КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

Төңірегі тең көрініп,

Теген жатыр төңкеріліп,

Жас та сиған, кәрі сиған,

Астына оның бәрі сиған.

/Аспан/.

 

 

Дүниеде бір қарбыз бар солмайтұғын ,

Жаз шіріп, қыста үсіп тоңбайтұғын.

Жаһанның жерін,суын, жәндіктерін,

Іші кең бәрін салса толмайтұғын.

/Көк, аспан/.

 

 

 

 

Бір түкті кілем,

Бірі түксіз кілем.

/Аспан,жер/.

 

 

Жапанда жайнап тұрған бір бәйтерек ,

Заты бар бұтақ сайын жанға керек.

Балта, шөміш, түрен мен мойынтұрық-

Төртеуін таңдап алдым ерекше елеп.

/Түнгі аспан, Үш арқар, Жетіқарақшы, Көкбозат, Ақбозат, Арқан,Таразы жұлдыздары/.

 

Түбі көк дария,

Іші мұнара,

Отыз шешегі.

/Аспан, отыз күн/.

 

 

Екі тері,

Екеуі де кең тері.

/Аспан, жер/.

 

 

Тең,тең тең киіз,

Екі ортасы кең киіз.

/Аспан, жер/.

 

 

Бір қоян қайың тауды арқалаған,

Ертерек қоян еді марқалаған.

Жолында алтын гауһар толып жатыр,

Еш адам ала алмайды балталаған.

/Күн мен сағым/.

 

 

Бір үйде қос сұлу қыз ағайынды,

Екеуі қызықтырған талайыңды.

Жүдемес төрт маусымда мұңаймаса,

Тұрады нұрға малып маңдайыңды.

/Ай, күн/.

 

 

Су ішінде екі жайын,

Бірі кетсе, бірі дайын.

/Ай, күн/.

 

 

Айтайын мен жұмбақ сексен сегіз,

Шешуі қиын емес ескерсеңіз.

Болады бірі өткір, бірі өтпес,

Ақылы мұны тапқан ұшан-теңіз.

/Ай,күн/.

 

 

Тең,тең, тең киіз,

Екі ортасы кең киіз.

Арасында киіздің

Сайрандаған қос мүйіз. 

/ Ай, күн/.

 

 

Біреудің бір ұлы бар және қызы,

Біледі ол екеуін дүние жүзі.

Ұйықтайды ұлы түнде, қызы күндіз,

Жүргенде білінбейді басқан ізі.

/Күн мен ай/.

 

 

Алтын кетті,

Күміс келді.

/Күн мен ай/.

 

 

Дарияда жайын жүзер дөп-дөңгелек,

Қанаты асты қара бір көбелек.

Жанады бір шаһардан сансыз шырақ,

Адамға қиын екен санап білмек.

/Ай,күн,күндіз,түн,жұлдыздар/.

 

 

Бір анасы, бір атасы,

Бірнеше мың баласы.

/Ай,күн, жұлдыздар/.

 

 

Көрінді ту алыстан көкше теңіз,

Тырнадан он бірі арық, бірі семіз,

Бөлініп бір топ үйрек кетті-ау ұшып,

Ол үйрек әлде жеті, әлде сегіз.

/Аспан,он екі ай, бір ай ораза,үркердің бірде жеті,бірде сегіз болып көрінуі/.

 

 

Ай далада ақ шатыр,

Ақ шатырдың ішінде

Қызыл көзді шал жатыр.

/Аспан, күн/.

 

 

Жалғанда бір нәрсе бар аяқ қапты,

Ұшады кешке дейін дамыл таппай.

/Күн/.

 

 

Табан, табан, табан ақ,

Табаны жалпақ қоян ақ.

Күлген көзі күмістен,

Келе жатыр қоян ақ.

/Күн/. 

 

 

Ар жағында орманның,

Ар жағында таулардың,

Алтын кеспек домалар.

/Күн/. 

 

Дүниеде бір алыпты көрдім күшті,

Бар салмақ дүниедегі соған түсті,

Құнарлы қуатынан тояттанып,

Әр түрлі жер бетінде жеміс пісті.

/Күн/. 

 

Қызыл күлше тау асады,

Ыстық нұрын шашады.

/Күн/.

 

Аспанда бір айна бар,

Әлемді көріп айналар.

/Күн/. 

 

 

Ұзын-ұзын сырғанақ ,

Ұшығына кім жетер?

Асыл бесік күйкентай,

Жұмыртқасын кім табар?

/Күннің батуы, шығуы/. 

 

Ақ сандығым ашылды,

Ішінен дүрлер шашылды.

/Күннің көзі/. 

 

 

Ақ сандығым ашылды,

Қызарып жалын шашылды.

/Күн/.

 

 

Жалғанда бір нәрсе бар аяқ қапты,

Ұшады кешке дейін дамыл таппай.

/Күннің көзі/.

 

 

Керегенің басында кепкен жаулық,

Кет десем де кетпейді, неткен жаулық?

/Күннің кереге басына түскен сәулесі/.

 

 

Бір анасы,

Бір атасы,

Бірнеше мың баласы.

/Ай,күн,жұлдыздар/.

 

 

Көк жүзіне қарасаң, төбеңде тұрады,

Көл бетіне қарасаң, төменде тұрады.

/Күн, ай, жұлдыздар/.

 

 

Ғажайып сылақтаған бір арғымақ,

Бірі алтын, бірі күміс екі құлақ,

Болғанда жеті әйелмен аямай-ақ.

/Күн, ай,отыз күн, апта/.

 

 

Қарындасы қонаға

Ағасын іздеп келгенде,

Ағасы қашып кетеді,

Үйден шығып бір жерге.

/Ай мен күн/.

 

 

Ақырған айдаһардай арыстаным,

Айтысып тағы жұмбақ қалыспағын.

Екі өркеш, жеті башпай жұмбағым бар,

Осыны ойламай тап, данышпаным.

/Ай,күн, апта/.

 

 

Қонақтап күнде қонар су бетіне,

Сүйсінер барлық адам келбетіне.

Тұлғасы су ішінде көрінеді,

Таңырқап қарап тұрсам суретіне.

/Ай/.

 

 

Төсек астында жарты нан.

/Ай/.

 

 

Жабық астында жарты күлше.

/Ай/.

 

 

Үй астында ақ тоқым.

/Ай/.

 

 

Көлде жүрген ақ үйрек,

Түнде бар да, күндіз жоқ.

/Ай/.

 

 

Көп моншақ ішінде бір түйір қалам.

/Ай/.

 

 

Керегенің басында кепкен бауыр,

Кесіп алса таусылмас неткен бауыр?!

/Ай/.

 

 

Айдаһар күндіз жатып, түнде шығар,

Қаһарлы қалыбына әркім құмар,

Болыпты туғаннан-ақ күнмен талас,

Күнді көрсе айдаһардың жүзі солар.

/Ай/.

 

 

Күндіз әйнегі сынады,

Түнде орнында тұрады.

/Ай/.

 

 

Кішкентай нан барша ғаламға жетеді.

/Ай/.

 

 

Жабықта жарты нан.

/Ай/.

 

 

Қонақтап күнде келер су бетіне,

Пар келмес гауһар заты келбетіне.

Сәулесі су жүзінде дірілдейді,

Тамаша қарап тұрсаң суретіне.

/Ай/.

 

 

Күндіз күннен таярмын,

Түнде әлемге аянмын.

/Ай/.

 

Кейде орта, кейде толы бір тегене,

Көрінер кейде күндіз, кейде түнде,

Бетіне ақ шағыдан перде тартқан,

Балалар, ойлап қара, бұл немене?

/Ай/.

 

 

Он төрт - он бес жасында

Адамның басындай.

Бір және отыз жасында

Адамның қасындай.

/Ай/.

 

 

Тап-тап, табан ақ,

Табаны жалпақ қоян-ақ,

Тайшыағардан су ішіп,

Туып тұрған дуадақ.

/Ай/.

 

 

Көп бауырсақ ішінде бір қалаш.

/Ай/.

 

 

Тақырда тайдың ізі,

Айналасы қойдың ізі.

/Ай мен жұлдыз/.

 

Әуелі айтатыным асыл шөлмек,

Бір толып, бір азайып қайта келмек.

Сарайда жанып тұрған сансыз шырақ,

Адамға оңай емес санап білмек.

/Ай мен жұлдыз/.

 

 

Тақырда Аймағамбет өліп жатыр,

Қасында есек жемі толып жатыр.

/Ай мен жұлдыз/.

 

 

Үй үстінде ұсақ тас.

/Жұлдыз/.

 

 

Көп моншақ үй үстіне қойдым шашып,

Қарасам толып жатыр көзін ашып.

Үйіме сәулеленіп түссе жарық,

Кетеді әлгі моншақ бәрі қашып.

/Жұлдыз/.

 

 

Біреуде отряд көп сан жетпейді,

Күндіз олар ешкімге көрінбейді.

Мізбақпай ұзақ түнде күзетте боп,

Тұруға бір орында ерінбейді.

/Жұлдыз/.

 

 

Етегім толы сөк,

Ерте тұрсам жоқ.

/Жұлдыз/.

 

 

Тақиям толған сөк,

Ерте тұрсам дым да жоқ.

/Жұлдыз/.

 

 

Шым-шытыр,

Шиедей қотыр.

/Жұлдыз/.

 

 

Біз, біз, біз едік,

Отыз арба қыз едік,

Бір тақтайға жиналдық,

Таң атқанда жоқ болдық.

/Жұлдыз/.

 

 

Таң атқанша тары шаштым.

/Жұлдыз/.

 

Бірталай тары шаштым там басына,

Әуре болып толтыра алмай қамбасына,

Қиыстырып өлеңмен жұмбақ қылдым,

Ойлағандар мәнісін аңдасында.

/Жұлдыз/.

 

Бір байдың мың қойы қоздайды екен,

Біреуі біреуінен озбайды екен.

Болғанмен алтын астау, күміс күндеу,

Болғанша қиямет қайым тозбайды екен.

/Жұлдыз/.

 

 

Атасы мен анасы,

Миллионнан көп баласы.

/Жұлдыз/.

 

 

Күндіз бәрі қашады,

Түнде аспанды басады.

/Жұлдыз/.

 

 

Көкте күлімдейді,

Қолға ілінбейді.

Бірінен бірінің

Қашықтығы білінбейді.

/Жұлдыз/.

 

 

Күн батқан соң жайылдық,

Таң атқанша тойындық.

Таң атып жарық түскен соң,

Тойынып алып жойылдық.

/Жұлдыз/.

 

 

Шым-шытыр, шиедей қотыр,

Оның ішінде әкем отыр.

/Жұлдыз бен ай/.

 

 

Қиырсыз бір теңіз бар ол немене,

Құбылып қалқиды алтын бір тегене,

Сансыз құс жүзеді ортасында,

Алты қаз, жеті үйрек, үш бөдене.

Оқшау жүр ақ шағала, көк шағала,

Теңіздің ортасында күміс кесе.

/Аспан әлемі, жұлдыз/.

 

 

Алтын бәкі,

Күміс сәкі

Қырық қысырақ,

Бір сәуірік.

/Күн, Шолпан, жұлдыз, ай/.

 

 

Бір емен, жеті терек, алты қайың,

Бұтағы толып жатыр дайым, дайым,

Ішінде шынар терек, үш қарағай,

Өңгесін айта беріп не қылайын?

/Шолпан, Жетіқарақшы, Үркер, Үш таразы/.

 

 

Аспанда ұшып жүрген жеті торғай,

Барады бір-біріне қосыла алмай.

/Жетіқарақшы/.

 

 

Алты қаз, жеті үйрек, бір бөдене,

Кейде орта, кейде толы сары тегене,

Тұнық пенен лайдың арасынан,

Бір аққу ұшып шықты қанат кере.

/Жетіқарақшы, Шолпан,Үркер, күн/.

 

 

Алты қоян қашады бұдан былай,

Жеті лашын қуады ұдай-ұдай.

Артынан екі бүркіт тағы кетті,

Шешіп бер жұмбағымды қарап тұрмай.

/Үркер, Жетіқарақшы, ай, күн/.

 

 

Мен бір жұмбақ айтайын асыл досқа,

Бір сарай толып тұрған ақ күміске,

Болғанда алты тауық, жеті тақ-тақ,

Баршасы қорқады екен тоты құстан.

/Үркер, Жетіқарақшы, Шолпан/.

 

 

Бап-бап, басы бар,

Алтын ердің қасы бар,

Бұны тапқан адамның

Жүз жиырма да жасы бар.

/Шолпан/.

 

 

Байладым бір қазыққа екі жылқы,

Екі жігіт ала алмай болды күлкі,

Жетеуі бір қызға ғашық болып,

Ағарды қасіреттен сақал-мұрты.

/Темірқазық, Ақбозат, Көкбозат, Жетіқарақшы, Шолпан жұлдыз/.

 

 

Туғанда алтау едім,

Өле-өле жетеу болдым.

/Үркер/.

 

 

Аспанда ұшып жүрген алты торғай,

Өмірбақи жүреді жерге қонбай.

/Үркер/.

 

 

Бар ма, жоқ па, анық білмейсің,

О жоқ жерде өмір сүрмейсің.

/Ауа/.

 

 

Бір нәрсе жер мен көктің арасында

Көрінбейді өзі түгіл қарасы да,

Білінбей жер үстінде жүрсе-дағы,

Пайдалы адамзаттың баласына.

/Ауа/.

 

 

Салмағың бар өлшесем,

Көрінбейсің көзге сен.

/Ауа/.

 

 

Көкжиегі тұйық дөң,

Шатыр тіккен биік кең.

/Аспан/

 

Төріңде тұр нұр көзі,

Жердің биік күмбезі.

/Аспан/ 

 

Әйнектей көгілдір,

Теңіздей тым мөлдір.

/Аспан/ 

 

Тіршілік аусар тек,

Ұстасаң қауқар жоқ,

Айналам қоршау көк,

Одан асқан кәусар жоқ.

/Ауа/ 

 

Күмбез сынды кең сарай,

Еш жерде жоқ тең сарай.

/Аспан/

 

Жайғаным түкті кілем,

Ілгенім — тықыр кілем.

/Жер мен Аспан/

 

Қос алып көз,

Бірі — жарықта көреді,

Бірі қараңғыда көреді.

/Күн мен Ай/

 

Айдалада көк шатыр,

Көк шатырда

Қызыл көзді шал жатыр.

/Аспан мен Күн/

 

Әлемнің бар екі күзетшісі;

Бірі — күндіз тынығады,

Бірі — түнде тынығады.

/Күн мен Ай/

 

Мекені көкте екі ару,

Бір-бірін көруге зәру.

/Күн мен Ай/

 

Үлкен алтын табақтан,

Әлемге нұр таратқан.

/Күн/

 

Алауға оранып,

Көкке өрлеп шығады.

Бір айналып оралып,

Көкжиекке бұғады.

/Күн/

 

Күн мен түннің кеңдігін,

Жер шарының ендігін,

Қақ бөліп тұр тепе-тең,

Жұмыр жердің белдігі.

/Экватор/

 

Ғаламның шырағы не?

Адамның шырағы не?

/Күн мен Білім/

 

Екі доп ауысты,

Бір шеңберді тауысты.

/Күн, Ай, Тәулік/

 

Жартысы

Жадыратып нұр себеді,

Қалғаны

Қара мақпал бүркенеді.

/Тәулік/

 

Шаруасы әр салалы,

Он екі балалы,

Бәйтеректей атам бар.

Әр баласының

Отыздан серігі,

Өзіне лайық көрігі бар.

/Жыл он екі ай/

 

Алып мұхит — ақ алау,

Шеті шексіз жағалау.

/Көкжиек/

 

Тұрғанымен жырақ өзі,

Таусылмайтын шырақ көзі.

/Күн/

 

Орақ болып туады.

Табақ болып тынады.

/Ай/

 

Бейнесі суда дірілдейді,

Қармаққа бірақ ілінбейді.

/Ай/

 

Көк төрінде жоғары,

Ілулі тұр атамның

Сапталмаған орағы.

/Ай/

 

Сарайдың сансыз шырағы,

Нұр шашып, самсап тұрады.

/Жұлдыз/

 

Жылт-жылт етіп төбемде,

Түсе алмай тұр төменге.

/Жұлдыз/

 

Күндіз білінбейді,

Түнде күлімдейді.

/Жұлдыз/

 

Көк жүзінде ай батқан,

Жолақ жатыр,

Аумаған

Төгіп алған қаймақтан.

/Құсжолы/

 

Айсыз түнде қараңғы,

Түнекте де боранды.

Бір орнынан жылжымай,

Бағыт берер бұлжымай,

Қандай жұлдыз шырағы,

Жол көрсетіп тұрады?

/Темірқазық/

 

 

Мөлдір көкте бір ғана,

Шоқтай жайнап тұр дара.

/Шолпан/

 

Күнді айналып қозғалады,

Артында жарық жол қалады.

/Құйрықты жұлдыз/

 

Күзде шығыстан,

Қыста төбеден.

Көктемде батыстан көрінетін,

Шілдеде күн қасында боп,

Түнде жоғалатын не?

/Үркер/

 

Дұрыстап аңғарсаң,

Көктегі бағдаршам.

/Үркер/

 

Алып кілем —

Гүлге толы

Үсті кілең.

/Жер/

 

Жыл мезгілі шуақты,

Жердің беті нұрланған.

Сайды қуып су ақты,

Гүлдер өсті ырғалған.

/Көктем/

 

Терезеден есіледі,

Қараңғыны көшіреді.

/Сәуле/

 

Күн көзінен құйылады,

Жер бетіне жиылады.

Құшақ ашып барша тірлік,

Қуанады, сыйынады.

/Нұр/

 

Түсі бар көрінбейтін,

Біртұтас бөлінбейтін.

Тынысы ол тірліктің,

Ешқашан жерінбейтін.

/Ауа/

 

Ештеңеден қаймықпай,

Көзді арбаған өрнекпен.

Сурет салар айнытпай,

Шебер еді ол неткен?

/Аяз/

 

Күндіз шырақтай,

Тұрады түгел жадырап.

Түнде, бірақ та,

Түңдігі жабық шаңырақ.

/Жарық пен Қараңғы/

 

Ағаштарды шайқайды,

Көзге көрінбейді.

Шарлағанда сай-сайды,

Бір сәт ерінбейді.

/Жел/

 

Зәулімде тұрағы,

Тіреусіз тұрады.

/Бұлт/

 

Дәу шүйкесін,

Күн алды,

Көк Теңізге түсіріп,

Шығарды да жұлбасын,

Жел әкетті ұшырып.

/Бұлт/

 

Етек-жеңі жиналмай,

Дауыл тұрса дым қалмай,

Түйдектеліп көшеді,

Тоз-тоз болып өшеді.

/Бұлт/

 

Қара алып жарқыратып,

Жасын атып, күркірейді.

Суды сайға сарқыратып,

Демі шөпті сілкілейді.

/Бұлт/

 

Көшіп жүріп желменен,

Сеуіп шықты тамшысын,

Қыраттарға шөлдеген.

/Бұлт/

 

Бірде — селдір жабағы,

Бірде — теңбіл жабағы.

/Бұлт/

 

Бұдақ түтін түсі аппақ,

Көк жүзіне тұзақтап,

Қойғандай-ақ жылжымай,

Тауды өбеді құшақтап.

/Ақша бұлт/

 

Аспаннан домалап,

Көп моншақ төгілді.

Бусанып жон-алап,

Терледі, керілді.

/Жаңбыр/

 

Келістіріп өрнегін,

Құрып қойды өрмегін.

/Кемпірқосақ/

 

Жарқылдан соң жаңағы,

Суға бөкті бар алап.

Көкте түрлі жолақты,

Өрнек тұрды ғаламат!

/Кемпірқосақ/

 

Жаңбыр жуды жерімді,

Көкте өрмек керілді.

/Кемпірқосақ/

 

Аспанды от қамшы осады,

Ащы үнін ышқынып қосады.

/Найзағай/

 

Дүрліктіріп қырқаны,

Шақпақ тастың жарқылы

Бұлт көрпесін жыртады.

/Найзағай/

 

Шашылды көктен ақ моншақ,

Жоғалды біздер тапқанша-ақ.

/Бұршақ/

 

Дауыл ақ дән ұшырып,

Шашып өтті аспаннан.

Шекемізді ісіріп,

Қаштық үйге сасқаннан.

/Бұршақ/

 

Ақ құмалақ шашылды,

Жан-жаққа бірдей боп.

Күн көзі ашылды,

Жер қапты жұрдай боп.

/Бұршақ/

 

Әуеде ақ мамық

Қалбалақтап ұшады,

Қанаты талып,

Жерді барып құшады.

/Қар/

 

Аспаннан ақ ұлпа борады,

Қырқаны сейсепке орады.

/Қар/

 

Қоймасын қыс ақтарып,

Жерді жапты ақ мамық.

/Қар/

 

Мөлдіреген жүзімді,

Ұстап едім, үзілді.

/Шық/

 

Тек өзі көрінбейді,

Адамды тоңдырады.

Ызғары дірілдетіп,

Есіңнен тандырады.

/Аяз/

 

Қолы менен қаламы жоқ,

Бірақ сурет салады көп.

/Аяз/

 

Мүлгіп тұрған бақ тыныш,

Ораныпты ақ күміс.

/Қырау/

 

Көлдің беті көк әйнек,

Сырғанауға, тым әйбет!

/Мұз/

 

Қыс бойы біз коньки тепкенде,

Айдынның мөп-мөлдір көгілдір,

Тозбаған көрпесі,

Көктемде

Бір күнде-ақ бой-бой боп сөгілді.

/Мұз/

 

Суда қалқиды,

Жылыда балқиды.

/Мұз/

 

Қыста шыны боп қатады,

Жылыда су боп жатады.

/Мұз/

 

Жалтырайды сайда,

Сынбайтын айна.

/Мұзойнақ/

 

Мұхиттардың ортасында,

Аппақ тау бар, түк өспейді.

Жер шарының картасында,

Оған еш шың теңеспейді.

/Айсберг/

 

Мұхитта дәу бір —

Қалқып тау тұр.

/Айсберг/

 

Жиегіне шатырдың,

Судан шеге қатырдым.

/Сүңгі/

 

Айтқаныңды айнытпай,

Қайталайды өзіңе.

Тіл қатқанмен қаймықпай,

Көрінбейді көзіңе.

/Жаңғырық/

 

Дауысыңды қайталап жырақта,

Айнытпай жеткізер құлаққа.

/Жаңғырық/

 

Сұрғылт түтін,

Бүркесе маңайды,

Адастырар талайды.

/Тұман/

 

Аспан түйді қабағын,

Сұр пердесін керді де,

Жапты жердің танабын.

/Тұман/

 

Алдымда тұрды ақ түбіт,

Бірақ ұстай алмадым,

Жүгіріп барып аптығып.

/Сағым/

 

Қызыл Құмда көл жатыр,

Шымылдықтай шайқалып.

Будан аумас ол тақыр,

Көлбейді тек жайқалып,

Ұстай алмас қол батыр,

Желмен кетер шайқалып.

/Сағым/

 

Көктемде

Дүр сілкінді өзен ағынды.

Деп-демде

Шытынап шынысы

Төменге ағылды.

/Сел/

 

Күннің көзі түйілді,

Көкте бұлт үйірілді.

Сұйық моншақ шашылып,

Жерге нәр боп құйылды.

/Тамшы/

 

Еш тесікке тұрмайды,

Ол жоқта жер құрғайды.

/Су/

 

Аяғы жоқ, қолы жоқ,

Бірақ тыныш тұрмайды.

Сақтамасаң — қорын тек,

Барша тірлік қурайды.

/Су/

 

Қия шыңнан құлайды,

Тасты бұзып арыны.

Ақ жалданып тулайды,

Құлақ жарар сарыны.

/Сарқырама/

 

Бұйра жасап сан қилы,

Сұйық жазық шалқиды.

/Теңіз/

 

Бірде былдыр-былдыр,

Сәбилердің тіліндей,

Бірде сыңғыр-сыңғыр,

Қоңыраудың үніндей,

Ән сап жатқан ерінбей,

Бұл не?

/Бұлақ/

 

Сынаптай жылтырап,

Биіктен сырғиды,

Ән салып былдырап,

Іздейді ылдиды.

/Бұлақ/

 

Туған жердің белбеуі,

Шұбатылып қалыпты.

Керемет-ау кернеуі,

Тасты тесіп, жарыпты.

/Өзен/

 

Көрсең оның ағысын,

Таңғалтар таудың тағысын.

Бұрқап жатқан көк тасқын,

Үстінен ырғыр жартастың,

Ырық бермес үйірген

Толқыны асау шүйілген.

/Тау өзені/

 

Шөпті жапырып,

Құмды сапырып,

Қоқысты үйіріп,

Әкеткен не шүйіріп?

/Құйын/

 

Жерді тырнап,

Бұтаны ырғап.

Шөпті сипап,

Ұшады зырлап,

Жанын қинап,

Ұлиды зарлап.

/Боран/

 

Бір дүлей күш — қас пейілді,

Итереді кеудеңнен.

Алысайын десең,

Қолға түкте іліктейді.

/Боран/

 

Көрінбейді өзі,

Терезені ұрады.

Айтатын жоқ сөзі,

Ысқырыптұрады,

Болмаса да аяқ-көзі,

Серуен де құрады.

Бұл не?

/Боран/

 

Шөміші жоқ,

Теңізді сапырады.

Кебісі жоқ,

Егінді жапырады.

/Дауыл/

 

Қурап тұрған кеңістік,

Күн күйдірер маңдайды.

Аптабы бар ең ыстық,

Кебірсітер таңдайды.

/Шөл/

 

Өртесең де ерімейді,

Не тот басып шірімейді,

Өн бойына су сіңбейді,

Ылғал тартып, ірімейді.

/Тас/

 

Екі бөліп жотаны,

Сұлап жатқан семсердей.

Тас қайрақтай табаны,

Жатады бір теңселмей,

Құмырсқадай қаптап жай,

Машиналар мың қилы,

Тізбектеліп тоқтамай,

Үстіменен сырғиды.

/Жол/


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз








08/04/2024 11:55

Хабарландыру!
0 627 0



26/03/2024 16:15

Хабарландыру!
0 883 0















31/05/2017 16:34

Тіл мен тарих тамырлас
0 48655 10

02/05/2017 12:29

Қостілділік мәселесі
0 46491 0





05/06/2017 11:24

Абылайханның күйлері
0 44241 3


ТЕКСТ

Яндекс.Метрика