КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

Қай дәуірді алсақ та, аударма мәселесі өзекті тақырып болған. Ел мен елді, тілдер мен тілді, мәдениеттер мен мәдениеттерді байланыстыратын аударма саласы туралы Пушкиннің айтқан классикалық анықтамасынан артық жеткізе алмасымыз хақ: «Аудармашылар – мәдениетті бір елден екінші елге тасымалдап жеткізетін почта аттары».
Мемлекеттік деңгейге енді ғана көтерілген қазақ тілінің әлемдік деңгейге ұмтылу да қатар жүріп жатыр. Тілді әлемдік интеграцияға жеткізетін бірден-бір бағыт аударма екені түсінікті. Кезінде жапон тілінің дамуына барлық әлемдік классикалық шығарма үлгілерін, сонымен қатар, көне грек, латын тіліндегі қолжазбаларды да жапон тіліне аудару науқаны қатты көмектескен еді. Дәл осы тәсілді Қазақстан да қолданды: Елбасы әлемдік классикалық шығармаларды қазақ тіліне тәржімалау жұмыстарын бастауды табыстады. Алайда бұл үрдіс тек әдеби шығармаларды ғана аударумен шектелді. Оны кез келген кітапханадан, электронды библиотекадан табуға болады. Дариға Назарбаева: «Жақында Астанадағы Ұлттық Кітапхананы аралғанымда өзіме жаңалық ашқандай болдым, әлемдік классика нұсқаларының барлығы қазақ тіліне аударылып біткен», – деп ағынан жарылған болатын. Қазақ тілін аударма ісі арқылы дамытуды Тілдерді дамыту бағдарламасы бойынша қолға алған Мәдениет және спорт министрлігі мұны одан әрі толықтыру үшін әлемдік әдебиет үлгілерін, салалық кітаптарды аударуды жолға қоя бастады. 2013 жылы «100 кітап» жобасы өз жұмысын бастағаны белгілі. Бұл жобаның мақсаты қазақ тілін әлемдік дәрежеге жеткізу ғана емес, қазақстандық оқырмандардың кітап оқуға деген құмарлығын ояту үшін еді. Мәселен, Джоан Роулингтің атақты «Гарри Потер» бестселлері кітапқа деген құлшынысы төмендеп кеткен балалар мен жастардың кітап оқуға деген құмарлығын қайтара алды. Бір кезде КСРО құрамында болған республикалар бүкіл әлемде ең көп кітап тұтынушы елдер қатарына жатқан еді. Бұл құбылысты қайтаруға тырысқан Қазақстан әлемдегі үздік шығармаларды қазақ тіліне тәржімалауды бастады: ТОП-100-дікті бастаған “Властелин колец” (Джон Рональд Руэл Толкиен), “Над пропастью во ржи” (Джером Дэвид Сэлинджер), “Зеленая миля” (Стивен Кинг) тәрізді заманауи ондаған кітаптар бар. Сол тәрізді “Гарри Потер” (Джоан Роулинг), “Шерлок Холмс” (Артур Конан Дойл), “Сумерки” (Стефани Майер) “Приключения Тома Сойера” (Марк Твен), Харуки Мураками, Пауло Коэльоның шығармалары және де “Гарри Потер”. Балалар әдебиетінің алтын қорына айналған Антуана де Сент-Экзюпердің «Кішкентай ханзада» (Маленький принц) аллегориялық ертегісі де қазақ тіліне екі рет аударылған (2004 жылы, 2013 жылы) болатын. Аударма мектеп пен бала бақшаларға таратылып берілген. Мұндай қадамдар өз нәтижесін береді деп ойлаймыз.
Осы тұста қазақ тілінің өзге тілдерден шығармалар мен мәліметтердің аудару жағынан әлемдік рейтинг бойынша, 47-аударма тіл болып тұрғанын айтпаса болмайды, яғни, ЮНЕСКО-ның Index Translationum статистикасы шығарған рейтинг желісінде ТОП-50 аударушы тіл қатарына енген (2012 жылғы статистика). Бұл бойынша, әлемдік шығармаларды ең көп аударатын тілдер ретінде неміс, француз, испан, ағылшын, жапон тілдері танылған, ал орыс тілі 7-орынға жайғасқан. Ал біз білетін араб тілі 29-орында, түрік тілі 30-орында тұр, алайда өзбек тілі қазақ тілінен бір саты жоғары орын тепкен – 46-орын. Әрине, бұл тек 2012 жылғы статистика мәліметі, алдағы жылдары қазақ тілі одан да жоғары сатыларға жайғасады деп ойлаймыз.
Бізді қазіргі күнде қуантып отырған жағдай – Қазақша Уикипедияның табысты жобаға айналуы. Қазіргі таңда Қазақша Уикипедия өзінің мақалалар саны бойынша, жалпы Википедия статистикасы бойынша 32-орында тұр, барлығы 32 816 мақала қоры бар. Ал орыс тілі 8-орынға тірелсе, түрік тілі 30-орынға орналасқан. Демек, қазақ тілі түркі тілдерінің арасында екінші орынды бағындырып тұр, алайда түрік тілі қазақ тілінен небәрі 2000-нан аса мақалаға ғана артық көлемде тұр. Бұған дейін қазақ тілі 102-орында болған еді.
Тілдің әлеуметтік рөлін арттыру үшін аударманың қызметі басым екені түсінікті. Аударманың нақты не нәрсе екеніне осы күнге дейін ешкім, аударматанушылар да, анықтама бере алмайды. Алайда әр дәуірде әртүрлі аударма түрлері болғанын байқауға болады. Қазіргі күнде бұл аударма сөзбе-сөз, дәлме-дәл қалыпта емес, идеялық-позициялық тұрғыдан екпін беру құбылысына мән беру үрдіс алған. Мұның бір түрі – көркем аударма. Көркем аударма сөздердің тізбегі емес, идеяны, көркемдікті, мән мен мазмұнды, ұғым-түсінікті беру дәстүрі. Көркемдік қабілеті қуатты қазақ тілінің бұл арнада қарымы басымырақ екені белгілі. Бірақ та, бұл салада да көптеген проблемалық бар. Тәуелсіздік кезеңінде алғаш рет ұйымдастырған Ресей мен Қазақстан жазушыларының Мәскеуде жиналған бас қосу диалогы 2014 жылы қараша айында өткізілген болатын. Дәл осы бас қосуда басты мән берілген сала – әдебиетті аудару мен көркем аударма болды. Қазақ тілінен орыс тіліне және керсінше аудару мәселелері талқыланған отырыста басты айтылған ойлар сарына мынаған келіп тоғысты: аудармамен, негізінде, мемлекеттің өзі айналысуы керек. Дидар Амантай: «Аударманың сапалы болуы үшін Қазақстанда арнайы мамандандырылған институт болуы қажет, себебі елімізде аударма ісін оқытатын факультет те, кафедра да жоқ. Бізде Ресейде бар Әдебиет институты тәрізді арнайы маманданырылған оқыту орны жоқ», – деп атап өтті. Сол сияқты «Абай жолын» орыс тіліне аударған жазушы Анатолий Ким «Негізгі аударылу керек шығармалармен мемлекеттік өзі айналысу қажет. Кімнің кітабы өзге тілге аударылу қажет, бұған тікелей мемлекеттік қызығушылығы болуы тиіс», – дейді. Бір сөзбен айтқанда, аударма жасау ісі мемлекеттің араласуынсыз бітпейтіні хақ. Кез келген мемлекет өз тілінің өзге тілге аударылуына мүдделі болуы тиіс немесе өзге тілдегі тамаша дүниелердің өз тілінде жариялануына қызығушылық тануға керек. Қазіргі кезде кең үрдіс алып отырған көркем аударма жанры мен саласын дамыту үшін де бұл саланың негізгі қайраткерлері ақын жазушылар қауымын қолдау керек екені түсінікті. Мемлекеттің қолдауынсыз мәдениетті қорғар қоғамдық күшке де, кітап өнімін өндіруші делдалдарға да, тілді дамытуға үлес қосатын аударма адамы болуы да қиындық болмақ.
Аударма бір тілден екінші тілге ақпаратты ғана беріп қоймайды, сонымен қатар, тілдің баюуына, көркемдік қабатының қалыптасуына, икемділік күшінің артуына, сөздік қорының көбеюіне, кезі келсе, әлеуметтік, коммуникативтік қызметінің артуына ықпалын тигізеді.
Мәдениет министрлігінің қолға алып отырған тағы бір саласы – киноиндустрия дубляжы. Қазіргі таңда қазақ тіліне аударылған, дыбысталған голливудтық фильмдердің саны 11-ге жеткен: «Көліктер-2/Тачки-2», «Қара киімділер 3/Люди в чёрном 3», «Жаңа Өрмекші адам/Новый человек-паук», «Жаңа Өрмекші-адам: Кернеген қуат/ Новый человек-паук», «Батыл жүрек/Храбрая сердцем», «Одинокий рейнджер/Жалғыз рейнджер», «Малефисента», «Галактика Сақшылары/ Стражи Галактики», «Жұлдыздар шайқасы: күштің серпінісі/ Звездные войны: пробуждение силы», алдағы уақытта аударылғалы жатқан фильм «Көлбикеш/Золушка». 2014 жылы Қазақстан кинотеатрларында кассалық табысы ең жоғары фильмдердің рейтингісі реттелді: бірінші орын – «Галактика Сақшылары/ Стражи Галактики», екінші орын – «Малефисента», үшінші орын – «Жаңа Өрмекші-адам: Кернеген қуат/ Новый человек-паук». Байқағанымыздай, бұл фильмдердің барлығы қазақ тіліне аударылған, орыс тілімен бірге қазақстандық прокатқа шыққан мега-фильмдер болатын. Бұл қуантарлық жағдай: қазақ тіліне аударылған фильмдердің назарда болғаны.
Аударма тікелей тіл білмейтіндерге арналған болса да бұл сала – тілдің дамуына зор үлес қосатын құбылыс. Сондықтан да бұл салаға мүмкіндік беру қажет. Барлық саланың мүддесіне айналған аударма жасау үрдісі кез келген саланың дамуына, ғылымның, техниканың, білім саласының алға басуына себепші болмақ.

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз