. Ал біз күні бүгінге дейін ақын мен жазушының «өнер адамы» екенін есімізге түсіре алмай келеміз. Халықты ізгілікке жетелейтін «Әдебиет» атты классикалық өнерімізді дамытып, әлемді мойындату үшін «аударма» ауадай қажет. Поэзияны – ақынның, прозаны-жазушының аударғаны тіпті де қажет.

Abai.kz


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз