КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ


Жоғарыда сан рет айтылғандай, лексикалық ескіліктерді:
• қазақ халқының мәдени мұрасында өте дамыған, молынан сақталып, біздің кезеңімізге жеткен ауыз әдебиеті үлгілері - батырлар жырлары, ғашықтық жырлары деп аталатын циклдегі үлгілердің тілінен;
• тұрмыс-салт жырлары деп аталатын алуан түрлі поэзиялық- прозалық үлкенді-кішілі шығармалардан;
• қос сөздердің сыңарларынан;
• ертеде қалыптасқан тұрақты тіркестер құрамынан;
• ХУ-ХІХғасырларда жасап өткен ақын-жыраулар мем шешендер сөздерінен;
• ғылыми-танымдық еңбектерден;
• мақал-мәтелдер құрамынан іздеп таба аламыз.
Бұлардың ең көп материал беретіндері - фольклорлық туындылар болып табылады. Сондықтан осы жұмыста ең әріде (XV ғ.) дүниеге келген деп саналатын «Едіге» жырынан бастап, ондаған батырлық жырлар мен «Қозы Көрпеш-Баян сүлу», «Қыз Жібек», «Айман-Шолпан» сияқты лиро-эпостардың тілдерінде кездесетін ескіліктер әр қырынан арнайы талданады. Олар: 1) ноғай-қазақ цикліндегі жырларда; 2) өзге батырлар жырларында; лиро-эпостарда; 3) XV- XIX ғасырлардағы жыраулар мен ақындардың өлең-жырларында сақталған ескіліктер болып келеді.
Мақал-мәтелдер деп аталатын ақылды, түйін сөздер негізінен баршаға әбден түсінікті таныс болып келеді. Дегенмен мақал-мәтелдердің басым көпшілігі ертеде қалыптасып, қолданылып келе жатқандықтан, құрамында бірді-екілі сөз бұл күнде екінің бірі мағынасын дәл біле бермейтін болып ұшырасуы да мүмкін. Мысалы, «Иттің аузына түскен сүйек соқта болады»; «Атың қора болса, берді Құдай», «Киікті құралай бүлдірер, елді дүрегей бүлдірер», «Құдалық белгісі - сыйыт, қоныс белгісі - бейіт», «Сүтке сүт қосылса сүмесін болады, Сөзге сөз қосылса, демесін болады», «Құдиярқұдық қазады, суын құлман ішеді». «Жегенін білмейтін – шұнай, жұтқанын білмейтін– құмай», «Құдайдан тілегенім қолаң қара шашты еді, Құдайдың өзі берді қу толағай бастыны» т.т. Әрине, бұл мақал-мәтелдердің жалпы мағынасы түсінікті, бірақ күрамдарындағы көрсетілген (курсивпен терілген) сөздердің жекелеген мағыналарын екінің бірі тап басып бірден айтып бере алмауы мүмкін. Ал бұлардағы соқта дегеніміз – көне түркілерде «колбаса, қазы» дегенді білдірген сөз екен. Ал қазіргі қазақ тілінде соқта сөзінің бір мағынасы иленіп, тығыздалған, жұмбаздалған зат деп түсіндіріледі (ҚТТС, - Т. 8, 326-6.). Бұл күнде соқта сөзі – біршама түсінікті, қолданыстағы бірлік, ал бұл сөздің өте ертеден келе жатқан мағынасының нақтылана түскен варианты болып шыққан. Сірә, Қашқаридағы соқта сөзі «колбаса» дегенге біршама келсе де, қазыдеген түсінік қисынсыздау (колбаса - еттің әбден езіліп, туралып, шайналып, нығыздалып жасалған түрі, ал қазыда ет туралмайды, езілмейді ғой). Сірә, о баста да соқта ұсақталған заттың (ет, қар т.б.) тығыздалып, ұйып жұмбаздалған түрін білдірген сөз болса керек, бұған қазақ тіліндегі көк соқта (қар), қан соқта (ұйыған қан) деген тіркестер дәлел. Келесі мақалдағы қора сөзі, сірә, қорқау сөзімен не түбірлес, не осы сөздің қысқартылып айтылған өзі болуы керек, қорқау сөзінің бір мағынасы нағыз жыртқыш қасқырды атайтын болса, ауыспалы мағынасы — «тамақсау, озбыр, араны ашылып тұратын тойымсыз» дегенді білдіреді деп топшылаймыз. Егер атың араны ашылып тұратын тамақсау, тойымсыз болса, ол – жақсы, ондай мал мықты болады, ал қатының тойымсыз, ашқарақ, тамақсау болса, ол – онша жақсы емес, пісіргенін алдымен өзі жеп, әрдайым ашқарақтанып жүретін әйелдің несі жақсы дейсің? Ал көрсетілген мағынада қора сөзі ешбір түркі, монғол тілдерінің сөздіктерінде де, көне түркі тілдері сөздіктерінде де тіркелмеген. Үшінші мақалдағы сүмесін — бұл күнде біршама түсінікті сияқты, сөздіктерде ол «сүт, ақ» дегенді білдіреді деп танытылған (ҚТТС, 8-том, 431-6.). Мұнда сөз түбірі - сүме - «1) сауын малының желіні, 2) сүт өнімі» деп көрсетілген. Демек, бұл түбірге -сін деген түркілік жұрнақ жалғанып, «сүт өнімінен жасалған сұйық тағам» дегенді білдіретін болған болар. Қостанай, Маңғыстау, Атырау тұрғындары сүмесін деп «шалапты» атайды деп тіркелген (ҚТАС, 2006, 620-6.). Қазақ, қырғыз тілдерінде сүмесін деп жалпы тағамды айтайтын да болса керек. Қырғыздар сүмесін мен сүмөлөкдейді, ол «1) үн араластырып жасаған быламық және 2) нан тағам» (кушание из лепешек) деп керсетіледі. Жоғарыда келтірілген мақалдың «сүтке сүт қосылса, сүмесін болады» деген бөлігі, біздіңше, «ас болады» дегенді айтқан болар. Ал «Құдияр құдық қазады, суын құлман ішеді» деген мақалдағы Құдияр, Құлман деген кісі аттары болар, өйткені бұл сөздерді қазақ, қырғыз тілдерінің сөздіктерінен таба алмадық, мәтелдің айтпағы - «біреудің еңбегін екінші біреу пайдаланып кетеді» деген тұспал сөз болар. Келесі мақал-мәтелдердегі дүрегей, сыйыт, толағай сөздері бұл күнде жиі қолданылмағанмен, ертеден келе жатқан бірліктер екені белгілі.
Бұлардан кейінгі ескіліктер кездесетін орынның тағы бірі - тарихқа (әрине, қазақ халқының тарихына) қатысты ғылыми еңбектер мен көркем әдебиетке жататын үлгілер болып келеді. Бұлар тек қазақ қауымының ертедегі әлеуметтік-саяси тарихына ғана қатысты емес, этнографиясына, мәдениетіне, әсіресе өнеріне байланысты жазылған ғылыми, публицистиқалық, оқу-ағартушылық тақырыптарындағы еңбектерден де табылады. Мысалы, ақад. Ә.Марғұланның «Ежелгі жыр-аңыздар» (Алматы: Жазушы, 1985) деген ғылыми еңбегінде тәті (диадема), баутақ(кимешек), себіл тон (оқ өтпейтін тон) де­ген сөздер бар (Бұлар қазақ тілінің 10 томдық түсіндірме сөздігіне кірмеген, яғни көне немесе ұмыт болған сөздер). Сол сияқты С.Мұқановтың «Халық мұрасы» атты еңбегінде (Алматы, 1974) қазақ халқының әскери қосындары, ХУІ-ХУІІ ғасырлардағы әскери жасақталған құрамдарға және әскери іс-қимылдарға қатысты атақтар мен атаулардың болғанын айтады: олар уан (ван)-«дивизия», түмен- «корпус», шеру- «фронт» дегенді білдірген дейді. Мұхтар Әуезов: «Бұрынғы бақташы көшпелі тірлігінде арман еткен түйеде– жампоз,жылқыда - тұлпар, сиырда - тықжы, қойда - құтпан, түйеде - келепан десе, итте - құмай, адамда - алып, ал қас дүшпаны қасқырда - сырттан дейтін», - деп жазған болатын. Бұларда аталған «мықтылардың» ішінде тықжы, келепан, жампоздеген сөздер де – бұл күнде ұмыт бола бастаған бірліктер. Жеке халық болып құрылғаннан кейін де, бұған дейін де қазақ халқын құраған ру-тайпалардың өмірі ат үстінде кейде қорғанған, кейде шабуылдаған ұрыс-соғыспен өтіп келгені белгілі. Шыңғыс хан заманынан бері қарайғы қазақ қауымында (тілінде) түркі-монғолдық әскери лексика тобы едәуір мол болған. Бұлардың ішінде аға -әскери титул – дәреже атауы, айыр – әскер санының бірлігі (пәлен ру ұрысқа 500 айыр шығарды), ту астында тұру- «әскер қатарында болу» сияқты жеке сөздер мен сөз тіркестері болған. Олардың да көбі - көне немесе ескірген сөздер.
Сол сияқты хан ордасына қатысты атабек/аталық, – «хан (балаларының (ұлдарының) тәрбиешісі, регент», бауыршы/бақауыл/бөкеуіл- «хан сарайында ас-суды басқарушы», оғлан/ұғлан/ұлан - «ханның титулы жоқ ұрпақтарының баласы, ханзада» т.т. осындай сөздер де бұл күнде лексикалық ескіліктердің қатарынан табылады.
Жалпы ұрыс-соғысқа қатысты атқыш - «мерген», бұлғақ - «қарсылық әрекет», үркіншілік - «үркіп босу», жарлық -«әскери бұйрық», жесір - «тұтқын», жұңғар/барұңғар - «әскердің сол қанаты, оң қанаты», нөкер - «жасақшы, әскери қызметші», пәнда/пенде қылу– «ұрыста қолға түсіру», тоқуш/тоқыс/тоғыс - «ұрыс, шайқас», лек - «жүз мың» сияқты сөздер де бұл күнде көнерген не ескірген бірліктер деп танылады.
Тарихи-көркем шығармаларда кездесетін қарауыл, тосқауыл, жортуыл, шабуыл, айдауыл, шығауыл, ертауыл, жасауыл, шыңдауыл, торуылдеген сөздер – әскери лексика тобының бірліктері, бұлардың да қаруыл, шабуыл, тосқауылсияқты бірен-саранынан басқалары бұл күнде ескіріп үлгірген. Бұлар әскери терминдер ретінде күні кеше өткен Ұлы Отан соғысында қолданылған жоқ. Бірауыз, қандауыз, жалақат, берен, зере, кіреуке, себіл тон, құяқ, бектер, тізерлік, бұтырлаң сияқты ұрыс-соғыста киетін сауыт-сайман, киім-кешек атаулары (военное обмундирование), садақ оғының аттары - бұл күнде көне және ескірген бірліктер, өйткені жақтың ұрыс-соғыс қаруы, тіпті аң аулау құралы ретінде XIX ғасырдың II жартысында-ақ қолданыстан шығып қалған болатын[1]. Әскери лексика қорының қолданылғандығын тек батырлар жырларынан ғана емес, біздің заманымызда жазылған, жазылып жатқан көркем әдебиеттен де табамыз. Бұлардағы жұңғар, барұңғар сияқты монғол сөздерімен қатар оң жанақ, сол жанақ, маңдай сүбе сияқты таза қазақша атаулардың өзі ескірген әскери лексика тобына өтіп кеткені белгілі. Сол сияқты мылтық түрлерінің атауларын, әскери киім-кешек (жалаңқат, кіреуке тон, зере) түрлерінің аттарын, даңғыраиіы, сайыскер, қылышкер, садақшы деген сарбаз атауларын, бұл күнде орысша дозор, аван­гард, арьергард деген сияқты әскери топтар шыңдауыл, ертауыл, шығауыл, торуыл, тосқауыл т.б деп түркі-монғолша аталғанын да Әбіш Кекілбаевтың «Үркер», «Елең-алаң» атты тарихи романдарынан табамыз.
Сондай-ақ Мұхтар Мағауин, Қабдеш Жұмаділов, Софы Сыматаевтар сынды жазушылардың тарихи көркем шығармаларынан ондаған (тіпті жүздеген де!) ескілік атауларды жинап алуға болады (олар біраз жиналып, арнайы сөз де етілді) (қара: Рәбиға Сыздық. Сөз құдіреті.– Алматы: Атамұра, 2005). Бұларда да жоғарыда аталған көне ескі әскери құрылым, әскери қызмет иесі, қару-жарақ, киім-кешек атауларынан басқа құяқ, қаптан, тегілей, бектер, қоллық, бұтырлық сияқты сауыт-сайман аттары, көбебұзар, әндіген, қисалы, ысқырма, тіз оқ, кез оқ, доғал оқ, қозыжаурын, аймаңдай оң сияқты жақ оқтарының түрлерін атайтын сөздерді, керней, дабыл, даңғыра, шыңдауыл т.б. сияқты дыбыс аспаптарының көне ескі атауларын кездестіреміз. Бұл фактілер, бір жағынан, тарихи тақырыпқа жазылған көркем шығарма стилінің үдесінен (талабынан) шығып тұрса, екінші жағынан, бүгінгі бізге ана тіліміздің ертеректегі сөздік қазынасынан хабар беріп тұр.
Сол сияқты жазушы Қабдеш Жұмаділовтің XVIII ғасырдағы қазақ халқының жоңғар басқыншыларынан өз елінің оңтүстік-шығыс өлкесін қайтарып алудағы ұрыс-соғысының іс-қарекетін суреттеген «Дарабоз» романының стильдік ерекшеліктерінің бірі – бұдан 200 жылдай бұрынғы қазақ тілінің әскери лексика қорының біршама көрсетуі деп табамыз. Мұнда да қару-жарақ, әскери қурылым атаулары (зат есімдер), соғыс жағдайына қатысты іс-әрекетті білдіретін қимыл атаулары (етістіктер), ХVІІ-ХVІІІ ғасырлардағы қазақтар мен жоңғарлардың әкімшілік-әскери лауазымдары - қысқасы, көптеген лексикалық ескіліктер орын алған. Олар бұл күнде көбінесе кез кел­ген оқырманға таныс емес, күнделікті тілде қолданылмайтын сөздер болғандықтан, мұндағы ескі, көне сөздерді талдаи-таныту қажеттігі даусыз. Бұл жазушылар лексикалық ескіліктерді көп ізденістің, қазақтың ертедегі өлең-жырларын, бай фольклорлық мұрасын жақсы білгендіктің нәтижесінде алдымызда тартып отыр.
Көне, ескі тұлғалардың кездесетін келесі бір тұсы - қос сөздер құрылымы. Қос сөздер деп аталатын бірліктердің бір тобын синоним іспеттес бір мағынадағы екі сөздің біреуі, кейде екеуі де көбіне-көп бұл күнде жеке қолданылмайтын, тұлғасы да, мағынасы да бейтаныс сөз болып келеді. Мысалы, айып-шам(ыжоқ), ат-ұлақ, өлім-жітім, шым-шытырық, быт-шыт дегендердегі айырып (курсивпен) көрсетілген тұлғалардың жеке тұрғандағы мағынасын ешкім бірден тап басып айта алмайды. Бұлардың көбі - ертеде түркі тілдерінде орын алған сөздер не бөгде тілдік тұлғалар. Мысалы, өлім-жітім дегендегі жітім сөзінің түбірі - жіт- деген етістік, ол көне түркі жазба ескерткіштерінің тілінде «жоғалу, жоқ болу» дегенді білдірген, бұл етістік ертеде өл-жітдеп қосарланып та қолданылған. Жіт- (йіт-) түбірінен йітік (жітік) сияқты ссім сөз де жасалып, жоқ сөзінің тепе-тең синонимі болып келеді. Демек, жіт - «жоқ болу», бұнда етістік - өл- сөзінің синонимі, ал семантиқалық ұя біреу: өлу де - «жоқ болу», жоқ болу - «өлу». Бұндай кейде тең, кейде синонимдес сөздердің қосарлана қолданылуы түркі тілдерінде, оның ішінде қазақ тілінде кеңінен орын алғанын білеміз, мұның уәждері де түсінікті: мағыналас екі сөз қос сөз құрылымының семантикалық қуатын күшейтіп тұрады, анықтай түседі.
Айып-шамы жоқдегендегі айып сөзінің мағынасы түсінікті, ол жеке де қолданылады, ал шам тұлғасы да көне түркілер тілінде жеке тұрып «дау, талас» дегенді білдірген (ДТС, 137). Бұдан чамла - «таласу, дауласу» чамлық - «дау-дамай, талас», чамсыз- «талассыз» деген сөздер болғанын да көне түркі сөздігі көрсетеді. Бүгінгі қазақ тіліндегі шамдану, шамына тию, шамырқану сөздерінің түп төркіні — осы көне түркілік шам сөзі болуы керек. Ал көне түркілік шам тұлғасының өзі қытай тілінің сөзі болуы мүмкін деген болжам бар. Ол күнде бұл сөз чун (хун) - қытай түркі аралас-құраластығы дәуірінен келе жатқан сөз болар. Бүгінгі түркі тілдеріне тікелей қытай тілінен ауысқан деп кесіп айтуға болмас, өйткені қытай тіліндік кірме бірліктер бұл күнде белгілі жүйе түзбейді. Сөйтіп, бүгінгі плеоназмдық, яғни қос сөз құрап қатар келтірілген мағыналас екі сөздің біреуі не ұмыт болған өте көне сөз болса, оның өзі көбіне-көп бөгде тілдік болып келеді екен. Мысалы, некен-саяқдегендегі алғашқы сөз қазақ үшін түсініксіз, ал саяқ «жеке, дара» [жүретін мал, адам] деген мағынада жұмсалады. Некен– монғол сөзі, оның да мағынасы — «жеке, дара». Сол сияқты телі-тентек, қыз-қырқын, телегей-теңіз, жапа-тармағай, келін-кепшік, жөн-жосық, жай-жапсар, көрші-қолаң, жарлы-жақыбай, тарту-таралғы, шал-шауқан, шәлкем-шалыссияқты қос сөздердің не бірінші, не екінші сыңары - бұл күнде жеке айтылмайтын мағынасы күңгірт сөздер. Олар да, жоғарыда айтылғандай, не бөгде тілдің, не көне түркілік тұлғаның, не түркілік синонимдердің бірі болып табылады.
Қос сөздер құрамындағы ескі бірліктер көбінесе этимологиялық ізденістердің нысаны болып есептеледі. Мысалы, ағыл-тегіл, азын-аулақ, алба-жұлба,ағайын-ажы, әуре-сарсаң, бөлек-салақ, дені-қарны, дос -жаран, жүдеп -жадау, кіші -гірім, қыз-қырқын, тын-қыстау, ләм-мим, анда-санда, сүйек-саяқ, ептеп-септеу, сый-сияпат, қуғын-сүргін, сыбай-салтаң, жылап-сықтап, түйе-теге, телегей-теңіз, тоқты-торым, арық-тұрық, ұсақ-түйек, тым-тырыс, ұшан-теңіз, үрім-бұтақ, бала-шаға, шама-шарық, жауын-шашын деген қос сөздердің курсивпен көрсетілген сыңарлары - бұл күнде жеке қолданылмайтын, жеке тұрғандағы мағыналары да түсініксіз тұлғалар екендігі көрініп тұр. Осылардың этимологиясымен кезінде Ә.Қайдаров, І.Кеңесбаев, М.Қарашева, Б.Сүлейменова, С.Исаев, Ш.Сарыбаев, А.Махмутов, Ә.Құрышжанов, Ж.Болатов сияқты ғалымдар айналысып, жақсы көрсетіп берген болатын (Қазақ тілінің қысқаша этимологиялық сөздігі. - Алматы: Ғылым, 1966).
Бұл көрсетілгендер сияқты бүгінгі қазақ тілінде дербес мағынаға ие болып, жеке қолданылмайтын, бірақ түптөркінін қаузағанда, көпшілігі көне түркі сөздері екендігін, бүгінгі күнге фонетикалық-морфологиялық бітімдері өзгеріп жеткен сөздер болып танылатынын көрсету үшін ғана әңгіме еттік. Ал біздің бұл жұмыста зерттеу нысаны болып отырған лексикалық бірліктер – жеке сөз ретінде ертеректегі өлең-жырларымызда, мақал-мәтелдерімізде қолданылған тұлғалар.
Кейбір көне сөздер белгілі бір тіркесте ғана сақталған болып келеді. Мысалы, Шалкиіздің (XVI ғ.) толғауында кездесетін атайы ердеген тіркес бар. Сөз түбіріне қарап, оны айтулы, атақты, атаулы сөздерінің синонимі шығар деп топшылауға болады, жоғарғы сөздер де ескі өлең-жырларда ер сөзімен тіркесте қолданылған. Бұлар мағына жағынан осы күнгі атақты, белгілі деген сөздерге жақын. Дегенмен Шалкиіз қолданған атайы сөзінде «атақты» дегеннен гөрі тұтас тіркес «нағыз батыр» деген мағынада келеді. Шалкиіз:
Атайы ердіңтұсында
Тұлпары тұрар шарық ұрып, - дейді, яғни нағыз батырдың қасында тұлпары дайын тұрар дейтін сияқты. Немесе:
Атайыердің баласы,
Атадан жалғыз тудым деп,
Басына қиын іс келсе,
Ісін көпке салар ма? - дегенінде әңгіме етіп отырған жай атақты (аты шыққан) ер ғана емес, қас батыр дегенге меңзеп тұрған тәрізді.
Атайысөзі атақты, айтулыдеген сөздермен түбірлес (ат, атақ)болып көрінгенмен, мағынасы жағынан бұлардан бөлек (өзге) сөз болуы керек деп те топшылауға болады. «Күшті, мықты» деген семантиқалық негізі не реңкі бар бұл сөздің атайман, атайтын деген варианттары да бар. Жергілікті сөз ретінде: атайман жігіттер, атайман жылқы, атайман түйедегендерде «күшті, мықты» деген мағынада қолданылады, ол Қызылорда, Сыр бойында, Орынбор маңында «өте, тым, тіпті» деген мағынада (атайман алысекен, ет атайман семізекен, күн атайман суық екен), тіпті бір жерлерде (Қызылорда, Қармақшы аудандарында) «бұзық, қырсау» (атайман мал) мағыналарында жұмсалады (ҚТАС, 76-бет).
Сөйтіп, батырлар жырларында атайы ер («мықты, күшті ер, қас батыр») деген тіркес атаулы, айтулы ер («атақты, даңқты» ер) деген қолданыстарда мәнмәтінге қарап екі түрлі мағынадағы және біреуі (атайы) ескіліктің бірі деп танылған дұрыс.
Сол сияқты қоғалы көлдер, қом сулар деген бейнелі тіркестегі қом сөзі - көне сөз, мағынасы «толқын», демек, «жағасына қоға өскен (тыныш жататын) көлдер мен толқыны болатын өзендер» дегенде өте ертедегі бабаларымыздың тілінен қалған қом (толқын) сөзі тек су сөзімен тіркесте ғана сақталыпты.
Батырлар жырында жиі кездесетін толғамалы деген сөз негізінен толғамалы ақ найза, толғамалы ала балта, толғамалы ақ сүңгі, толғамалы найзадеген тіркестерде кездеседі. Бұлардағы толғамалы сөзі - «оралған» дегенді білдіретін өте көне сөз, яғни найза, сүңгі, ай балта (ала балта) сияқты ұрыс-соғыс құралдарын ұстағанда (жұмсағанда) саптары қолдан сусып, жылжып кетпеуі үшін оны былғары, қайыс, жіп сияқтылармен орап тастайтын болған неме­се олардың ағаш саптарын орама (спираль) түрінде кертіп қоятын болған. Мұндай қарулар толғамалы(саптары оралған, орама түрінде кертілген) болып келген. Демек, өте ертедегі бабаларымыз бір нәрсені «орау, үйіру, иіру» дегенді толғау деген екен: оl jun tolyadi - он мотал шерсть (ДТС, 1969,573-бет).
Міне, лексикалық ескіліктер сақталған көздер – осындай.

[1]История Қазахской ССР. - Т.З. - С. 218.


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз







08/04/2024 11:55

Хабарландыру!
0 422 0



26/03/2024 16:15

Хабарландыру!
0 757 0

















02/05/2017 12:29

Қостілділік мәселесі
0 46138 0





05/06/2017 11:24

Абылайханның күйлері
0 43752 3


ТЕКСТ

Яндекс.Метрика