КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ


Тіл мәселесі, тілді өз талабына сай дұрыс қолданудың жолдары мен тәсілдері ерекше мән беріп отыруды қажет етеді. Алайда күнделікті өмірден байқап жүргеніміздей, сөйлеу, сөйлесу кезінде көп адамдар тіл заңдылықтарын сақтауды ескере бермейді. 

Қазіргі тілдік қолданыстағы өрескел қателіктің бірі – етістікке жалғанып көптік мағынаны білдіретін -қ//-к жіктік жалғауының орынсыз қолданылуы. Мәселен, тілімізде ғасырлар бойы қалыптасып, қолданылып келе жатқан «бара жатырмыз»-дың орнына – «бара жатырық», «оқып отырмыз»-дың орнына «оқып отырық», «келіп тұрмыз»-дың орнына «келіп тұрық», «барып жүрміз»-дің орнына «барып жүрік» болып айтыла бастағанына біраз уақыт болды. Бұл қателіктің етек алғаны сонша, үлкен де, кіші де, ұстаз да, шәкірт те, қарапайым қызметкер де, басшы да, журналист те, тіпті жаңадан шығарыла бастаған қазақ телесериалдарының кейіпкерлері де (олардың сценарийін, сөздерін жазып дайындаушылар бар ғой) еш ойланбастан қолдана беретін болды. Алда-жалда, естіп қалған жерде ескерте қойсаң, «жұрттың бәрі солай айтып жүр ғой» деген немқұрайды жауап аласың. «Мынауымыз ұят болған екен» деп қысылған бір жанды кездестіргенім жоқ.

Әрине, аталмыш жіктік жалғауының да, жіктік жалғауының басқа түрлерінің де өзіндік заңды қолданылатын орындары бар. Мектептегі оқу құралдарынан бастап, барлық грамматикаларда бұлардың ережелері (теориялық анықтамасы) анық, айқын берілген. Мәселен, қай кітапта болса да, етістік сөз табының 1-жақтағы жекелік көрсеткіші (формасы, жалғауы) рай және шақтың ыңғайына қарай -мын//-мін, -м, -айын//-ейін, көпшелік тұлғасы -мыз//-міз, -айық// -ейік, -қ//-к екенін көреміз. Осындағы -айық//-ейік тұлғасы тек қана бұйрық райының 1-жағында осындай құранды қосымша ретінде [-айы(-алы)+қ] қолданылатынын және оның осылай қалыптасуына тіл дамуының тарихы куә екенін ғалымдар әлдеқашан дәлелдеген (­Ысқақов А. Қазіргі қазақ тілі. Морфология. А., 1991. -318-319-бб.; Томанов М. Тіл тарихы туралы зерттеулер. А., 2002. 410-411-бб. т.б.). Ал жалаң -қ//-к тұлғасының қолданылуы тек екі жағдайда: 1) ашық райдың жедел өткен шақ (-ды) тұлғасынан кейін, 2) шартты рай жұрнағынан (-са//-се) кейін болуға тиіс.

Жоғарыда келтірілген қате мысалдардан байқағанымыз – -қ//-к көпше жіктік жалғауы әзірше қазақ тілінде «қалып етістіктері» деп аталатын отыр, тұр, жатыр, жүр сөздеріне ғана (отырық, тұрық, жатырық, жүрік) жалғанып жүр. Бұл сөздер тілімізде бірде негізгі (мен отырмын, біз отырмыз), бірде көмекшілік (мен барып жүрмін, біз барып жүрміз) қызмет атқара отырып, іс-әрекеттің дәл сөйлеу жағдаяты үстінде орындалуын (нақ осы шақ) білдіреді. Екі жағдайда да бұл сөздерге -қ//-к қосымшасы жалғана алмайды. Бұл қосымша осы сөздерге және басқа да етістіктерге тек қана іс-әрекеттің сөйлеу жағдаятынан сәл ғана бұрын болып өткенін білдіру үшін (жедел өткен шақ) қолданылады (мен отырдым, біз отырдық). Бұлай болмаған жағдайда тіл заңдылығы бұзылған болып есептеледі де, сөйлеуде құлаққа тосын дыбысталу, мағына өзгешелігі байқалып, тыңдаушының қабылдауына қиындық келтіреді. Мұны мына сөйлемдерді салыстыра оқу арқылы байқау қиын емес: 1. Сіздің тапсырмаңызды орындап отырмыз ғой / Сіздің тапсырмаңызды орындап отырық қой. 2. Бір сағат бойы орнымызда тапжылмастан тұрмыз / Бір сағат бойы орнымызда тапжылмастан тұрық, т.б. Мұндай ерсілік әзірше ауызекі сөйлеуде ғана кездесіп жүр. Бірақ айтыла келе бұл нұсқа жазуға да (әдеби тілге) еніп кете ме деген қауіп бар.

-қ//-к жалғауына байланысты тағы бір қа­телік оның шартты райдың (-са//-се) жұрнағынан кейін қосылып қолданылуында байқалып жүр. Шартты рай жұрнағының басты қызметі (басқа қызметінің бұл мәселеге қатыс аз) – сабақтас құрмалас сөйлемнің бағыныңқы сыңарының баяндауышы қызметін атқарып, оның шартты бағыныңқылы түрін жасау. Сабақтас құрмаластың екінші сыңары білдіретін іс-әрекеттің орындалуы алғашқы сыңарындағы іс-әрекеттің орындалуына байланысты, дәлірек айтқанда, екі іс-әрекет шарттас болады. Мысалы: Мұндай қиындығын ертерек білсек, істі бастамаған да болар едік.

Қазіргі жастарымыздың тілінде (соның ішінде, әсіресе тележүргізушілеріміз тілінде) осындай сөйлемнің екінші сыңарын айтпай, алғашқы сыңарының баяндауышын тұлғалық өзгеріске түсірместен, сол күйінше жай сөйлем етіп айта салу да жиі кездеседі. Мәселен, «Экранға назар аударайық», «Мына суретке көз салайық», «Кітаптағы мәтінге қарайық» деген сөйлемдерді «Экранға назар аударсақ», «Мына суретке көз салсақ», «Кітаптағы мәтінге қарасақ» деген күйде айтылатын болды. Сөйлемді осылайша айтуда ойдың аяқталмай қалғаны, тыңдаушының одан әрі не болатынын (ой жалғасын) күтіп отыратыны жөнінде сөйлеушінің хабары жоқ, өзіне түсінікті болса жеткілікті тәрізді. Бұл жерде сөйлеуші жай сөйлем мен құрмалас сөйлемдердің жасалу, айтылу заңдылықтарын, өзіндік ерекшеліктерін білмейді не ескермейді деген қорытынды шығаруға болады.

Жіктік жалғауы қосымшасының қолданылуына байланысты соңғы кезде жиі байқалып жүрген тағы бір қателік – «керек», «қажет», т.б. кейбір модаль сөздерді көмекшілік қызметте қолдану кезінде жіктік жалғауын жалғап айту (мысалы: Бұл істі тезірек орындау қажетпіз; Сен кітапты уақытында әкелу керексің, т.б.). Әдетте, тілде берілетін хабар мазмұнына сөйлеушінің түрлі көзқарасын білдіре отырып түрлендіре сөйлеуін модальділік (сөйлемнің предикативтілік сипатымен бірлікте келетін басты белгісі) деп атайды. Сөйлем модальділігі, ғылымда объективті және субъективті деп бөлінеді де, соның субъективті түрінің жасалуында көмекшілік қызметтегі модаль сөздердің орны айрықша болады және олар семантикалық жағынан да түрлі-түрлі мән береді (болжал мәнді, міндеттілік мәнді, ойды қостау, растау мәнді т.б.).

Тіл дамуының тарихы бойында модаль сөздердің қолданылуының да белгілі бір заңдылықтары тұрақталып, сол заңдылықтар негізінде тіліміздегі модаль мәнді сөйлем түрлері қалыптасқан. Мұндай сөйлемдерде жіктік жалғауының орнына баяндауыштың негізгі сөзіне тәуелдік жалғауы жалғанады. Енді жоғарыдағы модаль сөздерді көмекші қызметте қолданудағы қателіктерді көрсету мақсатында бірнеше мысал келтірейік: Ақ тайдың асау екенін ұмытып кетсек керек (кетсек керекпіз, кетсе керексің емес); Оқуға қиындықпен түскен екенбіз, енді жақсы оқуымыз керек (оқу керекпіз, оқу керексің емес); Сөздің асыл болуының жалпы шарттарын білуің қажет (білу қажетпін, білу қажетсің емес) т.б.

Жақша ішінде берілгендей қолданыстың пайда болуының түптамыры осы сөздердің орысша қолданысын қазақшаға тура аударуда жатыр деп ойлаймыз. Нақтырақ айтқанда, орыс тіліндегі «мы должны говорить…» деген тіркесті «біз айту керекпіз» түрінде тікелей аударып қолданудамыз. Бұл қателік те тілімізге дендеп еніп алды.

Модаль сөздердің (жалпы көмекші сөздердің) о баста толық мағыналы сөздерден жасалғаны ғылымда дәлелденген. Сондықтан кей модаль сөздер бастапқы тегіне тартып, толық мағыналы сөздер қызметінде қолданылады. Оны мына мысалдардан көреміз: Бұл – маған керек (қажет) кісі / Бұл кісі маған керек (керек екен, қажет екен); Мен саған керекпін (қажетпін); Сен маған керексің қажетсің), т.б. Көріп отырғанымыздай, мұндай қолданыста бұл сөздер есім сөздер қызметін атқарып, жіктік жалғауын қабылдап тұр және одан сөйлем құрылысына ешқандай нұқсан келіп тұрған жоқ. Сондықтан алдындағы қолданыс пен соңғы қолданыстардың айырмашылық заңдылықтарын білмеу қателікке ұрындырады.

Тіліміздегі ендігі бір кемшілікті жеке сөздердің түп мағынасын түсінбей орынсыз қолданудан көреміз. Егемендік алғаннан бастап тіліміздің лексикалық байлығына аударма арқылы болсын, түрлі жолдармен жасалу арқылы болсын, көптеген жаңа сөздер енуде. Бірақ осы жаңа сөздердің барлығы дерлік орынды, ұтымды пайдаланылып жүр деу қиын. Солардың бір-екеуіне ғана мысал ретінде тоқтала кетейік.

Ертеректе «төраға» (жиналыс төрағасы) деген жаңа сөзді ер адамға ғана тән деп түсінген кей білгіштеріміз, қазақ тілінде сөздің «родқа» бөлінбейтініне қарамастан, әйел адамдарға қатысты «төрайым» сөзін енгізген болатын. Осы сөздің «төр»-і түсінікті болғанымен, «айым»-ы «аға» сөзіне балама бола алмайтыны ескерілген жоқ (еркелету мәніндегі «айым», «күнім» сөздері тек әйелге қатысты айтылмайды ғой). Бұл сөз жөнінде кезінде әңгіме болғанымен, көпшілік қолданысқа түсуіне байланысты үйреншікті сөзге айналып, қазірге дейін қолданылып келе жатыр. Сол тұста орыс тіліндегі «секретарь», «секретарша» сөзін аудара келіп, алдыңғы ер адамға қатыстысын «хатшы» деп аудардық, ал екінші әйел адамға қатысты сөзді аудара алмай, ақырында сол «хатшы» сөзін қолданыста қалдырдық.

Қазір осыған ұқсас «мырза», «ханым» сөздері кең қолданылуда. Бұл сөздердің тілімізге қайта оралуына қарсылық жоқ, бірақ кілтипан сол сөздердің ретті де, ретсіз де қолданыла беретіндігінде болып тұр.

Бұл сөздердің орысшасын (господин, госпожа) Кеңес дәуірінен бұрын орыс зиялылары қолданатын болған. Кеңес дәуірінде бұлардың орнын «жолдас» сөзі басты. Қазақ тілінде де бұл сөздер ертеден бар және бірнеше мағынада қолданылатын сөздер болатын.

«Мырза» сөзінің түсіндірме сөздікте екі түрлі мағынасы берілген: 1. Құрметтеуді, сыпайыгерлікті білдіру мақсатында сауатты, білімді адамдардың есімдеріне және әмірші әулеттері аттарына қосылып айтылатын сөз. Мысалы: Хан әулеті – төре, би әулеті – шора, әмір әулеті – мырза (М.Мағауин).

2. Қолы ашық, жомарт адам. Мырза екен, қолындағысын бере салды (газеттен).

Ал «ханым» сөзіне берілген түсініктеме мынадай: 1. Ханның әйелі, зайыбы. Ханның сол қол жағында ханымы жайғасыпты (Ә.Кекілбаев).

2. Шетелдік біреуге қарата сөйлегенде оның тегі мен атағына қоса айтылатын сыпайы түрдегі қаратпа сөз. Сапра ханым машинаны маңынан бір қадам шығармай қойды (Адамбеков). (Қазақ тілінің сөздігі. – А., 1999.)

Қазіргі қолданыста аталмыш сөздердің қайқайсысы да үнемі және дәл түсініктемелерде көрсетілгендей мағыналар мен соған сай орындарда қолданылып жүр деп айту қиын. Теледидардағы бағдарламаларда жүргізушілер өздері сұхбаттасып отырған адамдарының кез келгенінің аты-жөніне осы сөздерді қосақтап айтуды әдетке айналдырып алған. Өздерінше сыпайыгерлікті сақтағаны болар, бірақ кей жағдайда тыңдаушыға (көрерменге) сұхбат берушіні мазақ етіп, мысқылдап отырғандай сезіліп қалады. Өйткені сұхбат берушінің не жасы, не білімі, не қызметі, не атағы осы сөздерді бағыттауға сәйкес келмей жатады. Осындай сәйкессіздіктер жиындардағы басшылардың өз қарамағындағы адамдарға бағыттаған сөздерінде де ұшырасады.

Соңғы кездері кез келген артистер, әншілер журналист қызметін атқарып, сұхбат жүргізе беретін болды ғой. Олардың сөз қолданыстарынан «қаншасы?» дегеннің орнына «қаншауы?», «нешеуі?» дегеннің орнына «нешесі?» деп сөйлейтіндерді де кездестіріп жүрміз. Осы тәрізді жеке сөздердің, сөз тіркестерінің орынсыз қолданулары телесериалдардың ауызша аудармаларында, тіпті өріп жүр. Сонда халықты ана тілінің шұрайлы сөзімен сусындататын БАҚ-тың, ұрпағымызды ұлттық құндылықтарды қастерлеуге үйрететін сауатты да, салиқалы азаматарымыздың, ата-аналарымыздың сөз қолданыстарында осындай қателіктер кездесіп жатса, қарапайым жастардан не күтуге болатынын бағамдай беріңіз.

Түйіндей айтқанда, сөйлер сөзімізді бұзбай сөйлейік. Бұл мәселеге халық болып көңіл бөлмесек, әуезді де шырайлы тілімізге зиян келтіріп алуымыз мүмкін.

 

Жеңіс СӘДУАҚАСҰЛЫ,

филология ғылымдарының докторы, 

Қорқыт ата атындағы Қызылорда

мемлекеттік университетінің профессоры, 

ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері

Ана тілі

 


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз