КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА


Киiм – адамзат баласының өмiр табалдырығынан аттаған сәттен бастап жалаңаш тәнiн жауып, рухын, ар-ожданын қорғап, күзететiн, ұлттық дүниетанымы мен мiнез-құлық болмысының ерекшелiгiн қалыптастырып, әсемдiк пен сұлулық табиғатын, түр мен түстi қабылдаудың көркемдiк-эстетикалық талғамын тәрбиелейтiн тағылымы мол, рәмiздiк мәнi бар атаусөз. Мифтiктанымда күннiң фазасына байланысты мың құбылып шашылған сәуле шапағының реңiнен зеңгiр көктiң алуан бояуға малынуын Құдайдың киген киiмiне балайды. Қазақ “ағаш көркi – жапырақ, адам көркi – шүберек”, – деп екi басқа құбылысты жарыстыра қатар қойып, реалды өмiрдiң сәнi мен мәнi табиғат пен адам арасындағы ақиқатты параллель жасап, астарлы ой түйедi. Ежелгi адамдардың киiм үлгiлерiнен жаратылыстың тылсым сиқырын қисындауға байланысты iлкi ырым-сырымы мен наным-сенiмдерi, мекен еткен өлкенiң ауа райы мен табиғи орналасу ландшафтысы, өсiмдiк пен жан-жануарлар әлемiнiң тигiзген әсерiнен туған елiктеудiң iз-бедерi, қиял аңсары ап-анық бiлiнiп тұрады. Киiм арқылы оның иесi қай елдiң өкiлi екенiн, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрi, әлеуметтiк-иерархиялық мәртебесi мен қызметiн, мамандық машығын, т.т. белгiлерiн жазбай ажыратуға болады. Демек, киiмнiң негiзгi функциясы – табиғи ортаның суығы мен ыстығынан, жауын-шашыны мен жел-құзынан қорғап, энергетикалық терiс зарядтардан сақтаумен қатар, ұлт жаратылысының қалыптасуы мен кемелденуiнiң ұзын-ырға ұз-а-ақ ғұмырнамалық рухани парасат келбетiн танытатын этнографиялық һәм философиялық, мифологиялық және теологиялық, дизайндық әрi тәлiм-тәрбиелiк түрлi қыр-сырынан ақпарат берiп, ойшылдық өре деңгейiнiң өнерге көшкендегi дараланған төлтума жасампаздық қолтаңбасын жарнамалайтын, бойына сан алуан қызмет жүктеген синкреттi ұғым. Сондай-ақ, адам дене мүшелерiнiң қызметi макрокосмамен [ғаламшар] арадағы тығыз қарым-қатынас бiрлiгiн бiлдiретiн жұптастығының нысандық белгiсi. Мiне, осы даналық ғибраттың образды бейнесi бағзы ұлыстық киiм үлгiлерiнiң пiшiнiнен көрiнiс табады. Қадым заманнан бүгiнге жеткен қазақтың сондай жәдiгерiнiң бiрi – қалыңдығының басына киетiн сәукелесi.
Тiлiмiздегi этномәдени сәукеле сөзiнiң о бастағы шығу тегi сақ дәуiрiне барып тiреледi. Атауды морфологиялық жағынан талдасақ, екi компоненттен құралған: алдыңғы буынындағы “сәу” байырғы “сақ” тайпа атының тiлдiк өзгерiске түсуiнен қалыптасқан. Сөздiң екiншi бөлегiндегi “келе” бас киiм ұғымындағы архаизм. Яғни, сәукеле этнографизмiнiң мағынасын “сақтардың бас киiмi” деудiң мүмкiндiгi бар. Сақтардың бастарына биiк, тiк тұратын, төбесi шошақтау келген үшкiр, сәндi бас киiм киетiндiгiн сол дәуiрде өмiр сүрген грек ойшылдары Страбон, Геродот та куәландырады. Тарихтың атасы саналған бiлiмпаздың өте маңызды мәлiметтi әдейi аманаттауынша: “Парсылар барша скиф бiткендi сақ деп атайды”(Геродот. История в девяти книгах. Л.: Наука, 1972. Стр. 333). Демек, көшпелi скиф пен сақтың тегi бiр халық, қазақтың арғы бабасы екендiгiне еш дау туғызбайды. Еуроцентристiк көзқарастағы ғалымдардың сақ мәдениетiн төрүкке қиғысы келмей, iштарлық пен қызғаныштан күмән туғызып, “ирантiлдес” деп, парсыға бұру астарында осындай ұстанған құйтұрқы саясат бар. Бiрақ, соңғы жылдардағы археологиялық қазба жұмыстары кезiнде табылған заттық және жазба айғақтарды ғылыми сараптама жасаудың нәтижесi бұл тұжырымның негiзсiздiгiн дәлелдедi. Қоғамдық өмiрдiң мәдениет тарихында әрбiр елеулi жаңалық өнертапқыштың этникалық бiрлестiгiнiң (ру, тайпа, ұлыс) атына телiнiп отырған. Мысалы, сөздiк қордан шығып қалған “сағiр – конус пiшiнiндегi ыдыс [посуда в форме конуса]” (Индекс-словарь составлен на основе “Девану лугатит турк”, подготовленного к печати С.Мутталлибовым (Ташкент, 1960–1963 гг.) и Рифатом (Стамбул, 1915–1917 гг.). Стр. 214). Сәукеле де әлгi сөзге ұқсас реликтi. Әу бастағы “сақ келе” тұрақты тiркесi уақыт пен кеңiстiк арасындағы ұдайы сұранысқа орай белсендi жұмсалудың барысында бiрiгiп, кiрiгiп, үндестiк заңына сәйкес бiрiншi буындағы “қ” қатар келген “к” дыбысының әсерiнен жұтылып, соңғысына бағынып, сәукеле лексикалық тұлғасына айналған.
Орта ғасырдағы лексикографиялық еңбекте “сағ” сөзiнiң төмендегiдей мағыналық қырлары түзiлген:
“САҒ: ақыл. (Оғызша);
САҒ: зеректiк, зейiндiлiк; зейiн. (Оғызша). “Сенде сағ иоқ – Сенде зейiн жоқ”.
САҒ: саулық; саламаттық. “Иенiң сағмұ – Денiң сау ма? Сағ сув – сау су; Таза су”.
САҒ: оң. “Сағ елiк – Оң қол”.
Бұл сөздердiң бәрi де оғызша. Түрiктер бұл сөздердi бiлмейдi.
САҒ: сабау. Жүн сабайтын сабау.
САҒ: сары; “Сағ иағ – Сары май”.
САҒ: таза, саф. “Сағ көңүл – саф, таза көңiл; ақ көңiл”. (Махмұт Қашқари. Түрiк тiлiнiң сөздiгi. 3 томдық шығармалар жинағы. Үшiншi томы / Қазақ тiлiне аударған А.Егеубай. – А.: ХАНТ., 214-б.). Бұл тiлдiк деректер “сағ” полисемиялы сөзiнiң қолданыстағы әмбебаптығын көрсетедi.
Ендi “келе” сөзiнiң түп-төркiнiн қарастырайық. “Келеге кеңес кiргiздi. Ортаға ой, ақыл салды; қауымға ақыл қосты.
Келелi кеңес [сөз]. Ақылға қонымды ауқымды әңгiме”. (I.Кеңесбаев. Қазақ тiлiнiң фразеологиялық сөздiгi. А.: Ғылым, 1977, 246-б.). Ежелгi мәдени ескерткiштерге сергек қарайтынакадемик Әлкей Хақанұлының монографиясынан осыған қатысты дерекнамалық тұстарына назар аударалық: “Көк күйме арба мiнiп жүретiн Қыз Жiбек сияқты, қыпшақ қыздарының сыртқы сәулетiне Ибн-Батутаның мына сөздерi де дәл келерлiктей: “Жеккен атқа алтынмен безелген жабу жауып қояды… Ханның әйелдерi басына қарқара қадаған, асыл тастармен маржандаған (зейнеттеген) баутақ (кимешек) киедi, үстiнде жауһармен безелген жiбек киiмдерi болады. Жас әйелдер басына алтын жиек желек, қыздар келе (сәукеле)киедi. [Әлекең Ибн-Батутаның еңбегiне сiлтеме жасағанда, қазақ ғұрпында қыздардың бәрi бiрдей сәукеле кимейтiнiн ескертiп, түсiнiк беруi керек-ақ едi.Өйткенi сәукеле ұзатылатын немесе келiн боп түскен қалыңдықтың ғана бас киiмi екенi баршаға аян – А.Мек.] Келелердiңтөбесiн асыл тастармен безендiрiп, алтынмен көмкерiп қояды. Оның үстiне қарқара қадайды” (Ибн-Батутаның Дештi-Қыпшаққа саяхаты. 15-б.)” (Әлкей Марғұлан. Ежелгi жыр, аңыздар. А.: Жазушы, 1985, 49-б.). Осы келтiрiлген мысалдардан келе сөзiнiң “бас, ақыл-ой, бас киiм”мағыналық реңктерiн байқау қиын емес. Сондай-ақ, атаудың лексикалық тұлғасы сақталып, iшкi мәнiнiң түп қазық семасы ұйытқы қызмет атқарып тұр. Алайда, бұл сөздiң қолданыстағы аясы құбылмалы қоғамдық сананың өзгеруiмен шектелiп, жұмсалу өрiсi уақыттың белгiлi бiр сатысындағы таным деңгейiнде қалып қойған. Ана тiлiнде “келе”-нiң фонетикалық жанама нұсқасы келде. Дәйекке жүгiнейiк: “Үлкендерден естуiмiз: қазақтар ертеректе (шамасы ХVШ ғасырға дейiн болса керек) намаздың шартын, дұғалықтарын бiлмеген шақта, намазға “ақ қойдың келдесi (басы), қара қойдың келдесi, мен құдайдың пендесi” деп жығыла берген…”(Мұқанов Сәбит. Халық мұрасы. А.: Қазақстан, 1974, 47-б.). Бұдан бiз келде сөзiнiң тiлдiк қабатын шамалаумен қатар, көшпелi далалықтар танымына ислам дiнiнiң қағидалары толық сiңiп үлгермегенiн аңғарамыз. Осы ретте түбiрi ұялас келе мен келде атаулары семалық мағынасы бiр деген түйiндi байлам жасауымызға итермелейдi. Өйткенi, “кел+е” сөзiнiң этимологиясы [бағзы ұлыстық сенiмде Теңрiнiң құдiретiмен келетiн], уақытпен бiрте-бiрте толыса, кемелдене түсетiн естi, сананы, зерденi [әлбетте, ауыспалы мағынада басты] бiлдiредi. Әдеби тiлде бас сөзiнiң орнына кәллә нұсқасы жұмсала бередi. Лексикографиялық iргелi еңбектерде бұл сөз иран тiлiнен енген деген жаңсақтық жiберiлген. Бәлкiм, кәллаатауы қазаққа сiңген байырғы кiрме соғдылардың тiлдiк артикуляциясы арқылы қалыптасқан диалектiлiк ерекшелiк болуы да ғажап емес. Төлтума төрүк келе атауы ежелден шекаралас ел иран тiлiне өтiп, соның әсерiнен [көршi халықтар арасындағы тарихи миграциялық қозғалыстарға, мәдени қарым-қатынасқа байланысты болуы да ықтимал] өз отанына керi оралғанда лексеманың дыбыстық жүйесi өзгерiп кәллә нұсқасы қабылдануы әдеттегi құбылыс. “Әр кәлләда бiр қиял”, – деген мәтел бар.
“Алтын сапты ақ берен,
Деммен тартып тиедi.
Кейбiрiнiң кесiп кәлләсын,
Кейбiреуiн тiледi…” (107-б.).
“…Кәлләсын кеспей қатындар
Қырықты барып теректi…” (Батырлар жыры. Екiншi том. А.: Жазушы, 1986, 114-б.). Бұл жыр жолдары кәллә сөзiнiң ауыз әдебиетiнiң байырғы үлгiлерiнде сақталғанын көрсетедi.
