THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Кезінде Алаштың
арыстандары биліктен шеттетілгеннен кейін халыққа ғылыми-ағартушылық, рухани
көмек жасау үшін қолдарына қалам алды. Бірі медицинаны, бірі математиканы, бірі
педагогика мен психологияны қазақша сөйлетуге күш салды. Көбі аудармашы болды.
Мәселен, Әлихан Бөкейханұлы Коммунистік партияның жарғысын аударған. Сонда ол
«член коммунистической партии должен безпрекословно выполнять..» деп келетін
жерін «Коммунистік партияның мүшесі партияның құлақкесті құлы» – деп аударған
екен. Бұл сол кездегі қазақ ұғымына түсінікті сөз Ақаң «кім не жазса да жұртқа
түсінікті болу жағын ойлап жазады» – деген болатын. Қазіргі кезде аударма
мәтінді түсіну қиындап барады. Өйткені қазір еріккеннің бәрі аудармашы болып
кетті. Содан болар тілімізде, нақтырақ айтсақ аударма мәтіндерде әрі қарай
объективтене алмайтын жасанды сөздер мен синтаксистік нормаларға сәйкес
келмейтін құранды сөйлемдер қаптап кетті. Көбіміз аудармашы дегеніміз – аса
біліктілікті талап ететін мамандық екенін түсінбейтін, тілдің даму, толығу
көзінің бірі аударма екендігін сезінбейтін сияқтымыз. Өйткені қазір осы
салаға сұраныс болған соң, екінің бірі аудармашы болып жұмыс істеп жүр. Ал
менің ойымша бұл екінің бірінің, тіпті жүздің бірінің қолынан келетін шаруа
емес. «Аудармашылық - нағыз шығармашылық өнер. Ол әркімнің қолынан келе
беретіндей еріккеннің ермегі емес» депті Ә.Сатыбалдиев. Әрине көркем аудармаға
әркім бара бермейді, бірақ басқа аудармаларға - жарнама мәтін, ісқағаздары,
ғылыми аудармалар және т.б. салаларда көлденең көк аттылар толып жүр.
Бұлардың көбі аударманың жұмысы орысша мәтінді қазақ тіліне калькаласа болды
деп ұғады. Қазақ тілін бүлдіріп отырған осы аудармашысымақтар.
Орыс тілінде
жарнама жасалатын тауарға мақтау сөз (слоган) ойлап табуға 10 шақты
маманнан тұратын арнайы құрылған шығармашылық топ жұмыс істейді. Ал ол көшеге
ілінерде қазақшасын 5-10 теңгеге бір аудармашыға аударта салып, іле салады.
Содан әлгі тауардың қазақ тіліндегі мақтауы әсерсіз, тартымсыз, тіпті
түсініксіз болып шығады. Кейде оның грамматикалық қателері де тексерілмей,
қазақ тілін өз жерінде бейшара күйге түсіреді.
Шөлдегенді
басатын,
Сарайыңды ашатын
Шай болмайды
жалғанда,
Аламаннан асатын
– деген шумақ барлығыңыздың есіңізде шығар.Бұл о баста қазақша жасалған
жарнама. Сондықтан құлаққа сіңісті болып тұр.Ондай қазақша жасалатын
жарнама аз, жоқтың қасы. Қазір барлық жерді аударма мәтіндер басып
кетті.
Сөзбе-сөз
(калька) аударманың сорақысынан бір мысал:
Барлық
есіктердегі от себя, на себя дегенді көп жерде - өзіңе қарай, өзіңнен әрі
қарай, – деп қойған. Оны солай деп аударғандар Абайша айтсақ аудармашының
білімсіз бейшарасы. Өзіміздегі тіл жүйесіне үңілсе, соған бірнеше балама
табылар еді. Есіктің барлығы сыртқа не ішке ашылады. Ішке ашылатынына ішке,
сыртқа ашылатынына сыртқа деп жазып қойса болды емес пе. Тіпті орыстың көзімен
қарап соның шырмауынан шыға алмай жатсаңыз, онда тарт-итер деп жазыңыз. Ең
қысқа түрі тағы бар: әрі-бері, яғни от себя - әрі, на себя - бері.
Ортаға салып ойланса тағы бірнеше нұсқасы табылар еді. Ақаң айтқандай, айтқызатын адамы табылса, қазақ тілінің мүмкіндігі шексіз ғой. Бізде қазір осы салада айта білетін адам, сөйлете білетін маман тапшы боп тұр.
Abai.kz