THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Осы мақаланы жазуға Мұхтар Әуезовтің мына бір сөздері мұрындық болды. «Қазақтың еңкейген кәрі, еңбектеген жасына түгелімен ой түсіріп, өлім ұйқысынан оятып, жансыз денесіне қан жүгіртіп, күзгі таңның салқын желіндей ширықтырған, етек жеңін жиғызған «Қазақ» газеті болатын. «Қазақ» газетінің сол заманынан бері қарай талай өмір өткен сияқты. Бұл уақыттың [бұл уақыт – Е.Ж.] жылдай, саусақпен санағандай аз жыл болса да, болып өткен оқиғаларына қарағанда, көп заманға жауап ұратын толқынды заманның бірі» («Ақ жол», 4 ақпан, 1923 жыл).
Жазушы айтып отырған мұндағы толқынды заман – жиырмасыншы ғасырдың басы; болып өткен оқиғалар – қазақты тұтас халық ретінде сақтап қалудың, оның ұлттық демократиялық мемлекетін, Алаш партиясын құрудың осы тұста жасалған тұңғыш бағдарламасы, онда белгіленген шараларды жүзеге асыру мақсатында «Қазақ» газетінің шыға бастауы, алғашқы оқыған қазақ зиялыларының осы басылым төңірегінде топтасып Тәуелсіздік жолында жұмыла атқарған ұлы істері, халқы алдындағы тарихи миссиясы; жауап ұратын тіркесі «бағдар-бақыт сілтейтін, Темірқазық болатын» деген мағынада қолданылған.
М.Әуезов «толқынды заманның», «саусақпен санағандай аз жылдың көп заманға жауап ұратынын» яғни көп заманға бағыт-бағдар сілтейтінін, Темірқазық болатынын жоғарыда аталған осы дәуірлік сипаттағы тағдырлы әрі толғақты оқиғаларға қарап айтып отыр. Оның «саусақпен санағандай бұл аз жылды көп заманға жауап ұратын заман» деуінің себебі қазақ ұлтының, халқының, тілінің мәңгілігінің негіздері дәл осы аралықта қаланды. Осы аралықта, яғни осы аз жылда «Қазақ» газеті халқымыздың былайғы көп заманына, бар заманына бағдар-бақыт сілтейтін, Темірқазық болатын «толқынды заманның», «қоғамдық саяси ойымыздың елеулі кезеңінің» мінберіне, бірден-бір қозғаушы күшіне айналды. «Қазақ тарихындағы ең алғашқы ірі қоғамдық ұйым Ұлттық демократиялық Алаш партиясының ұйымдасуына да ұйытқы болған осы газет. Заман аударылып-төңкеріле бастаған тұста қазақ елін аласапыраннан аман-есен алып шығып, автономиялық мемлекет мәртебесіне жеткізуді мұрат тұтқан, Алашорда үкіметінің үні болған даосы газет» (Әбдімәлік Нысанбаев. Азаттық рухының күміс қоңырауы // «Қазақ» газеті. А., 1998 ж. 6 б.). Сондай-ақ газеттің әуелі халықтың көзі, құлағы һәм тілі [яғни көзімен көргенін, құлағымен естігенін тілімен айтатын (білдіретін) құралы], екінші даушысы (мүддесін қорғаушысы, адалына ара түсушісі) екені, үшінші жұртқа қызмет ететіні (жол көрсететіні, жөн сілтейтіні), төртінші халыққа білім тарататыны сияқты қоғамдық қызметтерін де ең алғаш «Қазақстан» оқып білді.
«Қазақ» шынында көп газеттің бірі ме еді? Әсте де олай емес. «Қазақ» – қазақ мәселесін көтерген тұңғыш газет. «Қазақпен қазақтың тілі туды. Таза қазақ тілінде шыққан баспасөз «Қазақ» газеті ғана болды» (С.Мұқанов. XX ғасырдың басындағы қазақ әдебиеті. Қызылорда 1935 ж. 52 б.). Сәбең марқұмның бұл айтқандарын Ш.Мұртазаның мына бір сөздерімен ары қарай сабақтай түсуге болады. «Егемен Қазақстан» – қазақ баспасөзінің бабасы «Қазақ» газетінің ұрпағы» (Жәдігер. А., 2004 ж. 309 б.). Автор бұл жерде қазақ халқының мерзімді баспасөзінің тарихы «Қазақтан» басталатынын және «Қазақта» көтерілген тәуелсіздік идеясын одан беріде үзбей жалғастырып келе жатқан «Егемен Қазақстан» екенін айтып отыр. Шындықты айтып отыр. Көптен көптің көкейінде жүрген шындықты: «Қазақтың» тәуелсіздік жолындағы тікелей мұрагері – осы «Егемен» газеті. Екеуінің арасында алтын өзек арқау боп жатқан жіп – жалғастық, мұрагерлік байланыс, сабақтастық бары сондай-ақ кешегі аяулы Зекеңнің, академик Зейнолла Қабдоловтың мына бір жазғандарында да жақсы тұспалданған. Оқып көрейік. «Өз кезінде «Қазақ» бодан өлкедегі сыңары да, серігі де жоқ бір ғана газет болғаны мәлім. Ал бүгін бостан елімізде, құдайға шүкір, бір емес он сан газет бар. Олар – ел газетінің етене серіктері, бірақ «Егемен Қазақстан» бәрібір біреу, өйткені оның серіктері болғанымен сыңары жоқ» (Жәдігер, 310 б.). Автор бұл жерде бодан елдегі «Қазақ» бір ғана газет, бостан елдегі «Егемен Қазақстан» да солай біреу деп екі газеттің екеуі де тәуелсіздік идеясын тұғыр еткендіктен, екеуі де айналып келгенде тек осы жағынан туысатындықтан, осы жағынан кеп өзектесетіндіктен айтып отыр. Ш.Мұртазаның да, З.Қабдоловтың да «Егемен Қазақстан» газетінің өткен жолына, 85 жылдық мерейтойына арнайы лебіз білдіре тұрып, «Ұшқын» туралы тіс жармауын, екеуінің де оны ауызға алмауын кездейсоқтық деп әрине ойламаймын. Тағы бір еске салайын дегенім: «Қазақтың» 265 саны жарық көрді. Бодандық жағдайында бұл аз да емес-тін: «сол замандағы қалыптасқан ахуал тұрғысынан бағаласақ, отарлық езгідегі елде, отаршылдың көз алдында жария түрде тәуелсіздік идеясын насихаттайтын газетті бес жыл бойы шығарып тұру үлкен ерлік болатын» (академик Ә.Нысанбаевтың ілгеріде аталған мақаласынан).
Міне, осы аталғандар тұрғысынан алғанда, бүгінгі ел газеті «Егемен Қазақстан» кезінде өзімен рухтас, өзімен мұраттас осы «Қазақ» газетінен бастау алу керек еді. Бірақ олай болмады. Болмағаны бодандық жағдайда бұлай ету мүмкін емес-тін. Өйткені қазақ «Қазақты» жетпіс жыл бойы аузына алмады. Алмағаны: «өзінікін өзімдікі дей алмады» (Абай). Ақыры Кеңестік режимнің ырқымен бас газетіміздің тарихын амалсыздан 1919 жылдың 17 желтоқсанынан, «Ұшқыннан» бастауға тура келді. Бодан кездегі бұл амалсыздықты әрберден соң тіпті түсінуге болады. Ал аталмыш «Егемен Қазақстан» газетінің шыға бастаған уақыты кейінгі бостан он бес жылда да солай «Ұшқынмен» байланыстырылып келе жатса ше? Бұны түсіну енді қиындау.
Азғана осы «Ұшқын» туралы айта кетейін. Ол, қазір белгілі болғандай, 1919 жылы желтоқсанның басында Орынборда Кирревкомның мәжілісінде әзербайжандық татар, қарт большевик Терегулов дегеннің ұсынысымен осылай, лениндік «Искра»газетінің атымен аталған көрінеді («Егемен Қазақстан» 22. 12. 2004.). «Ұшқынның» қандай бағыт ұстанғаны әсіресе оның бірінші санындағы мына бір жолдардан айқын байқалады: «ендігі тұтатын бағыттың бәрі де социализм еншілемдік принципіне құрылған болуы тиіс»; бізге «бұл жолда жаны ашып қамқоршы болатын жалғыз-ақ Совет һүкіметі»; «газит – һүкіметтің тілі, елдің құлағы екендігінде сөз жоқ». Бұл жерде көңіл аударатын нәрсе «Қазақтағы» «газет – халықтың тілі» дегенді «Ұшқынның» «газит – һүкіметтің тілі» деп өзгертіп қолданғаны. Ол мұнда газетті халықтың тілі емес, үкіметтің (яғни биліктің) тілі ретінде алып сипаттаған. Алайда сөз болып отырған бұл анықтама ақпарат құралдарында күні бүгінге дейін сол «Қазақтағы» қалпында айтылып та, жазылып та келеді. Тағы бір еске салайын дегенім: «Ұшқында» (бұның жалғасы «Еңбек туында да) «Қазақтағыдай» (қазіргідей) тұрақты бас редактор ия жауапты редактор деген лауазым болмаған. Оларды редакциялық алқа шығарып тұрған. Қазақ баспасөзі туралы зерттеулерде, қарт журналистердің естеліктерінде айтылып жүргендей: «Ұшқынның» не бәрі 36-37 саны ғана жарық көрген. Онда да ара-тұра тоқтап қалып, кідіріспен.
Сонымен арғы-бергіден бұлай сөз қозғағанда, арғы-бергіні бұлай сабақтап, салыстыра қарағанда айтайын дегенім: қазақ халқы бүгінде тәуелсіз мемлекет. Тартыншақтайтын енді рет жоқ: қазіргі бас газетіміз «Егемен Қазақстанның» тарихын да сол Тәуелсіздік үшін [С.Сейфуллинше айтқанда]: «бастарын бәйгеге тіккен» Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов; Міржақып Дулатов сынды Алаш көсемдеріне, «көп заманға жауап ұратын толқынды» Мінбер болған «Қазақтан», 1913 жылғы 2 ақпаннан бастайтын кез жетті деп ойлаймын. Бұлай ету Егемендік рухына сай, Елдігімізге лайық бір орнына келген игі іс болар еді. Өйткені, жоғарыда айтылғандай «Егемен Қазақстан» – қазақ баспасөзінің бабасы «Қазақ» газетінің ұрпағы».