THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Әдетте, бір ұлттың ақ алмастай жарқылдаған әділ сөзінің де, қара қылды қылдырық қып қақ жаратын тура билігінің де қарабақырлық құны жоқ бір кезеңдер болады. Алайда бұл егер сол ұлт екінші бір жуан жұдырық, әскері көп, қаруы күшті ұлттың қол астында күн өткізіп жатса ғана болатын жағдай. Ал Құдай оңдап, сол езгіден құтқарып, азаттық алған нағыз ұлт ұзақ, ауыр ұйқыдан оянған адамдай со бойда беті-қолын жуып, тұлабойын кір-қоқыстан тазалап, дербес ел болуға кіріседі. Мұндайда ұлттың «Азаттық» деп аталатын алтын шаңырағын орыстілді космополит нигилист сияқты дүбәралар емес, ұлттық намысы бар, ұлттық мақтаныш, ұлттық сана деп, аталатын киелі ұғымдарды қастерлейтін нағыз намысшыл, өрмінез ұлдары ғана көтеріп, ұстап тұруы керек.
Ресейден, яғни Мәскеудің ұзақ жылдық отарлығынан құтылған елдер бірден сөйтті. Олар Алла тағаланың шетсіз-шексіз рахымымен ойда жоқта Қадыр таңы атқандай болып КСРО тоз-тоз болған күннен бастап, азаттықтың алтын шаңырағына ең әуелі өздерінің ұлттық тілін, ұлттық салт-дәстүрін уық қып қадады. Ал ұлттық салт-дәстүр, ұлттық үрдіс, ұлттық мереке, ұлттық той-думан дегеніміз – ұлттық идеология. Соның бірі – бүкіл түркі жұрты мұсылман елдері тойлайтын «Жаңа жыл», яғни Наурыз мерекесі еді. Әттең, әділ сөз бен тура биліктің қадір-қасиеті қалмай Мәскеу не айтса, соны орындаумен өмір өткізген «урашыл» да ұраншыл қазақ 31-ші желтоқсанның сақылдаған сары аязында түн ортасында келетін. Жаңа жылға елден бұрын даярланып, өзімен тілдес, діндес елдердің бәрінен асыра, 2 ай бойы дүрілдете тойлап, бұл мерекені 2 ай өткесін барып әзер тоқтататын болды. Сөйтіп, атасы, әжесі, күйеуі мен келіні, түн ортасында шампанмен бастап, арақпен аяқтап, таң ата басы кеткен жерге аяғы кеткенше ішіп қылжия кететін христиан жаңа жылы қазекемнің де ұлттық мейрамына айналды. Бір таңғаларлығы Мәскеудің табаны астында өткен 70 жылдан астам уақытта да көршілес, діндес, тілдес, дәстүрлес өзбек, түркмен, әзірбайжан, тәжік сияқты ұлттар өз елінде жаңа жыл ретінде 22-ші Наурызды мерекелеуін тоқтатқан емес. Тек Қазақстан ғана 31-ші желтоқсанның көкті жапқан қарлы боранды түні ғана «Жаңа жылымыз» деп қатты да қалды.
Енді міне, 22 жыл өтсе де «Азаттық» деген алдияр тақсыр Қазақстанға келгені рас болса, одан бері де қазекем сол «көн қатса қалыбына баратын» қалпынан бір танбай-ақ келеді. Азаттық алған елде әділ сөз бен тура билік те өз күшіне мінетін еді.
Амал не, ешқандай ғылыми негізі жоқ, біздің салт-дәстүрімізге де, дінімізге де көп ретте қайшы келетін 31-ші желтоқсандағы жаңа жыл өз Жаңа жылымыздан әлдеқайда маңызды қасиетті мереке ретінде 2 ай бойы тойланатыны неліктен, бұл дұрыс емес қой, бұл қателікті түзетейік деп қазақтар айтқан қайран сөз, қазақтар жазған хат «үреді мен көшедінің» күнін кешумен келеді. Міне, 22 жылдан бері солардың бірде-біріне нақты жауап берілген де емес, ешқандай өзгеріс те болған емес. Иә, Құдай қаласа, енді бір 10 шақты күннен кейін, әрі кеткенде қарашаның 15-20-ларынан бастап, Алматы мен Астана қалаларында христиандардың жаңа жылын тойлауға даярлық басталады. Оны христиандардікі дейтін себебімізге, яғни оны дүниежүзі тойламайтынына сәл кейінірек тоқталамыз.
Сөйтіп, енді бірер күннен соң, яғни 31-ші желтоқсан күнгі, кешіріңіз 31-ші желтоқсан түнгі Жаңа жылды тойлау бір жарым ай бұрын басталады. Атқару орындары бұған арнайы даярлық мәжіліс өткізіп, мекемелерге, жекеменшік шаруашылық басшыларына, қала аудандарының басшыларына тапсырмалар береді. Сөйтіп, көшелерде «Үшпадай бөркін киген оқшырайтып», «басқан жері сықырлаған», қызыл шапанды, қызыл тұмсықты, аузы-мұрнынан аяз бүріккен, бір қолында аттың жемдорбасындай қалташасы бар, қабағынан қар жауып, тек езуі ғана күлімдеп тұрған орыс шалдың суреті ана жерде де, мына жерде де іліне бастайды. Оның қасында маңдайында «2014» деген жазуы бар жас бала немесе қазақтар Қарша Қыз атап алған Снегурочка келе жатады. «С новым годом!» деген ойнақы жазулы бұл сурет енді қала көшелеріне, дүкен, мекеме, мектеп, кафе, бар, мейрамхана маңдайшаларына ілінеді, жапсырылады. О-ой, содан несін айтасыз! Қазақстандағы телеарна атаулы ұлы дүбірді бастайды дейсің. Әр арнаның экранында не Аяз атаның, не Қарша қыздың, шағын бейнесі, не шыршаның суреті! Таң атқаннан ел қалың ұйқыға кеткенше қандай тақырыпта әңгіме қозғалса, соның ішінде алдағы Жаңа жыл, Аяз ата аттары қосарлана айтылады. Содан желтоқсанның 30-31-і күндері тележүргізушілер мойнына, тұлабойына неше түрлі жылтырақ қағаздан жасалған жыландай ирелеңдеген таспаларды толтырып асынып алады. Кейбіреулері басына әлдебір қоянқұлақ қатырма қағаз бойлап алған. Әйтеуір, әлем-жәлем бір дүние. Қолдарына бокал, қылқетер (рюмка) ұстап, не ұйқасы, не буыны, не ырғағы, не мағынасы жоқ бірнәрсені өлең қып теңселіп тұрған қазақтарды көресің. Әйтеуір, әлсін-әлсін бірі «Құтты болсын Жаңа жыл» десе, қасындағысы «қ», «ұ», «ң»-ға тілі келмей «Кутты», «Жана» «бахитты болайык» деген сөздерді айтып қалғаны естіледі. Арасында «Уа-а-у!» деп ағылшын болып айқайлап қоятындары да бар. Бұл жаңа жылдың ең басты, ең киелі тілектері де, берілген батасы да «Сол үшін алып қояйық» деп аяқталады. Сосын қазақтың қыз-жігіттері құлақ шыңылдатып, миыңды аузыңа түсірердей даңғыр-дұңғыр, ызы-шу музыканы қойып жер тепкілеп, әлдебір у жеген мақұлықша тұла бойын дірілдетіп, енді біреулері еденге жата қалып аунайды. Бұл – би деп аталады және өздері билеп жүрміз деп ойлайды. Бұл кезде талай қазақтың шалдары мен кемпірлері де отбасында келін-баласымен стақан соғыстырып, «алып қой» да «алып қой» боп жатады. Ара-тұра шал мен кемпірдің «балам», «қызым», ал немерелерінің «аташка», «ажешка» деген сияқты бір-екі ауыз сөзінен басқасының көбі орысша! Міне, тәуелсізбіз деп айтқанына 22 жыл болған қазақтың ең басты, ең зор мейрамы осы! Ал нағыз жаңа жыл, өз жаңа жылымыз әз-Наурыздың қазақтар тәуелсіз ел деп атайтын Қазақстанда қалай тойланатынын 31-ші желтоқсандағы жалған жаңа жылдың тойлануымен салыстырудың өзі ұят. Оны неге жалған деп отырғанымызға сәл кейінірек келеміз.
Әлгінде 22-Наурызды нағыз жаңа жыл деуімізге не себеп? Себебі, бұл күні алты ай қыс ақ қар, көк мұздың астында ұйқыда жатқан жартылай өлі тіршілік, жан иесі атаулы Алланың күш-құдіретімен тұла бойына өлшеусіз бір нәр, күш-қуат құйылып, әлдебір ғажайып жылылықты сезініп, түп-түгел басын көтеріп, көзін ашып, жаңа бір өмірді бастауға кіріседі. Жер-дүние жасарып, көктен лақылдай құйылған күн нұры адамзат түгіл, аң, құс, мал сияқты жаратылыс атаулыны айрықша бір шаттыққа бөлейді. Осының бәрін сезгендей жер астынан қылтиып алуан түрлі көк шығып, жарық дүниеге сәбише жадырай қарайды. Бұл – сары аязы сақылдаған түн ортасында төрт қабырғаның ішінде бала-шағасымен қамалып отырып «алып қояйық» та «алып қояйық» деп «тойлайтын» Жаңа жылдан оның бірінші өзгешелігі, артықшылығы. Екіншіден, дәл осы 22-ші Наурызда сол күні күн мен түннің ұзақтығы бір минут, тіпті бір секунд артық-кемсіз теңелетіні ғылыми дәлелденген. Ал еуропалықтар жаңа жыл деп атаған 31-ші желтоқсан күні біз келтірген бұл қос қасиеттің ұштығы да жоқ.
Сонымен ерте заманда аспантану ғылымы жақсы дамыған араб, қытай, парсы (қазіргі Иран) елдерінің өз күнтізбесі, өз жылбасы болған. Бұл кезде Еуропа ғылым-білім игеруден оларға ілесе алмаған. Кейін аздап есін жиып, жан-жақта өзге елдерде не болып жатқанынан хабардар халге жеткен күндердің бір күнінде Римнің дінбасылары да өз жаңа жылын белгілемек болады. Сол жерде жиналған топқа Дионис деген қаңғыбас біреу (өзінің арғы тегі сақтардан екен дейді) «Уа, халайық! Бүгін Иисус Христостың туған күні! Оған, міне, дәл бүгін 500 жыл болып тұр!» деп айғайлап қоя береді. Әрі қарай у да шу, ұлы той! Міне, содан бастап бұл күн, яғни қазіргі 31-желтоқсан «Жаңа жыл» болып белгілене салады! Кейін Рим күшейіп, империя болып басқа елдерді жаулап алған соң, бұл күн сол елдердің де жаңа жылы болып кете береді. Сөйтіп, І-Петрдің тұсында Ресейге келді. Ресейден… қазаққа! Содан бері қазекем әлі күнге осы жаңа жыл келместен 1-1,5 ай бұрын өз-өзінен қопаңдап, өз-өзінен кеудесіне жел бітіп, орыстың аяз атасын өзінің ата-бабасы тіріліп, тап қазір түн ортасында үйіне кіріп келетіндей елегізіп күтіп отырады. 31-ші желтоқсанның жаңа жылымен салыстырғанда, Наурызды өгей шешенің қызын ұзатқан тойындай ғана күйге түсірген билік тізгінін ұстап отырғандар. Мысалы, өткен 2013-ші жаңа жыл Алматы мен Астанада қарашаның 10-15-тері бола салысымен көшелерге қызыл-жасыл құттықтаулар, аяз ата мен қарша қыздың үйдей-үйдей суреттерін ілуден және телеарналардағы «Жаңа жыл», «Новый год!» деген даңғазалы дүбірден басталса, өзіміздің Наурыз мерекеміздің алдында атқарылып жатқан не бір даярлық шараларын, не бір көшелердегі құттықтауларды көре алмадық. Рас, көшелерде мереке басталар алдында бірнеше киіз үй тігіліп, жұрт содан өз ақшасына көшеде хотдог жеп, кола, спрайт сатып ішіп болғасын киіз үйлер әрі кеткенде бір күннен соң жығылып, жинап әкетіледі. Бір-екі алаңда ән салынып, би билеген болады. Ол да ұзаққа бармайды. Сол 1-2 күннің ішінде ғана 1-2 телеарна азғана уақыт алаңда, көшеде қыдырып жүргендерді, бір-екі әншіні көрсетіп репортаж береді. Сонымен бітті. Ал 31-желтоқсандағы христиан Жаңа жылы Алматыда әлгіндей қарашаның орта тұсынан, яғни 1-1,5 ай бұрын басталғаннан 2 айға – қаңтардың 14-індегі «Жаңа жылға» шейін созылады. Ол аз болғандай, бұл жаңа жыл туралы да елдің санасына жалған, өтірік ақпар сіңірілген. Ол мынадай: 31-желтоқсандағы жаңа жылды дүниежүзі тойлайды-мыс! Бұл қып-қызыл өтірік! Әлемде 2 миллиард адамы бар қытайлар, 1,5 миллиардқа жуық үнділер, жапондар, кәрістер, арабтар, парсылар әрқайсысы өз Жаңа жылын тойлайды. Ал көршілес Өзбекстан, Әзірбайжан, Түркменстан, Тәжікстан сияқты бауырластарымыз, діндес, тілдестеріміз 22-Наурызды ғана Жаңа жылымыз келген күн деп, ұлы думандатып тойлайды. Тек 80 пайыз мұсылмандар тұратын Қазақстан ғана 31-ші желтоқсан мен 14-қаңтардағы христиан жаңа жылын үйде де, түзде де, әсіресе, телеарналар арқылы 2 ай бойы Ресей мен бүкіл Батыстан қалыспауға жанын салып мерекелеумен болады. Оның аржағында «Валентин күні», сосын «Татьяна күні» деген не мәдениетке, не дәстүрге жатпайтын ырду-дырдулар басталады. Қазақ қыз-жігіттерінің ұлттық бет-бейнесінен айырылып бара жатқанын сонда көресіздер. Бұл мерекелерге көршілес Өзбекстан, Түркменстан, Тәжікстанда мықтап тыйым салынған. Ол бөлек әңгіме.
Біз бұл жерде Жаңа жыл ретінде Наурызды ғана тойлайық, мына христиан жаңа жылын алып тастайық деп отырған жоқпыз. Тек ең әуелі өзімізді, өз ұлттық үрдіс-дәстүрімізді дұрыстап қадірлей білейік дегіміз келіп отыр. Мейлі жеке адам, мейлі бүтін бір ұлт болсын ең әуелі өз қадірін, өз киелісін білуі керек. Біз 22 жылдан бері қазақтың ұлан-ғайыр ұлттық мәдениетін, үрдіс дәстүрлерін, наным-сенімін діні өзге, тілі өзге ұлттар мен мемлекеттердің мәдениетімен бәсекеге түсерліктей дәрежеге көтеруді қолға алған жоқпыз. Ол бәсекелестікті бейбітшілік, ынтымақтастық деген қағидаларды негізге ала отырып-ақ әлдеқашан жолға қоюға болатын еді ғой. Әттең, оның орнына қазекемнің ат үстіндегілері бүкіл қазақтың жас-кәрісін Батыс пен АҚШ-тың, ең бері дегенде Ресейдің, ұлтымыздың болмысына жат, дөрекі дүниелеріне шектен тыс таңдандырып, тамсандыруға бүкіл ақпарат құралдарын жұмылдырып қойған сияқтымыз. Ендеше, тәуелсіздігіміздің жаңа бір қадамы ретінде өзіміздің ұлттық мерекелерімізді өзгенікінің алдында өгейсітпеуді ойластырайық. Ештен кеш жақсы!
Ана тілі