THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
XVIII-XIX ғасыр аралығындағы қазақ тіліндегі сөздіктер екі және көптілді аударма сөздіктер сипатында болып келгені мәлім. Қазақ лексикографиясының тарихындағы алғашқы қазақ сөздіктерінің қатарына Н.И.Ильминскийдің 1860-1861 жылдары жарық көрген «Материалы к изучению киргизского наречия» атты еңбегінде берілген шағын қазақша-орысша сөздігін», Л.Будаговтың «Сравнительный словарь турецко-татарских наречий» (1869 ж.), В.Радловтың «Опыт словаря тюркских наречий» (1869 ж.), Е.Букиннің «Орысша-қазақша және орысша-қазақша сөздік» атты еңбегі (1883 ж.), сонымен қатар А.Старчевскийдің, В.В.Катаринскийдің және т.б. авторлардың сөздіктерін жатқызуға болады.
Олардың әрқайсысы жеке ғылыми-зерттеу еңбегіне татитын сүбелі дүниелер. Мұнда тіліміздің бай сөздік қоры, сөз тіркестері, лексикографиялық бірліктер көрініс тапқан. Зерделеп, байыптап қараған адамға бұл сөздіктердің бір-бірінен айырмашылығы, әрине, көп. Бірақ жүйелі көзқараспен қарайтын болсақ, тіл білімі үшін әкелетін ғылыми құндылығы еш талас тудырмайды. Бір айта кетерлігі, сол кездердегі орысша-қазақша және қазақша-орысша әрқилы сөздіктер тіл бірліктерінің дамуы мен өзгеруіне, сөздер қатарының жаңа сөздермен толығуына, халқымыздың мәдени-рухани құндылықтарының қалыптасуына ықпал еткені анық.
XVIII-ХІХ ғғ. жарыққа шыққан сөздіктерді тілге тиек еткен кезімізде, аударма сөздіктердің тізбегін ескеру қажет. Осы орайда жоғарыда келтірілген сөздіктердің бір-екеуіне тоқтала кетейік.
1878 жылы А.Страчевскийдің Санкт-Петербург қаласында жарық көрген «Спутник русского человека в Средней Азии» еңбегінің қазақша-орысша сөздігінде қазақ дыбыстары орыс әріптерімен таңбаланғанын байқауымызға болады (1-ші сурет).
А.Старчевскийдің қазақ дыбыстарын орыс әріптерімен екі түрлі нұсқада таңбалаған. Сонымен қатар аталған сөздікте сол кездегі сөз қолданыстары, қазақтың төл сөздері, сөздер құрамы, мәдени-тілдік компоненттер молынан кездеседі. Солардың бірқатарына тоқталсақ. Мәселен, таңбалануына қарай берілген сөздер: Каска-басъ – плђшивая голова. Кырнакъ – незаконная жена, наложница, невольница. Кырмызы – малиновый цвђтъ. Кырмызы тонъ – кафтанъ малиноваго бархата. Кырмызы макпалъ – бархатъ вишневаго цвђта. Кыръ кускъ каусканды – октябрь. Кымыздыкъ – щавель. Кымызъ – кумысъ. Кюнъ жайлатуу – заговаривать дождь чтобы остановился. Для этого произносять слово сапъ сапъ. Сарша – желтоватый. Су, шу – тотъ. Су-итъ – так сдђлать. − Су-итибъ – такимъ образомъ. Суйтыпъ − такимъ образомъ. Тостагань бака – черепаха. Жаксы – хорошій. Жаксыракъ – лучше.– Жэлгэ карай – против вђтра. – Кызылъ жэль − острый вђтеръ. – Жэлгыръ – сильно вђтрянная погода, лђтомъ. – Жэлъ басылды, ашуы басылды – утихъ вђтеръ, гнђвъ. Каса батыръ – настоящій герой. – Каса катынъ – настоящая баба». Бұл сөздер уақыт өте келе жазылу жағынан да, әліпби жағынан да жүйеленіп, ретке келтірілгені сөзсіз. Бірақ тарихи тұрғыдан алып қарағанда сол кезеңдердегі сөздердің қалай жазылып, таңбаланғаны жайлы қызықты мағлұматтар алуымызға болады.
Келесі бір сөздік, Ешмұхамбет Букиннің 1883 жылы жарық көрген «Русско-киргизскій и киргизско-русскій словарь» деп аталатын сөздігі. 2-суретке назар аударсаңыз, қазақ дыбыстарын таңбалаудағы Е.Букиннің ұсынған нұсқасын байқауымызға болады.
Аталған сөздікте жер-су атауларының берілуі келесідей: Австралья – акылымъ жезъаыръ, Америка – жанга дунья, Африка – Афрыкъ, рђка Уралъ – Жаикъ; сол кезең үшін жаңа ұғымдардың аударылуы: актеръ − оиншы, маскарбазъ; аукціон − котере сауда, нота − оинъ каты, предпріятіе – ніятъ, полиція – полиса, процентъ − усимъ жюзь сумга, рубль − сумъ, сулкобай, руда, рудникъ – канъ; тұйық райдың -мақ, -мек тұлғасында келуі: обижать – корламакъ, обижаться − корланмакъ, иренжимекъ; одђваться – кіинмекъ, отдыхать − демъ алмакъ; араб, парсы сөздерімен беруі: секунда – санья, постъ – руза, минута – дақыға; қазақтың өз ұғымындағы сөзбен балама табуы: акушерка – киндикъ шеше, прачка − кирши катынъ, садъ − бакша, бау-агашъ; ненастная погода − жангбырлы хауа; нужда − керектикъ, интыкъ, деркеръ; нужно – керекъ, нуждаться − керектенбекъ, интыкмакъ, деректенбекъ; ненуждаться − зарсизъ, керекъсизъ булмакъ; обманщикъ – алдаушъ, обманывать – алдамакъ, одинъ за другимъ − уздюкъ-сюздукъ, одинъ изъ нихъ − бръ уакытта; Бұл еңбекте де әріптердің таңбалануы, сөздердің жазылуы өзге сөздіктерден белгілі бір айырмашылыққа ие. Сондықтан жоғарыда айтып өткеніміздей, әрбір сөздікті тіл білімінің әдіснамасы тұрғысынан әлі де тереңірек зерттей түсуіміз қажет. Бұл алдағы уақыттың еншісінде деп білеміз. Өйткені қазақ тіліне қатысты жарық көрген сөздіктер қатары мол. Олар туралы әртүрлі дереккөздерге сүйене отырып, жазуымыз қажет. Әзірге осы екі еңбектен келтірілген сөздерді оқырман назарына азды-көпті ұсынумен шектелеміз.
VIII-XIX ғғ. дүниеге келген сөздіктер ауызекі сөйлеу тіліндегі сөздерді пайдаланып, іріктеудің жасалмауы, бір сөз әртүрлі нұсқада беріліп, нормалаушы сипатта болмай (себебі ол кезде норманы тұрақтандыру деген мәселенің уақыты әлі келмеген еді, ол бір жарым-екі ғасырдан кейін жүзеге асты – Г.К.), сөздерді тіркеуші сипатында болуы сол кезеңнің сөздік құрамының динамикасын көрсетеді. Бұл сөздіктердің қазақ тілінің тарихи сөздігін жасауда келтірген пайдасы орасан зор. Қорыта айтқанда, сөздікпен жұмыс жасау барысында сол дәуірлердің жазба деректері бойынша жүргізілген ғылыми зерттеулер нәтижелерін де ескеру керек. Бұл ғылыми зерттеулерде XVIII-XIX ғғ. тілдік заңдылықтардың тарихи-мәдени аясы анықталады. Сонымен қатар әртүрлі жинақтар мен журналдарда шашырай жарияланған сөз тарихы бойынша көптеген этюдтер жинақталса жұмыстың толықандығы ашыла түседі. Осы мақсатта осындай ақпараттарға құрылған арнайы картотека дайындалса игі болар еді.
Гүлжиһан КӨБДЕНОВА,
А.Байтұрсынұлы атындағы
Тіл білімі институтының ғылыми қызметкері,
филология ғылымының кандидаты
anatili.kz
ПІКІР АЛМАСУ
01/06/2017 16:43
Орыс тілді мектептерде тіл дамыту жұмыстарының әдістемелік ерекшеліктері
|
ТЕКСТ