КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА


«Ер қаруы – бес қару» дейді халық мақалында. Ер жігітке сын сағатта қару болған жарақтар ел аузында түрліше аталып жүр. Алыстан шолып, аңдысуға немесе бетпе-бет келіп, алысуға байланысты қару түрлері де әртүрлі болғаны белгілі. Профессор Н.Уәли ұзақ жылдар бойы жасаған «Бұрынғыдан қалған сөз» атты этнолингвистикалық зерттеуінде аталған қару түрлерін төмендегіше түсіндіреді. Есте жоқ ықылым заманнан ел есінде қалған ескі жырларда бес қару тіркесі жиі кездеседі:
Берік сауыт кигізді,
Садағын сала байланып.
Ер қаруы – бес қару
Бесеуін тамам ілгізді.
(«Құбығұл»)
Әрине, ертеде бес қаруға қару біткеннің бәрін жатқызбаған. Бес қару деп тартыспақ (садақ), атыспақ (мылтық), шанышпақ (найза, сүңгі), шабыспақ (қылыш, алдаспан, селебе), салыспақ (шоқпар, айбалта) сайыстарында, жекпе-жекте жұмсалатын қаруларды атаған.
Эпос, ертегі сюжеттерінде: – Алыспақ керек пе, шабыспақ керек пе? –Атыспақ атамның арғы төрінде қалған, шабыспақ керек, – деп келетін тұрақты сөз орамдары – жекпе-жек сайысына байланысты айтылатын стеоротиптер. Бес қарудың ел арасында айтылатын әртүрлі нұсқалары бар.
1899 жылы Орынбордан шыққан «Сборник киргизских пословиц» деп аталатын жинақта «ер жолдасы – бес қару» деген мақалды келтіре отырып, оған жинақ авторы 1. пышақ. 2. найза. 3. қылыш. 4. садақ. 5. мылтық тәрізділерді жатқызады (106-б.). Осы аталған кітапта бес қарудың тағы бір нұсқасының берілуі өте қызық. Бұл нұсқа бойынша бес қаруға: 1. пышақ. 2. таяқ. 3. біз. 4. шақпақ. 5. жіп тәрізді тұрмыстық заттарды (бес аспапты) жатқызады (94-б.). Тегінде, бұл нұсқа көне дәуірдегі аңшылық кәсібіне байланысты айтылса керек.
Бес қарудың ішінде мылтық пен қылышқа, әсіресе, қылышқа сыбаға қылу салтының болғандығын аңыз-әңгіме, байырғы жырлардан кездестіріп отырамыз. Қылышын мадақтап, оның суарылуы мен тойтарылуын айтып, «бір сыбаға қылғаны» туралы аса көркем жыр жолдары бар:
Тойтаруына шыдамай,
Тоқсан шәкірт мойыған.
Суаруына шыдамай,
Айдын көлдер құрыған.
(Ш.Уәлиханов)
Батыр қылышын «Айдынына шыдамай, ай бұлтқа сынған, көруіне шыдамай, күн бұлтқа сынған» деген бейнелі сөзбен дәріптейді. Кей жырларда батыр қару-жарағын дұшпанына айбарлы көрсету үшін селебе мен қылышына, тіпті егеуіне дейін мадақ (ода) айтады:
Егеуіне келгенде,
Елу ұста жиналған.
Таптауына келгенде,
Тамам ұста жиналған.
(«Әлібек» ертегісі)
Қылыш, алдаспан, сапы селебенің жетім құрыш қылыш (Сүйінбай Аронұлы), бүктемелі семсер (Нұрхан Ахметбекұлы), сағасы алтын нар болат («Орақ-Мамай» жыры), алмас тая («Қамбар батыр» жыры), қынабын алтын қырқар («Қыз Жібек» жыры) тәрізді тұрақты баламалары мен атаулары халық әдебиеті мұраларында, ақын жырларында аса көп ұшырайды.
Жеті қат жерден өткен зұлпықардай,
Қашауым қара тасты кетті іріп, – дейді Шашубай ақын. Қазіргі оқырман зұлпықар сөзінің мағынасын бірден аңғара бермейді. Зұлпықар – омыртқа кесер.1 Әуелде бұл атаудың пайда болуы діни әфсанаға байланысты. Мысалы, қазақ тілінде аспаннан түскен төрт кітап деген фразеологиялық сөз тіркесі бар. «Діни ұғымда төрт пайғамбар аспаннан түскен төрт кітапқа ие болыпты: Тәурат (Пятикнижье Моисея) – Мұсаның, Зәбур (Псальтырь) – Дәуіттің, Інжіл (Евангелие) – Исаның, Құран – Мұхамбеттің кітабы».2 Сөз арасында бұл аталған төрт кітаптың байырғы кезде шар кітап деп те аталатынын еске ала кетуге болады. Осы тәрізді бұрынғы қазақ тілінде көктен түскен төрт қылыш (хәмкам, сәмсам, зұлқажа, зұлпықар) деген фразеологизм бар. Төрт қылыштың бірі – зұлпықар. От ауызды, орақ тілді Қашаған ақын «домбыраны қу ағаш» деп тіл тигізген молданы уәжді сөзбен тұқырта келіп:
Бұрынғы өткен заманда
Болған екен көп ұрыс.
Көп ұрыстың кезінде
Жәбірейіл жәннаттан
Алып келген төрт қылыш
Төрт қылыштың атын атайын:
Біреуінің аты – Хәмкам
Біреуінің аты – Сәмсам
Біреуінің аты – Зұлқажа
Қынабына солардың
Қап та болған бұл ағаш!
(Қашаған Күржіманұлы)
Байырғы өлең-жырларда кездесетін көмескі сөздердің мағынасын әртүрлі ескілікті аңыз, әфсаналарда айтылатын деректермен салыстыра отырып анықтауға болады. Кейбір сөздіктердің көрсетуінше, «Зұлпықар – Мұхаметтің Бадра шайқасында жаудан тартып алған қылышы, ол кейіннен Әліге мирас болған»3 делінеді. Бұл сілтемеге қарағанда қазақ тіліндегі «аса таңдаулы қылыш» мағынасында айтылатын берікәлі атауы осы дерекпен сабақтас болуы ықтимал:
Дүниенің білдім жалғанын,
Көтердім басқа салғанын.
Сол болды жалғыз арманым
Берікәліні шалмадым.
(Досжан Сексенбайұлы)
Мұндағы берікәлі сөзінің берік және Әлі сөздерінен бірігуінен жасалғандығын байқауға болады. Сонымен, берікәлі – «Әліге мирас болған зұлпықардың» (бұл сөздің дыбыстық өзгеріске ұшыраған нұсқасы – зұлперін) баламасы. Осындай фольклорлық тәсілдерді І.Жансүгіровтің образды сөз өрнегінен ұшыратамыз:
Шалғыны шыңғырлатып жанып-жанып,
Жоңқабай жоңышқаға қалды салып.
Әлінің кеуір қырған зұлперіндей,
Үйіріп қырып-жойып кетті жарып.
Аспақаны қылыш тіркесі – қылыштың жасалған жеріне байланысты қойылған атау. 1889 жылы шыққан қазақ мақалдары жинағында «Қатын алсаң қызылбастан ал, Қылыш алсаң Аспақаннан ал, ат алсаң Арабстаннан ал» деген мақал бар. Жинақты құрастырушы қызылбасты – «парсы», Аспақанды – «Дағыстан» деп көрсеткен (144-б.). «Елдің атын ер шығарады» дегендей, ұста, мініскерлерімен даңқы шыққан шаһарларды, ел-жұртты білдіретін байырғы сөз орамдарының аңғартар сыры аз емес.
Эпостық жырларда садақтың бұқаржа (бұқар жақжай) мен саржа (сар жақжай) деп аталатын түрлері де аса жиі кездеседі. Кезінде Бұқара – қолөнер шеберлерімен даңқы шыққан шаһарлардың бірі болған. Садақтың бұқаржа аталуы осы шаһармен байланысты екендігі күмән тудырмайды. Ал башқұрт садағын қазақтар көбіне саржа деп атағандығын Л.Будаговтың сөздігінен (427-б.) кездестіреміз.
Байырғы қару-құралдарға (бес қаруға) қатысты кейбір көне атаулар қазіргі оқырманға мүлде түсініксіз. Мұндай «күңгірт» тұстар оқырманның мәтінді жете ұғынуына біршама қиындық келтіреді.
Көлторғай адыра қалғыр, көрген жерім,
Бұлағай ойран, әлек салған жерім,
Көк найза, қара санай атылса да.
Қайтармай қайтқаным жоқ аттың терін.
(Шәңгерей Бөкейұлы)
Осындағы санай (қара санай) – садақтың қазақ тіліндегі тағы бір атауы. Бұлай деуімізге Л.З.Будаговтың тобыл татарларында кездесетін санай сөзін «садақ» деп көрсетуі негіз болады (169-б.). Садақтың, саржаның, бұқаржаның, санайдың жебесіне қатысты қозы жауырын көктеме оқ» (Шынтасұлы Төрехан), қармаулы қабыл жебе («Қыз Жібек» жыры), «Қарға жүнді қасалақ оқ («Қозы-Көрпеш» жыры), «Қарға жүнді қамыс оқ», «Күшіген жүнді қамыс оқ», «Тазқараның тайлақ жүнімен жүндеген оқ» тәрізді тұрақты сөз тіркестері ауызша мұралар тілінде өте мол. Осылардың қатарында тоқал оқ тәрізді атаулар да кездеседі. Тоқал оқ – қорамсақтағы жебені сындыру үшін қолданылатын оқ. Бұл сөзді «Ер Тарғын» жырының В.В.Радлов нұсқасынан кездестіреміз. Ауыз әдебиеті мұраларының айтар сыры көп. Садақ жебелерін «қатарлап кетпен қойып сынап көру» дәстүрі әртүрлі әфсаналарда, ескі жырларда жиі кездеседі. Мұндай этнографиялық деректердің кейбір үлгілері мына тәрізді. «Төстік Садақ тартып үйренді. Тартқан садағын тоғыз қабат кетпеннен өткізді» («Ер Төстік»). 
Қатарлап он кетпенді алып кепті
Өңшең батыр сауықшыл бәрі епті.
Біссіміллә деп Ер Қозы тартып еді,
Он кетпеннен қол оғын безеулетті.
(«Қозы Көрпеш-Баян сұлу»)
Тап осылайша жебе сынау тәсілі қазақтар арасынан К.Чермак жазып алған «Қызыл Кеніш» атты аңызда да бар. «Бақташы бала садағына салып атқан жебесі қатар кетпеншотты тесіп өтеді».4
Жалпы халықтық тілде мылтықтың түр-түріне байланысты айтылатын әртүрлі көне атаулар бар. Ондай көне сөздердің аса құнарлы мол тобын байырғы ақын-жырауларымыздың жыр кестесінен жиі кездестіреміз:
Он екі құрсау жезайыр,
Қара мылтық жұмсаған.
(Ер Шобан)
Жырдағы жезайыр – «ұзындығы бір сажын, түйемен алып жүретін пушка»5. Ал қара мылтық деген тіркес білтелі мылтықтың бір түрі болса керек. Қырғыз тілінде қара мылтық «пистонсыз атылатын мылтық».6 М.Әуезовтей көркем сөз зергерінің тіл өрнегінде ел ішінде айтылатын сөз қазынасының небір сирек үлгілерін ұшыратамыз. Солардың бірі үрімді мылтық. Жазушы үрімді мылтық сөзін мынадай контексте қолданады: «Керейден Бегеш деген кісі Абайға елші боп кеп: Ерте жара түйін деген. Үрімді мылтық өзі атып, өзі түзеледі. Біз Керей, Найман еліміз, қасыңдамыз. Ағайыныңа не қыл дейсің?» – дейді (М.Әуезов). Осындағы «үрімді мылтық өзі атып, өзі түзеледі» деген фразеологизмге назар аударсақ, үрімді мылтық «үрім», яғни Рум (Византия) мылтығы дегенді аңғартатын тәрізді.
Әдеби мұралар тілінде кездесетін үш тосарлы қанды ауыз (І.Жансүгіров), кер мылтық дегендер мылтықтың сирағына (аяғына) байланысты айтылса, құндағының көлеміне қарай әукелі құндақ ақ берен (Н.Ахметбекұлы) деп те қолданылған. Ал мылтықтың қысқалауы – ақшолақ (Н.Ахметбекұлы), ұзындауы – ақ сырық мылтық («Қыз Жібек»), шаңғыл (винтовка), самқал7. Оғы алысқа ұшатындарды қозыкөш (Ш.Уәлиханов) деп атаған. Алысқа ататын мылтықтың тағы бір атауы – қорама мылтық8.
Желп-желп еткен ала ту
Жиырып алар күн қайда?
Орама мылтық тарс ұрып,
Жауға аттанар күн қайда?
Осындағы орама мылтық жоғарыда аталған қорама мылтықтың нұсқасы болуы ықтимал. Бес қаруға жататын айбалта, найза, сүңгі, шоқпардың (келтек, сота) түр-түріне қатысты айтылатын алмас құрыш айбалта, тарақ балта («Қамбар батыр»), толғамалы ала балта, жалмалы қарыс балта, алты құлаш ақ найза, қималы найза (Махамбет), Қобылан соққан ақ найза (Сүгір Мырзалыұлы) тәрізді тұрақты тіркестер мен атаулар – эпос, жырлардың сөз байлығы. Бұлар ақын, жазушыларымыздың сөз кестесінің сарқылмас қайнар көзіне айналған. Мысалы, төсжара қайың шоқпар, сегіз қырлап жонған қайың шоқпар дегендерді М.Әуезовтің тіл кестесінен кездестіріп отырамыз. Алты құлаш ақ найзамен қатар айтылатын қарудың бірі – ақ сүңгі:
Алты қырлы ақ сүңгі
Оң қолына алғанда
Қындағы алтын айбалта,
Аш беліне шалғанда.
(В.В.Радлов)
Ақ сүңгі – найзадан бөлек, сабына шыжым байлаған, бастан асыра шыр айналдыра лақтыратын қару. Осы қарудың сипаты Н.Ахметбекұлының дастандарына тайға таңба басқандай айқын баяндалады:
Ағаш сапты ақ сүңгі
Өзек құлаш шыжыммен
Шырлатып жауға лақтырған.
Байырғы ақын, жыраулардың сөз өрнегінде әлі де танылмай жатқан, ашылмай жатқан құпиялар бар. Доспанбет жырауда:
Сақ етер тиді саныма,
Сақсырма толды қаныма
Жара бір қатты, жан тәтті,
Жара аузына қан қатты – деген жолдар бар.
Сақетердің қандай қарудың атауы екендігі қазіргі оқырманға күңгірт. Профессор С.Аманжоловтың көрсетуінше, сақетер – қылыштың бір түрі. Бұл сөзді қырғыз тіліндегі шалк етме «шынжыр тәрізді ескілікті қарудың түрі»9 дегенмен де салыстыруға болатын тәрізді. Ал сақсырдың қандай мағынадағы сөз екенін ноғай тілінің дерегімен салыстыра отырып анықтауға болады. Ноғай тілінде сақсыр «қой терісінен (жүнін ішінде қарата)» жасалған шалбар.
1 Оңдасынов Н. Арабша-қазақша түсіндірме сөздік. 1984. – 185-б.
2 Кеңесбаев І. Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі, 1977. – 53-б.
3 Арабско-русский словарь. Москва, 1985. – 604 с.
4 Г.Н.Потаниннің 70 жасқа толу құрметіне арналған жинақ. СПб., 1909, 212-218 бет.
5 Будагов Л.З. Сравнительный словарь турецко-татарских наречий. Т. І. СПб, 1869. – 436-б.
6 Юдахин К.К. Киргизско-русский словарь. М., 1965, 346-с.
7 Будагов Л.З. Сравнительный словарь турецко-татарских наречий. Т. І. СПб, 1869. – 661, 692-с.
8 Байжанов Т. Қазақ тіліндегі әскери лексика. Кандидаттық диссерт. авторефераты. Алматы. 1973, 5-б.
9 Молдобаев И.Б. Эпос «Жаныш и Баныш» как историко-этнографичиский источник. Фрунзе, 1983, 146-с.
10 Ногайско-русский словарь. М., 1963, 284-с.

Ана тілі

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз