THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
«Алашұбар тілің, дүдәмалдау дінің...» немесе мөңке бидің болжамы
Авторы: Қ.СІМӘДІЛ
02/06/2017 09:37 0 63713 1
Бізде өзі, қызық – халқымыздың шат-шадыман тіршілік кешіп, бақыттан басы айналып жүрген елдердің қатарындағы жұрт екенін дәлелдейтін зерттеулер көп. Шүкіршіл мінезімізден шығар деп қоямыз өзіміз де. Және бізді тұрақты, тыныш ел есебінде көрсететін зерттеулерді де жиі кезіктіресің. Әйтеуір елдегі түрлі әлеуметтік-зерттеу институттары көрсетіп беріп отырғандай, жағамыз жайлауда, алаңдайтын ештеме жоқтай көрінеді де тұрады. Сонда да… Көшедегі халықтың жүзіне үңілсең, сол баяғы қазақтың келбетін көре аламыз ба? Жүрегінің түбіне терең бойласақ, жанының, пейілінің, тілегінің өзгергенін білер ме екенбіз? «Ұлан-ғайыр» деп әспеттейтін даламыздың қай түпкіріне барсаң да, алдыңнан аңқылдап шығар ағайынның бүгінгі болмысы мен кешегісі бірдей ме? Тұрмыс-тіршілігі ше? «Сананы тұрмыс билейді» дегізген қоғамның санасын тұрмыс билеген-билемегеніне кім алаңдап, бас ауыртып жатыр дейсің. Қазақтың санасының өзгерісін былай алып қойғанда, «машқарға» дейін өзгермеспіз деп ойлаған дін мәселесіндегі бағдаршамымыздың қай бағытты көрсетіп тұрғанынан қаншалықты «хабардар» екенімізді «жиһадқа аттанған» жастарымыздың видеосынан байқадық қой. Күні кеше «Сирияға аттанды делінген» жастарымыздың да, олардың бейкүнә балаларының да біз жоғарыда мысалға алған «бақытты» елде шат-шадыман тірлік кешкеніне кім сенер? Олардың сенімін кім өзгертті, жүрек кілтін кімдердің қолына табыстап едік деп бүгін бас қатырғанымызбен қолдан келер не шара? Күні ертең сенімі мен бағыты тұмандылардың қатары молайып кетпесіне кім кепіл? Көкейдегі бірқатар сауалдарымызды филология ғылымдарының докторы, Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының оқытушысы Жұбаназар Асановқа, белгілі қаламгер, журналист Меңдолла Шамұратовқа, «MarketProConsult» әлеуметтік-зерттеу компаниясының жетекшісі Салтанат Оразбековаға жолдаған едік. Бұған қосымша, бүгінгі жастардың діни бағыт-бағдары жайында, «жиһад» пен жастардың «өлімге бас тігуі» жайлы Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы жауап береді.
– Әуелі халықтың бүгінгі қызығушылығы, құндылығы, ұмтылысы, мақсаты жайлы әңгімелесек...
Меңдолла ШАМҰРАТОВ:
– Халықтың бүгінгі қызығушылығы, құндылығы жайлы сөз қозғау өте қиын. Өйткені, құндылықтардың құны қашты. Ұмтылысы, мақсаты да беймәлімдеу болып барады. Ұлтты ұйыстыратын, халықты топтастыратын идеология болмағаннан кейін бәрі бекер ме деп ойлаймын. Мысалға, қазір Ресейде кино көп түсіріледі. Әр жанрға байланысты жүздеген киноны атап беруге болады. Олардың көркемдігіне, шығармашылық деңгейіне, актерлердің ойнау шеберлігіне ешқандай сөз айта алмайсыз. Бәрі керемет, киноның сюжеті де күрделі, шытырман. Бірақ солардың біреуі де саналы адамның кеудесіне сәуле түсіре алмайды. Біртүрлі қаттылық бар. Негізгі діңгегі – ұлттық, мемлекеттік идеологиясы жоқ. Фильм авторларының әрқайсының өз идеологиясы бар. Біреуі білдіртпей сатанизмді насихаттайды, екіншісі жауыздыққа шақыратындай, әйтеуір ала-құла. Халық адасып бітті. Ол шығармалардың бәрі көрермендердің санасына өз ұрығын сеуіп жатқаны белгілі. Біздің қоғамнан да сондай аурушаңдық байқалады. Адам жаны нені қалайды, керегін ала алмайтын жағдайға жетті.
Біз қит етсе, баяғы кеңестік заманды жамандай жөнелеміз ғой, ал сол заманда идеология болды. Кино, түрлі өнер туындылары адамдарды ізгілікке насихаттады. Ал ізгілік Құдайдың ілімі емес пе, ол сізге, бізге жалпы адам жанына керек ілім. Онсыз біздің жанымыз мешеуленіп, рухымыз солғын тартады. Әу баста Алла бізді осы руханиятқа жан-дүниемізді мұқтаж қылып жаратқан ғой. Кеңес заманының да ұтқан жері осы болды. Бұл қоғамда Құдайдың аты аталмады, бірақ Құдайдың ілімі кеңінен насихатталды. Балабақшадағы бөбектерге дейін ізгілік идеологиясынан тысқары қалған жоқ қой. Міне, көрдіңіз бе, біз сондай заманда да Алланың ілімінсіз бір күнімізді өткізбеген екенбіз. Адамдардың рухани дүниесі жоғары еді. Қазір Алланың атын айтуға рұқсат берілді, құлшылыққа жол ашылды. Бірақ басқа ілім, басқа идеологияның да белсенді түрде дамуына қолайлы кезең туды. Сондықтан бүгінгі бағыт-бағдарды, құндылықты тап басып айту мүмкін емес.
– Бүгінгі қазақ қоғамының басты өзгерісі деп нені атар едіңіз? Жалпы, қоғамның жыл санап өзгеруі саясаттану, әлеуметтану, мәдениеттану ғылымдарында қалай аталады және ондай өзгерістер мен біздің қоғамдағы өзгерістердің арасалмағы қандай?
Салтанат ОРАЗБЕКОВА:
– Қазіргі таңда тұрғындардың әлеуметтік көңіл-күйін және болашаққа байланысты көзқарастарын анықтау мақсатында көптеген социологиялық зерттеулер жүргізілуде. Жалпы айтқанда, тұрғындардың басым көпшілігін олардың қазіргі өмір жағдайлары қанағаттандырады десе болады. Тұрғындардың жартысына болашаққа байланысты оптимистік көзқарас тән десе болады. Мысалы, тұрғындардың «Сіз болашаққа кандай көзқараспен қарайсыз?» деген сұрақ бойынша алынған мәліметтер соңғы үш жыл ішінде (2010-2012) тұрақтылықпен ерекшеленгенін айта кеткім келеді.
– Қазіргі қазақты қандай мінез «атқа қондыруы» мүмкін? Баяғы Мөденің аңызын қайыра еске алсақ, біздің қазақты өре түрегелтетін не нәрсе деп ойлайсыз?
Жұбаназар АСАНОВ:
– 200 жылдық отарлық езгі астында болған, құлдық санадан әлі құтылмаған қазіргі қазақтың атқа қонуы екіталай. Ең бастысы, қазақта генефонд әлсіреп кеткен, зиялысынан бастап ауыл мұғаліміне дейін атылды, асылды, айдалды. Жоғалды. Өңкей мен сияқты құл-құтан қалды. Менен туған баланың ел болуы қиындау, бұрынғы дана қазақ «Құм жиналып тас болмас, құл жиналып бас болмас» деген. Мөденің заманы бізге қарағанда тәуір заман. Ол кезде бабаларымыз өзге елдің отары болған жоқ. Рухы биік-ті.
– Халықтың құндылықтарға қатысты бағыт-бағдарының өзгерісі бізге қандай қауіптің алдын-алу керегін үйретеді?
Меңдолла ШАМҰРАТОВ:
– Халықтың құндылықтарға қатысты осы өзгерісі бізге ұлттың тұма бастауына үңілуге мәжбүрлейді. Қазақ маңдайы кең туған халық. Бізде бір Абайдың өзі неге тұрады? Абай атамызды оқып-меңгерсек те біз мыңдаған қауіп-қатердің алдын алып, ұлт ретінде дами түсер едік. Өкінішке қарай, Абайды білетін, данышпандығын сезінетін қазақтың өзі саусақпен санарлық. Біреулер Гүл ілімінің артында, тағы бірі басқа ілімнің жетегінде сенделіп жүр. Сол данышпансымақтардың ілімі біздің Абайдың қолына су құюға жарамайтынын олар қашан ұғар екен... Біз Абай ілімінің төңірегіне топтасып, жалпы қоғам Абай ілімін насихаттауға арнайы бағдарлама жасап кіріссе ғой, қандай биікке көтерілер едік. Ұлт болып ұйысып қалар едік.
Жұбаназар АСАНОВ:
– Қазақ халқы жаһандануға қарата бет алып келеді. Әуелі осыдан сақ болуымыз керек.
Салтанат ОРАЗБЕКОВА:
– Жалпы, айта кететін жайт, біздің қоғамда құндылықтарға байланысты кешенді зерттеу жұмыстары аз жүргізіледі. Мүмкін, белгілі бір мемлекеттік тапсырыстар бойынша зерттеулер бар шығар, бірақ ол ақпараттар көпшіліктің назарына жария етілмейді. Сондықтан қолымызда нақты зерттеудің мағлұматтары жоқтығынан бірдеме айту қиын. Өткен жылдардың зерттеу мәліметтеріне сай, тұрғындарға «Сіздің өміріңізде не маңызды?» деп сұрағанымызда: «қауіпсіздік», «әділдік» және «тәртіп» деген жауаптарды көпшілік көбірек таңдаған. Ал адамгершілік, рухани байлық, ар-ождан сияқты құндылықтар тізімнің ең төменгі сатыларында орналасқан еді.
– «Шейіт болу» атты қастерлі ұғымның халық арасында қарабайыр сипат алуы, тіпті бұл сөзден шошына қарайтын жағдайға жеткізуі ненің салдары деп ойлайсыз? Күні кеше Сирияға аттанып, өздерін «жиһадшылар» деп жариялаған қандастарымыздың бұл әрекетіне бүгінгі қоғам, адам жанын зерттейтін ғылымдар, сол ғылымның Қазақстандық тетігін ұстап отырған мамандар қаншалықты кінәлі?
Жұбаназар АСАНОВ: – Қазақ дінді бұрынғы ата-бабаларымыздың жолымен ұстануы керек. Саясаткерлер, ғалымдар, ел тұтқасын ұстап отырған басшылар осы бағытқа қарата бұрылуы қажет. Себебі, бабаларымыздың дін ұстану жолы да жүздеген жылдар бойында қалыптасқан, сыннан өткен жол.
– «Азарсың, жұртым, азарсың, Азарыңның белгісі: Құрамалы, қорғанды үйің болады, Айнымалы, төкпелі биің болады. Халыққа бір тиын пайдасы жоқ, Ай сайын бас қосқан жиын болады... Алашұбар тілің болады, Дүдәмалдау дінің болады. Әйелің базаршы болады, Еркегің қазаншы болады...» деген Мөңке бидің болжамдары дәл бүгінгі қазаққа қарата айтылғандай. Адамзаттың болашағы туралы әңгіме айтқанда Нострадамус, Ванга секілділердің сөзімен тұздықтап жіберетін бүгінгі қоғам Мөңке бидің қаупінен қандай қорытынды шығарып отыр?
Жұбаназар АСАНОВ:
– Нострадамустың бір айтқаны келіп, екінші бір айтқаны келмейді, ал Мөңке бидің айтқандарының бәрі келіп тұр. Сондықтан Мөңке би болжамдарын санадан өткеріп, дұрыс тұжырымдар жасау керек деп ойлаймыз, сонда барып қорытынды шықса керек.
Меңдолла ШАМҰРАТОВ:
– Мөңке би болашағымыз жайлы қауіп, болжам айтқан жоқ. Әулие атамыз осындай заманның болатынын біліп айтты. Өйткені, бұл аталарымыз Жаратқанға шексіз құлшылық жасау арқылы ішкі рухани тереңдікке жеткен. Қожа Ахмет Иассауи бабамыз бен олардың ілімін 12 ғасырдан бері жалғастырған Жүсіп Баласағұн, Сүлеймен Бақырғанидан (Хакім Ата)бастап, 19 ғасырға дейінгі қазақ жыраулар поэзиясында осындай көрегендік көзге айқын ұрып тұр. Бұл көрегендіктің сыры шындығында Жаратылыстың заңдылығын ұғу, түсіну, білуде жатыр. Біздің әулие жырауларымыз осындай заманның орын алуы – жаратылыстың заңдылығында жатқандығын білгеннен кейін айтқан. Ал жаратылыстың заңдылығын білу үшін ақылыңды өсіріп, көкірек көзіңді ашпақ керек. Қазіргі қазақ қоғамы мұның бәрін ерте бастан оқып, айна-қатесіз айтылғанына көз жеткізсе де ешқандай қорытынды жасай алмай, қарсы амал қыла алмай отырғаны да енді түсінікті шығар. Жаратылыстың заңдылығына қарсы қандай амал болушы еді...
– «Ертеңгі үміт» «болашақ арман» жайлы жоспар, міндет, мақсат көп-ақ. Алайда, солардың ішіндегі ең негізгісі, ең бастысы не деп ойлайсыз?
Жұбаназар АСАНОВ:
– Көрші алпауыт мемлекетке қайтадан отар ел болмаудың жолын қарастыру.
Қазақ әдебиеті
ПІКІР АЛМАСУ
ТЕКСТ