THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Біз қазақты еліктегіш деп кінәлаймыз. Шындығына келгенде, қай ұлттың да еліктегіш болуы да, діні мен тіліне берік намысқойлығы да сол ұлттың билік басында отырған адамдарына байланысты. Егер олар елдің мәдени, әдеби, тіпті әлеуметтік саласында, ең алдымен өз ұлтының озық салт-дәстүрлеріне басымдық беріп, ең әуелі өз ұлтының құндылықтарын идеология ретінде ұстанса, сол елдің байырғы ұлты ешқашан ешкімге жалтақтамай, жәреукеленбей кеудесін тік ұстап, жат елден келгендерді жергілікті тілде сөйлеуге, жергілікті үрдістер мен дәстүрлерді құрметтеуге мәжбүр ететін болады. КСРО-дан азаттық алған елдердің Қазақстаннан басқасының бәрі дерлік осы жағдайын жасап алды.
Әттең, өмірге көзқарасы мен түсінігі, тіршілікте ұстанған бүкіл мақсат-мүддесі, діні, ділі, тілі біздің ұлттық жаратылысымызға түп-түгел қарама-қайшы жат елдердің қаңсығын таңсық қылу Қазақстанда емін-еркін қанат жаюда десек еш қателеспейміз. Жақында ғана бүкіл христиан әлеміне ортақ Жаңа жылды екі ай бойы ырду-дырдумен, бас-аяғы жоқ сауық-сайранмен өткеріп салдық. Оны тойлама демейміз, бірақ сонша қаржы шашып, сонша есіміз кетіп, жас сәбилерімізге әлдебір ойдан шығарылған кейіпкер шалды әулие қып екі ай тойлау барып тұрған дарақылық.
Енді, міне, ұрпағымызды ар-ұяттан, иман мен инабаттан жұрдай қылатын «Әулие Валентин күні» деп аталатын күн жақындап қалды. Бұл күнді қазір қазақтың жас-кәрісі ұялмай, қызармай мейрам деп атайтын болды. Оны атап өту кезінде жасалып жатқан істер мен алуан арсыздықтарға, атап айтқанда, бұл күні ер жігіт пен қыз ойына келгенін істеуіне болады деген қағидасына қарап-ақ бұл мейрамды азғындықты насихаттау күні деуге болар еді. Бұл күнді қазақ сияқты аңқау елдің ғана өз ұлттық намысынан айырылған жәркелеш жастары ғана махаббат күні деп атайды. Оларға мұның бәрі шетелдердің арандатушылық, азғындатушылық саясатының өте жымысқы түрі екенін айтып түсіндіру мүмкін емес. Тіпті олай десең, кейбіреулерден таяқ жеп қалуың да мүмкін. Өрескелдігі мен ұятсыздығы осы «Валентин күнінен» өткен «Хэллоуин» деген мереке күні осындай пікір айтқан екі жігіт колледж ауласында таяқ жеп, «отсталые мамбеты» атанған үшеуі сол оқу орнынан амалсыз кетіп тынды.
Осының бәрі ұрпағымызға өз елінде ұлттық тәрбие берілмей, бірыңғай еуропалық өмір салтын дәріптеудің, солардың жатқаны мен тұрғанына шейін үлгі-өнеге қып көрсетудің кесірінен болып отыр. Егер ел басқарған шонжарлар тек баюдың жолын емес, ұлтына, өз діні мен діліне, жаны ашитын азаматтар болса, олар жас ұрпаққа махаббатқа адал болуды, жан сезімін қалай мәдениетті де имандылықпен жеткізуді өзіміздің түркі жұртының, мұсылман әлемінің және жалпы шығыстың әдебиеті мен мәдениеті арқылы үйретуді дұрыс жолға қояр еді. Шын махаббаттың, шын ғашықтықтың үлгісі ретінде біз бүгінгі ұл-қыздарымызға Валентинді емес Тахир-Зухраны, Ләйлі-Мәжнүнді, Сефул-Мәлік-Жамалды, Қозы Көрпеш-Баянды, Қыз Жібек пен Төлегенді, Қайып пен Ақбөбекті ұдайы алға тартып отырар едік, соларды пір тұтса ғой. Әттең, керісінше оларға не теледидар арқылы, не оқу орындарында, не өнер ошақтарында мұндай тәрбиенің ұштығы да көрсетілмек түгіл, ауызға да алынбайды.
Соңғы жылдары елімізде ұрпақты ана тілінен айырып ағорқаз (ағылшынша-орысша-қазақша) деген тілде сөйлейтін, еркек пен еркекті, әйел мен әйелді үйлендіретін жартылай жалаңаш, ата-баба дәстүрінен адасып қалған, еуропалықтардың адам жиренерлік жабайы қылығының бәрін жетілгендік, өркениеттілік, мәдениеттілік деп ойлайтын, ұлт аспаптар оркестрінің орнына өңешін жыртып күркіреген опера мен балет көретін, еркін, ашық жыныстық қатынасты демократия жемісі деп білетін, ислам діні десе терроризм, экстремизм көз алдына елестейтін ұрпақ қалыптастыруға арналған идеология жүргізіліп жатыр. Егер әрбір мереке, той-думан идеология екенін оның ұрпақ санасына етер әсері өте күшті екенін ескерсек, «Валентин күні» сияқты жын-жыпырлық мейрам да Қазақ Елінің идеологиясына еніп кеткені рас. Бұның бәріне «Ақыры қайырын бергей!» деп отыра беруге болмайды. Қазір телеарналарды журналистер емес әзілкеш, арзан күлкіні, сайқымазақтықты күнкөріске айналдырған «жүргізуші» деп аталатындар, сөздері не мас, не ауру адамның сандырағы сияқты ән деуге келмейтін бірнәрселерді орындаушылар мен өзін 200-ден астам ән жаздым дейтін, бірақ соның әнін жай халық ыңылдап айтқанын адам естімеген, сазгер атанып жүргендер егінге түскен шегірткедей басып алды.
Иә, бұл әңгіменің бәрі «Валентин күні» деген бәледен басталды. Себебі қай ұлттың да, қай елдің де қандай бағыт ұстанып, көштің бетін қалай қарай бұрғанын оның мейрамдарынан-ақ ап-анық аңғаруға болады. Сенбесеңіз, өткенде бүкіл еліміз екі ай бойы тойлаған христиан Жаңа жылы мен алдағы Наурыздың тойлануын салыстырып көріңіз! Ол туралы енді бірде…
Ана тілі
ПІКІР АЛМАСУ
ТЕКСТ