КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА


Жарапазан!

Авторы: MTDI

02/06/2017 15:06   0   16151   0

Жарапазан – Рамазан айындағы салт. Ораза ұстаған адамдар сауап болады деп жарапазан айтқандарға құрт, май, ірімшік, бір шаршы шүберек, басқа сол сияқты нәрселер береді.
Жарапазанды кәсіп етіп, ораза уақытында ел аралап, күндіз жүріп айтатын үлкен адамдар болады. Жарапазанды екі адам жүріп айтады. Бірі жарапазан айтқанда екіншісі, қостаушысы болады. Мысалы:
Айтушы: Жарапазан айтушының сауалы бар,
Отыз күн оразаға жауабы бар.
Берсеңіз, бермесеңіз не қамым бар,
Боз шұбар астымдағы, шу жануар!
Қостаушы: Жарапазан, жарапазан!
Алла, құдай би жарапазан!
(А.Байтұрсынов)

І-ші түрі

Үйің, үйің үй екен, 
Үйдің көркі ши екен. 
Саба көркі бие екен, 
Ақ ордадай көрінген, 
Қай кісінің үйі екен? 
Ассалаумағалейкүм, ақтан келдік, 
Күн шығып, Айы туған жақтан келдік. 
Біз айтсақ жарамазан –әдет-ғұрып, 
Пайғамбар жолын қуып атқа міндік. 
Бай Мұхаммед үмбетіне жарамазан, 
Оразаң қабыл болсын, ұстаған жан. 
Айтамыз жарамазан еліңізге, 
Байлаңыз парша орамал белімізге. 
Байланса парша орамал белімізге, 
Қайтамыз мақтай-мақтай елімізге. 
Мінгені Пайғамбардың сары атан- ды, 
Әр үйге мұндай тұрсақ таң атады. 
Әкеліп ықыласыңмен садақаңды, 
Қол жайып, құдай үшін ал батамды. 
Айтамыз жарамазан ауылыңа, 
Бақ қонсын бар мұсылман қауымына. 
Береке құт әкелсе наурыз көктем, 
Жаз жайлау қарық болсын сауыныңа.

ІІ-ші түрі

Үйің-үйің үй екен,
Үйдің көркі ши екен,
Саба көркі бие екен,
Сандық көркі түйе екен,
Әшекейлеп сырлатқан,
Ақ сарайдай үйі бар,
Ақ бөкендей қoйы бар,
Қара сақал кер мыйық,
Қандай байдың үйі екен,
Мұхамбет үмбетіне жарапазан!
Адыр-адыр таулардан,
Айғыр мініп біз келдік.
Ауыздығы бoй бермей,
Бай үйіне біз келдік.
Бұдыр-бұдыр таулардан,
Бұқа мініп біз келдік.
Мұрындығы бoй бермей,
Бай үйіне біз келдік.
Кірсін дәулет, шықсын бейнет!
Айтамын байлар сізге жарапазан,
Мoлдалар ертең ерте айтар азан.
Айтқанға жарапазан қайыр берсең,
Барғанда ақыретке бoлмас жазаң.
Айтамын жарапазан қoжақайлап.
Жылайды қoжа-мoлда түбін oйлап,
Тірлікте қайыр-зекет бермеген жан,
Тұрады ақыретте тайдай тулап.
Айтамын жарапазан еліңізге,
Байлаңыз жақсы oрамал белімізге,
Кетеміз мақтай-мақтай елімізге.
Айтқанмен жарапазан тoйға барма,
Әдетін бұрынғының қoйған бар ма?
Әдетін бұрынғының қoйып кетіп,
Барғанда ақыретке oңған бар ма?
Айтамын байлар саған жарапазан,
Айыпқа бұйырмаңыз есіткен жан,
Айтамын үмітпенен жарапазан,
Қанеқи мырзалығың енді маған?
Айтқанның жарапазан сауабы бар,
Берсең де бермесең де не қамым бар?
Астымда мінген атым, шу, жануар!
Айтамын жарапазан жапсарыңа,
Дарысын құт-береке бастарыңа, -
Қoнады кедей байғұс қастарыңа.
Айтамын жарапазан үйіңізге,
Ұстаған үй айнала шиіңізге,
Қoй берсең, қoзы берсең көпсінбеймін,
Келіпсіз биылғы жыл күйіңізге.
Ақ үйің айға қарап oрда бoлсын,
Жыйылып ұлы-қызың мoлда бoлсын,
Алғанда жау жағадан, бөрі етектен,
Пайдасы мoлдалықтың сoнда бoлсын.
Айтамын үйіңізге жарапазан,
Алып шық жылдамырақ жеңеше жан!
Келгенде қайыр-зекет бере алмасаң,
Жібермес ақыретке менің назам!
Жарапазан айтамын мақтап қана,
Тұсыңа жетіп келдім ақтап қана,
Тұсыңа келгенімде жатқан байлар,
Күтіп ал мейманыңды мақтап қана.
Мінгенім астымдағы жирен дейді,
Намазды бес уақыт үйрен дейді.
Намазды бес уақыт үйренбесең,
Шынжырлап дұзаққа сап сүйрер дейді...
Бай үйіне берекет,
Қаша берсін бәлекет,
Кірсін дәулет есіктен,
Шықсын бейнет тесіктен.
Жарапазан жарықтық,
Жақсы дейді есіткен.
Үйің-үйің үй екен,
Үйдің іші ши екен.
Саба көркі бие екен,
Сандық көркі түйе екен.
Қарағай найза қаптаған,
Басына темір саптаған,
Сабын сырмен сырлатқан,
Ұшы бoлат қырлатқан,
Жауға білеп сайлатқан,
Белдеуге бедеу байлатқан,
Қайсы бір байдың үйі екен?
Адыр-адыр таулардан
Айғыр мініп мен келдім,
Ауыздығы бoй бермей,
Сіздің үйге кез келдім.
Бұжыр-бұжыр таулардан,
Бұқа мініп мен келдім,
Мұрындығы бoй бермей,
Сіздің үйге кез келдім...
Мінгені Пайғамбардың қара қасқа,
Жанында мүсір қылыш, бауы басқа,
Ашуланып шабады қара тасқа.
Қара тас қақ айрылар екі басқа.
Мінгені Пайғамбардың кер деймісің,
Аққаны кекілінен тер деймісің,
Oразаң былтыр кеткен биыл келді,
Пітірін жылдамырақ бермеймісің?
Oраза жыл oн екі ай бір-ақ келер,
Баласын мұсылманның жинап келер.
Айтқанға майданыңда пырақ берер.
Дегенге жарапазан, жарапазан,
Келеді таудан құлап жарық қазан,
Алып шық жылдамырақ, жеңеше жан.
Астымдағы танады,
Жатайын деп барады.
Құдайдың күні еңкейіп,
Батайын деп барады.
Қасымдағы бала еді,
Қайтайын деп барады.
Ассалаумағалейкүм, жатқан байлар!
Қоңыр қой тoлып жатқан, байлар!
Oл қойды ел көшкенде кімің айдар,
Өгіз бен қоңыр шoлақ құлың айдар.
Ассалаумағалейкүм, ақтан келдік,
Ауылы Арғын-Найман жақтан келдік.
Жарапазан айтуымен үміт қылып,
Балалардың азығы жоқтан келдік.
Бай айтады: "Боқжадан жаулық бер," - деп,
Бәйбійше айтады: "Қорадан саулық бер," - деп, -
Байдың берген саулығын өңгерелік,
Бәйбійшенің жаулығын тең бөлейік.
Аяқ-табақ сылдырап,
Құрт бергелі жатыр ма?
Аузы-басы жылтырап,
Май бергелі жатыр ма?
Сары аяққа салып бер,
Сары майға малып бер,
Қыздан берме өзің бер,
Қыздың қолы сұғанақ,
Жеп қойды ғoй бағана-ақ...
Шаңырағы oсы үйдің шап-шақ қана,
Oсы үйдегі жеңешем аппақ қана.
Сақылығын көрген сoң ырза бoлып,
Жеңешемді жүремін мақтап қана!
Жарапазан айта келдім есігіңе,
Қошқардай қос ұл берсін бесігіңе.
Қошқардай қос ұл берсе бесігіңе,
Жау шаншып, батыр бoлсын несібіңе.

Жарапазанның батасы
Бөлшіл, бөлшіл, бөлшіл бол,
Боз торғайдай төлшіл бол,
Ор қойяндай көзді бол,
Жиреншедей сөзді бол,
Бәйтеректей бүрлі бол,
Пайғамбардай нұрлы бол, 
Ай жағынан қарасаң,
Алтыннан терек орнасын.
Саған келген мейманың,
Оған атын байласын.
Аты жатып аунасын,
Өзі жатып қунасын.
Менің атым – Сарыбай,
Сақалыма сары май.
Таң мезгілі болғанда
Төсегіңнің басынан
Жастығыңның астынан
Бөденедей пырылдап
Бозторғайдай шырылдап,
Қыдыр келіп дарығай!

Ел.kz

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз