THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
ҚАЗАҚ ТІЛІН ОҚЫТУДЫҢ ТҮЙТКІЛДЕРІ
Авторы: МТДИ-дің ғылыми-әдістемелік кеңесі
03/02/2026 17:13 0 174 0
МЫНАУ ДЕПУТАТТАРДЫҢ ҮКІМЕТКЕ ЖОЛДАҒАН САУАЛЫ:
«Құрметті Олжас Абайұлы!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев осы
жылдың 24 сәуірінде өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясында
сөйлеген сөзінде: «Бүгінде түлектердің 80 пайызға жуығы Ұлттық бірыңғай
тестілеуді мемлекеттік тілде тапсырады. Биыл алғаш рет мектепке баратын
балалардың 70 пайыздан астамы қазақ тілінде оқитын болады», - деп нақты атап
өткені Өзіңізге белгілі.
Демек, қазақ тілі пәнін оқыту әдістемесін жақсарту
қазақ тілінің болашағы үшін аса маңызды. Қазақ тілі - мемлекеттік тіл, бұл
қазақ тілін пән ретінде игеру міндетін арттыра түседі.
Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде дамуын зерттеуші
ғалымдар оқыту әдістемесінің басты кемшілігі – балабақша, мектеп, жоғары оқу
орындары бағдарламалары арасында өзара сабақтастықтың жоқтығынан деп
пайымдайды.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының: «Бұл күнде қазақша
оқуда кемшiлiк көп. Қазақ мектебіне түзелген программа жоқ, онсыз оқу бір
жөннен шықпайды...», - деген сөзі әлі де өзекті. Бағдарламада баланың ойлау,
сөйлеу қабілеттерін дамыту дұрыс ескерілмеген. Грамматикалық заңдылықтарды
тереңдете оқытпайды, баланың жас ерекшелігіне сәйкес лингвистикалық білім
берілмейді. Диктант жазу, көркем жазу жоқ.
Қазақ тілі оқулықтарында да белгілі ғылыми жүйе жоқ.
Мысалы, 5-сыныптың оқушысы өзінің жас ерекшелігіне қарай тіл мәдениетін, әдеби
тіл нормасын сақтап, ауызша сөйлей алуы, ойын қағазға жаза білуі керек. Демек,
мектепте тіл білімінің «Фонетика», «Лексика», «Морфология», «Синтаксис»,
«Стилистика» секілді салалары оқушылардың жас ерекшелігі мен олардың жеке тұлға
ретінде қалыптасу психологиясын ескере отырып, жеңілден күрделіге қарай,
жүйесін бұзбай оқытылуы керек.
Қазақ мектебінде қазақ тілін оқытуға қажетті сағат
саны жеткілікті екеніне қарамастан оқушыға лингвистикалық білімді жас
ерекшелігімен спиралдық әдіс арқылы оқыту жүзеге аспай тұр. Осының салдарынан
оқушыда коммуникативтік дағды дұрыс қалыптаспайды, грамматикалық білім толық
берілмейді. Бұлай оқытудағы кемшілік – 5-сыныпта фонетиканы өтті ме, ол
11-сыныпқа дейін спиралдық әдісімен күрделендіріле отырып қайталанбайды.
«Филология» мамандығының білім беру бағдарламасында да
қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің санына ортақ талап жоқ. Әр жоғары оқу орны
профессор-оқытушыларының әлеуетіне қарай білім беру бағдарламаларын өз
қалауынша дайындайды. Бұл дұрыс емес, бір мамандыққа арналған бағдарлама еліміз
бойынша бәріне ортақ болуы керек. Бағдарлама болашақ маманның бойында болуы
тиіс құзыреттіліктерге негізделіп жасалуы қажет.
Жоғары оқу орындарында тілдік емес мамандықтардың
қазақ тобына да қазақ тілін міндетті кәсіби пән ретінде оқыту керек. Яғни
тілдік емес мамандықтардың қазақ тобындағы студенттер қазақ тілін кәсіби түрде
меңгерсе, болашақта қазақ тілін сол салада ғылым тілі ретінде дамытатын,
терминологиясын жүйелейтін білікті маман болып қалыптасар еді.
Қазақ тілі мен әдебиетін ең көп оқытатын орта –
мектеп. Алайда оның білім беру стандарты қажетті деңгейде жасалмай, соның
негізінде бағдарламасы да кемшін әзірленген. Қазақ тілі пәні бойынша
жаңартылған бағдарламаның кемшіліктерін жөндеп, қазақ тілі пәнін оқытудың
мақсат-міндеттерін қайта өзектендіру аса маңызды. Сондай-ақ қазақ тілі пәнін
орта мектепте оқыту мемлекеттік тілді оқытудың біртұтас жүйесіне кіретінін және
оның мемлекеттік тіл саясатын іске асырудың басты негізі екенін қаперде
ұстауымыз қажет.
Құрметті Олжас Абайұлы, осыған орай еліміздің барлық
қазақ мектептері мен жоғары оқу орындарындарының қазақ топтарында грамматиканы
оқытудың ұстанымдарын, қазақ тілі мен әдебиеті пәнін оқытудың әдістемелік
негіздерін, орта мектептегі қазақ тілі пәнінің мемлекеттік тілді оқытудың
деңгейлік жүйесіндегі орнын қайта қарап, ең бастысы қазақ тілін мемлекеттік тіл
ретінде оқытудың тұжырымдамасын қабылдауға ықпал жасауыңызды сұраймыз».
Депутаттық сауалды жолдаған Сенат депутаттары: Р.Рүстемов, А.Нухұлы, Н. Байқадамов, А.Есбай, Қ.Тастекеев.
МЫНАУ ҮКІМЕТТІҢ ЖАУАБЫ:
“Құрметті депутаттар!
Білім беру ұйымдарында қазақ тілі мен әдебиеті пәнін
оқытуды жетілдіру мәселесіне қатысты сауалдарыңызға мынаны хабарлаймыз.
Білім беру ұйымдарында қазақ тілін оқыту мәселелері
бойынша
Бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім берудің
мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарына (бұдан әрі – Стандарт) сәйкес
1-11-сыныптарда «Қазақ тілі», «Қазақ әдебиеті» пәндері, өзге тілде оқытатын
мектептерде «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәні оқытылады.
Үлгілік оқу бағдарламаларына сәйкес білім алушылар
тілді коммуникативтік (қарым-қатынас), ойлау (ойды білдіру мен жеткізу),
танымдық (дүниені тану мен меңгеру), номинативтік (заттар мен құбылыстарға атау
беру), аккумулятивтік (мәдени және тарихи ақпаратты жинақтау),
эмоционалды-экспрессивтік (сезім мен эмоцияны білдіру) құралдары арқылы
меңгереді. Олар оқу мақсаттары, лексикалық тақырыптар және әдіс-тәсілдер арқылы
қамтылған.
Сондай-ақ үлгілік оқу бағдарламалары сауаттылықты,
сыни ойлауды, шығармашылық және зерттеу дағдыларын дамытуға бағытталған.
Оқушылардың жас ерекшеліктеріне сай тақырыптар
ұсынылған («Ғарышты игеру», «Экотуризм», «Қызыл кітап», «Энергия ресурстары»,
«Театр», «Заң» т.б.). Бұл олардың сөздік қорын байытып, ойды еркін жеткізуіне
және болашақ мамандықты дұрыс таңдауларына көмектеседі.
Ал, грамматика «Әдеби тіл нормалары» бөлімінде беріліп
5 норманы қамтиды – орфографиялық, орфоэпиялық, лексикалық, грамматикалық және пунктуациялық.
Бағдарлама қазақ тілін меңгеруде шиыршық қағидатын, коммуникативтік
бағыттылықты, жас ерекшелігіне сай тілдік білімді, функционалдық сауаттылықты,
пәнаралық сабақтастықты қамтамасыз етеді.
Оқулықтардың құрылымы да оқушылардың жас ерекшелігі мен
тілдік деңгейін ескеріп, тіл туралы білімді қарапайымнан күрделіге қарай сатылы
ұсынуға негізделіп, тілді жүйелі түрде меңгертуді көздейді.
Соңғы жылдары елімізде қазақ тілін оқыту тәжірибесі
жаңарып, әдістемелік тұрғыда айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілді. Ең
алдымен, қазақ тілін деңгейлеп оқыту тәжірибесі (A1, A2, B1, B2, C1) қолданысқа
енді. Бұл жүйе оқушылардың тілдік қабілетіне қарай білім беруге мүмкіндік
береді.
Орта білім беру мазмұнын жетілдіру мақсатында
Оқу-ағарту министрлігімен Стандартқа, үлгілік оқу жоспарлары мен оқу
бағдарламаларына қазақ тілін оқытуды күшейтуге бағытталған талаптар мен
нормалар енгізілді. Олардың ішінде «Тіл және әдебиет» білім беру саласының
мазмұны, оқудан күтілетін нәтижелері, тілге ерте жастан бойлау, өзге тілде
оқытатын сыныптарда кез келген оқу пәндерін қазақ тілінде оқыту қарастырылды.
Сонымен қатар 1-4 және 5-9-сыныптарға арналған
«Әліппе», «Ана тілі», «Қазақ тілі», «Әдебиеттік оқу», «Қазақ әдебиеті»
пәндерінің оқу бағдарламаларының мазмұны жаңа Стандартқа сәйкес қайта қаралып,
сараптамадан өтті. Бүгінгі таңда Стандартқа сәйкес әзірленген үлгілік оқу
бағдарламалары апробациядан өтуде.
Анықтама: оқулықтар құрылымы оқушылардың жас
ерекшелігі мен тілдік деңгейін ескеріп, тіл туралы білімді қарапайымнан
күрделіге қарай сатылы ұсынуға негізделіп, тілді жүйелі түрде меңгертуді
көздейді. Бастауыш деңгейде тілдің қарым-қатынас құралы ретіндегі қызметін
түсіндіру, сауат ашу, негізгі тілдік бірліктерді тану және қарапайым сөйлеу
дағдыларын қалыптастыруға басымдық беріледі. Орта буында (5–8-сыныптар) тілдік
жүйе элементтері тереңдетіліп, тілдік категориялар, сөйлем құрылымдарына талдау
жүргізу дағдылары дамытылады. Жоғары буында (9–11-сыныптар) тіл білімінің
ғылыми негіздері, тілдің әлеуметтік-мәдени қызметі, стильдік жүйе мәселелері
қамтылып, оқушылардың академиялық жазылым және ғылыми ойлау дағдылары
қалыптастырылады.
Жоғары оқу орындарында «Қазақ тілі» және «Қазақ
әдебиеті» пәндерінің көлеміне бірыңғай талаптар қою туралы Жоғары және жоғары
оқу орнынан кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына
сәйкес барлық студенттерге «Қазақ тілі» пәні оқытылады (кредит саны 10 немесе
300 сағат). Бұл пән жоғары оқу орындарында бекітілген үлгілік оқу
бағдарламаларына сәйкес барлық білім беру бағыттары бойынша оқытылады. Қазақ
тілін тілдерді меңгерудің халықаралық стандарттарына сәйкес 5 деңгей бойынша
оқыту мақсатында үлгілік оқу бағдарламасына өзгерістер енгізілді.
Анықтама: бір деңгей 5 кредиттен тұрады. Студент
кемінде екі деңгейді
(10 кредит) меңгереді. Бұл жағдайда тілді меңгеру
деңгейі диагностикалық тест нәтижелері негізінде анықталады. Тілді меңгерудің
әр деңгейі аяқталған соң емтихан тапсырылады. Бір семестрде қазақ тілінің орта
деңгейін (В1) меңгерген студент келесі семестрде келесі деңгей (В2.1) бойынша оқуды
таңдап, жалғастыра алады.
Бағдарлама жоғары оқу орындарында қазақ тілін оқытуға,
оның мемлекеттік тіл ретіндегі маңыздылығын арттыруға және болашақ мамандардың
қоғамдық өмірдің ғылыми, әлеуметтік-мәдени, саяси, кәсіби салаларында
коммуникация құралы ретінде қолдану құзыретін қалыптастыруға бағытталған.
Жоғары оқу орындарында «Кәсіби қазақ тілі»,
«Академиялық жазу»,
«Іс қағаздарын жүргізу және мемлекеттік тілде іскерлік
қарым-қатынас» пәндері «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар», «Бизнес және
басқару», «Құқық», «Филология» және басқа да даярлау бағыттары бойынша 3 кредит
көлемінде оқытылады.
Пәнді меңгеру барысында студенттер мемлекеттік тілді
кәсіби қызметінде қарым-қатынас құралы ретінде пайдаланып, іскерлік этиканы
сақтай отырып, жаңа сөздер мен терминдерді меңгеруге дағдыланады.
Анықтама: Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық
қатынастар және әлем тілдері университетінде барлық білім беру
бағдарламаларының негізгі пәндер циклына
«Іс қағаздарын жүргізу және мемлекеттік тілде іскерлік
қарым-қатынас» (кәсіби қазақ тілі) пәні міндетті пән ретінде енгізілген (3
академиялық кредит). КИМЭП университетінің «Компьютерлік ғылымдар» білім беру
бағдарламасында «Кәсіби қазақ тілі 1» және «Кәсіби қазақ тілі 2» пәндері
оқытылады (3 кредиттен). Ж. Ташенов атындағы университеттің «Құқықтану» білім
беру бағдарламасында «Академиялық жазу» пәні енгізілген (3 кредит).
Тілдік емес мамандықтар бойынша кәсіби қазақ тілін
үйрену үшін студенттер түрлі ресурстарды пайдаланады (өздігінен оқуға арналған Tilqural.kz және Tilmedia.kz
платформалары, сондай-ақ неғұрлым құрылымды оқыту тәсілін ұсынатын Coursera,
Google, LLP және басқа да платформалар болашақ мамандықтың ерекшеліктерін
ескере отырып әзірленген).
Сонымен қатар білім беру стандарттарында,
бағдарламаларда және Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023-2029
жылдарға арналған тұжырымдамасында (бұдан әрі – Тұжырымдама) қазақ тілін
үйретудің ғылыми және практикалық қағидаттары қамтылған.
Тұжырымдамада барлық білім беру ұйымдарында қазақ
тілін үйретудің ортақ және ғылыми-әдістемелік жүйесін қалыптастыру, оны
цифрландыру, контент үлесін арттыру, тілдік жоспарлау, барлық салада
қолданылуын қамтамасыз ету, ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға оқыту
әдістерін жетілдіру, мамандар даярлау және т.б. қарастырылған.
Сондай-ақ Тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі іс-қимыл
жоспарында мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге және оның мәртебесін
одан әрі арттыруға бағытталған 70 іс-шара бар. Тілдің қоғамдық қатынастардың барлық
саласында қолданылуына байланысты іс-шаралар орталық мемлекеттік және
жергілікті атқарушы органдармен, сондай-ақ ұлттық компаниялармен бірлесіп, іске
асырылуда.
Жалпы қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде оқыту білім
беру стандарттарының, бағдарламаларының және Тұжырымдаманың аясында
жүргізілетін болады.
Көрсетілген бағыттардағы жұмыс жалғасуда және Үкіметтің тұрақты бақылауында”.
ҚАЗАҚ ТІЛІН ОҚЫТУДЫҢ ТҮЙТКІЛДЕРІ
Қазақ тілін оқыту мәселесі – еліміздің білім саласының
ғана емес, мемлекеттік тілдің болашағының өлшемі. Бүгінгі оқушы – ертеңгі
мемлекеттік қызметкер, ғалым, дәрігер, заңгер, инженер. Сол ұрпақтың қазақша
еркін сөйлей алуы, сауатты жаза алуы, өз кәсібінде мемлекеттік тілді қолданып,
дамытуы – балабақшадан басталып, мектеп пен ЖОО арқылы жүйелі қалыптасатын ұзақ
процесс. Алайда осы жүйе бүгінгі күні тұтастығын жоғалтып, деңгейлер арасында
алшақтық көбейіп, мазмұны мен мақсаты бірізді болмай отырғаны жиі айтылады. Осы
жылдың соңында Сенатта көтерілген депутаттық сауал осы шындықтың ашық көрінісі
болды. Сенатор Р.Рүстемов бастаған А.Нухұлы,
Н. Байқадамов, А.Есбай, Қ.Тастекеев бір топ депутат Премьер-министрге қазақ тілі мен әдебиеті пәнін оқытудың
әдістемелік негіздерін қайта қарау және мемлекеттік тілді оқытудың жаңа
тұжырымдамасын қабылдау қажеттігі туралы ресми сауал жолдады.
Сауал өте нақты және дәлелге сүйенген. Олқылықтың қайдан
шығып тұрғаны көрсетілген. Ал Үкіметтің жауабы көлемді, ресми ақпаратқа толы
болғанымен, мәселенің өзегін толық айтпайды. Бұл – қоғамдық талқылауды қажет
ететін жағдай. Біз осы мәселеге байланысты сала мамандарының пікірлеріне сүйене
отырып, көтерілген түйінді тұстарды жүйелеп көрдік.
1-САУАЛ: Депутаттық сауалда ең алдымен қазақ тілін оқыту
бағдарламаларындағы сабақтастықтың жоқтығы сынға алынады. Балабақшада берілген
тілдік дайындық бастауышта жалғаспайды, бастауыштағы білім орта буында жүйелі
тереңдетілмейді, орта буындағы лингвистикалық дайындық ЖОО-да ескерілмейді. Ақымет
Байтұрсынұлының: «Қазақ мектебіне түзелген программа жоқ, онсыз оқу бір жөннен
шықпайды» деген сөзі бүгінгі жүйеге дөп түседі. Яғни бір білім сатысында
басталған тілдік даму келесі сатыда қолдау таппай, тіпті қайтадан нөлден
басталатыны жасырын емес. Ал министрліктің жауабына келсек, ондағы мәліметтер
қағаз жүзінде бәрінің орнында екенін меңзейді: стандарт бар, үлгілік бағдарламалар
бар, спиралдық әдіс бар, жас ерекшелігі ескерілген, оқу мақсаттары күрделенеді…
Бір қарағанда, жүйе бар сияқты. Бірақ мәселенің түйіні басқада. Депутаттар
«спиралдық әдіс бар ма?» деп сұраған жоқ, олар «ол неге жұмыс істемейді?» деп
сұрады. Министрлік нақты кемшіліктерді мойындаудың орнына, тек нормативтік
құжаттарды тізумен шектелген. Тіл оқытудағы ең үлкен түйткіл де осы жерден
басталады.
2-САУАЛ. Депутаттық сауалда екінші үлкен мәселе ретінде
қазақ тілін оқытудағы грамматика жүйесінің бұзылуы арнайы аталады. Бұл
кездейсоқ емес. Себебі грамматика – тіл үйретудің қаңқасы, баланың сөйлеу және
жазу қабілетінің іргетасы. Іргетасы қаланбаған үйдің берік болуы мүмкін
еместігі сияқты, грамматикасы жүйесіз тіл үйрету де нәтижесіз болатыны анық.
Депутаттардың айтуынша, грамматикалық материал жеңілден
күрделіге қарай бірізді берілмейді. Бір сыныпта өткен ереже келесі жылы
дамытылмайды, күрделендірілмейді, қайта қаралмайды. Спиралдық оқыту қағидасы
болғанымен, сабақ барысында мүлде іске аспайды. Оның үстіне диктант, көркем
жазу, мазмұндама сияқты жазу дағдысын қалыптастыратын классикалық құралдар оқу
үдерісінен шеттетілген. Грамматика мен жазылым дағдылары білімнің өзегі емес,
жиегіне ығыстырылғандай. Осындай нақты кемшіліктерді көрсеткен депутаттар сауалына
министрлік не деп жауап берді? Министрліктің жауабы қысқаша: грамматика
оқулықтағы «Әдеби тіл нормалары» бөлімінде қамтылған, онда бес норма бар – орфография,
орфоэпия, лексика, грамматика және пунктуация. Яғни бағдарламада грамматика
қарастырылған. Бір қарағанда бәрі дұрыс сияқты. Бірақ шын мәнінде бұл жауап
мәселенің мәнін түсіндірмейді.
Біздіңше, бұл жерде қазақ тілі пәнінде ең алдымен дұрыс
сөйлеу мен сауатты жазуды қамтамасыз ететін грамматика болуы керек. Алда
грамматикалық материалдарды бағдарламаға берудің жүйесі жасалуы керек. Біздің мақсатымыз – мәтін түзуге,
мәтін құруға, мәтін тудыруға үйрету болуы керек. Былайша айтқанда, айтылым және
жазылым дағдыларын жетілдіру. Тіпті қарапайым тілмен айтсақ, оқушыны сөйлеу мен
жазуға үйрету. Бұл мақсат он бірінші сыныпқа дейін өзгермейді. Тек оқушының
мәтін тудыруы жайдан күрделіге қарай күрделене береді, күрделене береді. Ал
грамматика осы жазбаша, ауызша мәтін тудырудың нормаға сай болуын қамтамасыз
етіп тұруы керек.
Лингвистикада грамматика дәстүрлі, деңгейлік (фонетика,
лексика, сөзжасам, морфология, синтаксис) және функционалдық (жұмсалымды)
грамматика болып бөлінеді. Бұның екеуі де лингвистика мамандықтарына
академиялық білім беру үшін оқытылады. Ал бізге керегі – қолданбалы грамматика.
Яғни мәтінді тануға және оны тудыруға, әсіресе мәтін тудыру кезінде ондағы
нормалардың бұзылуының алдын алатын грамматика керек. Грамматиканың бұл түрі
оқушы санасында түрлі нормаларды білу арқылы көп қолданылу, көп дағдылану
арқылы қалыптасады. Табиғатында бірінші мәтін жүреді. Мәселен, Гумбольдт былай
дейді: «Тіл заттарды сөзбен атаудан басталып, сол сөздерді қосып құрастырумен
жасалмайды, яғни сөйлеу сөздерден құралмайды, керісінше, сөз сөйлеудің ішінен
шығады». Иә, сөйлеу, мәтін тудыру әрқашан бірінші. Біздің тілімен құс тістеген
шешендеріміз грамматиканы білмей-ақ сөйледі. Грамматика, тіл жүйесі олардың
сөздерінің дұрыс-бұрыстығын кейін анықтайды. Яғни біз де оқушыны алдымен
сөйлетіп, жазғызып барып, қатесін артынан қарап, түзеп отырып дағдыландыруымыз
керек. Оқу үдерісі осыған құрылуы керек, мына нормалар әр сабақта қайталанып
отыруы керек:
1. Орфоэпиялық норма
2. Орфографиялық норма
3. Пунктуациялық норма
4. Лексика-грамматикалық норма
5. Стилистикалық норма
Қазақ тілінің негізгі мақсаты – сөйлеу мен жазудың
сауатты, нормаға сай болуын қамтамасыз етіп тұратын – осы бес норма. Бұлар бала
сөйлеп, жаза бастаған бірінші сыныптан бастап керек. Стилистикалық норманың
теориясын тоғызыншы сыныпта өтеміз екен деп оқушы мәтін тудырмай отырмайды.
Оқушы төменгі сыныпта тудырған мәтіннің стильдік қызметін тоғызыншы сыныпта
түземейміз ғой. Біздіңше, жоғарыда аталған бұл норманы жайдан күрделіге қарай
бірінші сыныптан бастап, біртіндеп қатар ала отырып, оқушының дұрыс сөйлеу мен
хатты жазу дағдысын қалыптастырып шығуымыз керек.
3-САУАЛ. Депутаттық сауалда ең өткір көтерілген
мәселелердің бірі – «Қазақ тілі» мен «Қазақ әдебиеті» пәндерін бір пәнге
біріктірудің орынсыздығы. Бұл – тіл мен руханияттың табиғатына, ғылымына
тікелей әсер ететін, салдары терең болатын стратегиялық қате шешім.
Депутаттардың пайымынша, бұл екі пәнді біріктіру ғылыми
да, әдістемелік те тұрғыдан мүлдем қисынсыз. Өйткені қазақ тілі – практикалық
бағыттағы пән. Оның мақсаты – баланы сауатты жазуға, дұрыс сөйлеуге, ойын дәл
әрі жүйелі жеткізуге үйрету. Тіл – дағды. Дағды үздіксіз жаттығу арқылы
қалыптасады. Ал жаттығу үшін жүйелі грамматика, мәтін талдау, диктант, жазылым,
пунктуация секілді практикалық жұмыс түрлері қажет. Ал қазақ әдебиетінің
дүниесі – басқа әлем. Әдебиеттің басты мақсаты – оқушының рухани дүниесін
байыту, көркем ойлауын қалыптастыру, ұлттық құндылықты санаға сіңіру. Әдеби
туынды баланы эстетикаға, ізгілікке, адамдыққа тәрбиелейді. Демек әдебиет –
рухани-мәдени пән, тіл – коммуникативтік дағды пәні. Екі бөлек мақсатты бір
сабақтың шеңберіне сыйғызу – екеуінің де мазмұнын жұтаңдатып, ғылыми негізін
әлсірететін шешім. Осы орайда министрлік не деді? Өкінішке қарай, Үкімет бұл ең
маңызды сауалға жауап беруден бас тартқандай әсер қалдырды. Пәндердің
біріктірілуіне қатысты нақты дәлел де, ұстаным да, түсініктеме де келтірмеген.
Яғни бастауыштан жоғары сыныпқа дейін білім мазмұнын айқындайтын түйінді сұрақ
жауапсыз қалды. Мәселенің мәнін түсінбеу ме, әлде түсінсе де айтуға батылдық
жетпеу ме – ол жағы белгісіз. Бірақ сала мамандары да, тіл мен әдебиетті оқытып
жүрген мұғалімдер де бұл екі пәннің табиғаты бір-бірімен қабыспайтынын жақсы
біледі. Себебі біріктірілген пәннің бүгінгі нәтижесі – тілдік дағдының толық
қалыптаспай, әдеби талдау да тереңдетілмей қалуы. Тіл әдебиеттің міндетін
атқара алмайды, әдебиет тілдің міндетін орындай алмайды. Екеуі қосылған жерде
екеуі де әлсірейді. Оқушыға тілдік заңдылықты үйрету үшін жаттығу қажет, ал
әдеби туындыны түсіну үшін талдау қажет. Бұл екі түрлі бағыттың талаптары да,
әдісі де, нәтижесі де бөлек.
Біздіңше, қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәндері қайтадан
өз орнына оралуы керек. Бұл сауалға министрліктің үнсіз қалуы қазақ тілін
оқытудағы ең маңызды түйінді мәселені шешпей, керісінше созып, салмақты
өзгерістерді кейінге қалдыру деген сөз. Тілдің тағдыры формалды жауапқа сыймайтын мәселе. Егер қазақ
тілінің сапасы артып, әдебиеттің тереңдігі сақталсын десек, екі пәннің өз жолы,
өз жүйесі, өз ғылыми тұғыры болуы тиіс. Тіл – ұлттың тірегі, әдебиет – ұлттың
жүрегі. Ал жүрек пен тіректің қызметтері де басқа-басқа.
5-САУАЛ. Депутаттар көтерген тағы бір маңызды мәселе –
еліміздегі жоғары оқу орындарында филология мамандарын даярлау стандартының
әртүрлілігі, тіпті шашыраңқылығы. Бүгінгі жағдайда әр университет өз
бағдарламасын өзі жасап, өз қалауынша пән енгізіп, өзі ғана түсінетін
траекториямен маман дайындап отыр. Бір қарағанда академиялық еркіндік сияқты
көрінгенімен, шын мәнінде қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерін даярлаудағы
жүйесіздіктің анық көрінісі. Себебі филология мамандығы журналистика сияқты
салалық бағыттарға бейімдейтін мамандық емес. Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
– елдің ертеңгі ұстазы, баланың тілін де, ой дүниесін де қалыптастыратын тұлға.
Мұндай мамандықта «жергілікті ерекшелік» немесе «университеттің жеке көзқарасы»
жүрмейді. Оның стандарты – бүкіл елге ортақ болуы тиіс. Өйткені бұл – ұлттық
мүддеге қызмет ететін мамандық. Осы өткір сауалға министрлік не деп жауап
берді?
Министрліктің жауабында:
·
барлық студенттерге қазақ тілі 10 кредит оқытылады;
·
кейбір университеттерде «Кәсіби қазақ тілі» деген пән
бар;
·
Абылай хан атындағы ҚазХҚжӘТУ, КИМЭП, Ташенов
университетінде қазақ тілі пәндері оқытылады сияқты мысалдар келтірді. Алайда бұл жауап мүлде басқа бағытқа кетіп
қалған.
Филология мамандығы – әр университет өз бетінше
эксперимент жасай салатын алаң емес. Оның пәндері, көлемі, талаптары,
бітірушінің құзыреттері ел бойынша бірдей болуы тиіс. Қазір бір ЖОО
«әдебиеттану концепциясы» деп пән енгізсе, екіншісі «медиалингвистика» деп
оқытады, үшіншісі мүлде басқа бағытты таңдайды. Бұл әртүрлілік ғылым дамуы үшін
пайдалы болғанымен, мұғалім даярлау ісінде қауіпті.
Филология мамандығының негізгі жұмыс берушісі – мемлекет,
нақтырақ айтсақ, мектеп. Ал мектептің мұғалімге қояр талабы белгілі: қазақ
тілін жетік білетін, сауатты жазатын, әдебиетті терең меңгерген, тілдің
нормасын сақтап үйрете алатын маман. Дәл осы талапқа бейімделген ортақ ұлттық
стандарт қажет. Министрліктің жауабы бұл мәселені ашпайды. Керісінше, филология
мәселесіне жанама таныстырылым жасап, негізгі түйінді айналып өткен. Егер әр
ЖОО өздігінше бағдарлама жасап, өздігінше мұғалім дайындай беретін болса, ертең
мектепке барған жас мамандардың тілдік сапасы да, әдістемелік дайындығы да
әркелкі болып қала береді.
6-САУАЛ. Депутаттар көтерген ең маңызды стратегиялық
сауалдың бірі – Қазақстанда мемлекеттік тілді оқытудың біртұтас ұлттық
тұжырымдамасын қабылдау қажеттігі. Көтерілген мәселе – жеке пәнді түзету немесе
оқулықты жаңарту деңгейіндегі мәселе емес, қазақ тілін балабақшадан бастап
жоғары оқу орнына дейін, одан әрі ересектерге дейін бір жолмен, бір логикамен,
бір жүйемен оқытуға бағытталған ұлттық модель болуын талап ететін үлкен сұрақ.
Қазіргі таңда мемлекеттік тілді оқыту жүйесі төрт
деңгейге бөлінгенімен (балабақша, мектеп, ЖОО, ересектер), осы деңгейлер
арасында сабақтастық жоқ. Әр жүйе өз бетінше жұмыс істейді. Мектеп балабақшаға
сүйенбейді, ЖОО мектептің дайындығына сенбейді, ал ересектерге арналған оқыту
жүйесі мүлде басқа арнада. Осының салдарынан қазақ тілін оқыту жүйесі тұтас бір
механизм ретінде емес, бөлшектенген үрдістердің жиынтығы ретінде жұмыс істейді.
Бір жерде бар нәрсе екінші жерде жоқ, бір деңгейде басталған жұмыс келесі
деңгейде жалғаспайды. Сондықтан депутаттар өте орынды сұрақ қойды. Министрлік
бұл сұраққа «2023–2029 жылдарға арналған тіл саясаты тұжырымдамасы бар» деп
жауап берген. Бұл, әрине, құжаттың бар екенін көрсетеді, бірақ депутат сұраған
мәселеге тура жауап емес. 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдама – жалпы тіл
саясатын дамыту туралы құжат. Онда мемлекеттік тілдің мәртебесі, тілдік
жоспарлау, цифрландыру, контент, терминология, өзіндік оқыту, тілдік ортаны
кеңейту секілді кең ауқымды мәселелер қарастырылған. Ал мұндағы басты сұрақ – мемлекеттік
тілді оқытудың ғылыми-әдістемелік моделі, яғни кез келген оқу үрдісі үш тағанға
сүйенеді. Нені, кімге, қалай оқыту? Нені оқытуға пәннің білім мазмұны кіреді.
Қалай оқытуға олардың әдіс-тәсілдері кіреді. Ал кімге оқытуға баланың оқу
материалдарын қабылдауы кіреді. Осылардың ішінде оқу үдерісінің ең өзегі –
«нені оқыту?», бұл пәннің мақсатынан туындайды. Себебі мазмұн дұрыс
анықталмайынша, кімге және қалай оқыту мәселелері де толық шешілмейді. Мемлекеттік
тілді оқытудың нақты әдістемелік моделінсіз, деңгейлер арасындағы нақты
сабақтастықсыз, мазмұны мен мақсаттары айқындалмаған жүйемен ешқандай реформа
нәтиже бермейді.
Қорытындылай келгенде, депутаттық сауалда көтерілген
мәселелер қазақ тілін оқытудың бүгінгі ахуалына кешенді әрі дәл диагноз қойды:
сабақтастықтың үзілуі, грамматиканың жүйесіздігі, пәндердің жасанды
біріктірілуі, филолог даярлаудағы ала-құлалық және ең бастысы – мемлекеттік
тілді оқытудың бірыңғай ұлттық тұжырымдамасының жоқтығы. Бұл – жеке-жеке
кемшілік емес, тұтас жүйенің бұзылғанын көрсететін белгілер.
Министрлік берген жауаптар құжаттардың бар екенін
көрсеткенімен, нақты проблемалардың не себептен туындап отырғанына, оны қалай
шешуге болатынына жауап бере алмады. Формалды есеп пен шынайы нәтижені
айырмайтын осындай тәсіл тіл оқыту сапасын түбегейлі жақсарта алмайды.
Бүгінгі қажеттілік – қолдағы бар бағдарламаларды қорғау
емес, олардың шынайы тиімділігін қайта қарау. Қазақ тілін оқытуға жаңа мазмұн,
жаңа әдіс, жаңа көзқарас қажет. Ол үшін білімнің барлық деңгейін
біріздендіретін, тіл мен әдебиеттің ғылыми табиғатын бүлдірмейтін, грамматиканы
мәтін тудыру дағдысына қызмет еткізетін және филолог маманын бірыңғай талаппен
дайындайтын ұлттық оқыту тұжырымдамасы қабылдануы тиіс.
Бұны реформа деп қарамау керек, ұлт үшін қажет шешім.
Қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде оқытудың жүйесі түзелсе ғана, тілдің
қоғамдық қызметі кеңейеді. Ал мемлекеттік тілдің болашағы – бүгінгі осы шешімге
тәуелді.
МТДИ-дің
ғылыми-әдістемелік кеңесі
ПІКІР АЛМАСУ
26/11/2025 15:01
Қызылорданың А.Байтұрсынұлы атындағы №211 мектебінде республикалық деңгейде конференция өтті
|
ТЕКСТ

2)
3)
4)