Сонымен пiкiрiмiздi жинақтап, қорыта пайымдасақ, сәукеле – бойжеткеннiң ұзатылуынан бастап, келiн боп түскен тойынан бiр жылға дейiн, тiптi тұрмыс құрған жұбайлық өмiрдiң алғашқы жылдарында мейрамдар мен той-томалақта киетiн бас киiмi екен. Сәукелеұғымының мәнi – “қалыңдықтың жан-тәнiнiң тазалығы мен салауаттылығына, ақыл-ойының тұнықтығы мен сергектiгiне кепiл ғұрыптық қорған белгiсi”, – дегендi бiлдiредi. Бұл көшпелiлер идеясын тарата сабақтар болсақ, ежелгi төрүк руна жазуындағы графикалық [чың] йероглифiнiң(Т. Досанов. Письмо небесного гостя, или тайна древнетюркской руники… А., 1997. Стр. 11.) қолөнерге аударғандағы ұлыстық ойлау жүйесiнiң сипаты шығады. Жер бетiндегi биiктiктiң өлшемi, ауа арқылы биосфераға тарайтын тiршiлiкке зиянды, жайсыз энергия қуатын реттеп тұратын, географиялық бағыт-бағдардың маягы – тауларды Теңрi жаратты. Содан ғибрат алған адамзат рухани сәулеттiк құрылыс ескерткiштерiн тұрғызуды үйрендi. Сақтардан жеткен дала пирамидасы – қорғандар, тастан шегенделiп тұрғызылған дың [“дың/дің{діңгек}→шың/чың” сөздерінің өзара мазмұндық, фонетикалық варианттылығы тілдік тәжірибеде қажеттілікке сәйкес дербес мағына үстеген стильдік реңкті білдіретін дара-дара ұғымға айналған – А.Мек.], обалар жаны көкке ұшып шыққан қандастарының сүйегi қалған киелi орынға жасампаздықпен жасалған мәңгi үйi, дәстүрлi рәсiммен қойылған салт ескерткiшi. Қазақтың құтханасы – киiз үйi де көк күмбезiнiң декорациялық пiшiнi, ғаламшармен рухани бiрiгiп, тұтасудың өнермен өмiр шындығына ұштастырған даналық архетип бейнесi. Жалпы ұлттық дүниетаным ғұрпында сакралды жад қорын сақтайтын басқа киетiн киiм үлгiлерiнiң пiшiнi тебетей, телпек, тақия, қасаба, қалпақ, сәукеле, т.т. метамарфозалық әдiстен туған.
Қазақ өмiрiн жан-жақты зерттеген жатжұрттық оқымыстылар аз болмаған. Сырт көз сыншы, көргенiн бұлжытпай баяндайды: “…Қалыңдықты үйiнен әкетерде қыздың әкесi оған ежелгi ғұрып бойынша үстiне айналдыра оқаланған қызыл шұғадан көйлек және төбесi үшкiр, асыл метал моншақтармен зерленiп, әшекейленген сәукеле кигiзедi…” (В.В.Радлов. Из Сибири. М., 1989. С.308). Әдетте ұзатылатын қыздың арнайы үйлену тойына дайындалған киiмi мен сәукелесiнжеңгесi киiндiредi, оған әкесi түгiл шешесi де араласпайды. Яғни, В.В.Радловтың жазған дерегi мүлдем қате, бұрмаланғандығы шүбәсiз. Қазақ даласын аралап, тiлi мен әдет-ғұрпына, тұрмыс-тiршiлiгi мен салт-дәстүрiне байланысты өз көзiмен көрiп, сезiнгенi туралы құнды пiкiрлер қалдырған ғалымның кей сәтте ағаттық жiберiп алғаны да байқалады.
“И.И.Ибрагимовтiң сипаттауы бойынша, “Сәукеле – конус тәрiздi биiк, күмiс және алтын тиындармен, iнжу, маржан тастармен безендiрiлген бас киiм. Ұзындығы – 1,5 аршын…”(А.Х.Маргулан. Казахское народное прикладное искусство. Том 1. А.: Өнер, 1986. С. 117.), – делiнген. Егер аршын өлшемi – шынтақтан саусақ ұшына дейiнгi ұзындық болса, 1,5 аршынның әжептәуiр биiк екендiгiн көз алдына елестетуге болады.Ұлттық қолөнер саласының жанашыры С.Қасиманов “…Сәукеле төбесiнiң биiктiгi екi сүйем, кейде одан да биiк болады. Төбенiң өн бойын алтын, күмiс, меруерт, маржанмен, асыл тастармен өрнектеп, алтын жiппен әшекейлейдi. Ертеде кiшi жүздегi Байсақал дегеннiң қызының осындай бiр сәукелесiн 500 биеге бағалаған.
Сәукеленiң екi жақ самай тұсынан бетке жеткiзе шолпы тәрiздендiрiп бiрнеше қатар маржан тiзiлген салпыншақтарды бетмоншақ немесе сәукеленiң бетмоншағы деп атайды.
Сәукеленiң төбесiнде алтынмен, күмiспен әшекейленген қатырғы болады. Тiзiлген моншақты, асыл матадан, ақ жiбектен жүргiзген желектi осы қатырғыға бекiтедi. Мұны бергек деп атайды. Кейде бергекке тоты құстың бiрер тал қауырсынын тiгiнен қыстырып бекiтiп қояды, оны қарқара дейдi. Сәукеленiң арт құлағы шашақ тәрiздi белге дейiн жетедi. Сәукеленiң ең сыртынан жауып қойған шашақты, әшекейлi жiбек мата бар, ол көйлектiң етегi құсап, жерге сүйретiлiп жүредi…” (С.Қасиманов. Қазақ халқының қолөнерi. А.: Қазақстан, 1995, 165-б.), – деп жазады.
Жанарыңды арбайтын сәукеленiң сән-салтанатының ғажайып көркi мен композициялық құрылысының үйлесiмi көңiл әлемiн шуаққа бөлейтiн ұлттық дүниетаным iлiмiнiң шоқтығы биiк кескiндемесi. Қолөнер туындысының әрбiр тетiгi философиялық ойды меңзейдi. Сәукеленiң конус тәрiздi биiк төбесiнiң ұшар басындағы бергекке тоты құстың бiрер тал қауырсынын немесе үкiнiң үлпiлдек жүнiн қадап, алтын, күмiс, асыл тастармен безендiрiп, айналдыра зерлеуi – әлемдiк философиядағы көк пен жердi жалғастыратын кiндiгi тау мен жемiс беретiн өмiр ағашына шендестiрiп, егiздеудiң қолөнердегi ұлттық хрестоматиялық көрнекi құралы.
Бұрынғылардың идеясын аңыз, ертегiге орап беру – халық атаулының нобайына тән. “…Ертеде ғұн ханының асқан сұлу екi қызы болыпты. Оларды ақсүйектер Құдайға балапты. Әкесi қыздарын күйеуге бергiсi келмей, көкке арнап, қала сыртындағы аулақтан биiк мұнара тұрғыздырып, оған қыздарын құлыптап, Көк Иесiнен оларды қабылдауын өтiнедi…” (Г.Потанин. Монгольское сказание о Гэсэръ-хане. По вопросу о происхождении русскихъ былинъ. Журнал“Вестник Европы”, 1890, N9. С. 105.). Осы мифтiк әңгiме сюжетiндегi ханның көк Теңрiне арнаған қыздарын биiк мұнарада ұстау себебi жоғарғы әлеммен байланыстыратын дәнекерге балап тұр. Мiне, осы сияқты қыр қазағында ғашықтар хақында тебiрене хикаялаған тамаша сюжеттер көп-ақ. Сондай халық ауызында жатталып, атадан балаға желiсi үзiлмей жеткен “Қозы Көрпеш-Баян Сұлу” лиро-эпостық шығармасы. Өмiрдегi сүйгенiне қосыла алмаған қос мұңлыққа арналған құла дүздегi тастан өрiлген зәулiм сағана күнi-түнi, қысы-жазы, ғасырдан-ғасырға мiгiрсiз соққан жел уiлiндей жыр боп еседi.
Философ Ғарифолла Есiм “Сыр сақтап тұрған “Қозы Көрпеш-Баян Сұлу” күмбезi. Мұқағали айтқандай жұрттарда қалған жұмбақ та осы – күмбезде” (Махаббат мұнарасы. “Егемен Қазақстан” газетi, 28 желтоқсан, 2002 ж.), – дейдi. Әлбетте, гәп күмбезде! Жұмбақтың сыры – саф тазалықтың, мөлдiр махаббаттың құрбаны, ару жүректiң пәк сезімі мен ұлығ арман аңсары толқын-толқын өскелең буынға сәулет өнерiнiң шеберлiгiмен сәукеле пішінінде астарлы тiл қатқан символдық ишарасы. Демек, сәукеледе жарасымды сәнмен бiрге халықтық ғұрыптың өнегесi сақталған тұңғиық мәнi де бар!..

Аманқос МЕКТЕП-ТЕГI,
филология ғылымының кандидаты,
Әл- Фараби атындағы ҚазҰУ-дың доцентi
qazaq.kz

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз