КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА


Ұлттың ар-намысы

Авторы: MTDI

24/05/2017 10:26   0   13306   0

Түркологияның ғылыми негізінің Қазан, Мәскеу лингвистикалық мектептерімен кезінде Ленинград университетінің Шығыстану факультетінде жұмыс істеген түркологтардың еңбектерінде қаланғаны белгілі. Ал Қазан лингвистикалық мектебі он тоғызыншы ғасырдың 30-50 жылдарында қалыптасты, осы аралықта ғана түркологияға қызмет етті. 
Міне, осы тұстан былай аталмыш лингвистикалық мектептің ықпал-әсерімен бүгінгі түрік халықтарының алғашқылингвист ғалымдары өз ана тілдерінің әліпбиін, жазуын қалыптастыруға, дыбыстық жүйесін белгілеуге, грамматикалық құрылысын зерттеуге, лексикалық қабатын қарастыруға ден қоя бастады. Осы қатарда қазақ лингвистері де өткен ғасырдың 10-20 жылдарында алғашқы (жаңа) әліппенің фонологиялық, графикалық, по­лиграфиялық, орфографиялық негіздерін, морфологиялық және синтаксистік заңдылықтарын айқындау сияқты мәселелерді қолға алды. Бұл ретте «Қазақ тіл ғылымын тұңғыш бастаушы, ірі түрколог Ахмет Байтұрсынұлы» (К. Мұсаев) әуелі тіліміздің әліпбиін, графикасын жазып шықты. Бұны кейін Е.Д. Поливанов, А.Н. Самойлович сынды әлем түркологтары «Новая казак-киргизская (Байтурсуновская) орфография», «Байтурсунская графика», «Байтурсунский алфавит» деп атап кетті. Үлкен әспет! Олар аталмыш әліпби туралы мысалы былай деп жазды: «Эту последную форму, которую приняла казак-киргизская графика в 1924 году, я, во всяком случае, считаю уже не нуждающейся в исправлениях и представляющей последний шаг в историческом формирований национальной графики, которым с полным правом могут гордится киргизские деятели просвещения – создатели реформы как крупным культурным завоеванием. Казак-киргизам более посчастливилось, чем другим турецким нациям, в выработке правописания, а именно, общепризнанна т.н. Байтурсуновская графика… («Бюллетень Среднеазиатского государственного университета». Вып. 7. Ташкент, 1924). «Байтурсунов является и первым выдающимся казахским ученым-лингвистом. Он – реформатор орфографии казахского языка, основоположник его грамматики и основатель теории казахской литературы» («Литературная энциклопедия». М., 1931. Т.5.).
Ахмет Байтұрсынұлы түркологтар тарапынан қазақ қоғамындағы ірі мәдени оқиға ретінде бағаланған бұл еңбегінен соң іле қазақ тілін алғаш дыбыс жүйесі, сөз жүйесі, сөйлем жүйесі тұрғысынан зерттеп, оның фонологиялық, грамматикалық біртұтас жүйесін ашып көрсетеді. Соның негізінде өзінің «Дыбыс жүйесі һәм түрлері», «Сөз жүйесі һәм түрлері», «Сөйлем жүйесі һәм түрлері» деген еңбектер сериясынан тұратын «Тіл – құрал» атты өзінің ғана емес, бүкіл қазақ тіл білімінің бас кітабын, монографиясын жариялады. Оның үстіне бұл (П.М.Мелиоранскийдің грамматикасына қарағанда) көлемі жағынан да толық (240 бетке жуық). Қазақ тілі мұнда, жоғарыда айтқанымыздай, алғаш рет өзінің бай төл материалы, бар болым-болмысы негізінде, ең бастысы, бастан-аяқ қазақ менталитеті тұрғысынан қарастырылған. Оның осындай ғылыми терең негізде жазылған, біртұтас, мүлдем жаңа мазмұнды, бөлек типті грамматика екенін түрколог ғалымдар қазір орынды атап көрсетуде.
А.Байтұрсынұлының сөз болып отырған осы «Тіл – құралы» арқылы тұңғыш қазақ грамматикасының ғылыми негізі қаланғаны туралы белгілі ғалым Ырысалды Құсайын былай деп жазады: «Ахмет Байтұрсынұлы үш бөлімнен тұратын «Тіл – құралымен» қазақ тілінің грамматикасының ғылыми негізделуі дәрежесін аз уақыттың ішінде өзінен көп ғасырлар бұрын бастау алып дамыған, ғылыми тұрғыдан кемелденген басқа тілдер грам­матикаларының деңгейіне жеткізді».
Ал К.Мұсаев А.Байтұрсынұлының тіл құрылымын тұтас бір жүйе ретінде алып қарайтынын және оның бұл еңбегін жазуға жеткілікті ғылыми дайындықпен, батыс және орыс әдебиетін жете біліп барып кіріскенін, сондықтан да «Тіл – құралдың» тек қазақ тілі үшін емес, жалпы түркология көлемінде жоғары бағаланатынын орынды атап көрсетеді: «А.Байтұрсынұлының ғылым саласында көп оқып, батыс әдебиетін, орыс әдебиетін жақсы білгендігі барлық еңбектерінде айқын көрініп тұр... Тілдің құрылымын зерттегенде «Дыбыс заңы», «Сөз жүйесі», «Сөйлем жүйесі» деп бөліп, тілге таңқаларлықтай жүйелі түрде қараған, қазіргі лингвистикалық түсініктерді алдын ала болжай білген. А.Байтұрсынұлының қазақ, түркі ғылымы үшін аса бағалы еңбектері – «Тіл – құрал» деп атаған кітаптары. «Тіл – құралдар» тек оқулық емес, ғылыми еңбек нәтижесінде жазылған, өз заманындағы теңдесі жоқ еңбектердің бірі болды».
А.Байтұрсынұлы «Тіл – құрал» атты бұл зерттеулер сериясының сыртында «Оқу – құрал», «Баяншы», «Әліппе», «Әліппе-астар», «Тіл жұмсар», «Сауат ашқыш» тәрізді тағы бірсыпыра кітаптар жазды. «Тіл – құрал» сияқты бұлар да сол 1912-1928 жылдар аралығында әлденеше рет қайта басылды. Журнал, газет беттерінде де қазақ тілі туралы көптеген проблемалық мақала жариялады. Оның алуан тақырыпты осы грамматикалық еңбектерінің, оқулықтары мен оқу құралдарының, әсіресе «Тіл – құрал» атты жүйелі зерттеулер сериясының негізінде ана тіліміздің грамматикалық құрылысы өзінің ең басты ұғымдық категориялары, фонологиялық жүйесі, арнайы ғылыми аппараты, біртұтас терминологиясы жағынан жете сараланып, қазақтың тұңғыш грамматика ілімі бой көтерді.
Осы ойымызға орай, мына бір жайға көңіл аударғымыз келеді: 1943-1951 жылдар аралығында төрт бірдей қазақ лингвисі ғылым докторы болды. Олар – Н.Т.Сауранбаев, І.К.Кеңесбаев, А.А.Аманжолов және М.Б.Балақаев. Осы жағдайды көбінесе Ұлы Отан соғысы кезінде Алматыда тұрып уақытша қызмет еткен С.Е.Малов, И.И.Мещанинов, Н.В.Юшманов есімдерімен, солардың кеңес-көмегімен байланыстырамыз. Олардың ондай қолғабыстығы, көмегі, әлбетте, болды. Оны, сөз жоқ, мойындау керек. Бірақ қалай дегенмен негізгі фактор ол емес. Өйткені, бұлардай белгілі орыс түркологтары соғыс жылдарында Өзбекстанда да, Қырғызстанда да, Түркменстанда да болды. Мысалы, А.К.Боровков пен В.В.Решетов – Тәшкенде туып, сондағы Орта Азия мемлекеттік университетін бітірген, өзбек тілін зерттеп, 60-жылдарға дейін осында қызмет еткен ғалымдар. К.К.Юдахин мен И.А.Батманов бол­са, олар да ұзақ жылдар Бішкекті мекендеп, қырғыз тілін зерттеді. Ал А.Б.Поцелуевский 1923 жылдан 1948 жылға дейін Ашхабадта өмір сүрді, түркімен тілінен бірнеше еңбек жазды. Алайда, бұл республикалардың бірде бірінде ұлт өкілдерінің арасынан 1950 жылдарға дейін Қазақстандағыдай қатар түзеп шыққан лингвист-докторлар болған жоқ. Осыған қарағанда Қазақ топырағынан тұңғыш төрт бірдей ғылым докторының құйрық тістесе шығуына соғыс жылдары жоғарыда аталған орыс ғалымдарының Алматыда тұруы себеп болды деу соншалықты дәл бола қояр ма екен? Біздің ойымызша, оған бастау, мұрындық болған шешуші факторды А.Байтұрсынұлы есімімен байланыстырған негіздірек көрінеді.
Өйткені, жоғарыда атап көрсеткеніміздей, қазақ тілінің дыбыс жүйесі, грамматикалық құрылысы, негізгі ұғымдық категориялары ғылыми тұрғыдан алғаш рет А.Байтұрсынұлы еңбектерінде сипатталды; қазақтық грамматика ілімі, өзіндік арнайы терминдері соларда қалыптасты. Соларда былайғы жерде қазақ тілін қай қырынан да алып қарастыруға, ғылыми түрлі зерттеулер жүргізуге қажет негіз жасалды. Жоғарыда аталған аяулы төрт ұстазымыз да өздерінің лингвистикалық зерттеулерін, сол қатарда мысалы, кандидаттық та, докторлық та күрделі зерттеулерін осы дайын «топырақта» сабақтастықта жүргізді.
Осы арада академик Д.С. Лихачевтің мына бір пікірі көңіл аударады: «Концепции В.В. Виноградова не завершали исследований, а открывали для них ши­рокие пути, отличаются долговечностью и фундированностью». В.В. Виноградовқа қаратылып айтылған осы сөздерді А.Байтұрсынұлы туралы да айтуға болады. Зерттеулерді аяқтамайтын, қайта оларға кең жол ашатын ондай концепциялар Байтұрсынұлы еңбектерінде де жоқ емес. Соларды әрі қарай дамытатын, сөйтіп «ана тілінің білім есебінде тереңдейтін дәуірінде» (Әуезов М. Жиырма томдық шығармалар жинағы. А., 16-том. 1985. 10 б.)
Н.Сауранбаев, І.Кеңесбаев, С.Аманжолов, М.Балақаев сынды алғашқы аға буын ғалымдарымыздың қазақ тілінің түрлі өзекті мәселелеріне арнап док­торлық диссертациялар жазуына қажетті ғылыми негіз осылай А.Байтұрсынұлы еңбектерінде қаланды.
Сондықтан Ахмет Байтұрсыновтан берідегі үлкенді-кішілі қазақ грамматикаларының барлығы дерлік ең алдымен, өзінің құрылымдығымен, бір деңгейлігімен, бұдан да әрірек салып айтсам «бір тектілігімен» ерекшеленеді. Алайда, құрылымды грамматиканың бұл біртектілігінің, бірдеңгейлігінің, құрылымдығының шегі-шеті жоқ емес. Осы төңіректегі ойларымды осынша сатылап, осынша саралай отырып, қиялай жеткізбек болғандағы, әсіресе көңіл аударайын дегенім: ғасырлар бойы үзбейүздіксіз бір жүйеде дамып келе жатқан, өзара етене жақын, өзара туыс түрік тілдерінің өздерінде де тек бір тектен ғана тұратын, яғни не бірыңғай құрылымды, не оған керісінше бірыңғай функ­ционалды грамматикалардың кездеспейтіні, болмайтыны.
«Ғылым дегеніміз – дүниені, табиғатты дұрыс тану» (А.Байтұрсынұлы). Ал дүниені, табиғатты дұрыс тану – әр халықтың айналып келгенде, өзін тану болып шығады. Демек, этнос атаулының қай-қай­сысының да ғылымы өзін танудан бастау алады. Және қай халықта да түрлі ғылым салалары ешқашан «қол ұстаса» қатар тумайды. Жапатармағай бір мезгілде қалыптаспайды. Мұндайда алдымен, кейбір қоғамдық ғылым салалары сараланып шығады. Қазақта да, мысалы, солай болды: бүгінгі бүкіл қазақтық ғылымның көген басы ретінде әуелі тіл білімі, әдебиеттану бой көрсетті. Олардың әрқайсысының дербестеніп кетуіне А.Байтұрсынұлы ұйытқы болды. Бұларға кешікпей ғылымның тарих, этнология сияқты тармақтары келіп қосылды. Бәрі осылай бірте-бірте құрала келе Академиялық орталыққа («Акцентрге») айналды. Мұның да тұңғыш төрағасы А.Байтұрсынұлы.
Шынында да, жиырмасыншы ғасырдың алғашқы қырық-отыз жылы – қазақ өркениетінің ең бір қарқынды дамыған, гүлденген тұсы. Олай дейтініміз: ұлт мәдениеті, үлкен әдебиет, қазақтық ғылым, білім де – бәрі шын мәнінде, осы кезде ірге көтере бастады. Бәрінің де кейін қаз тұрып кетуіне, қалыптасуына А.Байтұрсынұлы тікелей мұрындық болды. Ол өткен ғасыр басында бүгінгі ұлт ғылымының көшбасшысы ретінде міне, осылай танылды. Сондықтан да оны Елдес Омаров «первый светоч науки»деп атады. Сондықтан да осы қырық-отыз жылды «Байтұрсынұлы дәуірі» десе болады. Өйткені, ол осы жылдарда ғылымда шынында дәуір жасады. Дәуір жасағаны, мысалы, мына деректерден айқын көрінеді: «Қазақ тіл білімі тарихында А.Байтұрсынұлы қазақ тілінің дыбыстық сегменттік бірліктері түзілімін дәлме-дәл анықтауы арқылы ұлттық жазудың тұңғыш рет фонемографиялық жүйесін жасады» [Нұргелді У. Ахмет Байтұрсынұлы және қазақ жазуының онтогенездік дамуы// Ұлттық рухтың ұлы тіні. 281-б.]; «Он – рефор­матор орфографии казахского языка, основоположник его грамматики и основатель теории казахской литературы» [Самойлович А.Н. Байтурсунов Ахмет Байтурсунович// Ұлттық рухтың ұлы тін: с 78.]; Ахмет Байтұрсынұлы қазақ әдебиеттану ғылымының негізін салған, тұңғыш әдебиет теориясын жазған ғалым» [Нұрғалиев Р. Алып бәйтерек// Ахмет Байтұрсынов. Ақ жол. А., 1991. 14-б.]; «Жаңадан алған хабарға қарағанда, былтырдан жазып жүрген «Мәдениет тарихы» деген кітабын осы күнде бітіріпті» [Әуезов М. Ақаңның елу жылдық тойы (юбилей)// Ақ жол. 20-б.].
Әлімхан Ермековтің бұдан шамасы отыз жылдай бұрын біздің Тіл білімі институтында істейтін әдебиетші, ғалым Сәйділ Талжановпен әңгімелесіп отырып, сөз арасында «Ахаңды ол кезде совесть народа деуші еді» ғой дегені бар. Бұл жерде көңіл аударатын бір нәрсе: Әлімхан Ермековтың жаңағы айтқан сөзінің ертеректегі мына бір дерекпен бір жерден шығатыны. Мысалы, Сәкен Сейфуллин Ахмет Байтұрсынұлының елу жасқа келген мерейтойына орай 1923 жылғы «Еңбекші қазақ» газетінде жариялаған шағын мақаласында: «Ахмет Байтұрсынұлы... оқығандардың арасынан халықтың намысын жыртып, даусын шығарған кісі», «ұлт намысын жыртып, ұлттың арын жоқтаған патша заманында жалғыз-ақ Ахмет еді», «қазақ халқының намысын жыртып, арын жоқтады», «қазақ халқының арын, намысын жоқтап», «Ахмет халықтың арын іздеп, сол өзінің ойға алған ісі үшін бір басын бәйгеге тіккен» дей отырып, халық намысы, ұлт намысы, ұлттың ары, халықтың ары тіркестерін бірнеше жерде қайталап қолданады. Шынында да, «Ұлт қамы дегенді ескерген адам болмай, қазақ құлдыққа кез болғанда, бостандыққа жол көрсеткен Ақаң еді».
Бүгінде жұртшылыққа кеңінен мәлім «Оқу құралы», «Тіл – құрал», «Тіл жұмсар», «Баяншы», «Әліппе», «Әліппе астары», «Сауат ашқыш» тәрізді бірнеше рет қайта басылған лингвистикалық еңбектері мен «Әдебиет танытқыш», «Маса», «Қырық мысал», «Қазақтың бас ақыны», «Ер Сайын», «Жоқтау», өзінің тума және аударма өлеңдері сияқты әдебиет саласындағы кітаптарының сыртында, А.Байтұрсынұлының Т.Шонановпен бірігіп (көлемі 412-бет), «Оқу құралы» атты үлкен кітап жариялағаны, оның бір данасы қазір Ұлттық кітапхана қорында сақтаулы тұрғаны жұртшылыққа тек соңғы кезде мәлім болды. Өкінішті нәрсе: Тіл білімі институты қаржы тапшылығынан осы құнды еңбекті ксерокске түсіріп ала алмай отыр.
Ғ.Мүсірепов профессор Т.Кәкішев екеуі арасында болған әңгімеде А.Байтұрсынұлының «Қазақ тілінің теориясы» деп аталатын да іргелі еңбек жазғанын және оның қолжазбасымен өзінің танысып шыққанын айта келіп, «қолжазба кәдімгі ғылыми еңбек. Төрт жүз беттен астам. Бұл оның соңғы жазған кітабы болатын» («Жалын». 1988. №5.) дейді. Мұның да, М.Әуезов айтқан «Мәдениет тарихы» атты еңбегінің де былайғы тағдыры әлі белгісіз.
Замандастарының айтуына қарағанда, А.Байтұрсынұлының бұлардан да басқа біраз еңбегі кезінде жарияланбаған көрінеді. Мысалы, М.Дулатов пен Т.Шонанов өздерінің мақалаларында бұл жөнінде былай деп жазады: «Кроме «Қырық мысал» и «Маса» имеются несколько ненапечатанных стихов лирического характера», «он умеет писать лирику в высшей степени хорошо, о чем свидетельствует неизданная его элегия «Дүниеге». Міне, бұлар да, Ахаңның сондай-ақ, Шонанов мақаласында аталған «Шекіспей бекіспейді», «Туған тілім» сияқты шығармалары да әлі қолда жоқ.
«1923 жылы Орынбордағы қазақ қауымы Ақаңның елу жасқа толған мерекесін өткізді. Январь, не февраль айының бірі болатын. Салтанатты мәжіліс Я.Свердлов атындағы клубта (бұрынғы Купеческое собраниенің үйі) болды. Жиналысты сол кездегі Қазақстан Халық Комиссарлары советінің председателі Сәкен Сейфуллин кіріспе сөз сөйлеп ашты. Халық ағарту комиссары Смағұл Садуақасов Ахаңның өмірі мен ғылыми, әдеби еңбектері жайында баяндама жасады» (Мерейтойға қатысқан Ғалым Ахмедов жазбаларынан).
Осы мерейтой материалдарының да былайғы тағдыры белгісіз.
Жоғарыда айтқанымыздай, Ахмет Байтұрсынұлы еңбектерінің жоқтары да аз емес. Сол «жоқтарды» іздеп, сұрау салуға, мұражайлар мен түрлі кітап қоймаларын аралауға, архивтерді ақтаруға, осы бағытта жалпы жоспарлы түрде арнайы жұмыстар жүргізуге мүдделі жеке мекемелерде мүмкіндік жоқ, қаржы тапшы.
Ахмет Байтұрсынұлының ғылым, білім және мәдениет салаларында қалдырған бай мұрасы бүкіл елдік руханиятымыздың бір маңызды бөлшегі ретінде мемлекеттік қамқорлыққа алынып, оны игеру, зерттеу жұмыстары шоғырланған бір орталықтан жүргізілсе, ұлтымыздың кешегі де, бүгінгі де, ертеңгі де ұлы ұстазы алдындағы перзенттік парызымыздың ең бір лайықты өтеуі сол болар еді.

"ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ" газеті

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз