THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Мақтымқұлы Пырағы – түркімен әдебиетінің іргетасын қаласқан майталман ақындардың бірі де бірегейі болды. Мақтымқұлы тек жазған өлеңдерімен ғана емес, сонымен қатар, қазіргі түркімен әдеби тілінің қалыптасуы мен дамуына үлкен үлес қосқан ақын. Cондықтан оның түркі әлеміндегі орны өзгеше.
Мақтымқұлы Пырағы 1733 жылы Түркімен-Хорасан тауларының батысындағы Атрек өзенінің бойында, Хажыговшан деген ауылда дүниеге келген. Әкесі – Довлетмәмед Азады белгілі ақын, ғалым болған адам.
Ақынның жастық шағы Атрек, Гүрген дарияларының бойындағы Геркез, Соңыда сынды табиғаты әсем өлкеде өтеді. Мақтымқұлы 1783 жылы 50 жасында дүниеден озған. Соған қарамастан артында мол мұра қалдырған. Шығыс шынарлары қатарларынан орын алған шайыр Ирандағы Ақтоқай деген жерде мәңгілік тыныстап жатыр.
Оның жауһар жырларын қазақ тілінде алғаш рет Ғали Орманов пен Ғафу Қайырбеков сөйлетті. Мақтымқұлы шығармалары қазақ тілінде («Таңдамалы өлеңдер» 1947; «Таңдамалы өлеңдер» 1959; «Өлеңдер» 1968) бірнеше рет жеке жинақ болып жарық көрді.
Кейіннен түркімен топырағының түлегі, дарынды қазақ ақыны Дүйсенбек Қанатбаев Мақтымқұлы өлеңдерін түпнұсқадан тікелей тәржімалап, кітап етіп шығарды. Ақынның бұл кітабы қазақ оқырмандарының ыстық ықыласына бөленді, халықтың сүйіп оқитын кітабына айналды. Мақтымқұлы өлеңдері сахнадан ән болып шырқалып, ел арасында жыр-терме болып айтылып жүр. Әсіресе, елдің жүрегіне жол тауып, қазақ той-думандарының көркіне айналған өлеңдерінің бірі – «Боларсың».
Биік таулар бойшаңмын деп шіренбе,
Бір күн құлап сен де типыл боларсың.
Терең теңіз тәкаббарсып түнерме,
Суың кепсе, сен де бір шөл боларсың...
Тұлпар мініп, сұлу құшқан әуре жан,
Не әкетпекші сонда мынау жалғаннан?
Қор болмақшы ар-иманнан құр қалған,
Ұятты жан жарық нұрдай боларсың.
Үлгі қылса тыңдаған жұрт сөзіңді,
Менменсімей, төмен ұста өзіңді.
Ғалымга ерсең күндей ашар көзіңді,
Наданға ерсең, қараңғы көр боларсың...
Мақтымқұлы, өлшеп сөйле бойыңа,
Асыңды бер қарай-қарай жайыңа.
Дана тапсаң, басыңды қи жолына,
Сонда өзің де кәміл адам боларсың.
Пәлсапалық даналыққа толы толғауында ақын осылайша төгілте, тыңдаушысын егілте жырлайды.
Мына оқиға менің есімде қалыпты. 1993 жылдың мамыр айы болатын. Мен ол кезде Қазақ радиосының Әдебиет, мәдениет және өнер бас редакциясының меңгерушісі едім. Түскі асқа барғалы жатқанымда телефон шырылдап қоя берді. Тұтқаны көтерсем, Президент аппаратының Ішкі саясат бөлімінің қызметкері Сауытбек Адрахманов екен. Мақтымқұлы Пырағының 260 жылдық тойына орай екі елдің Президенттері – Нұрсұлтан Назарбаев пен Сапармұрат Ниязов түркімен жерінде кездесетінін, соған байланысты Мақтымқұлының жырларын аударған ақын Дүйсенбек Қанатбаевтың Елбасымен бірге салтанатқа қатысу керектігін жеткізді. Дүйсенбек Қанатбаев осы бас редакцияның бас редакторы болатын. Бар мүмкіндікті пайдаланып, бас-ағы екі сағатта Қанатбаевтың сапарға шыққалы жатқан ұшаққа отыруын қамтамасыз еттік.
Салтанатты жиында сөйлеген кұттықтау сөзінде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Біздер, қазақтар, Мақтымқұлының өлеңдерін түркімендерден кем білмейміз. Оның аудармашысы қазір сіздердің араларыңызда отыр», – деген еді мақтаныш сезіммен. Басқосуда туысқан екі ел президенттері тарихи және әлеуметтік маңызы бар бірқатар құжаттарға қол қойды.
Түркімен әдебиетінің классигі, ғұлама философ, ғалым Мақтымқүлы Пырағы өз заманының қайраткері болған қайсар тұлға. Оның есімі әлемге әйгілі Фараби, Бируни, Ибн-Сина, Хорезми сынды ғалымдардың, Хайям, Фирдоуси, Низами, Дехлеви, Саади, Хафиз, Жәми, Науаи, Физули, Абай сынды ақындардың есімімен қатар тұр.
Түркімен поэзиясының классигі Мақтымқұлы Пырағы Бекет ата оқыған Хиуадағы 1726 жылы салынған Шерғазы хан медресесінде білім алған. Белгілі өзбек ақыны Пахлаван Равнак, атақты қарақалпақ шайыры Әжнияз Қосыбайұлы осында білім алып, тәрбиеленген. Негізінен бұл медреседе сол дәуірдегі өте талантты, белгілі адамдар оқыған. Сондықтан медресе халық арасында “Маскани фозилон”, яғни, “Білімдарлар ордасы” атанған.
Уақыт рухы, оның үдесінен шығу деген талап бар. Бұл әрбір суреткер үшін басты талап. Гомер “Илиадасын”, Данте “Тәңірінің тәлкегін”, Фирдоуси “Шахнамасын”, Фр. Петрарка “Лаура туралы жырларын” жазғанда, осы талаптар деңгейінен шыға білген. Сондықтан да олардың бұл шығармалары өміршең. Мәселе жырлауда. Абай мен Мақтымқұлы жырларының да күні кеше ғана жазылғандай болып, жақыннан, жанымыздан естілетіні және жадымыздан кетпейтіні де сондықтан.
Аталған ақындардың әрқайсысы өз кезінің шындығын, өз дәуірінің шулы мәселесін жырлағаны белгілі. Бір ерекшелігі – олар барлығын уақыттың көзімен көрді, сол кезеңнің тілімен жырлады. Қайсыбір шығарма болмасын, алдымен, сол кезең үшін қызмет етуге тиіс. Өз уақыты үшін қызмет етпеген немесе ете алталмаған шығарма өзінен кейінгі дәуірлерге де жарамсыз болады. Өйткені, қаламгер де, шығарма да өз мезгілінің үні, тынысы болуға тиіс. Одан арғысы уақыттың еншісінде.
Біздің заманымыздың заңғар жазушысы, әлем таныған Шыңғыс Айтматов: «Түркістанда XVІІІ ғасыр – Мақтымқұлы поэзиясының ғасыры болды» деп жазды. Бұл, енді бүкпесіз шындық. Талантты түркімен шайыры ойлы да нәрлі өлеңдерімен замандастарын, жалпы халықты білімге, бірлікке шақырды.
«Аттаныста жігітке
Арындаған ат керек.
Досқа деген құрметке
Жақсы махаббат керек.
Ерлік керек төзбекке,
Жүйрік керек озбаққа:
Жомарт жігіт болмаққа
Ашық көңіл зат керек.
Ойындағы құр қиял –
Мақсат емес жиған мал:
Еңбегіңе бол адал,
Ғылым табар шақ керек...», – деп жырлады.
Ақын жырларының өзекті тақырыбы – адамгершілік, гуманистік идеяны ту етіп көтеру.
Мақтымқұлы өз жырларында түрікмен халқын ауызбірлікке, ынтымаққа, түрлі ру-тайпалар арасындағы алауыздықты жоюға шақырды. Ең бастысы – ақын Иран шаһы мен Хиуа ханы, Бұхара әмірі сияқты басқыншыларға қарсы ерлік күреске үндеді. Бұған оның «Керекті», «Ер», «Болмаса», «Бақыт құсы», т.б. өлеңдері дәлел.
«Басшысы жоқ өлкенің
Ақымағы ай қарар.
Ойламаса ертеңін
Төрі көрге айналар.
Немесе:
Ажал жетсе жан тұрмас.
Өміріне әркім мас.
Бақыр болар алтын бас,
Бал зәһәрге айналар...».
Пырағы елді бірлікке, бір мемлекетке бірігуге шақырды. Туған жер, қарапайым халық, ізгілік, адамгершілік жайындағы жырлары («Түркімен», «Тең болмас», «Тау санар», «Дүние өтіп барады», т. б.) оны кезінде, филосов ақын ретінде танытты.
Мақтымқұлы жырларының тақырыбы әр алуан болып келеді. Ер жігітке тән батырлықты жырлайтын өлеңдері де, дидактикалық сарынға құрылған жырлары да, көркем табиғат пен мөлдір махаббатты өзек еткен лирикалық поэзиясы да аз емес.
Әйтсе де ақынның ерекше зор шабытпен жырлаған тақырыбы – түркімен елінің азаттығы, ішкі ынтымақ-бірлігі, тәуелсіздігі, егеменді ел болуы еді.
«Жейхун-Әму, Атырау-Хазар арасы,
Әлі оңынан тұрар желі түркіменнің.
Ашылған гүл – нәркес көздің қарасы,
Қара таудан құлар селі түркіменнің.
Әділ мекен, байтақ оның саясы,
Жайылады шөлінде нар, маясы.
Кеңи түсер жайлауының аясы,
Қарық болар гүлге шөлі түркіменнің.
Үлде менен бүлде киер серісі,
Жұпар шашар жидесі мен жемісі.
Жайсаңдар мен жақсылар кіл ел іші,
Жер жұмағы болар елі түркіменнің...»
Ақын осылайша елінің жарқын болашағын нық сеніммен жыр етті. ХVІІ –ХVІІІ ғасыр – түркімен халқының тағдырына зауал болған қатыгез кезең болды. Түркімен жері шет ел басқыншыларының зорлық-зомбылығына душар болып, атыс-шабыстан көз ашпады. Солтүстіктен қалмақтар менен Хиуа хандығы, оңтүстіктен Иран патшасының қандыбалақ бүлікшілері үздіксіз шабуыл жасаумен болды.
Абылғазы Бахадурхан Хорезм ойпатында, Сарықамыш көлі аймағында, Үзбой бойында орналасқан миллиондаған түркіменді аяусыз қырып-жойды. Амудария өзенінің бастау көздерін жауып, Адак, Везир, Вас, Шахсенем, Дөв-Кесен, Булдумсаз сынды қалаларды жер бетінен жойып жіберді. 1646—1653 жылдар аралығында Мары, Ахал, Этрек түркімендері үздіксіз шабуылдан шексіз шығынға тап болды. Мыңдаған Маңғыстау түркімендері зорлықпен Астрахань, Ставрополь өлкелеріне көшірілді, Маңғыстау түбегіндегі қорғандар, бекіністер талқандалды.
Абылғазы шабуылынан көз аша бергенде, түркімен халқына Надир шах сор болды. Надир Гулы хан (1688—1747) Иранды басып алып қана қоймай, бүкіл Орталық Азияға, Үндістанға, Бұқарға, Кавказға, Иракқа шабуыл жасап, бейбіт елдің берекесін қашырды.
Мақтымқұлы заман әділетсіздігін, қарапайым халықтың басына төнген тағдыр-тақсіретін көзімен көріп өсті. Оның өксікке толы өзекжарды жырлары осындай от-жалынның ортасында дүниеге келді.
«Өз елімде хан едім» деген өлеңінде ақын:
«Өз елімде хан едім,
Ханнан да асқан жан едім.
Қараңғыда таң едім,
Таңнан дағы паң едім.
Құдай салды әлегін –
Болдым, міне, бейшара.
Көзсіздерге көз едім,
Сөзсіздерге сөз едім,
Табаны талмас боз едім,
Хатамтайдың өзі едім,
Айналайын өз елім,
Болдым, міне,
бейшара», – деп күйзеледі.
Сәби кезден-ақ осындай аласапыран шақтың куәгері болған Мақтымқұлының осылайша күңіренуі заңды да еді.
Мақтымқұлы жырлары бостандыққа, тәуелсіздікке, бейбітшілікке жетелейді. Оның өлендерінің әр жолынан, әр шумағынан терең ой, тамаша мән-мазмұнды аңғарасың.
«Кедей адам, қам жеме,
Бай-патша да өтеді.
Хандар кірген ақ орда,
Жер бетінен көшеді.
Қалса қалар қызыл тіл,
Жан – жауһар да, тән бір күл.
Сайрай берер тек бұлбұл,
Асқар тау да шөгеді.
Бәріне ажал жетеді.
...Өр айбатын асырған,
Мұхиттар да сапырған,
Тұңғиыққа кетеді...»
Әлем мойындаған Мақтымқұлы поэзиясындағы пәрменді пәлсәпалар ақынды Аристотель, Платон сынды философтардың қатарынан көрсетіп отыр.
«Тау бұлағын тасытты еркін,
Дала жатыр ашып көркін.
Мақтымқұлы ғашық дертін
Өлеңімен емдер бұл күн».
Бұл шумақтан ақынның күйзелісін, жан ашуын жырымен басатынын, оңаша қалып өлеңімен сырласатынын байқаймыз.
«...Жеткен кезде наурыз
Жапан біткен жаңғырар,
Тұман орап тау басын,
Аспан үрпі салбырар.
Жансыздарға жан бітіп,
Әуен билеп маңды бар,
Жер көгеріп, шөп қаулап,
Мерейін бір қандырар...»
Наурызды осылайша дәлме-дәл әрі бояуын бұзбай жырлаған ақын сол заманда болды ма екен? Ақындық шеберліктің, көрегенділіктің нақты мысалы бұл. Өлең ақынның жаңашылдығын, жаңалығын паш етіп тұр. Жер-дүниені жаңғыртқан наурыз жырын ақын төмендегідей етіп аяқтайды.
«...Мақтымқұлы, мұқалма,
Бұл фәнидің мақамы.
Бәрі-бәрі баянсыз,
Сол жаныма батады.
Көншімейді көңілім,
Көкірегім қапалы,
Таусылғанмен төзімім,
Сөзім болғай опалы...».
Ақынның арманы да осы. Мұны бар ақынның мұраты десе де болады. Сөзінде қате болмай, опа болса, ол ақын бақытының жанғаны емес пе?
Алматы ақшамы